Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
@IRBIS_10_SILL_yurid_Oralbaev_zandik.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
217.14 Кб
Скачать

6. Лекциялық кешен (лекция тезисі)

Тақырып 1. Заңдық жауапкершіліктің теориялық-құқықтық негіздерінің түсінігі, пәні және әдістері

Заңды жауапкершілік жасалған құқықбұзушылыққа сәйкес қолданылатын, кінәлі жанның жеке, мүліктік немесе ұйымдастырушылық сипаттағы айырылушылықтарымен байланысты болатын мемлекеттік мәжбүр ету шаралары.

Заңды жауапкершілік әртүрлі негіздер бойынша жіктелінеді. Құқық салаларына байланысты:

  • қылмыстық (құқыққа сәйкес қолданылады, ешкім сот үкімінсіз кінәлі деп саналмайды жауапқа тартылмайды; ең ауыр жаза);

  • әкімшілік (қоғамдық тәртіпті бұзу немесе атқару-жарлық етуші органдардың қызметіне кедергі келтіруге қатысты және т.б. қолданылады);

  • азаматтық (шарт бұзғандық үшін немесе шарттан тыс міндеттемелерді орындау барысында қолданылады). Зиянды толық өтеу - негізгі принципі;

  • тәртіпшілік (еңбек, оқу, қызмет ету, әскери тәртіптерді бұзғандық үшін қолданылады; түсініктеме талап етіледі; әкімшілік немесе тәртіпшілік алқамен салынады);

  • материалдық (еңбектік міндеттерін атқару барысында қызметкер, жұмысшыға келтірілген кәсіпорын, мекеме, ұйым зияны үшін туындайды);

Заңды жауапкершілік жүзеге асырылу нысандары:

  • соттық тәртіптегі заңды жауапкершілік;

  • әкімшілік тәртіптегі заңды жауапкершілік;

  • өзге тәртіптегі заңды жауапкершілік болып бөлінеді.

Кез келген ғылымның өз пәні, өзі зерттейтін заңдылықтарының анықталған шеңбері болады.

Әрбір ғылымның зерттеу пәнімен қатар зерттеу әдістері де болады. Методология дегеніміз – білім алу үшін ғылымда қолданылатын тәсілдер, ережелер және қағидалар жиынтығы. Бұл пәннің зерттеу әдістері екі үлкен топтан құралады:

-жалпы ғылымдық зерттеу әдістері

- жеке ғылымдық зерттеу әдістері.

Жалпы ғылымдық зерттеу әдістері – барлық ғылымдармен қолданылатын жалпы зерттеу әдістері, барлығына ортақ қағидалар. Оларға анықталған философиялық бағыттарды жатқызуымызға болады. Қазіргі кезеңде жалпы ғылыми зерттеулер материализм мен диалектикаға сүйенеді.

Жеке ғылыми зерттеу әдістері дегеніміз – нақты білім алу үшін қолданылатын ережелер, тәсілдер, әдістер жиынтығы. Олар зерттеу процессінің деңгейі мен бағытына байланысты көптүрлі болады.

- Нақты-әлеуметтік тәсілдер негізінен ғылыми ақпарат жинау кезінде қолданылады. Оларға жататындар: бағдарлау – мемлекет пен құқық теориясында бағдарлау обьектілеріне құқықтық практика мен мемлекеттік мекемелер жатады. Сұрау, анкета жүргізу, сұхбаттасу, сараптама және т.б. әдістер арқылы субъектілердің мемлекеттік-құқықтық аймақтағы нақты әрекеті туралы мәлімет жинауға болады.

Мемлекет пен құқық теориясында қолданылатын негізгі әдістердің бірі – логикалық әдіс. Логика – ойлау тәсілдері мен әдістері туралы ғылым. Заң ғылымының зерттеу процесінде анализ және синтез тәсілдері де қолданылады. Анализ – теориялық және тәжірибелік зерттеу процесінде күрделі обьектілерді талдау, құрамды бөліктерден жіктеп ажырату. Синтез – сол талданған бөліктерді жинақтап қосу арқылы белгілі бір объектіні, затты құрастыру.

Жеке ғылыми зерттеу әдістерінің түрлеріне: формалды-заңдық, жүйелік, функционалдық, статистикалық, әлеуметтік, салыстыру жатады.

Формалды – заңдық әдіс заңдық түсініктерді анықтауға, олардың қасиеттерін ажыратуға, жіктеу жүргізуге, құқықтық нұсқауларды түсіндіруге мүмкіндік береді.

Жүйелік тәсіл – қоғамдағы мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды жүйеге, салаға топтастырып зерттеу.

Функционалдық тәсіл – қоғамдағы заңды құбылыстардың әлеуметтік бағытына, маңызына, қызметіне қарай жіктеп зерттеу жүргізу.

Статистикалық әдіс – заңды құбылыстардың санды деректеріне, фактілеріне сүйене отырып зерттеу жүргізу.

Үлгілік әдіс – болған құбылыстың үлгісін жасап, сол арқылы істің мазмұнын, көлемін жобалап барып зерттеу жүргізу.

Әлеуметтік тәсіл – жүйелік, функционалдық, стстистикалық, үлгілік тәсілдер арқылы жүргізілген зерттеулердің қорытынды нәтижелерін біріктіріп зерттеуді жалғастыру.

Салыстырмалы – құқықтық әдіс – бірнеше мемлекеттерді, құқықтарды салыстырмалы зерттеу және олардың тарихи даму процестерінде теңестірмелі әдіспен зерттеу жүргізу.

Құқық теориясында құқық түсінігі, құқықтың пайда болуы және тарихи дамуы, құқық нормалары және жүйесі, құқықтық нормативтік актілер, құқықтық сана, құқықтық қатынас, құқықты жүзеге асыру, құқықбұзушылық, құқықтық жауапкершілік, заңдылық және тағы да басқа көкейтесті мәселелер қарастырылады.

Әдебиеттер: 1-20, 44, 48, 51-56.

Тақырып 2. Құқық бұзушылықтың түсінігі және құрылымы мен негізгі белгілері

Құқық бұзушылық - Қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет. Құқық бұзушылық: азаматтық (жеке басқа, азаматтың немесе заңды тұлғаның мүлкіне зиян келтіру, азаматтың абыройы мен қадір-қасиетін қаралайтын мәліметтерді тарқату және т.б.), әкімшілік (ұсақ бұзақылық жол ережесі тәртібін бұзу), тәртіптік (жұмыстан кешігу, жұмысқа бармау және т.б.) теріс қылық және т.т. Құқық бұзушылықтың барынша қауіпті түрі қылмыс болып табылады.

Құқық бұзушылықтар үшін заңмең тиісінше әкімшілік, азаматтық құқықтық, тәртіптік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Құқық бұзушылық өзіндік пайда болу, даму және жойылу заңдылықтарына ие белгілі бір қоғамдық құбылыс ретінде көптеген жекелеген құқық бұзушылықтардан құралады, олардың барлығы да ортақ қасиетке ие болады. Белгілі бір әрекет немесе әрекетсіздік әлеуметтік табиғаты мен заңды нысанын бейнелейтін осындай қасиеттердің жиынтығы құқық бұзушылықтың түсінігін береді.

Құқық бұзушылық – биологиялық, физиологиялық, технологиялық ерекшеліктерге сай, адамның іс-әрекетінің әлеуметтік көрінісі.

Құқық бұзушылық – құқыққа оның талаптарына қарсы бағытталған мінез-құлық. Демек, құқықтық бұзған ат-үсті қарап, талаптарынан айналып өту деген сөз. Әрбір құқық бұзушылық- нақтылы құбылыс. Оны нақты адам, белгілі бір жерде, мезгілде, жағдайда жасайды. Ол құқық нормаларының қағидасына қайшы келеді және өзіне тән оның белгілері болады. Сонымен бірге жекелеген құқық бұзушылыққа тән жалпы белгілері де кездеседі.

Құқық бұзушылықтың белгілері:

а) Қоғамға зияндылығы, қауіптілігі – құқық бұзушылықтың негізгі объективтік нышаны, айырымдық белгісі және оның заңнан құқыққа қайшы болу шегін ажыратуға негіз болатын объективтік тұғыры. Құқық бұзушылықтың қоғамға келтіретін зияна мен оның қауіптілігі қоғамға маңызды құндылықтар мен оның тіршілік ету жағдайларына қол сұғулардан тұрады;

б) Құқыққа қайшы келушілік –әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қоғамға қауіптілігін, зияндылығын заң атауы арқылы білдірілуі. Құқыққа қайшы (қарсы) келудің және ол үшін жауапты болудың шегін, мөлшері мен шамасын мемлекет анықтайды, әрі оны бекітеді;

в) Кінәлілік – басқаша айтқында, құқық бұзушылыққа бару – құқық бұзушының тысқарында ешбір ықпалсыз-ақ өзінің ерік ықтиярына әлгіндей түрде білдіруі, ал мұның өзі кінәлі іс-әрекет (мінез-құлық). Егер де жеке адамды таңдау еркі (ықтияры) болмаса, егер ол өзінің іс-әрекетінің құқыққа қайшы келетінін жете түсінуге қабілеті болмаса, онда оның кінәлі әрекеті құқық бұзушылық болмайды да, ол объективті түрдегі құқыққа қайшы әрекеттік болып шығады. Сондықтан мұндай адам заң алдындаға жауаптылыққа тартылмайды;

г) Әрекеттілік немесе әрекетсіздік түріндегі әрекеттер. Мұндағы әрекетсіздік түріндегі құқық бұзушылық тұлға заңдық талаптарды орындауға міндетті бола тұрып, оларды орындамаған жағдайдаболады;

д) Жазаланушылық – мемлекет тарапынан мәжбүрлеу шараларының қолданылу мүмкіндігі.

Құқық бұзушылықты сипаттайтын белгі-нышандар:

1) Құқық бұзушылық құқықты, оның қағидаларын, құқық жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Яғни бұл адамдардың іс-әрекеті, қылығы арқылы басқа адамдармен, қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынасқа түседі. Демек, құқық бұзушылық адамның мінез-құлқы арқылы байқалады. Мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы көрінбеген адамның ой-тұлғасы, сезімдері құқық бұзушылық болып табылмайды. Мәселен, адам өзінің ойын, сенімін күнделікке, таспаға жазып, суретке түсіруі мүмкін. Адамның ой желісі заңмен реттелмейді. Бірақ қандай да болсын іс-әрекет, мінез-құлық, ойдың, сана-сезімнің қатысуынсыз жасалмайды. Олар қашан да ойдың елегінен өтіп, бақылауында болады. Бұл дегеніміз, ақыл-есі адамның іс-әрекеті ерік пен ойдың арқасында жүзеге асырылады деген сөз. Яғни құқық бұзушылық саналы түрде жасалатын ерікті іс-әрекет немесе әрекетсіздік болып табылады.

2) Құқық бұзушылық құқық нормалары қорғайтын мүддеге нұқсан келтіріп, қоғамның және адамның мүддесіне зиянын тигізеді, белгіленген құқықтық тәртіпті бұзады. Құқық нормаларының талаптарын орындамау нәтижесінде құқықтық тәртіп бұзылады, қоғамдық қатынастарға кесел келеді, белгілі бір игілік, құнды зат жоғалады, адамның құқықтарына, өміріне, денсаулығына, рухани сезіміне зиян келтіреді. Зиянның көлемі, мөлшері түрлі болуы мүмкін.

Әдебиеттер: 1-20, 22, 23, 25, 26, 28, 29, 39, 40-56.

Тақырып 3. Құқық бұзушылықтың түрлері

Құқық бұзушылықтар әлеуметтік қауіптілігіне байланысты және зиян келтіру дәрежелеріне қарай екі топқа бөлінеді:

  1. Қылмыс

  2. Теріс қылық

Объектінің құндылығы, құқыққа қайшы әрекеттің мазмұны, жағдайы, уақыты, әдісі, келтірілген зиянның көлемі мен сипаты, кінәнің нысаны құқыққа қайшы әрекеттің күшейе түскендігі, оның себебі, құқық бұзушының жеке мінездемесі арқылы анықталатын қоғамға зияндылықтың сипаты мен деңгейі негіз болады.

Әрекет-әрекетсіздікті құқыққа қайшы деп тануға ықпал етуші субъекті фактор негіз болады.

Қылмыс қоғамға қауіпті және заңмен жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты әрекет-әрекетсіздік. Қылмыстар қоғамға қауіптілігі (зияндылығы) жағынан барынша жоғары дәрежеде болатындығымен ерекшеленеді. Ол қоғамның қалыпты өмір немесе мемлекеттік құрылыс, шаруашылық жүйе, меншік және азаматтардың саяси, еңбектік, мүліктің және басқа да құқықтары. Қылмыстың заңды сипаты – оларға қылмыстық заңмен тыйым салу мен жазалау шараларын қолдану болып табылады. Қылмысты заңда көрсетілген, қылмыстың барлық нысандық белгілерін иеленуші құқық бұзушылық өзінің жеңіл мәңділігіне байланысты қоғамға қауіпті болмаса, қылмыс болып саналмайды. Олай болатын себебі: кейбір жағдайларда әлгі қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі мен зияндылығының маңызы мардымсыз болып келеді.

Қылмыс – қоғам үшін мейлінше қауіпті және қылмыстық заңмен тыйым салынған құқық бұзушылық. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 9-бабында қылмыс ұғымына мынадай анықтама берілген: «Осы Кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады».

Қылмыс қоғамның мемлекет қорғайтын ең елеулі мүдделеріне қол сұғады. Жаңа Қылмыстық кодекске сәйкес қылмысты әрекеттердің объектілері жеке адам, адам мен азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтары, бейбітшілік және адамзаттың қауіпсіздігі, мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздері мен қауіпсіздігі, меншік, қоғамдық тәртіп, денсаулық пен адамгершілік, мемлекеттік қызметтің мүдделері, сот әділдігі мен жазаларды орындау тәртібі және басқалар болуы мүмкін.

Қылмыстардың қоғамдық қаупі жоғары болғандықтан, оларды жасағаны үшін мемлекет мейлінше қатаң жазалау шараларын белгілейді. Қылмыстық әрекеттердің Қылмыстық кодексте көзделген тізбесі толық сипатта жасалған және кең көлемде түсіндірілмеуге тиіс.

Сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай барлық қылмысты әрекеттер қазіргі төрт санатқа бөлінеді:

Кез-келген қоғамда құқықтық нормалардың жарлығын бұзу бұқаралық сипат ұстанады және оған аса елеулі моральды және материалдық зиян келтіреді. Құқыққа қарсы жасалған әрекеттер сипаты, субъектілері, шарттары себептерінің әр түрлілігіне қарамастан, олардың бәрі бір әлеуметтік құбылысқа құқық бұзушылыққа алып келуге жол беретін, жалпы белгілерге ие. Құқық бұзушылықты зерттейтін әр түрлі анықтаулар бар. Жалпы қорытындылық түрде олар, өздеріне заңдық жауапкершілік алатын қоғамға зиянды әрекет еткен тұлғалар немесе тұлғаның құқыққа қарсы, өзін кінәлі еткен құқық бұзушылыққа ұласады .

Әдебиеттер: 1-20, 22, 23, 25, 26, 28, 29, 39, 40-56.

Тақырып 4. Құқық бұзушылықтың себептері мен олармен күресу жолдары

Құқық бұзушылықты социальдық жақтан зерттеуді, алғашқы рет ғалымдар – статистиктер бастады. Ағылшын ғалымы Д.Говардтың құқық бұзушылыққа деген көзқарасы қызық. Оның айтуынша, қылмыскерлерді түзету процессінде, еңбекке тарту, тәрбиелеу, білім беру шаралары қолдану керек. Және де, оларға міндетті түрде сыйластықпен, адамгершілікпен қарау керек, себебі оларды, қоғамның өзі қылмыскерлерге айналдырды.

Антропологиялық теорияны сынға ұшырауымен, социологиялық теорияның көптеген өкілдері, құқық бұзушылық мәселесін шешу үшін, социологиялық реформа жасауға шақырумен бірге, басты бір сұраққа жауап таба алмады. Экономикалық, климаттық, мәдениеттік, географиялық факторладың ішінен, олар ең маңыздысын таңдай алмады.

Социологиялық мектептің өкілдері, криминалогияда құқық бұзушылықтың себебін зерттегенде 2-3 классификацияға (факторлар) тоқтаған. Бұл факторлар: индивидуальді (жынысы, жасы, ұлты); физикалық (географиялық орта, жыл мезгілі, климаттық жағдай және т.б.); социальдық фактор (жұмыссыздық, азық – түліктің бағасы, жұмыс ақысы, алкоголь немесе есіртке пайдалану және т.б.).

Жалпы, құқық бұзушылықтың пайда болуы, қоғам ішіндегі тұлғалар арасындағы экономикалық, саяси, мәдени теңсіздіктен пайда болады деп, айтуға болады. Әр тұлға өз алдына қойған мақсаттарына жету үшін, заңды немесе заңсыз әрекеттер жасайды. Адамның табиғатында тәубешілік сезімі аз мөлшерде болады. Керісінше, адам қаншалықты экономикалық, саяси, мәдени жетістіктерге жетсе де, ол тұлғаға аз болып көрінеді. Қоғам ішіндегі бір – біріне қызығушылық (психикасы сау емес адамдарды жатқызбаймын), теріс әрекеттерге әкеледі. Оның барлығын түсіну үшін, құқық бұзушылықты әр жақтан толығымен зерттеу дұрыс болар.

Құқық бұзушылыққа әкелетін экономикалық факторды зерттегенде, еске алған жөн, бұл үлкен масштабты фактор. Құқық бұзушылықты азайту үшін, қоғамды жаңа заңдармен, қабылданған нормативтік-актілермен таныстыру үшін, юриспруденция жағынан сауаттылғын көтеру үшін, маңызды рольді ақпарат атқарады. 20-21 ғасырды «ақпарат ғасыры» деп атайды. Сондықтан қоғамдағы процесстерді реттеу үшін, кейде СМИ-ні «жазалау орган», ашық саясат жүргізу, демократиялық қоғам құру құралы ретінде қолданылады. Сондықтан, бұл факторды еске алған жөн.

Енді, құқық бұзушылықты қоғамдық масштабта емес, жеке тұлғалық масштабта қарастырған жөн. Адамды экономикалық, социальдық, биологиялық фактордан басқа, ішкі сезімге байланысты, эмоциялар да, тұрақсыз психика да қылмысқа итермелейді.

20 ғасыр жыныстық теңдік пен бостандық әкелгенмен, сонымен қоса жаңа проблемаларды туғызды. Әйел адамның ер адамнан экономикалық тәуелсіз болу себебі, ер адамдардың доминанты рөлінен айырыла бастауы қатты психологиялық – эмоциялық күйзеліске әкеліп соқты. Сол себептен, қазіргі заманның проблемасы, ол отбасы ішіндегі қылмыс, отбасылық құндылықтан айрыла басталуы, ер мен әйел арасындағы көп түсінбеушіліктің пайда болуы. Сондықтан да, проблеманы шешу үшін, жаңа жолдарды іздеп, отбасыға тек психологиялық, экономикалық көмек емес, сонымен бірге құқықтық жақтан көмек беруге бүкіл күшті салу керек. Әрине, отбасы ішіндегі қарым – қатынастарды реттейтін нормалар аз емес. Бірақ олардың қаншалықты пайда әкелетіндігін, реформа жасауға қажеттілігі қаншалықты екенің білу, кешікпей өз уақытында шаралар жүргізілу тиіс.

Әдебиеттер: 1-20, 22, 23, 25, 26, 28, 29, 39, 40-56.

Тақырып 5. Заңдық жауапкершіліктің түсінігі және белгілері

Занды жауапкершілік — жеке адам, қоғам, мемлекеттің мүддесін қорғайтын бірден-бір жол болып табылады. Ол құқықтық нормалардың бұзылуы нәтижесінде пайда болып, құқық бұзуға мемлекеттік күштеу шарасын қолдану нысанымен сипатталады. Құқық бұзушыға жауапкершіліктің белгілі бір шарасы көзделген құқықтық норманың санкциясын қолданудан тұрады

Заңды жауапкершіліктің заңды негізі — құқық бұзушылық болып табылады. Егерде субъектінің іс-әрекеті құқық бұзушылықтың белгілеріне сәйкес келмесе, онда ол заңды жауапкершілікке тартылмайды

Занды жауапкершілік — тек ғана құқықтық нормалар бұзылған кезде пайда болып қоймай, оларды қатаң сақтау арқылы да орындалады. Басқаша айтқанда құқық бұзушының заңды жауапкершілікті орындауы құқықтық нормалар бойынша бекітілген белгілі бір процедуралық — іс жүргізу тәртібін бұзған кезде ғана мүмкін болмақ. Сонымен, заңды жауапкершіліктің белгілері мыналар болып табылады.

1. Мемлекеттік күштеу арқылы жүзеге асады.

2. Кінәліні белгілі бір шектеуге міндеттейді.

3. Тек қана жасалған құқық бұзушылықтың негізінде пайда болады.

Занды жауапкершілік бір қатар қағидалардың негізінде жүзеге асырылады:

Кінәлі әрекет үшін ғана жауаптылық қағидасы. Бұл қағида, негізінен, заң шығарушыға арналады. Оның тек қоғамға зиянды құқықтық табиғаты мен қоғам құндылығына қайшы келетін әрекеттерге ғана занды жауапкершілікті бекітуін талап етеді. Егер де субъект құқық бұзуға жол беру кезінде өз еркі болмаса, іс-әрекетінің нәтижесін болжай алмаса, болжауға тиісті болмаса, оның болуын тілемесе және өзін басқара алмаса, ол жауаптылыққа негіз бола алмайды.

Заңдылық қағидасы. Бұл қағида бойынша жауапкершілік құқықтық нормамен тыйым салынған әрекет және де тиісті норманың санкция шегінде пайда болады. Сонымен қатар барлық процессуалдық ережелер сақталына отырып бекітілген құқық бұзушылық туралы факті нәтижесінде ғана пайда болған жауапкершілік занды болып табылады.

Әділеттілік кағидасы. Ол өз мазмұны бойынша келесі талаптарды қояды:

.- теріс қылық үшін қылмыстық жазалауға болмайды;

- адамның намысын түсіретін жазаны енгізуге жол берілмейді;

- жауапкершілікті бекітуші және оны күшейтуші заңның кері күші болмайды;

- бір құқық бұзушылық үшін жауапкершілік тағайындалады;

- жауапкершіліктің деңгейі жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келуі тиіс;

- жауапкершілік бұзылған құқық пен келтірілген зиянның орнын толтыруы тиіс.

Мақсатқа сәйкестілік қағидасы. Ол құқық бұзушыға қатысты алынған шараның заңды жауапкершіліктің мақсатына сәйкес келуін талап етеді:

- Құқық бұзушылыктың ауырлығына байланысты мемлекеттік күштеу шарасын іріктеу;

- Егер жазалау мақсаты орындалған жағдайда, жауапкершілікті жеңілдету немесе шартты, шартсыз түрде босату;

- Егер заңды жауапкершіліктің мақсаты онсыз да орындалуға жатса, завды жауапкершілікті өзге жауапкершілікпен ауыстыру.

Жауаптылық қағидасы:

- Бірде-бір құқық бұзушылық мемлекет үшін елеусіз қалмауға тиіс;

- Құқық бұзушы міндетті түрде заң алдында жауапты;

- Құқық қорғау органдардың қызметкерлерінің жоғары кәсіпқойлығы;

Заңды жауапкершіліктің өз уақытында орындалуы. Кері жағдайда ол өзінің мәнін жойып, құқық бұзушылық жасалған уақыттағы әлеуметтік жағдайға байланысты сәйкестілігін жояды.

Жалпы құқық теориясы тұрғысынан құқықтық реттеу механизімінде құқық бұзушылық жаңа қатынасты тудырып өзгертіп, тоқтататын заңды себептің рөлін атқарады. Бұл жағдайда құқық бұзушы мен мемлекет арасында әрекет жасалғаннан бастап қорғаушы құқық қатынасы орын алады. Бұл құқық қатынасының заңды мазмүны оның қатысушыларының субъективтік құқықтары мен міндеттерін құрайды. Мемлекет құқық бұзушылық фактісін бекіткеннен кейін, кінәліге күштеу қолдануға құқылы. Бірақ, жасалған әрекетті қылмыс, азаматтық құқық бұзушылық, әкімшілік немесе тәртіптік теріс қылық деп бағалайтын құқық нормасының санкциясы бойынша жүзеге асады. Құқық бұзушы ресми түрде кінәлі деп табылса, жасалған әрекеті үшін құзыретті органның тағайындаған жазасын орындайды және ол жазаның тиісті құқық нормасының шегінен шығып кетпеуін талап етуге құқылы.

Мемлекет қоғамдық өмірде тәртіпті қамтамасыз ету барысында, заңның шегінде және заңның негізінде әрекет етеді. Заңдылык, режимі құқық тәртібін қалыптастырады, олай болса, құқықтық жауапкершілік адамдардың өрекетін құқықтық реттеудің нәтижесі болып табылады.

Әдебиеттер: 1-20, 21-23, 34, 35, 40-56.

Тақырып 6. Еңбектік құқықтық және тәртіптік жауапкершілік

Еңбек заңдары келтірген материалдық зияны үшін еңбек шартының тараптары – қызметкер мен жұмыс берушінің материалдық жауапкершілігін көздейді.

Заңдар материалдық жауапкершіліктің екі түрін көздейді:

1) қызметкердің жұмыс берушінің алдындағы материалдық жауапкершілігі;

2) жұмыс берушінің қызметкердің алдындағы материалдық жауапкершілігі.

Материалдық жауапкершіліктің бұл екі түрі бір-бірінен біршама ерекшеленеді.

Тәртіптік жауапкершілік еңбек тәртібін бұзушыға құқықтық ықпал ету нысаны. Тәртіптік жаза қолданудан көрініс табады. Тәртіптік жауапкершілікке еңбек тәртібін бұзған жағдайда (себепсіз жұмысқа келмеу, еңбектік міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау) еңбек шартымен жұмыс істеп жүрген еңбеккер тартылады. Мемлекет қызметкерлер үшін лауазымдық өкілеттілік шегінен шығу мен мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамау да тәртіптік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Тәртіптік жазаның ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметінен босату сияқты түрлері бар. Мемлекет қызметшіге бұларға қоса тәртіптік жаза ретінде қызметіне сәйкессіздігі туралы ескерту берілуі мүмкін. Тәртіптік жаза қолданылмас бұрын еңбеккерден жазбаша түсініктеме алынады жәнетәртіп бұзушылықтың деңгейі, оны жасау кезіндегі мән-жайлар және еңбеккердің біліктілігі мен мінез-құлқы ескерілуге тиісті. Бір тәртіп бұзушылыққа бір тәртіптік жаза қолданылады. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық немесе қаулы еңбеккерге жарияланады. Мұндай бұйрық немесе қаулыны шағымдау тәртібі еңбек заңнамасында белгіленген. Кейбір қызметкерлер санатына қызмет ерекшелігіне орай тәртіп жарғысына сәйкес арнайы тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін

Әдебиеттер: 1-21, 24, 25-38, 40-56.

Тақырып 7. Қылмыстық-құқықтық жауапкершілік

Қылмыстық жауапкершілік— құқықтық жауапкершіліктің бір түрі; қылмыстың құқықтық салдары — қылмыскерді жазалау түрінде көрініс табатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Қылмыстық жауапкершілікке тарту қылмыстық іс қозғаудан, тергеуден және сот талқысынан тұрады. Қылмыс жасау — кінәлі адам мен сот төрелігін атқарушы мемлекет арасында арнаулы қатынас тудыратын құқықтық факт. Мұндай фактіден кейін екі тарап үшін де міндет пайда болады. Мемлекет үшін өзінің арнайы органы арқылы қылмысты тергеу, қылмыскерді тауып, Қылмыстық жауапкершілікке тарту міндеті, ал қылмыскер үшін Қылмыстық жауапкершілікті өтеу міндеті туындайды. Қылмысқа дайындалғаны, қылмыс жасауға оқталғаны, қылмыс жасауға қатысқаны үшін де адам Қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қылмыс жасаған адамға қолданылатын жаза немесе басқа да қылмыстық құқықтық шара қылмыстың табиғаты мен қоғамға қауіптілігінің деңгейіне, қылмыс жасалу кезіндегі жағдайға сай болуы тиіс. Ешкім бір қылмысы үшін екі рет Қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Жалпы тәртіп бойынша Қылмыстық жауапкершілікке қылмыс жасау кезінде 16 жасқа толған, ақыл-есі дұрыс адам тартылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 14-бабында көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Ішімдік, есірткі немесе басқа да уытты заттардың әсерінен мас күйде қылмыс жасау Қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Қылмыстық іс бойынша сезіктіні немесе айыпталушыны прокурордың, тергеушінің не анықтаушының Қылмыстық жауапкершіліктен заңсыз босатуы сот төрелігіне қарсы қылмысқа жатады.

Әдебиеттер: 1-22, 24-32, 34-56.

Тақырып 8. Азаматтық-құқықтық жауапкершілік

Азаматтық-құқықтық жауапкершілік дегеніміз — шартта немесе заңда көрсетілген ретте жүктелген міндеттемені бұзған субъектіге қолданылатын мүлікті өндіру немесе мүліктік салмақ салу нысанында болып келетін жауап кершіліктің түрі.

Азаматтық-құқықтық катынастың көпшілік бөлігі міндеттеменің бұзылуынан пайда болады. Азаматтық-құқықтық жауапкершілік мүліктік қатынастармен байланыста болғандықтан ол төмендегідей қасиеттерімен ерекшеленеді:

а) борышкордың міндеттемені бүзуынан туындаған мүліктік шығындарды несие берушіге өндіріп беру;

ә) борышқордың міндеттемені тиісті дәрежеде орындауын кадағалау;

б) борышқорды міндеттемені орындамаганы немесе тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жазалау;

в) белгілі бір дәрежеде несие берушінің міндеттемеге қатысуына түрткі болу;

г) борышқордың тәртіпсіздік фактілерін басқа тұлғалардың көзінше дәлелдеу болып табылады.

Азаматтық-құқықтық жауапкершілік мынадай негізгі қызметтерді аткарады: жазалау, қалпына келтіру, тәрбиелік.

Жазалау қызметі— міндеттемені бүзған немесе шығып келтірген түлғаның мүлкінің азаюы.

Тәрбиелік қызметі— құқық бұзушы болашақта мұндай әрекеттер жасауға жол бергізбейді.

Қалпына келтіру қызметі— шығын келген тұлғаныц мүліктік жағдайын қалпына келтіру.