Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Профессиональный казахский.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
94.06 Кб
Скачать

Аудару тәсілдері. Сөзбе-сөз аудару және еркін аудару амалдары. Балама аударманың ерекшеліктері.

Адамның ойлау қызметінің жемісі болғандықтан бір тілден екінші тілге аудару процесі, әрекеті белгілі бір тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Аударудың дәстүрлі түрде аталатын амалдары: сөзбе-сөз (калька) тәсіл, еркін (вольный) және дәлме-дәл (адекватты) аудару жолдары. Орыс тілші ғалымдары бұлардың қатарына қарапайымдалған (упрощающий), бейімделген (адаптированный) дегендерді де қосады.

Қазақшаға аудару тәжірибесінде игерілгендері де, әрқайсысының тиімді-тиімсіз жақтары сараланып айтылып жүргендері де-аудару амалдарының негізгі түрлері. Аударманың түйінді мәселелеріне тікелей барып, болмаса басқа аспектілердің аясында жол-жөнекей пікір айтатын қазақ ғалымдарының қай-қайсысы да сөзбе-сөз, еркін және адекватты тәсілдердің ерекшеліктеріне соқпай өтпейді. Шын мәнінде де бір тілдегі дайын мәтінді екінші тілде қайырадан жазу әрекетінде жүйелілік болады. Аудару актісі - стихиялы түрде жүретін құбылыс емес; бұнда екі тілдегі амалдарды салыстыру, түпнұсқаның коммуникативтік - функционалдық белгілерін, жанрлық ерекшеліктерін, аударылатын мәтіннің арналатын аудиториясының, қауымының ұлттық, кәсіби сипаттарын, білім деңгейін әрдайым назарда ұстау қажет болады. Сондықтан екінші тілдің барлық әлеуетін сұрыптап, тиісінше балама табу үшін аудармашы әртүрлі ізденістерге барады.

Тапсырма 2.Сөздікке назар аударыңыздар

Тәсіл-способ

Тәжірибе-опыт

Ерекшелік-особенность

Жүйе-система

Құбылыс-явление

Кәсіби-профессиональный

Ізденіс-поиск

Салыстыру-сравнивать

Ұлттық-национальный

Белгі-знак, признак

Тапсырма 3.Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер:

1.Аудару процесі қалай жүзеге асырылады?

2.Аударудың қандай жолдары бар?

3.Аудару актісі дегеніміз не?

4.Аударуда нелерді назарда ұстау керек?

5.Қазақ, орыс тілші ғалымдары неге назар аударады?

Сабақ № 17

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Қазақ аударматануында дәлме-дәл немесе балама аударма деген аталымдар бар. Бұның екеуі де «адекватты» деген ұғымды береді. Мәселеге сыни көзбен қарайтын ғалымдардың мақұлдайтыны, қолдайтыны осы тәсіл, ол арқылы «түпнұсқаның ғылыми дәрежесі, автордың стилі сақталады, мазмұнының пікір желісі мен логикалық байланыс бұлжытпай беріледі, нақтылы ұғымдардың мағынасын дәл көрсететін терминдер дұрыс қолданылады»

Шетел және орыс тіл білімінде «адекватность» және «эквивалентность» деген екі термин айтылады. Бұлайша тарамдауға ғалымдар тарапынан түпнұсқа тілінің және стильдік ерекшелігінің, ақпараттық және эстетикалық функциясының екінші тілдің тілдік-стильдік единицаларымен берілуіндегі негізгі белгілерді басшылыққа алады. Осыған орай, сәйкестік (соответствие), баламалылық (эквивалентность),адекваттылық (адекватность;, толыққандылық (полноценность) деген бірқатар терминдер ұсынылған. Аталған терминдерді бір ұғымда қолданатын, сондай-ақ олардың әрқайсысын даралап, дербес дефинициямен белгілеуге әрекет жасаған көзқарастар да бар. Айталық, В. Комиссаров баламалылық және сәйкестік ұғымдарына екі басқа түсінік береді. Алайда, ғалымдардың байқауынша, аталған терминдердің жалпы мағынасы және олар қамтитын ұғым-түсінік бір біріне мейлінше жуық, оны зерттеушілердің анықтамалары да дәлелдей түседі. Баламалылық дегеніміз - «реальная смысловая близость текстов оригинала и перевода» Баламалылықты екі тұрғыдан қарайтын Ю.Найданың тұжырымдауынша, формалды баламалылық -«возпроизвести форму и содержание оригинала как можно более точно и как можно более буквально» дегенді білдірсе,динамикалық баламалылықтың мақсаты-«ойды, мазмұнды табиғи қалыпта жеткізу» Баламалылық ұғымының кең ауқымда - «белгілі бір қатынастағы объектілердің тепе-теңдігі» деген ұғымда ала отырып, ғалым Э.Д.Сүлейменова функционалды баламалылық, прагматикалық баламалылық және т.б. қатарында аудармадағы баламалылықты да атап өтеді, соңғының мәнісі-«сходство в языковом значении».

А.Федоров адекватты дегеннен гөрі толыққандылық (полноценность) мейлінше нақты термин деп есептейді, бұл «исчерпывающая передача смыслового содержания подлинника и полноценное функционально- стилистическое соответствие ему» дегенді білдіреді.

Тапсырма 2.Сөздікке назар аударыңыздар

Ұғым-понятие

Мағына-значение

Дербес-отдельный, особый, персональный

Зерттеуші-исследователь

Анықтама-определение

Дәлелдеу-доказывать

Дәреже-степень

Пікір-мнение

Тапсырма 3. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер:

1.Шетел және орыс тіл білімінде қандай терминдер айтылады?

2.Қандай терминдер басшылыққа алынады?

3.Баламалылық дегеніміз не?

4.Ю.Найда баламалылықты қандай тұрғыдан қарайды?

5.А. Федоров қандай терминді нақты деп есептейді?

Тапсырма 4.Терминдердің аудармасын беріңіздер

Эквивалентность-

Полноценность-

Соответствие-

Вольный перевод-

Упрощающий-

Адаптированный

Сходство-

Подлинник-

Смысловое содержание-

Смысловая близость-

Языковое значение

Сабақ №18

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Еркін (вольный) аударма дегеннің қағидасынан аудармашының түпнұсқаның мазмұнын өз бетінше әңгімелеп кетуі деген ұғым туындайды. Түпнұсқаны аудару тәсілдерінің қатарында аталып жүргенімен еркін аударуға бой ұрып, осыны анық, айқын тәсіл етіп алған қазақ аудармашылары жоқ десе де болады. Бұл тәсілдің толыққанды нәтиже бермейтіндігі аударматану тарихында әріден-ақ аңғарылады: мәселен, XVIII ғасырда француз аудармашыларының Шекспирдің, Сервантестің шығармаларын тәржімалау ісінде тым еркін «кетуден» туған кінәраттар әсіресе көркем аударманың өзге тілдегі нұсқасын жасау үшін басқадай, оптималды, сөзбе-сөз және еркін аудармадағы кемшіліктерді болдырмайтын, тиімді тәсілді іздестірудің қажеттілігін көрсетеді.

Тапсырма 1.Сөздікке назар аударыңыздар

Нұсқау-вариант

Кемшілік-недостаток

Тиімді-выгодный

Қажеттілік-необходимость

Өз бетінше-самостоятельно

Қатарында-в ряду

Нәтиже-результат

Мазмұны-содержание

Тапсырма 3.Ұсынылған сөздерге синонимдер жазыңыздар

Ұғым-

Анық-

Тәсіл-

Шығарма-

Өзге-

Қажет-

Іс-

Тым-

Көп-

Ескі-

Сабақ №19

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Сөзбе-сөз (калька) тәсілі-тілдің единицаның (сөздің,сөз тіркесінің) сыртқы нысананың, ішкі мазмұнын нақпа-нақ, сол қалпында аудару дегенді білдіреді.

Калька амалы-сөзжасамның бір жолы, тілдің сөздік құрамын байытудың объективті себептері бар: қазақ әдеби тілінің белгілі бір кезеңдеріндегі күй-қалпында да, даму сатыларында да лексикалық қабаттың қозғалысына калька тәсілінің позитивті пайдасы көп болды. Әсіресе терминдік жүйенің жасалу жолдарының бірдейлестірілуіндегі, реттеліундегі орны айрықша. Сонымен қатар өзге тіл лексемасының құрылымдық бірлік-тұлғаларының, мағыналық ауқымының дәлме-дәл «көшірмесін» жасау төл сөздердің мағыналарындағы семантикалық процестерге, жаңа синтаксистік қарым-қатынастардың түзілуіне де себін тигізеді.

Калька (сөзбе-сөз) тәсілінің қазақ әдеби тіліндегі орны жөніндегі көзқарастар екі бағытта; тілді байытудың, жаңа номинация жасаудың - негізгі, әрі тұрақты амалы деген тұжырым да бар; сөзбе-сөз тікелей аудармалау тілдік жүйенің қатарына таптаурын, сіреспе сөздер мен тізбектерді қосып, тілдің табиғи қалпын бұзады, сондықтан бұған тым бет бұрып кетудің қажеті жоқ деген де бағалаулар жоқ емес.

Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер:

1.Сөзбе-сөз тәсілі дегеніміз не?

2.Сөзжасамның бір жолы

3.Сөзбе-сөз амалының бағалануында қандай объективті себептер бар?

4.Калька тәсілінің қазақ әдеби тіліндегі орны жөніндегі көзқарастар қандай бағытта қаралады?

Тапсырма 3.Сөздерге сұрақ қойыңыздар

Ішкі, білдіреді, сөзжасамның, көзі, объективті, әдеби, қозғалысына, көшірмесін, тәсілінің, сөздер, бағалаулар, кетудің, тізбектерді, қатарына.

Сабақ №20

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Калька тәсілі-тіл динамикасына күштеп танылған немесе жеке адамдардың мойындатқанынан туған құбылыс емес.

Ол-қоғам дамуының, тілдер арасындағы өзара ықпалдастықтың бір көрінісі және бұл халық қоғамның саяси-әлеуметтік қай ағымымен жүрсе де тілдің даму процесінен, қолданымдық қызметінінен шегерліп, шетке шығарылмақ емес. Өйткені сөзбе-сөз аударудың ғылыми, оқу-ағарту салаларының, қоғамдық-саяси және ресми стильдер тармақтарының тілден тыс және ішкі тілдік айырым-сапаларын жеткізудегі рөлі жоғары. Әңгіме мынада: айталық, ресми құжаттардың күрделі түрлері де ( мазмұндама, мәлімдеме, ереже, жарғы және т.б.), қарапайым түрлері де ( кеңсе іс қағаздары) сөзбе-сөз тәржімаланады. Тілдік құралдардың осылайша топтасуын қоғамдық-әлеуметтік фактор талап етеді. Кез келген ресми құжат құқықтық мәртебеге (прававой статус) ие; ресми құжаттың екі тілдегі нұсқасы нысаны (формасы), құрылымы мен түзілісі жағынан дәлме-дәл болуға тиіс. Екінші тілдегі нормативтік-директивалық мәтіннің түпнұсқасының нақпа-нақ көшірілген нұсқасы болуын Біріккен Ұлттар Ұйымы да қадағалап отырады. Түпнұсқадағы қайсыбір сөзді ауыстыруға, түрлендіруге, болмаса аударуға қиын соғатынды түсіріп тастауға, сөйлемдердің орнын ауыстыруға, нақты айтқанда, ресми материалдың тілін қазақы табиғи қалыпқа бейімдеуге болмайтындығының және лингвоэтникалық құзыреті бар аудармашының бұған саналы түрде бармайтындығының себебі осы: мәтіндердің тұтастай құрылым-қалпын бұзбау-мәтіндердің құқықтық мәртебесінің бірдей екенін дәлелдеу болып табылады.

Осындай экстралингвистикалық факторлардың тегеруінен шыға алмаушылық себепті орысшадан қазақшаланып жүрген ресми құжаттардың тілінде қазақ әдеби тілінің конвенциясына (нормасы мен узусына) кереғар болатын фактілер де бар; ал бұл әдеби, функционалдық норма, тіл мәдениеті деңгейінен екшеленетін өз алдына басқа мәселе.

Тапсырма 2.Сөздерге назар аударыңыздар

Мойындау-признать

Әлеуметтік-социальный

Қоғамдық-общественный

Тармақ-звено

Құрал-средство

Құқық-право

Мәселе-проблема

Мәртебе-статус

Деңгей-уровень

Құрылым-структура

Ресми-официальный

Дәлелдеу-доказывать

Тапсырма 3.Берілген сөздердің жалғауларын анықтаңыздар

Адамдардың, көрінісі, қызметінен, жағынан, аударуға, тілден, топтасуын,

тілін, орысшадан, түрде, құжатта, деңгейінен, мәдениеті, сөйлемді, тілде,

құралдардың, орнын, халықпен.

Сабақ №21

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Қазақ әдеби тілінің динамикасы, қоғамдық қызметі үшін калька тәсілінің тағы бір тиімді жағы бар.

Калька тәсілі - ғылыми әдебиетті аударуға қажетті амал. Оның қажеттілігі ғылым тілінің стильдік сипаттарына байланысты. Ғылыми стильдің ерекшелігі - пайымдауды,пікірді, нақты бір құбылыстың дәйектемесін логикалық шындыққа сәйкес жеткізу. Бұл міндет ойды тиянақтайтын стильдік байлауды (маркированный) лексикаға, тұрақты орамдарға және терминдер мен терминдік тіркестерге жүктеледі. Сөзбе-сөз аудару лексиканың осы саласын қалыптастырудың таянышы болып келді және бүгінгі таңда да қазақ терминдерін реттеу, бірізділендіру, терминдік жүйені ұлттық ұғымға бірдейлестіру факторы да калька амалына иек артып отыр. Өйткені ғылымды логикалық шындыққа тура келтіріп, бұрмаламай сөйлететін әрбір терминнің өзге тілдік единицалардан дараланатын тұсы - ұғымдық көлемінің (понятийный объем) болуы. Ұғымдық көлемді сақтау үшін терминнің сыртқы нысананың, ішкі мазмұнының екінші тілдегі дәл пішінді жасалады. Қазақ тілінің сөз тудурышы амалдарының легінде өзге тілдік аталымның, халықаралық стандарттағы терминдердің ұғымдық көлемін толық беруге, калькаланған сөзбе-сөз «пішінді» қалыптап шығаруға мағынасы жағынан бейімделген, универсалды амалға айналған тілдік единицалар қатары қалыптасқан. Калька тәсілінің тіл қолданысына тиімсіздігі көркем аударма әдебиетінің ерекшеліктеріне байланысты айтылады. Кезінде бір мәрте ғана тәжірибе жасап, байқастырып көргені болмаса, басқа уақыттарда М. Әуезов кальканың көркем әдебиетке қолайсыздығын «өзге тіл оқушысы мен түпнұсқа арасындағы берекесіз бір дәнекер» деп атады . «Дворян ұясының» дәл тәржімаланғандығын сыншы-әдебиетшілер арасында тілге тиек етіп жүрді. Дегенмен, мынаны ескерту қажет: М.Әеузовтің сөзбе-сөз аудармаға баруы, жоғарыда атағанындай үйренудің, өзгелерге үйретудің, тәжірибені көрсетудің нышаны ғана болды; оның үстіне сөзбе-сөз тәсілін М.Әуезов мәтін деңгейінде ғана қолданды, ал сөз, сөйленіс (высказывание) тізбектерінде жазушы тарапынан сөз таңдаудың алуан түрі бар. Демек, қаламгер пайдаланған сөзбе-сөз амалы біршама шартты.

Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер:

1.Калька тәсілінің тиімді жағы?

2.Калька тәсілінің қажеттілігі неге байланысты?

3.Қазақ тіліндегі кірме терминдердің көбі қалай жасалған?

4.М.Әуезовтің сөзбе-сөз аудармаға баруының себебі?

Тапсырма 3.Сөз тіркестерін аударыңыздар:

Қоғамдық қызмет-

Ғылыми стильдің ерекшелігі-

Терминдік жүйе-

Халықаралық стандарт-

Тіл қолданысы-

Терминдердің реттелуі-

Аудару амалдары-

Қазақ тілінің сөз тудырушы амалдары-

Калька тәсілінің қолданысы-

Терминнің ішкі мазмұны-

Мәтіннің аударылуы-

Сабақ №22

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Синхронды аударма сипаты

Синхронды аударма-сөйленген сөзді арнайы аппаратта тыңдау арқылы кідіріссіз бір мезгілде жедел қайта аударып шығу. Бұл халықаралық кездесулерде, жиын, мәжіліс, т.б. мәдени, қоғамдық шараларда бірнеше жұмыс тілдері қатар пайдаланылған кезде уақытты айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Ол ауызша аударма түрі және жазбаша аударма тілі деп екіге бөлінеді. Синхронды аударма - аударманың ең күрделі түрлерінің бірі. Оның басты ерекшелігі шешен сөзін бір мезетте жарыспалы түрде қатар қабылдау және аударма тіліндегі сөздің туындауы және уақыттың қатаң түрде шектеулігі. Синхронды аудармаға берілетін уақыт ілеспе аудармадан екі есе аз, сөйленген сөздің жазба мәтінінен 20-30 рет аз. Ең бастысы, дәстүрлі ережесі - екі тілді терең жетік білумен бірге, әңгіменің мәнін, маңызын жете түсініп, мүмкіндігінше толық мазмұндау. Синхронды аудармашы шешен сөзінің басталуынан кейін шұғыл аудару әрекетіне көшеді. Ол сөйленген сөзді тыңдай отырып, аудару барысында дұрыс шешім қабылдауға дағдыланады. Шетелдік зерттеуші Ж. Илья синхронды аударманың қызметін 4 кезеңге бөледі: аударма әрекетінің қалыптасуы, сөйлемді тыңдап алу, оны өзінше іштей оймен аударып шығу, келесі сөйленген сөздің басын қабылдау.

Тапсырма 2.Сұрақтарға жауап беріңіздер:

1.Синхронды аударма дегеніміз не?

2.Синхронды аударманың тиімділігі

3.Синхронды аударма қандай екі түрге бөлінеді?

4.Синхронды аударманы аударманың ең күрделі түрі деп атауының себебі неде?

5.Синхронды аудармашының бойында қандай қасиеттер болу керек?

6.Синхронды аударманың қызметінің кезеңдері?

Тапсырма 3.Берілген сөздердің сөз таптарын анықтаңыздар

Бұл, халықаралық, бөлінеді, қоғамдық,

Жазбаша, бір, оның, уақыт, екі, ең, бірге, кейін, шетелдік, зерттеуші, қабылдау.

Тапсырма4.

1.Синхронды аударманың 4 кезеңін атап беріңіз.

Оларға сипаттама беріңіз.

2.Сіз синхронды аудармашы бола аласыз ба?

3.Сұрақтар құрастырыңыздар.

Сабақ № 23

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Термин туралы не білесіз?

Термин және оның аударылуы

Термин-ойды дәл жеткізуге, аса мағыналық дәлдікке, ең бастысы сол саладағы дәл білімге негізделеді. Терминдерді аудару-ең қиын аударма түрі. Терминдер арнайы ғылыми, техникалық, өндірістік т.б. салалар түрлерінде қолданылады. Арнайы заттарды белгілеуге және арнайы ұғымдарды дәл жеткізуге қолданылатын немесе басқа тілден кіріккен сөздер. Терминдерді қажетті жерінде ғана қолдану пайдалы. Ілеспе аударма-тыңдау арқылы мәтінді басқа тілдің құралдарымен ауызша қайта баяндап шығу. Ілеспе аударманың негізінің қалануы, дамуы Женева университеті жанындағы аудармашылар мектебінен басталады. Ілеспе аударма келіссөздер, мемлекет және саяси басшылар кездесуінде, баспасөз мәслихаттарында, түрлі комиссиялар жұмысында, делегация сапарында, халықаралық жиындарда, форумдарда жүргізіледі.Ілеспе аударма келесі бөліктерден тұрады:

-ақпарат көзі(немесе жіберуші).

-ақпарат.

-ақпаратты өз тілінен екінші тілге жеткізуші.

-ақпарат арнасы.

-аударманы басқа тілден қайта жасап шығарушы.

-алынған ақпарат.

Тапсырма 1.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар

Тапсырма 2.Берілген сөздердің жалғауларын анықтаңыздар

Дәлдікке, бастысы, білімге, терминдерді, түрлерінде, ұғымдарды, тілден, тілінен, жерінде, тілдің, тілінен, жерінде, тілдің, құралдарымен, мектебінен, басшылар, кездесуінде, сапарында, арнасы, бөліктерден, аударманы.

Тапсырма 3.Берілген сөздердің түбірін анықтаңыздар

Келіссөздер, мәслихат, халықаралық, ақпараттық, техникалық, өндірістік, баспасөз, аудармашы, саясаттанушы, дәлдікке, қажетті.

Сабақ № 24

Тапсырма 1.Мәтінді толықтырыңыз.

Газет материалдары аударма туралы:

Зерттеушілер аударманы үш түрге бөледі;

а) еркін немесе нәзиралық аударма (вольный или свободный перевод);

ә) дәлме-дәл және жолма-жол аударма (буквальный и дословный перевод);

б) теңдес, толық, сәйкес келетін аударма (адекватный, полноценный перевод).

Аударма үш бірдей маңызды міндет атқарады: біріншіден, ұлттық мәдениеттің өзінің қайталанбас төлтума тұрпатын сырт елдерге танытады; екіншіден, сыртқы мәдениеттердің құндылықтарын жеткізу арқылы жасаң мәдениеттерді жаңғыртып, тың тыныс береді; үшіншіден, осы елдер тілдерінің сырттан кірген жаңа ұғымдармен түсініктерді бейнелеуге бейім сөздерін іздестіруге, саралауға бейілді етіп, тілді жаңартып, жасандырады. Аударма тілді толық қуатымен іске қосуға жәрдемдеседі. Француз аудармашысы Валери Лербо аударманы сөздің салмағын анықтайтын, керек десеңіз, милиграмның мыңнан бір ұсақ бөлшегіне дейін ауытқуды білмейтін асыл таразыға балайды. Аударманың екінші бір қажеттілігі, пайдасы да, міне, осында жатыр.Өркениетті елдер аударманың қадірін, маңызын ежелден байыпты бағалап келеді. ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттерде шыққан барлық кітаптардың 39 пайызы аударма екен.

Тапсырма 1.Сөздерге назар аударыңыздар

Зерттеу-исследовать

Міндет-задача

Маңызды-важный

Құнды-ценный

Жаңарту-обновлять

Қуат-сила, мощь

Ұсақ-мелкий

Бөлшек-часть

Өркениет-цивилизация

Бағалау-ценить

Пайыз-процент

Жәрдем-помощь

Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер

1.Зерттеушілер аударманы неше түрге бөледі?

2.Аударма қандай маңызды міндеттерді атқарады?

3.Француз аудармашысы Валери Лербо аударма туралы қандай ой айтады?

4.Юнеско-ға мүше мемлекеттерде шыққан барлық кітаптардың қанша пайызы аударма болып табылады?

Сабақ № 25

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

КӨРКЕМ АУДАРМА-ДЕРБЕС ШЫҒАРШЫЛЫҚ ТУЫНДЫ

Көркем әдебиет-айрықша күрделі жанр. Оның әдебиет қисынынан туындайтын жазушылық шеберлік, әр жазушының қаламгерлік даралығы (стилі) мен таланты, эстетикалық функцияны, мазмұн мен пішінді жеткізудегі жазушының танымдық-психологиялық қабілет-деңгейі сияқты сан алуан проблемалары бар. Көркем әдебиет тілінің де өзге функционалдық стильдерге қарағанда иірімі мол; кез келген прозалық шығармадағы лексикалық-грамматикалық құралдардың көлемін, көкжиегін дәлелдеп көрсету, жалпыхалықтық, әдеби немесе ауызекі сөйлеу тілі элементтерінің бір-бірімен жымдаса қолданылуының, әр сөздің стильдік реңкпен құбылуының алуан түрлі себептерін-ғылым тілімен айтқанда, тілдік құралдардың көркем әдебиеттегі атауыштық (номинациялық, референттік), қабылдаушыға әсер ету (прагматикалық), қабылдаушының-оқырманның рухани талғамына ықпал жасау, жан-дүниесіне, ой-өрісіне қозғау салу (эстетикалық), тәрбиелеу, адамгершіл тағылым-өнегені насихаттау сияқты қызметтерді жеткізудегі ролін, орнын анықтау-өз алдына бір бөлек, бірақ әдебиеттанымдық қағидаттармен ұштасып жататын маңызды факторлар.Эстетикалық функция-көркем әдебиеттің басты функциясы. Бұл-оның арнаулы ақпараттың әдебиеттен басты айырмасы. Көркем әдебиеттің екінші және маңызды белгісі-оның образдылығы, жалпыхалықтық тілдік қордағы элементтерді пайдалану мүмкіндігінің болуы. Бұлар-көркем шығарма тілінің өзіндік табиғатын, өзіндік сөз қиюын айқындайтын басты факторлар. Көркем әдебиет стилінің әдебиеттік, тілдік ерекшеліктері аударма әдебиетке де тән. Белгілі бір халықтың тілінде жазылған әңгіме, повесть, роман-сол халықтың ұлттық көркем өнері; туындының эстетикалық функциясы, прагматикалық сипаты-аршасы тілді иеленушінің халықтың рухани-мәдени ұлттық танымының үдесінен шығуды көздейді. Көркем аударманың тілі де сол мақсатқа бағындырылады. Көркем өнер ретінде аударма әдебиет жеке адамға ақиқат өмірдің сырлы суретін барынша жеткізуі керек.

Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар

Сабақ № 26

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Жарнама-қазақ қоғамындағы бетбұрыстарға сәйкес әлеуметтік өң алған, нарық саясатының негізгі атрибуты ретінде енді-енді қалыптаса бастаған жанр. Оның ерекшелігі-аудио-медиалды сипатының болуы. Жарнаманың прагматикалық қызметі үшін тілдік құралдардың жұмсалуының да өзіндік айырым-белгілері бар, ең басты белгі-жанрлық-ақпараттық ықпал ету функциясы мейлінше ықшам контекстің, фразаның аумағына сыйысуы қажет. Жаңа жанр ретінде қазақ жарнамасының көп үлгісі өзге тілдегі құрылымды тірек етеді. Ақпарат беруден гөрі прагматикалық әсер ету қызметі күшті жарнаманың тіл орашолақтығының көрініс беруінің бір себебі-осы қызметті толыққанды атқаратын адекватты баламаны табудың ескерілмей, көбіне-көп калька жолымен аударылуы. Балама аударманы керек ететін сала-көркем аударма. Аударма әдебиеттің осы түрінің тіліне нұқсан келтіретін жағдай-контекстің, фразаның, абзацтың, макромәтіннің, кейде калька тәсіліне, кейде еркін аудармаға қарай бірыңғай бет бұрып кетуі. Аударманың тігісін жатық етіп, жаттығын білдірмей, түпнұсқаның коммуникативті-функционалдық белгілерінің іргесі қозғалмай, шашырамай тұтас жеткізілуіне жол ашатын, қазақ тілінің барлық әлеуетінен сөз таңдауға, аудармашы қаламгердің суреткерлік даралығын, аудармашылық шеберлігін танытуға мүмкіндік беретін тәсіл – балама (адекватты) амал. Аудармадағы сөз таңдау – өз алдына күрделі мәселе. Балама әдістің тиімділігін прозалық шығармалардың тақырыптарын салғастырудан, қазақ аудармашылары ұсынған балама тақырыптардан көруге болады. Көркем шығарманың аты-тіркелген жай рәсім емес, әрбір туындының мазмұны мен идеясына жол сілтеп, прагматикалық жүк арқалайды. Көркем аударманың қазақша «қойылған» тақырыбында да осындай қуат-күш болуы керек. Аудармашылар белгілеген қазақы атаулар синониммен алмастыру, мағынаны дәл көрсету, кеңейту және сөз таңдаудың басқа да түрлеріне иек арту арқылы балама аудару тәсілімен жасау керек.

Тапсырма 2.Мәтінді бойынша сұрақтар құрастырыңыздар

Сабақ № 27

Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар

Рухани арнаның тілді молайтқан тағы бір тұсы -тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің аударылған нұсқалары. Осы тұрғыдан қазақ қаламгерлерінің лингвоэтникалық құзыреті-ұлт мәдениеті мен тіліне қаныққандығы, жазушылық шеберлігі анық көрінеді. Өйткені тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдердің шығармадағы функционалдық қызметі күшті; эстетикалық қуаттың салмағы образдылықтың осы түріне жүктеледі. Көркем әдебиеттегі фразалық тіркестер аударғанда түсіріп тастауға болатын функционалдық қызметі қосалқы элементтер емес. Түпнұсқаның көркемдігін сақтағанда, алдымен эмотивті лексиканың осы түрлерінің қазақшалануына мұқияттылық қажет. Екіншіден, мақал-мәтелдер мен фразалық тіркестер қазақ тілінің табиғатына сәйкес келуі керек. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер-тұтас бітімді; тұтастықты, ұлттық келбетті тұрақтандыратын белгілердің бірі-тұрақты тіркестердің ұйқасқа құрылуы. Құрылымы бөлек өзге тілдегі мақалдарды, фразаларды аударғанда, аллитерациялық, ассонанстық әуезділікті-табиғи ерекшелікті сақтау қазақ тілі жүйесінің заңдылықтарын, тілдік-стильдік нормаларды қадағалау талабының атқарылу деңгейін танытады. Көркем аударманың шығармашылық туынды ретіндегі дербестігі, түрлігі осында: түпкі мағынасы басқа болғанымен, құрылымы тіл табиғатына қиюласқан аударма тұрақты тіркестер төл фразалық тіркестердің синонимдік қатарын толықтырды; тілге жаңа, тың фразалар қосты.

Тапсырма1.Сөздерге назар аударыңыздар:

Толықтыру-дополнять

Тұрақты тіркестер-устойчивые словосочетания

Талап-требование

Шығармашылық-творчество

Заңдылық-закономерность

Табиғи-природный

Синонимдік қатар-синонимический ряд

Шеберлік-мастерство

Тұтастық-целостность

Рухани-духовный

Арна-русло

Мұқият-внимательно

Назар аудару-обратить внимание

Аудармада: Түпнұсқада:

Бір ақыл жақсы, бірақ екеу болса бекем болар (М.Әуезов)

Ум-хорошо, а два лучше

Жат адамның наны ащы, жат бастырманың баспалдағы тар

Горек чужой хлеб, тяжелы ступени чужого крыльца

Қасқыр да тоқ, қой да аман

И волки сыты, и овцы целы

Жылтырағанның бәрі алтын емес

Не все золото, что блестит

Біреу орман паналайды, біреу отын арқалайды

Кто в лес, кто по дрова

Талабы зор-ақ, бірақ тағдыры тозақ

(Қ. Сағындықов)

Охота смертная, да участь горькая

Әркім өз соқпағын таптайды

(Қ. Ысқақов)

Всякий свою стежку топча

Әркімнің өз денесіне өз көйлегі жақын(О.Оспанов)

Қимас жүзігің жұқарса да қымбат

(Ә. Нұршайықов)

Бұлбұл болып қырылдағанша, шымшық болып шырылда

Іс-уақытында, сайран-сағатында

Всякому своя рубашка телу ближе

Заветный перстенек и поношенный хорош

Пой лучше хорошо щегленком, чем дурно соловьем

Делу-время,а потехе-час

Сабақ № 28

Тапсырма 1.Ресми құжаттардың стильдік ерекшеліктері туралы оқып, танысыңыздар

Ресми құжаттардың кейбір стильдік ерекшеліктері және оларды жазуда ескерілетін емле қағидалары

Кез келген ресми құжат қоғамдық және еңбек қарым-қатынастарын реттеп, талдап отырады, демек, ресми тілде қолданылатын тілдік құралдарды, емле ережелерін пайдалануға нақты талаптар қойылады.

Ресми құжат-тұтас құрылым, сондықтан онда:

мазмұны қысқа әрі тұжырымды түрде баяндалуы (жазылуы) тиіс;

-тұжырымдар дәл, нақты түрде болуы тиіс;

-сөздер мен терминдер нақты өз мағынасында пайдаланылуы тиіс;

-терминдер мен тұрақты орамдардың бірегейлігі сақталуы тиіс;

-бірнеше варианттағы терминдердің мүмкіндігінше Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітілген немесе ресми тілде стандартталған, сондай-ақ жазба тілде қолданылу жиілігі жоғары (нормаға айнала бастаған) тұлғасы пайдаланылуы тиіс;

-қазіргі әдеби тілдің нормасында көнерген сөздер, сирек қолданыстағы сөздер, бір қолданыстағы сөздер болып саналатын лексикалық элементтер, сондай-ақ бейнелі, образды фразеологизмдер, қарапайым лексикаға тән тұлғалар қолданылмайды. Ресми құжаттарды ресімдеуге қазақ емлесі ережелерінің сақталуы қадағаланады, сондай-ақ төмендегідей емле қағидаларына баса назар аударылады:

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару органдары, министрліктер, ведомстволар, мекемелер мен ұйымдар, оқу орындары атауларының алғашқы сөзі бас әріппен жазылады:

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі

Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару жүйесі комитеті

Қазақстан Қыздар педагогикалық университеті

Абылайхан атындағы Қазақстан халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институты

Сабақ № 29

Тапсырма1.Оқып танысыңыздар, есте сақтаңыздар.

Мекемелер мен ұйымдардың, министрліктер мен ведомстволардың атаулары күрделі тіркестің құрамында келген жағдайда атаулар дербес қолданылғандағы емлесін сақтайды:

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу және бақылау департаменті.

Төмендегідей атауларда барлық сөз бас әріппен жазылады:

Қазақстан Республикасының Президенті

Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы

Қазақстан Республикасының Парламенті

Дүниежүзілік қоғамдық ұйымдардың атаулары бас әріппен жазылады:

Біріккен Ұлттар Ұйымы

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі

Дүниежүзілік Сауда ұйымы

Дүниежүзілік Зияткерлік Меншік Ұйымы

Мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар бас әріппен жазылады:

«Халық қаһарманы» жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі

«Парасат» ордені

«Ерең еңбегі үшін» медалі

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері

Қазақстанның Халық жазушысы

Әскери және ғылыми атақтар, ғылыми дәрежелер кіші әріппен жазылады:

Қазақстан Республикасы мемлекеттік өкімет және басқару органдары жүйесіндегі лауазым атаулары бас әріппен жазылады:

Қазақстан Республикасының Президенті

Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңесінің Басшысы

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Сабақ № 30

Тапсырма: Атаулардың жазылуын есте сақтаңыздар

Мерзімді баспасөз атаулары тырнақшаға алынып, бас әріппен жазылады:

«Егемен Қазақстан» газеті

«Заң» газеті

«Жас алаш» газеті

«Қазақстан әйелдері» журналы

«Жалын» журналы

«Ізденіс» журналы

«Білім» журналы

Ресми құжаттарда күрделі атаулардың қысқарған нұсқасы қолданылады:

БҰҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы

БАҚ – Бұқаралық Ақпарат Құралдары

ТМД – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы

АҚШ – Америка Құрама Штаттары

ЖШС – Жауапкершілігі шектеулі серіктестік

АҚ – Акционерлік қоғам

ЕҚЫҰ – Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтық Ұйымы

ҰҚК – Ұлттық қауіпсіздік комитеті

ҚазМҰУ – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті

РФ – Ресей Федерациясы

ҚР-Қазақстан Республикасы

Қысқарған сөздерге қосымша жалғауда орфоэпиялық норма басшылыққа алынады:

ТМД (айтылуы: ты-мы-ды), демек, ТМД-ның, ТМД-ға (айтылуы: ты-мы-ды-ға);

ІІМ (айтылуы: і-і-м).

Тапсырмалар:

-Сіздер тағы басқа қандай нормаларды білесіздер? Олар туралы әңгімелеп беріңіздер.

-Тақырыпты жақсы меңгергендеріңізді дәлелдеу үшін он тест тапсырмасын құрастырыңыздар.

-Атақты адамдар аударма, аудармашы туралы айтқан қанатты сөздерді тауып алыңыздар, оларды сұхбаттарыңызда қолданыңыздар.

Мазмұны

1.Мәдениет-ұлт-тіл тұтастығы____________________________3

2.Мамандық___________________________________________4

3.Мамандықты таңдау___________________________________5

4.Болашақ мамандықтары________________________________8

5.Адамдар қанша тілде сөйлейді___________________________9

6.Аударма-мәдени өмірдің саласы_________________________10

7.Аударма түрлері______________________________________11

8.Аударма_____________________________________________13

9.Аударма жұмысы_____________________________________14

10.Аударма ұғымы______________________________________15

11.Аударма туралы қанатты сөздер________________________16

12.Аударматану тарихынан_______________________________17

13.Аударманың қоғамдық қызметі_________________________18

14.Аударма әдебиеттің түрлері____________________________19

15.Аудармашылардың басты міндеті_______________________20

16.Аудару тәсілдері______________________________________21

17.Қазақ аударматануы___________________________________22

18.Еркін аударма________________________________________23

19.Сөзбе-сөз тәсілі_______________________________________25

20.Калька тәсілі_________________________________________26

21.Калька тәсілінің тиімді жағы____________________________27

22.Синхронды аударма сипаты_____________________________29

23.Термин және оның аударылуы___________________________30

24.Көркем аударма_______________________________________32

25.Жарнама_____________________________________________33

26.Тұрақты тіркестер_____________________________________34

27.Мекемелер мен ұйымдардың атаулары__________________37-38