Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
@IRBIS_10_SILL_istoria_Zhymabekov_Koshpelilerdi...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
515.58 Кб
Скачать

6. Лекциялық кешен (лекция тезисі)

Тақырып 1. Кіріспе. Пәннің мақсаты мен міндеттері

Көшпелілер әлемі – бұл адамзат тарихындағы ерекше даму жолы, яғни адамзат дамуында екі жол болса, соның біреуі – отырықшылық, екіншісі – көшпелілік деуге болады. Кез-келген өркениет адамзат тарихындағы белгілі-бір құбылыстарды басынан өткереді. Сондай құбылыстардың бірі – соғыс. Соғыс – бұл адамзат пайда болғаннан бері келе жатқан, адамдардың, ру-тайпалардың, этностардың ара-қатынасуының бір әдісі. Сондықтан, соғысты қарым-қатынас саласындағы өнер деуге болады. Ал, көшпелілердің соғыс өнерін мейлінше игергені, өнерде алдарына жан салмағандары тарихтан белгілі. Бұл жәйді, көптеген араб, парсы, түркі, қытай және батыс /Европа/ жазба деректері дәлелдей алады.

Соғыс өнеріне, басқа өркениеттерге қарағанда көшпелілер өркениетінің қосқаны көп. Бірақ, бұл жерде көшпелілерді “соғысқұмар, жауыз, қатыгез, тек қана тонаушылық пен озбырлық үшін жаратылған” деген пікір қалыптаспау керек. Осындай көзқарас отырықшы өмір салтын ұстанатын елдерде, көшпелілердің олардан әскери басымдылығын жақтыртпаудан туындаған деп айтуға болады. Ал, әлемдік тарих негізінен отырықшы өркениет өкілдерімен жазылғандықтан, бұл көзқарас соңғы уақытқа дейін тарих ғылымында сақталып келді. Соғыс болған соң, мейірімсіздік пен қатыгездік, қиратушылық пен қырғын-жойқын (катастрофа) қоса жүреді, бұл соғыстың зардаптары. Ал, соғыс кезіндегі мұндай әрекеттер тек бір ғана өркениетке немесе этносқа тән деу қателік. Сонымен қатар, көшпелілерді тек Батыс пен Шығыс өркениеттерін жалғастырушы “көпір” ретінде қарастыруды да дұрыс емес.

Көшпелілер өркениетінде кез-келген құбылыс ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, ғасырлар бойы жалғастығын тауып отырады, Ұлы Даланы мыңдаған жылдар бойы мекендеген көшпелілердің тікелей мұрагері – қазақ этносының этнографиясы мен фольклорында көшпелілер өркениетінің кез-келген мәселесіне қатысты мәліметтер жинақталған деп ой қорытуға болады. Былайша айтқанда, дәстүрлі қазақ қоғамы Еуразия көшпелілерінің өркениетіне апаратын “қақпа” болса, қазақ халқының этнографиясы мен фольклоры, шежіре туындылары, жалпы айтқанда “қазақ деректері” сол көшпелілер өркениетінің кез-келген құпиясын ашатын “кілті” деуге болады.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 2. Көшпелілердің әскери ұйымдасуының қалыптасуы мен дамуы

Көшпелі халықтардың әскери өнері, олардың соғыс өнерін дамытуға қосқан үлесі осы күнге дейін әлі де дұрыс бағасын ала алмай отыр. Бұрынғы кезде көшпелілердін соғыс ісі өзімен көршілес халықтардың көбінен жоғары тұрғанын тарихи жазбалар дәлелдейді. Грек тарихшысы Геродот: «Бізге белгілі халықтардың ішінде тек скифтер ғана адам өміріне маңызды бір өнерді меңгерген. Олар өз еліне шабуыл жасаған жаудың біреуін де аман жібермейді, ал олардың өзін ешкім қуып жете алмайды», - дейді. Ал мұсылман авторларының айтуынша парсылар - мемлекет ісінде, қытайлар - қол өнерінде, гректер - ғылымда, ал түркілер - соғыс ісінде жұрттан асқан. Монғол еліне барлау үшін саяхат жасаған П. Карпини, В. Рубруктар монғолдардың әскери өнерінің деңгейі жоғары екенін жазып, өз әміршілеріне олардың әдістерін қабылдауға, үйренуге кеңес береді. Европаға есік ашқан Петр I - патшаға дейінгі орыстардың әскери ісі түркі-монғол әскери өнеріне негізделген болатын. Көшпелілердің соғыс тактикаларын олармен көрші Иран, Қытай халықтары да қабылдаған. ХV-ғасырдан бастап пайда болған орыс, украин казактарының әскери құрылымы соғыс өнері түгелдей көрші түркі халықтарынан алынған. Өткен ғасырларда әскери өнерлерінің биік деңгейде болуы көшпелі халықтарға көптеген елдерді, халықтарды, елдерді бағындырып, ұлы империялар құруға мүмкіндік береді (Түркі қағанаты, Шыңғыс ханның, Әмір Темірдің құрған империялары).

Сол кездерде соғыс ісінің мұндай дәрежеге жетуінің басты себебі, көшпелілерде кәсіби әскерилер жігінің (батырлардың) болуында. Тек кәсіпқой адамдар ғана өз кәсібін биік деңгейге көтере алады. Кәсіпқой ортада ғана тәжірибе жинақталып, жеткен жетістіктер қорытылып, тәжірибе алмасып, әдістер жетілдіріліп, дамып, өнер деңгей өсіп отырады, дәстүр қалыптасады. Соғысты жүргізудің, әскер шебін құрудын, айқасты өткізудің көшпелі халықтарда бәріне бірдей ортақ дәстүр болғанын байқаймыз.

Көне ғүн, түркілердін соғысу тактикасын орта ғасырларда қыпшақтар, монғолдар, олардың әдістерін Алтын Орда мемлекетінде, Әмір Темір империясында қолданса, кейін 15-18 ғасырларда қазақ хандары, қазақ батырлары да соғысты осы тәсілдермен жүргізгенін көруге болады.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 3. Көшпелілердің соғыс өнерінің ерекшеліктері

Көшпелі халықтардың әскери өнері туралы еңбектерде ғалымдар тек олардың шабуылды, айқасты жүргізу тәсілдері мен әскери құрылымын айтумен ғана шектеледі. Ал «әскери өнер» деген ұғым - соғыс ісіне қатысты барлық саланы қамтитын кең де, күрделі ұғым. Сондықтан әскери өнерге мынандай нәрселерді жатқызамыз: 1) Әскердің құрылымы (структурасы) және әскер түрлері; 2) Әскерді басқару және әскери лауазым жүйесі; 3) Әскерді қару-жарақпен азық-түлікпен қамтамасыз ету әдістері; 4) Әскери дайындық өткізу, әскери байқау әдістері; 5) Майданда әскери шеп құру, айқасты жүргізу тәсілдері; 6). Соғысты жүргізу тактикалары; 7) Қорғаныс жүргізу тәсілдері; 8) Әскерді наградтау, атақ беру жүйесі; 9) Батырлардың жекпе-жегін (жауынгерлердін жеке айқасын) өткізу әдістері; 10) Қарулардың жеке түрлерін қолдану тәсілдері; 11) Әскерді қаржыландыру, т. б. Бұл мәселелердің көпшілігі әлі айтылмай да, зерттелмей келсе, ал кейбіреулері өте тар түсінікте қарастырылды да, осы күндері көшпелі халықтардың әскери өнері туралы қате де, теріс түсініктер қалыптасты.

Көшпелі халықтардың әскери жүйесі туралы сөз болғанда көбіне олардың оң қанат, сол қанат, орта (қол) болып шеп құруы деп айтылады және әскердің он санының негізінде құрылғаны ғана сөз болады. Тереңдеп зерттесек бұл түсініктердің жеңіл, тар көзқарас екенін байқауға болады. Көшпелі халықтардын әскери жүйесі бұдан әлдеқайда кең де, күрделі құбылыс. Көшпелілер қоғамы ертеде мифтік түсінікке негізделіп құрылғанын, ал қоғамдық құрылым оның әскери құрылымына негіз болатынын айтқамыз. Сол мифтік түсінік бойынша көшпелілер қоғамында хан әлемдік осьтің (әлем кіндігінің) белгісі саналып, халық, оны қүрайтын рулар екіге (оң мен солға) бөлініп, оң қанат рулары, сол қанат рулары деп аталған. Барлық көшпелі мемлекеттерде, қай уақыттарда болмасын, халық осындай негізгі екі топқа бөлінетін.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 4. Соғыс қаруларының пайда болуы мен таралуы: алыс қашықтыққа арналған қарулар

Әскери іс - ата кәсібі саналған, бар өмірі соғыста өтетін батырлардың кәсіптік әскери құралдары - олардың қару-жарағы. Әскери құралдарды белгілейтін «қару-жарақ» қос сөзінде «қару» сөзі қолға ұстап қолданылатын шабуыл қүралдарының жалпы атауы. «Қар» - қол деген мағынаны білдірсе, «қармау» - ұстау деген сөз. Осылармен түбірлес «қару» сөзі қолға үстайтын құрал деген мағынаға сәйкес. Ал «жарақ» сөзі де осы күні қару сөзінің синонимі ретінде қолданылып жүр. Бірақ ертеде бұл сөздің мағынасы басқа болған. Махмуд Қашқари сөздігінде «көбе сауыт» дегенді білдіретін «кубе йарық» сөзінің берілуі, көне түркі тілінде «жарақ» сөзі сауыт деген мағынада қолданылғанын көрсетеді, яғни денені қорғайтын құрал деген сөз. Орыс жылнамаларында қыпшақтардың сауыт-дуылғалары, яғни қорғаныс құралдары «ярыки, ярыци» деп аталған. Орыстың ескі тілінде де түркі тілінен ауысқан «ярық» сөзі темір сауыт мағнасында қолданылады. Қазақ халық ауыз әдебиетінде, батырлар жырында да «жарақ» сөзі қорғаныс қүралының жалпы атауы ретінде қарудан бөлек қолданылатынын көреміз.

Қазақ тілінде қос сөздер қашанда қызметі екі бөлек, бірақ бір-бірімен тығыз байланысты заттарды мағыналайды. Мысалы «құрал-жабдық», «ер-тұрман» деген сияқты. Бүл заңдылықты қару-жарақтың синонимі саналатын «сауыт-сайман» қос сөзінен де көруге болады.

Мұнда «сауыт» сөзі қорғаныс қүралының атауы да «сайман» сөзі қарудың синонимі болып тұр.

Сонымен батырлардың соғыс құралдарын атқаратын қызметіне қарай екі топқа бөлеміз. Біріншісі шабуыл құралдары - «қару», екіншісі қорғаныс қүралдары - «жарақ».

Қару-жарақтың даму деңгейі - қай халықтың болса да соғыс өнерінің деңгейін білдіретін көрсеткіш. Бұл көрсеткіш халықтың даму сатысына, техникалық жетістігіне, материалдық базасына т. б. байланысты болады.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 5. Соғыс қаруларының пайда болуы мен таралуы: жақын ұрыстағы қару түрлері

Жақын қашықтықта, бетпе-бет айқаста түйреу арқылы қолданылатын қару түрі - «найза». Оның жарақат салатын негізгі бөлігі - «басы», қолға үстайтын жері «сабы». Найзаның ұзын келген, екі басы да үшкір, сауытты тесуге арналған түрі - «сүңгі» деп аталады. Айқаста сүңгінің екі жақ басы бірдей қолданылады. Найзаның басындағы темірден жасалған түйрейтін бөлігі — «жебесі».

Жебенің «ұшы», «қыры» бар. Сапқа орнатылатын бөлігі - «ұңғысы». Ұшы мен ұңғысының арасында кейбір найза жебелерінің дөңгеленіп келген «күмбезі» болады. Найза сабынын қолға ұстайтын тұсына (ортасына) және төменгі жағына қайыстан байлап «ілгек» жасайды. Жорықта сол ілгектерінен қолдың қарына, және етік пен үзеңгінің басына іліп алады. Өте ерте заманда көшпелілерде кейбір үзеңгілердің найзаның төменгі жағын кигізіп қоятын арнаулы ілмегі де болған. Саптың қолға ұстайтын жеріне жұмсақ болу үшін барқыт, мақпалменен орайтын.

Найзалардың ұзындығы 1,5-2 м, ал сүңгілер 3-3,5 м дейін жетеді. Ерте замандарда көшпелі түркі халықтарында лақтыруға арналған қысқа найзалар да болған. Ғүндарда мүндай найзалар болғаны қытай жазбаларын-да айтылады. Скиф бейнелеу өнерінде де осындай қысқа найза үстаған жауынгерлерді кө-руге болады. Оғыз-намеде «жыда» деген найза атауы бар (Оғыз наме). Орыс тілінде лақтыруға арналған қысқа найзалардың қабының (сауытының) түркі тілінен ауысқан атауы «джид». Түркі тілінде қару мен оның бөлігінің атауы бір-біріне ауыса беретінін ескерсек, «жыда» деп көшпелі түркілер қысқа найзаны атаған болу керек. Жыданы көбіне жаяу әскерлер қолданған. Атты әскер мен соғысу дамығаннан кейін, көшпелілерде қысқа найза - жыда қолданыстан шығып кетті.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 6. Соғыс қаруларының пайда болуы мен таралуы: қорғаныс жарақтары

Соғыста жеңіске жету үшін батырларға жақсы шабуыл құралдар - қарулармен қоса жақсы қорғаныс құралдары - жарақтар да қажет. Көшпелі халықтардың батырлары қолданған қаруларды көпшілік біршама білсе. олар қолданған жарақ түрлері туралы түсініктер мүлде аз. Басқа халықтардың әскерлері сияқты қазақ батырлары қатысты жанрларында (эпостар, батырлық жырлар, батыр-лық ертегілер де) жарақ түрлерінің атаулары, бөліктері, жасалуына қатысты деректер көп. Егер біз ол деректерді көне көшпелілердің бей-нелеу өнерімен, көрші халықтардың жазба деректерімен, көшпелілерден керші халықтар қабылдаған жарақтармен, басқа түркі халық-тары тіліндегі жараққа қатысты деректермен салыстыра зерттесек қазақтардың жарақтары-ның түрлерін, формаларын, жасалу әдістерін толық қалпына келтіруге болады.

Көшпелі халықтарда қорғаныс жарақтары өте ерте заманда қолданыла бастаған еді. Көшпелілердің қорғаныс жарақтарының жүйеленуін дұрыс тану жалпы қарулану ғылымына өз әсерін тигізері де сөзсіз. Үйткені көшпелілердің қорғаныс құралдарының дамуы көрші халықтардың бүл саладағы жетістіктеріне ықпал етіп, және олардың әсерін де қабылдау арқылы жүріп отырды. Көшпелілер әскерилері қолданған қорғаныс жарақтарын негізгі қызметіне, қолдану әдісіне қарай мынадай бес негізгі түрге бөлуге болады:

1) Кеудені қорғайтын жарақтар: а) сауыттар - денеге кию арқылы қолданылатын түрі; б) Шарайналар - денеге байлау, тағыну арқылы қолданылатын түрі.

2) Басты қорғайтын жарақтар - дуылғалар.

3) Қолды, аяқты қорғайтын қосымша жарақ түрлері - женсе, тізелік, балтырлықтар.

  1. Қолға ұстап қолданатын жарақ - қалқан.

  2. Аттың денесін қорғайтын жарақтар - ат сауыттары, ат томағалары.

Бұл жарақтардың барлығы дерлік қазақтарда, қазақ халқын құраған ру-тайпаларда қолданыста болып келді. Әрине уақыт талабының өзгеруіне қарай жарақтардың кейбір түрлері қолданыстан шығып, оның орнын басқа жарақ түрі ауыстырып отыратын.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 7. Сақтардың соғыс тактикасы, әскери ұйымдасуы

Археологиялық материалдардың негізінде орыс авторлары Е. В. Черненко, Смирнов, А. М. Хазановтардың еңбектерінде скиф, сарматтардың қару-жарағы біраз тереңделіп зерттелсе, көне заманда Сібірді мекен еткен көшпелі тай-палардың қару-жарағы мен соғыс өнері тура-лы Худяков, Деревянко т. б. еңбектері, кітаптары басылып шықты. археологиялық материалдардың негізінде орыс авторлары Е. В. Черненко, Смирнов, А. М. Хазановтардың еңбектерінде скиф, сарматтар-дың қару-жарағы біраз тереңделіп зерттелсе, көне заманда Сібірді мекен еткен көшпелі тай-палардың қару-жарағы мен соғыс өнері туралы Худяков, Деревянко т. б. еңбектері, кітаптары басылып шықты.

Біздің эрамызға дейін VII ғасыр мен дәуіріміздің ІІІ ғасыры арасында өмір сүрген скиф, сақ, сарматтардың семсерлері алғашқыда қысқа, (70 см) болып, оны «акинак» деп атайды, кейін үзын семсерлер пайда болады. Оларды белге тағудың өзіндік ерекшеліктері болды. Көне семсерлердін түрлі үлгілері пайда болып, олар сабының, балдақтарының, жүзінің әр түрлі формаларымен айрықшаланады.

Сақ, скиф, сарматтардың көбе сауыт кигенін олардың бейнелеу өнері мен археологиялық қазба материалдары дәлелдейді. Сол дәуірге қатысты обаларды қазған кездерде көбе қалдықтары жиі кездеседі. Ол туралы басқа көрші халықтардың жазба деректерінде де айтылады. Көне грек авторлары сарматтардың құстың қауырсыны сияқты сүйектен жасалған сауыт кигенін жазса, сармат обаларынан (б.э.д. I ғ.-IV ғасыр б.э.) табылған сауыттың сүйек, темір көбелері бұл деректің шындық екенін дәлелдейді (Хазанов. Смирнов). Көне Рим өнер ескерткіштерінде өзі де, аты да байқайшағына дейін жылан көбе киген сармат жауынгерлерін, сармат қол өнерінде қысқа көбе киген сармат жауынгерлерінің бейнесін көреміз.Осындай көбе сауыт қалдықтары мен тұтастай сауыттар скиф обаларынан да жиі кездестіреміз. Көбе сауыт киген жауынгерлер скифтердің алтын заттарында да бейнеленген.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 8. Ғұндардың соғыс өнерінің ерекшеліктері

Ғұн жауынгерлерінің ат тұяғының дүбірі естілген соң христиан әлемі бас қосып, сақтық шара жасап, Константинополь, Рим шаһарларына күзетті күшейтіп, көшпелілермен шектескен солтүстік Рим империясы астанасын айналдырып, Феодосев қорғанын тұрғызады, Дунай өзенін жағалатып бекініс қамалдарды салады.

Тәңірқұты Аттила 441-447 жылдары солтүстік Рим империясына екі мәрте жорыққа аттанып, төменгі Мизи, Фрак, Иллири секілді өлкелерді иеленіп, Балқан түбегін басып алып, астана Константинополь шәрінің іргесіне қосынын төгеді. Мұндай жаужүрек шапқыншылардан аман құтылудың амалын іздеген шығыс Рим империясының Феодосий ІІ патшасы мәмілегерлік тәсілмен ғұн билеушісіне жыл сайын 7000 фунт алтын, яғни қазіргі өлшеммен 232 келідей алтын төлеуге уәде беріп, оның үстіне Дунайдың төменгі сағасында орналасқан Даки өлкесін тарту етеді. Мұнан соң екі жақ та өз елдерінің салтын сақтап, шартты бұзбау жайында ант-су ішісіп уәде береді.

Ғұндар өз одақтастарымен бірге шапшаң шапқыншылық жасап, қазіргі герман жерін қысқа мерзімде иеленіп, Рейн өзенінен өтіп, Галлия өлкесіне ат тұяғын тигізеді. Олар жолында кездескен қалаларды өртеп, күлге айналдырады. Жабайы ғұндардың үрейлі жорығы туралы аңыз-лақаптар әлемге жайыла бастайды. Ғұн қолбасшысы әскери тактикаға шебер, әскерлері ат үстінен артқа-алға бірдей садақ ата алатын мерген, аттары да иелерінің бұйрығын орындауға әбден үйретілген, тоқта десе тоқтайтын, тіпті жалынан қағып қалып, белгі берсе, жата қалатын есті еді. Әскері онбасылық, жүзбасылық, мыңбасылық, түменбасылық темірдей тәртіпті түзіммен басқарылатын. Арнайы жабдықталған қосындар жүйрік күймемен, жауынгерлер қосар атпен жүйткіп жүретіндіктен ғұн әскерлерінің қозғалысы жай оғындай жылдам еді. Жауды қос бүйірден қысу, маңлайсүбе, үркерше қоралау, барысша құсу секілді көптеген әскери тактикалар шебер қолданылатын. Мәселен, барысша құсу деген тәсілді қолдану үшін ғұн әскерлерінің азғана тобы шаһарға бекінген қалың жауға шабуыл жасап, олардан жеңілген сыңай танытып қашып, жолға олжа төгіп дәндетіп, біртіндеп оларды далаға шығарып алған соң, жасырын тұрған негізгі қол екі жақтан тап беріп талқандайтын. Бұл айла да аңшылық кәсіпке байланысты пайда болған, өйткені қарлы тау басын мекендейтін аш барыс қыстыгүні өз олжасын қиналмай аулау үшін асқазанындағы қоректің қалдығын түлкі, қарсақ мол жүретін етекке әкеп құсып отырады да, соны жеп дәніккен дәмөгей аңды ініне таяп келгенде бас салатын.

Ғұн сардарлары жауды өлтірген соң қанына туының ұшын батырып қандау рәсімін жасайтын, қаһармандары жаудың қанын уысына толтырып ұрттап та жіберетін, тіпті дұшпаны қас батыр болса, өлтірген соң кеудесін ақтарып, жүрегін жұлып ап, шайнап жіберіп, жаудың қайсарлығы маған жұғады деп ырым жасайтын оқиғалар да кездесетін, мұндай ерлерді жұртқа үлгі етіп жайып «жүрек жұтқан батыр» деп атап, аңыз ететін. Сарбаздар жаудан беті еш қайтпай, қасық қаны қалғанша алысып, «ең болмағанда жастығымды ала кетем» деп, бір жауды болсын өлтіріп жіберіп, басына жастана қалатын. Сарбаздар басына түрлі жыртқыш аңды бейнелейтін болат маска, мүйізді дулыға киіп, бетіне қара күйе жағып алатындықтан, кескін-келбеті қаһарлы да айбарлы көрініп, жауды үрейлендіретін. Міне, осындай себептерге байланысты Риммен шекаралас орналасқан ғұн шеріктерінің жауыздығы, адам етін жеуден де тайынбайтын қатыгездігі туралы лақап-аңыздар Еуропаға жайылып, қарсыластары оларға бетпе-бет келуден тайқып, тірі қалудың қамын жеп, қамалға тығылып, орманға қашып жан сақтауға мәжбүр болады.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-33; қосымша – 34-57]

Тақырып 9. Түріктердің әскери ұйымдасуы, соғыс өнері

«Түрік» этнонимінің алғаш рет аталуы қытай жылнамаларында кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытайлар түріктерді ғұндардың ұрпақтары деп санаған. Шежірелерде бұл кезде қытайдың Вэй князьдігінің солтүстік өңірлеріне солтүстік-батыс жақтың бірінен келген түріктер жыл сайын шапқыншылық жасап, ойрандап кететін болды деп хабарланады. Олар туралы келесі бір мәліметтер бүкіл құрлықтағы тарихтың талай ғасырлар бойғы дамуына өзек болған оқиғаларға байланысты.

546 жылы тирек тайпалары қазіргі Монғолияның оңтүстігі мен орталық бөліктерін мекендеген және бұл жерлерге үстемдік еткен аварларға (Жуань-жуань) қарсы жорық жасайды. Батыс жақтан қаптай енген тиректер армиясының сан жағынан қаншалықты көп болғаны белгісіз, бірақ олардың нәпірі сұсты болған деп топшыланады, өйткені тиректердің құрамына көптеген тайпалар енген, ал олардың қуатты аварларға аз күштермен карсы түра алуы екіталай еді. Түрік қағаны Бумын күтпеген жерден қатты шабуыл жасай отырып, бейберекет жатқан тирек армиясын қапылыста басып, кескілескен шайқастан кейін оны күйрете жеңеді де, тиректердің 50 мыңнан астам әскерін түріктер тұтқынға алады. Даланың әдеттегі құкығының қағидаларына сәйкес тұтқынға алынған әскерлер өзінен-өзі жеңушінің армиясына қосып алынатын еді. Осы кезден бастап, бұрын аварларға вассалдык тәуелділікте болған түріктер енді олардың бәсекелестеріне айналады. Мұның бір көрінісі авар кағанына келіп, авар қағаны үйінің ханшасын Бумынға әйелдікке бер деп үзілді-кесілді талап еткен түрік елшілігі болды. Мұның өзі қағанмен тең құкықтылығын көрсетуден гөрі оны басынғандық еді. Авар қағаны Анағұй: «Маған бас иетін - вассал. Бұлай деуге қайтіп дәтің барды ?» деп Бумынға жаушыларын жібереді. Бірақ аварлар қалыптаса бастаған Түрік қағанатының күшін бағалай алмады, ал түріктер тарапынан мұның өзі осылай болуға тиіс деп дұрыс ойластырылған әдіс қана болатын. Енді бұрынғы вассалдардың бұрынғы билеушілеріне қарсы соғыс ашуға дәлелі табылады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңгені соншалық, Анағүй өзін өзі өлтіреді. Осы кезден бастап түрік билеп-төстеушілері қағандар атағын алады, сөйтіп аварлардың бұрынғы күш-қуатына да, олардын барлық иеліктеріне де өзін мұрагер ретінде орнықтырады. Бумын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара-Еске отырады, оның бастауымен түріктер Орхонның жоғары жағында бір жердегі Бұқрат (Мула) тауларында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескенің мүрагері деп шежіреші оның інісі Иркинді (Ицзинь) атайды, ол кағандық тағына Мұкан-қаған деген атпен отырады, оның лақап аты Йанту болады. Мұның бәрі 552-554 жылдардың арасында болған. Бұл уақыттың ішінде түріктер шығыста қайлар (татабтар), қидандар және оғыз-татарлар тайпаларын, солтүстікте - Енисей қырғыздарын өздеріне қаратып алады. Бұл жылдары түріктердің батыста жасаған соғыс жорықтары бұлардан да күшті бола түседі. Бұларды Бумынның басқа бір інісі Иштеми бастайды, кейін оны батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс түрік қағанатының негізін салушы деп атайды. 552 не 553 жылы батысқа жасалған жорықтардың бірінде Иштеми Бумыньмен бірге болып, «он ұлы жетекшіні (немесе қауым бастығын) басқарды, он түмен әскері болды; ху елін (соғдылықгарды) жуасытуға аттанды және «Он тайпалық» деп атап өзін қағанмын деп жариялады». Мұны шежіре дәстүрінің өзі де ескермеген, бұл дәстүр бойынша тайпалық-әскери ұйымның ондық жүйесінің шығуы Жетісу түріктерінде 651 жылы ғана болады, сол жылы Ашбара-Териш-қаған (Шаболо-Дилиши) «өзінің мемлекетін күтпеген жерден он ұлысқа бөледі: әрбір ұлыс оны бас- қарушы бір адамның қарамағында болады»6. Оны шэ (шад) деп атаған. Әрбір шадқа бір жебеден сыйлық береді, осыдан келіп Он жебер деген ат шығады. Тайпалық-әскери санаудың ондық дәстүрі Жетісудың ежелгі түрік тілді тайпаларында VI ғасырдың орта кезінде-ақ болған және Батыс Түрік қағанатының этникалық-саяси құрылымында айқын бейнеленеді.

Араб тарихшысы ал-Джахийз (775-868 жылдар) өзінің шығармасында, көшпелілер өркениетінің ең жарқын өкілдерінің бірі – түріктердің жауынгерлігіне тамаша сипаттама береді. Ол: “оставьте в покое тюрок, пока они не трогают вас” деп ескертеді де, “если бы ты изучил длительность жизни тюрка и сосчитал его дни, то нашел бы, что он сидел на спине своей лошади больше, чем на поверхности земли” –деп көшпелі өмір-салтының ерекшелігіне бір тоқталып өтіп, “тюрок стреляет по диким животным, птицам, мишеням, людям… Он стреляет, гоня во весь опор взад и вперед, вправо и влево, вверх и вниз. Он выпускает десять стрел, прежде чем [араб] – хариджит положит одну стрелу на тетиву” – деп олардың жауынгерлігіне, соғыс өнеріне машықтығына қайран қалады.

Түркілердің тастағы суреттеріндегі арқаға ілінген қылшандардың қайыс бауы, ауыз тұсындағы әшекей шашақтары анық көрінеді. Бұл жағынан да олардың көне иран жауынгерлерінін қылшандарымен ұқсастығын байқаймыз. Кейін қылшанды белге іліп, белдікке оқ жақтан, аузын алға қарата тағы бастады.

Басқа түркі тілдерінде де, түркілердін соғыс өнерін қабылдаған бурынғы орыс тілінде де бұл жабдықты түгелімен, «саадақ, «сайдақ», «сағдақ» деп атайды. Кейін садақ атауы белге ілген жақтың, қарудың өз атауының орнына да қолданыла бастады. «Садақ» сөзін халық ауыз әдебиетінде қарудың қабының да, қарудың өзінің де атауы ретінде қолданылуын жиі кездестіреміз.

Бейнелеу өнері деректері түркі заманында қылшаннан бөлек жасала бастаған садақтар-дын формасы жіңішке үзын болып жасалып, жақтар оған кірісінен бір басы босатылып са-лынатынын көрсетеді. Сондықтан садақтың формасы бос тұрған жақтың формасын қайталайды. Ол кездегі садақтар да қылшан сияқты қайыңның қатты қабығынан жасалып, сүйекпен, металлмен әшекейленген сияқты. Кейбір түркі садақтары терімен қап-талып, қызыл түске боялған. Кейде терінің жүні сыртына қаратылып та қаптайды. Бұл садақтар бір ілгек арқылы садақбауға тағылады.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 10. Қыпшақтардың соғыс өнері

Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі. Қыпшақ атауы ежелгі түркінің Шина Усу ескерткішінде алғаш кездеседі (қазақша “Қыпшақтану”). Махмұт Қашқари еңбегі бойынша, 9 ғ-дағы Қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрлі, т.б. рулар мен тайпалар енген. Қыпшақ Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін алғашында Қимақ қағандығының құрамында болып, 11 ғасырдада бөлініп шықты. Қыпшақ хандығы тез арада күшейіп, Қыпшақ Орта Азия мен Шығыс Еуропаға тарала бастады. Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. 13 — 14 ғасырларда Қыпшақ сөзі жалпы “түркі” ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі — “Кодекс Куманикус” шығарылды.

Қыпшақтар — XI ғасырдың басында бұрынғы қимақ, қыпшақ және қуман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдік қыпшақ хандарының қолына көшті. Қыпшақтардың билік басына келген билеуші әулеттік шонжарлары оңтүстік және батыс бағыттарда белсенді қимыл жасай бастады, мұның өзі оларды Орта Азия мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа мемлекетімен тікелей белсенді қарым- қатынас орнатуға жеткізді.

XI ғасырдың екінші ширегінде қыпшақтардың әскери-тайпалық шонжарлары Сырдарияның теменгі және орта аңғарынан, Арал өңірі мен Каспий өңірі далаларынан оғыз жабғуларын ығыстыруына экономикалық та, саяси себептер де болған еді. Саяси фактор ең алдымен XI ғасырдың бас кезінде Орталық Азия тайпаларының батыс бағытында қозғалуына ұласқан сыртқы оқиғаларға байланысты болатын. Сонымен бірге қыпшақтардың өзін-әзі билеуге және өз мемлекетін құруға ұмтылған әулеттік топтардың орталықтан аулақтау сарынының маңызы аз болған жоқ. XI ғасырдың бірінші жартысында күшейген қыпшақ тайпаларының көсемдері, тегінде, жайылымдық жерлердің тапшылығына ұшырап, сонымен қатар Еділ бойы, Үстірт және Сырдарияның төменгі ағысы арқылы өтетін аса маңызды сауда жолдарын өз бақылауына алуға ұмтылған болса керек. Азияны Еуропамен жалғастырып жатқан жолдың бұл учаскесі маңызды баю жолдарының бірі ретінде мейлінше қажетті болатын.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 11. Алтын Орда дәуіріндегі әсери тактиканың ерекшеліктері

Алтын Орда — орта ғасырларда (1243 – 1503) Шыңғыс хан империясының құрамында Дешті-Қыпшақта құрылған түрік мемлекеті. Күш-қуаты толысып, өркендеген кезеңде (13 – 14 ғасырлар) мемлекет жерінің аумағы 10 млн. км2-ден асты. Оның құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ енді (1236 – 42). Бату хан тұсында мемлекет астанасы Еділ бойындағы Сарай қаласы болып (1243), кейін Берке сарайына (Сарай әл-Жадид) көшірілді. Берке хан билік еткен кезеңде (1257 – 66) Шыңғыс хан ұрпақтары, оларға ере келген әскерлер мұсылман дінін қабылдап, біртіндеп жергілікті түркі халықтарына араласып кетті. Маңызды мемлекеттік істерді шешу мақсатында жалпы империялық жиналыс – Құрылтай шақырылды. Құрылтайда хан жариялау және оны салтанатты түрде таққа отырғызу рәсімдері жасалды. Мемлекетті басқару, көшпелі өмірдің нормалары жаңа жағдайға сай келетін заңдар мен ережелер жиынтығы – Шыңғыс ханның жасақ заңымен реттелінді. Бұл заңның дәстүрлі нормалары кейін қазақтардың «Жеті жарғысының» кейбір ережелеріне де енгізілді. Әскери істі бектербегі, ал азаматтық істерді уәзір басқарды. Даруғалар салық жинаумен айналысса, басқақтар жергілікті халықты әскери бақылауға алды. Бату тұсында Жошы ұлысы оң және сол қанат болып екі мемлекеттік орталыққа бөлінді. Оң қанат Бату мен оның мирасқорларының, ал Қазақстанның кең байтақ жерлерін қамтитын сол қанат Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің үлесіне тиді. Алтын Орда Бату, Берке хандар тұсында Шыңғыс хан империясына шартты түрде тәуелді болғанымен, Мөңке-Темір (1266-80) тұсында дербестікке қол жеткізді. Туда-Мөңке (1280 – 87), Төле-Бұқа (1287 – 91), Тоқты (1292 – 1312), Өзбек (1312 – 42), Жәнібек (1342 – 57) хандар тұсында күшейе түсті. Орда халқы кейіннен қазақ халқы құрамына енген қыпшақ, қоңырат, керей, алшын, арғын, уақ, найман, қаңлы тайпаларынан, сонымен қатар Еділ бұлғарларынан, ежелгі хазар ұрпақтарынан, армяндардан, славяндардан, гректерден құралды. Қыпшақ және басқа да түрік тайпаларының ел басқаруда, әскери істе атқарған рөлінің басымдылығына байланысты Алтын Орда кейбір шығыс және батыс деректерінде Қыпшақ мемлекеті атанды.

Көшпелі халықтарда соғысты жүргізудің, бүкіл әскермен айқас өткізудің, шабуыл жасау мен шегінудің т.б. түрлі тактикалары, әдіс-тәсілдері өте көп болғанын көреміз.

Жау жеріне жорыққа аттанғанда көшпелі-лерде әскерді бірнеше топтарға бөліп, әр жер-ден шығып, белгіленген мерзімде, белгіленген жерде, жау елінің шекарасына жете жинала-тын әдіс болған. Әр жерден ағып шыққан кішкене өзендердің бір арнаға құйылып үлкен дарияға айналатыны сияқты, әр жерден, әр түстан шыққан әскер топтары бір мезгілде шекарада жиналып, жау еліне түтқиылдан ба-сып кіретін. Бүл әдісті көшпелі халықтар жау еліне түтқиылдан шабуыл жасағанда қолданды. Мұндай жағдайда жау әскері көшпелілердің көп әскерінің қай жақтан, қалай келгенін де білмей қалып, тойтарыс беруге дайындалып та үлгермейтін. Көшпелі түркі-монғол халықтарының әскери өнерін зерттеген орыс генералы М. И. Иванин 19 ғасырда жазған өз еңбегінде бүл әдісті орыс жеріне шабуыл жасағанда Қырым татарларының әскері де қолданғанын жазады. Қырым татарлары аздаған топтармен әр жерлерден шығып, келісілген мерзімде орыс шекарасына жақындағанда бір жерде жиналып, үлкен әскер күшіне айналып, орыс жеріне шабуыл жасайтын. Кейін шегінгенде де осы әдіспен бытырай шашыла шегініп өз жеріне жеткенде қайта жиналған. Орыс шекара күзеттері бұл жағдайда тойтарыс та жасай алмай, көмек сұрап орталыққа да хабарлап үлгермейтін.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 12. Қазақтардың дәстүрлі әскери ұйымдасуы

Қазақтың әскери өнері сонау көне замандарда өмір сүрген сақ, ғұн тайпаларының әскери өнерімен сабақтасып жатыр. Ата-бабаларымыз жаугершілік замандарда әскери өнерді жан-жақты дамытып, оны биік шыңға көтерді. Соның арқасында біздер ұлан-байтақ даланың қожасы болып отырмыз. Қазақтың батырлары соғыс өнерін ХІХ ғасырға дейін сақтап келгені белгілі. Жазба деректермен мұқият танысқан адам қазақтың соғыс өнері сонау сақ, ғұн және Шыңғыс хан заманы мен Алтын Орда дәуірімен тығыз сабақтасып жатқанын байқайды. Соғыс өнері туралы сөз қозғағанда қазақтар әскерін қанша құрылымға бөлінгенін айтуымыз керек. Жазба деректерге көз салсақ, көшпенділер әскерін орталық, оң қанат және сол қанат деп үш бөлікке бөлгенін байқаймыз. Бұл дәстүр қазақ хандығы дәуірінде де сақталды. Елдің негізін құрайтын ру, тайпалардың шығарған жасақ осы екі қанатқа теңдей бөлінсе, ханның маңайында топтасқан арнайы гвардия орталық шепті құрады. Жорыққа шыққанда әскердің алдында соғыс өнерін жетік меңгерген батыр-сарбаздардан құралған ереуіл топ жүріп отырған. Мұны қазіргі тілмен айтсақ, авангардтық бөлім деп атауға болады. Ереуіл тобының өзінің мақсат-міндеті болған. Олар жау тылына барлау жасау, алғашқы әскери қарсылықты қабылдау сынды жауапты міндеттер атқарып отырды.

Сарбаздар темірдей тәртіпке бағынған. Сондай-ақ қазақтар өзіне дейінгі көшпенділердің соғыс өнерін сақтаушы, дамытушы мирасқоры бола білді. Қазақ батырлары әскери шеп құруда жер жағдайын, әскер күшін есепке алып, жасақтарды күшейтіп отырған. Қытайдың көне жылнамаларында ғұндар мен қытайлардың арасындағы шайқас жайында жазылады. Сонда қытайдың тарихшылары ғұн әскері төрт бөлікке бөлінгенін, әр бөліктің сарбаздарды мінген аттарының түсіне қарап ажыратуға болатынын айтады. Қазақтардың әскері ереуіл, маңдай, оң және сол қанат, өкше деген топтарға бөлініп ұрыс салған. Әскердің өкше бөлігінде шоғырланған сарбаздар әскердің тылын қорғап тұрды. Осы ретте тұтас қазақ әскері осындай бөлікке бөлінді деген ой тумауы керек. Айталық, 5 мың адамнан тұратын әскерлер осылай бөлініп, жауға қарсы шапса, тағы басқа аймақтағы әскердің легі осындай тәртіппен жауға қырғидай тиген. Мұндай шеп пен бөлікке бөлу тәртібі жасақтардың санына тікелей байланысты болғанын айта кетуіміз керек. Бұдан басқа әскердің әрбір бөлігінде бұқтырма деп аталатын арнайы жасақ тобы болған. Олар әскердің күші сарқылған сәтте қиқулап келіп, жаудың бүйіріне найзадай қадалатын. Ал көне түрік тіліндегі ереуіл жасақтарын орыстар «ертаул» деп сол қалпында атаса, бұқтырманы «засада» деп өз тілдеріне аударып алған. Көшпенділерді осындай әскери шеп құру тәсілі майдан даласында әбден сыналғандықтан, оны өзге елдер де өздерінің соғыс өнерінде пайдаланған. Сондықтан осындай бай әскери тәжірибені бойына сіңірген қазақ әскері ұлан-байтақ даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен уысында ұстап тұрды.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 13. Қазақ қоғамындағы батырлар институты

Көшпелі халықтарда да айқастар көбіне батырлар жекпе-жегімен басталатын. Көшпелі түркі-монғол халықтарының батырлық эпостары да жекпе-жек айқастарды суреттейтін сюжеттерге толы. Батырлар жекпе-жегінің мақсаттары - аз қантөгіспен, тәжірибелі кәсіби жауынгерлердін жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешу, айқас алдында жауға күш көрсету, жаудың басты батырларын құрту, екі жақтың батыр-ларының күшін сынасуы. Бір жақтың батырлары өте басым түскен жағдайда қарсы жақ кейде соғысты жалғастырмай, кері шегініп кететіні де болады. Жекпе-жекке қатысу - батырлардың жауынгерлік борышы. Жекпе-жекте жау батырын жеңу батырлардын атағын шығарып, дәрежесін өсіретіндіктен оған қатысу аброй да саналған. Жеңімпаз батырлар әскердін, елдің үранына айналып, жекпе-жек айқастарда қаза болғандардың есімдері өзі шейіт болған жерлерге қойылып, елі үшін жанын пида қылған ерлер есімі кейінге сақталып қалатын.

Айқас алдында батырлар жекпе-жегін өткізу қазақтарда 19-ғасырға дейін сақталып келді. Ақтабан шұбырынды кезінде қазақ пен қалмақ батырларының жеке айқастары тарихи жырларда айтылады. Кенесарынын қырғыздармен соғысында да қазақ-қырғыз батырларының жекпе-жегі өтіп отырған.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]

Тақырып 14. Қазақ-жоңғар соғыстары және оның нәтижелері

Қазақ-жоңғар соғыстары – Қазақ хандығы құрылған кезден бастап, 18-ғасырдың 50-жылдарына дейін созылған шапқыншылықтар. 15-ғасырдың 50-жылдары ойраттардың қалмақ тайпасының билеушісі Үз-Темір тайшы Түркістанды, Ташкентті басып алды. 16-ғасырда ойраттардың шабуылдары жиілей түсті. 16-ғасырдың екінші жартысында Ақназар хан тұсында қазақ әскері ойраттарға тойтарыс беріп, үлкен жеңістерге қол жеткізді. Тәуекел хан билік еткен тұста да қазақ жасақтары жау әскеріне қарсы күйрете соққы берген. 1594 жылдың басында Мәскеуде болған Тәуекел ханның елшісі Құлмұхаммед ханның інісі Шах-Мұхамедтің қалмақтарды билейтінін айтқан. Жоңғар хандығын құрған Батыр қонтайшы 1635, 1643 – 44 және 1651 – 52 жылдары қазақ жеріне басып кірді. 1643 ж. Батыр қонтайшының туы астында елу мың жоңғар әскері Жәңгір хан (Салқам Жәңгір) бастаған қазақ жасағына қарсы ірі жорық ұйымдастырды. Жәңгір хан бастаған 600 ғана қазақ әскері (кейбір зерттеушілер, бұл мылтықпен қаруланған сарбаздар саны, ал қазақ әскерлері бұдан әлдеқайда көп болған деп есептейді) қорғаныс ұйымдастырып, жедел көмекке келген Жалаңтөс баһадүр сарбаздарымен тізе қосып, жау шабуылын тойтарды. 1681 – 84 ж. қалмақ қонтайшысы Севан Рабдан қазақ жеріне басып кірді. Қазақ ханы Тәуке жеңіліске ұшырап, ойраттар Сайран қаласын талан-таражға салды.

1690 – 97 ж. болған ойрат-қытай соғыстары Жоңғар хандығы әскерлерінің бір бөлігін оңтүстік майданға кетуге мәжбүр етіп, олардың қазақ жеріне шабуылдарының қарқынын біршама бәсеңдетті. Осыны пайдаланып Тәуке хан 1698 ж. ойраттарға да, Еділ қалмақтарына да күйрете соққы берді. 1708 ж. жоңғарлардың жаңа шабуылы басталды. 1710 ж. Үш жүздің басын қосқан Қарақұм жиыны өтіп, 1711 – 12 ж. Қазақ хандығының елу мың әскері Жоңғар хандығына басып кірді. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Севан Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына бағыттады. 1723 ж. Севан Рабданның жүз мың адамдық жасағын бастаған оның балалары Қалдан Серен мен Шоно қазақ ауылдарына басып кіріп, ойран салды. Мұндай қанды жорықтар 1723 – 27 ж. аралығында тағы да бірнеше рет қайталанды. Бұл тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалған ел басына күн туған ауыр кезең еді. Жоңғар шапқыншылығы қазақтар мен оған көршілес жатқан Орта Азия халықтарының шаруашылығына ауыр зардаптарын тигізді. 1726 ж. Ордабасыда өткен жиында Әбілқайыр хан бас қолбасшылыққа тағайындалып, үш жүз жасақтары 1728 жылдан бастап жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресін бастады. 1738 – 41 ж. қолбасшы Сары Манжаның отыз мыңдық әскерінің шабуылы – ойраттардың қазақ жеріне жасаған соңғы ірі шапқыншылықтарының бірі. 1745 ж. Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін Жоңғариядағы билік үшін өзара тартыс олардың саяси жағдайын әлсіретіп жіберді. Осыны пайдаланған Абылай хан басқарған қазақ әскерлері жоңғарларға шешуші соққылар беріп, Жетісу мен Шығыс Қазақстанды қайтарып алды. 1755 – 58 ж. жоңғарлар Цин әскерлерінің шабуылынан кейін тас-талқан етіліп, дербес ел ретінде өмір сүруін тоқтатты. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін 1757 – 58 ж. Қазақ хандығы өзінің жаңа көршісі Цин империясымен соғыс жағдайында болып, кейіннен бітімге келді. Қытайлар Жоңғарияны толық жаулап алды, ал қазақтар өздерінің ежелгі ата мекені Жетісу, Тарбағатай, Алтай өңірлерін иеленіп, шығыстағы шекарасын бекітті. 1771 ж. батыста бөлініп қалған қалмақтар да Еділ – Жайық арасындағы қоныстарын тастап, қазақ жері арқылы Жоңғарияға ауды. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Сәмеке, Әбілмәмбет, Әбілқайыр сынды хандар, Абылай хан бастаған Қабанбай, Бөгембай, Баян, Наурызбай, Саурық, Бөлек, Малайсары, Шақантай, Жауғаш, Сәмен, Өтеген, Райымбек, т.б. батырлар біліктілігімен танылған тарихи тұлғалар ретінде ел жадында қалды.

Әдебиеттер: [негізгі – 1-3; қосымша – 4-23]