Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК Телехабар дайындау (каз).doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
419.33 Кб
Скачать

2. Пән бойынша оқу- әдістемелік материалдар

2.1 Тақырыптық жоспар.

Лек

Сем

СОӨЖ

СӨЖ

1

Кіріспе. Телевизияның пайда болуы. Телевизия-ның техникалық негіздері.

2

1

2

2

2

Қазақстан телевизиясының қалыптасуы.

2

1

4

4

3

Қазіргі телехабар тарату жүйесі. Жердің жасанды серігі арқылы хабар тарату.

2

1

4

4

4

Кабельдік телевизияның тарихы мен жұмыс ерекшеліктері.

2

1

4

4

5

Жер серігін пайдаланып ақпарат таратумен айналысатын халықаралық ұйымдар.

2

1

4

4

6

Қазақ телевизиясындағы ақпараттық бағдарламалар.

2

2

4

4

7

Телевизияның жаңа ақпаратты технологиялары және мүмкіндіктері.

4

2

4

4

8

Цифрлық технологияның дамуы және қолданылуы.

4

2

4

4

9

Телевизиядағы шығармашылық топ.

2

1

4

4

10

Телевизия тәжірибесінде қолданылатын негізгі ұғымдар.

2

1

4

4

11

Телевизиялық монтаж .

4

1

4

4

12

Телевизиялық түсіру (съемка) түрлері.

2

1

3

3

Барлығы

30

15

45

45

2.2. Лекция тезистері

Лекция 1. Кіріспе. Телевизияның пайда болуы. Телевизияның техникалық негіздері.

ХІХ ғасырдың аяғында орыс ғалымы А.Попов Жердің бір нүктесінен екінші нүктесіне ешбір сымның көмегінсіз хабар жеткізуге болатынын дәлелдеді. Бұл құбылыстың радио аталғаны белгілі. Ал француз инженерлері, ағайынды Люмьерлер суретке жан бітіріп, адам қимылын экранда көрсетуге қол жеткізді, яғни киноны дүниеге әкелді.

Электр туралы ілімді ілгері дамытып, телеграф, телефон, сымсыз байланыс жүйесі дамыған сайын ғалымдар электрдің көмегімен суретті алыс қашықтыққа жеткізуді армандады, іздене түсті. ХІХ ғасырдағы орыс және шетел ғалымдарының физика саласындағы табыстары телевизия жөніндегі алғашқы жаңалыққа негіз болды.

Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры А.Столетов 1888-1890 жылдары ашқан сыртқы эффект құбылысы мен А.Попов радиосына сүйене отырып, Санкт-Петербург техникалық университетінің ғалымы Б.Розинг 1907 жылы суретті алыс қашықтыққа жеткізу үшін электронды-сәулелі трубканы қолдануды ұсынды. 1911 жылдың 9 мамырында ғалым ұсынысын жүзеге асырды. Электронды-сәулелі трубканың экранында дүние жүзіндегі тұңғыш телевизиялық бейне алынды. Алайда сол кездегі электрондық және электронды вакуумдық технологияның мешеулігі бұл жұмысты жедел өрістетіп әкетуге мүмкіндік бермеді.

1931 жылы кеңес ғалымы С.Катаев бір кезде Б.Розинг ұсынған әдіске сүйене отырып, өндіріске жарамды электронды-сәулелі трубка (кинескоп) құрастырды. Арада екі ай өткенде американдық инженер Б.Зворыкин де тап осындай кинескоп жасады. 1931 жылдың 29 сәуірінде Мәскеуде жылжымайтын суретті алыс қашықтыққа беру тәжірибесі ойдағыдай өтті. Атақты өнер шеберлері мен елге танымал адамдардың портреттері көрсетілді.

КСРО-дағы алғашқы телестудия Мәскеудегі Никольская көшесінің жетінші үйінде орналасқан еді. Ал Санкт-Петербургте 1932 жылдан бастап академик Павлов атындағы көшеде орналасқан шағын студияда «Нипков дискі» бар «механикалық» телекамера болған. Бұл камера қозғалмайтын еді, сондықтан кадрдағы адам жан-жаққа 20-30 см-дей ғана жылжитын. Оның өзі арнайы айналы қондырғының көмегімен ғана жүзеге асатын.

1934 ж. қарашасынан бастап «механикалық» телевизияның хабарлары тұрақты шығатын болды. Ал 1936 жылы Мәскеуде атақты Шухов радиомұнарасының жанынан, яғни Шаболовка көшесінде Мәскеу телеорталығы салына бастады. 1939 ж. наурызынан электронды құралдармен қамтамасыз етілген телеорталық тұрақты қызмет ете бастады. Бұдан бірнеше апта бұрын Ленинградта да электронды құралдармен жабдықталған телевизия іске қосылған еді. 1939 жылы Н.Казицкий атындағы завод шығарған жүз шақты теледидар және өнертапқыштар қолдан жасаған үш мың теледидар жұмыс істеді.

Кеңес телевизиясының жұмысы Ұлы Отан соғысы тұсында еріксіз тоқтады. Соғыс бітісімен, 1945 ж. желтоқсанында, Мәскеу телеорталығы Европада бірінші болып хабар тарата бастады. Оның хабарлары аптасына екі рет шығатын еді. Ол кезде телевизия көбінесе концерттер, опералардан үзінділер және фильмдер көрсететін. Бірақ сол қарапайым репертуардың өзі саны үш мыңнан аспайтын көрерменін тәнті етті.

1949 жылы Мәскеу телеорталығы техникалық реконструкциядан өтті. Ал бірнеше айдан соң жұмысын жалғастырған кезде көрермендер теледидар экранындағы бейненің айқындала түскенін байқады. Ал хабарлар әлі де концерттік-театрлық болып қала берді. 1951 жылдың наурызында КСРО Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша Мәскеуде күнделікті телехабарлар ұйымы, Мәскеу телеорталағының базасында телевизияның орталық студиясы ашылды.

Негізгі әдебиеттер: [2]; [4]; [10]; [11]; [13]; [17]; [21]

Қосымша әдебиеттер: [6]; [8]; [11];

Лекция 2. Қазақстан телевизиясының қалыптасуы

Қазақстан республикасындағы алғашқы телевизия орталығы 1958 жылы салына бастады. Сол жылы 8 наурызда мерекеге арнап, Алматыда көгілдір экран жанып, елдің мәдени дамуының тарихының бетіне телевизия дәуірінің басталғанын жазды. Осы жылы Қарағандыда да телевизия орталығы іске қосылды. Қазір республика облыстарының орталықтарында және көптеген үлкенді-кішілі қалаларда телевизия орталықтары жұмыс істейді.

1964 жылы Мәскеу-Ташкент арасын қосатын жерасты кабель жүйесі салынып бітіп, республиканың батыс, оңтүстік аудандарында Мәскеудегі орталық телевизияның хабарлары көрсетілетін болды. 1967 жылы салынып біткен Шымкент-Жамбыл-Бішкек-Алматы-Челябинск-Қостанай-Ақмола-Павлодар жүйесі бұл облыстарға да орталық телевизия хабарларын жеткізді. 1975 жылы республикада біртұтас телевизиялық жүйе қалыптасты.

Алғашқы хабарларын 1958 жылы көрсете бастаған Қазақ телевизиясы тарихи тұрғыдан алғанда қоғам өміріне күні кеше ғана араласа бастағандай. Өмірге келген жас музаның іргетасын қалап, тыңнан жол салып, өзіндік соқпақ табудың тұңғыш тележурналистерге оңай болмағаны ақиқат. Алпысыншы жылдардың көрерменін Жақан Смақов, Жаппар Өмірбеков, Марат Барманқұлов, Совет Масғұтов, Қадыр Даутов, Жарылқасын Нұсқабаев, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Құсман Игісінов, Амангелді Жақсыбеков теледидардағы шабытты ойларымен сусындатса, жетпісінші жылдардағы орта буын – Сағат Әшімбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы, Серік Байхонов, Қынабай Аралбаев тәрізді журналистер болатын.

Совет Масғұтов – Қазақ телевизиясының алғашқы қалыптасу кезеңінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған талант иесі. «Көгілдір экран - өмір айнасы» атты кітабында (1976) автор «Телевизиядағы журналист қызметінің тағы бір мүлде жаңа қыры бар. Ол эфир арқылы миллиондармен тілдесе алады… Рас, миллиондар мінбесіне көтерілген адамның бәрі-бәрінің аузынан құлақтың құрышын қандыратын сөз шыға береді деу ағаттық, телевизия ой-өрісі кең, ақыл-парасаты мол, қоғам өмірінің көкейтесті мәселелері жайлы көңілге қонымды тоқтам-тұжырым түйіндей алатын, аузы дуалы адамдарды ғана көпшілікке көрнекті тұлға дәрежесіне көтере алады», - деген.

Қазақ жастарының кәсіби тележурналист мамандығына ден қойғаны да 70-жылдардың екінші жартысы еді. Бұл тұрғыда С.Масғұтов пен М.Барманқұлов еңбектері («Журналистика для всех», «Весь мир у вас в квартире», «Телевидение: деньги или власть», т.б.) зая кетпеген.

Сұлтан Оразалин де телевизиядағы алғашқылардың бірі болғанымен, тележурналистік шеберлігі жарқырай көрінген тұс – 70-80-жылдар. Әдебиет және өнер шеберлерімен ұйымдастырылған телевизиялық кездесулер, терең ойлы сұхбаттар көпшіліктің есінде. Ол жасаған «Сұхбат» хабары халқымыздың біртуар перзенттері Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ш.Айтматов, С.Бегалин, І.Есенберлин, Т.Ахтановтармен ел, жер, қоғам өмірі, әдебиет тағдыры төңірегінде өрбіген.

Белгілі телережиссер Сапарғали Шәріпов «Қымызхана» күлкі жәрмеңкесінің отауын жасап, көрермен көңілін тапты. Телевизиядағы хабарлар топтамасының өзектісі мен өрнектісі «Айтыс» хабары болатын. Сұлтан Оразалин бұл туралы: «Телевизиялық айтыс туралы ой алғаш 1971 жылы келді. Сол жылы «Қайнар көзі шабыттың» атты әдеби хабарда тұңғыш рет айтыс ақыны Қ.Алтынбаевқа телевизия көрермені ұсынған тақырыпта табан астында өлең шығару ұсынылды. Ол мұны абыроймен орындады. Ал екі ақынның телевизиялық айтысы алғаш 1976 жылы «Өнер көзі – халықта» деген әдеби хабарда Манап Көкенов пен Мұқаш Байбатыров арасында өтті… Бүкіл халқымыз ден қойған «Айтыс» атты көп сериялы телехабар 1980 жылы Респубикалық ІІ ақындар айтысынан жазып алынып көрсетілді. Мен оны Қазақ телевизиясының 1982 жылғы тақырыптық жоспарына «Айтыс» деген атпен кіргіздім», - деп әңгімелеген.

Теледидар құпиясына ене отырып, бойындағы парасатты ойымен көгілдір экранда көрінген құйрықты жұлдыздардың бірі – Сағат Әшімбаев. Өмір мәселелерін азаматтық өлшеммен бағалайтын сыншыл журналист өзінің хабарларында да осы үрдісті пайдаланған. Ол жүргізген «Парыз бен қарыз» хабары қазақтың озық ойлы интеллигенциясының арасында саяси ептілік қалыптастыруға ықпал етті. Сол ептілікке икемделген сұхбат беруші қоғам келеңсіздіктерін өз басына ашық қауіп төндірмейтін әрі хабардың тағдырына кері әсер етпейтін түрде айтатын. Хабарда ұлттық мұрат-мақсатымыз сараланып, пікірлер түйінделетін. «Сипаты жағынан «Парыз бен қарыз» ағартушылық, ал көтерген мәселесі жөнінен сынға құрылған проблемалық хабар. Ал деректерді жинап беруі жөнінен талдау мәнеріндегі философиялық толғаныс», - деп бағалайды «Көгілдір экран құпиясы» кітабында Қ.Тұрсынов.

Негізгі әдебиеттер: [1]; [3]; [5]; [6]; [11]; [12]; [15]

Қосымша әдебиеттер: [4]; [5]; [8]; [11];

Лекция 3. Қазіргі телехабар тарату жүйесі. Жердің жасанды серігі арқылы хабар тарату.

ХХ ғасырдың 90-ж. эфирлік телевизияның кабельдік және кассеталы (яғни, видеоөнімдер) телевизияға орын беруі байқалды. Адамдар үшін қалаған хабарды, қалаған телеарнаны тамашалау мүмкіндігі туды. Бұл біріншіден, ақпараттық технология мен электрониканың жоғары деңгейге жетуі, екіншіден, мемлекеттің қымбат құрал-жабдық алуға экономикалық мүмкіндігі болуынан жүзеге асып отыр.

Эфирлік, кабельдік және спутниктік телевизияның өзара айырмашылығы – сигналды жеткізу тәсілінде. Эфирлік телевизия: студия – хабар беруші (передатчик) – теледидар. Кабельдік: хабар беруші станция (ол спутниктік болуы да мүмкін) – қабылдаушы станция – кабель – теледидар. Спутниктік: Жердегі хабарлаушы станция – Жер серігі (спутник) – параболалық антенна – теледидар.

Спутниктік телевизияда хабар Жердің жасанды серігі арқылы тарайды. Бұл жүйенің жұмысы бірінші кезекте әскери-техникалық мақсатқа бағынады. 80-ж. ортасына дейін ұшырылған серіктердің көпшілігі әскери барлауға негізделген еді. Азаматтық байланыста Жер серіктері тек сигналдың жақсаруы мен аудиторияны кеңейту үшін жұмсалған.

1967 жылы КСРО-да әлемдегі ең алғашқы спутниктік жүйе «Орбита» құрылды. Оның Сібір, Қиыр Шығыс, Орта Азиядағы жүзден аса қабылдаушы станциялары Орталық телевизия көрермендерінің санын 20 млн-ға жеткізді. Біздегі мұндай станция Жезқазған маңында орналасқан болатын. «Орбита» қабылдуыш станциясының жұмысы қымбатқа түсті. Оған қарағанда 1976 жылы бірінші спутнигін ұшырған «Экран» жүйесі арзандау еді. Ол КСРО аумағының 10 процентін қамтыды. «Горизонт» спутнигінің базасында 1979 ж. «Москва» атты жаңа жүйе қалыптасты.

ХХ ғасырдың 60-жылдары Ресей ғарыштық технологиясы, спутниктік телебайланысының дамуы жөнінен алдыңғы орында болатын. Бірақ оны тек әскери бағытта, әрі тым құпия ұстағандықтан тиісінше дамымады. 90-ж. басында ТМД елдері «Inmarsat» халықаралық спутниктік компаниясымен келісім-шарт жасасты, сөйтіп Қазақстан территориясынан «Протон» ресейлік ракетасы «Inmarsat-3» спутнигін ұшыратын болды.

Негізгі әдебиеттер: [3]; [8]; [9]; [10]; [11]; [14];

Қосымша әдебиеттер: [1]; [6]; [8]; [11];

Лекция 4. Кабельдік телевизияның тарихы мен жұмыс ерекшеліктері

Кабельдік телевизия жұмысы сигналды хабарлаушы станциядан эфир арқылы емес, кабель арқылы беру нәтижесінде жүзеге асады (сондықтан әуе толқындары мен ауадағы көлденең нәрсенің әсері жоқ, яғни, бейне сапасы жақсы). Мұндай жүйе тұтынушыға бағдарламалар пакетін ұсынады да, ол үшін ай сайын ақысын алып отырады. Фирма жергілікті басшылармен тұтынушының үйі мен орталық қабылдаушы антенна арасында кабель жүргізуге келісім-шартқа отырады, лицензия алады. Хабарлардың саны мен сапасы фирманың қаржылық жағдайына байланысты. Бағдарламалар жергілікті, ұлттық арналардың, Жер серігі арқылы алынған шетелдік түрлі хабарлардан тұруы мүмкін.

АҚШ-та кабельді телевизия 1949 ж. пайда болды. Оған эфирлік станция иелерінің қарсы болуына, әрі қымбатшылыққа байланысты КТВ алғашында тез дами алмады. 1966 ж. Федералдық комиссия эфирлік станцияға кедергі келтірмеу үшін спорттық жарыстарды, фильмдерді КТВ-ның көрсетуіне тыйым салды. Кейіннен Жоғарғы сот КТВ-ға хабарлау құқын берді. Бұл кезде КТВ-ның мүмкіндігі молайып, қосымша ақы үшін абонент ерекше арналарды (киноның жаңа туындыларын, сергіту бағдарламаларын, тек музыкалық бағдарламалар, тек қана ток-шоулардан тұратын немесе тележарнамасыз арналарды) тамашалай алатын болды. Ақылы телевизия жемісті бизнеске айналса, көрермен үшін де таңдау мүмкіндігі туды.

Кабельді телевизияның тағы бір қызметі – абонент каталог бойынша жекелеген хабарларды көре алатын болды. 70-жылдардың ортасында-ақ АҚШ-та жер серігі арқылы бағдарламаларын кабельді телевизияға беретін фирмалар көбейді, ал 80-жылдары Жер серігі арқылы байланыс телебағдарламалар таратудың бүкіл әлемдегі қолайлы тәсіліне айналды. Бұл жылдары видеомагнитофондар кабельді телевизияның бәсекелесіне айналды да, видеотехника хабарлама ұйымдарының монополиясын бұзды. Параболалық антенна өз кезегінде кабельді телевизия орнына спутник арқылы хабарлар таратуға мүмкіндік берді.

1981 ж. Р.Рейган кабельді телевизиядағы Федералдық саясатқа байланысты кабельдік жүйеге кедергі болмасын, спутниктік антенналар заңдастырылсын деген шешім қабылдады. Осыдан соң телевизия түрлері арасындағы бәсеке өрши түсті.

Осы тұста телекоммуникация мен бизнестің басын қосқан нарық бір жағынан оң, екінші жағынан теріс ықпал жасағанын айта кету керек:

  1. Нарық жағдайында бұқаралық хабарлама тез дамиды.

  2. Мәдениет коммерцияланып кетеді, яғни оның деңгейі төмендейді. Сондықтан коммерциялық бағдарламалар мен танымдық-көркем бағдарламалардың ара жігін айқын ұстаған жөн.

Бұрынғы Кеңес Одағында кабельді телевизия «радиокөлеңке» аймақтарында (тау ішінде, үлкен ғимараттардың артында) сигнал сапасын жақсарту үшін ғана қолданылды. КСРО-да кабельді телевизияның дамымауын әлсіз техникалық база, ұйымдастырудың нашарлығы, қаражаттың жоғы, авторлық құқықтың қорғалмауымен байланыстырамыз. Видеоқарақшылық (видеопиратство) кабельді телевизияның көркемдік деңгейінің төмендеуіне әкеліп отыр, көптеген кабельдік жүйе иелері сапасы төмен бағдарламалар мен фильмдер таратады. Дегенмен кабельді телевизия көрерменге таңдау мүмкіндігін беріп отырғаны даусыз.

ХХ ғасырдың 90-ж. басында бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде 600-800 шамалы кабельді станция болды. Олар 200 қалада орналасып, 2 млн-дай аудиторияны қамтыды. Кабельді студиялардың көпшілігі Ресей мен Украинаның жеке кәсіпкерлік дамыған, ірі кәсіпорындары, порттары бар қалалары мен шекара аймақтарында орналасты да, мысал үшін Өзбекстанда 6-ақ кабельді жүйе жұмыс істеді. Осы кезеңде ТМД көлемінде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер эфирлік телевизиядан гөрі кабельді телевизияның беделді екенін, адамдардың телеөнімдер ақысын төлеуден қашпайтынын көрсетті.

Кабельді телевизияның қандай артықшылығы бар? Көрермендер үшін бұл – бағдарламаларды таңдап көру, жергілікті және басқа ақпараттың молдығы, күнделікті өмірге қажетті ақпарат алу, сергіту бағдарламаларының молдығы. Ал кәсіпкерлер үшін – жарнама эфирлік студияларға қарағанда арзанға түседі.

Алғашында кішігірім кабельді студия ұйымдастыру үшін тұрмыстық видеомагнитофон, түрлі фильмдер мен мультфильмдердің кассеталары және жергілікті әкімдіктің рұқсаты ғана жеткілікті болатын. Алайда авторлық құқыққа байланысты, т.б. себептермен кабельді студия иегерлері репортерлер штатын жинап, жергілікті жаңалықтар, тұрғындардың құттықтауларын бере бастады. Студияға депутаттарды, жергілікті басшылықты шақырып, әңгіме ұйымдастырды. Студияның жылдық орташа табысы техника алуға, қызметкерлердің ақысын төлеуге мүмкіндік берді. Кабельдік жүйе үшін халықаралық жүйелермен келісіп, тәулік бойы ақпаратты хабар беру, жарнамамен айналысу да жеңіл. Алайда шетелдік бағдарламалардың жергілікті, отандық бағдарламаларға үлкен бәсекелес екенін де ұмытпау керек.

Негізгі әдебиеттер: [3]; [8]; [9]; [14]; [17]; [20];

Қосымша әдебиеттер: [1]; [6]; [8]; [11];

Лекция 5. Жер серігін пайдаланып ақпарат таратумен айналысатын халықаралық ұйымдар

«Inmarsat» - теңіз байланысының құрамына 48 мемлекет кіретін жүйесі. Ол байланысты «Comsat» пен «Intelsatқа» қарасты спутниктер арқылы жүзеге асырады. Негізінен ол ашық мұхиттағы барлық кемелермен байланысады, теңіз, мұхиттағы кемелерге түрлі жедел хабарламалар жолдайды. Каспий теңіз флотының дамуы Қазақстан үкіметіне осы спутниктік байланыс жүйесіне ену қажеттілігін туғызды.

Орта Азияда европалық спутниктік жүйе «Eutelsat» күш алып келеді. «Eutelsat» - спутниктік байланыстың халықаралық ұйымы, оған Европаның 39 елі кіреді, 1985 жылы құрылған. Оның сигналы Қазақстанның көп аймағына тарайды. Осы спутник арқылы Қазақстан территориясындағы неміс тілді тұрғындар неміс телевизиялық компанияларының сигналын қабылдайды. Ресей мен ТМД елдерінің көпшілігін қамту үшін «Eutelsat» 2 спутник әзірледі. Олардың жұмысының нәтижесінде «Eutelsat» Мәскеу мен Кавказ арасын, «Eutelsat-2» Сібір, Қиыр Шығыс, Қазақстанды қамтиды. Жалпы, қазір біздің еліміздің халықаралық спутниктік ұйымдармен тығыз қарым-қатынасының нәтижесінде республикаға жан-жақтан ақпарат ағыны келуде, аудиторияның таңдау мүмкіндігі кеңейді. Байқоңырды коммерциялық негізде пайдалана бастағаннан бері байланыс линияларының біразы шетелдік компанияларға берілген, оның ішінде мұнай көздерін іздеу мен пайдаланумен айналысатын француз фирмасы да бар.

«Intelsat» спутниктік корпорациясы 1964 ж. құрылған. Ол әлемнің 130 елін қамтиды. 15 спутнигі, халықаралық және ұлттық ауқымдағы 139 станциясы бар. Оның директорлар кеңесінің көптеген мүшесін АҚШ президенті тағайындайды.

1984 жылы американ спутниктерінің жеке меншік жүйесін құру жөнінде жарлық шыққанда “Panamsat”, «Orion”, т.б. дүниеге келіп, “Intelsat”-тың монополиясына қауіп төнді. Дегенмен, ол әлі күнге дейін телебайланыс пен информатика саласындағы ең күшті үйым болып отыр.

1994 ж. бастап Қазақстан – «Intelsat» ұйымының толық мүшесі. Бұл ұйымға кіру ақысы мемлекет бюджеті үшін жоғары болып отыр. Батыс банктерінің біреуімен жасалған келісім-шарт бойынша «Intelsatтың» мүшелерінің дивидендтері есебінен қарызды өтеуі мүмкін. «Intelsat» арқылы республикадағы телеарналардың хабарын да таратып отыруға болады.

1991 ж. соңына қарай Қазақстанның спутниктік «Жарық» жүйесі құрылды. Ол Қытай, Монғолия, Түркияға ондағы қазақ диаспорасымен хабар алысу мақсатында сигнал жібере алады. Жеткілікті қаражаттың болмауына байланысты «Жарықтың» мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отыр. Себебі, станция діңгегін жалдау ақысы, жоғары класты технология, шетелдегі тілшілер, т.б. қымбатқа түсіп отыр. Ресей тарапы «Жарықтың» Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Австралиямен, Таяу Шығыспен, Европамен байланыс орнатуына қаржылай көмек көрсетуге дайын. Бірақ Қазақстан бұл міндетті алған емес. Біздің еліміз болашақта жетекші спутниктік байланыс жүйелерімен байланысты дамыта түсуді жоспарлайды.

2006 жылы Қазақстанның спутниктік “Kazsat” жүйесі ғарыштан орын алды. Ғарыштық байланыс саласындағы бұл маңызды қадамның одан арғы жалғасынан Қазақстан үкіметі үлкен үміт күтеді.

ТМД елдері ішінде Ресейдің ғарыштық саласы жақсы дамыған. 90-ж. басында Ресейде 5 спутниктік байланыс жүйесі іске қосылды. Жаңа заманғы «Экспресс», «Галс» байланыс спутниктері жасалды. Олардың белсенді жұмыс атқаратын уақыты бұрынғыларға қарағанда екі есе артық, яғни бұлар – үнемді. Олар Ресей мен ТМД-ның барлық территориясын қамти алады. Спутниктердің біразы СNN, АТТ секілді батыс компанияларына жалға берілген, орбитаға шығарылып, қазір белсенді жұмыс үстінде. Радиобайланысты жетілдіру үшін «Марафон» жүйесін іске қосу жоспарланған. Ол «АРНА» атты бес космостық спутник (геостационар орбита) пен «МАЯК» атты төрт (биік эллипс орбита) аппараттан тұрады. Телефон байланысы үшін азаматтық мақсаттағы «Гонец», «Курьер», «Коскон», «Сигнал» т.б. спутниктер жіберілуде.

ТМД көлемінде көпбағдарламалы хабарлауды, телевизия мен радионың аймақтық бағдарламаларын, тәуелсіз телевизия компанияларын құру мақсатында әрі халықаралық спутниктік жүйелермен қоян-қолтық араласа жұмыс істеуді жүзеге асыру үшін Ресейде аса маңызды «Россия» бағдарламасы жасалған.

Ресейде ғарыштық телевизияның дамуы ТМД елдерінің де халықаралық ақпарат аренасына шығуына жол ашады. Қазақстан да ресейлік әріптестерімен бірлесіп жұмыс атқарудан үміткер. Ресейдің спутниктік «Intersputnick» жүйесімен әріптестік осыны байқатады.

Негізгі әдебиеттер: [8]; [9]; [10]; [11]; [13]; [14];

Қосымша әдебиеттер: [1]; [6]; [8]; [11];

Лекция 6. Қазақ телевизиясындағы ақпараттық бағдарламалар

ХХ ғасырдың 60-ж. басында Қазақ телевизиясында «Соңғы жаңалықтар» бағдарламасы пайда болды. Алғашқы айларда олар аптасына екі рет шықса, кейіннен төрт, содан соң күнделікті әрі апталық шолумен қоса шығатын болды. Осылайша, Қазақ телевизиясында ақпараттық бағдарламалардың жаңа түрі – апталықтар пайда болды.

Көркемдігі тұрғысынан алғанда, ақпараттық бағдарламалар түрлене түсті. Олардың көрсетілу уақыты көбейгендіктен маманданған операторлар мен оқиға үстінен хабар бере алатын репортерлердің қажеттілігі байқалды.

Ақпарат қызметінің дамуына журналистердің стадиондар, мерекелік шерулер, концерт залдарынан жүргізген телебағдарламалары көп әсер етті. ПТС-тан (жылжымалы телестанция) репортаждарды алғашқы болып жүргізген М.Барманқұлов еді. Облыстық студиялардың хабарларын қолданып, содан «перекличка» аталып кеткен бағдарламалар қызықты болатын.

60-ж. аяғында «Соңғы жаңалықтар» (Последние известия) «Жаңалықтар панорамасы» болып өзгерді. Егер алғашқы жылдары жаңалықтар қызметі бір жарым сағатқа созылатын болса, 70-ж. оларға 20-30 минуттан аспау талабы қойылды.

Телевизияның алдында ақпарат беру және тәрбиелеу міндеті тұрғандықтан саяси хабарлама көлемі ұлғайды. Өнеркәсіп проблемаларының өзі саяси көзқарас призмасынан қаралып, тәрбиелік әсеріне мән берілді. Газет тәрізді телевизия да «ұйымдастырушы, үгітші және насихатшы» болғандықтан ақпараттық бағдарламалардың тақырыбы да негізінен Компартия мен үкіметтің шешімдеріне қатысты болды. Журналистер ақпараттың алдымен оқиғалы, екіншіден проблемалық болуын, үшіншіден халық шаруашылығы, мәдениет, руханият және адамгершілік тәрізді тақырыпты қозғауын көздеді.

60-70-жылдары ақпараттық бағдарламаларда тұрақты бөлім, айдар ретінде Қазақстан Магниткасы, Бұқтарма ГЭС-і мен Бұқтырма теңізі, салынып жатқан Ертіс каналы, Соколов-Сарыбай комбинаты, Шымкент цемент заводы туралы хабар беріліп отырды. Партияның ақпарат қызметін бақылауда ұстағаны КПСС-тың Пленумдарына дайындық, т.б. партия өмірі туралы материалдардан байқалды.

Ақпарат қызметін атқаратын журналист үшін маңызды нәрсенің бірі – ақпарат көзі. Жұмысшы-ауыл тілшілері қозғалысы кеңінен дамыған кеңес жылдары, әрине, ақпарат көзі аз деуге болмайды. Ол қозғалыс тұсында әрбір тілші қоғамдық немесе келісім-шарт негізінде құралатын 50 адамдық штаттан тыс тілшілер жүйесін ұйымдастыруға міндетті еді. Дегенмен, ақпараттың негізгі көзі көбірек білетін кеңес және партия қызметкерлері болды.

Кеңестік кезеңдегі ақпараттық материалдарды талдау нәтижесінде олардың кеңес халқының бойына интернационализм ұрығын себуге, кеңестік өмірдің жайлылығына сендіруге бағытталғаны байқалады.

Кімге арналғаны белгісіз, нақты дерексіз ақпараттар да кездесіп жатты.

Ақпараттық бағдарламалардың дені өндіріс тақырыбына арналды. Олардың көбі ТАСС пен ҚазТАГ-тан алынды, әйтпесе радио мен газет материалдарының көшірмесі болатын. Фото-бейнематериал аз. Ақпараттық бағдарламалардың көпшілік сандары эфирге аз қалғанда ғана дайын болатын да, бас редактор қарап үлгермей, оның қолынсыз шығып жататын. Сондықтан «Соңғы жаңалықтар» қызықсыз, бірсүрең өтетін кездері болды. 1960 ж. сәуірінде телевизия мен радио қызметкерлерінің республикалық жиыны үстінде осылардың барлығы айтылды. Мысалы, бірде редакцияға созылып кеткен жөндеу жұмыстары туралы шағым түсті. Бірақ журналист объектіге барғанда ол жөнделіп қойылған екен, сонда ол біреуге қолшатыр ұстатып, үстінен су тамшылатып, сюжетті «қолдан жасайды». Ал келесі жолы осы кәсіпорын туралы жазбақ болған журналистерді жұмысшылар маңынан жүргізбейді, телевизиялық ақпаратқа сенбейтіндіктерін айтады.

Негізгі әдебиеттер: [8]; [9]; [10]; [11]; [13]; [14];

Қосымша әдебиеттер: [1]; [6]; [8]; [11];

Лекция 7. Телевизияның жаңа ақпаратты технологиялары және мүмкіндіктері.

Телевизияның өзі электр қуаты, электромагнитті толқын, радио, фотография, кино сияқты идеялардың заңды жалғасы, өзіндік эволюциялық жолы бар. Қазақстандағы телевизияның дамуы да осы бір арна, бағытта болғанымен, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. БАҚ эволюциясын ақпараттық қоғамдағы өскелең сұраныстармен түсіндіруге болады. Ал технологиялық төңкерістің қозғаушы күші Интернет желісінің дамып, кең тарауы және компьютерлердің есептеу қуаты шексіз өскендігі, бағдарламалардың кең ауқымдылығы болды. Жаңа ақпараттық технологиялардың бұқаралық ақпарат құралдары саласына енгізген жаңалықтарын былай деп тұжырымдауға болады.

– Компьютер орасан мағлұматтарды өз жадында сақтап, өңдеуге, қарауға және екінші бір компьютерге жеткізуге мүмкіндік береді;

– Интернет ақпарат тарату мен алуда кедергі мен қашықтықты, уақыт пен кеңістікті білмейтін ауқымды арнаға жол ашты;

– Жаңа ақпараттық технологиялар дәстүрлі БАҚ құралдарына еркін кірігіп, қатар өмір сүруіне, бір-бірін толықтыруына мүмкіндік жасады;

Қазіргі заманғы журналистің білігі ретінде мынадай ерекшеліктерді айтуға болады:

1) Ақпаратпен жұмыс істеу машығының болуы. Бұл бірінші кезекте ақпаратты алу, өңдеу, тексеру және тарата білу болса, журналистік зерттеулер, талдаулар үшін сараптау, салыстыру, әлеуметтік және ғылыми өңдеуді қамту.

2) Заңды және экологиялық сауатының болуы. Халықаралық нормаларды, республика заңдары мен өзінің кәсіби және азаматтық құқықтары мен міндеттерін терең түсінген журналист қана оқиға мен дерекке байыпты баға беріп, объективті пікірін білдіре алады.

3) Жаңа техника мен технологияларды жатсынбауы. Бүгінгі қоғамдық қатынастардың негізгі қозғаушы күші технологиялық төңкеріс деп танылуда. Ол 1970-80 жылдары бой көрсетсе, 90-жылдары қарқынды дамып, барлық салаға өзгеріс әкелді. Журналист технологиялық прогрестің насихатшысы болумен қатар, оның тұтынушы болуы абзал.

4) Білімін күнделікті толықтыруы. Өйткені, ақпараттар тасқыны мен технологиялық өзгерістер заманында білімсіз қадам басып, шешім қабылдап, ой айта алмайсың. Өз бетінше білімін көтеру дағдысы бойына сіңіп, қалыптасқан маман ғана бәсекелестік ортаға бейімделіп, мақсат-мұраттарын жүзеге асыра алады.

Негізгі әдебиеттер: [11]; [17]; [18]; [19];

Қосымша әдебиеттер: [1]; [6]; [8]; [11];

Лекция 8. Цифрлық технологияның дамуы және қолданылуы.

Цифрлық технологиялардың басты артықшылығы мынада: Біріншіден, қалыптасқан жоғары сапалы стандарт. Екінші, оның қашықтыққа берілу кезінде өзгермейтіндігі, үшінші сызықтық емес монтаждаудың кең мүмкіндіктері. Бүгінгі технологиялық өрлеу журналистер үшін жаңа шығармашылық көкжиектерді ашады.

Дәстүрлі хабар тарату. Әуе толқыны арқылы хабар тарату таяудағы жылдары дес бере қоймайтын дәстүрлі арналардың бірі ретінде өз маңызын жоймақ емес. Себебі, тұтынушылардың барлығына бірдей теледидардың қосымша қызметтері қажет те емес, олар тек ақпарат алу көзі ретінде пайдаланады.

Реал-видео. Интернет арқылы жүзеге асырылуда, компьютердің көмегімен телеарналар мен видеоклиптерді көруге мүмкіндік береді. Осы форматта әлемдегі үздік телебағдарламалар мен клиптермен танысып, әртүрлі көрмелер мен байқауларға виртуальды қатысып, шығармашылық шеберлігін шыңдауына кең мүмкіндік алады.

Веб–ТВ. Теледидарға қосылатын қосымша құралдан көпканалды байланыс желісі арқылы Интернетке шығып, телебағдарламаларды көруге мүмкіндік жасайды. Осыған байланысты интернет қызметтері де дүниеге келді. Google жүйесінің тез дамуында осы технологияға негізделгені жатыр.

ТВ-гидтер. Бұл тәсіл кабельдік жүйе үшін жүзеге асырылады. Әлемнің әр тарабында шашылып жатқан бөлек-бөлек желілердің әрқайсысының өз қамту аймағы бар.

Микро-телевидение. Бір канал арқылы бір мезгілде сығымдалған бірнеше ақпараттар тасқыны жіберіледі, оның ішінен кез-келген хабарды кезек-кезек көруге мүмкіндік береді.

Жазып алу қондырғылары. Бұл жағдайда теледидарға қосымша құрал орнатылады, ондағы қатты дискіге сіз белгілеген хабарлар жазылып, түсіп отырады.

Жоғары сапалы теледидар. Дұрысы жоғары сапалы видеоға негізделген теледидар. HDV деп аталатын жаңа стандарт оның сапасын 5 есеге дейін жақсартады. Ол кәдімгі DV форматындағы кассетаға жоғары сапалы видеоны 1920х1080 стандартымен жазады. HDV MPEG-2 сығымдауы қолданылады. Анаморфты өзгеріс деп аталатын осы технологиялық идеяның есебінен кәдімгі miniDV кассетасына бір сағаттық HDV-видеосы сыйып кетеді. Бір секундта 25 Мбит цифрлық видео өңделетіндіктен, кадрдың сапасына нұсқан келмейді.

Бейнені компьютерлік өңдеу саласында қалыптасқан бағдарламалар көптеп саналады. Солардың ішінде кең тарап, дүниежүзілік стандартқа айналған Adobe Premiere бағдарламасы. Ол компьютерлік сызықтық емес монтаж жасаудың барлық операцияларын жүзеге асырады. Adobe After Effec бағдарламасы – сызықтық емес монтажды толықтырып, кері шағылыстыру, бейнелеу, айқындылық сияқты күрделі эффектілермен танылған бағдарлама.

Негізгі әдебиеттер: [5]; [8]; [9]; [10]; [17];

Қосымша әдебиеттер: [1]; [6]; [8]; [11];

Лекция 9. Телевизиядағы шығармашылық топ.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары телевизия журналистерінің бәрін «комментатор» деп атайтын. Уақыт өтісімен тележурналистер аудитория алдында өзінің жеке бағыты немесе ролі (амплуасы) бар тұлға ретінде қалыптасты. Экрандағы қызмет түрлерінің әрқайсысына тән ерекше жұмыс тәсілдері, ережелері бар; оларды бірдей көру, ерекшеліктерін түйсінбеу қателікке ұрындырады. Телевизиядағы қызмет түрлерін төмендегідей жіктеуге болады:

  1. Телерепортер (немесе корреспондент)

  2. Комментатор

  3. Шолушы

  4. Интервьюер (ірі интервьюлердің шебері, сарапшы немесе «портретист»)

  5. Жүргізуші (пікірталастың, «дөңгелек үстелдің» жүргізушісі, оны Батыста модератор деп атайды)

  6. Ток-шоу жүргізушісі (шоумен)

  7. Ақпараттық бағдарламаны жүргізуші (АҚШ-та анкормен (якорь сөзінен) немесе news-presenter – жаңалықтар ұсынушы деп те атайды).