
- •Мәдениет-ұлт-тіл тұтастығы
- •Мамандық
- •Болашақ мамандықтары
- •Адамдар қанша тілде сөйлейді?
- •Аударма
- •Аудару тәсілдері. Сөзбе-сөз аудару және еркін аудару амалдары. Балама аударманың ерекшеліктері.
- •Қолданылған әдебиеттер тізімі
- •Икапова Дана Сарқытқызы
- •2013Жылы баспаға жіберілді
- •050043, Алматы қ-сы, Рысқұлбеков к-сі,28
Аударма
Аударма-бір тілдегі ойды (ауызша, жазбаша) екінші тілде беру. Ғылым аударманың шығуын адамзат қауымының алғашқы даму дәуірімен, яғни тілдің шығуымен байланыстырады. Аударма бір тілде сөйлейтіндердің екінші тілде сөйлейтіндермен түсінісу, қатысу қажеттігінен туған.
Аударманың бірнеше түрі бар:
1.Ауызша аудару. Әр түрлі сөйлеген сөздер, баяндамалар ізбе-із ауызша аударылады, шетелдерден келген ресми өкілдер мен қонақтардың пікір алысуына аудармашылар көмектеседі. Төңкерістен бұрын қазақ жерінде орыс ұлықтарының алдында жүретін аудармашылар-тілмәштар болған.
2.Жазбаша аудару. Барлық хат-хабар, ресми құжаттар, ғылыми және көркем шығармалар жазба түрде аударылады. Ресми құжаттарды аударғанда түпнұсқаны бұлжытпай толық жеткізу көзделсе, ғылыми және техникалық шығармаларды аударғанда белгілі пәндердің терминологиялық ұғымдарын дұрыс беру кезделеді.
3.Машинамен аудару. Алдын ала жасалған бағдарлама бойынша кибернетикалық әдіспен сөзбе-сөз аударып, түпнұсқа туралы тұрпайы түсінік беру.
Қазіргі кезде аударманың қолданылмайтын саласы жоқ. Көпұлтты қоғамымыздың біртұтас дамуын ұйымдастыруда аударманың рөлі орасан зор.Мәдени және рухани табыстарды ортақтастыруда, халықтардың қарым-қатынасын ұлғайтуда аударма нағыз жалғастырушы күш болып отыр. Орыс әдебиетінің қазақша аударыла бастағанына жүз жылдан асты. Орыс әдебиетінің шығармаларын қазақшаға аударудың алғашқы үлгісін Абай Құнанбаев мен Ыбырай Алтынсарин жасады. Аударма – мәдениет пен әдебиеттің маңызды бір саласы, халықтар қатынасына қызмет ететін үлкен құрал. Аударма-мәтінді басқа тілде қайталап жасап шығу. Аударма дегеніміз яғни басқа тілдің құралдарымен бұдан бұрын жеткізілген дүниені екінші бір тілдің құралдарымен дұрыс әрі толық жеткізіп шығу. Аудармада мазмұн мен түр бірлігін тұтастылығымен жеткізу-талантты аудармашыға тән қасиет. Аударма қай кезде де идеологияның маңызды бөлігі саналған. Аударманың барлық саласын жетілдіру білім мен ғылымды, мәдениетті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігіне жол ашады.
Тапсырма № 2. Сөздікке назар аударыңыздар
Қауым-народ
Баяндама-доклад
Ресми-официальный
Түпнұсқа-оригинал
Тән-специфичный
Қасиет-качество
Жетілдіру-совершенствовать
Бағдарлама- программа
Ұйымдастыру-организовать
Құрал-средство
Тапсырма № 3. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар.
Сабақ №8
Тапсырма №1. Мәтінді оқып, танысыңыздар
Аударма-бір тілде жазылған мәтінді екінші тіл арқылы жеткізу; сондай-ақ осы іс-әрекет арқылы алынған нәтиже, текст, туынды. Тақырыбы, мазмұны, стильдік белгілері дайын мәтіннің екінші тілде функционалды теңбе-тең баламасы жасалуға тиіс. Функционалды теңбе-тең балама – түпнұсқамен (аударылатын) мәтіннің жанрлық-стильдік ерекшеліктері, атқаратын қызметі бірдей болу керек, яғни түпнұсқа қандайлық ақпараттық, ықпал ету, эстетикалық қызмет атқарса, аударылған мәтін де сондайлық қызметте көрінуі қажет деген сөз. Бұл жағдаят екінші тілдің (қазақ тілінің) лексикалық құрамына, грамматикалық-синтаксистік құрылымына қозғау салады, тілдік құралдар, функционалды қызметіне қарай іріктеледі. Қазақ тілінің тілдік единицаларының ішкі мазмұнына қарай (план содержания) таңдалуы түпнұсқаның коммуникативті-функционалдық белгілеріне сәйкес жүзеге асырылады, бұл аударудың тәсілдері (сөзбе-сөз, еркін, дәлме-дәл) болатындығын көрсетеді. Негізгі амал-тәсілдердің әрқайсысының өзіне тән айырым-белгілері бар.
Аударылатын мәтін-қазақ тілінде оқитын адамның қабылдау-түсіну ерекшеліктеріне сәйкес келуі қажет. Демек, қазақша қайырадан жасалған тексте қазақ әдеби тілінің табиғи заңдылықтары, лексикалық-грамматикалық, стильдік нормалары сақталынуға тиіс.
а) түпнұсқаның коммуникативті-функционалдық белгілерін (стильдік-жанрлық ерекшелігін, идеясы мен мазмұнын, көркем әдебиет жағдайында автордың позициясы мен жазушылық даралығын) сақтау;
ә) қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын, тіл конвенциясын (нормасы мен узусын) сақтау межелерін алға шығарады.
Тапсырма №2. Сөздікке назар аударыңыздар
нәтиже-результат
ықпал ету-влиять
құрам-состав
белгі-знак
тәсіл-способ, метод
заңдылық- закономерность
мазмұны-содержание
жүзеге асыру-реализовать
сақтау-сохранять
табиғи-природный
Тасырма №3. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар
Сабақ №9.
Тапсырма №1. Мәтінді оқып, танысыңыздар
Аударма жұмысы-жеке адамның ойлау-психикалық қызметінің жемісі; аударманың психолингвистика ғылымына ұштасатын жағы осында. Жазылған дүние, сондай-ақ қабылдаушының да ой-пайымдау қабілет-деңгейін ескереді; адамның ойлау психикалық әрекеті, қоршаған дүниені өз пайымынан өткізу бірізді, тұйық, "механикалық" түрде жүрмейді. Ой-психика қоршаған дүниені логикалық шындыққа сәйкес тура қабылдайды немесе көріп-білген мағлұматтарынан әсер алады, алған мағлұматын өзге құбылыстармен теңестіреді, шендестіреді, образдар, суреттер жасайды; міне, осылардан барып психолингвистика ғылыми ойлаудың образды типі деген түрлерді ажыратады.
Көркем әдебиет-ойлаудың образды типінің нәтижесі; ал ғылыми әдебиет, көркемсөз, ресми стиль тармақтарының ақпарат беру, ақпаратты логикалық, ғылыми, дүниетанымдық шындыққа сәйкес етіп, астарламай тура, дәл жеткізу функциялары ойлаудың логикалық типі арқылы жүзеге асырылады. Бұдан, әрине, тіл қызметіндегі әр алуан фунционалдық стильдердің өзіндік бет-бейнесі көмескіленіп кетеді деген ұғым тумаса керек. Әр стиль тәріздес нысандарды қоспайды, стильдік бояуы бейтарап элементтерді алады немесе калька-баламалар жасайды.
Бұдан шығатын қорытынды-түпнұсқа мен аударма әдебиеттің тілін салыстыру арқылы мәдениетаралық қарым-қатынастардың кейбір белгілерін, ұлттық пайымдау мен ұлттық ой-санаға әсер ықпалын бағамдауға, ғылыми жинақтауға негіз етуге болады.
Аударма әдебиетінің тілін лингвомәдени тұрғыдан талдау мәдениет-ұлт-тіл триадасының нағыз байланысын, бұлжымас бірлігін дәлелдеуге де септігін тигізеді.
Аударма әдебиет рухани мәдениеттің бір бөлігі-тілде де үлкен із қалдырды. Арнаулы ақпаратты әдебиеттің аудырылуы қазақ әдеби тілінің сөздік құрамына жаңа номинацияларды, терминдерді қосты, сөздің семантикалық қызметіне қозғалыс тудырды. Бұл, әрине, сыртқы лингвистикалық факторлармен өзара тығыз қарым-қатынаста жүрген процесс. Рухани-мәдени байланыс қоғам өміріне жаңа ұғым, түсінік әкелді, ұғым-түсініктің аталу, тілдік единицамен белгілену қажеттілігі туды.
Тапсырма №2. Сөздікке назар аударыңыздар
Жеміс-плод
Қабілет-способность
Деңгей-уровень
Құбылыс-явление
Дәлелдеу-доказывать
Қоғам-общество
Ұғым-понятие
Бөлік-часть
Тармақ-звено
Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар
Сабақ №10
Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар
Аударма ұғымы
Аударма-көпмағыналы сөз. Ол, біріншіден, бір тілді екінші бір тілде сөйлету үдерісін білдірсе, екіншіден, осы тілде айтылғанның, жазылғанның келесі тілге қалай жеткенін, яғни іс-әрекеттің нәтижесін, өнімін білдіреді.
Аударманың мақсаты-бастапқы түпнұсқа тілін білмейтін оқырманды, тыңдарманды өзге тілдегі мәтінмен мүмкіндігінше жақын таныстыру.
Аударма мынадай тұстарда қолданылады екен:
1.диалектіден оның әдеби тіліне;
2.әдеби тілден оның диалектісіне;
3.бір диалектіден екінші бір әдеби тілге;
4.бір тілден екінші тілге;
5.туыстас тілдер арасында;
6.тегі бөлек тілдердің арасында;
7.көне дәуір тілінен жаңа дәуір тіліне аударудың адамзат мәдениеті, қоғам дамуы үшін мағызы зор.
Аударма «адамдар қарым-қатынасының аса маңызды құралы».
Аудару үдерісі екі кезеңге бөлінеді:
1.түпнұсқаны түсіну, анықтау, тілдік образдар арқылы өзі-өзіне түсіндіріп алу, ойша талдау, сыни көзбен бағалау;
2.бейнелеу құралдарын-сөз, сөз тіркесі, сөз тұлғалары, грамматикалық формаларды таңдау, табу.
Аударма-адам қызметінің, іс-әрекеттің бір түрі.
Аударманың қоғамдағы қызмет аясын кеңейту мақсатында, коммуникативтік ықпалын күшейту мақсатында қазір филология ғылымында «языковое посредничество» деген ұғым пайдаланылып жүр. Оны қазақша «тілдік дәнекерлік» дейді.
Аударма- қиын да күрделі, жауапты да маңызды, шығармашылық өнердің ең биігі.Талантты аудармашы әрі аударма зерттеушісі К.Чуковский аударманы «биік өнер» деп бағалаған. Неміс халқының классигі И. Гете пайымдауында «аудармашы еңбегі бүкіл жер шарын біріктіретін, байланыстыратын маңызды істің бірі болып қалды және қала береді». Шын мәнінде аударма бүгінгі күнге дейін адамзаттың арасындағы рухани, мәдени құндылықтарды бір-біріне жеткізуші, халықтар арасындағы шығармашылық өнерді дамытушы, жалғастырушы болып отыр.
Сабақ №11
Тапсырма №1. Қанатты сөздерді оқып, пікір алысыңыздар.
Аударма тәжірибесіне байланысты айтылған қанатты ойлар мен пікірлер:
«Аударма, бір жағынан, шеберліктің де мектебі. Аудару үстінде жазушы автордың творчестволық сырына қанады, оның көргенін көріп, білгенін біледі, сол арқылы өзінің ой-өрісін ұлғайтумен қатар, авторша машықтанып үйренеді. Бұл жағдай шын талант иесінің бойынан творчестволық қайнардың жаңа көздерін ашуға себепші болады».
(М. Әуезов)
«Көркем аударма дегеніміз өзінше өнер, творчество, әдебиеттің тең құқықтағы түрі дейтін ұғымды іс жүзінде жеткізіп, бұл іспен суреткерлік қабілеті бар адам ғана айналысуы керек».
(М. Қаратаев)
«Аудару үшін түпнұсқаның мағынасын сақтап, тілді дұрыс қолдану, тіл тазалығын біле білу – бұл аз, аудару үшін түпнұсқадағы өмірді бере білу керек».
(Н.А. Добролюбов)
«Аударғанда әрбір сөзге жармаса бермей, автордың ойын жеткізумен шұғылданған жөн».
(Н.В. Гоголь)
Сабақ №12
Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар
Аударматану тарихынан
Аударма заңдылықтары туралы алғашқы ойлар аударушының немесе соған қатысы бар адамдардың ауызша пікірінде болса керек.
Тіл тарихында аудармаға байланысты жазба аудармалар көне Грекия, Рим кезеңдерінен басталады. Ал аударма заңдылықтарын мақсатты зерттеу Қайта өрлеу заманында арнайы қолға алына бастады. Жаңа ел, жаңа жерлердің ашылуы осыны талап етті. Ал алғашқы салмақты теориялық еңбектер ХҮІІІ ғасырдың еншісіне тиеді.
Жалпы аударма және оның теориясының тарихы жөнінде орыс тіліндегі әдебиеттерде кеңінен айтылады.
Осы ғасырдың 20-жылдары жазылған аударма жайлы еңбектер ретінде Ж.Аймаутовтың «Аударма туралы », Е.Алдонғаровтың, Б.Кенжебаевтың мақалаларын айтамыз.
30-жылдардағы аударматанудағы ең сүбелі үлес М.Әуезовке тиесілі. Ол өзінің «Пушкинді қазақша аудару тәжірибелері туралы», «Ревизордың» аудармасы туралы, «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не береді?», «Евгений Онегиннің қазақшасы туралы», «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалары» сияқты мақалаларында түпнұсқадағы сөз, ой байлығын, стильдік ерекшеліктерді неғұрлым толық жеткізу мәселелерін салмақты әдеби-теориялық тұрғыдан сөз етті.
Тапсырма 2. Келесі сөздердің, сөз тіркестерінің баламасын тауып жазыңыздар, олармен сөйлем құрастырыңыздар:
Аударма заңдылықтары, алғашқы ойлар, аударушының пікірінде, тіл тарихында, аудармаға байланысты, көне Грекия, Рим кезеңдері, мақсатты, зерттеу, Қайта өрлей заманы, қолға алына бастады, талап етті, салмақты теориялық еңбектер, еншісіне тиеді, аударма жайлы, түпнұсқа, ой байлығы, стильдік ерекшеліктер, толық жеткізу, сөз етті, көпмағыналы сөз, іс-әрекеттің нәтижесі, өнімі, жақын таныстыру, қолданылады, әдеби тіл, туыстар тілдер арасында, тегі бөлек тілдер, маңызы зор, бейнелеу құралдары, таңдау, табу.
Сабақ №13
Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар
Аударманың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-танымдық қызметінің маңызы зор. Аударма-адам қызметінің байырғы түрлерінің бірі. Адамзат тарихында бір-бірінен тілінің бөліктігіне қарай топтасқан адамдар қауымдастығы құрылысымен-ақ әртүрлі тілді қауымның, топтың өзара түсінісіп, тілдесуіне дәнекер болатын "қос тілді" адамдар-тәлмаштар пайда болған. Халық тіршілігінде жазу-сызу қалыптасқан соң сөйлеушіге ілесе, қосарласа отырып, ауызша аударатын тілмаштар легіне аударуды жазбаша түрде жүзеге асыратын аудармашылар қатары қосылды. Жазба аудару қалыптасқан тұстан бастап-ақ тәржіма халықтың мәдени қоғамдық өмірінің алуан тіршілігімен қатар өріліп, біте қайнасып жататын күрделі құбылысқа айналды. Әдетте, қазақ халқының тарихындағы тәржіма ісінің тарихы зерделенгенде, ғалымдар қазақшаға аударудың алғашқы жазба үлгісінің жасалуын ағартушы Ы.Алтынсариннің 1879жылы жарияланған "Қазақ хрестоматиясы" кітабымен байланыстырады. Аударма ісінің халықтың әлеуметтік өркендеуіне қаншалықты мәнді-маңызды болғанын дәлелдеу үшін жазба тәржіманы арғы кезеңдерге ұштастыратын көзқарастар да жоқ емес. М.Қашқаридің "Диуани лұғат-ат түрік" сөздігі "қазақ аудармасының бастауы" деп есептелінуі немесе шығыс ақындары шығармаларының сюжеті мен мазмұны көп өзгермей, қайырадан қазақша жырлануының назира аударма деп аталуы-аударманың халық тарихында, әдебиет пен ғылымның іргетасының қалануында да елеулі рөлі бар екенін аңғартуға ұмтылыстың белгісі. Тарихи дәлдікті, логикалық ақиқатты тарихи шындыққа сай етіп дәлелдеуді қажет ететін ғылымдық қағидаттың шеңберінен тыс қарағанның өзінде де қазақ ұлты үшін "аударма, тәржіма" деген ұғымдар жат, бөгде емес. Аударма сөзі аталғанда, қазақ қауымы ең әуелі ұлы Абайдың тәржімаларын еске түсіреді, "Татьянаның хатының" жылы әуен-ырғағын сезінеді. Өзге тілдерден қазақшалау ісінің түп негіздерін түгендеп, қазақ аудармасының тарихын жасау қазақ әдебиетінің, мәдени-ғылыми ойдың, жазу-сызудың, оқыту-білім беру ісінің тарихын анығырақ, кемелді түрде зерттеуге септігін тигізетіні сөзсіз; сонымен қатар қазақ халқының әдебиеті, мәдениеті мен өнерінің даму жолымен төл әдебиетке, төл мәдениетке, төл өнерге ілесе жүріп келе жатқан аударма ісінің мәдени-танымдық, көркем-эстетикалық, қоғамдық әлеуметтік қызметі мен рөлін танып-білу, бағалау маңызды іс; өйткені, қай кезеңде де, қай тұста да аударманың қоғамның ілгері дамуындағы, қоғамның рухани-мәдени жетістіктермен көркеюіндегі орны үлкен.
Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар
Сабақ №14
Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар
Аударма әдебиеттің түрлері
Аударма әдебиеттің тілі-бір тілден екінші тілге ауыстырылған семиотикалық таңба-белгілердің жиынтығы емес; коммуникативтік мақсаты бар тұтас құрылым. Аударма әдебиеттің тілі де төл тілдегі нұсқалар сияқты ақпарат беру, эмотивті (қабылдаушыға әсер ету) қызметтерін атқарады. Аударма әдебиет тілінің мұндай қызметтері төл тілдегі нұсқаларға (көркем әдебиет, функционалдық стильдер) тән қызметтен бөлек, өз алдына оқшау емес. Сондықтан да аударылған әрбір жеке жанрдың, стильдердің әрқайсысының ақпарат беру, қоршаған ортаның объектілері туралы оқырманға (тыңдарманға) жеткізуі, қабылдаушының (оқырманның, тыңдарманның) әсерін, көзқарасын туғызуы міндеттері дербес қарастыруға өзек бола қоймайды.
Сөз жоқ, әр жанрды немесе әр стильді дербес бөліп алып, аударма ерекшелігі тұрғысынан қарастыруға болады. Бұл-аударматанудың дербес теориясының аспектісі. Әр тармақтың түпнұсқа мен аударма арасындағы барша айырым-белгілері мен ортақ заңдылықтарын бүге-шігесіне дейін талдау, айталық, орыс тіл білімінде биік деңгейде қалыптасқан. Дербес мәселелерді талдап барып, "жекеден жалпыға қарай" принципімен жүріп, одан ары жалпы теорияның негіздерін қалау-дұрыс, ұтымды бағыт.
Дегенмен, мәселенің ғылыми жағын сөз еткенде, қазақ тіліне аударылған барша нұсқаларды кешенді тұрғыдан топтастыруға мүмкіндік беретін басқа заңды факторлар да жоқ емес. Белгілі бір заңдылықтарға сүйене отырып, ұзақ мерзім бойында жүргізіліп келген аударма нұсқаларды шартты түрде көркем аударма әдебиет және арнаулы ақпаратты әдебиет деген қос топқа жіктеуге болады. Шарттылықтың бұлай болуына жол ашатын дәйек – ойлаудың типі.
Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар
Сабақ №15
Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар
Аудармашылар ағарту ісінің кіре тартар күреңдері
(А.С.Пушкин)
Аудармашының басты міндеті орыс және қазақ тілдерінен шет тілдеріне немесе керісінше тез де тиімді түрде аударма жасауды қамтамасыз ету болып табылады.
Аудармашы ресми кездесулер мен конференцияларда ілеспе аударма жасайды, хат-хабар, нұсқаулар, есеп берулер, ережелер, шарттар, келісім-шарттар , мәжіліс хаттамалары және т.б құжаттарды жазбаша аударады. Ол мемлекеттік органдар шығаратын барлық жаңа заңдар мен нормативті актілерді аударуға жауап береді. Аудармада түпнұсқаның мәні сақталып, толық жеткізілуі тиіс.
Сонымен қатар аудармашы ұйым қызметкерлеріне аудармашылық қызмет көрсетеді. Ол ұйымның шетелдік өкілдерімен немесе керісінше жүргізілетін келіссөздерге , мәжілістерге және кездесулерге , жергілікті өкімет органдары өкілдерімен және жұртшылықпен кездесуге қатысады. Аудармашының ой-өрісі кең болып, әлемдегі, ел ішіндегі және оқшау ортадағы оқиғалардан хабардар болып отыруға тиіс. Аудармашыға қажет қасиеттер жан-жақты білім , үлкен шеберлік , дәлдік, ықшамдылық, әдеби, талант, мол тәжірибе , екі немесе көптеген тілдерді жетік меңгеру ,кәсіби мамандану және үздіксіз іздену ,шығармашылық машықтану, шабыттану, елестету кеңдігі , сезімталдық даралығы , тіл байлығы. Аудармашы ең алдымен жоғары білікті маман, мәдениетті өзара жақындатушы , достық дәнекері.
Жұмыс жағдайы . Аудармашылардың жұмыс күні реттелген ,бірақ олар құжаттарды шұғыл аудару немесе кездесулер мен келіссөздерге қатысу қажет болған жағдайда белгіленген мерзімнен тыс кезде де жұмыс істейді. Олар жайлы кеңселерде еңбек етеді.
Білімі мен білігі. Бұл мамандықты жетік меңгеру үшін орта мектеп бағдарламасы ауқымында шет тілінің , қазақ және орыс тілдерінің , әдебиеттің негіздері мен ерекшеліктерін жақсы білу қажет.
Мамандықты университеттердің физиологиялық бөлімдерінде немесе факультеттерінде алуға болады. Аудармашы өз білім қорын әрдайым толықтырып отыруы және ғылым мен тәжірибенің түрлі салаларына тән арнаулы терминологияны жақсы білуі қажет.
Тапсырма 2.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар
Сабақ № 16.
Тапсырма 1.Мәтінді оқып, танысыңыздар