Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
билет этнопед.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
469.5 Кб
Скачать

. Қазақстан Республикасындағы ұлттық тәлім-тәрбие

1. Егемендi Қазақстан Республикасында ұлттық тәлiм-тәрбиенiң қайта жандануы.

2. 1986 жылғы студенттердің саяси көтерілісі.

1980 жылдардың басында бұрынғы Кеңестер Одағында демократия мен қайта құру принципiнiң өркен жаюымен баланысты Қазақстанның мәдени өмiрiнде де бiршама өзгерiстер пайда болды.

Бұрынғы Сталиндiк тоталитарлық саясаттың жазықсыз құрбаны болған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов,Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, М.Тынышбаев, М.Шоқай т.б. ондаған қазақ зиялылары ақталып, еңбектерi баспа арқылы қайта жарық көре бастады. Олардың ұлттық идеялары жайында ондаған зерттеу еңбектерi жарияланды. Баспасөз, теледидар, радио арқылы ғылыми мақалалар мен хабарлар берiлiп, қазақ зиялыларының халқы үшiн еткен еңбектерi кең көлемде марапатталды.

Жастар ұлы орысшылдық отарлау саясатының iшкi мәнiн терең түсiнiп, саяси көзқарастары ояна бастады.

1986 ж. желтоқсанда болған студенттердiң саяси толқуы осы ұлттық сана-сезiмiнiң оянуының куәсi болды.

Оның әсерi бертiн келе қоғамның барлық салаларын қамтыды. Қазақ мектептерiндегi проблемалар туралы көптеген ұсыныс пiкiрлер қалыптасты. Халық педагогикасын оқу-тәрбие жұмыстарына енгiзудiң аса қажеттiгi туралы баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiрiп, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ә.Табылдиев, М.Балтабаев, Қ.Бөлеев, С.Ұзақбаева, Т.Сабыров, М. Құрсабаев, М.Оразаев, М.Смайылова және басқа ғалымдар өз үлестерiн қосты.

Кеңес Одағының құрамына енген Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасы 1991 жылдың 16 желтоқсанында өз тәуелсiздiгiн ресми түрде жариялап, егемен мемлекет болды.

Тәуелсiздiктiң әсерi қоғам дамуының барлық салаларын қамтып, жаңаша мазмұнды, әлемдегi озық тәжiрибелерге негiзделген жүйенiң қалыптасуына зор ықпал еттi.

Қазақ халқының тарихына, мәдениетiне, дүниетанымына, ұлттық қасиеттерiне қатысы бар, бұрын-соңды жарияланбаған, немесе саясатқа қайшы деп кезiнде жауып тасталған туындылар мен шығармалардың бетi ашылды. Ұлттық сана-сезiм қайта жаңғырып, жаңаша рухани көтерiлу процесi басталды. Бiлiм беру мен тәрбие мәселелерiне көзқарастар мен талаптар өзгердi, нәтижесiнде жаңа идеялар дүниеге келдi.

Халық педагогикасы мен психологиясын оқу-тәрбие жұмыстарына енгiзу жолдарын ғылыми тұрғыда белгiлеу мақсатында жергiлiктi жерлерде әр түрлi бағыттарда семинарлар-мәжiлiстер, пiкiр алмасу iс-шаралары, сондай-ақ мұғалiм-ұстаздардың заман талаптарына сәйкес бiлiмдерiн жетiлдiру мәселелерi қызу қолға алынды.

Мектеп, мектептен тыс мекемелер, балабақшалар мен арнаулы орта және жоғары оқу орындарында ескi педагогикалық тәжiрибелердiң орнына жаңаша, ұлттық тәлiм-тәрбиенiң қағидаларына негiзделiп жазылған “Қазақтың салт-дәстүрлерi” (М. Смайылова, М. Оразаев), “Қазақтың тәлiм-тәрбие тарихы” (Қ. Жарықбаев, С. Қалиев), “Ата-мекен” (М. Құрсабаев), “Елiм-ай” (М. Балтабаев), музыкалы-этнографиялық, “Кәусар бұлақ” (3. Ахметова), “Бал бөбек” (Б. Баймұратова, М. Сөтiмбекова) және басқа да көптеген ғылыми-тәлiмдiк бағдарламалар басылып шығып, оқу-тәрбие жұмыстарына енгiзiле бастады.

Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi 1993 жылы “Тәлiм-тәрбие тұжырымдамасы” атты көлемдi құжат қабылдады. Тұңғыш “Қазақтың салт-дәстүрлерi” атты оқулық (авт. С.Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев) 1994 ж. басылып шықты.

Мектеп және оқу орындарына көмекшi құрал ретiнде үлкен маңызын тигiзетiн ғылыми-тәлiмдiк зерттеу жұмыстары, тарих, мәдениет, философия, социология, психология проблемаларына арналған оқулықтар, әдiстемелiк нұсқаулар көптеп шығарылуда. 1995 жылы “Санат” баспасынан профессор Қ.Б.Жарықбаев пен педагогика ғылымының докторы С. Қалиевтың студенттер мен орта мектеп мұғалiмдерiне арнап жазған “Қазақ тәлiм-тәрбиесi” атты оқулығы шықты.

1994—1995 ж.ж. “Рауан” баспасынан Қазақтың Бiлiм проблемалары институты даярлаған 14 ғасырды қамтитын “Қазақтың тәлiмдiк ой-пiкiрлер антологиясының” (құрастырушылар: Қ.Жарықбаев, С.Қалиев) орысша-қазақша томдары жарық көрдi.

Әр облыс, республика орталықтарында қазақ этнопедагогикасының проблемаларына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткiзiлiп, орта мектептер мен арнайы орат және жоғары оқу орындарына арналған ұлттық мәдениет пен әлемдiк өркениет үлгiлерiне негiзделген монографиялар мен оқулықтар жазыла бастады.

Қазақ этнопедагогикасының проблемаларын зерттеу iстерi батыл қолға алынды. Соның нәтижесiнде соңғы 15 жылда этнопедагогиканың проблемалары бойынша он шақты докторлық, жүзге тарта кандидаттық дисертациялар қорғалды.

Жалпы бiлiм беретiн орта мектептерде халық педагогикасы факультатив ретiнде оқытылса, ал арнаулы орта және жоғарғы оқу орындарында этнопедагогика, этнопсихология пәндерi өтiлетiн болды.

 

Этнопедагогикалық түсiнiктерге ғылыми анықтамалар

 

Жоспар:

 

1. Этнопедагогиканың зерттеу объектісі.

2. «Халық педагогикасы» ұғымын зерттеушілер.

3. «Этнопедагогика» ұғымын зерттеушілер.

Этнопедагогика мен халық педагогикасы деген ұғымдар бiр ме? Болмаса олардың өзiндiк ерекшелiктерi, ғылыми анықтамасы бар ма? Бар болса, ол қандай? Этнопедагогиканың зерттеу объектiсi не? Ендi осы мөселелерге арнайы тоқталайық.

Тарихи-педагогикалық әдебиеттерде соңғы уақытта “Халық педагогикасы” деген ұғымды зерттеушiлер бiр-бiрiне қарама-қайшы төрт тұрғыдан қарастырып жүр (65,). Олардың бiрiншiлерi: халықтың санасына тән рухани құбылыс (феномен) деп қараса, екiншiлерi: әр халықтың педагогикалық тәжiрибесi, ал үшiншiлерi: халықтық педагогикалық ойлары мен iс-әрекетiнiң бiрлiгi, төртiншiлерi: халық тәрбиесi туралы ғылым деп қарайды.

Халық педагогикасының теориялық негiздерiн зерттеушi ғалым Е.Л.Христова халық педагогикасын — “халықтың таптық педагогикалық санасы” деп, ал “дәстүрлi педагогиканы — белгiлi ұлттық педагогиканың санасы” (85, 14) ретiнде қарастырады.

Зерттеушi педагог Г.С.Виноградов халық педагогикасын халықтың педагогикалық мәдениетiнiң құрамдас бөлiгi ретiнде қарастырып, оны “жүйе” дегеннен гөрi, “бiлiм мен дағдылар жиынтығы” (18, 21) деген пiкiрдi құптап келдi. Виноградовтың пiкiрi бойынша, халық педагогикасын халықтың бала тәрбиелеу тәжiрибесi ретiнде қарастыру қажет.

Халық педагогикасымен ұзақ жылдар бойы айналысып, келелi үлес қосқан көрнектi ғалым Г.Н.Волков педагогикалық әдебиеттерге тұңғыш рет “этнопедагогика” деген ұғымды енгiздi. “Этнопедагогика — халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжiрибесi туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы ғылым. Халық педагогикасы — халықтық ауыз әдебиетiнде, салт-дәстүрлерiнде, ырымдарында, балалар ойындары мен ойыншықтарында кездесетiн педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжiрибесiнiң жиынтығы. Этникалық педагогика тарихи жағдайда қалыптасқан ұлттық мiнездегi ерекшелiктердi зерттейдi. Онда — халыққа қажеттi қасиеттердi қалыптастыру үшiн пайдаланылатын педагогикалық мақсаттың, мiндеттердiң, әдiс-құралдардың, тәсiлдердiң жиынтығы мен өзара байланысы қарастырылады” дей келе, оның зерттеу тақырыбы — тәрбие, ал тәрбие объектiсi — адам, тұлға”,— дейдi Г.Н.Волков (16, 16).

Ал педагог және философ ғалым Г.Н.Филоновтың анықтамасы бойынша: “Халық педагогикасы — жергiлiктi халықтың қабылдаған тәрбиелеу әдiс-тәсiлдерi. Бұлар ұрпақтан-ұрпаққа өмiр барысында бiлiм мен дағдылар арқылы жалғасып отырады. Халық педагогикасы қоғамдық тәжiрибенiң, мiнез-құлық, жүрiс-тұрыс ережелерiнiң, қоғамдық дәстүрлердiң, белгiлi идеологияның жалғасуын бағыттап отырады. Халық педагогикасы моральдық заңдар мен салттарда көрiнiс табады” (36, 16) дейдi.

Педагогикалык энциклопедиялық сөздiкте: “Халық педагогикасы дегенiмiз — ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесiндегi ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерiнiң, мәдени ойлау процесiнiң эмпирикалық негiздегi озық үлгiлерiнiң жиынтығы. Халық педагогикасының негiзгi түйiнi — еңбек тәрбиесi және өндiрiстiк бiлiм, дағды, шеберлiктердi жас ұрпақтың бойына дарытып, адамгершiлiк, имандылық рухында тәрбие беру” (65, 291),— деген анықтама берiлген. Бiз осы анықтаманы ғылыми дұрыс анықтама деп санаймыз.

Ал академик А.К.Конның басшылығымен 1983 ж. “Педагогика” баспасынан шыққан этикалық сөздiкте “әдет-ғұрып дегенiмiз белгiлi бiр қоғамда немесе коллективте белгiлi бiр тарихи жағдайға байланысты адамдар арасында қалыптасқан коғамдық тәртiптiң түрi. Ол әлеуметтiк өмiрдiң әр түрлiлiгiне және күрделiлiгiне қарамастан, белгiлi ұқсастық жағдайда адамдардың бiркелкi әрекет етуiн қалайды. Яғни бiр қоғам iшiндегi адамдардың еңбек ету тәсiлдерi мен әдiстерiнiң жалпыға ортақ болуын, отардың саяси-қоғамдық iс-әрекетiнiң және күнделiктi тұрмыстағы қарым-катынасында немесе көзқарасында бiрыңғайлылық әрекеттiң болуын талап етедi. Осының бәрi әдет-ғұрыптың, салттың жиынтық көрiнiсi болып табылады,”— деп тұжырымдаса, ал “дәстүр дегенiмiз – әдет-ғұрыптың өмiрдегi өсiп жетiлген әр түрлi формасы. Ол адамдардың белгiлi бiр бағыттағы тұрақты iс-әрекетi мен мiнез-құлқының ұрпақтан-ұрпаққа белгiлi формада ауысып берiлетiн түрi” (47, 425),— деген анықтама бередi.

 

4.1. Халық педагогикасының негізгі қағидалары

 

Жоспар:

 

1. Ақылды, намысқор, арлы, өміршең азамат тәрбиелеу.

2. Еңбек сүйгіш, елгезек азамат тәрбиелеу.

3. Халық педагогикасының өзекті мәселелері.

 

Тәрбиенiң негiзгi қағидаларының (принциптерi) болуы занды құбылыс. Халық педагогикасының негiзгi қағидаларын арнайы сөз етсек, олар мыналар демекпiз:

1. Келер ұрпақтың ақылды, намысқор, арлы, өмiршең азамат болуын тiлеу.

Жас нәрестенiң дүниеге келуi ата-ана, ағайын-туыс, қауым-көпшiлiкке зор қуаныш әкелумен бiрге, борыш та жүктей келедi. Дәлiрек айтсақ ұрпақты тәрбиелейтiн халық мектебiнiң есiгi сәбидiң алғаш дүниеге келген күнiнен бастап айқара ашылады. Ол белгiлi мақсат-тiлекпен байланысты туындайды.

Отбасы үлкендерiнiң бәрi жаңа туған жас баланы отанның, елдiң асыл азаматы болуын аңсап армандайды. Өнегелi үлкендерге ұқсасын деп, дарынды, өнерлi, ақылды ақсақалдарға баланың аузына түкiртiп, азан шақыртып, атын қойғызады. “Ақылын, жасын берсiн” деп, жаңа туған нәрестенi қарияның шапанының етегiне орайды. Ұрпағы өскен қадiрлi анаға кiндiгiн кестiредi, бесiкке салдырады, қырқынан шығарту ырымдарын жасатады, тұсауын кескiзедi. Үлкендерден бата алғызады. Халықтың балаға арналған ырым, бата-тiлектерiнде келешектен күткен үлкен үмiт, аңсау арман бар. Тәрбиенiң алғашқы қағидасы ата-ананың аңсау арманымен, баладан күтер үмiтiмен үндесiп жатыр.

2. Баланы жастайынан еңбек сүйгiш,  елгезек азамат етiп тәрбиелеу көзделген.  Ол бесiк жырлары мен тұсау кесер жырларынан, бата, тiлек, терме өлеңдерден өзектi орын алған. Еңбек қағидаларын жастардың бойына сiңiру отбасындағы еңбектiң қарапайым түрлерiнен басталып, қоғамдық   маңызды   iстермен ұштасқан. Ұл баланы қозы, лақ қайтаруға, отын-су әзiрлеуге, мал өнiмдерiнен тұрмысқа қажеттi құрал-жабдық (қамшы, шiдер, жүген өру, терi илеу, қару-жарақ т.б.) жасауға әзiрлеу, қора салу, киiз үйдiң ағашын iстеу, ұсталық, зергерлiк өнерге үйрету т.б. көзделсе, ал қыз балаларды ыдыс-аяқ жуу, үй сыпыру, шай қою, төсек жинау, кесте, өрмек тоқу, ас пiсiру, бала күту, қонақ күту т.б. үйреткен.

3. Халық педагогикасында  “Бiрiншi байлық  — денсаулық” деген  ұғым өзектi орын алған. “Денi саудың жаны сау”, “Ас адамның арқауы”, “Ауру астан” деп   рухани,   материалдық   байлықтың   негiзiн   жеке   бастың,   яғни   тәннiң саулығына байланысты қарастырған. Баланы туған күннен бастап тұзды сумен шомылдыру,  маймен сылау, дене күтiмiне ерекше  мән берiп шынықтыру, мерзiмiнде жақсы ас берiп тамақтандыру мен ұйықтатудың бәрi тән саулығы үшiн жасалған әрекеттер.

4. Халық педагогикасында адамгершiлiк қасиеттердi баланың   бойына дарыту, iзгiлiкке, имандылыққа, адалдыққа тәрбиелеу, ар-ожданды қастерлеу басты қағида болып есептелген. “Жаным — арымның садағасы” деп,  арды адамгершiлiк қасиетiнiң үлгiсi санаған.

5. Гуманизм мен патриотизм — халықтық тәрбиенiң басты қағидаларының бiрi. “Отан от басынан  басталады” деп ұққан ата-бабамыз   от   басының, ананың,  рудың,  отанның намысын қорғауды,  қарттарға,  ауру, кемтарларға көмектесудi, басқа ұлт өкiлдерiн сыйлауды отбасы тәрбиесiнiң өзектi принципi деп бағалаған. “Атаның баласы болма, адамның баласы бол”, “Жақсы – көпке ортақ”, “Ел үшiн еңбек ет, халқын сүйген   қор болмайды” деген өсиет тәрбиеден өзектi орын алған.

6.        Елдi,   жердi   қорғайтын,    еңбек   ете алатын  азамат   болу үшiн дененi шынықтыру қажет. Халық педагогикасында “Шынықсаң шымыр боласың” деп ой қорытқан ата-бабамыз ұлттық ойынға жаттықтырып   үйрету  (аударыс, күрес, теңге алу, қыз қуу т.б.) арқылы дене тәрбиесiне баса көңiл бөлген.

Халық педагогикасының ”Сегiз қырлы, бiр сырлы”, “Толық адам” тәрбиелеу қағидалары

1

2

3

4

5

6

7

8

Ақылды, арлы, намысқой азамат болуын қарас-тыру

 

 

Еңбек-сүйгiш, елгезек етiп тәрбие-леу

Тән сұлулы-ғын қарас-тыру, әсем-дiкке баулу

Адамгер-шiлiк

қасиет-

терге (iзгiлiкке, иманды-лыққа, қайырым-дылық

қа, адалдық-қа т.б.) тәрбие-леу

Отан-сүйгiш-тiкке,

Ұлтжан-дылыққа бү-кiл адам баласын сүю-ге тәрбиелеу

“Жiгiтке жетпiс өнер аз”, “Өнер өрге сүйрейдi” деп қарап, өнер мен бiлiмдi насихаттау

 

Табиғатты, қоршаған ортаны аялауға, әсемдiкке тәрбиелеу

Дененi шынықтыруға тәрбиелеу

 

7. Тiршiлiктiң тұтқасы, өмiрдiң шамшырағы өнер мен бiлiм деп түсiнген халқымыз жастарға “Өнерлi өлмейдi”, “Бiлегi жуан бiрдi жығады, бiлiмi жуан мыңды жығады”, “Бiлiм таусылмас кен, өнер өлмес мұра” дегендi насихаттап ертегi, өлең-жыр, мақал-мәтел, аңыз әңгiмелер ұсынған.

8. Адам өмiрi мәңгi табиғат құшағында өтетiн болғандықтан, ата-бабамыз өз ұрпағын ағаш бесiктен жер бесiкке жеткеншетабиғи ортаны  аялауға, әсемдiкке тәрбиелеп келген. Ол туралы әлденеше жұмбақ, өлең-жыр, ертегi, аңыздар шығарған.

Мұның бәрi сайып келгенде “Сегiз қырлы, бiр сырлы” еңбексүйгiш, арлы азамат тәрбиелеуден туған халықтық қағидаға негiзделген.

“Сегiз қырлы, бiр сырлы” азамат тәрбиелеудiң ұстанымдары барлық халықта бар, ортақ талап. Мысалы, орыстар ондай адамды “Кiшкене болса да өнегелi, ақылды”, “Ақылды да сүйкiмдi”, “Қайырымды жiгiт” деп санаса, таулықтар “Нағыз жiгiт” деп атайды. Ал чукчалар “Адал өмiр сүретiн азамат” дейдi. Ол теңiзде жүзгiш, соғыста батыр, ғылымда терең ойлы, билiкте-әдiл, еңбекте-шебер, өмiрде бiрлiкшiл, сөзде – шешен, атыста – мерген, шет жерде отаншыл, бауырмал деген қасиеттер бойында бар азаматтар.

Өзбектер қайырымды, iзгi жүректi адамды “иманжүздi, құдайы бар азамат” дейдi.

Ал қазақта сегiз қырлы азамат дегендер: еңбек сүйгiш, бауырмал, батыр, өнерлi, өнегелi, шыншыл, әдiл, адал болу дегендi бiлдiредi.

“Сегiз   қырлы,   бiр сырлы”, жан-жақты жетiлген азамат етiп тәрбиелеу үшiн бар мүмкiндiктi сарқа пайдаланған.