Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ezh-khand_dau-_umkd.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
950.27 Кб
Скачать

6. Дәріс кешені

1-2-дәріс. Түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиет. Орхон жазуындағы жәдігерліктер.( VI- IX ғасырлар). «Күлтегін» жыры, көркемдік ерекшеліктері

Оқыту мақсаты: Түркі тілдес халықтардың әдебиет тарихының жүйеленуі. Ежелгі ажзба жәдігерліктерін қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр тұрғысынан зерттеу ісінің қолға алынуы. Ежелгі түркілердің мәдениет үлгілері. Ұлы Жібек жолының тарихи-әдеби маңыздылығы. Сақтардың қаһармандық дастандары. Аңызға айналған тарихи тұлғалар туралы аңыздар төркіні. Тұмар патшайым, Шырақ батырдың ерліктері. ҮІІІ-ІХ ғасырлардағы түркі жазба жәдігерліктері. Орхон-Енисей ескерткіштерінің зерттелуі, жинақталуы. Түркі қағанатындағы елдік мәселесінің өткір қойылуы. Тарихи-әлеуметтік жағдай. Күлтегін жырының басты идеясы- Күлтегіннің батырлығын дәріптеу екендігін ашып көрсету.

Негізгі ұғымдар: Руна жазуы,«Тоныкөк»дастаны, композициялық құрылысы, қаған, Иоллығтегін, Елтеріс, Білге қағандар, кіші жазу, үлкен жазу, эпос, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1. Алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі қазіргі Қазақстан мен Орта Азияны, Алтай өңірін мекен еткен ру-тайпалар, ұлыстар туралы тарихи деректер.

2. Ұлы Жібек жолының маңызы. Ұлы Жібек жолындағы қалалар.

3. Сақтардың мәдениеті, қаһармандық дастандары.

4. Ғұндардың батырлық жырлары.Ежелгі түрік таңбалары. Көне жазу-сызулар.

5. Ежелгі түркі әріптері. Орхон, руна жазулары.

6. «Күлтегін» жазуының тарихи маңыздылығы, көркемдік ерекшеліктері.

7. Күлтегін жыры және қазақ эпосы.

Б.д.д. І мыңжылдықтың бас кезінде Оңтүстік және Шығыс Қазақстан жерінде мекен еткен сақ тайпалары қоғамдық даму жағынан мемлекеттік құрылыс сатысына таяп қалған еді. Оларда мал өсіру, егіншілікпен қатар, темірді өңдеу ісі де дамыды. Қазіргі Қазақстан жерінде сақтардан кейін жасаған алғашқы тайпа бірлестіктер-үйсіндер мен қаңлылар. Олар батыста Шу мен Талас өзендері, шығыста Тянь-Шань таулары, солтүстігінде Балқаш көлі, оңтүстігінде Ыстықкөлге дейінгі өлкені алып жатты. Б.д. І ғасырында ғұндар Арал мен Каспий маңында өмір сүрген, олардың әуелгі таптық қоғамның қалыптасуына ықпалы күшті болды. Кейін олар Шығыс және Орталық Европаға басып кірді.

Орталық Азия мен Қазақстан территориясында бірте-бірте феодальдық-патриархальдық қатынастар қалыптасып, ежелгі феодальдық мемлекеттер құрыла бастады. Орталық Азиядағы көптеген тайпалық одақтардың бірігуінен пайда болған ежелгі феодальдық мемлекеттің бірі- Түркі қағанаты (552-795жж.). Түркілердің алғашқы көсемі Бумын қаған болды. Ол билік жүргізген кезде көптеген көрші елдер түркі үкіметіне бағынды. Қағандықтың ордасы Орхон өзенінің жоғары сағасында болды. Бумынның інісі Истеми қаған ҮІ ғасырдың орта кезінде Орта Азиядағы эфталиттер мемлекетін күйрете жеңді. Түркі қағандығының территориясы бұрынғыдан да ұлғайып, әскери қуаты арта түсті.

Бірақ ол ұзаққа созылмады. Ел билеушілері жаулап алған жерлерді жеке-жеке бөліп алып, дербес басқаруға тырысты. Саяси дағдарыс туып, билікке таласқан өзара соғыстар басталды. Ақырында түркі қағандығы бір-бірімен жауласқан екі қағандыққа бөлініп кетті: Шығыс түркі қағандығы және Батыс түркі қағандығы.

Батыс түркі қағандығы-631 жылы құрылған ежелгі феодальдық мемлекет. Ол Жетісу мен Шығыс Түркістанды, Тянь-Шаньнның батыс беткейі мен Орта Азияны алып жатты. Орталығы Шу алқабындағы Суяб қаласы болды. Негізін қалаған Истеми қаған болды. Түркілер 558 жылы аварларды батысқа ығыстырып, Еділ мен Жайық бойын өзіне қаратып алды. Білге қаған мен оның інісі Күлтегін осы ұлан-ғайыр қағанаттың тәуелсіздігін Тан империясынан қорғау үшін күресті. Кезінде Батыс түркі қағандығын құрған түрлі тайпалар қазақ халқының құрамына енді.

Батыс қағандығынан кейін Жетісу өңірінде құрылған феодальдық мемлекет – Түркеш қағанаты (704-766 жж.) болды. Одан кейін Қарлұқ қағанаты ( 766-904 жж.) өмірге келді. Ол Жетісу мен Қашқардан бастап, Ферғана мен Сырдың орта ағысына дейінгі өңірге билік жүргізді. Сырдың орта және төменгі ағысында және соған жақын Батыс Қазақстан жерінде Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғғ.) болды, астанасы Янчикент қаласы.

Түркі мұсылмандарының алғашқы феодальдық мемлекеті – Қарахан мемлекеті (940-1212 жж.). Батыс Амудария мен Сырдың төменгі ағысынан бастап, Шығыс Жетісу мен Қашқарға дейінгі өлкені екі ғасыр биледі, орталығы Баласағұн қаласы болды.

Тіл мен жазу. Б.д.д. І мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан далаларын мекендеген сақ тайпаларының солтүстік тобы түркі тілдес, оңтүстік тобы иран тілдес болды. Түркі қағанаты тұсында түркі тілінің өрісі барынша кеңіп, өлкедегі негізгі тілге айналды. Түркі қағанаты тарихының алғашқы кезінде-ақ көне түркі таңбаларына, ру символдарына ұқсас болып келетін түркілердің өз жазуы өмірге келді. Ол геометриялық пішіндегі 38 таңбадан тұрады. Бұл жазу түркі тілінің фонетикалық ерекшеліктерін дәл жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл жазу бертін келе тіл тарихында «руна жазуы» (скандинав тіліндегі «сыры ашылмаған құпия» дегенді білдіреді) деп аталып кетті. Өйткені, ХҮІІІ ғ. ІІ жартысында Орхон-Енисей аңғарынан табылған көне түркі жазуын көпке дейін ешкім оқи алмады. Бұл жазудың сырын 1893 жылы Дания ғалымы В. Томсен ашты.

Орыс ғалымы Н.М. Ядринцев Солтүстік Монғолиядағы Орхон, Селенга өзендерінің бойынан да осындай руна жазулары бар үлкен-үлкен құлпытастар тапты. Бұл түркі қағанаты дәуірінде Білге қаған мен оның інісі Күлтегін мен кеңесшісі Тоныкөк құрметіне қойылған ескерткіштер еді. Ежелгі түркі дәуірінің қоғамдық, әдеби, мәдени өмірін жырлаған дастандар «Күлтегін», «Білге қаған» және «Тоныкөк» жырлары деп алалады. Бұдан 1300 жылдай бұрын үлкен құлпытастарға қашап жазылған бұл әдеби ескерткіштер идеялық мазмұны жағынан да, көркемдік тұрғысынан да өте құнды дүниелер.

Зерттелуі. Руна жазба ескерткіштері туралы ХҮІІІ ғ. бас кезінде Н.К.Видзен, С.У.Ремезов, Сібірде айдауда жүрген швед офицері И.Т.Старленберг пен белгілі неміс ғалымы Н.М.Ядринцев басқарып барып, Орхон өзені аңғарынан «құпия» жазуы бар үлкен-үлкен екі ескерткіш тапты. Осы белгісіз жазудың сырын ашу үшін В.В.Радлов 1891 жылы сонда барып, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Бұл кезде Финляндия археология қоғамы да экспедицияға шықты. Сөйтіп, 1892 жылы орыс және фин ғалымдарының экспедицияларының жұмыс қорытындылары туралы есептер баспасөзде жарияланды. Ғалымдар ескерткіштердегі жазуларды суретке түсіріп, атласын жасаған еді.

Алайда, бұл жазудың құпиясы көпке дейін ашылмай келеді. Оларды ешкім оқи алмады. Ол туралы әртүрлі болжамдар айтыла бастады. Бұл жазудың түп тамыры ежелгі грек мәдениетіне қатысты деушілер де, оны ертедегі монғол жазуы, фин жазуы, скандинав жазуы, скиф-славян жазуы деп жорамалдаушылар да болды. Бірақ олардың бірі де жазу сырын ғылыми негізде ашып бере алмады.

1893 жылы 25 қараша күні Дания корольдік Ғылым Академиясының мәжілісінде В.Томсен ғылыми әлемді дүр сілкіндірген мәлімдеме жасады. Ол Орхон, Енесей бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазудың оқудың кілтін тапқанын хабарлады, ол жазудың түркі тілінде жазылғанын мәлімдеді. Ғалымның ең алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түркі» деген сөздер екен. Ол жазудың солдан оңға қарай жазылғанын пайымдап, дауыссыздардың байланысын тексерген. Жиі кездесетін таңбасы, оның ішінде- і екенін, демек, -тәңірі деген жазу екенін табу арқылы оқудың кілтін тапқан. Дәл осы кезде В. Радлов та өз бетімен ізденіп, руна жазуының 15-ке жуық әрпін анықтап қалған еді. Көп кешікпей ол Орхон өзені бойынан табылған үлкен тастардағы тексті түгел оқып, сосын аударып шықты. Н.М. Ядринцев тапқан -Шығыс түркі қағанатының 17-қағаны Білге қаған (Могильян) мен қағанның інісі, даңқты әскер қолбасы Күлтегіннің қабіріне қойылған үлкен құлпытастарға қашап жазылған жыр жолдары еді.

Сөйтіп, руна жазуындағы ең үлкен ескеткіштер Орхон, Енесей алқабынан табылғандықтан, бертін келе олар «Орхон-Енисей» жазулары деп аталып кетті, оны жазудың тілі мен сипатына қарай «көне түркі жазуы» деп те атай береді.

Н.М. Ядринцев мұндай ескерткіштерді іздестіруін тоқтатқан жоқ, 1891 жылы Онгин өзені аңғарынан да осындай ескерткіш тапты ( ол «Онгин естерткіші» деп аталды.) Оны да оқыды, ол Білге мен Күлтегіннің әке-шешесіне, Елтеріс қаған мен Елбілге қатынға қойылған ескерткіштер екен. Кейін Селенга өзені аңғарынан бірнеше қағанның кеңесшісі болған Тоныкөкке қойылған ескерткіш табылды. «Орхон-Енисей» жазба ескерткіштерін оқу, басқа тілдерге аударма жасау ісімен ғылыми тексін дайындаумен В.В. Радлов, В.В. Томсен, Ю.Немет, Х.Н. Оркун, т.б. ғалымдар айналысты. С.Е.Малов, И.В. Стеблева көп еңбек сіңірді.

Қазақ ғалымдарынан Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Ғ. Мұсабаев (тілдік тұрғыдан) , Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, Ө.Күмісбаев, А.Қыраубаева, М.Жолдасбеков (әдеби тұрғыдан) т.б, ғалымдар атсалысты.

Ескерткіштерде түркі ұлыстары өмірінің әр түрлі кезеңдері ұқсас сипатталады: олар-ата жолына берік болу бабалардың ерлік дәстүріне берік болу, оларды мақтан ету,әрбір келесі жорықтарға сәттілік тілеу. Қолбасы батырлар мен ел билеген қағандар тұлғасын жасаудағы ұқсас тәсілдер: олар дүниеге келгеннен бастап, қаған не қолбасы болғанға дейінгі өмірі тәңірі тарапынан қолдау тауып отырады. Жаумен шайқаста ерекше ерлігімен, ақылымен көзге түседі. Күлтегін мен Тоныкөк ескерткіштеріндегі оқиға желісі ұқсас келеді. Күлтегін жорықтарының бәрі бас кейіпкердің ерлігімен аяқталып отырады. Олардың мінген аты, тегі суреттеліп, ерліктері, жеңіске жетулері барынша мадақталады. Күлтегін мінсіз қаһарман ретінде сомдалса, Тоныкөк көреген, ақыл иесі, білімді басшы болып танылады.

Оларды аруақтар қолдайды. Оқиғаны бастан-аяқ баяндаудан бас тарту, тәптіштеп айтудан гөрі, оған өз пікірін білдіріп отыру-ескерткіштің негізгі тәсілі. Бұл ескерткіштердің мазмұны мен пішіні жағынан ғана емес, ырғақ – үндік жүйесі мөлшерлі қайталауларға негізделген поэзиялық шығарма екенін орыс ғалымы И.В.Стеблева дәлелдеп шықты. Орхон ескерткіштері, И.В.Стеблева айтқандай 4 тармақты өлең емес, 3,4,5,6,8, тіпті одан да көп жолды шумақтардан тұратындығын, әр алуан ұйқасты, әр буынды, көбіне 7-8 буынды болып келетін жыр өлшеміне негізделгенін байқауға болады. Өлең жолдары жыр тәрізді бір-бірімен тығыз байланыста болып келеді де, негізінде бір ой түйініне бағынады.

Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жырлары – көркем туынды, ерлік жырлары. Ол туралы М. Әуезов былай дейді: «Олардың мазмұнында эпостық баяндау сазы басым, аңыздың көркемдік түрі де соған орайлас. ...Күлтегін жеңілмейтін батыр болғандығы баяндалады. Ол жазуларда хронологиялық тәртіп те бар. Күлтегіннің он алты жастан бастап, 47 жасқа дейінгі, яғни өлгенге дейінгі өмірінің ерлік қимылдары баян етіледі. Мұнда батырдың жас жағынан бастап, өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысына ұқсастық бар». Жырда бірыңғай дауыссыз дыбыстардың қайталанып қиысуы аллитерациялық үндестікті, мәнділікті күшейтіп отырады.

Жырдың мазмұнына нәр беріп, сыртқы түрін ажарландыра түсу үшін теңеу, метафора, аллегория, гипербола, эпитет, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер жиі кездеседі.

Шындықты пернелеп айту, оқиғаны аллегориялық әдіспен жеткізу әдістері де бар:

Қаладағылар таулапты,

Таудағылар індепті.

Метафоралар.

Мыс:

Әкем қағанның әскері бөрідей бопты,

Жаулары қойдай бопты.

Сондай-ақ, метонимия, антитеза, эпитеттер кеңінен қолданылады. Тұрақты эпитеттер: мәңгі жас, пәк қыздар, көрер көзім, қасиетті жер-су, көк тәңірі, қара жер, шырын сөз, қызыл қан, т.б. Қарапайым эпитеттер: боз ат, торы ат, жалтақ кісі, білгір қаған, т.б.

Қорыта айтқанда, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштері – мазмұны мен формасы жағынан да, тілі мен көріктеу құралдары жағынан да, өлең құрылысы мен композициясы жағынан да ежелгі түркі поэзиясының нағыз классикалық үлгілері болып табылады

Негізгі әдебиеттер:

1.Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Оқулық.-Алматы,1986.

2.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.Оқулық.-Алматы: Атамұра, 2005.-336 б.

3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. Түркі халықтары әдебиеті. Оқулық-хрестоматия.-Алматы,1996.

4.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.-Алматы, 1986.

5.Бартольд В.В. Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии// Соч. Т.Ү.-М.,1968.

6.Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеулер.-А.,1983.

7. Жолдасбеков М. Асыл арналар.-Алматы, 1986.

8. Малов С. Памятники древнетюркской письменности:М-Л,1979.

2-4-дәріс. «Қорқыт ата» кітабы. Оғыз дәуіріндегі әдебиет. «Оғыз-наме»

Оқыту мақсаты: Қорқыт ата-түркі халықтарының бәріне ортақ ұлы ойшыл-кемеңгер, жырау екендігі, ол туралы аңыз-әфсаналар, тарихи шежірелер. «Қорқыт ата кітабы» түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық әрі тарихи мұра екндігін айғақтау. Қорқыттың өліммен күресі. «»Қорқыт ата кітабының» композициялық құрылысы. Оғыз сөзінің мағынасы, «Оғыз қаған» дастанына негіз болған аңыз-әңгімелер мен нақты тарихи деректер арасында тығыз байланыс барлығын анықтап көрсету, «Оғыз қаған» дастанының зерттелуі.

Негізгі ұғымдар: мақал- мәтел, философиялық толғаныстар, жерұйық, Қорқыт сарыны, қобыз, Қорқыттың көрі, тағдыр, өліммен күрес, діни-мифологиялық көріністер, Ай, Күн, Жұлдыз, Тау, Көк, Теңіз, көкжал бөрі, жарық нұр, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1. Қорқыт ата туралы ақиқат пен аңыз.

2. «Қорқыт ата» кітабы-оғыз-қыпшақ әдеби ескерткіші.

3. «Қорқыт ата» кітабының көркемдік ерекшеліктері, тақырыбы, идеясы.

4. «Оғыз-наме»-эпостық шығарма.

5. «Оғыз-наменің» сюжеттік желісіне тән ерекшеліктер.

Қорқыт туралы. Қорқыт есімімен байланысты жырлар түркі халықтарының арасында әртүрлі әңгімеленеді. Қазақ арасында тараған аңыздарда Қорқыт бірде күй атасы ретінде, енді біразында ол өлімге қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Өлместікті арман еткен ол мәңгілік өмір іздеп ел кезеді. Қазақ аңыздарында Қорқыт – көпті көрген батагөй, сәуегей, атақты музыкант әрі ойшыл. Ол айтқан болжаулар дәл келіп отырған. Адам өмірі, мінез-құлық, тағдыр жайында кемел толғаулар қалдырған. Қорқыт атадан қалды дейтін шешендік нақыл, өсиет сөздер көп: «Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді», «Ажал келмей кісі өлмес, өлген адам тірілмес», «Шыққан жан қайтып кірмес», «Бетеге биікке теңесе алмас», «Есекке қанша жүген салғанмен ат болмас», «Бақ қанша гүлдегенмен күзден қалмас», «Ескі темір біз болмас, ескі дұшпан дос болмас», «Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас», т.б.

Қорқыт толғаулары халық жадында сақталған. Кейбір аңыздарда Қорқыт 295 жыл жасаған дейді. Қорқыттың өмірі, сөзі, мінезі жағынан Сыпыра жырауға, Асан қайғыға ұқсайды.

Қорқыт адам өмірінің тым қысқалылығына, өлімге наразы болып, содан құтылудың жолын іздеп шарқ ұрады, желмаяға мініп, шартарапты кезеді. Бірақ, қайда барса да алдынан қазулы көр шығады. Жер шұқығанның бәрі оған «Қазып жатқанымыз Қорқыттың көрі» деп жауап береді. Кісі өлімі ғана емес, жүгірген аң, ұшқан құстың жемтігін, тамыры қурап сұлаған бәйтеректі көреді, соның бәрін көрге санайды. «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген сөз содан қалған.

Осының бәріне қапа болған Қорқыт жападан жалғыз күңіренеді. Сөйтіп жүріп өзгеше бір өнер табады. Су бетіне кілем жайып, өзі жасаған қобызбен күңірене күй шертіп, іштегі шерін тарқатады. Күй жұрттың бәрін елітеді, ұшқан құс, жүгірген аң тұра қалып, күйді ұйып тыңдайды. Сөйтіп дүниеде тұңғыш рет музыкалық ләззат берген Қорқыт есімі халық жүрегінде сақталады.

Кей аңызда Сырға қайта оралған Қорқыт өлерін сезген соң желмаясын сойып, соның терісін қайық қылып, су үстінде ертелі-кеш қобыз тартады. Ажал талай рет төніп келсе де, бебеу қаққан қобыз күйі оған Қорқытты алдыртпайды. Ұйқысыз қалжыраған Қорқыт ата бір сәт қалғып кеткенде, ажал улы жылан бейнесінде келіп, Қорқытты шағып өлтіреді.

Қорқыт өзі тапқан өнерімен халыққа қызмет етті, оның мәңгілігі осында. Қорқыт ата хикаялары ҮІІ-ХІІІ ғасырларда Сыр бойын жайлаған оғыз, қыпшақ тайпаларының арасында туып, ауыздан-ауызға көшіп, түркі халықтарының бәріне түгел тараған.

Қорқыт-тарихта болған адам. Ол Сырдың жағасындағы Жанкент қаласында, Баят елінде дүниеге келген (ҮІІІ ғ.). Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені мәлім. Бұл өңірден ақын-жырау, даналар көп шыққан. Олардың ең әйгілісі әл-Фараби де, одан кейінгісі-Қорқыт. Ол өзі туған Сыр бойында дүние салған. Бейіті қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданында, Қорқыт стансасының түбінде, Сырдың жағасында. Басына 70-жылдары ескерткіш орнатылды.

«Кітаби дәдәм Коркут». ХІІ ғасырдан бастап Қорқыт хикаялары әр жерде көшіріліп, кітап болып тарала бастаған. Оның әдепкі нұсқалары түгел жойылып, 2 нұсқасы ғана бізге жетіп отыр: 1-толығырақ нұсқасы Ватикан (Рим), 2-шағын нұсқасы Дрезден (Германия) кітапханаларында сақтаулы. Ватикан нұсқасында қыпшақ сөзі, Дрезден нұсқасында оғыз сөзі басымырақ көрінеді. Тілі жағынан Қорқыт жырлары түркі тілдеріне жақын да, баяндау жүйесі оғыз тобындағы халықтардың, қазақтың белгілі эпостарымен сабақтас келеді. Жалпы хикая бір-бірімен тығыз байланысты жүйелі 12 дербес дастаннан тұрады. Мысалы: «Бұқаш жыры», «Салор Қазан ордасының шабуылы туралы жыр», «Бамсы-Бейрек», т.б.

Зерттелуі. Қорқыт жырларын зерттеудің негізін салған – орыс ғалымы В.В.Бартольд. Ол бұл кітапты зерттеу, аудару ісімен ондаған жылдар бойы айналысты. Сондай-ақ оны зерттеуге А.Н. Самойлович, В.В.Вельяминов-Зернов, К.А.Иностранцев, А.Ю.Якубовский, А.А.Диваев, т.б. орыс ғалымдары мол үлес қосты. Эпосты әдеби, тарихи және тілдік Э.Мухаррам латын әріпімен транскрипция жасап бастырды. Қазақ ғалымдарынан эпосты зерттеу, аудару, насихаттау ісіне Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Б.Ысқақов, т.б. атсалысты. Кітап бірнеше тілге аударылды.

«Оғыз-нама» - түркі халықтарының ежелгі шежіресін аңыздар түрінде көркем тілмен баяндайтын эпостық шығарма, әрі көркем, әрі тарихи туынды деуге болады. Ол ІХ ғасырдың өзінде Жетісу, Сыр бойындағы түркі ру-тайпалары арасында кеңінен тараған. ХІ ғасырдан бастап қағаз бетіне түседі де, ХІҮ ғасырға дейін бірнеше нұсқалы жырға айналады. Оның ұйғыр, араб жазуымен сақталған бірнеше нұсқасы Каир, Стамбул, Лондон кітап қоймаларынан табылған. Ұйғыр тіліндегі нұсқасын А.М.Щербак орыс тіліне аударып, түсініктеме беріп, транскрипциясымен 1959 жылы Москвадан жеке кітап етіп басып шығарады.

Оғыз жайындағы аңыздар ҮІІІ-ІХ ғасырларда түркі ру-тайпалары арасында туған да, ұйғырлар өктем болған Қараханиттер дәуірінде ұйғыр таңбасымен қағаз бетіне түскен.

«Оғыз-наманың» араб әріпімен жазылған нұсқасының авторы-тарихшы ғалым Әбілғазы Мұхаммедхан (1603-1663). Рашиддиннің жазбаларында да Оғыз туралы құнды материалдар бар. Өзге тілдерге аудару ісі ХІХ ғасырда қолға алынды. Дитц неміс тіліне, В.В.Радлов орыс тіліне аударып, ғылыми түсініктеме жазды. «Оғыз-наманы» Щербак, қазақ ғалымдарынан Ә.Марғұлан, М.Жолдасбековтер зерттеді.

«Оғыз-нама» жыры көп ғасырлар бұрын Орта Азияда, Сыр бойында эпос дәстүрімен ауызша айтылып келіп, ХІІІ ғ. аяғы мен ХІҮ ғ. басында хатқа түскен. Жырдағы уақиғалар қай ғасырда болғаны туралы әр түрлі пікірлер бар. Рашиддин жазбаларында Қорқыт пен Оғыз әңгімелері көп. Онда Оғыздың таққа отырған кезі, оның билері, Күн ханның патшалығы, Оғыздың балаларымен Шам (Сирия) өлкесіне баруы, қаңлы мен ұйғырлардың Оғызға бас июі, оғыз тайпасынан шыққан хандар, оларға кеңесші болған Қорқыт бейнеленген. Рашиддин мен Абылғазының баяндауынша, Оғыз ханның алты ұлы болған. Олар-Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз. Олар аңға шығып жүріп даладан алты алтын оқ және алтын сақа тауып алады. Оны алып келіп әкесіне көрсетеді. Әкесі алтын садақты үлкен 3 ұлына, үш алтын оқты кіші балаларына береді де: «Алтын садақ алған ұлдарымның ұрпағы боз оқ болсын, үш оқ алған ұлдарымның ұрпағы үш оқ болсын» дейді.

Оғыз ханның 6 ұлынан тараған ұрпақтары көп еді. Күнхан оларды 24 тайпаға бөледі. Оларды екі-екіден бір ордаға бағындырып, 12 аймақ ел жасады. Бұл 12-сінен тараған тайпаларды «жүздік» деп атады. Қазақтың 3 жүзі осы кезде шыға бастады.

«Оғыз-нама» - Оғыз қағанның ата-тегін, өмір жолын, күресін баяндайтын мифтік сюжеттегі ерлік жырына жатады. Жыр екі бөлімнен тұрады:

  1. Оғыздың өсуі, билікке келуі;

  2. Жорықтары мен соғыстары

Эпостың негізіне тайпалардың бірігу идеясы алынған. Жырда айшықты, образды сөздер көптеп кездеседі. Мысалы, сұлу қызды көрген кезде жігіттер «сүттен қымызға айналып кетеді». Сүттің бұрқырап ашуы мен ғашық жігіттің көңілі әдемі салыстырылады. «Сұлу қыздың меңі алтын қазықтай», т.б.

Оғыздың ақылшысы Ұлық түрік «Қорқыт атадағы» Тоныкөкке жақын бейне, Ұлық түріктің өзі болуы да мүмкін.

Жырдың композициясы эпостық жырларға тән:

  1. Баланың тууы, тез өсуі;

  2. Алғашқы ерлігі;

  3. Үйленуі;

  4. Жорықтары;

  5. Еліне қайтып оралуы.

Қорыта айтқанда, «Оғыз-нама»- генеологиялық аңыздар негізінде жазылған, қазіргі түркі тілдес халықтардың ежелгі тарихынан елеулі мәлімет беретін, көркемдік дәрежесі билік эпостық туынды.

Негізгі әдебиет:

1.Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Оқулық.-Алматы,1986.

2.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.Оқулық.-Алматы: Атамұра,2005.-336 б.

3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. Түркі халықтары әдебиеті. Оқулық-хрестоматия.-Алматы,1996.

4.Қорқыт ата кітабы/ауд Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев.-А.,1986.

5.Сүйіншәлиев Х.ҮІІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті.-А.,1989.

6.Короглы. Огузский героический эпос.-Москва, 1976.

7.Өмірәлиев Қ. «Оғыз-қаған» эпосының тілі.-А.,1988.

7.Сүйіншәлиев Х.ҮІІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті.-А.,1989.

5-6-дәріс. Х-ХІІ ғасырдағы әдебиет. Әбу Насыр әл-Фараби. Махмұт Қашқари. «Диуани лұғат ат-түрк». Жүсіп Баласағұнның «Құтағду білік» кітабы

Оқыту мақсаты: Әл-Фараби-энциклопедист ғалым, ғалымның еңбектерінің құндылығы.Әл-Фараби мен Абайдың үндестігі. Махмұт Қашқари-түркі халықтарының тұңғыш филологы, ежелгі ауыз әдебиетін жинап, зерттеуші ғалым. Сөздіктің зерттелу тарихы. Сөздіктегі табиғат туралы өлең-жырлар. Аңшылық жайындағы өлеңдер. Сөздіктегі батырлық, жоқтау жырларының маңызы, дидактикалық сарындағы өлеңдер. Көркемдік ерекшеліктері. Жүсіп Баласағұн-түркі халықтары тарихындағы қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ақыны. Дастанның зерттелуі. Дастанның құрылымы мен сюжеті. Дастанның тәлім-тәрбиелік мәні.

Негізгі ұғымдар: бәйіт, ғазел, месневи, ұйқас, шумақ, өлең өлшемдері, жанр, грек поэзиясы, ямб, комедия, драма, эпос, дифирамбы, т.б.

1.Әл-Фарабидің өмір жолы.

2.Ғылыми еңбектеріне шолу, мазмұн-тақырыбына қарай шолу.

3.Әл-Фараби және Абай.

4. Қашқари сөздігінің мазмұны, жазылу жайы.

5. Баласағұнидың «Құтты білік» кітабындағы ізгілікті мемлекет туралы ойлары.

Әбу Насыр әл-Фараби ( толық аты-жөні - Әбу Наср Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби)-дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі «екінші ұстазы» атанған данышпан, философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші. Ол ежелгі Отырар қаласында туған (Бұл шаһарды арабтар Фараб деп атаған). Оның ата-бабасы дәулетті, атақты адамдар болған. Жастайынан зерек бала Фараби алғашқы білімін туған қаласы Фарабта қыпшақ тілінде алады. 16 жасқа келгенде керуенге ілесіп Бағдатқа аттанады. Содан Александрия, Византия ғалымдарынан оқыған грек, араб, парсы, латын, санскрит тілдерін үйренеді. Кей аңыздарда ол 17, тіпті 70 тіл білген дейді.

Ол Бағдатқа ең әуелі дарынды ақын, музыкант ретінде танылған. Сосын Сайф әл-Даула деген әмірдің тапсырмасымен музыканы зерттеп, 12 тараудан тұратын «Музыканың ұлы кітабын» жазады. Кітапта музыка тарихы, заңдылықтары, дыбыстарының табиғаты, әуені, оның реті, жеке дауыстан көп дауысқа айналу құбылысын талдаған. Дыбыстың нотаға бөліну заңын және 9 шекті музыка аспабының құрылысын талдаған. Күйшінің шеберлігі жайында ғылыми тұжырымдар айтқан. Осы еңбегі Европа елдерінде музыка тарихынан оқытылып келген. Оны зерттеген батыс ғалымдары әл-Фараби ғылымның бар саласында екінші ұстаз болса, музыкада бірінші ұстаз болды деп баға берген.

Әл-Фарабидің музыкамен қатар айналысып, зор нәтижеге жеткен салалары - астрономия мен геометрия. Ол оптикалық аспаптар жасаған. Өз заманының аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары Бағдат, Қорасан, Дамаск, Каир,т.б. қалаларында болды. Сол қалаларда оқыды, көрнекті ғалымдармен, көркем сөз шеберлерімен танысты, тәлім-тәрбие алды.

Ғұлама ғалым әл-Фарабидің айналыспаған, зерттеу жүргізбеген ғылым саласы жоқ деуге болады. Ол философия, логика, математика, медицина, тіл білімі, әдебиет теориясы , т.б. ғылым салалары бойынша қыруар еңбек жазған. Кейбір ғалымдар, мысалы, неміс ғалымы Штейшнейдер әл-Фараби 117 еңбек, түрік ғалымы А.Атеш- 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров- 200 трактат жазған деп көрсетеді.

Фараби «Ақылдың мәні туралы трактат», «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ғылымдардың шығуы», «Философияны оқу үшін алдымен нені білу керек», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме (Поэтика. Риторика. Софистика)» секілді еңбектері арқылы әлемге философ ретінде танылды. Оның әлеуметтік –қоғамдық, этикалық көзқарастары, әсіресе, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақыт жолына сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету туралы», т.б. еңбектерінен танылады. Ұлы ғалым гуманист ретінде адам ақыл-ойының жан-жақты дамып, табиғат пен қоғам сырларын толық ашуы мүмкін екеніне кәміл сенеді, ақыл-парасаттың қоғамдағы барлық проблеманы шешудегі басты күш екенін айтады.

Фараби-әдебиет теориясымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Араб ғалымы Ибн Әби Усайбаның (1203-1270) айтуы бойынша, Фарабидің өлең құрылысын зерттеуге арналған «Өлең және ұйқас туралы сөз», «Өлең ырғағы туралы», «Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат» деп аталатын зерттеулері болған. «Өлең өнері» атты еңбегі араб поэзиясының теориялық мәселелеріне арналған. Мұнда өлеңнің мазмұны мен формасы арасындағы үндестік мәселесі, сондай-ақ бәйіт, газел, месневи т.б, туралы сөз болады. Екіншісі-«Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» деп аталатын зерттеу. Соңғы жылдары әл-Фарабидің бұрын ғылымға белгісіз болып келген аса құнды бір шығармасы Братислава университетінің кітапханасынан табылды. Арабша жазылған бұл еңбек «Китаб ашшеьер» («Өлең кітабы») деп аталды. Бұл шығарманы араб тілінен өзбек тілінен аударып, оған алғы сөз, ғылыми түсініктер жазған өзбек ғалымы А.Ирисов болды.

Әл-Фарабиді өлең табиғатын терең зерттеуші ғұлама-ғалым ретінде танытатын шығармаларының бірі-«Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» болып табылады. Мұны Лондонда шығыстанушы ғалым Артур Арберри 1937 жылы тапқан болатын. Бұл зерттеу Аристотельдің «Поэтика» атты еңбегінің ықпалымен жазылғаны мәлім.

Фараби поэзияда екі түрлі құбылыс бар деп біледі: олардың бірі-софистика, ал екіншісі-еліктеу. Ғалым бұл екеуі төркіндес емес, қайта екеуі бір-біріне қайшы келетін ұғымдар екенін айтады. «Софист тыңдаушы санасында болмыстан тыс,оған қайшы қайдағы бір елес туғызады, сондықтан ол бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар деп ойлайды, ал оған қарама- қарсы еліктеуші тыңдаушысына үйлесімге орай ой түюге жетелейді. Оған сезім шарапатын тигізеді».

Әл-Фараби грек поэзиясын төмендегідей топқа бөліп сипаттайды: трагедия, дифирамбы, комедия, ямб, драма, эпос, диаграмма, сатира, поэма, риторика, амфигеноссос (космогония), акустика. Әрине, бқл айтылған өлең формалары бүгінгі әдебиетке әбден орныққан әдеби жанрларға айналған. Фараби: Трагедия дегеніміз-арнайы өлшемі бар, бәріне-таңдаушыға һәм айтушыға да ләззат беретін поэзия түрі. Онда еліктеуге тұрарлық, үлгі алар орайлы оқиға бар: онда билеушілер мен шаһар манаптары марапатталады. Орындаушылар, әдетте, оны патшазадалар алдында келістіріп айтып береді. Егер патша өлсе, трагедияның орнына кейбір әуен қосып, марқұмды жоқтайды.

Дифирамбы- трагедиядан екі есе артық өлшемі бар поэзия түрі. Онда да жалпы бекзаттар жайлы, марапаттарлық мінез, адамзатқа тән ізгі жайлар айтылады.

Комедия-ерекше өзіндік өлшемі бар поэзия түрі. Оған кейіпсіз, келеңсіз жайлар арқау болып, жеке адам мінез-құлқының көлеңкелі көріністері шенеледі. Кейде адам мен хайуанға тән құлықтың, сонымен қатар сырты ұсқынсыз тұрпаттың нышандары келемежделеді.

Эпос- мейлінше көркем немесе әдеттен тыс эмоциялық күшімен ләззат беретін поэзия түрі.

Диаграмма-заң шығарушылар қолданатын поэзия түрі. Онда адамдар жанын күтіп тұрған бақытсыздық бейнеленеді.

Сатира- музыканттар ойлап тапқан поэзия түрі. Осы өлшемді олар әндеріне пайдаланып, сол арқылы жабайы хайуандарға әдеттегісіне ұқсамайтын сан алуан қимыл жасатады.

Әл-Фараби-өз дәуірінің көрнекі ақындарының бірі. Оның өлеңдерінің негізгі тақырыбы - өмірдің мән-мағынасы жайын толғау, оқу мен білімді мадақтау, адамгершілікке шақыру, туған жерге деген сағыныш, өмірдің өтпелілігіне өкініш.

Ақындарды үш топқа бөліп қарастырады: бірінші топқа-табиғи дарыны мол, тамаша теңеулер табуға мейлінше бейім, бірақ өлең өнерінің сыр-сипатымен, яғни теориясымен онша таныс емес ақындарды жатқызады. Ал екінші топтағыларға -өлең өнерімен толық таныс ақындар,олар өлең жазу қағидасын да, бейнелеу құралдарын қолдануға да шебер болып келеді. Үшінші топтағылар-жоғарыда аталған екі ақындық топқа еліктеушілер деуге болады. Бұлардың әлі өзіндік жазу мәнері толық қалыптаспаған.

Бауырым, қанша сүйгенмен, Қағаздың түсіп бетіне,

Өтеді өмір күйбеңмен. Сызықтай бейне тартылған.

Шындыққа бас тік алаулап, Тап болып, жігер сарқылған.

Пенделіктен бол аулақ Кездейсоқ өмір өтіне

Қайысып тұрса нар тұлғаң.

Жататын дәйім жаңғырып, Сонда да беріп кетеміз,

Бұл ғұмыр емес мәңгілік. Жүректің отын молында.

Бейопа мына заманда Арманды аңсап өтеміз,

Бақұл боп кетер адам да. Біз ұлы мұрат жолында.

Жұрт кұнін қуып көп қызық,

Жіберер зая өткізіп.

Тамылжып бал тыныштық айналамнан, Аққан жұлдыз құласа кейде егер,

Тылсым түнге құшағын жайған далам. Сенің нұрлы бейнең боп кеудеме енер.

Мен жатырмын ұйқысыз жапа жалғыз, Әлдеқайда ғайыптан ынтызар ғып,

Жанымды ай жарығы аймалаған. Өміріме бір ғана сәуле берер.

Үнің жетер жаңғырып жырақтан ең,

Сезініп мен деміңді гүл атқанмен.

Оның өзі бір-ақ сәт... содан кейін

Мұңды әуенді жалғаймын бірақ та мен.

Әл-Фараби ақындық қабілеттің іздену арқылы жетілетінін, нағыз ақындықтың жолына түсу үшін көп еңбектену керек екенін айтады. «Өлең сөздің қағидалары туралы» трактатында әр ақын өзі білетін нәрсесін жазу керек, оны зорлауға болмайды дейді. «Ғажап поэзия еркіндіктен тумақ», - дейді. Ол өлең мен сөз өнерін салыстыра келіп: «Өлең өнері сөзбен, ал сурет өнері бояумен құлпырады, олар осымен ғана болса, ол іс жүзінде екеуі де ұқсас, екеуі де адам сезімі мен ойына әсер етеді», - деген.

Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында қайтыс болды. Әмір Сайф әл-Даула оны «Бабас – Сағир» зиратына жерлеген. Әл-Фараби - әлемдік өркениетке зор үлес қосқан ойшыл.

Еңбектері:

«Ақылдың мәні туралы трактат».

«Данышпандықтың інжу-маржаны»

«Ғылымдардың шығуы»

«Философияны оқу үшін алдымен не білу керек?»

«Аристотель еңбектеріне түсіндірме»

«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары»

«Бақыт жолын сілтеу»

«Азаматтық саясат»

«Бақытқа жету жайында»

«Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат»

«Өлең және ұйқас туралы сөз»

«Өлең ырғағы туралы»

«Өлең кітабы»

Әл-Фараби мұрасын зерттеуші қазақ ғалымдарының еңбектері (А.Машанов, А.Қасымжанов, А.Көбесов)

Барсаған руынан шыққан. Ыстықкөл маңындағы Барсаған қаласында . Дәл қашан туып, қашан қайтыс болғаны мәлім емес. 1029-1039 жылдары туған деп шамаланады. Әкесі Барсаған әмірі Бураханның немересі екен. Қашқарда өскен.

М.Қашқари араб, парсы мәдениетін, араб грамматикасын жетік білген адам. Ол үш кітаптан тұратын «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі сөздерінің жинағы) атты кітап құрастырған. Ол түрікше-арабша сөздік қана емес, сонымен бірге түркі тілін зерттеуде теңдесі жоқ ғылыми еңбек. Автор сөздікте ежелгі ауыз әдебиеті үлгілерін, өлең-жырлар, ертегі-аңыздар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, т.б. көркем сөз үлгілерін енгізген. Сөйтіп, ежелгі ата-бабалар өмірін, тұрмыс-тіршілігін, еңбегін, сана-сезімін бейнелейтін ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілері бізге М.Қашқари еңбегі арқылы жетті.

М.Қашқари алғашында Баласағұн, Қашқар қалаларында, кейінірек өсе келе Самарқанд, Бұқара, Нишапур, Верв және Бағдат қалаларында оқыды. Ол араб филологиясымен, шығыстың классикалық поэзиясымен көбірек шұғылданған. М.Қашқари, сондай-ақ, «Түркі тілдерінің синтаксисі қағидалары» деген еңбек те жазған, өкінішке орай ол еңбек бізге жетпеді.

«Диуани лұғат ат-түрік»-қазіргі түркі халықтарына ортақ мұра. Ол 1074 жылы жазылған. Онда түркі ру-тайпаларына ортақ 6 мыңнан астам төл сөз бен диалект сөздер бар. «Диуанның» көшірме қолжазбасы ХХ ғасырдың бас кезінде табылған. Түпнұсқасы табылмаған. Көшірменің бір нұсқасы қазір Стамбулдың Фатих кітапханасында сақтаулы. 1915-1917 жылдары Стамбулда 3 томдық кітап түрінде жарық көрді. Сол кезден бастап оны зерттеу, басқа тілдерге аудару ісі қолға алынды. К.Броккельман 1928 жылы Лейпциг қаласында неміс тіліне аударып бастырды. Ф.Хаммель де кітаптағы мақал-мәтелдерді аударып, жеке кітап етіп шығарды. Түрік ғалымы Басым Аталай 1939-1941 жж. түрік тіліне аударды. Бұл еңбекті зерттеуге Баскаков, А.Н.Кононов, Боровков, И.В.Стеблева, С.Муталибов, Реметов, т.б. атсалысты. «Диуанды» қазақ ғалымы А.Егеубаев қазақ тіліне аударып, ол туралы монографиялық еңбектер жазды.

«Диуанда» 200-ден астам өлең, 300-ге тарта мақал-мәтел, көптеген қанатты сөздер, теңеулер бар. Кітапты жазудағы мақсаты туралы автор: «Жұртшылық қажетін ескеріп, кітабымды бұрын ешкім қолданбаған әдіспен, мүлдем жаңаша жіктеп, өзімше құрастырдым., - дей келіп, - Мақсатым: талантты жас ізденімпаздарға дәл бағыт-бағдар сілтеп, ілім-білім болашағына барынша мол көмектесу», - дейді. Махмұт сөздігінің жазба мәдениетіміздің өсуіне қосқан үлесі зор. Оны Орта Азиядағы түркі тайпалары ұзақ уақыт бойы қолданып келді. «Диуандағы» алынған шағын үзінділердің мән-мазмұнына, тілі мен жазу стиліне қарап, олардың қай дәуірдің әдеби туындылары екенін шамалауға болады. Көптеген өлең – жырлардың өте ертеде өмірге келгенін аңғару қиын емес. Мұндай көне нұсқаларда түрлі тайпалардың өте ерте замандардағы өмірі, алғашқы қауымдағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, олардың көк тәңірісі мен күнге табынуы, табиғат құбылыстарына бағынуы бейнеленген. Сондай-ақ бұл өлең-жырларда араб тілі элементтері кездеспейді. Бұл еңбекке енген шығармалардың М.Қашқари өмір сүрген дәуірден талай ғасыр бұрын туындап, ауызша сақталып келгеніне күмән жоқ.

Бұл кітапты тек сөздік деп қабылдау жеткіліксіз. Ол, сонымен қатар, ХІ ғасырдағы Орта Азияны мекендеген халықтардың тарихы мен салт-дәстүрлерінен, әдебиет үлгілерінен мол мәлімет беретін тұңғыш әдеби жинақ. Мұнда, әсіресе, ауыз әдебиетінің үлгілері мол. Этнографиялық мәліметтер, географиялық атаулар мол қамтылған. Кітапта 29 тайпаның аты аталады. Онда 6800 түркі сөзіне арабша түсініктеме берілген, 242 бәйіт өлең, 262 мақал-мәтел енгізілген. Олардың пішініндегі 875 сөз, 60 мақал-мәтел қазіргі қазақ тілінде сол күйінде қолданылады. Мысалы, «Еңбек етсең, емерсің», «Жаз еңбек етсең, қыс қуанарсың», «Күз болары көктемнен мәлім», «Атын аямаған жаяу қалар», «Басқаға ор қазба, оған өзің түсерсің», «Киіз жамылған су болмас», «Диірменде туған тышқан тарсылдан қорықпас», «Құс қанатымен, ер-атымен», «Адам аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», «Аш не жемес, жоқ не демес», «Бейнет түбі-рахат», «Айтылған сөз-атылған оқ», «Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді», т.б.

М.Қашқари өз кітабы туралы былай дейді: «Түркі ұлыстарының ерте дәуірден бері бастарынан кешкендерін сараптап, атадан балаға мирас болып келген зерлі сөз өрнектерін теріп шықтым. Өмір көріністерін жақсы баяндайтын өлең-жырларын, қуанышы мен қасіретін қамтитын терең ойлы мақал-нақылдарынан үлгілер ұсындым. Оқыған адамдар бұл меруерт сөздерді пайдаланып, өзінен кейінгі ұрпаққа мирас етер деп үміттендім».

Жинақта дала табиғаты, жазғы жайдары өмір, жан-жануарлар өмірі әсем өлеңдермен берілген. Бұл өлеңдерді автор қыпшақтар сөзі деп ашық айтады. Сөздікте халықтың даналық сөздері, ақыл-білімге, мейірімділікке үндейтін тәлім сөздер көп. Сөздікте түрлі аңыздар да орын алған. Ондағы эпостық жырларға тән сюжеттер қазақ ауыз әдебиетінде де кездеседі.

М. Қашқари ойынша түркілер тәңірдің сүйген құлы, оларды тәңірі жебеп, басқалардан артық қадірлейді: «Тәңірі айтқан екен: «Менің бәрі тайпа қонысым бар, оларды Түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым», - дейді.

Кітапта түркі ру-тайпаларының таңбалары берілген. Түркі халқы, - деп жазады М.Қашқари, - өзгеше қасиетті ел. Олар шырайлы, сымбатты, өңдері ұнамды, ашық мінез, үлкендерді қадірлейтін әдепті, кішіпейіл, уәдешіл, жарқын жүзді жомарт жандар»

М.Қашқари түркі ұлыстарының қоныстары, тайпа-бірлестіктері, тілі, әдебиеті, мәдениеті жайлы мәлімет береді: «Рум өлкесінен Машынға дейін орналасқан түркі елдерінің ұзындығы 5 мың, ені 3 мың, барлығы 8 мың персих (1 персих – 6,24 шақырым). Олардың мекен жайын анықтап беру үшін жер жүзінің бедері картасымен анықтап көрсеттім»,-деп өзі жасаған картамен түсіндіреді.

«Диуандағы» өлеңдердің үлкен бір тобы өзара өзектесіп, өзгеше бөлек біртұтас шығарманың мазмұнын беріп жатқандықтан, оны түркі елінің ерлік күрестерін баяндайтын қаһармандық көне жырлардың бірі деп санау орынды дейді кейбір зерттеушілер (И.В.Стеблева, Х. Сүйіншәлиев). Эпоста түркілердің бірнеше жорықтары жырланады.

Жинақта бірнеше әдемі шумақтар да бар. Олардың көпшілігі – махаббат лирикалары мен табиғат лирикалары. «Диуандағы» үлкен бір толғау «Қыс пен жаздың айтысы» деп аталған. 23 шумақтан тұратын бұл өлең қазақ айтыстарының алғашқы нұсқасы дерлік көркем туынды. Жекпе – жек айтысқа шыққан қыс пен жаз бір-бірінің кемістігін, әрқайсысы өзінің адамға тигізетін пайдасын баяндайды. Ақырында жаз жеңеді.

«Диуан» қазақ тілінің тарихын, оның қалыптасу жолын тану үшін де, әдебиетіміздің ескі нұсқаларынан хабардар болу үшін де маңызы жоғары филологиялық туынды. Сондықтан, сөздіктің филология тарихында алатын орны ерекше. Әлем мәдениеті тарихында мәні жоғары, заманындағы үздік еңбек.

1970 жылы М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінің 900 жылдығы аталып өтілді. Бакуде шығып тұрған «Советская тюркология» журналы 1974 жылы №1 санын түгел осы ескерткішке арнады. 1971 жылы Ферғанада осы мерекеге арналған ғылыми-практикалық конференция отті. «Диуан» түрік, өзбек, неміс, ұйғыр, қазақ, т.б. тілдерге аударылды.

Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни – ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, данышпан ойшыл, энциклопедист ғалым, қоғам қайраткері. Ол толып жатқан ғылым салаларын жетік меңгерген. Әйтсе де оның есімін әлемдік әдебиет тарихына қалдырған еңбегі – «Құтты білік» дастаны.

Ж.Баласағұни өмірі туралы мәліметтер өте аз сақталған. Ақынның өзі жазған мәліметтерге қарағанда, ол Қарахан әулеті билік жүргізген бір кездегі астанасы Баласағұн шаһарында туған. Ақын «Құтты білік» дастанын Баласағұнда жазып бастап, Қашқарда аяқтаған. Кітапты 1070 жылы, 18 айда жазып бітіріп шығыс әміршісі Табғаш Қара Бограханға тарту етеді. Бұл тартуға риза болған Бограхан ақынға «Хас хажиб» (бас кеңесші) деген жоғары атақ береді. Ж.Баласағұни шамамен 1015-1016 жылдары туған деп шамалауға болады.

«Құтты біліктің» түпнұсқасы белгісіз, үш көшірмесі бар. Олар Венада, Каирда, Ташкентте (Наманганда табылған нұсқасы) сақтаулы. Алдыңғы екеуі ХҮ ғасырда, соңғысы ХҮІІІ ғасырда көшірілген.

«Құтты білік» 85 тараудан, 6520 бәйіттен тұрады. Әлеуметтік, саяси, мораль, этика, адамгершілік мәселелері қамтылған, үлкен ойшылдың қолынан шыққан туынды. «Құтты білікті» шығыс патшалары көшіріп оқитын болған, әр елде әр түрлі атаған («Түркі шаһнамасы», «Патшаларға насихат», «Патшалар әдебі», т.б.)

Төрт кейіпкер арасындағы сұрақ-жауап, әңгімелер дастанның бүкіл ой-өзегін құрайды. «Құтты білікте» көтерілген негізгі мәселе – адам, оның кемелдеу жолдары деуге болады.

Кітапта төрт кейіпкер бар. Олар: Әділет, Бақ-дәулет, Ақыл, Қанағат. Қоғамдағы, өмірдегі үйлесім осы төрт нәрседен тұрады. Олар 4 кейіпкердің атымен аталады:

  1. Күнтуды - Әділет бейнесі;

  2. Айтолды - әділ уәзір, Бақыт бейнесі;

  3. Өгдүлміш – уәзірдің баласы, Ақыл-сана бейнесі;

  4. Өдгүрміш, уәзірдің бауыры қанағат бейнесі.

Кітап осы 4 кейіпкердің сұрақ-жауабына құрылып, адамның ақыл-білімге, кемелдікке деген ізденісін сол кейіпкерлер сөзіне жинақтайды. Адам мүмкіндігі шексіз екендігі, адамның әділетке жете алатыны, ғылымның таным үрдісіндегі орны туралы айтылады. Бала тәрбиесі, адамгершілік, т.б. көптеген мәселелер қамтылған.

Ж.Баласағұнның «Құтты білігінде» қамтылған мәселе, айтылған ойлар автордың аса білімді адам екендігін көрсетеді. Ол ойшыл, ғалым, араб, парсы поэзиясын, түркі ауыз әдебиетін жетік білетін ақын, астрономия, математика, медицинадан хабары бар өз дәуірінің білімпазы болған.

Дастанның сюжеті автордың алға қойған міндеті дидактикалық мақсатқа - әділдікті, бақ – дәулетті, парасатты, қанағатты бейнелейтін 4 қаһарманның іс-әрекетіне тікелей байланысты етіп құралған.

Қысқаша мазмұны. Әділ саясатымен жер-жаһанға мәшһүр болған Күнтуды деген патшаға оның атақ-даңқын естіп, тәнті болған Айтолды деген данышпан іздеп, көп қиыншылықтан өтіп келеді. Патша оны алдымен әбден сынап, ақыры өзіне уәзір етіп алады. Мемлекеттің барлық істерін соған сеніп тапсырады. Айтолды уәзірдің кезінде елдің жағыдайы жақсарып, бақ-дәулеті арта түседі.

Айықпас дертке шалдыққан Айтолды өмірден өтеді. Ол төсек тартып жатып, Күнтуды патшаға және жас баласы Өгдүлмішке өсиет-уағыз айтады. Көп жылдардан кейін Өгдүлміш ер жетіп, Күнтуды патшаға қызметке келеді. Аз уақыттың ішінде білгірлігімен, ақылдылығымен, іскерлігімен көзге түскен ол әкесінің орнын басып, патшаның сенімді серігі болады. Патша енді мемлекеттік істерді соған сеніп тапсырады. Ол ел басқару ісін әкесінен де жақсы жүргізеді. Елдің бақ-дәулеті одан сайын арта түседі.

Бір күні патша онымен әңгімелесіп отырып, Өгдүлмішке көмекші болуға жарайтын іскер адам керектігін айтады. Өгдүлміш оған лайықты Өдгүрміш деген бір туысқаны бар екенін айтады. Патша оны маған тауып әкел деп өтініш жасайды. Өгдүлміш көп іздеп, ақыры оны табады. Ол кісі бұл дүниенің қызығынан безіп, тәркі дүние жолына түскен дәруіш болып, тау кезіп кеткен екен. Дана-дәруіш бес күндік пәни дүниенің күйкі тіршілігіне қайта оралғысы келмейтінін айтып, патша сарайындағы қызметтен, абырой-атақтан бас тартады. Екі рет шақырғанда да бармайды. Үшінші рет жәй әңгімелесіп, қонақ болып кетсін деп шақырғанда ғана келеді. Патша екеуі ұзақ сұхбат құрады. Бір-біріне сұрақ қойып, жауап береді. Сосын Өгдүрміш дәруіш дорбасын арқалап, тауға қайта кетеді.

Ақылды дәруіштің бұл қылығы Өдгүрмішті ауыр ойға салады. Ақыры ол таудың бір үңгірін мекен еткен Өдгүрмішке барады. Дәруіш бұл дүниеде адам үшін еңбек ету сауап іс, сен өз міндетіңді адал атқара бер деп кеңес береді. Өгдүлміш оған ризалығын білдіріп, өз қызметіне қайта оралады.

Көп жыл өткен соң бір күні Өдгүрміш ауыр науқасқа шалдығып, Өгдүлмішті шақыртады. Ол келіп, дәруіштің дертіне қатты қайғырады. Ақыры Өдгүрміш дүниеден өтеді. Ал Өгдүлміш өз ісін жалғастыра береді. Дастанның оқиғасы осымен бітеді.

Дастанның негізгі мән-мағынасы - қаһармандардың басынан өткізген оқиғаларында емес, солар арқылы айтылатын өсиет-уағыздар мен ғибырат сөздерінде жатыр. Дастанның сюжеттік бөлімі қаһармандардың өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, сондай-ақ бір-біріне жазысқан хаттарынан тұрады.

«Құтты білік» - аңыз әңгіме түрінде баяндалатын даналық сөз, өсиет, ғибырат. Дастан оқиғасы ХІ ғасырда Ыстықкөл, Жетісу мен Жоңғар өлкесінде болған шындыққа байланысты өрістейді. Дастан саяси және ғибрат, өсиет айту түріндегі трактат, адамгершілікке үндейтін, тәлім-тәрбие берерлік дидактикалық туынды. Онда жеке адамның өзін қоғамда, үй ішінде қалай ұстау керктігінен бастап, хандар мен билердің өз қарамағындағыларға, түрлі қоғамдық топтарға қалай қарауға тиіс екендігі жөніндегі көптеген мәліметтер қамтылған. Өзінің идеясы жағынан бұл дастан – жалпы адамгершілік, гуманистік тұрғыда жазылған дидактикалық шығарма. Автордың негізгі мақсаты – қараһандықтар мемлекетін нығайту, оның даңқын арттыру болған. Дастандарда баяндалған жайларда, этникалық принциптері жағынан, Орта Азия халықтарының әдеп нормалары негізге алынған.

Зерттелуі. «Құтты білік» ғылымға ХІХ ғасырдың бас кезінде белгілі болды. Оны алғаш Австрияның Стамбулдағы елшісі Иозеф Хаммер-Пургшталл тауып, Вена сарай кітапханасына тапсырған. Кейін ол 1820 жылы араб, парсы, түрік тілдерінде жариялап, мәлімет береді. Кейін Р.Жобер, Н.Березин, Н.Ильминскийлер дастанды танытуға күш салады. Дастанды зерттеумен Г.Вамбери мен В.В.Радлов арнайы айналысты. «Құтты білікті» әдебиеттану, тіл білімі, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуге С.Е.Малов, Е.Э.Бертельс, А.Валитова, К.Каримов, С.Муталибов т.б. мол үлес қосты. Дастанды қазақ тіліне ақын, ғалым А.Егеубаев аударды.

Әдебиеттер:

1.Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Оқулық.-Алматы,1986.

2.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.Оқулық.-Алматы: Атамұра,2005.-336 б.

3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. Түркі халықтары әдебиеті. Оқулық-хрестоматия.-Алматы,1996.

4. Келімбетов Н. Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті.-А., 1962.

5.Көбесов А. Әл-Фараби. Зерттеу.-А.,1971.

6.М.Қашқари. Түбі бір түркі тілі.-А., 1993.

7.М.Қашқари.Жаз бен қыс айтысы/ауд Ф.Оңғарсынова.-А.,1985.

8. Баласағұн Жүсіп. Құтты білік. Ауд. Асқар Егеубаев. Астана:Аударма,2003.-128 б.

7-8-дәріс. Ислам дәуіріндегі әдебиет. Қожа Ахмет Иассауи. «Диуани хикмат». Ахмет Иүгінеки. «Хибатул-Хақайық». Сүлеймен Бақырғани кітаптары

Оқыту мақсаты: Қожа Ахмет Иассауи-сопылық дүниетанымның негізін қалаушылардың бірі, ақынға әсер еткен ортасы. «Диуани хикметтің» идеялық мазмұны- «кемелденген адам» дәрежесіне жету.Ислам дәуірінің этикалық, моральдық, дидактикалық мәселелерін жырлаған Ахмет Иүгінеки-ақын. «Ақиқат сыйы» дастанының зерттелу тарихы. Идеялық мазмұны-ақын өмір сүрген қоғамдағы моральдық ұғымдар мен мінез-құлық нормалары. Шығыстың классикалық дәстүріне сәйкес Алланы, Пайғамбарларды, сахабаларды мадақтаудан бастауы, адамды адал өмір сүруге, ғибрат алуға үндейтін шығарома екендігі. Хакім атаның «Бақырғани кітабы»-түркі тілдес халықтардың ХІІ ғасырдан сақталған сопылық-дидактикалық ағымдағы алғашқы әдеби жәдігерліктерінің бірі. Сопылық идея. «Бибі Мариям»-пайғамбарлар, әулие-әмбиелер, әлемнің жаратылысы, т.б туралы жазылған сопылық-дидактикалық мазмұндағы жырлар.

Негізгі ұғымдар: тариқат, шариғат, хақиқат, сопылық, сахаба, пайғамбар, бәйіт, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1. Қожа Ахмет Яссауи-сопылық әдебиеттің ірі өкілі.

2. «Диуани хикмет»-исламның дін жолдарын поэзия тілімен өрнектеген жыр жинағы.

3. Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастаны-дидактикалық сарында жазылған шығарма.

4. Дастанның көркемдік ерекшеліктері.

5. «Бақырғани» кітабының гуманистік ой-пікірді ислам діні қағидалары тұрғысынан баяндауы.

ХІІ ғасырдан бастап Орта Азия мен Қазақстан жерінде ислам дінін дәріптеген сопылық кітаптар кең тарай түсті. Қала тұрғындары арасында дәруіш жыршылардың діни мистикалық уағыздары көбейді. Олардың ішінде кітап жазғандары – А.Яссауи, Н.Рабғузи, С.Бақырғани, т.б.

Сопылық әдебиеттің ірі өкілі, әйгілі ақын, кемеңгер ойшыл Қожа Ахмет Яссауи қазіргі Түркістан алқабында (Сайрам, Ясы маңында) ХІІ ғасырдың бас кезінде Ибраһим Махмуд шейхтың отбасында дүниеге келді. Яссауидің балалық, жастық шағы, оқуы мен білім алуы жайында әртүрлі пікірлер бар. Соңғы деректерге қарағанда, Яссауи жеті жасында әке-шешеден жетім қалып, жергілікті шейх Арыстан бабтың тәрбиесінде болады. Кейін туған жеріне оралып діни қызмет атқарады. Күнкөріс жолында қолөнермен шұғылданады, қарапайым халықтың мүддесін қорғайды, исламның жергілікті сопылық ұйымын құрады. Демек, Яссауи жалпы ғылым-білімнен, әсіресе теология, философия салаларынан терең білімі бар, ол білімді сопылық мақсатқа жұмсай білген, өзгелерге де үйретіп, шәкірт тәрбиелеп, өз заманының үлкен білімді адамы болған.

Яссауи – сопылық ағымның (суфизм) ірі өкілі. Исламдағы суфизм – ХІІ ғасырдан бұрын пайда болған мистикалық-аскеттік ағым. Ол идеологиялық және теориялық мазмұны жағынан қалыпты исламға оппозиция құрайтын тармақ, яғни суфизм исламның кейбір дәстүрлі (ортодоксальды) догматтарын қабылдамайды. «Суфизм құдай – абстрактілі, жеке өзіндігі жоқ бастау. Құранда айтылатындай, оның көкте болуы мүлдем міндетті емес. Яссауиде құдайдың бейнесі ... бірде от түрінде, бірде күн түрінде, бірде теңіз, т.б. түрінде көрінеді. Адам стихияның бір бөлігі болып, өзінің арғы бастауына, яғни құдайға оралуға бет бұрады. ... адам құдайдың бір бөлігі ретінде онымен табысады, құдайға қосылады, жалғасады. Сопылар үшін, құдайды тану - өмірдің мәні. Адам құдайдың бір бөлігі ретінде өзін тануы керек.» (Тәжікова К.К. Ислам: дүниетаным, ислам, саясат. А., 1989.)

Суфизм жалпы азаматтық идеяларды – теңдікті, әділеттілікті, адамгершілікті уағыздайды. Оппозициялық сипат ала тұра, Яссауи сопылық ілімі ресми исламды мүлде жоққа шығармайды, онымен ашық айтыспайды. Суфизм – исламның бір бұтағы болғандықтан, кейбір догматтары онымен ұштасып жатады.

Сопылықпен шұғылданған Яссауи өмірінің соңына дейін Түркістан, Сайрам қалаларында тұрады. 63 жасында жер астына түседі. Өлгеннен кейін оның басына Қарахан үкіметі үлкен күмбез орнатса да, ол ХІІІ ғасырда, Шыңғыс шапқыншылығы кезінде бұзылып қалады. Кейін Ақсақ Темір оның орнына үлкен сәулетті мазар орнатады. Бұл оның Түркістан өлкесін мекендеген халықтарды өзіне қарату үшін саяси мақсатынан туған.

Яссауиден қалған әдеби мұра – «Диуани хикмат» («Даналық кітабы») шығармасы. Бұл кітап сол кезде кең тараған шағатай тілінде (көне түрік) жазылған. Мұндағы мақсаты: түсініксіз араб, парсы тілінде жазылған құран мен мұсылман діни қағидаларын түркі тілдес халықтарға кеңінен насихаттап түсіндіру болған. «Хикметтер», негізінен, екі үлкен міндет атқарған: біріншіден-халықтың дінге деген рухани сұранысын қанағаттандырса, екіншіден – елдің көркемдік – эстетикалық сұранысын өтеген. Өйткені, «Хикматтар» жергілікті түркі тайпалары-қыпшақтар мен оғыздардың поэтикалық дүниелерінің үлгісінде (шамандар жыры) жазылған әрі сөз-образдары да дәстүрлі халық қолданысынан алынған. Сөйтіп, үні мен рухы жағынан халықтың тыңдауына, жаттап алып, айтып жүрулеріне ыңғайлы болған.

Бұл туралы Е.Бертельс былай дейді: «Оның жырлары күні бүгінге дейін қазақ даласынан Кіші Азияға дейін кеңінен тараған фольклорлық лириканың түрлерімен сырттай ұқсас болып отырады. Бұл ерекшелікті сопылық әдебиетке алғаш рет Яссауи бастап тұрақтандырды. Осыдан кейін өзгелердің дәруіштік поэзиясында да бұл үрдіс жалғасын тапты, сөйтіп жазба поэзия мен фольклордың байланысы бұдан былай жаңа сипат алды».

«Хикматтарды» қазақ тіліне аудару ісінде 1990 жылдардан бастап С.Битенов, Х.З.Имажанов, Ж.Әбдірашевтар жекелеген хикматтарын аударса, 1993 жылы «Диуани хикмат» жеке кітап болып жарық көрді (қазақ тіліне аударғандар: М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи).

Қожа Ахмет – дін уағыздарын жырлаған сопылық әдебиеттің өкілі. Ол озбырлық пен зұлымдыққа қарсы, дүниеқор дүмше молдаларды сынап, әділдікті, жақсы іс-әрекеттерді уағыздайды. Өмірдегі барлық ләззаттардан, шектен тыс баюдан, ашкөздіктен аулақ болуға үндейді. Хан, сұлтан, бай-бектердің дәруіштер үгітін тыңдамай, хақ жолын ұстамауы, бақ-дәулетке құмартып, озбырлық істеулері – заманның азғындауы деп түсіндіріледі.

Яссауи өзінің зеректігімен, шешендігімен, діни білімділігімен өз ортасына белгілі болып, көпшілік көзіне ерте іліккен. Құран шариғаттары мен әулие-пайғамбарлардың өмірін, олар туралы аңыз-әңгімелерді жақсы біліп қана қоймай, ол кезіндегі араб-парсы әдебиеті үлгілерін, түркі халықтары поэзиясын жетік меңгерген. Әр түрлі діни талас-тартыстардан да жақсы хабардар болған. Өзі дәруіштер ағымын қолдаған.

Өзінің құдай, құран, пайғамбар, сахабалар, туралы және өмірдің әр түрлі салалары, өмірдің мәні, табиғат сырлары туралы болжағандарынан зікір салып, құтпаға жиналғандарды тамсандырар өлең аралас өткір сөздерімен уағыз айта білген.

• «Хикметтің» басында оны неге жазғанын баяндайды:

«Бисмилла» деп баян еттім хикмет айтып, Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,

Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым, міне, Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.

Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып, Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,

Мен «Дәптер сәни» сөзін аштым, міне. Діні қатты халайықтан қаштым, міне Өзі туралы былай дейді:

Жеті жаста Арыстан баб келді бабам, Құрма беріп, мейірлене назар салды,

Хақ Мұстафа аманатын берді маған. Сол заматта-ақ кеудемде бір шырақ жанды.

Сол сәтінде-ақ көңілім тауып баян, Еркелете шақырып қасына алды,

Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім мен де. Мектеп барып қуанып тұрдым мен де.

• Адалдық, ізгілік жолына үндейді:

Сөзімді айтсам зейін қояр барша жанға, Қам көңілдің қайғысына дауа болған,

Жан жылуын, жүрек отын аңсағанға. Жолда шаршап-шалдыққанға сая болған.

Демеу болып ғаріп, пақыр, шаршағанға Махшар күні мархабат ет, пана болғын,

Кекірейген кердеңдерден қаштым, міне. Мейірі жоқ менмендерден қаштым, міне.

• Замана туралы:

Даналардың айтқаны келер болды, Үлкен –кіші адамнан ибалық әдет кетті,

Қияметтің қиянаты төнер болды. Қыз-бозбала жастардан әдеп кетті.

Ақымақтар айғаймен жеңер болды, Мінез-құлықты бұзатын әдет жетті,

Бұл не деген замана болды, достар! Бұл не деген замана болды достар!

• Алланың ақ жолына мойынсұнуға, жаман әдеттен қашық болуға шақырады:

Өз көркіңе өзің мәз бола берме, Алланы айтып тәубе қылғын жөнге кел де,

Өзіңе-өзің сұқтанғаның сірә жөн бе? Түн ұйқыңды төрт бөліп алдыңды ойла.

• Менмен болсаң, тамұқ күтіп алар алда, • Адам жеген әкімдер, құныққандар параға,

Тәккәпарлық халі ауыр, дозақ ол да, Өз бармағын тістелеп, өкініш отқа жанбақшы.

• Еріншек болмай оқуға, алыңдар білім кеңінен, • Дүниеге құмартып, жаһан малын жиғандар,

Жоққа, әрине, дауа жоқ, бардың жолын табыңдар. Құзғын жемін жегендер арамға әбден

Батпақшы.

Кітаптың соңында өмірдің ақыры таяу екені, енді о дүниеге пейіл беру керектігін жазған:

Ау, достарым, білмеймін, өлсем халім не болар,

Күні ертең көрге кірермін, сонда халім не болар?

Жылан кірсе қойныма, орала кетсе мойныма,

Не қалар мендей сорлыда, білмеймін, халім не болар?

Құрт-құмырсқа үймелеп, етімді жатса сүйрелеп,

Береді маған кім көмек, білмеймін халім не болар?

Ақын өлімге қиналып отырған жоқ, өлімге дайындалу керек дейді. Қайтсек күнәдан арылып, өлімге дайын боламын дейді.

Ахмет Иүгнеки - ХІІ ғасырдың орта кезі мен ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген аса көрнекті ақын, кезінде бүкіл Қарахан мемлекеті түркілеріне аты мәлім болған ғұлама ғалым. Ол өз шығармаларын сол кезде кең тараған түркі тілінде жазған. Ол Сыр бойындағы Жүйнек қаласында (қаз.Оңт. Қаз. обл.Түркістан ауд.) туып өскен.

А.Иүгнекидің бізге жеткен жалғыз шығармасы –«Хибатул-хақайық» («Ақиқат сыйы») дастаны. А.Иүгнекидің өмірі мен шығармашылығы туралы осы дастанда ғана кейбір деректер бар. Дастанның өзі түркі тілінде жазылған да, аты ғана арабша қойылған. «Ақиқат сыйы» дастанының көне қолжазбасы туралы алғашқы мәліметті түрік ғалымы Нәжип Асим 1906 жылы хабарлады. Қазір бұл шығарманың бірнеше қолжазба нұсқасы мәлім. Солардың ішінде ең көне әрі біршама жақсы сақталғаны- Самарқан нұсқасы. Ол қазір Стамбул кітапханасында(Айя-София) сақталған , бұл нұсқа 1444 жылы кқшірілген. Дастанның кейінірек көшірілген нұсқасын Нәжіп Асим түрік тіліне аударып, 1916 жылы жеке кітап етіп бастырып шығарды. Дастанның араб әрпімен көшірілген нұсқасының түрі қазір Берлин кітапханасында сақтаулы.

Дастанның ғылымға белгілі барлық нұсқасын салыстырып, толық мәтінін әзірлеген түрік ғалымы Рашит Арат Рахмат 1951 жылы латын әрпімен кітап етіп шығарды. «Ақиқат сыйы» дастанын зерттеп, аударуға, сондай-ақ, Е.Э.Бертельс, С.Е.Малов, В.В.Радлов, Ж.Дени, Г.Коволевский, К.Махмудов,т.б. қыруар үлес қосты.

«Ақиқат сыйы» - дидактикалық сарында жазылған шығарма. Дастан біртүтас желілі сюжетке құрылмаған. Шығарманың әр тарауында белгілі бір мәселе жөнінде әңгіме болады, автор оқушысына тиісінше ақыл-кеңес беріп отырады. Дастан өзінің көтерген тақырыбы мен идеялық мазмұны жағынан моральдық ұғымдар мен мінез-құлық нормаларының жиынтығы болып келеді. Адамның қалай өмір сүруі керектігі туралы сауалға автор жауап іздеп, өсиет-уағыз айтады.

«Ақиқат сыйы» дастаны «Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны жайында» деп аталатын жырдан басталады. Онда:

Айтайын білім жайын, құнты бар бол,

Ей, достым, білімдіге ынтызар бол.

Ашылар білімменен бақыт жолы,

Білім ал жолға түсіп бақыт толы,-

деп білімнің пайдасын жырлайды. Сондай-ақ, басқа тараулары «Тілді тиып ұстау-әдептіліктің шарты», «Тіл жайында», «Дүниенің өзгеріп тұратыны жайында», «Жомарттық пен сараңдық жайында», «Ізгі мінез бен жарамсыз қылық жайында», т.б. деп аталады. Дастанның соңғы жағында адам бойындағы ізгі қасиеттер туралы өз ойын қорыта келіп, оқырманға қарата былай дейді:

Ей, досым, жаздым кітап түркішелеп,

Мейілің сен, мейілің қала ерекше елеп.

Артымда ат қалсын деп жаздым мұны,

Ғажайып таңсық сөзбен ерекшелеп.

Дастанда адам адал өмір сүру керек, сараң болмауы керек, жомарт жанды, білімді кісіні қадірлеу керек деген сияқты өсиеттер айтылады. Дастанда, негізінен, оқу-білім мәселесі, адамгершілік мінез-құлық қағидалары, этика, әдептілік, т.б. моральдық мәселелер сөз болады.

«Ақиқат сыйы» дастаны көркемдік сапасы жағынан ерекшеленеді. Автор сөзді ажарлап, құбылтып шебер пайдалана білетін сөз зергері. Дастанда мақал сияқты ұтқыр ойға құрылған жолдар көп кездеседі. Олар дидактикалық сарындағы ақыл-өсиет, уағыз, ғибрат сөздерден тұрады. Дастанда теңеу, метафоралар, егіздеу әдістері зор шеберлікпен пайдаланылған. Дастан аруз (11 буынды өлең жүйесімен) өлшемімен жазылған. Ұйқасқа назар аударсақ, алғашқы 4 тарау монорифима: а-а, в-а, с-а болып, бесінші тараудан бастап төрттік қара өлең (а, а, в, а) ұйқасымен жазылған.

Дастанның мазмұны 14 тарау, 235 бәйіттен тұрады. Шығыстың классикалық әдебиеті дәстүріне сәйкес алғашқы 3 тарауы аллаға, пайғамбар мен оның 4 сахабасына құлшылық қылудан басталып, шығарма Датбек деген шахтардың біріне бағытталады. 4-тарауда Датбектің адамгершілігі зор, әділетті басшы, ақыл иесі дана, қайырымды шах болғандығы дәріптеліп, дастанның жазылу себептері түсіндіріледі. 5-8 тарауларда білімнің пайдасы түсіндіріліп, адамгершілік ақыл-өсиеттер айтылады. Адам ұстамды, ақыл-парасатты болып, әділет үшін еңбек етуі керек, тіліңе сақ боп, орынсыз сөз айтпай, басқаны жөнсіз тілдемей, тату өмір кешу орынды дейді. Себебі, дүние өткінші, дүниеде өзгермейтін еш нәрсе жоқ, өмірде жамандыққа орын бермей, жақсы өткізген абзал дейді. Кейінгі тарауларда дүниеқорлық, малжанды пендешілікті сынға алады. Опасыз, нәтижесіз бос өткен өмірге қарсылық білдіреді. «Ақиқат сыйы» дастаны қазақ тілінде 1985 жеке кітап болып басылып шықты.

Дәруіштік әдебиеттің көрнекі өкілі – Сүлеймен Бақырғани. Оның халық арасында тараған лақап аты – Хакім ата. Хакім атаның ел арасында бірнеше кітабы таралған. Оның кітаптарын кейін медреселерде көп оқытқан. Діни оқу орындарында оны оқу құралдары ретінде пайдаланып, оның әулиелер өміріне байланысты хикаяларын шәкірттерге жаттатқан. Сүлеймен Бақырғани немесе Хакім ата – Орта Азияға әйгілі Қожа Ахмет Яссауидің талапты шәкірттерінің бірі ретінде танымал, ұзтаздық оқуын жалғастырушы дәруіш, ХІІ ғасыр поэзиясын дамытуға үлес қосқан орта ғасырлық жазба әдебиеттің санаулы өкілдерінің бірі.

Хакім ата Қаратау жазығын жайлап, Сыр бойын қыстаған қазақтар арасынан шыққан. Түркістан қаласында туып, сонда тәрбие алған. Кейін өз бетімен ізденіп, көп жерлерді аралап, шығыс мәдениетімен жете танысқан. Ұстазы Яссауи ақылымен Самарқанд, Бұқара, Дамаск, т.б. қалаларда оқып, рухани өсіп, білімділер қатарына қосылып, аты әйгілі Хакім ата (ғұлама ата) атанған. Өмірінің соңғы кездерінде Хорезмде қызмет еткен, Бақырған деген қыстақта тұрып, сонда 1136 жылы 82 жасында дүние салған.

С.Бақырғани шығармалары туралы деректер жоқтың қасы. Оның ең қабілетті шәкірті, жолын қуған мүридтерінің бірі болғаны ғана белгілі.

Хакім атаның бұрын көп мәлім болмай, басқа бір молдаға таңылып келген «Ақыр заман» кітабын С.Е.Малов жариялады, ол 1897 жылы Қазанда басылып шықты. «Ақыр заман» немесе «Тағдыр ғажабы» кітабы, негізінен, адамның ғұмырнамасы дерлік діни-фантастикалық туынды. Негізгі кейіпкер – Мұхаммед пайғамбар. Ол ақыр заман зардабына ұшырап, өлгендерді құдай тағала қайта тіріліп, тергеуге алғанда, өз үмбеттеріне жақтас боп, оларды тамұқтан алып шығады, жұмақ бағына енгізеді. Аллаға өз сөзін өткізеді.

Бұл кітаптан шығар ұғымдар-жақсылық пен жамандық атаулы алла тағаланың әмірімен, ақыр заманның болатыны да содан. Автордың ойынша, ақыр заманда дүние-ғалам түгел жойылып кетпейді. Өмір жалғасады. Өмір оты бір жола сөнбейді, ол қайта тұтанады. Бәрі бір алланың өз қолында.

Хакім атаның «Бақырған» деп аталатын кітабы Ташкент, Қазан қалаларында басылып шыққан. Ол кітапта да «Ақыр заман» сияқты өмірдің өткіншілігін сөз етіп, дін жолына, тағдырға мойынсұнуды уағыздаған. Дүние, мал-дәулетке онша қызықпай, оған беріліп адамшылықтан безбей, құдайға шын ниетпен құлшылық етуге, пақыр-міскіндерге аяныш білдіріп, жәрдем көрсетіп, алғыс, пәтиқа алуға үндеген. Иманды ізгілікті жақтаған.

Хакім ата өлеңдері мазмұны, тілі жағынан Яссауиден көп алшақ кетпейді. Бақырғани шығармаларының түпнұсқасы сақталмаған. Ақын шығармаларының көшірме нұсқалары 15 ғасырда жазылған, баспа бетін 19 ғасырда көрген. «Бақырған» деген көлемді жинақ 1902 жылы, «Әулие Мария туралы кітап» 1878 жылы басылды. С.Бақырғанидың «Хакім ата» хикаясы жеке кітап болып 1896 жылдан бастап бірнеше рет басылды.

«Бақырған» жинағының кіріспесінде автор ұстазы Яссауиге арнау мадақ айтады. Сол сияқты жасаған иеге сыйыну да жеткілікті берілген. Өзінің дін жолына деген шын ниетін білдіріп, қажылық құрып, әулиелік жолда қызмет ету талаптарын баяндайды.

Қазылар санатына кірсем, Кеште кедейлер үйіне қонсам,

Ғинаят шәрбатын ішсем. Нәпсімді тиып, адал ниетпен отырсам.

Жауыздар сөзінен қашсам, Халықтан үйреніп, жиянкез болсам,

Нәпсімді басып рухтанып, шүкірлік етсем. Өсектен аулақ Ғарафат тауына шықсам,

Таң сәріден тәуба етіп, Сүлеймен Бақырғани деп танытсам!

Аруағына пайғамбардың бірер сүре оқысам.

Осы ойлар ақынның өмірлік мұраты болған. Сол жолда ол барлық өмірін сарп еткен. Яссауи мен Бақырғани шығармалары жазба әдебиетінің ілкі өкілдері ретінде әдебиет тарихы үшін маңызды. Олар – белгілі ағым өкілдері, софылық, дәруіштік поэзияның негізін салушылар

Негізгі әдебиет:

1.Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Оқулық.-Алматы,1986.

2.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.Оқулық.-Алматы: Атамұра,2005.-336 б.

3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. Түркі халықтары әдебиеті. Оқулық-хрестоматия.-Алматы,1996.

4.Келімбетов Н. Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті.-А., 1962.

5.Қожа Ахмет Яссауи. Диуани хикмат /ауд Х.Иманжанов.-Түркістан, 1991.

6.Ахмет Иүгінеки. Ақиқат сыйы /ауд Ә.Құрышжанов.-А.,1985.

9-10-дәріс. Алтын Орда әдебиеті туралы. Рабғузи қиссалары. «Кодекс куманикус» кітабы. Хорезми. «Мухаббат наме». Құтып «Хұсрау-Шырын». Сайф Сараи. «Гулистан бит-турки»

Оқыту мақсаты: : Алтын Орда халқының этникалық құрамы. Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің дамуына Дешті Қыпшақ пен Мысыр арасындағы түрлі саяси, мәдени, әдеби байланыстардың зор ықпалы болғандығы. Рабғузидің қиссаларының сюжеттік жағынан әулие-әмбиелер, пайғамбарлар жайындағы аңыз-ертегілер жинағы болып табылатындығы. Сайф Сараи-Алтын Орда дәуірі әдебиетінің аса көрнекті өкілі, лирик, эпик жазушы, аудармашы. «Түркі тіліндегі Гүлістан» еңбегінде қысқа әңгімелер, аңыздар, хикаялар, күлкілі әңгімелер берілген. Сағди жиһаркез адам. Сондықтан ел кезіп жүріп көрген-білгендерін жазып алып жүрген. Хорезми «Мухаббат наме» дастанын Мұхаммед Қожабектің тапсыруымен жазған. Жігіттің қызға жазған он бір хаты дастанға негіз болған.

Негізгі ұғымдар: діни уағыз, Сүлеймен, Дәуіт, Мұса, қатыгездік пен мейірімділік, хикая, Сағди Ширази, бәйіт, жұмақ, дозақ, фард, месневи, т.б

Қаралатын мәселелер:

1. Алтын Орда әдебиеті туралы.

2.Насреддин Рабғузи қиссаларының көркемдік мәні.

3. «Кодекс куманикустағы» тағылымдық ойлар.

4.Хорезмидің өмір жолы.

5. «Мұхаббат-наме» дастанының зерттелуі, көркемдік ерекшеліктері.

6.Құтбтың шығармашылығы, дастанының тақырыбы.

7.Сайф Сараидың «Гүлістан бит-түрки» дастанының мазмұны, идеясы.

«Қисса» араб тілінде ертегі, әңгіме, мысал деген мағына береді. «Қисса» сөзін «хикая» немесе «хикаят» деп те айта береді. Қазақ әдебиеттану ғылымында Шығыс поэзиясы сюжеті негізінде жазылған дастандарды, жырмен баяндалған ертегі хикаяларды қисса деп атайды. (Келімбетов Н.Көркемдік дәстүр жалғастығы. 211 б.)

ХІІІ-ХІҮ ғасырларда қазіргі Қазақстан жерінде түркі тайпалары Алтын Орда мемлекетінің қол астына бірікті. Ол Шыңғысханның шапқыншылығына байланысты болды. Алтын Орда дәуірінде жасалған әдебиетте нәзирагөйлік үрдісі дамыды. Нәзирагөйліктің негізгі ерекшелігі- шығыста бұрыннан кең тараған сюжеттерді қайталап жазу. Жазушы осы тақырыпты өзінен бұрын жазып кеткен туындыгермен шығармашылық жарысқа түседі. Шығыс әдебиеттерінде ортақ қалыпты сюжеттерге Құран хикаялары, әулие-әнбиелер оқиғалары, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шахнама», т.б. жатады. Алтын Орда дәуірінде нәзирагөйлік тәсілмен жазылған шығармаларға: Әлидің «Қисса Жүсіп», Рабғузидың «Қиссас-ул-Рабғузи» («Қиссас-ул-әнбиа» деген атпен белгілі), Хұсам Кәтибтің «Жұм-Жұма», Құтбтың «Хұсрау-Шырын», Сайф Сараидың «Гүлстан-бит-түрки», Махмұд бин Әлидің «Жұмаққа апаратын жол» дастандары жатады. Тыңнан жазылған «Махаббат-нама» деген бір ғана шығарма белгілі.

Нәзира тәсілінің негізгі жанры-хисса. Хиссаның өзіне тән стилі, қалыпты желілері, шарттылықтары болады: мінсіз кейіпкер, оқиғаның шығыс елдерінде өтуі, тұрақты құрылым жүйесі, т.б. Қазақ әдебиетіндегі хисса жанрының түп-төркіні ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы түркі әдебиетінен бастау алады.

Алтын Орда заманында жазылған «Хиссас-ул әнбия» кітабы-орта ғасырдағы шығыс ертегі-аңыздарының, мифтік сюжеттердің, әңгіме, өлеңдердің жинағы. Олардың көпшілігі күні бүгінге дейін қазақ ертегілерінде айтылады. «Қиссас-ул әмбиа» кітабы ХХ ғасырдың басында Қазан, Ташкент қалаларында басылып шығып, ел арасында кеңінен танымал болған. «Хиссас-ул әмбиядағы» кейбір хисса әңгімелерді қазақ ақындары өлеңге айналдырған (Т. Ізтілеуов, «Лұқпан хакім», «Ата мен бала», т.б.). «Біржан мен Сара» айтысында Сарамен «Қиссас-ул әмбианы» мысалға келтіруі оның қазақ арасында кеңінен тарағанын көрсетеді.

Сараның: Ей, Біржан, кімге дәрт амандығың,

Сөз білсең, бұл да сенің жамандығың.

«Қиссас-ул әмбиадан» естімеп пе ең,

Белгілі мағлұм болды амандығың, -

деуі бұл кітапты сауатты кісілердің бәрі білгендігін көрсетсе керек. Сара «Жасың кіші болғандықтан шығып сәлем беру жолың еді», - деп Біржанды сөзбен сүріндіреді:

Қауа анаға бұрын барған адам ата,

Есіткен жоқ па едің мұны да ақымақ? -

дейді. Себебі, Адам ғ.с. түрегеліп, Хауа ананың қасына өзі барған.

«Қиссас – ул әмбиа» 1310 жылы Насреддин Тоқбұғы деген кісіге арнап жазылған. Кітап авторы – Рабати Оғыз қыстағының қазысы Бұханеддин ұлы Насреддин Рабғузи. Рабғузи – ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІҮ ғасырдың басында өмір сүрген жазушы. «Сенің қолыңнан шыққан, қаламыңнан түзілген сөз оқуға, үйренуге жеңіл, түсінікті болады деп жұрт қолқалаған соң тәңірден тауфиқ тілеп, кітап бастадым», - дегеніне қарағанда өз заманындағы білікті кісі болғандығын тануға болады. Араб, парсы тілдерінде жазылған «Қиссас –ул әмбианы» түркі тілінде сөйлеткен, оларды негізге ала отырып, түркіше нұсқасын жасаған білімпаз. Шығарманың ең ескі көшірмелері Британ музейінің кітапханасында (Лондон), М.С.Салтков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасында сақталған.

Рабғузи «Қиссас-ул әмбианы» («Әулиелер туралы әңгімелер») 1309-1310 жылдары жазған. Бұл шығарма 72 аңыз-әңгімеден тұрады, ол Таурат пен Құранда баяндалған оқиғалар негізінде жазылған, прозалық әңгімелер өлең-жырмен аралас келіп отырады. Әр пайғамбар жайында халықтың сана-сезімінің дәрежесі, оларды қалай қабылдағаны, ислам дінін сол заманда халыққа таратуда қандай қиындықтар мен соғыстар, сергелдең мен жеңістер болғаны жайлы айтылады. Кітаптың жалпы мазмұнын былай бөліп қарастыруға болады:

  1. Табиғат, жаратылыстың пайда болуы жайындағы;

  2. Әулие-әнбиелер жайындағы діни-мифологиялық әңгімелер, аңыз-қиссалар;

  3. Тарихи діни қайраткерлер туралы қисса-хикаялар.

«Қиссас-ул әмбиа»-ежелгі миф-аңыздар, қисса-хикаялар, өлеңдер жинағы сияқты туындыларды бүгінгі күнге жеткізген құнды мұралардың бірі. Рабғузидың «Қисса-ул әнбиа» кітабын Р.Мұқанова қазақ тіліне аударды.

Алтын Орда мемлекеті нығайып тұрған кезде қыпшақ тілі үстем тілге айналды. Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-ХҮ ғ.) Жоңғар қақпасынан бастап, Дунайға дейінгі аралықты мекендеген елдің бәрі де қыпшақ тілін білетін, түсінетін болған. Қыпшақтарды орыстар половцы, кейде печенгілер деп атаса, Европа жұртшылығы кумандар деп атаған. Ол кезде Европа елдерінде латын тілі, ал исламдық Азия мемлекеттерінде парсы тілі ресми, әдеби тіл болған.

Орта ғасыр ескерткіштерінің бірі – «Кодекс куманикус» кітабы. Ол латын тілінен аударғанда «Кумандар кітабы» (жинағы, сөздігі) деген мағына береді, яғни қыпшақ тілі туралы жинақ. Қолжазбаның түпнұсқасы готикалық деп аталатын көне жазумен ХІІІ-ХІҮ ғасырларда жарияланған. Авторы белгісіз. Қолжазба Венециядағы Марк әулие кітапханасының қорында сақтаулы. Оны кітапханаға Италияның атақты ақыны Ф.Петрарка 1362 жылы сыйға тартқан.

Бұл кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде үш бағана етіп жазылған латынша-парсыша-куманша сөздік берілген. Батыс Европа мен Шығыс елдерінің араластығы тұсында осындай сөздіктің қажеттілігі ескеріліп, тіл үйрену мақсатында осылайша оның қолайлы болуы көзделген. Екінші бөлімде сан түрлі аңыз-әңгімелер, аңыздар жинақталған. Ондағы мақсат-христиан дінін уағыздау болса керек, мұнда осы діннің пайдасы жайындағы түрлі уағыз-өсиет сөздер, Христостың өмірі, Мария әулие, киелі апастолдар туралы діни хикая-аңыздар бар.

Бұл кітапты қазақ тілі тұрғысынан зерттегендер Ә.Құрышжанов, Н,Сауранбаевтар болды. 1978 жылы А.Құрышжанов, А.Жұбанов, А.Белботаевтардың «Куманша-қазақша жиілік сөздік» деген атпен тұңғыш басылымы шықты. Түркі халықтары тілдерінің даму жолдары, арғы тегі, әр кезеңде өзгеріске ұшырауы, басқа халықтармен қарым-қатынасы сияқты мәселелерді зерттеуде бұл ескерткіштің маңызы зор. Әдебиет үлгілерінің алғаш жазбаға түскен ілкі нұсқаларынан мәлімет беруімен де құнды. Мұнда көне қыпшық ауыз әдебиеті үлгілерінен мол деректер бар, сондай-ақ бұрынғы халықтардың этикалық, эстетикалық сенім-сезімдерін танытуда да маңызы бар.

Сөздікте қазақ халқының әдеби тілінде жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері мол ұшырасады: ат, ата, азамат, айна, ақ, айыл, ақ қой, ақша, айран, аяз, т.б. Тілімізде қазір де кездесетін мынадай жұмбақтар берілген:

Сенде, менде жоқ,

Сеңгір тауда жоқ,

Отта, таста жоқ,

Қыпшақта жоқ. (Құс сүті).

Ішер, жер,

Ініне кірер (Пышақ).

Аузын ашса, өңмені көрінеді (Үй ортасындағы от).

Ұзын ағаш басында

Ұлы бітіс бітірдім (Көсеу).

Белдеуде бес ат,

Бесеуі де қасқа ат (Бес саусақ).

Ақ үй, аузы-басы жоқ үй (Жұмыртқа).

Сөздікте ежелгі қыпшақша апта мен ай аттары, жыл мезгілдері бар: ерте, кеш, бір сәт уақыт, түс, бүгін, түнеугүні, жұма, сейсенбі, сәрсенбі, орта қыш ай-қазан, құрбан байрам айы-қараша, т.б. Сөздікте бұрын-соңды қыпшақтармен көрші отырған, аралас болған халықтардың мәдениетінің әсері де байқалады. Атап айтқанда, ислам дінінің, араб-парсы мәдениетінің, христиан, католик діндерінің, орыс, итальян халықтарының ұғым-түсініктері, сөздіктері кездеседі.

«Кодекс куманикус» - қыпшақ даласында ХІ-ХІІІ ғасырларда жазылған, сол кездегі қыпшақ тілі мен әдебиетін зерттеу үшін аса құнды материалдар беретін жазба ескерткіш болып саналады.

Алтын Орда дәуірі әдебиетінің ең көрнекі үлгісі – Хорезмидің «Мұхаббат-нама» дастаны. Хорезми (бүркеніш аты – Раванди) - өз заманының білімді ақыны, парсы тілін жақсы меңгерген жазушы болған. Хорезми (бүркеншік –Раванди ) - өз заманының білімді ақыны, парсы тілін жақсы меңгерген жазушы болған. Хорезми атануының себебі, қыпшақтар мемлекетінің сол кездегі орталығы Хорезм болған, ақын сонда тұрып, еңбектенген.

«Мұхаббат-нама» - лирикалық дастан. Ақын Хорезми –Алтын Орда ханы Жәнібектің тұсында өмір сүрген. Сол Жәнібектің Сыр бойындағы әкімдерінің бірі Мұхаммед Қожабектің тапсыруы бойынша «Мұхаббат-наманы» жазған. Мұхаммед Қожабек -Құтлүғ Темірдің інісі. 1349-1356 жылдары билік құрған ол поэзия мен музыканы қадірлеген, өзі де ақын болған.

Дастанның ұйғыр және араб әрпімен жазылған екі нұсқасы бар. Тілі - көне түркі мен парсы аралас. Оның ұйғыр әрпіндегі нұсқасы Мансұр деген кісінің көшірмесі ретінде сақталған. Кітапты жазушы Сырдың бойында, тышқан жылы жазып бітірдім деп ескертеді.

Ғылымға бүгінгі күнге дейін «Мұхаббат-нама» дастанының екі қолжазба нұсқасы мәлім. Олардың екеуі де Лондонның Британ музейінде сақтаулы тұр. «Мұхаббат-наманы» тұңғыш зерттеген ғалым А.Н Самойлович болды. Ескерткіштің ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасын А.М. Щербак тілдік тұрғыдан зерттеді. Э. Наджип екі нұсқаны өзара салыстыра отыра зерттеп, қазіргі әріптермен транкрипция жасап, орыс тіліне аударды. Сондай-ақ бұл шығарманы өзбек ғалымдары С.Қасимов, В.Валиходжаев, Н.Маллаев,т.б. зарттеді.

«Мұхаббат-нама» дастанының араб әрпімен жазылған нұсқасы 473 бәйіттен тұрады. Дастан мазмұны хат түрінде, сұрақ-жауап түрінде баяндалған. Жігіттің қызға жазған 11 хаты жырға негіз болған. Жырда жалпы адамгершілік, ізгі ниеттер, жақсы адамдарға тән қасиеттер дәріптелген. Автор мүскінге жәрдем етуді, жақсылық жасай білуді гуманистік тұрғыда бейнелеген. Шах, сұлтандардан рахымдылық талап етілген. Бейбіт өмірді тілеп, жаугершілікке қарсы пікірлер айтады. Дүниенің өзгермелілігін, өмірдің мәңгілік емес екендігін ескерте отырып, автор өз замандастарын әділетікке, тәубешілдікке, қанағатшылдыққа үндеп, адамгершілік ойлар ұсынады. Өнер-білім, еңбек жемістерін жоғары бағалайды. Ақын әуелі оқырмандарды Мұхаммед Қожабекпен таныстырып өтеді, ол туралы қорытынды бөлімінде де көбірек айтады. Автор оны мадақтап, батыр, асыл текті, мырза, көреген деп дәріптейді.

Дастанның негізгі бөлімінде жігіттің сүйген қызына деген мөлдір махаббаты жырланады. Жігіт сүйген қызының әдемілігіне теңеу таппай, оны Айға да, Күнге де балап, сұлулықтың керемет картинасын жасайды. Діни-мистикалық қиссалардан өзгешелігі - мұнда ақын адамға деген махаббатты зор шабытпен жырлайды, реалды өмірдің қадір-қасиетін жоғары бағалайды. Шығарманың бас қаһарманы өз сүйіктісі үшін ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайды, Сүйіктім қасымда болсаң, маған жұмақтың керегі жоқ» деген батыл сөздер айтады. Мына дүниедегі сүйіспеншілік сезімін «о дүниенің» барлық қазынасынан мың есе артық деп бағалайды:

Мың хор қызы - сенің бір тал шашыңа жетпес,

Жүзіңнің жарқ еткен бір нұрына мың нұр жетпес.

Егер тәңірі тілегімді қабыл етсе,

Сенсіз маған жұмақтың керегі жоқ.

Сен жоқ жерде кісінің жаны бола ма?

Сен жоқ жерде өмірдің сәні бола ма?

Хорезми өзі жырлаған қызды тек қана сұлу деп көрсетумен шектелмейді, оны өте ақылды, сүйгеніне адал, адамгершілігі жоғары, инабатты, ізгі жан деп көрсетеді. Сөйтіп, махаббат жайын әлеуметтік мәселе дәрежесіне дейін көтереді. Жігіт бар сырын ақтарып, ғашығы үшін ажалдың өзінен де тайсалмайтынын сездірсе де, қыз оның жан дүниесін түсінбейді, мұны жігіттің хаттарынан аңғаруға болады. Ғашықтық дертіне ем таппаған жігіт ақыры онымен қоштасады:

Көңілге өзгенің махаббатын жуытпан,

Жырақта жүрсем де, өзіңді ұмытпан.

«Мұхаббат-нама» сюжеті қызықты, тілі көркем, көріктеу құралдары мол, құрылысы шебер жасалған дастан. Автор ажарлау құралдарын молынан қолданып, жырдың эстетикалық әсерін арттырып отырады. Дастан тілінде «нәркес көз», «шекер сөз», «қылдай бел», «лағыл ерін» секілді әдемі теңеулер көп. Қалың қолдың қан майданға кіргенін - аш қасқырдың қойға түскеніне, қыздың бір тал шашын - мың хор қызына теңеуі ұтымды шыққан. «Сен сұлтансың, ал мен- бақытсыз тұтқынмын» деген метафоралар, «Қара меңін ақ жүзінде жарасар» деген шендестірулер де кездеседі. Сөзді ойнатып, ойды құбылтуды да пайдаланған:

Сенің атың желгенде- жел озады,

Сенің атың күн секілді әлемге тарады.

Егер сені рүстем десем,- жарарсың,

Қылышыңмен жау қатарын жарарсың.

«Мұхаббат-наманың» өлең үлгісі негізінен екі тармақты, он бір буынды болып келеді. Дастанның екі, үш, төрт буынды ұйқаспен келетін тұстары да бар. Бұл дастан қазақтың лиро-эпостық жырларымен сарындас, үндес түрі жағынан да ұқсас болып келеді. Хорезми сәтсіз махаббаттың трагедиясын жырлай отырып, қоғамдық- әлеуметтік мәселелерді де сөз етеді, сол заманның кейбір теңсіздік мәселелеріне наразылық білдіреді.

«Мұхаббат-нама» дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан маңызы зор. Әдебиетімізхдің тарихы мен даму жолдарын, қазақ тілінің даму сатыларын, халқымыздың өткендегі әдет-ғұрпы мен салт-санасын тереңірек ұғынуға тигізер ықпалы үлкен.

Шығыс классикалық әдебиетінің ғажайып үлгілері ХІІІ-ХІҮ ғасырларда ұлан- ғасыр қыпшақ даласына кеңінен тараған еді. Фирдауси, Низами, Сағди сияқты есімдері әлемге мәшһүр Шығыс ақындарының шығармалары Алтын Орда мен Орта Азия түркілерінің сол кездегі әдеби тіліне көптеп аударыла бастады.

Сарай қаласынан шыққан көрнекті ақындардың бірі-Құтб. Ол ХІҮ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген. Алғашында Сырдария бойындағы Сығанақ қаласында, сосын Сарай қаласында тұрады. Кейін мамлюктік Египедке барып, сонда тұрып қалған. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет аз. Құтб- ақынның лақап аты болса керек, шын аты-жөні белгісіз. Құтыбтың бізге жеткен жалғыз шығармасы бар, ол-«Хұсрау уа Шырын» дастаны, ол қазақ арасында «Хұсрау-Шырын» аталып кеткен. Бұл шығарма әзірбайжан халқының кемеңгер ойшылы, ұлы ақыны Ілияс Жүсіпұлы Низамидің «Хұсрау мен Шырын» атты поэмасының аудармасы. Оны түпнұсқадан, яғни парсы тілінен қыпшақ-оғыз тіліне еркін аударған ақын Құтб болды. Құтб ақынның бұл дастаны қазақ оқырманы арасында ерте кезден-ақ кең тарағаны жақсы мәлім. Азербайжан халқының кемеңгер ақыны Низамидің «Хұсрау-Шырын» поэмасы қыпшақ-оғыз тіліне 1341-1342 жылдары аударған болса керек.

Бұл - Тыныбектің Алтын Орда тағына отырған кезі. Аудармашы дастанда Тыныбек пен Малика ханымға арнайды. Құтбтың бұл дастаны 91 тараудан тұрады. Көлемі-240 бет. Дастан 4740 бәйіттен тұрады (Низамиде 7000 бәйіт). Дастанның біздің заманамызға жеткен жалғыз көшірмесі қазір Париждің ұлттық кітапханасында сақталып келеді, оның фотокөшірмесі негізінде тілдік және әдеби зерттеулер жүргізілуде.

Дастанды алғаш зертттеуші поляк ғалымы А.Зайончковский түркі тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған аса құнды мұра деп бағалады. Ол мұны тікелей аударма емес, қайта өңдеп жазылған туынды деп санады. Ал Е.Э. Бертельс оны Низами поэмасының толық көркем аудармасы деп білді. «Хұсрау-Шырын» дастанын Ә.Н.Несіп, А.Н.Самойлович, А.М,Щербек, Э.Р. Тенишев, Г.Ю.Алиев т.б. ғалымдар зерттеді. Дастанды қазақ тілі тұрғысынан зерттеп, ғылыми сөздігін жасаған А. Ибатов болды. Сөздікте дастандағы 4400 - ден астам сөз бен сөз тіркесіне түсінік беріліп, мысалдармен көрсетіледі. Бұл сөздіктен дастанның тілі қазірге қазақ тіліне жақын екендігін көруге болады.

Құтб ақын дастанның сюжеттік желісін сақтай отырып, көркемдігі мен формасы жағынан мүлдем жаңа шығарма жазып шыққан. Оған өз дәуіріндегі әлеуметтік мәселелерді енгізе білген. Құтб, сондай-ақ дастанды түркі дүниесіне лайықты көріністермен безендіре білген. Адам бойындағы ең асыл қасиеттер - адамгершілікті, мейірімділікті, білімділікті, еңбексүйгіштікті, адал махаббатты көтерген бұл дастанның тәрбиелік маңызы зор.

Дастандағы бас кейіпкер - Шырын сұлу. Ол тек сұлу қыз, адал жар ғана емес, сондай-ақ әділетті патша, халық қамқоршысы. Ол- Хұсрауды қайта тәрбиелеген мейірімді жан. Ол өз елінде ғана емес, Хұсраудың елінде де бейбіт өмір, молшылық береке болуын қалайды. Шырын басқарған кездегі халықтың жағдайын былай көрсетеді:

Енді қой мен қасқыр тұрып,

Бір бұлақтан су іше бастады.

Хұсрау- қыз махаббатына адал жан, Шырынға деген сезіміне өле-өлгенше берік болды, онсыз өмірдің мағынасыздығын түсініп, өзін мерт қылды. Шығармадағы күрделі образ- Хұсрау бейнесі. Ол екі қырынан көрінеді: бірінде: махаббатқа опасыз, ойын-сауыққа құштар, жеңілтек, екіншісінде: елге қайырымды, әділ патша бейнесінде. Дастанда осы екі Хұсрау арасында күрес көрініп, алма-кезек түсіп отырады. Ол сезімі тұрақсыздау, шынайы сезімді өткінші деп білетін кейіпкер ретінде көріңеді. Ақыры Шырынның ақыл-парасаты арқасында өзгереді. Сонда ол елді әділ билеушілерге ақыл-кеңес айту арқылы оларды түзеуге болады деген ой ұсынады. Ерекше назар аударатын образ- Фархад бейнесі. Ол-еңбекқор адам, ғалым, шебер, оның бейнесі арқылы нағыз ғашықтың бейнесі жасалған. Оның өлімі- жеңілгендігі емес, жеке басының трагедиясы болып табылады.

Қысқасы, Құтб ақын «Хұсрау–Шырын» дастаны арқылы ұлы Низамидің прогрессивтік ой-пікірлерін білдіре отырып, өз кезіндегі Алтын Орда мемлекетінің саяси-әлеуметтік меселелерін зор шеберлікпен ашып көрсеткен. Бұл дастан қазақтың лиро-эпостық жырларымен сарындас, мейлінше жақын болып келеді. Сондықтан оның әдебиет тарихындағы маңызы зор

ХІҮ ғасырдағы Алтын Орда әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі-Сайф Сараи. Ол лирик әрі эпик ақын, жазушы әрі аудармашы ретінде әдебиеттің дамуына зор ықпал еткен қаламгер. Ол өзі шығармаларының бәрін қыпшақ тілінде жазған. Оның бізге жеткен еңбегі-«Гүлстан-бит-турки»(«түркі тіліндегі Гүлстан»). Бұл парсы-тәжік әдебиетінің классигі Сағди Ширазидің» Гүлстанә шығармасының еркін аудармасы. С. Сараи бұл шығармасын Сарай қаласында бастап, Египеттегі Ніл өзені бойында жазып бітірген екен. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, С.Сараи 1321 жылы туып,1396 жылы өлген. Дастанды 1391 жылы жазып бітірген сияқты. Шығарма 1915 жылы Голландиядан табылды. 1950 жылы проф. Феридун Нафиз Узлук Голландияның Лейден университетінен «Гүлстанның» фотокөшірмесін алып, 1954 жылы алғыс сөзімен жариялады. Бұл әдеби мұраны егжей-тегжейлі зерттеген Ә.Н.Нәжіп болды. Ол бұл шығарманың қыпшақ тілінде жазылғанын дәлелдеп, түркі тілдерінің ішінде қазақ тіліне өте жақын екенін айтты.

Бұл шығарманы С.Сараи Сағди ақыннан аудару барысында композициялық құрылысын бұзбауға тырысқан. Дастан сегіз тараудан тұрады:

1.Ел билеушілер туралы

2.Халық бұқарасы жайында

3.Қанағат-ынсаптың пайдасы жөнінде

4.Тілге сақ болу туралы

5.Жігіттік шақтың көріністері хақында

6.Кәрілік туралы

7.Тәлім-тәрбиенің әсері туралы

8.Әңгімелесудегі әдептілік мәселесі

С.Сараи да Сағди сияқты бұл шығарманы проза түрінде жазып ара-арасында өлең сөзбен қорытындылап отырады. Еркін аударма сипатындағы бұл шығармада С. Сараи оны мейлінше Дешті Қыпшаққа жақындата түскен. Ол шығарманың идеялық көркемдік дәрежесіне нұсқан келтірмей бірақ табиғатын өз халқының ұғым-түсінігіне барынша етене қылған.

«Гүлстанның» алғашқы беттерінде Сараи осы шығарманы аударуға не себепші болғаны туралы былай дейді: «Бірде мен роза гүлдері жайқалған бақ ішінде ғұлама ғалымдармен әңгімелесіп отыр едім. Сөз саптау, сөйлем құру турасында әңгіме өрбіген бір кезде мен тамаша бәйіттер оқыдым. Сол кезде ғалымдардың бір ақсақалы маған аруз өлшемімен жазылған бір өлеңнің құрылысы туралы сауал қойды. Мен оған дереу жауап бердім. Сонда ол шейх Сағдидың «Гүлстанын» түркі тілінде аударып оны бір бақытты жанға арнасаң жақсы болар еді» деген тілек айтты. Мен сол тілекті қабыл алдым да іске тез кірісіп кеттім. Бұл кітапты сол себепті «Гүлстан» деп атадым. Мұнда тамаша әңгімелер, ғиббрат сөздер, жақсы лебіздер жинақталды. С.Сараи өз шығармасында Сағди шығармасын тәржімалаумен қатар оған өз өлеңдерінде жымдастыра кірістіре білген.

«Гүлстан бит-турки» тұтас сюжетте құрылған шығарма емес. Онда қысқа-қысқа әңгімелер, хикаялар, өлеңдер беріліп отырады. Сағди- өмір бойы ел аралап жиһангез болған адам, ол қоғамдық өмірдің барлық сатысындағы адамдарды көрген, солардың бәрін ескеріп, сол орталарда естіген әңгімелерді, хикаяттарды, өлеңдерді күлдіргі әңгімелерді, афоризмдерді жинап жүргенге ұқсайды.Ақын тәрбие ықпалымен адамдарды жақсылыққа баулуға болады деп білген. Адамдық ең асыл қасиеттерді адам бойына, оқырмандарына себуге тырысқан. Сондықтан, оның кітабында сондай қасиеттерге тәрбиелейтін шығармалар мол. Шығармада жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық, шындық пен өтірік турасында, сондай-ақ әке мен баланың, аға мен інінің, әйелі мен күйеуінің қарым-қатынасы қандай болу керек деген мәселе қамтылады. Осы мәселеге байланысты хикаяларды баяндап қоюмен шектелмей, соларды қорытып, өлең-жыр түрінде философиялық түйін жасап отырады.

Кейбір хикаяттардың мазмұны:

1.Бір билеуші өз халқына қысым көрсетіп, тізесін батырып жіберіпті. Оның қысымына шыдай алмаған жұрты елін тастап, беті ауған жаққа көшіп кете бастапты. Босап қалған уалаятты жау дереу басып алып, ие болып алыпты. Сөйтіп билеуші басқаратын елсіз қалыпты.

2.Бір уәзірдің баласы ақымақ екен. Оны тәрбие алып адам болсын деп ғалымға жіберіпті. Ғалым уәзірдің баласын ұзақ оқытыпты. Бір күні «әкесіне хабар жібер депті: Балаң ақылды болатын емес, оның есесіне өзім ақымақ болуға айналдым»,-депті.

3. Бір сұлтанның үш ұлы бар екен. Екеуі ұзын бойлы, өңді, ал үшінші баласының бойы қысқа болыпты. Әкесінің ашулы кейпін байқап, оның көзқарасын түсінген үшінші ұлы оған бір күні былай депті: Әке, ұзын бойлы ақымақтан қысқа бойлы ақылды артық емес пе?»

4.Наушардан патша бір күні қауап пісіріп жемекші болса, үйде тұз жоқ екен. Сонда патша құлдарының бірін тұз алып келуге жұмсап тұрып: Ақшасын төлеп ал, әйтпесе біреуден біреудің тегін алуға тырысатын әдеті пайда болады»,-дейді. Оған құлы: Титтей тұзды тегін алғанда тұрған не бар?»,-дейді. Сонда патша оған: Әуелде зұлымдық аз еді, кейін әр адам титтейден қосқанда зұлымдық көбейіп кетті»,- депті.

Негізгі әдебиеттер:

1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Оқулық.-Алматы,1986.

2.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.Оқулық.-Алматы: Атамұра,2005.-336 б.

3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. Түркі халықтары әдебиеті. Оқулық-хрестоматия.-Алматы,1996.

4.Қыраубаева А.Ғасырлар мұрасы.-Алматы, 1988.

5.Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары.-Алматы:Ғылым, 1999.

11-12-дәріс. Тарихи тақырыпқа жазылған көркем шежірелер. Әбілғазы. «Шежіре-и-түрік». Қадырғали Жалайридың «Шежірелер жинағының» көркемдік ерекшеліктері

Оқыту мақсаты: Шежіре-халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының ір тармағы. «Шежіре» сөзі арабтың «шаждарат», «бұтақ», «тармақ» деген ұғымды береді. Әбілғазы Баһадүрхан-түркі халықтарының ежелгі шежіресін жазған тарихшы, Хиуа ханы болған. Қадырғали Қосымұлы Жалаири-тарихшы, қоғам, мемлекет қайраткері. Көшім ханға кеңесші болған. «Қасым патшалығында» «Шежірелер жинағын» толық жазып бітіреді. Дәстүр бойынша Борис Годуновқа арналады. Бұл еңбек Шыңғысхан және оның ұрпақтары жайындағы, Қазақ хандығы туралы шежіре деуге болады.

Негізгі ұғымдар: шежіре, тарих, ата-тек, дәуір, дәстүр, хан, сұлтан, хикая, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1.Тарихи шежіре және көркемдік дәстүр. Шежіренің тарихпен туыстастығы.

2.Әбілғазы Баһадүрдің өмірі, дастанының көркемдік идеялық мұрат-мақсаты.

3. Қадырғали Жалаиридың өмір жолы.

4. Шежіренің тарихи маңыздылығы

ХҮІІ ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің ішінде Әбілғазы Баһадүрханның біріншіден, автордың өз заманының белгілі, жан-жақты дайындығы бар білімді адам болуында, екіншіден, оның шығармасының тарихи, әдеби тұрғыдан аса құндылығында.

Әбілғазы 1603 жылы Хиуа хандығының орталығы Үргеніш қаласында Жошы ұрпағынан тараған Араб Мұхаммедтің 7 баласы (Әбілғазы - үшіншісі) болған. Әбілғазының шешесі қайтыс болып, өгей шешесінің қолында тәрбиеленеді. Әкесі салдырған Арысхан медресесінде оқып, тәрбие алады. Ғұлама ғалымдардан сабақ алумен қатар, бұл жылдары ауыз әдебиеті шығармаларын сүйіп тыңдап, тарихты, әскер ісі мен басқару өнерін зерттеп, үйренеді. 16 жасында әкесі оны үйлендіріп, Үргеніштің жартысын билетіп қояды. Әкесі қартайған шақта, балалары билікке таласып, 17 жасынан оған Әбілғазы да араласады. 1621 жылы бір ұрыста ауыр жараланып, қашып шығады. Одан Маңғышлақтағы түркмендерді, Есім мен Тұрсын хандарды паналайды. 1628 жылы қолға түсіп, Иран еліне жер аударады. Исфахан қаласында 10 жыл тұтқында, айдауда болады. Ол бұл жылдары араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, әдеби, тарихи, медициналық кітаптарды көп оқиды. 1638 жылы Исфаханнан қашып шығып, 1-2 жылдай түркпен руларының арасында жасырынып жүрді де, 1640-1641 жылдары Жем өзенін жайлаған қалмақ ханы Хо-Өрлектің ордасында тұрады. Арал өзбектері көп сыйлық беріп, Әбілғазыны сұрап алады. 1643 жылы Әбілғазы Аралға хан болып жарияланады. Екі жыл бойы Хиуаға шабуыл жасап жүріп, ақыры 1645 жылы Хиуаны алып, хан тағына отырады. 18 жылдай осы биліктің басында отырады, көршілес халықтарға көптеген жорықтар жасайды. 1663 жылы хандықты баласына беріп, өзі кітап жазуға кіріседі. Оның бұл кітаптан бұрын жазылған «Шежіре-и-түркмен» деген кітабы болған.

«Шежіре-и-түрк» кітабы ғылымға ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде белгілі болды. Кітаптың қолжазбасын Ресейде тұтқында жүрген швед офицерлері Тобыл қаласынан тауып, оны Бұхан ахунына орыс тіліне аудартады. Одан соң неміс тіліне аудартып, ол аударма 1780 жылы ғана басылып шығады. Бұдан бұрын француз тілінде 1726 жылы жарық көрген еді. 1825 граф Н.И.Румянцев Қазан қаласында «Шежіренің» түпнұсқасын араб графикасымен бастырып шығарады.

Академик Х.Френ бұл басылымды «Шығыстану ғылымының даңқын шығаратын үлкен іс» деп бағалады. Бұдан кейін кітап орыс тілінде бірнеше рет басылып шығады. Әбілғазы мен оның еңбегі туралы негізі зерттеушілер ретінде А.Абражаевты, К.Юсуповты, А.Н.Кононовты, С.Н.Ивановты айтуға болады. Қазақ зерттеушілерінен Т.Қордабаев, Б.Әбілқасымовтар атсалысты.

«Шежіре-и-түрк»-Шыңғыс ханға дейінгі және одан кейінгі дәуірлерде Орта Азия, Қазақстан, Таяу Шығыс елдерінде болған ірілі-ұсақты оқиғалар мен сол тұстағы мемлекет басқарған қайраткерлер жүргізген саясат жайындағы жылнама. Бұл еңбектен қазақ халқын құрған рулар мен тайпалардың көне тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті, этнографиясы жайлы құнды деректер табуға болады.

Еңбек таза көне түркі тілінде жазылған. Әбілғазының айтуынша, бұл еңбекті ол жұрттың бәрі түсінетіндей етіп, қарапайым түрік тілінде жазған, ешқандай араб, парсы сөздерін қоспаған. Шығарманың тілі басқа түркі тілдерінің ішінде қазақ тіліне жақын.

Бұл еңбек-көркем шығарма болғанмен, онда кейбір халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен белгілі қайраткерлердің істері туралы баяндағанда аңыз-әпсаналар, бейнелі сөздер мен тіркестер, мақал-мәтелдер жиі кездесіп отырады. «Шежіреде» Топан суы туралы, Оғыз қаған мен Шыңғыс ханға байланысты аңыздар орын алған. Қорыта айтқанда, «Шежіре-и-түрк»-деректілік, әдеби, тілдік жағынан өзге шежіре типті еңбектерден өзіндік ерекшеліктері бар шығарма.

ХҮІ ғасырдың соңы мен ХҮІІ ғасырдың басында жазылған түркі әдеби ескерткіштерінің бірі – Қадырғали Жалайри Қосымұлының «Жамиат-ат-тауарих» («Шежірелер жинағы») шығармасы. Ол 1602 жылы жазылып аяқталған. Шығарма ғылым әлеміне ХІХ ғасырдың басында белгілі болды. Татардың ағартушы ғалымы Ибрагим Халфин бұл еңбектің бір көшірмесін 1819 жылы Қазан университетінің кітапханасына тапсырады. Орыстың ғалымы, академик Х.Д.Френ ол шығарманың Қадырғалидың өз қолымен жазылған нұсқасымен таныс болған. Белгілі шығыстанушы И.Н.Березин бұл шығарманы көпшілікке таныстыруда көп еңбек сіңірді. Ол «Шежіре» туралы алғаш рет тарихи тұрғыда талдау жасап, кітаптың деректік мәнін жоғары бағалаған. «Шежірені», сондай-ақ, В.В.Вельяминов-Зернов, А.Ш.Абдрахим, М.Г.Сафаргалиев, Х.Хисматулин, М.А.Усмановтар зерттеді.

Ш.Уәлиханов «Шежірені» ғылыми мақалаларында кеңінен пайдаланып, ол туралы маңызды пікірлер айтты, еңбектің қазақ тарихына қатысты жерлерін орыс тіліне аударды. Бұл еңбек туралы академик Ә.Марғұлан, Э.А.Масанов, К.Жүнісбаевтардың зерттеулері бар. Қ.Жалайри еңбегінің транскрипциясын жасап, алғаш рет оның тіл ерекшелігін сипаттауға арналған зерттеулер жазған акад. Р.Сыздықова болды.

Қадырғали еңбегі – Орта Азиялық тарихи шығармалар дәстүрінде жазылған еңбек. Автор жазба деректермен қатар, ауызша тарихты да жақсы білген. Жинақта шежірелік материалдар, түркі халықтары арасында кең тараған эпостық үзінділер, қанатты сөздер мен бірлі-екілі мақал-мәтел («Еділ тоңса, кім кешпес, Едіге өлсе, кім бармас») бар. Бұл еңбектің құндылығы – қазақ халқының өз өкілінің қаламынан шыққан жазба тарих болуында. Қадырғали мәліметтері қазақ қоғамына тән жағдайларды сырт көз арқылы емес, іштен қарауға көмектеседі. Бұл кітапта қазақ тарихына қарасты деректер өте көп болмағанмен, солардың өзі ғылыми тұрғыдан өте құнды, оны тұтас ескерткіштерден кездестіре алмаймыз.

Жинақ өзінің композициялық құрылысы жағынан 3 бөлімнен тұрады:

  1. Борис Годуновқа арнау;

  2. Рашид-ад-Дин еңбегінің қысқартылған аудармасы;

  3. Орыс ханы Оразмұхамедке дейінгі хандардың тарихы. Қадырғали би «Жамиғат-тауарихты» еркін аударып, деректерді жинақтап қана қоймай, адам, өзен-су, жер аттарына да анықтаулар береді. Халық арасында сақталып келген деректерге сүйене отырып, Рашид-ад-Дин еңбегінің кей тұстарын толықтыра түскен.

Шежіре – тарихты баяндайтын шығарма, өз заманындағы ғылыми әдебиеттің үлгісі болғандықтан, автор стильдік жағынан осы әдебиетке тән сөз саптауды қолданған. Сонымен бірге еңбекте фразеологизмдер, ұйқасты тіркестер жиі кездеседі.

Қорыта айтқанда, Қ.Жалайридің «Жамиғат-ат тауарих» шығармасы – ХҮІ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақтың ескі әдеби жазба тілінің прозадағы, оның ішінде тарихи-шежіре жанрындағы тұңғыш үлгісі.

Негізгі әдебиет:

1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Оқулық.-Алматы,1986.

2.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.Оқулық.-Алматы: Атамұра,2005.-336 б.

3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. Түркі халықтары әдебиеті. Оқулық-хрестоматия.-Алматы,1996.

4.Қыраубаева А.Ғасырлар мұрасы.-Алматы, 1988.

5.Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары.-Алматы:Ғылым, 1999.

13-14-дәріс. Хайдар Дулати. «Тарихи-и-Рашиди». Бабыр. «Бабыр-наме».

Оқыту мақсаты: Захириддин Бабыр-мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, тарихшы, лирик ақын. Бабырдың 14-15 жасында Науаиге арнап өлеңмен хат жазғандығы. Бабыр-әдебиет зерттеушісі. «Хаби Бабыр» («Бабыр жазуы») көне түркі ескерткіштерінің жазуына ұқсас келеді. «Бабыр-наме»-тарихи шежіре. Қазақ хандары туралы деректер беріледі.

Негізгі ұғымдар: ғазел, рубаят, тұйық, месневи,Рим клубы ұйымы, жаһандану процесі, трансұлттық корпорациялар, рухани-әлеуметтік даму.

Қаралатын мәселелер:

1.Бабырдың өмірі мен қызметі.

2. Бабыр-әдебиет зерттеушісі, лирик ақын.

3. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» еңбегі.

Захириддин Мұхаммед Бабыр-көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, сонымен бірге ғажайып өлең-жырлар жазып қалдырған лирик ақын. Ол 1483 жылы Әндіжан қаласында туған. Бабырды ұлы ақын Әлішер Науаи өзінің ең дарынды шәкірттерінің бірі санаған. Бабыр 14-15 жасында-ақ Гератта тұратын Науаиге арнап өлеңмен хат жазған. Бірақ бұл екі ақын ғұмыр бойы бірін-бірі көрмей, кездесуді армандап өткен. Бабырдың лирикасы сол кезде шығыс классикалық поэзиясында кең тараған жанрларда-ғазел, рубаят, тұйық, месневи, т.б түрінде жазылған өлеңдер болып келеді. Ол соплық-мистикалық ағымдағы ақындар секілді «жұмақтың рақатын» емес, шын өмірден туындайтын табиғи сезімді, махаббатты, адам бойындағы асыл қасиеттерді жырлады.

Негізгі әдебиет:

1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі.Оқулық.-Алматы,1986.

2.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.Оқулық.-Алматы: Атамұра,2005.-336 б.

3.Келімбетов Н. Қанафин Ә. Түркі халықтары әдебиеті. Оқулық-хрестоматия.-Алматы,1996.

4.Қыраубаева А.Ғасырлар мұрасы.-Алматы, 1988.

5.Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары.-Алматы:Ғылым, 1999.

15-16-дәріс. Қазақ хандығы тұсындағы қоғамдық-әлеуметтік саяси жағдай және жыраулар поэзиясы. Хандық дәуір әдебиетінің даму, қалыптасу бағыттары, жиналу, зерттелу жайы және көркемдік ерекшеліктері.

Оқыту мақсаты: Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы қоғамдық-әлеуметтік ахуал, ежелгі түркі поэзиясының жаңа қоғамдық саяси жағдайлардағы дәстүрлі жалғасы болып табылатын қазақ жырауларының тарих сахнасына шығуы, кезең көрінісіндегі жыраулар поэзиясының дара табиғаты, өзіндік орнын түсіндіру. Жыраудың жыршы, ақындардан өзіндік ерекшелігі жайында түсінік беру.

Негізгі ұғымдар: Қазақ хандығы, қоғам, саяси жағдай, жыраулар поэзиясы, жырау, жыршы, ақын, негізгі сарындар

Қаралатын мәселелер:

1.Қазақ хандығының негізін салушылар.

2. Жырау, жыршы, ақын сынды халық әдебиетін жасаушылардың өзіндік ерекшеліктері

3. Жыраулар поэзиясындағы негізгі сарындар.

Хандық дәуір тұсында Қазақ мемлекетінің пайда болуына негіз болған объективті себептер: Дешті Қыпшақтың, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың қазақ рулары мен тайпаларының этникалық және саяси топтасуларының күшейе түсуі болды.

Хандықтың негізін салушылар – Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек еді. ХҮІ ғасырда қазақ хандығы нығайып, территориялық жағынан ұлғая түсті. Осы тұста алғашқы қазақ заңдары (ХҮІ-ХҮІІ ғғ.) хандардың Қасым хан (Қасым ханның қасқа жолы) мен Есім ханның (Есім ханның ескі жолы) заң жобалары пайда болды. Ал Тәуке хан билік құрған кезеңде (1680-1717 жж.) халықтың бірлік, ынтымақтастығы артып, қазақ мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық және ішкі жағдайларды реттеуге бағытталған реформалары пайда болып, «Жеті жарғы» заңы жасалынды. Бұл тұстағы тарихи жағдайлардың нәтижесінде қазақтар Жоңғар Алатауының, Еділдің төменгі ағысына, Сырдариядан Есілге дейінгі аралықтағы кең байтақ территорияның бірден бір қожасына айналады. Сол тұста ыдырай бастаған Ұлы Орда, Маңғыт (ноғай) ұлысы, Сібір хандығы мен Монғолстан шегіндегі тұтас рулардың, әр түрлі топтар мен жеке адамдарды жаппай жер аударуы нәтижесінде ХҮІ ғасырдың бас кезінде Қазақ Ордасындағы халықтың саны күрт өсті. Бұл қазақтардың жаңа жерлерді жаулап алуы нәтижесінде жүзеге асқан іс емес, ана тілі, ата салты, әдет-ғұрпы ортақ, туыстас рулардың өздерінің байырғы атамекен жерінде жаңа бір ұлыс құрамында қауымдасуы болатын. Белгілі орыс этнографы С.А.Токарев айтқандай, «Қазақ Ордасының құрылуы – бұрыннан қалыптасқан этникалық бірліктің енді саяси тұрғыдан көрініс табуы еді». Осы кезден бастап қазіргі Қазақстан территориясындағы, бұрын негізінен Көк Орда құрамында болып келген түрік рулары қазақ атымен аталды, ұлттық мәдениет өркен жайды. Қазақ тарихындағы қиын кезеңдер жоңғар, қалмақ шапқыншылықтары еді. Жоңғарларға қарсы күрестегі қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалудағы Абылайдың ролі өте күшті болғаны тарихтан белгілі.

Қазақ хандығының дербес өмір сүруіне байланысты бұл тұста оның әдебиеті, әдеби тілі қалыптасуға бет алды. Осы кезеңде ежелгі түркі поэзиясының жаңа қоғамдық саяси жағдайлардағы дәстүрлі жалғасы болып табылатын қазақ жыраулары тарих сахнасына шықты.

Ілкі шығармаларда жоқтау сияқты салт жыры, ертегі-аңыздар басымдау болса, кейін жеке адамдарды дәріптеген туындылар көбейіп, әдебиеттің мақсаттары айқындала бастады.

Толғанған топты тоқтатқан, екіталай қысылтаяң іс болғанда тапқырлығымен жол нұсқап, көзге түскен есімдері ерте күннен алты алашқа белгілі болған, қара тілдің шебері жыраулардың кезең көрінісіндегі алар орны ерекше еді. Олардың ғибратты жыр-толғауларында, ұшан-теңіз кемел толғаныстарында жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім, әділдік пен әділетсіздік, тән мен жан қуаты, пәни мен бақи, ізгілік пен зұлымдық, обал мен сауап, тектілік пен тексіздік, арман мен мұрат, ақыл мен парасат, наным мен сенім мәселелері терең, әрі толық, әрі жан-жақты терең жырланды.

Жырау – қоғам қайраткері. Ол өз қоғамына, қазақ мемлекетінің ішкі-сыртқы жағдайларына – ел басқарған хандардың ісіне, көрші елдердің қарым-қатынас саясатына, сырт жаулармен соғыста бірлік, елдік жағдайларына тікелей араласып отырады. Ел ішінің бүтіндігі, тұтастығы, жеке адам тірлігіндегі дүние кезеңдері, ұрпақ тәрбиесі тағы басқа мәселелер мен қоғамның моральдық, құқықтық діни нормаларын айқындау, насихаттау, қалыптасу ісіне белсене атсалысты. Олар елді меңгерген хан мен бектің ақылшы уәзірі бола білді. Олар хан шеше алмаған түйінге шешуші сөз айтушылар. Қысылтаяң заманда жол табатын, бағыт нұсқайтын кемеңгер көреген. Жырау алдымен елдің арқасүйері, заманының сыншысы. Негізгі міндеті өлеңшілік емес, елге басшылық жасап, берекелі тірліктің тізгінін ұстаушы. Өз жұртының биі, батагөйі.

Жырау поэзиясындағы негізгі сарындар: Ұлт-азаттық күрес. Заман күйі. Ұрпақ тәрбиесі. Жалпы адамгершілік қасиеттерді насихаттап, өнеге айту. Өмірдің мәні. Туған жерді жырлау.

Жырау шығармаларындағы поэзия түрлері: Толғау. Арнау. Жоқтау. Қаһармандық жырлар. Естірту.

Ал М.Мағауин: «Жырау ру басы ақсақал, халықтың көкейтесті арманының мұңшысы, жыршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана болмаса, суырып салып жыр тудыра бермеген. Ел құрметіне бөленген жырауларға жұрт болашағына қауіп төніп, қалың бұқара жол таба алмай тығырыққа тығылған екіталай ауыр сағаттарда ғана ақыл салып, кеңес сұрайтын болған. Сонда ғана жыраулар халыққа күш-жігер беріп, осы оқиғаның немен тынарын болжап, тебірене жыр толғайтын болған. Болашақты барлап болжам айту – көреген де білгір жыраулардың поэтикалық өнерінің басты тәсілі болып саналған», – деп жазады.

Жырау сөзінің мәні, жыраулық өнер, ақындық импровизация туралы Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Потанин, Л.З.Будагов және кейінгі дәуір зерттеушілері сан пікірлер айтып, халқымыздың табан асты суырып салып өлең шығарғыш қасиеттерін таңдана сөз еткені мәлім.

Қазақ әдебиетінің қайсыбір кезеңі болмасын, бәрі де белгілі бір тарихи әлеуметтік жағдайларға байланысты дамып отырады. Жырау өз кезеңі ұсынған басты мәселелерге үн қосып, өмірдің өзекті сұрақтарына жауап беруге ат салысты.

Көркем сөз өнерінің көне шеберлерін қазақ халқының жырау деп атап келгені белгілі. Жыраулар поэзиясының өріс алған кезеңі ХІҮ-ХҮІІ ғасырлар. Бұл тұстағы әдебиетіміздің қай саласы болмасын оған жыраулардың қатысы мол болды. Халықтық туындылардың ол бастағы шығарушылары шешендер мен жыраулар еді. Шешендер мен жыраулар қатар жарыса дамып, жыраулар шешендерше толғап, шешендер жырауларша термелеп, керек тұста бірін екіншісі жоқтатпағанға ұқсайды. Бірақ аталмыш өнерпаздардың әрқайсысы өзіне тән өзгешеліктері бар екі ұдай сөз зергерлері екендігіне күмән болмаса керек. Шешенді шешен, жырауды жырау деп атайтынымыз да осыдан. Сөйтсе де жыраулардың кейде шешенсіп, әрі жырау, әрі шешен би аталып кетуі ғажап емес. Олар шығарған әдебиет үлгілері – негізінен замана, қоғам, өмір туралы ойлы-сырлы толғаулар, ақыл-өсиет түріндегі шешендік сөздер, мақал іспетті тұспал-дидактикалық термелер, сондай-ақ елді жеңіске бастаған батырлардың көзсіз ерлігін жырлаған ерлік эпосы, ел төрелерін дәріптейтін мадақ жырлар, қайғылы қазаға байланысты азалы сөз, естірту, жоқтау немесе қара қылды қақ жарған әділ қазы не болмаса табан асты тапжылмастан сөз бастап, терең ойымен жұртты ұйытқан ақыл иелерін қошемет тұтар арнаулар болатын.

Әдебиетіміздегі жыраулар жасаған бұл шығармашылық түрлерді кейінгі сөз өнерпаздары толық игеріп, оны ілгерілетті. Жыраулар көтерілген көркемдік сатыдан да өтіп, поэзияның жаңа шыңына қанат қақты. Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, В.Жирмунский, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин сынды зерттеушілер еңбектерінде тарихта қазақ хандығы дәуіріндегі қалыптасқан әдебиеттің алғашқы өкілдері – Асан қайғы, Қазтуғаннан бастап Доспамбет, Шалкиіз, ХҮІІ ғасырда өмір сүрген Жиембет, Марғасқа, ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясының соқталы өкілдері Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жырау және ақындық поэзияның көрнекті өкілдері – Көтеш, Шал ақындар шығармашылығы, ежелгі түркілік поэзия мен жыраулық поэзияның сабақтастығы идеялық-көркемдік жалғастығы мәселелері, жыраулардың қоғамдық-әлеуметтік тұлғасы, дәуір шындығын жырлаудағы шеберліктері, жыраулар поэзиясының көркемдік негіздері, жыраулық мұралардың тарихилық мәселелері сөз болады.

Негізгі әдебиет:

  1. Ай, заман-ай, заман-ай. А., 1991.

  2. Ақ берен. Құрастырған Қ.Сыдықов. А., “Жазушы”, 1982.

  3. Алдаспан. Құрастырған М.Мағауин. А., “Жазушы”, 1971.

  4. Бес ғасыр жырлайды. I том. А., “Жазушы”, 1984, 1989.

  5. Дербiсәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А., “Ғылым”, 1990.

  6. Қаз ССР тарихы. А., “Ғылым”, 1957. I-том.

  7. Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиет. Хрестоматия. Құрас. М.Мағауин. А., 1993.

17-18-дәріс. Қазақ әдебиеті тарихындағы жыраулар поэзиясы. Қазтуған Сүйінішұлының өмірі мен шығармашылығы

Оқыту мақсаты: Жырау, жыршы, ақын – халық әдебиетін жасаушыардың өзіндік ерекшеліктері, Қазтуған жырау туралы мәліметтер беру

Негізгі ұғымдар: жыр, жырау, жыраулық поэзия

Қаралатын мәселелер:

1. Жырау, жыршы, ақын сынды халық әдебиетін жасаушылардың өзіндік ерекшеліктері

2.Жыраулар поэзиясының көркемдік-идеялық ерекшеліктері.

3. Қазтуған Сүйінішұлы

Әдебиетімізде өзінің жанрлық белгі-сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке сала болып дамыған ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі іспеттес ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған.

Ақындық және жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз. Дәл осы аталған поэзияның жазба әдебиетіміздің негізін қалаған ұлы Абайға дейін де, одан кейін де қалыпты үлгілерден табиғаты өзгеше, жеке бір өнімді арна болып дамып келгені де мәлім. Белгілі бір дәуір талабына орай ұлы Абай бір кезде:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі-жамау, бірі-құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса.

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау,–

деп, өзіне дейінгі бір топ ел ішінде аты белгілі ақын, жырауларды қатты сынға алса да, олардың шығармаларын оқып білмейді, үйренбейді, яки бәрін бірдей жалғыз шумақпен мансұқ етті деудің өзі қазіргі әдебиет тарихы деңгейінен қарағанда әрі орынсыз, әрі артық айтқандық болар еді.

Бірыңғай импорвизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген сол ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанырлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік елеулі өзгешіліктер бар. Ақындық поэзияда тақырып ауқымдығының кеңдігіне қоса, сезімге құралған лирикалық сипат басым болып отырса, жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой болжам, асқақ эпикалық үнге мән беріледі. Осы ерекшеліктерді М.О. Әуезов кезінде дәл басып танып: “Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы – толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті – “не болса сол көңіл ашар”, “әлдене” дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады” – деп бағаласа ақындық ерекшелігін Е.Ысмайылов: “Ақын өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны өзінің өй-өрісі дәрежесінде таниды. Ақынның сезінуі, ол сезгеннің қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез әсер ала біледі, алған әсерін ұғып, есіне сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігенінен гөрі, көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді», – дейді. Зерттеуші жыраулар туралы: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған», – деп ой түйеді.

М.Мағауин өз зерттеулерінде ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда жасаған ақын, жыраулар творчествосын алғаш рет жеке алып арнайы қарастырумен қатар, «Қобыз сарыны» (А., 1968 ж.) кітабының «Ақын және жырау» деген соңғы тарауында ақын мен жырау шығармаларындағы (ұйқас, ырғақ, бунақ, тармақ т.б.) жыр құрылысы ерекшеліктерін ашып талдайды. Ғалым Е.Тұрсынов «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» (А., 1976 ж.) атты еңбегінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін сақтап таратушы, жасаушы ақын, жырау, сал, серілердің шығу тегі, типтік ерекшеліктері мен түп тамыры әлеуметтік, қоғамдық аспектіде қарастырылса, Қ.Сыдиықов өз зерттеуінде жыраулық дәстүрдің жалғасу жолдарына, оның бүгінгі дәуірдегі сипат, ерекшеліктеріне зер салады.

Зерттеуші М.Жармұхамедов бұл тұрғыда былай дейді: «Жыр», «жыршы» деген ұғымдар әдебиетімізде ерте кездерден-ақ туып қалыптасқан. Бұл топқа өз жанынан шығарып айтуға мүмкіндігі бар әр алуан суырып салма ақындарды жатқызылып келген. «Жырау» сөзі де осы ұғыммен терең астасып жатыр. Рас, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында шығыс сюжетіне байланысты туған хисса, хикая, дастандарды ел ішінде айтып таратушы жаңа бір топ орындаушы-жыршылар пайда болды. Бұлардың көпшілігі суырып салма ақындар емес, тек бұрынғы ақындар жырлаған өз репертуарындағы әр алуан жырларды ел ішінде орындап, айтып таратуды дәстүр етті, сондықтан осы топтағы кейінгі орындаушы-жыршыларды төкпе ақын-жыршылармен, дарынды ақын-жыраулармен бірге қатар қойып атаудың реті келе бермейді. Әрине, бұл топтың ішінде де некен-саяқ ақындық өнері бар, көне сюжетті өзінше үйлестіріп қайта жырлайтын табиғи дарындылары да болды, алайда біз бұлардың өзін де жіктеп ажырата білуге тиіспіз.

Хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясының даму, қалыптасу кезеңдерін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1 кезең. (ХІ-ХІҮ ғасырлар) жыраулық дәстүрдің негізі қаланған ілкі кезеңі. Бұған дәлел Кетбұға, Сыпыра жыраулардың бізге жеткен жеткен мұралары.

2 кезең. (ХҮ-ХҮІ ғасырлар) жыраулар поэзиясының қалыптасу кезеңі. Бұл кезеңдегі жыраулар Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жыраулардың шығармаларын атауға болады.

3 кезең. (ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар) бұл кез жыраулық поэзияның неғұрлым кемелденген кезеңі. Бұл кезеңде тарих сахнасына Жиембет, Тәтіқара, Үмбетей, Ақтамберді, Бұқар сынды жыраулар шығармалары келген еді.

Жалпы хандық дәуір әдебиетінің жариялану, зерттелу жайы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиеттің жиналып, жариялану, зерттелуін төмендегіше топтастыруға болады.

а). ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап Кеңес үкіметі орнағанға дейін хандық дәуір әдебиеті өкілдерінің туындыларын Ш.Уәлиханов, В.Радловтар жинап, жариялаған болатын. Жыраулар мұрасының М.Османов. «Ноғай уа құмық шығырлары», М.Бекмұхамедов. «Жақсы үгіт», Ғ.Мұштақ. «Шайыр», «Көксілдер», Қ.Халидұғылы. «Тауарих хамса», А.Берқалиұғлы «Ақын» т.б. жинақтарға енгені белгілі.

ә). Жыраулар поэзиясы 1917-1959 жылдар аралығында жиналып жарияланды, жан-жақты зерттеле бастады.

б). 1959 жылғы әдеби мұра жайлы мәселе көтерілген конференциядан кейінгі және осы күнге дейінгі зерттелу жайы. ХХ ғасырдың 60-90 жылдар аралығында жыраулар поэзиясы тиянақты зерттеле бастады. Атап айтқанда Б.Кенжебаев, Ә.Марғұлан, Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин сынды ғалым-зерттеушілер еңбектерін айтуға болады.

Жыраулар мен ақындардың қоғамдық ролі, олардың шығармашылық ерекшеліктері хақында әдебиеттану ғылымында бірқатар уақыттан бері әңгіме болып келе жатыр. Әсіресе, Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, В.Жирмунский, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, Ә.Қоңыратбаев, С.Қирабаев, Ә.Дербісәлин, М.Мағауин, Р.Бердібаев т.б. ғалымдардың еңбектері жыраулар мен ақындар өнерінің әлеуметтік мәні мен бірқатар көркемдік сыр-сипаттарын тануға мол мүмкіндік жасады. Сол тәрізді А.Байтұрсынов, З.Қабдолов, М.Базарбаев, З.Ахметов еңбектерінде жыраулар мен ақындар поэзиясының жанрлық сипаты, өлең құрылысы жайында құнды пікірлар кездеседі.

Зерттеуші Ш.Сәтбаева: «Жырау – ақпа-төкпе импровизатор, өлең сөзді қару еткен өнер адамы, халықтың қамын ойлай білетін парасаты мол ел ағасы, қысылғанда жол табар ақылшысы, уақыт, оқиға сырын, замана бағыт-бағдарын ақыл таразысына салып сынай, салмақтай білетін, болжағаны болып, айтқаны келетін тапқыр да көреген дана абызы, қисық кеткенді қылышпен емес, сөзбен сілейтіп, бетің бар, жүзің бар демей тура айтар өткір де әділ биі. Жырау ел тағдырын шешер ірі оқиғалар, аса мәнді көкейкесті мәселелер тұсында толғаған», – деп келтіреді. Ғалым Д.Лихачев «Поэтика древнерусской литературы» деген еңбегінде «ХҮ-ХҮІІІ ғ-да өмір сүрген жыраулар мен ақындардың көпшілігі сарай маңында болған. Мұндай сипатты Шығыс, Орта Азия елдері ақындары өмірінен де байқаймыз. ХҮІІ ғ-да патша сарайында ертекші, әңгімешілер (сказочниктер) ұстаған», – дейді.

Бағзы жыраулардың бірқатар қасиеттері кейінгі ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы жыраулардан табыла бермейді. Мысалы, Байтоқ, Жанұзақ. Сүгір, Нұрымдар жауынгер жырау болған емес. Бұл сол дәуір ағымына сай жағдайлардың нәтижесі. Осыған орай Ш.Сәтбаева: «Халық арасында жырау атанғанымен Сүгір, Нұрымдарда ақындық сипат басым. Реті оларды айтулы импровизатор ақындығы мен ерлік жырларды мол жырлағандығы үшін жырау атаса керек», – дейді.

Жыраулар әлеуметтік мәні зор ірі, келелі мәселелерді жырласа, ақындар өмірмен қоян-қолтық, бетпе-бет келіп сан қилы тақырыпта өлеңдер шығарған. Бұл сипатта Тәтіқара, Көтеш, Шал шығармаларынан ХІХ ғ-дағы ақындар мұрасынан айқын аңғарылады.

Жыраулардың қоғамдағы ролі, олардың шығармашылық ерекшеліктері хақында әдебиеттану ғылымында бірқатар уақыттан бері әңгіме болып келе жатыр. Әсіресе, Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, В.Жирмунский, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, Ә.Қоңыратбаев, С.Қирабаев, Ә.Дербісәлин, М.Мағауин, Р.Бердібаев т.б. ғалымдардың еңбектері жыраулар мен ақындар өнерінің әлеуметтік мәні мен бірқатар көркемдік сыр-сипаттарын тануға мол мүмкіндік жасады. Сол тәрізді А.Байтұрсынов, З.Қабдолов, М.Базарбаев, З.Ахметов еңбектерінде жыраулар мен ақындар поэзиясының жанрлық сипаты, өлең құрылысы жайында құнды пікірлар кездеседі.

Жыраулар поэзиясының көркемдік-идеялық ерекшеліктері

Жыраулар поэзиясының көркемдік-идеялық ерекшеліктері жайында айтар болсақ, жыраулар поэзиясында туған жер, қоныс, сыртқы жаулармен болған күрестер, жаугершілік заман көрінісі, сол заманнның шындығы, моральдық, этикалық қағидалар, ерлік істер, ел бірлігі, тәуелсіздік тақырыптары жырланды. Сонымен қатар, толғау жанрының өзіндік ерекшіліктері мазмұны, тақырыбына қарай жіктелуі А.Байтұрсынов, Е.Ысмайылов, С.Мұқанов, М.Мағауин, Б.Әбілқасымов сынды ғалым-зерттеушілердің толғауларды классификациялау үрдістерінен де аңғаруға болады. Бұл еңбектерде арнау-толғаулардың тарихилығы, дидактикалық сипаттары жан-жақты сөз болады.

Қазақ билерінің түп атасы атанған Майқы би, Аяз би, Әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген Жиренше мен Қарашаш, Мөңке, Едіге билердің тарих сахнасынан алар орыны ерекше. Шыңғыс заманында ХІІІ ғасырда найманда Кет-Бұға атты ұлы жыраудың өмір сүргені тарихтан белгілі. ХҮ ғасырдың аяғы ХҮІ ғ. басында өмір сүрген Доспамбет жыраудың шығармаларында осы Кет-Бұғының сөздерімен таныстығы айтылады. Біздің заманымызда Кет-Бұғаның аты аңыздар желісі арқылы жетті. Осындай аты аңызға айналған адамның бірі – Сыпыра жырау. Ә.Марғұлан Ш.Уәлиханов зерттеулеріне сүйене отырып Сыпыра жырауды қыпшақ руынан шыққан, ұзақ өмір сүрген, тарихта ноғайлы жырларын туғызған атақты эпик жыршы деп мәлімдейді.

Сыпыра жырау бейнесі халық санасынде елеулі орын алған. Қазақтың ескі батырлар жырының көпшілігінде Сыпыра жыраудың аты кездеседі. Мысалы, «Ер Тарғында» Сыпыра жайында «бұл - өз өмірінде толғау айтып тоғыз ханды түзеткен кісі еді» делінсе, «Телеғұс» жырында ол ел бірлігінің ұраншысы болады. Ал «Құбағұлда» ол – «жүз сексенге келген» дана қария. Сыпыра – Сувра, Супра-чырау, Сафардау деген аттары бұл жырдың туыстас халықтар арасындағы барлық нұсқаларында кездеседі. Әйгілі Мұрын жыршы өзін Сыпыра жыраудың ұрпағымын деп есептеген. Зерттеуші М.Мағауин «Сыпыра – қарақалпақ әдебиетіндегі ең үлкен эпосшы жыраулар мектебінің негізін салушы болып саналады», - дейді.

ХҮ-ХҮІІІ ғ-дағы жыраулар мен ақындар туындыларында жан-жақты сомдалған адам образы болмағанымен, шебер бейнеленген портреттер мен мінездеулер, батырдың жан күйін суреттеу эпизодтары, батырлар мінген сәйгүліктер сипаттары біршама кездеседі.

Жыраулар адам жандүниесін аса терең, жан-жақты суреттеуден гөрі қысқа да шола суреттеуді, сол кездегі оқиғаға байланысты бейнелеуді машық еткен. Оларда табиғат бейнесін суреттеуге арналған толғау өлеңдер кездеспейді десе де болғандай.

Ақын, жыраулар поэзиясындағы суреттеу әдісі әрқилы. Мысалы, (Доспамбет: «Тоғай, тоғай, тоғай су», Шал: «Пасыл да пасыл, пасылмын», т.б. І жақ.Ал ІІ-ІІІ жақты – Доспамбет: «Озушылар, озмаңыз», Бұқар: «Садыр, қайда барасың?», Көтеш: «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің», ІІІ жақта – Доспамбет: «Қалаға қабылан жаулар тигей ме», Шәлгез: «Арқаның құба жонында» т.б.). Әсіресе, ақын-жыраулардың көбірек қолданған әдісі – ІІІ жақтағы бейтарап суреттеу.

Ақын, жыраулардың бейнелеу әдістерінде юморлық, сатиралық, трагедиялық, геройлық, романтикалық образдарға тән нышан – элементтер де байқалады. Мыс:

Жау жағадан алғанда,

Ит етектен алғанда,

Ер Абылай қорыққан жоқ,

Әншейін еңкейе беріп жылысты. (Тәтіқара).

ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы жыраулар мен ақындардың көпшілігі эпостық жырларды тудыруға қатысты болған, не сол жырлардан өнеге алған. Сондықтан да ақын, жыраулар толғауларының композициялық құрылысында эпос әсері айқын аңғарылады. Жыр жолдарындағы тағы бір ерекшелік сөздердің қайталануы. Мыс, Асан: «Ұсар ма, билер, ұсар ма?», Қазтуған: «Алаң да, алаң алаң жұрт», Шәлгез: «Алп, алп басқан, алп басқан», «Ор, ор қоян, ор қоян», «Ау, бөрілер, бөрілер», «Асқар, асқар, асқар тау», Доспамбет: «Сіреу, сіреу, сіреу қар», «Тоғай, тоғай, тоғай су», Ер Шобан: «Ол тұрысқан, тұрысқан», Жиембет: «Ей, қыңыр ер, қыңыр ер» , Бұқар: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек», «Әй, заман-ай, заман-ай» т.б. Мұндай қайталаулар көбінесе толғаудың немесе шумақтың басқы тармақтарында кездеседі.

ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар мен ақындардың тілінде ерекше көзге түсетін сала – архаизмдер. Сонымен қатар кірме (араб, парсы) сөздерді де көптеп кездестіруге болады.

Дыбыс үндестігі – ақын, жыраулар мол қолданған көркемдік тәсілдердің бірі.

Ойыл деген ойынды,

Отын тапсаң тойынды.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің... (Асан қайғы)

Ақын жырауларда өзге көркемдік тәсілдерден гөрі заттың, яки құбылыстың сыр-сипатын, белгі-бедерін, қадір-қасиетін, сапа-сынын, өзге затпен не құбылыспен салыстыра суреттеу арқылы танытып, айрықша ажар, мәнді мазмұн беріп, теңеу түрлері көбірек кездеседі.

Тағыдай түн түре қараған,

Таң бегісіп жусаған,

Тарпаңдай тізесін бүгіп су ішкен,

Арқада мезгілсіз жылқы жусаса,

О дағы аш қасқырға жолығар. (Шалгез).

Академик Қ.Жұмалиев «Абай поэзиясының тілі» деп аталатын еңбегінде құбылысы жағынан алғанда Абайға дейінгі қазақ поэзиясында метафораның бес түрі бар екендігін жазған. Бұл негізінен ауыз әдебиеті мен ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетіне жасалған барлау еді.

Қазтуған Сүйінішұлы – ұлттық әдебиетіміздің төл басыларының бірі, ХҮ ғасырда өмір сүрген батыр, шешен жырау. Шамамен жетпіс бес жас жасаған. Қазақ әдебиеті тарихында шығармалары өз атымен жеткен алғашқы автор.

Қазтуғанның туып-өскен жері Астрахань облысына қарасты Красный Яр (Қызылжар) ауданы, Ахтуба, Бозан өзендерінің бойы. Оның дәл қай жылы туып, өлгені туралы тиянақты дерек әзірге белгісіз. Ғалымдардың топшылауы бойынша жырау шамамен ХҮ ғасырда өмір сүрген. Әдебиет зерттеушісі С.Қорабай: «Қазтуған шығармалары бүгінгі уақытқа толық жеткен жоқ, көбі мүлде ұмыт қалды, қолда бары, баспа бетін көргендері үзінді күйінде ғана ақын мұрасынан азды-көпті мағлұмат береді», – десе, М.Мағауин: «Жырау көшпенділердің шыншыр балақ, шұбар төс әскери аристократиясынан шыққан сияқты. Ол халық аңыздарында қолбасы батыр болған», – дейді.

Қазтуғанның бізге жеткен мұраларынан исламға тән кісілік, мәрттік, ерлік иірімдерін ұшыратуға болады.

Қазтуған жыраудың бізге жеткен толғаулары: «Бұдырайған екі шекелі» деп басталатын Мадақ жыры, туған жермен қоштасу толғауы немесе «Алаң да алаң, алаң жұрт» деп басталатын толғауы. Жыраудың ендігі бір толғаулары нақыл, өсиет түрінде келеді. Мәселен: «Белгілі биік көк сеңгір» т.б.

Өзіне арнаған «Мадақ жырында» Қазтуған былай деп толғайды:

«Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің шешені,

Билер отты би соңғы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бұлтты болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған» - деп өзін асқақтата жырға қосады. Осы жолдардан Қазтуғанның жорықшы, жауынгер болғандығы көрінеді.

Қазтуған жырау туралы ақын Мұрат Мөңкеұлының «Қазтуған» толғауында Қазтуған Жайықтың күнбатыс бетіндегі Нарын, Қабыршақты, Қарасу жерлерін мекендеген Ноғайлы заманының батыры екен. Ж.Тілеповтың айтуынша «Күндердің күні болғанда жұрағатым таршылықта қалады» деп елін бастап Күншығысқа ауған екен. Сондағы Қазтуғанның көшерінде қонысымен қоштасып айтқаны дейтін жыр мен Мұрын жырау арқылы жеткен «Қарғабойлы Қазтуған» атты шағын дастан мазмұнына бойлай отырып, ондағы деректерді тарихи деректемелермен салыстыра келіп, шамамен жыраудың қай заманда өмір сүргенін анықтап, не себепті қонысынан ауғандығына жауаптар тапқандай боламыз», – дейді. Оған жыраудың мына бір өлеңі дәлел:

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұ Сүйініш,

Күйеу болып қалған жұрт.Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт.

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір қоңымды жуған жұрт.

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт.

Салп-салпыншақ анау үш өзен,

Салуалы менің ордам қонған жер...

Жатып қалған бір тоқты,

Жайылып мың қой болған жер...

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Сөйткен менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Мынау қалған Еділ жұрт.

Бізге шығармаларымен жеткен бірінші жырау – осы Қазтуған.

Қазтуған шығармаларының зерттелуі, жариялануы жайында:

Қазтуған жыраудың өлеңдері алғаш рет Ғабдолла Мұштақ құрастырған «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында (Орынбор, 1912) жарияланса, кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1971), «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1984), «Ұлы арман» (1990), Ленинградтан тұңғыш рет жарық көрген «Поэты Казахстана» (1978), «Поэты пяти веков» (Алматы, 1994) жинақтарында, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясында (1993) басылды. Жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы азды-көпті болсын С.Сейфуллин, М.Мағауин, Ә.Дербісәлин, Қ.Сыдиықов, Х.Сүйіншәлиев, Ж.Тілепов, т.б. сияқты белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар зерттеді.

С.Сейфуллин өзінің 1931 жылғы жинағында «Ноғайлар бытырағанда Қазтуған батырдың айтқаны» деген атпен «Әрайна, билер, әрайна» деп басталатын жиырма шақты жолдай өлеңін жариялады.

Мұрат – Қазтуған туралы көп еңбек еткен ақын. Ғалым Х.Сүйіншәлиев пікірінше Махамбет Қазтуғанға еліктеген дей келе оның «Мен өзім Бабай Омар баласы едім» атты өлеңін, Махамбеттің «Мен едімімен» салыстыра талдайды.

Мен өзім Бабай Омар баласы едім,

Қашаннан екі кенттің арасы едім.

Балқытты мені мынау қорғасындай,

Қашаннан тасты кескен алмас едім.

Немесе:

Мен кеткенмін, кеткенмін,

Тайсойған менен Дендерден,

Сағыз бенен Жемдерден,

Құралайдай шұбыртып,

Күліп бір ойнап өткенмін.

Махамбет үшін өзіне дейінгі Қазтуған, Шалгез, Жиембет жыраулар барлық жағынан да үлгі болғанға ұқсайды. Бұлардың сөз саптаулары бірыңғай, сарындас.

Қазтуған жырлары әуенді, дыбыстты, ырғақты поэзия.

Мысалы,

Арғымақтың баласы,

Арғыған сайын тың жортар.

Арқамнан қосым қалар деп,

Ақ дария толқын күшейтер,

Құйрығын күн шалмаған балығым,

Ортамнан ойран салар деп.

Қорыта айтқанда Қазтуған Сүйінішұлы Сыпыра жырау негізін салған көнеден келе жатқан толғау жанрының дамуына үлкен үлес қосты. Қазтуған сынды жауынгер ақынның дала поэзиясына тән өр рухты, дауылпаз үнді, асқақ қанатты сөздерге толы, көркем тіркестерге бай жырлары қазақ әдебиет тарихында өшпестей із қалдырды

Негізгі әдебиет:

  1. Ай, заман-ай, заман-ай. А., 1991.

  2. Ақ берен. Құрастырған Қ.Сыдықов. А., “Жазушы”, 1982.

  3. Алдаспан. Құрастырған М.Мағауин. А., “Жазушы”, 1971.

  4. Бес ғасыр жырлайды. I том. А., “Жазушы”, 1984, 1989.

  5. Дербiсәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А., “Ғылым”, 1990.

  6. Қаз ССР тарихы. А., “Ғылым”, 1957. I-том.

  7. Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиет. Хрестоматия. Құрас. М.Мағауин. А., 1993.

19-20-дәріс. ХҮ-ХҮІ ғ. қазақ әдебиеті. Асан қайғының өмірі мен шығармашылығы. Доспамбет жырау өмірі, шығармашылығы. Шалкиіз жырау шығармашылығы

Оқыту мақсаты: ХҮ-ХҮІ ғ. қазақ әдебиеті.Асан қайғының өмірі мен шығармашылығы. Доспамбет жырау өмірі, шығармашылығы. Шалкиіз жырау шығармашылығытуралы мәліметтер беру

Негізгі ұғымдар: жыр, жырау, жыршы, поэзия, толғау, т.б

Қаралатын мәселелер:

1. Асан Қайғы шығармалығы.

2.Доспамбет жырау шығарашылығы.

3. Шалкиіз жырау шығармашылығы.

Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы ХІҮ-ХҮ ғғ. өмір сүрген тарихи тұлға, ұлы ойшыл. Ол Ұлығмұхамед, Жәнібек хандардың қасында болып, мемлекет ісіне араласқан, ықпалды бектердің бірі.

Асан қайғы – аңыз кейіпкері. Ш.Уәлиханов қазақтың аңыз-әңгімелеріндегі тарихи деректерге назар аударған-ды. Ол еліміздің өткендегі кейбір ұлы адамдары туралы және басты тарихи оқиғалары жайында бізге жеткен дерек осы аңыз-әңгімелер мен эпостық жырлар екенін мойындап, халық естеліктеріне сеніммен қарап, оған ерекше назар сала зерттеу керектігін айтады. Мәселен, Асанқайғы туралы аңыздар біздіңше шындықтан онша алшақ емес.

Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, Асанның әкесінің аты – саятшы Сәбит екен дейді. Қазақ тарихшысы Құрманғали Халитұлының «Тауарих хамса» атты кітабында Асан туралы мынадай мәлімет бар: «Асанның асыл түбі ноғай, әйгілі Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Шын аты Хасан екен, халық оны құрмет тұтып Асан ата атап кеткен. Асанның мақал-мысал сөздері қазаққа аңыз болып кең тараған және ол күні-түні айтса да таусылмайтын ұзақ жырдай мол болыпты. Бағзы қазақтар Асан сөздерін ауызша да, жазбаша да айтады. Олар Асанды халыққа қамқорлық ойлаған ізгі адам санайды».

Енді бір жерде Халидов: «Асан сөздерін Құдабай деген ақын жақсы біліпті. Ол Асан толғауларын ойын-тойларда айтып таратып, түсіндіріп жүріпті», – деп келтіреді.

Тарихи негіздерге қарағанда бұл кезең ноғай мен қазақтың бір-бірінен этникалық жағынан біржолата бөлініп, жеке ұлт болып қалыптаса қоймаған кезінін аңғартатын сияқты. Біздің көптеген аңыздарымыз бен тарихи өлеңдеріміз, эпостық, лиро-эпостық жырларымыздың «ноғайлы дәуірі» деп аталатын тұста туып қалыптасқаны мәлім. Осындай туыстық нышан-белгілерді екі ел әдебиетіне бірдей ортақ Шәлкиіз, Қазтуған, Доспамбет жырларынан да айқын аңғарамыз. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов: «Ноғай деген ат жартылай отырықшы елдерден бөліп алу үшін айтылған аты еді. Ноғайды да, өзбекті де – бәрін ноғай деп атаған. Бірге жасап өмір кешкен ноғай мен қазақ ордасын Жәнібек билеген кезең қазақ жырларында алтын дәуір тұрғысында саналады», – деп көрсетсе, С.Сейфуллин де: «Ертедегі батырлар турасындағы әңгіме-жырлар қазақ атанған елдің ноғайлы болған дәуірінен, немесе «ноғайлы» атын әлі тастамай жүрген дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары», – дейді. Ал Қ.Жұмалиев: «Мұндағы (қазақ жырларындағы) «ноғайлы» деген сөзді қазақтан бөліп басқа ел деп түсіну керек емес», – деп түйіндейді.

Г.Н.Потанин жинаған халық мұраларында: «Асан Жәнібек ханның тұстасы делінген. Асан қайғы халық арасында Асан ата аталады. Аңыздарға қарағанда, ол ХҮ ғасырда жасаған. Әйтсе де, Хафиз Таныш ибн Мир Мұхаммед ал-Бухари оның сол тұста Сырдария даласының белсенді саяси қайраткерлерінің бірі болғанын жазады», – деп көрсетілген.

Зерттеуші М.Мағауиннің айтуынша: «Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз. Бір мәліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде, Жиделібайсында дүние салды, делінеді. Енді бір аңыздарға қарағанда Асан Ұлытаудың басында қайтыпты. Ал Шоқан Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында деп жазады. Асанның қанша жасағаны да мәлімсіз. Халық аңызында ол көпті көрген көнекөз қария. Бір аңызда Асан 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда оның жасы 120-да еді делінеді», – деп пайымдайды.

Сәкен Сейфуллин 1932 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» кітабында: «Асан өмірде болған адам. Ол Әз Жәнібек ханның замандасы, Майқы бидің ұрпағы... Кейбір деректердің қарағанда, ол Орманбет ханның да жақын туысы» дейді. Сәкен өзінің «Қазақ әдебиеті» кітабында Асан толғауларынан да үлгілер жариялаған. Зерттеуші өзінің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында Жәнібектің кейбір көңіліне жақпаған қылықтарын Асан ата батыл сынға алып отырған. Сәкен жариялаған Асан сөздерінің негізгі идеясы ханды әділетті іске бастап, өзімшілдіктен, қиянаттан сақтандыру. Асанның еліне жайлы қоныс іздеуі, елінің бақытты болашағын армандауының бір дәлелі еді.

Ә.Марғұлан “Қазақ халқының поэтикалық көне мәдениетінің сақтаушылары тулары” атты мақаласында Асан қайғы мен Бұқарды әйгілі Сыпыра жыраудың бірден-бір мұрагері, Қорқыт, Ұлық жыршы, Аталық, Сыпыралар негізін салған жыраулық дәстүрдің ізбасар, жалғастырушылары еді деп жазып, оның Сыпыра жырау секілді кезінде эпикалық жырлар тудыруға да үлес қосқанын атап көрсетеді.

М.Ғабдулиннің “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты еңбегінде Асан қайғы жайындағы халық әңгімелері кейбір кейінгі қоспаларына қарамастан, негізінен, реалистік болмыс пен шындық өмірден алынған шығармалар тұрғысында бағаланады. Осыған орай автор Асан бейнесін әңгімелегенде, оның ел қамын ойлаған азамат екенін тілге тиек ете отырып, өз тұсында сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі, құралайды көзге атқан мерген, саятшы, домбырашы, әнші, құсбегі болғанына де ерекше мән береді.

«Асанның қайғы атануына келер болсақ оның әкесі Сәбит алыс сапарға шығып, бірнеше жыл бойына аң аулап кетеді екен. Әкесі соңғы сапарына аттанған кезде анасының құрсағында қалған Асан аш-құрсақ жетім, шерменде болып өсіпті. Көзін ашқаннан жетімдік қайғысын тартқан жастың келешегі де қасіретсіз болмапты. Жасында жетімдік тауқіметін тартса, өскеннен кейін де ол – жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлап, толғанумен шерменде бола беріпті. Осыдан халық оны Асанқайғы атапты-мыс», – дейді. Аңызды ел аузынан жазып алған Бәдел Тұрсынбаев. (ҚҒА қолжазба қорынан).

Халық аңызындағы идея негізінен Асанның өз толғауынан алынып айтылады. Асан толғауларында ұшырайтын кейбір қайғы мотивтері де негізсіз емес, соның әр түрлі өзгерген түрлері болса керек. Оны сол бір ескі заманда өмір сүрген халық қайғысы, елдің ауыр азаптағы құқықсыз өмірінің туындысы деп ұққан жөн.

Асан туралы кейін жасаған ақындардың пікір айтпағаны кемде-кем. Олар бір ауыздан ұстаз жырау, ел-жұртының мұңшысы, жыр атасы деп танытады. Нұрпейіс, Иса, Жамбыл сияқты алып ақындар оған сыйына сыр шертеді. Мұрат Мөңкеұлы Асан жырларын жақсы біліп, өз кезіндегі азамат-ерлерге ақылшы ата жырау деп таныған.

Мыс: Қарақұнан Қалдыбай,

Жалғыз ағаш Жақсыбай,

Асанқайғы бабаның

Қызыл тастан үй салып,

Әңгіме құрып көшкен жер...

Естектегі Еламан,

Қазандағы Қалқаман,

Ноғайдағы Мұлқаман,

Асанқайғы бабаңа

Ақыл сұрап келген жер..., – дейді Мұрат ақын.

Шоқан өзінің «Записки о киргизах» деген еңбегінде: «Халық есіндегі атақты, тамаша философ болып сақталған Асанқайғы Жырғалаңда көшіп-қонып жүрген қазақ» деп ескертеді. «Асанның аты тек қазаққа ғана емес, көрші қырғыз еліне де мәлім, ол «Манас» жырында да аталады...» «Асанды қарақалпақ халқы да жақсы біледі. Олар өздерінің ескі жырауларының бірінен санайды», – дейді Шоқан.

Ғалым Б.Кенжебаев өзінің 1942 жылы жазған мақаласында Асанқайғының халықтың ойдан шығарған кейіпкері деген пікірге қарсы шығып, «Асанқайғы тарихта болған адам, ол Жәнібек ханның тұсында жасаған, ақылгөйі болған сияқты», – дейді. Осы пікірлерін айта келіп зерттеуші Асанның Жәнібекке айтқан толғауларына жоғары баға береді.

Халық Асанды алдағыны болжағыш, мал баққан қазақ басына түсер ауыртпалықты байқағыш, көреген, білгір ақыл иесі саңлақ деп санады. Кейін өмір сүрген қазақ ақындары мен жазушылары Асанды осылайша халықтық тұрғыдан таныған. Сонымен қатар қазақ ақындары Асанды ерекше бағалайды. Оны ноғайлы жырларын туғызған ұстаз жырау деп есептейді.

Академик М.Әуезов: «Тарихта болған адамдар ішінде өмір сорабы, іс-еңбегі халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой-жадында сақталған адамның бірі – осы Асанқайғы», – деп оған жоғары баға береді.

Жыраулар поэзиясын тілге тиек еткенде ноғайлы дәуіріндегі әдебиет мұраларына біржақты қарап, оның ірі өкілдерін қазақ, қарақалпақ, ноғайдың әрқайсысына еншілеп келдік. Осы орайда зерттеуші С.Қорабай былай дейді: «Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жырауларын түбі бір туысқан, тілі етене жақын қазақ, қарақалпақ, ноғайлардың әрқайсысының төл шығармалары дегеннен гөрі ортақ туындылар деп таныған жөн болар еді. Мұның өзіндік тарихи сыры бар: Еділ мен Жайық арасын ноғайлар мен қарақалпақтар, көршілес Сарыарқаны қазақтар жайлап, аралас-құралас отырған бауырлас үш халықтың әдебиеті бір арнадан тарады да, ХҮ-ХҮІ ғасырларда бұл халықтардың ара-жігі соншалықты ашылған жоқ. Үш халық ішінде бәріне ортақ ру аттарының кездесуі де осы туыстық төркінінен болар», десе, ғалым М.Мағауин: «Жырау өз есіміне Аймадет деген сөз тіркейді. Бұл – оның руының не тайпасының аты болса керек. Алайда біз ноғайларға қатысты әдебиеттердің ешқайсысынан Аймадет атты руды ұшырата алмадық. Ноғай тайпалары кейде өздерінің билерінің, немесе мекен еткен жерлерінің атымен де атала береді екен. Әрине, ондай тайпалардың біраз уақыт өткен соң есімін өзгертуіне тура келеді. «Аймадет» те сондай атаулардың бірі болуға тиіс», – деп келтіреді.

Қазақ, қарақалпақ және ноғай халықтары бірге өмір сүрген кез жыраулық поэзияның алтын дәуірі болды. Осы орайда «бұл сипаттас біраз сөз үлгілеріне қазақ, қарақалпақ, ноғай т.б. халықтардың ортақ еншілігі бар мұра ретінде қарау керек» деген Қ.Өмірәлиев пікірі мен бұл нұсқаларды осы халықтарға ортақ туындылар деп тану қажеттігін айтқан Р.Сыздықова ойын толық қостаған жөн деп пікір айтады С.Қорабай. Сонымен «ноғайлы цикліндегі» әдебиетте үшеуінің де еншісі бар.

М.Мағауиннің пікірі бойынша Доспамбеттің туып-өскен жері – Донның құйылысындағы Азов шаһары. Ол ХҮІ ғасырдың орта тұсында Азаулы ноғайларының басшысы, ел қорғаны, қол бастаған батыры болған тарихи тұлға.

Жырау өзі туралы:

«Айнала бұлақ басы Тең

Азаулының Стамбулдан несі кем?

Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағаның

Хан ұлына бәсі жоқ,

Би ұлынан несі кем?

Алла өзі берген күнінде

Хан ұлынан артық еді менің тапқан несібем,

Азулыда аға болған ерлер көп еді,

Әйтсе де алмаға ат байлаған жоқ еді», – деп асқақтата жыр толғаса, тағы бір өлеңінде:

Алғаным Әли ағаның қызы еді,

Қас арудың өзі еді.

Маңдайы күнге тимеген,

Желке шашын өрмеген,

Серпіліп адам бетін көрмеген, - дей отырып, жыраулық поэзияда тұңғыш рет әйел адамның, оның ішінде өз әйелінің бейнесін жасайды. Одан әрмен өзінің Қосақай, Қосай, Ер Досай дейтін балалары жайында да хабардар етеді. Ғалым Ж.Тілепов; «Доспамбет жырау өмірдің өкініші мен шүкіршілігі турасында көп толғаған үлкен философиялық өренің, белгілі бір пікірді тұжырымдап айтар, жаратылысына жалтақтық пен жасқаншақтық жат өр мінезді, өжет ойдың иесі», дей келе жыраудың мына бір өлең жолдарын мысалға келтіреді:

Қоғалы көлдер, қом сулар,

Қоныстар қонған өкінбес.

Арыстандай екі бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген өкінбес...

Жұпарын қардай боратып,

Арулар құшқан өкінбес.

Торы төбел ат мініп,

Той тойлаған өкінбес.

Екі арыстан жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе.

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес.

Жыраудың бізге жеткен мұрасының көлемі шағын. Бар болғаны 160 жолдың шамасындай. Доспамбет шығармалар алғаш 1910 жылы «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында (Орынборда) жарық көрді. Соңынан Доспамбет шығармалары жазушы-ғалым М.Мағауиннің құрастырған «Алдаспан» (1971), «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989 ж.) жинақтарында, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясында (1993) жарияланды. Сонымен бірге Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз шығармалары ноғайлы әдебиетінің өкілі ретінде М.Османов құрастырған «Ноғай уа құмық шиғырлары» (1883), А.Жәнібеков құрастырған «Ауыл поэзиясы иа де ноғай әдебиеті» (Мақашқала, 1935), «Яшав сокпаклары» (1979) жинақтарына еніп, А.Сикалиевтің «Сынап қарап, сырласып...» атты зерттеуінде (1975) Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіздер ноғай ақындары ретінде, ал К.Мәмбетовтың Нөкісте шыққан «Әмудария» журналында жарияланған мақаласында (1972, №9) қарақалпақ жыраулары ретінде зерттеледі.

Доспамбет жырларының басты тақырыптары елдік, ерлік жайында. Оның жырлары қазақтың қаһармандық поэзиясының қайнар бастаулары.

Доспамбет поэзиясына тән үлкен бір ерекшелік – оның өлең-толғауларындағы айтылған ой қазақ мақал-мәтелдерімен астасып, ішкі мағынасы жағынан болсын, сыртқы айтылу түрі, ұйқасы, салыстыру өзгешеліктері жағынан болсын үндесіп, нақтылы сөз өрнегімен беріледі. Мыс: Арғымаққа оқ тиді,

Қыл мықынның түбінен,

Айдаметке оқ тиді

Отыз екі омыртқаның буынынан.

Зырлап аққан қара қан

Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.

Сақ етер тиді саныма,

Сақсырым толды қаныма, – деп жырлайды.

Ақын тілінде өзіндік көркем образ, халықтық теңеулер де көп кездеседі. Мыс:

Көмбідей ару жарларға,

Күректей мұзды тоңдырып

Кірмембес ауыр қолға бас болып,

Күңіреніп күн түбіне жортқанмын...

Ағарып атқан таңдай деп,

Шолпанды шыққан күндей деп...

Арғымақтың талдай мойнын талдырып,

Үйде қалған арудың

Ал иіндігін аударып, – деп толғайды.

Ғалым Х.Сүйіншәлиев: «Доспамбет – халықтық эпос стилінде өлең шығарған жырау. Оның толғаулары терең ойлы көркем туынды. Дүниетанымы кең, өмір өткелдерінен өткен тәжірибелі, зерделі зергерді танытқандай. Дүниенің өткінші екендігін термелей келіп, ол адам өмірінің өсу жолдарын өзінше топшылайды. Оның жырлары орта ғасырлық қазақ поэзиясының жақсы үлгісі болып табылады», – дейді.

Жыраудың өлімі турасында екі жақты пікір бар: М.Мағауин Доспамбет 1523 жылғы Астрахань түбіндегі туыстас түркі тайпаларының арасында өткен жойқын бір ұрыста опат болды деген пікір айтса, Ә.Дербісәлин жырау ол жолғы жарақаттан өлмеген, өйткені, Азов теңізінің төңірегіндегі өздерін Азаулы атаған ноғайлардың ел болуы 1560 жылдардың мөлшері. Ол осы елдің иесі Қазимен бірге 1593, 1594, 1596 жылдары Ресей мемлекетінің шеткі аймақтарына шабуыл жасаған. Оның Есақай, Қосай деген екі ұлы болған. Сол балалар Азаулы атанатын бір елде, бір ғасыр ішінде Доспамбет атты, балаларының да есімдері жыраудың перзенттерімен аттас екі кісі болуы мүмкін емес деп (белгілі тарихшы А.А.Новосельскийдің «Борьба Московского государства с татарами в ХҮІІ в.» дейтін еңбегіне сүйене отырып) дәлелдейді.

Осы орайда Ж.Тілепов: «...Мамайдың тірі кезіндегі бір айқаста қатты жарадар болған Доспамбет жырауды сол жолы өлгені анық деп те, немесе «Жоқ, өлген жоқ» деп те кесіп айту қиын. Десек те А.А.Новосельскийдің зерттеуіне сүйене айтқан Ә.Дербісәлин пікірінің жаны бар» , – деп келтіреді.

Жырау шығармаларының кеңінен таралуына бірден-бір ұйтқы болған қазақ ортасы. Сондықтан да Доспамбет есімінің қазақ жыраулар поэзиясының көшбасшылары қатарында аталуы да осыған саяды. Қай шығарма болсын өз алдына жеке пайда болмайды, оны орта тудырады. Доспамбет шығармалары ноғай топырағында туып, қазақ ортасында дамыды. Сондықтан да жырау туындылары бүкіл әдебиетіміздің жемісі болып табылады.

Ноғайлы-қазақ дәуірінің ірі өкілдерінің бірі – Шәлкез жырау. Шалкез де Сыпыра, Асан, Қазтуған, Жиембет жыраулар сияқты Сарай маңында жасаған адам. Ол – ХҮ-ХҮІ ғасырлар аралығында билік құрған хандарды жақсы біліп, сол кез оқиғасын туындыларына арқау еткен жырау. Оның шығармалары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтары арасына кең тараған. Башқұрт Республикасы Ғылым академиясы мұрағатының қолжазба бөлімінда сақталған «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» деп аталатын көне дәптерде жырау өлеңдерінің кездесуіне байланысты ғалымдар Шәлкез жырау шығармаларының алғаш қағаз бетіне түсуі ХІХ ғасырдың екінші жартысы дейді. Аталған қолжазбада жыраулар Доспамбет, Қазтуған шығармалары, сонымен қатар «Орақ», «Мамай», «Әділ сұлтан» сияқты жырлар бар. Ноғай, құмық ауыз әдебиетін тұңғыш жинап бастырушы құмық ақыны Могомед Османов (1840-1904) құрастырып жариялаған «Ноғай уа құмық шиғырлары» (Санкт-Петербург, 1983) жинағы.

Шалгез шығармаларының аңыз аралас бір нұсқасын түсіндірме сөздер сияқты қосымшаларымен В.В.Радлов өзінің «Образцы» жинағының ҮІІ томына енгізген.

1893 жылы жарық көрген «Астраханский вестник» журналында (№1216) және А.Харузиннің «Киргизы Букеевской Орды» (Москва, 1886.) жинағында Шалкездің хан Би Темірге айтқандары басылды.

Көптеген жазба деректерге қарағанда Шалкез тарихта болған адам. Өзінің айтуынша ол Би Темірдің ордасында қызмет атқарған, ноғайлы елінің әрі шешен биі, әрі батыры, әрі ділмар жырауы болған. Түрлі жорықтарға тікелей қатысып жүріп, қаһармандық жырлар шығарған. Десек те жырау шығармалары бізге толық жетпеген. Оның ақындық шығармашылығы санаулы толғаулармен ғана шектеледі. Олар – ертерек шыққан шайырлар жинағында жарияланған туындылар.

Шәлкездің «Аспанды бұлт құрсайды», «Қарабас құспен шалдырып» деп басталатын би Темірге айтқан көлемді толғаулары алғаш рет 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества» жинағында да жарық көрді. Жинақта толғаулардың араб әрпіндегі қазақша мәтіні мен орысша мәтіні салыстырыла қатар берілген. Жырау толғауларын орысшаға И.Н.Распалов аударған.

Жырау толғаулары Ы.Алтынсариннің хрестоматиясында да басылды. Хрестоматия балаларға арналғандықтан жырау толғауларының кейбір жолдары өзгертіліп балаларға түсінікті тілмен берілген. Мыс: «Бір ханға бір бидің жамандардан қорлық көргенде айтқан сөзі» т.б.

Зерттеушілердің назарына ілінгені жыраудың М.Османов жинағы мен В.В.Радлов кітабындағы мәтіндер. М.Османов жинағында жарияланған «Аспанды бұлт құрсайды», «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауларының үзінділері мен «Арық хан», «Қатынасы биік көлдерден», «Боз үстіне от жаққан» толғаулары, В.В.Радлов кітабындағы «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатқандағы айтқаны» толғауының әңгіме түрі «Шалкіз» және «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауының үзінділері жырау шығармаларының ноғай, құмықтар арасына тараған нұсқалары еді.

Зерттеуші А.Сикалиев Шәлкез жырларын газеттерде жариялады. («Ленин жолы», (1969). Сонымен қатар А.Сикалиев пен В.В.Радлов жариялаған жырау өлеңдерінде көлемі жағынан айырмашылық болмаса, айтар ой бірдей екендігі аңғарылады. Мысалы, В.В.Радловта:

Бәйтеректің иайқалмағы йелден-дір,

Қарт терек йапырағы ол береннің белден-дір,

Төрелердің кешінмесі елден-дір,

Ақ киіктің йүгірмесі майдан-дыр,

Ойнайық, достылар, күлейік,

Ажалымыз алда білер қайдан-дыр,

десе, А.Сикалиевте:

Япырағы ясыл ала байтерек,

Яйкалмағы желдендир,

Ясармағы колдендир.

Япырағы береннин

Түсе қалса белдендир,

Төредердин кишинмеги элдендир.

Ноғайлар арасынан жазып алынған бұл екі мәтін М.Османов жинағында да кездеседі.

Шәлкез шығармаларын қазақ даласына кеңірек таратып, таныстырған ХХ ғасыр басында жарық көрген «Жақсы үгіт» (Қазан, 1903), «Ақын» (Қазан, 1912), «Шайыр» (1910-1912), «Көксілдер...» (Орынбор, 1910-1912) жинақтары болды. С.Сейфуллин: «Ноғайлы дәуіріне жататын жырлар ноғай, қазақ бірге жайлаған бағзы Еділ, Жайық жағасын қоныс еткен қазақтар арасында молырақ сақталған», – дейді. Жырау шығармаларын ел аузынан жинап жариялағандар Ибрагим Шейхали (1874), Т.Сейдалин, С.Жатурин, И.Т.Распалов, (1875), Ы.Алтынсарин (1879), М.Османов (1883), М.Бекмұхамедов (1908), Ғ.Мұштақ (1910), А.Беркалыұғлы (1910-1912) еңбектерін ерекше атауға болады.

Шәлкез шығармалары Кеңес дәуірінде қазақ тілінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967) хрестоматиясында, М.Мағауиннің «Алдаспанында», «Поэты Казахстана», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарияланды.

Зерттеуші Құсниев Мұраттың қолжазбасында (1949) Шәлкездің Батыс Қазақстан жерінде өскендігі, Мұса бидің жиені екендігі, оның Орақ, Мамай кезінде Алтын Орда шайқастарында елеулі ерліктер көрсеткендігі айтылады.

Ғалым Қ.Сыдиықовтың айтуы бойынша халық арасындағы аңыз негізінде жыраудың аты Салкез екен дегенді айтады. Әдебиет және Өнер институты қолжазба қорына тапсырған материалдарында Әкіш ақсақал (фамилиясы көрсетілмеген) Шәлкездің шын аты Телағыс дейді.

М.Османов, А.Харузин жинақтарында жыраудың аты «Шалкииз», Радловта «Шалкіз», А.Жәнібековте «Шалкиіз», С.Сейфуллин, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев зерттеулерінде «Шалкез» жеп жазылса, М.Мағауинде «Шалкиіз» делінеді. Оған жыраудың:

Тіленшіұлы Шалкиіз,

Иесі би Темірдің тұсында,

Бұлтқа жете жазды бұл мүйіз,

Иесі би Темірдің соңыратын.

Тұқылдықтан сартылдап,

Үзілер болғай сол мүйіз, – деген жыр жолдарын негізге алса керек.

Ел аузынан жиналған қолжазбалар мен ХХ ғасыр бас кезінде баспа бетін көрген кітаптарда Шалкиіз ноғайлының жырауы делінеді. Бірақ «Шайыр» жинағындағы Шалкиіз толғауына берілген түсінікте оның Қояс руынан екені, ал Қояс руының ноғай халқы құрамындағы тайпа, ру аттары арасында кездеспейтіндігі айтылады.

М.Мағауин: «Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған шығармаларын алғаш бастырушылар оларды үнемі ел аузынан алып отырды деу қиын. Өткен ғасырдың аяқ кезінде Н.Аристов, Г.Потанин т.б, ғалымдар қазақ арасында әр түрлі аңыздар, өлең-жырлар жазылған қолжазбалардың жиі кездесетінін атап көрсеткен болатын», – дейді.

Зерттеуші Қ.Сыдиықовтың айтуынша Шалкез мұрасы 760 жолдай. Оның 500 жолдайы қазақ арасынан, 260 жолдайы ноғайлар арасынан жиналғандығын айтады. Жыраудың бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық, әлеуметтік лирикаға жатады. Ол заман үрдісін қатар суреттеп отырады.

Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, нақыл сөздер мол.

Мыс:

Құсты жисаң бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер,

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас-тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда,

Жіміле ғаламға күлкі етер.

Шалкиіз жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар өнеге алған. Жырау шығармаларының әдебиет тарихында өзіндік орны бар.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Ақ берен. Құрастырған Қ.Сыдықов. А., “Жазушы”, 1982.

  2. Алдаспан. Құрастырған М.Мағауин. А., “Жазушы”, 1971.

  3. Бес ғасыр жырлайды. I том. А., “Жазушы”, 1984, 1989.

  4. Дербiсәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А., “Ғылым”, 1990.

  5. Қаз ССР тарихы. А., “Ғылым”, 1957. I-том.

  6. Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиет. Хрестоматия. Құрас. М.Мағауин. А., 1993

21-22-дәріс. ХҮІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. Жиембет жырау шығармашылығы. Марқасқа жырау – Есім ханның жорықшы жырауы

Оқыту мақсаты: ХҮІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Жиембет жырау шығармашылығы. Марқасқа жыраушығармашылығы туралы мәлімет беру

Негізгі ұғымдар: аристократия, тарих, әңгіме, жыр, дастан, т.б

Қаралатын мәселелер:

1. ХҮІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті.

2. Жиембет жырау шығармашылығы.

3. Марқасқа жырау шығармашылығы.

Халық Жиембетті әрі батыр, әрі жырау деп аңыз етеді. Жиембеттің бұлайша халық аузында сақталу себебі, ең алдымен ол елдің көкейіне қонымды жыр толғап, бойындағы ақындық шабытын батырлықпен байланыстырғандығында болса керек. Мұның үстіне, Жиембет өзі тұстас кейбір хан мен билерге наразылық білдірген, тіл тигізе батыл сөздер айтқан, өз дәуірінің өткір тілді тұлғасы болған.

Әдебиет тарихын зерттеуші Мұхтар Мағауин Жиембет жырау шығармаларын «Алдаспан» жинағында жан-жақты талдай келіп: «Бертоғашұлы Жиембет жырау көшпенділердің әскери аристократиясынан шыққан. Халық аңыздары мен көне шежірелерінде Жиембеттің арғы атасы – Ноғайлының қорғаны Алау батыр. Алау – XVII ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам», – дегенді айтады. Ол жайында кейбір зерттеулерде де ішінара айтылып жүр.

Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайында нақты деректер жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жадында сақталған әңгіме, жырлардан, ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз.

Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазба қорында сақталған шежірелердің біразынан Жиембеттің атын ұшыратамыз. Солардың бірінде (№ 1115) Жиембет жайында Жиембет – «Кіші жүздің ескіде өткен аузы дуалы биі» делінеді.

Жиембет – Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы» – десе, бұл жағдай үлкен жыраудың өзінің өлең толғауларында да әдемі айтылған.

Жыраудың барлық саналы ғұмыры Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қасында өтіпті. Ол ұлы ханмен теңдей сөйлесіп, керек жерінде үзеңгі қағыстыруға дейін баратын сияқты... кейде тіпті ханның жалғыз, қарашаның көптігін айтып, Есім ханның алдында иілмейтіндей сыңай да танытқан. Ақын өзгенің де, өзінің де қадір-қасиетін терең сезінетінін аңғартып, ешнәрседен сескенбей, хан алдында қаймықпай, қасқая толғайды:

Еңсегей бойлы Ер Есім,

Есім, сені есірткен

Есіл де менің кеңесім!

Ес білгеннен, Есім хан,

Қолыңа болдым сүйесін,

Қолтығыңа болдым демесін.

Келтірілген үзіндіде Жиембет жай ғана жырау емес, жаужүрек батыр ретінде де танылады.

Жиембет – Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы. Сонымен бірге Жиембет – ел аузынан алынған тарихи әңгімелерге және өз шығармаларындағы кейбір сөздерге қарағанда, заманының ірі феодалы, мемлекет істерінде үлкен рөл атқарып отырған қабырғалы би, ділмар шешен, өткір тілді көсемі ретінде де көрінеді.

Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайында нақты деректер жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жадында сақталған әңгіме, жырлардан, ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз.

Жиембет – «Еңсегей бойлы ер Есім» жырының басты кейіпкерінің бірі. «Сол күнде Үш жүздің баласында атақты төрт батыр болар еді, Ұлы жүзде бөгжелі елінен Жабайұлы Жақсығұл деген мерген еді. Қоңыраттан Алау батыр еді. Кіші жүзде Алшын... Бертоғашұлы Жиембет деген еді. Үйсіннен Сүлейман батыр...» жырда Жиембеттің ерліктерін суреттеуге көп орын берілген.

Монғол-түріктердің тарихын жазған атақты Рашид-ад-Дин былай дейді: «Монғол-түріктер өздерінің ата-тегі жайлы шежіреге айрықша мән береді. Олар бұл шежірені тіпті тілі жаңа шыққан жас балаларының да құлағына құйып қояды... Сондықтан өз руының шежіресін білмейтін, өзінің ата-тегін тарата алмайтын адамдар мүлде ұшыраспайды. Бұл – естен кеткен ескі замандардан күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан салт»

Орыс этнографы Н.А.Аристов мұндай шежірелердің қазақ арасында, тіпті, жазба түрінде де кездесетіндігіне назар аударған-тын.

Жиембеттен қалған ең елеулі мұра – оның Есім ханға толғауы. Толғау 7-8 буынды жыр ағымы үлгісінде келеді. Көркемдік құралдарға онша бай емес, көбіне-көп қолданылатыны – теңеу.

Ел әңгімелеріне қарағанда, Жиембет – Есімді ақ киізге салып хан көтерушілердің бірі, оның барлық жеңісті жорықтарының қаһарманы.

Жиембет өмір сүрген дәуір – қазақтардың сыртқы жауларға қарсы қаһармандық күресінің дәуірі-тін. Бұл кездегі ең басты дұшпан Жоңғардан шыққан қалмақтар еді.

Жиембеттің көлемді бір толғауы «Жақсы үгіт» жинағында 1908 жылы басылып шықты. Ол – жыраудың Есім ханға айтқан жыры. Жырау толғауына қарағанда жас кезінде ханға қызмет етіп, оның сенімін ақтаған ерлердің бірі болған және де өз айтқанын ханға істете білген тәрізді. Оны мына жыр жолдарынан көруге болады:

Менің ер екенімді көргенсің,

Әуелден бірге жүргенсің.

Дегенімді қылғансың,

Қайратымды білгенсің.

Жиембет жыраудың аты Қазақ ССР тарихында да айтылады. Тарихтың айтуынша, ол ханнан қорлық көріп, есесі кеткен елдің жоғын жоқтаған адам. Хан өлтірген қаралардың құнын сұрап ханға қарсы шыққан да осы жырау болды» деп жазады Қазақ ССР тарихынды. Мысалы:

Мен өлсем құнсыз кетер деме сен.

Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген

Тілеуберді құлындай!

Тілеуберді құлың мен емес,

Мұның ханым жол емес.

Бұл жолдарда Жиембет ханның рахымсыздығын бетіне басып, жетім-жесірлердің талайын мерт қылған мейірімсіздігін ашық айтып отыр.

Жиембетті халық ақындары жақсы білген. Оның өлеңдерін Ығылман Шөреков берегерекке дейін жырлап келген. Ол «Жиембет батырдың ашуы» деген тақырыпта толғаулар айтқан. Бұл толғаулар Жиембеттің әкесі Бертоғаш екені, жырау Есім хан тұсында қалмаққа қарсы қол бастаған батыр болғаны айтылған. Х.Сүйіншәлиевтің топшылауы бойынша: «Ығылманның бұл айтқандары тарихқа қайшы келмейді, керісінше жырау туралы мәліметті толықтыра түседі», – дейді.

Орал тұрғыны Оразғали Сүйінбекұлы Жиембет жырларынан есімде қалғаны деп қырық жолдай екі өлеңін айтады. Жыраудың бұл кісі айтқан өлеңдері 1967 жылы «Көне әдебиет хрестоматиясында» бірінші рет жарық көреді.

Зерттеушілердің пікірінше Жиембет – халық ауыз әдебиеті жетістіктерін жете меңгерген суырып-салма импровизатор. Жыраудың мына бір өлеңінен оның тіл шеберлігін, өзінің бойындағы қасиеттерді бейнелеуге қолданған теңеулерінің асқақ та айқын екендігін көруге болады:

Менің ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пен аюдай

Өрлігімді сұрасаң,

Жылқының асау тайындай.

Зорлығымды сұрасаң,

Бекіре мен жайындай.

Беріктігімді сұрасаң,

Қарағай мен қайыңдай, деп келтіреді.

Жиембет жыраудың қай толғауын алсаң да осылай өткір тілді, бейнелі келеді. Қорыта айтқанда, Жиембет кезіндегі поэзияға өзінің қомақты үлесін қосқан көркем сөз өнерінің белді өкілдерінің бірі.

Марғасқа жыраудың қай жылы туып, қай жылы өмірден өткендігі туралы еш жерде дерек жоқ. Зерттеу еңбектерде Марғасқа ХҮІІ ғасырда өмір сүрді деп айтылады. Тарихта Марғасқаның Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүргендігі мәлім.

Есім хан батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен бір өлеңі шанышқылы руының ханы Тұрсынның қазақ ауылдарына жасаған жойқын шабуылымен қатысты. Мыс:

«Қырғын салды қазаққа

Самалын құдай оңдады.

Кезіккендер қырылып,

Алды-артына аңдады.

Қара жерді қандады,

Буаз қатын кез келсе,

Ішін тіліп жайлады.

Бас қамында анасы,

Шырылдап жылап баласы,

Бесіктер қалды жол-жолда,

Найзамен түйреп жамғарды.

Өлікпенен бөгеді

Қыр мен адыр, сайларды.

Ошаң етер адам жоқ,

Сансыз көрді пайданы»

Әдебиет тарихын зерттеуші М.Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай дейді: «ХҮІІ ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын-жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің де аты ХҮІІ ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан Есіммен байланыстырыла айтылады», дей келе жыраудың Тұрсын ханға айтқанын былай келтіреді: «Есім хан Тұрсын ханға жасаған бір шабуылында хан жатқан сарайды қорғаушы күзетшілерді жайғастырып, енді ішке кірмек болғанда оның қасындағы әрі батыр, әрі жырау Марғасқа: «Тақсыр, сіз тұра тұрыңыз, мен барайын», – деп сарайға енеді. Бейқам жатқан Тұрсын ханды байлап алған Марғасқа ханға:

«Ей, Қатағанның хан Тұрсын,

Кім арамды ант ұрсын!

Жазықсыз елді еңіретіп,

Жер тәңірісіп жатырсың.

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың,

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы жеткен пақырсың!

Еңсегей бойлы ер Есім

Есігіңде келіп тұр:

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды!» – деп жырлаған екен. Бұл жырдан Марғасқаның от тілді, өжет, аса талантты ақын екендігі аңғарылады.

Өлең Марғасқаның халық әңгімелерінде айтылатындай шынында да жауынгер, жорықшы жырау болғанын көрсетеді.

Зерттеуші С.Дәуітов: «Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ ол туралы ХҮІІ ғ-дағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз. Өйткені ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болғанға ұқсайды. Марғасқаның бізге жеткен қысқа өлеңінде батырлық сарын басым. Жалғыз Марғасқа емес, Марғасқаға дейінгі және одан кейінгі біраз жыраулар жайында осыны айтуға болады. Бүкіл бір шаһардың ханы Тұрсын ханның алдында Марғасқаның қынаптан суырған қылыштай өткірлікпен айтқан мына өлеңі Марғасқа сияқты жүрек жұтқан жыраудың ғана қолынан келеді», – деп түйіндейді.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қосымова Г. Қазақтың шешендік өнерінің негіздері. –А., 2003

  2. Әдеби мұра және оны зерттеу. –А., 1961

  3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –А., 1991

  4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – А., 1959.

  5. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1992

  6. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 2006.

  7. Сәтбаева Ш. Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІІ том. – Алматы, 2000

  8. Тілепов Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры. Алматы, 1995.

23-24-дәріс. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының саяси-экономикалық даму жағдайы. Ақтамберді жырау шығармашылығы

Оқыту мақсаты: ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының саяси-экономикалық даму жағдайы. Ақтамберді жырау шығармашылығы туралы деректермен, мәліметтермен таныстыру

Негізгі ұғымдар: аристократия, тарих, әңгіме, жыр, дастан, шежіре, ата-тек, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1.ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының саяси-экономикалық даму жағдайы.

2.Ақтамберді жырау шығармашылығы

ХҮІІІ ғасыр қазақ тарихындағы бетбұрыс кезең болды. Бұл жайында Шоқан: «Әр қайсысы әр тараптан жортуыл жасаған жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары және башқұрттар қазақ ұлыстарының ұйпа-тұйпасын шығарды, малын айдап, жанын байлап әкете берді. Алланың көктен келген кәріндей қақаған қыс, жұт, ашаршылық олардың халін тіпті ауырлата түсті», – деп жазған.

Қалмақтар 1723 жылы тұтқиылдан шабуыл жасап, қазақтарды қырғынға ұшыратады. Қазақ халқы өзінің ескі мәдениет ошақтары – оңтүстіктегі қалалардан айырылды. Қазақ тарихындағы «ақ табан шұбырынды алқакөл сұлама» заманы басталды. Осы үлкен жеңілістерден кейін қазақтар (1728-1730 жж.) Жоңғар басқыншыларына төтеп беріп, жау қолындағы жерлерін азат етті.

Осы дәуір әдебиетіндегі сырт жауларға қарсы күрес, ерлік сарыны Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей жыраулардың творчествосынан, ал қазақ даласында болған кейбір өзгерістер негізінен Бұқар жырау творчествосынан өз көріністерін тапты.

Ғалым Ө.Күмісбаев: «Ақтамберді жаугершілік заманның әрқилы кезеңдерін басынан көп өткерген. Егер «Алдаспанға» сүйенсек, 93 жыл өмір сүріпті, яғни 1675-1768 жылдарда өмір сүріпті. Ақындық даңқы жас кезінде шыққанына қарағанда бізге мұрасы молырақ жетсе керек еді, әзірше қолда бары шағындау. Немесе Ақтамберді өлеңдерінің біршамасы басқа жырауларда ауысып жүруі мүмкін. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар поэзиясында ондай жағдайлар кездеседі. Ақтамберді жырау эпикалық жанрдың ақыны болған», – дейді.

М.Мағауин: «Ақтамберді – ойраттармен күрес дәуірінде қазақ қолының басында жүрген ерлердің бірі. Ол – атақты Қара Керей Қабанбаймен бірге Найманның рубасы көсемі, әскербасы батыры. Сонымен қатар Ақтамберді жортуыл жыршысы, әлуетті жырау да болған.

Жырау өзінің алғашқы туындыларын 10-11 жасында шығара бастапты. Ақтамбердінің бұл кездегі өлеңдері мұң, зар, жалғыздыққа налу түрінде келеді» – дейді. Мыс:

«Жағалбай деген ел болар,

Жағалтай деген көл болар,

Жағалтайдың жағасы

Жасыл да байтақ ну болар.

Атадан алтау туғанның

Жүрегінің бастары

Алтынменен бу болар,

Атадан жалғыз туғанның

Жүрегінің бастары

Сары да жалқын су болар,

Жалғыздық, сені қайтейін!»

Ақтамбердінің ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Алайда ол күні кеше ғана өзіне теперіш көрсеткен ағайындарына қарсы күш жұмсауды мәрттық деп біліп, бүкіл ел мүддесін ойлай бастайды, ру, ата намысын емес, игі қазақтың намысын қуады. Мыс:

«Дұшпаннан көрген қорлығым

Сары суболды жүрекке,

Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке,

Жауға қарай аттандым,

Жеткіз деп, құдай, тілекке!»

Бұл – Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен үздіксіз соғыстар дәуірі еді. Жырау осындай қанды ұрыстардың талайына қатысады, өзінің ерлігімен, ұйымдастырғыштық, қолбасылық қабілетімен көзге түседі.

Ақтамберді әз-Тәукенің тұсында өмір сүрген. Ол өзінің бұрынғы Доспамбет, Шалкиіз дәстүрін алға апарушы. Жырау туындылары негізінен көне қазақ поэзиясы үлгісіндегі:

«Түйе мойын тұз кесер,

Жігіт мойын қыз кесер,

Сартылдаған сары аяз,

Жылқының мойнын мұз кесер,

Бұлан да бұлан, бұлан сан,

Бұланның санын оқ тесер,

Бұландап жүрген жігіттің

Жомарт қолын жоқ тесер!» деген сияқты нақыл, афористік толғаныстар түрінде келеді.

Ақтамберді жырлары көшпенді қазақтардың ой-арманы, мақсат-мүддесінен елес береді, сахара тұрғындарының өмір, тұрмыс жайлы түсінігін бейнелейді. Жыраудың кейбір толғауларынан халқымыздың мінез-құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарасы айқын аңғарылады. Бұған жыраудың «Күңгір-күңгір кісінетіп...» деп басталатын толғауын атауға болады.

Ғалымжан Мұқатовтың айтуынша: «Найманнан Қабанбай батыры мен Ақтамберді жырауы жүз кісімен келіп, ерінің құнын, жесірін даулайды. Даугерден сөзді әуелі Ақтамберді жырау бастайды», – дейді.

Зерттеуші Өтеген Күмісбаевтың айтуы бойынша: «Ақтамбердіден қалған мұра әзірше 300 жолдан аспайды. Түр, тақырып, объект жағынан Ақтамбердінің басқа жырауларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жақтары бар. Ақтамберді жырау табиғатқа, адамдарға біртабан жақын. Шарықтап аспанға да шығып кетпейді, жерден, елден қуат алады, мұңын да, сырын да тыңдаушысынан жасырмайды.»

Ақтамберді өлеңдері жыраулардың ауыз әдебиетінен бөлініп, жеке отау тігі бастағандығына дәлел. Халық даналығын көркейтіп одан әрі жетілдіруші, сөз өнерін жаңа өрге апарушы ретінде көрінеді.

Қ.Сыдиықов: «Халық әдебиетіндегі адамгершілік пен ерлік, ел қорғау, кемтар қауым даналығын суреттеу, берекелі бейбіт өмірді іздеу идеялары – халықтың абзал дәстүрдің құлан иек атқан таңы, туу шағы болатын. Ол дәстүрдің орындық орнығуын, қалыптасу кезеңін XV – XIX ғасырлардағы тарихи жырлар мен ақын, жыраулар мұрасынан айқын көреміз», – дейді.

Енді бір мәселе: Ақтамберді Сарыұлы мен Махамбет Өтемісұлының бірқатар өлеңдері мазмұндас, ұқсас болып келетіндігі. Ақтамберді Махамбеттен шамамен алғанда жүз жылдай бұрын өмір сүрген адам. Соған қарамастан, екі ақынның ішкі мазмұн ұқсастығы байқалады. Тек соның кейбіреулеріне тоқталып өтелік. Ақтамбердінің жалғыздық пен жарлы болудың тақсіретін тартқаны жоғарыда айтылды.

Жеңіме жамау түскенін,

Жарлылық, сенен көремін.

Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық, сенен көремін,–

деп жыраудың мұң шағатыны бар. Төрт тармақтан орташа шаруаның мүшкіл тұрмысын, кейде күресте жалғыз қалатынын білеміз. Махамбеттің де осындай бір қамығатын кездері бар.

Заманым менің тар болды,

Тура әділдік биде жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт,

Қаумалаған қарындас

Қазақта бар да, мен де жоқ.

Салыстырып, жіті көз жіберсек, әлгіндей үндестік, тәсіл, шеңберлік деңгейлестігін «Көк көгершін, көгершін» (Ақтамберді), «Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ» (Махамбет), «Айғайдан басқа жыр бар ма?» (Ақтамберді), «Орай да борай қар жауса» (Махамбет) т.б. өлең нұсқаларынан көреміз.

Ақтамбердінің ақырғы өлеңдерінің бірі «Балаларыма өсиет» деген жолмен басталады. Балаларына тірліктегі бірлікті, талапқа, татулыққа, мерейлі мұратқа ие болыңдар деген өсиет айтады. Халықты алауыздыққа апаратын мінездерден сақтандырады. Тоқсан жасаған қарт жыраудың артына қалдырған мұрасы бұдан да көп болуы керек. Біз қолда бар толғау, өлеңдеріне талдау жасап, ақынның басқа әріптестерінен өзгешілігін көрсетуді мақсат еттік.

Ақтамбердінің мазары қазір Семей облысы, Абай ауданындағы Шет өзенінің маңында.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қосымова Г. Қазақтың шешендік өнерінің негіздері. –А., 2003

  2. Әдеби мұра және оны зерттеу. –А., 1961

  3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –А., 1991

  4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – А., 1959.

  5. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1992

  6. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 2006.

  7. Сәтбаева Ш. Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІІ том. – Алматы, 2000

  8. Тілепов Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры. Алматы, 1995.

25-26-дәріс. Жыраулық дәстүрдің дамуы, ақындық поэзияның алғашқы өкілдері. Тәтіқара ақынның өмірі мен шығармашылығы. Үмбетей жырау шығармашылығы

Оқыту мақсаты: Жыраулық дәстүрдің дамуы, ақындық поэзияның алғашқы өкілдері. Тәтіқара ақынның өмірі мен шығармашылығы. Үмбетей жырау шығармашылығы турлы деректерді келтіре отырып, олардың маызын түсіндіру

Негізгі ұғымдар: дәуір, дәстүр, хан, сұлтан, хикая, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1.Жыраулық дәстүрдің дамуы, ақындық поэзияның алғашқы өкілдері.

2.Тәтіқара ақынның өмірі мен шығармашылығы.

3.Үмбетей жырау шығармашылығы

Халық әдебиеті қазыналарын жазбай танитын Шоқан кезінде Тәтіқара жырларына назар аударып, оның бір өлеңінің жолма-жол тәржімасын да жасаған болатын. Зерттеуші Тәтіқараның кезінде ірі ақын болғандығын айта келіп, оны Абылай қолының жыршысы деп таныған. Проф. Е.Ысмайылов та Бұқар мен Тәтіқараны Абылайдың қалмаққа қарсы күресін шындықпен жырлаған ақындар деп көрсетеді. Соған қоса ол Тәтіқараны өзі көрген жортуыл туралы жырлар шығарған эпик ақын деп санайды. «Ер Тарғын», «Қобыланды» сияқты жырларда оқиғаның куәсі болған Сыпыра жырау шығарып, ал онан соң Үмбетей, Тәтіқаралар жырлап таратуы ықтимал, – дегенді айтады.

XVIII ғасыр әдебиеті жайында сөз болса Тәтіқараның аты аталмай қалмайды. Жұртшылық санасындағы Тәтіқара – қазақ халқының тарихындағы қиын кезеңдердің бірінде сырт жауларға қарсы күрестің ұраншысы, өз отандастарын басқыншыларға қарсы ұрысқа шақырушы жауынгер ақыны, жортуыл кернейшісі.

Тәтіқараның сүйегі – Сарыкөл маңындағы уақтан, уақ ішінде Қалмақ деген атадан. Ақынның туып өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Урицкий ауданының маңы. Алайда ақынның саналы өмірі түгелдей дерлік Абылай ханның төңірегінде өткен сияқты. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Абылай хан жаугершілікке аттанғанда Тәтіқараны қасынан тастамайды екен. Оның суырыпсалма ақындығын, турашылдығын, сонымен қатар жаудан қайтпайтын батырлығын қатты бағалайды екен.

Тәтіқара Бөгенбай қолымен қалмаққа қарсы шабуылдарға өзінің жалынды жырларымен аттанған. Шайқастың қақ ортасында жүріп, жалынды жырларымен халықтың жігерін оятқан. Мысалы, оның бір жыры «Қамыстың басы майда...» деп басталады. «Әдебиет және искусство» журналының 1946 жылғы 7-8 сандарында жарияланған. Ол қазақ қолының қиын жағдайға ұрынған кезінде, жауынгерлердің ерлік намысын ояту ниетінде айтылған жалынды жыр жолдары еді.

Мысалы:

«Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ержігіттің ерлігі осындайда.

Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы,

Дербісәлі, Маңдайды айт қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,

Сары менен Баянды айт уақтағы.

Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт...

Найзасының ұшына жау мінгізген,

Керейде Еменәлі, Ержанбайды айт.

Мұнда Тәтіқара қол бастаған батырлар ісін, олардың ерлік қылықтарын үлгі ете жырлап, қалың қолды ілгері ұмтылуға үндейді.

Тәтіқара – кезіндегі шындықты жасырмай жырлаған батыр ақын. Ол Абылай бастаған қолдың жаумен кейбір айқаста табансыздық көрсеткен жерлерінің де болғанын жасырмайды.

Мына бір өлең жолдары осының айғағы:

Жау жағадан алғанда,

Ит етектен шалғанда,

Ұрыстан ерлер ығысты.

Абылай да жылысты...

Ақын Абылайдың жеңістері бір өзіне емес, халықтың табандылығына, ерлігіне тікелей байланысты, қазақтың қол бастаған сан батырларының жанқиярлық пен қаһармандық күш көрсетулерінің жемісі, дейді. Ұрыс алаңындағы Олжабай, Баян сынды ерлердің істерін жырға қосады. Мысалы:

Береке қалмас қашқанда,

Ақыл келмес сасқанда,

Баяндай ерді көрмессің,

Бұрылып жауды шанышқанда...

Қалмақтың қалың қолына,

Оқ жіберіп бөгеді.

Тұрымтайдай ұл еді,

Қайсар батыр Олжабай...

Кейбір қолжазба деректер Тәтіқараны Абылай ханға сын сөздер айта білген батыл ақын етіп танытады. Асылы, Тәтіқара да Бұқар сияқты ханның астам көңілін басарлық ауыр сөздер айтуға батылы жеткен, заманына беделді адам болса керек. Кей тұста ақын Абылайды жақтаушыдан гөрі әшкерелеуші, сыншы болып танылады. Әр тұста ол хан жағында бола бермеген. Батырлар жағын әсіресе Олжабайды қолдаған. Ал Олжабай мен Абылай немесе Бөгенбай мен хан арасы ашылғанда халық мұңын көтеріп отырған. Абылайға көңілі қалған тұста ол өзінің өткір тілін қадап, оның кемшілік тұстарын бетіне басқан. Мысалы бұған:

Үш жүздің баласы

Ақылдасып қолдасып,

Хан көтеріп еді –

Үш жүздің баласын

Бір ұлындай көрмеді.

Ат құйрығын күзеңдер,

Аллалап атқа мініңдер,

Ханталау қылып алыңдар, – деген жыр жолдары дәлел.

Ақынның бұл сияқты батыл әрекеттері ханға ұнамайды. Халық аңызы бойынша Тәтіқара хан сарайының маңынан біржолата қуылып, жасы ұлғая келе жоқшылық көріп дүниеден өтеді.

Тәтіқараның Шоқан тәржімалаған жыры да осындай жағдайда айтылған. Яғни Тәтіқара шығармасы 1756 жылы туған. Бұл – ақынның өмір сүрген уақытын дәлірек білуде үлкен мәні бар дерек.

Айтылмыш жырдың түпнұсқасы біздің заманымызға жекелеген үзінділер түрінде жеткен.

«Кебеже қарын, кең құрсақ

Артық туған Абылай

Көтере гөр бұл істі:

Көп қытайдың жылқысы

Тұрымтайдай құнысты,

Жау жағадан алғанда,

Ит етектен алғанда,

Ер Абылай қорыққан жоқ,

Әшейін еңкейе бере жылысты.»

Жырдың тағы бір үзіндісін Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларынан ұшыратамыз. Онда өлеңнің кімдікі екені айтылмаған.

Тәтіқараға қатысты бізге белгілі мәліметтер осындай. Әрине, импровизатор ақын туғызған жырлардың дені сақталмаған. Бұл жалғыз Тәтіқараның емес, қазақтың өткендегі талай талантты ақындарының трагедиясы.

Тәтіқараның біздің дәуірімізге жеткен шығармалары, оның үлкен сөз зергері болғандығын көрсетпейді. Бұл тұрғыдан алғанда, Тәтіқара – қарабайыр көп ақынның бірі. Алайда Тәтіқара шығармаларының қарбалас шақтарда, тәуелсіздік жолындағы күрестің қиын кезеңінде жұрттың рухын көтерген, елге жігер берген ұран іспеттес болғандығымен құнды.

Тілеуұлы Үмбетейдің жырау ретінде артына қалдырған мұрасы аса көп емес. Бар болғаны жеті-сегіз толғау.

XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы, жалпы алғанда, күрделі құбылыс санатына жатады. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры осы ойымызды растайды. Әсіресе, ХҮ-XVIII ғасырлардың арасында тірлік кешкен көшпенділер поэзиясы шын мәнінде қазақтың азаматтық поэзиясының төлбасы болса керек. Сол уақыттың поэзиясы қым-қиғаш дәуірдің көрінісі секілді.

Қандай да тарихи құжат болмасын, ол сол құбылыстың бір жағын ғана көрсетеді. Ал, поэзия мезгілдің барометрінде халық мұңын, күйзелісін, нені армандағанын аңғаратыны аян. Поэзияның сол бір қадірін қастерлеп, халық ұрпақтан ұрпаққа жалықпай жеткізіп келеді. Өйткені, нағыз көркемөнердің қызметін атқарған поэзияда қоштасуы да, жоқтауы да, толғау, той бастары да, шешендігі де, батасы да, нақылы да біте қайнасып келген.

Сайып келгенде, халқымыздың поэтикалық шежіренамасы өлең сөзбен жасалғанына ешкім дау келтіре алмайды. Аңыз-дастандары соны айтады, соны растайды. Көп жанрлы қазақ фольклорынан дәстүр жалғастығын көреміз.

ХҮІІІ ғасыр перзенттері Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жыраулар да фольклордың кең қолытығанан шыққан. Хан мен қараны ауыздарына қаратқан жортуыл жыршылар еді.

ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген дуалы ауыздың бірі – Үмбетей Тілеуұлы. Әскери жорықтарға қатысқан, батырлығы да, ақындығы да қатар жүрген кісі. Шығармасының дені арнаудан тұрады. Әдебиет зарттеушісі М.Мағауиннің айтуынша: «...Өз тұсындағы дабыралы ерлер жайлы тарихи поэмалар жасау ісіне белсене араласқан».

Үмбетейдің қазір қолда бар шығармалары шағын. Академик Қ.Жұмалиев Үмбетейді Бұқар жыраудан кейін атапты.

Ғалым: «Шығармалары өз аттарымен біздің дәуірімізге дейін сақталып келген әдебиет өкілдері Бұқар, Үмбетей (ХҮІІІ ғ.), Дулат, Жанкісі, Байтоқ, Жанұзақ, Шернияз, т.б. (ХІХ ғ) алсақ, бәрі бір дәуір, бір кезеңде өмір сүрсе де олардың дүниетану, өмірге көзқарастары әр басқа. Өйткені бұлардың бәрі бір топтың ақындары емес. Әркім өмір құбылысын өз ортасы арқылы, өз табының көзқарасынан танымақ», – деп тұжырымдайды.

Үмбетей – беріде өмір сүрген ақын. Оған жыраулық дәстүрді жалғастырушы ретінде қараймыз. Үмбетей есімі Бөгембай батырмен қатар аталады. Арнау жырларымен аты шыққан. Жалпы, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар арасындағы қазақ поэзиясының дені арнау, толғаулар десек қателеспейміз.

Қазақ әдебиеті жанрларының тарихын еске алғанда, алдымен ауызға түсетін жанр толғау екендігін, оның жеке-дара ақындар, жыраулар мұрасында көріне бастағанын айта кету керек. Үмбетей жырларының қолда барының дені толғау. Жырау мақалдап, мәтелдеп сөйлейді, халық даналығына сүйенеді. Айтқандарына қарағанда әділетті, ақылды кісі болып елестейді. Оны Бәкеге арнаған жолдарынан байқаймыз. Бұл өлең 1968 жылы қарт журналист Ғалымжан Мұқатовтан жазылып алынған. Ал Ғалымжанның кімнен, қайдан, қашан алғаны белгісіз.

«Алдаспан» жинағында айтылғандай, Үмбетейлермен аталас Жауқашар деген адамның бірінен-бірі өткен бұзық, сойқанды 9 ұлы болады. Бір жолы бұлар өздерімен ағайын көрші ауылға барымтаға шығып, үйірге салып жүрген бураларын әкеп сойып алады. Екі атаның арасында дау туады. Бәке деген кісі Жауқашардың тоғызына ара түседі. Сонда Үмбетей әлгі әділетсіздікті әшкерелеп, «Бәкеге» атты өлеңін айтыпты. Әрине, бұл шындықтан туған шымыр жолдар болса керек. Сол дәуірдегі жыраулардың бір қасиеті – ойларынан еш нәрсе шығармаған, өзі өмір сүрген ортаның ғана жағдайын жырға тиек еткен. Үмбетейдің шығармаларында толық мәтіні кездесуі некен-саяқ. Арасынан бірдеңелер қалып отырғанға ұқсайды, қайталаулар ұшырайды.

«Ауызша дәстүр ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген 3 жыраудың – Бұқардың, Үмбетейдің, Тәтіқараның есімдерін сақтаған. Аңыздарға және кейбір архив құжаттарына қарағанда бұлар феодалдық ақсүйектерден шыққан», – деп жазады ғалым Н.С.Смирнова. «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ жыраулары» деген мақаласында.

Белгілі фольклорист академик Ә.Марғұлан Үмбетейді Бұқардан кейін бекерге атап отырған жоқ сияқты, Үмбетей жыраулық поэзияның толысқан тұсына тап келген кісі. Марғасқа, Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар сынды жыраулардың толғаулары кезең көрінісін нақты айқындайды. «Тәтіқара мен Бұқардың арасындағы орынды толтырып, тарихта болған батырлардың ерлігін паш еткен Үмбетей толғаулары санаулы-ақ, онда басқалардан ауысып жүрген дүние көрінбейді, бәрі өзінікіндей оқылады. Үмбетей шығармалары халық поэзиясының қасиетін бойына жақсы сіңірген. Өлеңдері шешендік сөздерге жақын тұрады», – дейді ғалым Ө.Күмісбаев.

Үмбетейдің поэзиясында жеке-даралық творчествоның белгілері айқындау көріне бастаған, оны анық объектісі бар арнау өлеңдерінен аңғаруға болады. Бұған «Бәкеге», «Бұқарға» дейтін Үмбетей айтқан бірқатар толғаулар куә.

Бізге белгілі мәліметтердің бәрінде де – жыраудың Бөгембай өлімін Абылайға естірту жырының үзіндісі басылған «Таң» журналында да, Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы шығармаларында да Үмбетей деп жазылған, – дей келе М.Мағауин кейбір зерттеушілердің Үмітай, Үмітей деп есімін бұрмалауына қарсылық білдіреді.

Осы орайда ғалым: «Үмбетей мен Бұқар жақын дос болыпты. Үмбетей Бұқарды қадір тұтып қатты сыйлайды екен», – деп пікір айтады.

Үмбетей шығармаларын оқи отырып, оның өмір жолдарын айқын аңғаруға болады. Мыс:

«Үй сыртында арқа тау,

Панасы жоқ болса,

Бұл шіркіннің несі тау,

Кетеген болса түйең жау,

Тебеген болса биең жау,

Керіскек болса келінің жау.

Үйіңдегі ұлың жаман болса,

Есіктегі құлмен тең,

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең,

Қай сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау»

Осы қысқа өлеңінен-ақ Үмбетей шығармашылығының сыр-сыйпаты жайында біршама мағлұмат алуға болады.

Жыраудың философиялық-дидактикалық сарындағы толғау жырлары сақталмаған. Жалпы Үмбетей бейнесі Бөгембай батырдың есімімен байланысты. Оның Бөгембайға қатысты екі ұзақ жыры бар: біріншісі – Бөгембайды жоқтауы болса, екіншісі – Бөгембай өлімін Абылай ханға естіртуі. Бөгембай – Жоңғарларға қарсы күрестің қаһарманы, атақты қолбасы.

Үмбетейдің «Бекболат биге» арнауынан да оның қай дәрежедегі жырау екендігін айқын аңғаруға болады. Үмбетей де Бұқар сияқты қазақ хандығы дәуіріндегі көрнекті тұлғалардың бірі.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қосымова Г. Қазақтың шешендік өнерінің негіздері. –А., 2003

  2. Әдеби мұра және оны зерттеу. –А., 1961

  3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –А., 1991

  4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – А., 1959.

  5. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1992

  6. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 2006.

27-28-дәріс. Бұқар жырау Қалқаманұлы – қазақ жыраулар поэзиясының алыбы. Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығы

Оқыту мақсаты: Бұқар жырау Қалқаманұлы – қазақ жыраулар поэзиясының алыбы.

Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер беріп, түсіндіру

Негізгі ұғымдар: дәуір, дәстүр, хан, сұлтан, хикая, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1.Бұқар жырау Қалқаманұлы – қазақ жыраулар поэзиясының алыбы.

2.Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығы

ХҮІІІ ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға – Бұқар жырау. Жырау туындыларын жинастырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің айтуынша Бұқар арғын ішінде Төртуыл Қаржастан шыққан. Бұқардың әкесі Қалқаман батыр болған көрінеді. Зерттеушілер жыраудың туған, өлген жылдары туралы әр түрлі пікір айтады. Мәселен, Қ.Жұмалиев Бұқарды 1693 жылы туып, 1787 жылы 94 жасында өмірден өтті деп көрсетсе, Х.Сүйіншәлиев 1684-1782 жж. аралығында өмір сүрген деп келтіреді. Зерттеуші Қ.Мұхаметханов «Қазақ әдебиеті» газетіндегі (№31,32. 1982 ж.) мақаласында Бұқардың замандасы Үмбетей жыраудың «Бұқардың асында, зиратының басында отырып Үмбетей жыраудың жырлағаны» деген жаңадан табылған толғауы бойынша ой қорытып, Бұқар жыраудың 92 жасында өмірден өткендігін айтады. Зерттеушінің айтуынша жырау 1685 жылы өмірге келіп, 1777 жылы өлген деп пайымдайды. М.Мағауин: «Жыраудың туған, өлген жылдары жайында да нақты деректер жоқ. Оның қанша жасаған адам екені де белгісіз. Қолда бар бірден-бір нақты мәлімет – жыраудың Абылайдан (1713-1781) бұрын туып, соң өлгендігі» дей келе Бұқар толғауынан мысал келтіре отырып, Мыс:

«Күнінде мендей жырлайтын,

Тоқсан үште қария

Енді де саған табылмас», дейді. Бұл сөздер Абылай өлген 1781 жылдың өзінде айтылады, 1781-ден 93-ті алғанда 1688 қалады. Демек Бұқар 1688 жылы туған деп айтуға болады, – дейді.

Бұқарға қатысты ең ескі деректердің бірі Тәуке ханның атымен байланысты. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Бұқардың Тәуке тұсында-ақ Ордадағы белді би, батагөй ақсақалдардың бірі болғандығы аңғарылады. Оны мына бір жолдардан (Тәукенің ұлы өлгендегі жұбатуы) көруге болады. Мыс:

«Ханымыз отыр аһ ұрып,

Халқымыз отыр бас ұрып...

Сабаны әкел ордаға,

Құран оқыт молдаға,

Ханның сөзі түзік деп,

Орынсыз сөзді жолдама.

Қарсы болма аллаға.

Төле, Қазыбек кісіміз

Жақсы, жаман кішіміз,

Бұл сөзіме түсіңіз,

Дәміңізді ішіңіз.

Риза болсаң құдайға,

Түзелер сонда ісіңіз». Тәуке 1718 ж. шамасында өмірден өткен.

Бұқар Абылайдан көп үлкен. Ол ханға:

«Сен мен көргенде

Тұрымтайдай ұл едің», - дейді. Тағы бірде:

«Елу жасқа келгенде

Үш жүздің атының басын

Бір кезеңге тіредің,

Елу бес жасқа келгенде

Жақсы болсаң толарсың,

Жаман болсаң, маужырап барып соларсың, – дейді. Яғни толғау айтылған кезде жырау тоқсан бесте. Олай болса Бұқардың 1668 жылдар шамасында туғандығын көреміз, – дейді. Сөйтіп Бұқардың туған өлген жылдары 1668-1781 жж. деп түйіндейді.

Бұқар шығармасынан бізге жеткені 1300 жол шамасы. Бұл жырау туғызған көл-көсір туындының бір бөлігі ғана.

«ХҮІІІ ғасыр батырлары жайында тарихи әңгімелер» деген мақаласында Бұқардың Абылайға арнап жазған өлеңін жазып алып ең алғаш пікір айтқан Шоқан болатын.

Бұқардың кейбір жырларын Шоқан кезінде қағаз бетіне түсірді, енді бір топ өлеңін Г.Потанин жыраудың өз елінен Имантай Сәтбаевқа жинатып алады. Бұқардың кейбір туындылары «Тауарих хамсада» ал енді біраз шығармалары 1923-1925 жж. «Таң» журналында басылған. Оның біразын М.Әуезов бастырды. Кейін жырау өлеңдерін жариялау ісімен С.Сейфуллин көбірек айналысты (1931-32 жж.). Жырау шығармаларының алғаш рет біршама толық басылуы 1962 жыл.

Бұқар шығармаларының түпнұсқасы ретінде Мәшһүр Жүсіп қолжазбалары алынуға тиіс. М.Мағауиннің айтуы бойынша Абай үшін Мүрсейіт көшірмелерінің қаншалық мәні болса, Бұқар үшін Мәшһүр көшірмелерінің маңызы да соншалық. Мәшһүрде Бұқар жырлары екі дана етіп көшірілген, - дейді.

Жырау өмірін зерттеушілер С.Мұқанов та, Қ.Жұмалиев те ақын өлеңдеріне қарағанда оның шаруа тобынан шыққан дейді. С.Мұқанов: «Өз жырларында Бұқар патша үкіметінің отарлау саясатын дәл суреттейді. Тарихтан белгілі патша үкіметі Бұқар айтқандай қазақ еліне зорлық жасады» дей келе Бұқардың дипломат екендігін де айта кетеді.

Бұқар өзінен бұрынғы жыраулардың толғауларынан үлгі алған. Әсіресе Шалкиіз жасаған көркем образдарды, кейде тіпті тұтас жолдарды пайдаланып отырды. Мәселен Шалкиіз:

«Жауынды күні көп жүрме,

Жар жағасы тайғақ-ты,

Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,

Күндердің күні болғанда,

Сол жаман өз басыңа айғақ-ты...

Құсты жисаң – бүркіт жи,

Киген тоның түлкі етер,

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас-тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Жімлә ғаламға күлкі етер» – десе, Бұқар осы жолдарда айтылған ойларды сол күйінде алады, алайда кейбір сөздерді өзгертіп, өзінше толғайды:

«Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса үй кетер,

Жатқа тізгін бермеңіз,

Жаламенен бас кетер.

Жаманменен жолдас болсаңыз,

Көрінгенге күлкі етер,

Жақсымен жолдас болсаңыз,

Айрылмасқа серт етер.

Ит жүгіртіп құс салсаң,

Киген тоның түлкі етер».

Бұқар қазақ өлеңін тақырыптық жағынан байытты. Кейін Абай заманында аренаға шыққан жаңа кейіпті поэзияға көшудің кейбір белгілерін Бұқардан ұшыратамыз, – дейді М.Мағауин.

Ғалым Е.Ысмайылов: «Бұқар ақын ғана емес, Абылайдың қолшоқпары, бітімші биі. Асан қайғының Жерұйықты іздегені сияқты Абылайға да Жиделібайсынға көшуді ұсынады» десе, ғалым Б.Кенжебаев: «Бұқар жырау шығармалары тақырыбы мен мазмұны жағынан Асанқайғының үлгілі шәкірті, өз дәуірінің Асанқайғысы» екенін таныта алады, ол қазақ халқының мұң-тілегін, болашақ тағдырын, ынтымағын, бірлігін көздеді десе, С.Мұқанов та осы пікірді айтады.

1992 жылы М.Жармұхамедұлы Бұқар шығармаларының жинағын құрастырды. Жинаққа Мәшһүр Жүсіптің нұсқалары, Қытай қолжазба қорынан Мұхтархан Оразбайұлы тауып, А.Сейдімбеков жариялаған 36 өлеңін түгел енгізген. 1993 жылы Қарағандыда жыраудың туғанына 325 жыл толуына орай мерейтойы (ғылыми-теориялық конференция) аталып өтіп, жырау туралы біршама зерттеу мақалалар да жинақталды.

Қожаберген жырау Толыбайұлы көп жылдар бойы қазақ әдебиетінің тарихынан өз орнын ала алмай келді. Оның өмірі мен шығармашылығына байланысты деректер көбіне ауызша айтылып келіп, соңғы жылдары ғана жазба деректерде белгілі бола бастады.

Қожаберген жырау қазақ халқының басына ауыр күндер түскен сол бір “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деп аталған жоңғар шапқыншылығының кездерінде қазақ қолына қолбасшылық етіп Ордабасы Қожаберген деген атаққа ие болды.

Деректерге қарағанда қоғам қайраткері ретінде атқарған істері аз болмаған, қазақ хандығының шет елдердегі елшілігі қызметін де атқарған екен.

Жырау шығармаларының көбісі кейінгі кездері ғана халқымызға таныла бастады. Қазіргі кездегі бізге белгілі болған шығармаларының көлемі едәуір. Өмірі мен шығармаларының еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезде ғана жырау шығармашылығын тиянақты зерттеу, жариялау, көпшілікке таныту мақсатында жұмыстар жүргізіле бастады. Жырау шығармашылығы жоғары оқу орындарына арналған оқу бағдарламасына енгізіліп, оқулықтар мен оқу құралдарында жарық көре бастады.

Қожаберген жырау шығармашылығы жан жақты. Сан түрлі өнер түрлерін игерген өнерпаз. Қолөнер шебері, күйші, сазгер, ақын, жырау, білімді де батыр, қоғам қайраткері.

Қазіргі кезде жыраудың бізге белгілі болған «Елім-ай», «Ата тек», «Жеті жарғы», «Баба тіл» дастандары идеялық мазмұнының тереңдігімен, халық өмірінің ауыр кезеңдеріндегі көріністерін шынайы бейнелеуімен де құнды.

Жырау шығармаларында «Елім-ай» дастанының тууына себеп болған сол кездегі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайлар тарихи шындық аясында бейнеленеді. Жыраудың толғауларына «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасіретінің шындығы арқау болған. Жырау шығармалары халқымыздың сол кездегі ішкі-сыртқы саяси жағдайларынан қазақтың әйгілі хандары мен билері, батырларының өмірінен көптеген деректер береді.

Қожаберген жырау қазақ хандығының саяси, қоғамдық, ішкі және сыртқы мәселелерге белсенді түрде араласып отырды. Осы кезде саяси-әлеуметтік тұрақсыздық орын алды. Десек те, ақын – жыраулар елдің қамын ойлап, халықтың үнін жоғарыға естірту мақсатында қалың бұқараның үнін өз жандарынан шығарып, тарих кезеңіндегі ауыр жағдайларға өзіндік үлестерін қоса білді. Мыс:

Хас батырда ұйқы жоқ,

Хас сұлуда ұйқы жоқ,

Күлкі қайдан болады,

Үйінде тұлдыр мүлкі жоқ.

Тамағынан жақын жоқ,

Мамада аты болмаса.

Еркегінде тақым жоқ,

Ел қорғауға шамасы,

Келе ме деп ойладым,

Келсе егер басының,

Пәлекетін ойлады.

Ондай ұрпақ қайда бар,

Деп сұрама сен менен,

Саялауға тал да жоқ,

Емен де жоқ, жар да жоқ,

Қоралайтын қой да жоқ.

Әлеумет қайда қарайды

Менде де жоқ, сен де жоқ, – деп жырау ел халқының үнін өз жүрегінен жарыққа шығарады.

Оның қосымша өнерпаздық қасиеттері: күйші, он саусағынан өнер тамған ұста болған, емшілік қасиеттен де құр емес (сынықшы, жауырыншы), құралайды көзге атқан мерген де еді т.б. деп келтіреді тарих деректері.

Қожаберген Толыбайұлының шығармаларының жанрлық ерекшеліктері: толғауларының («Ғасыр жас», «Жастық»); тарихи өлең-жырларының («Ата тек», «Қызылжар», «Бата керей соқыр Абыз», «Қойлыбай көреген», «Төрт жігіт»); ән-өлеңдерінің («Дүние», «Аң сауығы», «Жігіттік», «Шилі өзен», «Сылаң сыр», «Балқан, балқан, балқан тау»), төл және қайта жырлаған дастандарының («Баба тіл», «Елім-ай», «Ер Көкше», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Ер Сырым», «Ер Едіге», «Орақ батыр») т.б. табиғаты ерекше, көкем тілмен кестеленген.

Ақындық поэзияда тақырып ауқымдығының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипат басым болса, жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой болжам, асқақ эпикалық үнге мән беріледі. Осы ерекшеліктерді М. Әуезов кезінде дәл басып танып: “Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы – толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті – “не болса сол көңіл ашар”, “әлдене” дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады” – деп бағаласа, ақындық ерекшелігін Е.Ысмайылов: “Ақын өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны өзінің өй-өрісі дәрежесінде таниды. Ақынның сезінуі, ол сезгеннің қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез әсер ала біледі, алған әсерін ұғып, есіне сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігенінен гөрі, көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді», – дейді.

«Елім-ай» дастанында қазақ халқының бастан кешкен ауыр тұрмысының бейнесі кең түрде көркем суреттеледі.

Қазақ әдебиеті тарихында Қожаберген Толыбайұлының орны ерекше. Жырау туралы әлі де зерттелу үстінде.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қосымова Г. Қазақтың шешендік өнерінің негіздері. –А., 2003

  2. Әдеби мұра және оны зерттеу. –А., 1961

  3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –А., 1991

  4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – А., 1959.

  5. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1992

  6. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 2006.

29-30-дәріс. Көтеш ақынның өмірі мен шығармашылығы. Шал Құлекеұлы – жаңа типтегі ақын. Өмірі мен шығармашылығы

Оқыту мақсаты: Көтеш ақынның өмірі мен шығармашылығы, Шал Құлекеұлы – жаңа типтегі ақын, өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер беріп, түсіндіру

Негізгі ұғымдар: дәуір, дәстүр, хан, сұлтан, хикая, т.б.

Қаралатын мәселелер:

1.Көтеш ақынның өмірі мен шығармашылығы

2.Шал Құлекеұлы – жаңа типтегі ақын

Көтеш Қазіргі Павлодар өңірінде өмірге келген. Сүйегі арғыннан, арғын ішіндегі Сүйіндіктен тарайтын Сексен аулынан шыққан үлкен дарын иесі.

Болашақ ақын бала кезінен-ақ атағы шығып, ауызға іліне бастады. Оның алғаш көзге түсуі – Абылай хан алдында.

Ақын өлеңдерін жинастырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбасындағы Көтештің Абылайға айтқан уәжі;

«Абылай Ботақанды сен өлтірдің,

Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?

Хан басың қарашаңмен даулы болып,

Үстіне ақ орданың қол келтірдің!

Абылай, күйіп кетті салған қалаң,

Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң,

Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,

Болады ертең жесір қатын-балаң!», - деп шындықты паш етеді.

Зерттеуші М.Мағауин Абылай тұсында өмір сүрген Көтеш ақынның 1745 жылдары өмірге келгендігін айтады.

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Көтеш 73 жасында дүниеден өтіпті. Енді бір деректерде басқаша айтылады, десек те жалпы ақынның қартайып өмірден өткендігі туындыларынан белгілі. Сонымен Көтештің өлімі хақындағы әңгімелер бір-ақ нәрсеге келіп саяды, ол – ақынның кісі қолынан өлуі.

Көтеш – импровизатор.

Халқымыздың әдеби мұралары жайында құнды еңбектер қалдырған А.Е.Алексеев өзінің мақаласында импровизаторлар жайында айта келіп, олардың ақындық қуатына, өлең шығарғыштық қабілетіне хоғары баға береді. Ол: «Қазақ ақындары кез келген тақырыпқа ешқандай алдын ала дайындықсыз табан астында өлең шығарып айта береді», – дейді.

Ал ғалым Е.Ысмайылов: «Әр түрлі тақырыпқа бөгелместен қолма-қол өлең-жыр айту – жүйрік ақынның бір белгісі. Қазақ ақындарының ежелгі салтында жылдам, бөгетсіз, тыңнан өлең шығарып айта білмегенді күшті ақын деп танымайтындығы», – деп жазады.

Осы тұрғыда алғанда Көтеш – таза қазақ түсінігіндегі ақын. М.Мағауин пікірінше Көтештің бізге жеткен өлеңдері түгелдей экспромтпен айтылған шығармалар.

Көтеш – кез келген нәрсені айналдыра алатын ақын және күй талғамайтын жүйрік.

Ақын жаңа жұртқа қонғанда, азғана қойы түнде қотанда жатпай, өре береді. Сонда Көтеш қойларына арнап былай деп жырлайды:

«Қойым-ау, кел қойсаңшы өргеніңді,

Мен айтамын көзіммен көргенімді:

Құйрығыңды бір ит-құс алып кетсе,

Сен онан ала алмайсың бергеніңді», – деген сияқты аяқ астынан жырлай береді екен.

Көтеш қартайған кезінде отбасының қызығын көре алмапты. Естігендер оның әйелі қазымыр, келіні шайпау болыпты дейді.

Өлеңге бөгелмейтін Көтеш өз заманында талай айтыстарға да түсіп жүрген. Шал ақынмен айтысы бізге белгілі айтыс ақындарының ішіндегі ең көнелері. Алайда Көтеш айтыстарының дені сақталмаған. Ал сақталғандары – негізінен бірер ауыздан ғана келетін қақпа сөздер. Көтештің біздің заманымызға жеткен айтыстарының ішіндегі ең көлемдісі – оның арсыз қызбен айтысы. Екеуінің арасындағы айтыс бейпіл сөйлеудің үлгісі.

Бізге жеткен шығармаларынан-ақ Көтештің ХҮІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын екендігін аңғартады.

Өткен дәуір әдебиетінің белді өкілдерінің бірі – Шал. Ол – негізінен бұқара халық идеясын жырлап, өмір қайшылықтарын көре білген, еңбекші халық ортасынан шыққан, ауыз әдебиеті үлгісін ұстанған суырыпсалма ақын.

Шоқан Уәлиханов өзінің еңбегінде Атығай руының Бейімбетінен Шал деген ақын шыққанын ескертеді. Шоқан оны өз елінің тарихи шындығын көтеріп, өз руының өткенінен сөз қозғаған эпик жыраулардың бірінен санайды.

Шалдың бір өлеңі 1929 жылы “Жаңа әдебиет” журналының 5-ші санында басылды. Ол өз өмірі туралы айтылған “Он бес деген жасым бар” деп басталатын 19 жолды туынды. Бұдан кейін 1958 жылы, Ғалым Малдыбаев “Қазақ әдебиеті” (№48) газетінде ақынның бір топ өлеңін және оның өмірбаянынан қысқаша мәлімет жариялады. Әр түрлі тақырыпты қозғайтын осы өлеңдер топтамасы Шалдың шымыр, шешен кісі екендігін дәлелдегендей еді.

Ғ.Малдыбаев ақынның 15 жасынан бастап-ақ өлеңмен әуестене бастағанын ескертеді. Сынау, мінеу, өсиет сөздерге жиі барғанын айтады. Ғалым айтқан алғашқы деректер «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (Алматы, 1962) деп аталатын кітаптың жекелеген авторларға түсінік беретін тұсында қайталанады.

«Қазақ әдебиеті» газетінде (1958, 28. ІХ. №48) Шалдың 18 шумақ немесе 70 жолдай жыры басылса, қазақ ақындары шығармаларының жинағында 11 өлеңі, яғни 600 жолдай өлең жарияланған.

Осы жинақтың ғалым Ы.Дүйсенбаев: «Бұқар, Тәтіқара, Ақтамберді, Шал ақындар қазақ әдебиетінің жаңа кезеңін бастайды, бұл кезеңде жеке адамдар творчествосы туады. Сөз жоқ бұл ақындардың шығармалары әр алуан, кей сәтте біріне-бірі қайшы да келіп отырады. Біз бұл жерде әдебиетімізде болған жаңа құбылысты ауыз әдебиетінен басқа, белгілі авторлары бар жаңа әдеби үлгілер пайда бола бастағанын, кейін осыдан барып жазба әдебиетіміздің негізі қаланғанын ескертпекпіз», – деп пайымдайды.

1967 жылы шыққан «Ертедегі әдебиет нұсқаларын» құрастырушылар Шалдың афористік поэмасын Қожа Ахмет Иасауи философиясымен салыстырады. Осы кітапта «Шал өлеңді жазып та шығаратын болған. Бірақ ол ең алдымен импровизатор ақын еді» делінген. Ақынның өлеңді жазып шығаруы жайында әлі күнге нақтылы деректер жоқтың қасы. Ал импровизатор екендігіне ешкімнің таласы жоқ.

Зерттеуші М.Мағауин «Қобыз сарыны» монографиясында Шал поэзиясына тоқталып, талдау жасайды. Онда Шалдың туғаны жылын 12 жылға кері шегеріп, яғни 1748-1819 жылдар аралығында өмір сүрген жазады. Ол Шоқан пікіріне сүйенеді. Ғалым Малдыбаевтың айтуынша, «Шал 1760 жылдың төлі сияқты». Ө.Күмісбаев: «Шалдың туған жылына келетін болсақ Ғ.Малдыбаев көрсеткен 1760 жыл шындыққа бір табан жақын тұр. Өйткені ол Шалды әлі ұмыта қоймаған кәріқұлақ қарттардың дерегіне сүйеніп беріп отыр. Егер Шалды 1748 жылғы деп шегерсек, одан біздің ұтарымыз шамалы, оның үстіне бізде нақтылы деректер жоқ, сондықтан алғашқы дерекке тоқтаған абзал деп ойлаймыз», – дейді.

Ы.Дүйсеновтің «Ғасырлар сыры» кітабында «Әдетте, біз әдеби шығарманың қасиеттері мен ерекшеліктеріне басымырақ көңіл бөлудің орнына, қалайда сол ақын-жыраулардың өздерімен көбірек шұғылданып, оларды талай саққа жүгіртумен әурелендік» деген пікір бар. Шал шығармалары туралы да соны айтуға тура келеді. Қ.Өмірәлиев: «Шал ақынның өлеңдері деп жүрген өлеңдер Шоқан айтқан ХҮІІІ ғасырда жасаған Шал ақынның өлеңдері емес, ХІХ ғасырдың орта тұсы мен ХІХ ғасырдың екінші жартысында жасаған өзге бір Шал аттас ақынның өлеңі», – дейді. Осы орайда Шоқанның айтып отырған Шалы Құлекенің Шалынан әріде өткен сияқты. Бірақ әдебиет тарихында біздің білетініміз – Шал ақын Құлекеұлы.

Шал ақыннан бізге қалған мұра 1000 жолға жуық. Дені баспа бетінде жарияланды, ең көбі «Алдаспанда» (Ғ.Әбетовтың есептеуінде 1348 тармақ). Ғ.Малдыбаев: «Шал оқымаған адам» десе, Ғ.Әбетов: «Шал суырыпсалма тәсілін ұстаған импровизатор ақын болғанымен, оның өз өлеңдерін хатқа түсірерлік сауаты да болған», дейді. Ал Ө.Күмісбаев: «Шалдың ептеген мұсылмандық сауаты болуы мүмкін, дегенмен өлеңдерінің импровизаторлықтан туғандығы аңғарылады. Төкпе, шешен тілді кісі болғанға ұқсайды. Бізге Шал қазынасы хат арқылы емес, халық көкірегінде жатталып қалуының арқасында жетіп отыр», – деп келтіреді.

«ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармаларындағы» Шалдың өлеңдері «Он бес деген жасым-аймен» ашылады. Он бес пен тоқсанның арасына баға беріледі. Бұл өлең Бұқарда да бар екені анық. Мазмұны бір, тек кейбір жолдарында ғана айырмашылық бар. Бұқарда «Жиырма деген жасыңыз» деп басталып, тоқсанмен тоқтайды. Бұл өлең Бұқарда – 14 жол, Шалда – 19. Зерттеуші Ө.Күмісбаев бұл өлең жайында өз пікірін былай білдіреді: «Менің топшылауымша, аталған өлең Бұқардікі. Олай дейтінім, Шал ақын дүниеден 71 жасында, ал Бұқар жырау тоқсаннан өтіп қайтты. «Жетпіс келіп төпелеп, кәрілікті жетелеп» десе, Шалға сыяды. «Менің жасым – тоқсан үш, мұнан былай сөйлеуім маған да болар ауыр күш» десе, Бұқарға жарасып тұр», дейді.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қосымова Г. Қазақтың шешендік өнерінің негіздері. –А., 2003

  2. Әдеби мұра және оны зерттеу. –А., 1961

  3. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –А., 1991

  4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – А., 1959.

  5. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1992

  6. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 2006.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]