
- •I тарау. Патриоттық тәрбиенің маңызы
- •Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орны.
- •. Патриоттық тәрбие берудің педагогикалық негізі
- •Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолдары
- •2.1. Оқушылардың мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін тәрбиелеу
- •2.2. Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орны.
МАЗМҰНЫ
Кіріспе................................................................................................................3-4
I тарау. Патриоттық тәрбиенің маңызы
Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орны..........5-6
Патриоттық тәрбие берудің педагогикалық негізі..............................7-8
Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолдары.........................9-11
ІІ тарау. Патриоттық тәрбиенің міндеттері...................................................12-13
2.1. Оқушылардың мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін тәрбиелеу.
2.2. Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орны............14-15
2.3. Зерттеу жұмыстары...................................................................................16-17
Қорытынды.......................................................................................................18
Әдебиеттер тізімі
Қосымша
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Қазiргi кезде республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтауда тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлкен мән берiлiп отырғандығы Қазақстан Республикасы Конституциясында, Қазақстан Республикасы «Бiлiм туралы» Заңында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк «Бiлiм» бағдарламасында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң республика халқына жолдауларында, Қазақстан Республикасы тарихи сананы қалыптастыру, Қазақстан Республикасы мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамаларында, «Адам құқықтарының жалпыға бiрдей декларациясында», «Бала құқығы туралы декларацияда» және үкiметтiң құжаттарында, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ағымдағы басылым беттерiнде айқын аңғарылады. Халқымыз талай дүбірлі, дүрмекті кезеңді бастан өткізген. Сол замандарда уақыттың қойған талап - міндеттеріне сай елі ардақтаған перзенттері шығып отырған. Ал олардың ауыз әдебиетіндегі сомдалған образы ел арасында жас өскен буынды атамекенді сүюге, туған жерді сыртқы басқыншылардан қорғауға тәрбиелеуде айрықша маңызды болған.
Демек, біздің ойымызша қазақта батырлық, ерлік, дәстүрді дәріптеген туындылардың өзі жайдан жай дүниеге келмеген. Оның қоғамдық ой сана көшіне, адамдар психологиясына нақты, қыруар ықпалы болған. Сондықтан бүгіндері тілдік қорымызға берік орныққан қазақстандық патриотизмнен бұрын, ең алдымен, қазақ патриотизмнің түп тамырына бойлаған жөн. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде қазақ патриотизмін, отаншылдығын қалыптастырудың бірнеше қайнар бұл ақ - бастау көзі бар, соның бірі сөз өнеріне, оның поэтикалық пафосына, азаматтық әуен қуатына тікелей байланысты.
Атақұлдықта ел мұратын үкілеудің үрдісі. Қазақ - бауырмал халық. Бірақ сол шектен тыс бауырмалдықтын сабақ аларлықтай тағылым да аз емес, әрине. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында болған халқымыз сыртқы күштің теперішін аз тартқан жоқ. Соның салдарынан "есіктен кіріп төр менікі" дейтін пиғыл өріс алып, қазақтар өз жерінде, өз елінде қақпақылға түсіп, кемсітушіліктің небір түрін бастан кешірді. Бұл, әсіресе, кеңестік интернационализм деген саясат тұсында шебер бүркемеленіп, республиканың негізгі этносы қазақтардың рухани өрісінің кеңеюіне барынша қысым жасалды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде тарихшы М. Қойгелдиевтің пікірімен санаспауға болмайды. "Большевиктер жалпыадамзаттық гуманистік идеяны қазақ топырағына соған дейін қорланып қалған ұлтаралық мәселелерді табанды да байсалды түрде шешу арқылы емес, керісінше декреттер арқылы күштеп және тез арада енгізу жолына түсті, - деп жазады ол.- Мемлекеттік идеология дәрежесінде пәрменді түрде жүргізілген бұл әрекет өз ретінде пассионарлы ұлттық элита тарапынан қарсылыққа жолықты".
Бұл мәселе жағымды оқиға саналған "жылымық", қайта құру жылдарында да өз сабақтастығын тауып, СОКП орталық комитетінің съездері мен пленумдарының шешімдері мен қарарларында халыққа жергілікті ұйымдар арқылы танылып жатты. Ұлт араздығын тудыратын саясат интернационализмді бетке ұстап кең етек алды. Бір ұлтты басқа ұлттардан жоғары қою саясатының қате екенін КСРО - ның ыдырауы дәлелдеп шықты. Олай болса, патриоттық тәрбиенің өлшем бірлігі ұлттық мақтаныш сезімі мен қазақстандықтардың жалпы - ұлттық мақтаныш сезімі деген мәселелер туралы ой қозғағанда, міне, осы өзекті тақырыптарға айырықша назар аудару қажет.
Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің қазақтарға теріс көзқарасы болмайтындай әлеуметтік - экономикалық, саяси, рухани жағдайлар жасалуда. Қолынан келгенінше бар көмегін ұсынатын қазақтардың шектен тыс мейірбандығын, қонақжайлылығын, кең қолтықтығын өзгелердің өзінше түсініп, өзінше ойлап - пішіп, басынып, астамшылық көрсетуіне жол берілмеуі керек. Бұл заң негізінде жүзеге асырылуы керек.Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк «Бiлiм” бағдарламасында тәрбие жүйесiн жетiлдiруге байланысты алдына қойған негiзгi мақсаты — «қазақстандық патриотизм, азаматтық, iзгiлiк және жалпыадамзаттық құндылықтар идеяларының негiзiнде тәрбиеленушiнiң жеке тұлға ретiндегi сапалық қасиетiн қалыптастыру” – деп бүгiнгi ХХI жаһандану ғасырында ұлттық мәдениет пен өркениеттi өзара кiрiктiре отырып, жеке тұлға қалыптастыру көзделiп отыр.
Тақырыптың мақсаты: Қоғамның әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуді теориялық-әдiснамалық тұрғыда негiздеп, ғылыми-әдiстемемен қамтамасыз ету.
Тақырыптың міндеті: -жастар санасына патриоттық құндылықтарды, көзқарастар мен нанымдарды сіңіру, Қазақстанның бұрынғы мәдениеті мен тарихын, дәстүрін құрметтеуге, мемлекеттік, әсіресе әскери қызмет мәртебесін арттыру;
-жастардың Отанға адалдығын, қоғам мен мемлекетке лайықты қызмет етуге дайындығын, борышы мен қызметтік міндеттерін адал орындауға оңтайлы жағдайын қамтамасыз ететін әскери-патриоттық тәрбиесінің жаңа тиімді жүйесін жасау.
Зерттеудің әдістері:Философтардың, әлеуметтанушылардың,тарихшылардың, психологтардың, педагогтардың еңбектерiн талдау, салыстыру арқылы қоғамның әлеуметтiк даму жағдайында патриоттық тәрбие берудiң мүмкiндiгiн анықтау; оқушылармен тестiк жұмыстар мен сауалнамалар жүргiзу; жалпы білім беретін мектептердің, мектеп–гимназиялардың патриоттық тәрбие беруге байланысты тәжiрибесiн жинақтау, салыстыру, талдау, қорытындылау.
Практикалық жұмыстың маңызы: Ұлттық және жалпыадамзаттық тәрбие ұстанымдарын негiзге алған тәрбие жұмысын ұйымдастыру жүйесi жас ұрпақ бойындағы ұлтжандылықты, Қазақстандық және жалпыадамзаттық патриотизмді қалыптастыруға қосқан бiрден-бiр үлес болып табылады.
I тарау. Патриоттық тәрбиенің маңызы
Патриоттық тәрбие берудегі өткен тарихымыздың алар орны.
Қазақстан Республикасы - өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге дәлелдеді. Енді басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды – Отаным деп таныған әрбір азаматтың осыған өз мүмкіндігінше үлес қосуы тиіс. Осы мақсатқа жету жолында біздер мұғалімдер қауымы көп тер төгуімізге тура келеді. Ол дегеніңіз, болашақ жастар, оқушылардың бойында патриоттық сезімін ояту. Отанын, елін, жерін, Ата Заңын, Мемлекеттік Рәміздерін құрметтеуге үйрету. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу-мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы"-деген еді. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, "ұлтжандылық", отансүйгіштік", " патриотизм", ұғымдары сол заманның ақиқаты - наным - сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы - қазақстандық патриотизм болды. Патриотизм туралы идеяларды кезінде өздерінің шығармаларында қазақ даласының ойшылдары Әбу - Насыр әл - Фараби, Хас Хажиб Баласағұн, Махмұд Қашқари, жыршы - жыраулары Асан қайғы, Доспамбет жырау Қалқаманұлы, Махамбет Өтемісұлы айтқан болатын. Аталған ғұламалардың еңбектері еліміздің егемендік алуымен байланысты педагогикалық тұрғыда зерттеліп, бір жүйеге келтірілді. Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде» - дейтін еңбегіндегі мына бір тамаша ойға жүгініс жасаған дұрыс болар: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс - қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің мәселелері де, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істегені жөн». Міне, осы сөздің өзі – тұла бойы тұнған отаншылдық тәрбие міндеттері. Өз ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев шығармаларынан да байқауға болады. Балаларға патриоттық рух беретін, халық үшін қызмет етуге үндейтін, өз елін қорғау үшін керек десе, жанын қиюға дейін баруға болатынын іспен көрсететін және үстем таптың озбырлық ниеттерін айқын әшкерелеп, оған қарсы күрес жүргізуге шақыратын Махамбеттің қуаты күшті шағын өлеңдерінің балалар үшін маңызы ерекше. Махамбет балалар әдебиетінің өкілі емес, бірақ Махамбет өлеңдерінің бірсыпырасы балалар мен үлкендерге бірдей ортақ мұра. Абай халықтың болашақ жаңа қауымына, жасөспірімдерге арнап талай өлеңдер жазды, нақыл сөздер айтты. Жастарды өнер- білімге шақырды. Абай өз өлеңдерін жастарға үлгі – өнеге көрсету үшін жазатындығын алдын ала ескертіп өтеді. Білімді ұрпақ туған ұлт – халық үшін қызмет етсін дегенді басты міндет етіп қояды. Абай өз қызметін Отан мен халық алдындағы борышым деп түсінді. Оның шығармалары Қазақстан тағдырына деген, оның бостандық сүйгіш халқының болашағына деген қамқорлықпен айшықталған. Оның патриотизмі туған ел табиғатына, мәдениетіне, тіліне, озық дәстүрлері мен ұлттық мінезінің жақсы жақтарына деген сүйіспеншілігінен көрініс тапты. Ыбырай атамыз да бар үмітін жас ұрпаққа артты. Ыбырай атамыздың соңында қалған мұрасының жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісіне тигізетін әсері зор. Өйткені патриотизм қашанда, қандай қоғамда да өзінің әлеуметтік мәнін, маңызын жоғалтпайтын ұғым. Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын, тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл ғұмырына жалғасып жатады. Ұрпағымызды кеудесінде намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі ұрпақ етіп өсіргіміз келсе, бар назарды келешек ұрпақ тәрбиесіне аударуымыз қажет. Қазіргі білімнің болашағы мол факторларының бірі – патриоттық тәрбие.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік білім құжаттарында маңызды орынды патриотизм, патриоттық тәрбиеге береді. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары өзінің «қазақстандық» екенін мақтанатындай етіп тәрбиелеу үшін педагогика, халық педагогикасына сүйену қажет екенін айтады.
Патриоттық тәрбиенің мазмұны мынадай қасиетті қалыптастыруды көздейді: Отанын сүю және азаматтығын мақтан тұту; өз отанының болашағы үшін, мамандығы үшін қызмет ету, ана тілін жетік меңгеріп сүйе білу халқының салт – дәсүрін, ерекшеліктерін білу, дінге, тарихи мұраларға құрметпен қарау, өз отандастарына, сондай – ақ басқа ұлт өкілдеріне адамгершілік көзқарас білдіру.
Қазақстандық отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, елдегі барлық халықтарды достық қатынасқа тәрбиелеу аса маңызды міндет. Қазір Қазақстан Республикасы – тәуелсіз мемлекет. Мектеп оқушылары арасында жүргізілген жұмыстарымызда, сабақтарда оларды қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеуге ерекше мән беруіміз керек. Ал қазақ жастарын отаншылдыққа тәрбиелеуге үлкен міндеттер жүктеледі. Өйткені, Қазақстанның байырғы тұрақты халқы – қазақтар, жердің де, елдің де негізгі, түпкі иесі солар. Сондықтан да алдымен қазақ жастарын отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ерекше маңызды.