Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД Геот.1 Калиев С.М.2010 каз.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
5.23 Mб
Скачать

Глоссарий

АБРАЗИЯ – түп жыныстардың толқын немесе ағын күштері әсерінен бірте-бірте мұжылу процессі.

АККУМУЛЯЦИЯ - құрлық бетінде немесе су алаптары түбінде минералды заттар мен органикалық қалдықтар қабатының жинақталу (түзілу) процесі.

АҚҚЫШТЫҚ ШЕГІ – тау жынысының ылғалдану дәрежесі; оның жаппай ылғалдануы барысында өз пішінін сақтау дәрежесінен айырылып, бірте-бірте қожырай бастау сәті.

АЛЛЮВИЙ (АЛЮВИАЛДЫ ТҮЗІЛІМДЕР) – ағын суларымен шайыла отырып, өзен аңғарында түзілетін шөгінді жыныстар жиынтығы.

АНДЕЗИТ – эффузивті жанартаулардан төгілген лавалардың қатаюы нәтижесінде қалыптасатын магмалық тау жынысы.

АРЫНДЫ СУ – сулы қабаттың беткі жазықтағы деңгейіне сәйкес келетін қысым мөлшерінен көбірек дәрежеде сығылатын, сондықтан жоғары шапшуға аспанға атқылауға барынша бейім жерасты су.

ГАББРО – интрузивті толық кристалды магмалық тау жынысы; эффузивті тектестері – базальт.

ГЕКСАОКТАЭДР – текше сингонияның 48 жақтан тұратын қарапайым түрлерінің бірі.

ГЕКСАТЕТРАЭДР – текше тетраэдрдың әрбір жағы есебінен 6 жақ пайда болуы нәтижесінде кескінделетін 24 жақты текше сингония.

ГЕКСАЭДР – текше сингонияның 6 жақты ең қарапайым түрі. Синонимі – текше.

ГЕМАТИТ – минерал, темір тотығы; темір өндіретін руда.

ГЕОДИНАМИКА – жер деп аталатын алып жүйе өңірінде етек алған барша процестерді, сол процестерді қамтамасыз ететін күштер өрісін зерттейтін ғылым.

ГЕОИД – жер бетінде салмақ күші потенциясының теңдес мағыналарын бір-бірімен ойша қосқанда пайда болатын шартты жазықтық.

ГИДРАТТАНУ – суда еріген зат бөлшектерінің су молекуласымен әрекеттесу процесі.

ДЕЛЮВИЙ (ДЕЛЮВИАЛДЫ ТҮЗІЛІМДЕР) – еңіс өңірлерді құрайтын түп жыныстардың жаппай үгілуі нәтижесінде бөлшектеніп, ерінді сулар мен жаңбыр суларының тасымалдауы нәтижесінде қайтадан шоғырланған кесектер мен түйіршіктер есебінен түзілетін тау жыныстарының тектік түрі.

ДӨҢБЕКТАСТАР – тау жыныстарының мөлшері 10 см-ден артық жұмырланған кесектері.

ЖАЙЫЛМА (ЖАЙЫЛМАЛЫ КЕМЕР) - өзен аңғарының сол өзен тасыған кезде су басып кететін бөлігі.

ЖЕЛІ ЖЫНЫСЫ – интрузивті массивтерден шашақтала тарамдалған желілер мен сығылмалар түрінде ұшырасатын тау жынысы.

ЖЕЛІЛІК СУ – тектоникалық жарылымдар өңірінде көптеп кездесетін жарықтар бойына шоғырланатын жерасты сулары.

ЖЕНТТАСТАР – мөлшері 10 мм және одан да ірі үшкір тастардан және оларды жымдастырушы ұсақ бөлшектерден тұратын тау жыныстары.

ЖЕРАСТЫ СУ – топырақта және бүкіл жер қыртысына тән тау жыныстарында әртүрлі физикалық күйде кездесетін сулардың жиынтық атауы.

ИНТРУЗИВТІ ЖЫНЫС – магманың жер қыртысы қойнауларында кристалдануы нәтижесінде қалыптасқан тау жынысы.

КІЛКІМЕ – төсеніші су өткізбейтін тау жыныстарынан тұратын грунттардың жауын-шашындарымен немесе ерінді сулармен қанығуы нәтижесінде уақытша пайда болатын шалшықтар.

ҚАБЫСУ – тау жынысын құрайтын түйіршіктердің өзара тартылыс күші; түйіршіктердің құрылымдық (молекулалық жымдасқыштық, кристалдық т.с.с.) байланыстары әсерінен туындайды.

ҚОЙНАУЛЫҚ – бастапқы эндотекті деген ұғымды білдіретін анықтауыш.

ҚҰБЫР ЕРНЕУІ – бұрғылау құбырының жер бетінен көрініс беру басталу орны.

ҚҰМДӨҢДЕР – жел әрекеті нәтижесінде теңіз немесе өзен жағалауларында жал-жал болып үйіліп қалатын құм дөңестер.

ЛАМИНАРЛЫ АҒЫМ – сұйықтарға ғана тән, көбінесе бірқалыпты өтетін, уақыт пен кеңістіктегі жалпылама сипаты әсер етуші күш өзгерістеріне немесе сырт жағдайлардағы өзгерістерге ғана тәуелді болып келетін ағымдар жүйесі.

НАҚТЫ ЖЕРЖЫЛНАМА – геохимияның геологиялық уақыт мөлшерін анықтау мәселелерімен айналысатын саласы.

НАҚЫШ – тау жыныстарын құрайтын бөлшектердің орналасу бағытынан, бір-бірімен ара-қатынасынан және таралу ерекшеліктерінен туындайтын олардың құрылымдық сипаттар жиынтығы.

СЕМУ – ылғалданған дисперсиялық тау жыныстарының (грунттардың) еру, мұздықтану және кебу барысында көлемін азайтуы.

СІҢБЕ СУ – жер бетінен біршама терең деңгейлерге дейінгі тау жыныстарына тән болмашы жарықшақтар мен майда кеуектер арқылы жылжи отырып жиналақталатын жерасты су.

СУАЙРЫҚ – таулы өлкелерде жарыса ағатын өзендер аңғарын бір-бірінен шектейтін шартты сызық.

СУТІРЕК - өз бойынан су молекулаларын өткізбейтін тау жыныстары.

ТАҚТАШААРАЛЫҚ СУ – екі сутіректі тақташалар аралығына орналасқан сулы тақташаға шоғырланатын жерасты су.

ТЕКТОНИКА – жер қыртысына тән нақтылы өңірдің тектоникалық бұзылыс ерекшеліктерімен және жалпылама даму тарихымен анықталатын құрылымдық сипаты.

ТІКҚАЗБА – пайдалы қазба кендерін іздестіру және барлау барысында, геологиялық түсірім шараларын жасақтауда немесе инженерлік-геологиялық және гидрогеологиялық зерттеулерді жүзеге асыруда. Жер бетінен басталып, тік төмен қазылатын, көлденең қимасы төрт бұрышты яки шаршы пішінді болып келетін (дудкалардан айырмашылығы да осында) тау қазындысы.

ТОПЫРАҚ СУЫ (ЫЛҒАЛЫ) – топырақ қабатында молекулалық тартылыс әсерінен жинақталған су (ылғал).

ЭКСТРУЗИВТІ ЖЫНЫС – тұтқыр лавалардың жанартау көмейінен өз тұтастығын сақтай отырып, сығымдала көтерілуі нәтижесінде қалыптасатын жыныстар түрі.

ЭКСТРУЗИЯ – тұтқыр лавалы жанартауларға тән әрекет түрі; тұтқыр лавалардың жанартау көмейінен сығымдала көтерілуі нәтижесінде әдетте сол жанартау ернеулері өңірінде лава күмбездері пайда болады.

ЭЛЮВИЙ - өзінің үгілу орнынан қозғалмаған үгілу өнімдері.

ЭФФУЗИВТІ ЖЫНЫС – жер бетіне шығып төгілген магма (бұларды лава деп атайтыны белгілі) есебінен қалыптасқан, негізінен лава ағымдары мен бүркемелерін түзетін магмалық жыныстардың жиынтық атауы. Синонимі – ақтарылма жыныс.