Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
13 лек-практика.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
66.42 Кб
Скачать

Жатырдың айналуы (түсуі)

Жатырдың қынап арқылы сыртқа шығып кетуі туу кезінде немесе туудан соң, 6-12 сағаттан кеш емес, яғни жатыр мойны кеңінен ашулы тұрған уақытта болады.

Себебі. Негізгі себебі бірнеше рет туғанда, ұрық ірі болғанда оның қабырғаларының созылуынан, ұрық қабықшаларының сулануынан туындайтын жатыр атрофиясы болып табылады. Жатырдың айналып кетуінің ең негізгі себебі күшті толғақтар деп есептеледі. Толғақтың әсерінен жатыр көбіне туу кезіндегі бірнеше сағаттық үзілістен соң шығарылатын соңғы ұрықты туған кезде айналып кетеді.

Белгілері. Иттер мен мысықтарда жатырдың айналу дәрежесіне байланысты сыртқа түтік немесе дөңгелек ішек түрінде бір мүйізше, әлде бір негізден бөлінген екі түтік түрінде шығып тұруы мүмкін (17,18 сурет). Осы түтіктердің бос ұштарында қуыстар, ал кілегейлі қабығында мүйізшелерінің айналасында иттерде жасыл немесе қоңыр түсті плацентарлық бөліктер болады.

Өтуі және болжау. Жатыры түскен соң жануарда мазасыздану, кейде толғақ байқалады, несеп шығаруы қиындайды.

17 - сурет. Иттің жатырының түсуі

18 - сурет. Мысық жатырының түсуі

Әдетте, иттердің жалпы жағдайы жатырдың түскеніне бірнеше күн өтсе де айтарлықтай өзгере қоймайды. Мысықтар сезімтал болады, сондықтан оларда әлсіздік, көрінетін кілегейлі қабықтарының бозаруы, дененің беткі жағының салқындауы байқалады. Түскен жатыр уақыт өте келе қатты ісінген, борпылдақ болады және күңгірт-көк немесе сұр-қоңыр түске енеді. Кілегейлі қабығы кебеді, жарылады, қабыну мен некроз басталады. Содан соң жатырдың гангренасы дамиды да, жануар 2-5-ші күні сепсистен өледі.

Емдеу. Қабырғаларының жыртылуы үлкен болмаса, өліеттену белгілері немесе кілегейлі қабығының қатты кеуіп кетуі байқалмаса, түскен жатырды дұрыстайды.

Дұрыстауға кедергі келтіретін толғақты басу үшін нейролептиктер немесе наркоз қолдануға болады (рец.156 ). Жатыр мөлшерін кішірейту үшін мынадай мөлшерде окситоцин қолданады: итке – 3-10, мысыққа – 2 -3 ӘБ тамыр ішіне (рец. 157) немесе түскен жатыр қабырғасының бірнеше жерінен ұзындығы бойынша (дұрыстаудан 5 минут бұрын) енгізеді.

156. Rp.: Sol. Aminazini 2,5% 5ml

D.S.Тері астына, бұлшық етке.

#

157. Rp.: Sol. Oxytocini 1 ml (5 ED) in amp.

D.S. Тамыр ішіне 5 мл 5%-ды глюкоза ерітіндісі.

Дұрыстау алдында жатырды 2%-ды салқын ашудас ерітіндісімен (рец. 158) немесе 0,02%-ды марганец қышқылды калий ерітіндісімен жуады, стерилді клеенкаға немесе орамалға салады, кілегейлі қабығын тітіркендірмейтін антимикробты эмульсия немесе жақпа май жағады (рец. 159).

158. Rp.: Aluminis 4.0

Aq. Destill. Ad. 20

M.D.S. Айналып кеткен жатырды жуу үшін.

#

159. Rp.: Linimenti Synthomycini 10% 25.0

D.S. Айналып кеткен жатырға жағу үшін.

#

Итті, мысықты шалқасынан жатқызып, жамбас белдеуін көтереді. Осыдан басқа, ит пен мысықтың әрбір жыныс ернеуіне (ұлпа қалыңдығына) кейін жыныс саңылауын түтікше түрінде ашу үшін жібек жіптен бір ілмектен салу керек. Жатырды дұрыстауды оның негізінен немесе жоғарғы жағынан бастайды. Бірінші нұсқада сыртқы жыныс мүшелеріне жақын орналасқан жатырдың бөлігін екі қолмен ұстап қысады да, қынапқа қарай жылжытады, сонымен қатар артында орналасқан басқа да бөліктерін дұрыстайды. Қатты ісінген жатырдың көлемін оның жоғарынан негізіне қарай бағыттап антисептикалық ерітіндіге батырылған, стерилді жалпақ дәкені қолданып қысып орау арқылы кішірейтуге болады (рец. 8). Жамбас қуысына жылжыту кезінде жатырды дәкемен орайды да, антимикробты эмульсия немесе жақпа жағады. Егер дұрыстауды мүйізшенің жоғарынан бастаса, соңғы жағы дөңгелектеніп жалпақталған серпіме (барабанды таяқша) немесе пробирканың кері жағын қолданады. Дегенмен барлық құралдарды асқан сақтықпен, негізінде дұрыстаудың басында ғана қолданған жөн.

Жатыр түгелімен дұрысталып болуға қалған кезде, қалған бөлігін жамбас қуысына, содан соң құрсақ қуысына қолмен жылжытады. Жатырдың қабаттарын түгел дұрыстау үшін оның қуысына қысыммен натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісін құюға (рец. 46), ал жиырылуды күшейту үшін тамыр ішіне окситоцинді енгізуге (дұрыстауға дейін енгізілмеген болса) болады. Жатыр қайта түспес үшін сарпайға ілмек тәрізді немесе ішек тігісін салады. Толғақ қайта басталса нейролептиктер қолданады.

Алғашқы 3 күнде жануарларға әдеттегі мөлшерде бұлшық етке антибиотиктер тағайындайды (рец. 1,2).

Түскен жатыр қатты өзгерген болса, оны кесіп алып тастайды.

Жатырды кесіп алып тастау жағдайлары: жатыр қабырғасының айтарлықтай жарақаттары, жатыр гангренасы немесе қатты кеуіп кетуі (жатырдың мумиялана бастауы).

Болжау. Сәтті.

Операция барысы. Жануарды жатқан күйінде бекітеді. Ауруды басу үшін кейбір инфильтрациялық анестезия (0,5%-ды новокаин ерітіндісін лигатура салынған жерден жоғары жатыр ұлпаларына енгізу), кейде бұлшық етке нейролептик енгізумен қатар (аминазин және т.б.) қолданылады.

Жұмыс барысында қол ластанбас үшін қабынған немесе гангренозды жатырды дезинфекциялық ерітіндімен жуу керек. Жатыр мойнынан 3-5 см шегініп, жатыр денесіне жуан жібектен №8-10 кестірулік тігіс түрінде лигатура салады. Жібек жіпті алдын ала дезинфекцияланған және стерилді вазелин жағылған болуы керек, лигатураның екі ұшында тігісті тартуды жеңілдету үшін ағаш таяқшалар болуы тиіс.

Тігіс салмас бұрын жатыр ішінде ішек немесе қуықтың жоқ екендігіне көз жеткізу керек. Ол үшін жатырды мұқият ұстап қарайды немесе жатыр қуысын қарау және пальпациялау үшін шеткі жағынан оның қабырғасын аздап кеседі. Жатырда ішкі мүшелер болса оларды құрсақ қуысына орналастырады. Осыдан кейін ғана жатырға тігіс салады.

Лигатура орнатқан соң жатырды лигатурадан 2-4 см аралықта кеседі, қалдықтың 5%-ды йодтың спирттік ерітіндісімен өңдеп (рец. 30), қынапқа орналастырады. Осыдан соң жануарды толғақ басталса сарпайға тігіс салады.

Қалдықтың жойылуы кезінде бөлінетін экссудатты тоқтату үшін қынапты антисептикалық ерітінділермен күнделікті жуып отырған дұрыс. Алғашқы күндері жануарға сұйық тамақ береді, іші қатса клизма тағайындайды. Кейде қуықты катетер көмегімен босатуға тура келеді. Жатыр қалдығы 10-15 күннен соң түседі және лигатурамен бірге сыртқа шығады.