- •4.3. Иттер мен мысықтардың акушерлік-гинекологиялық ауруларын балау және емдеу әдістері
- •Гинекологиялық зерттеу әдістері
- •Анамнез
- •Клиникалық зерттеу
- •Сырттай қарау
- •Пальпация
- •Қынаптық зерттеу
- •Қосымша зерттеу әдістері
- •Акушерлік – гинекологиялық аурулардың жіктелуі
- •Туудан кейінгі жіті эндометрит
- •Жатырдың айналуы (түсуі)
- •Желінсау
- •Бақылау сұрақтары
- •Ұсынылатын әдебиеттер
Туудан кейінгі жіті эндометрит
Жатырдың кілегейлі қабығының зақымдалуымен сипатталатын жатырдың қабынуы (метрит) эндометрит деп аталады.
Туудан кейінгі эндометрит жыныс мүшелері ауруларының кең тарағаны болып саналады және барлық жануар түрінде кездеседі.
Себебі. Туудан кейінгі эндометрит эндометрийдің жарақаттануы және патологиялық туу, шудың кешігуі, жатыр субинволюциясы кезінде туу жолдары арқылы жатырға түрлі микроорганизмдер түсуі салдарынан пайда болады. Жатырдың қабынуы іріңді вагиниттің асқынған түрі ретінде жиі байқалады. Ағзаның резистенттілігінің төмендеуіне мына факторлар себеп болады: толық қанды емес азықтандыру, буаздық кезінде серуендетпеу, күтіп-бағудың антисанитарлық жағдайы.
Белгілері. Туудан кейінгі эндометрит бастапқыда катаралды түрде байқалып, кейіннен іріңді-катаралды немесе іріңді түрге ауысады. Жатырдың кілегейлі қабығында гиперемия, ісік, қан құйылулар, аздаған жаралар пайда болады, жатыр қуысында экссудат жиналады. Жатыр тонусы мен жиырылу қабілеті төмендейді. Ағзаның интоксикациясы дамиды.
Ауру туғаннан кейінгі 2-5-ші күні байқалады. Эндометрит жеңіл өткенде жануардың жалпы жағдайы өзгермейді. Қабыну үрдісінің қарқынды дамуында жануардың күйзелуі, дене температурасының 0,5—1,0°С-қа көтерілуі, тәбеттің төмендеуі немесе жоғалуы, сүт бөлінуінің төмендеуі байқалады. Сыртқы жыныс мүшелерінен шырышты-іріңді немесе сұйық күңгірт сұр түсті, кей жағдайда қан аралас немесе жағымсыз иісті экссудат бөлінеді. Кейде экссудат сары-күрең түсті, құрамында фибрин үгінділері бар болып келеді (фибринозды эндометрит). Эндометритте вагиниттен айырмашылығы, сарпайдан ағатын бөлінділер көп мөлшерде бөлінеді, жануар жатқан кезде күшейе түседі. Иттер мен мысықтарда құрсақ қабырғасын пальпациялағанда жатырдың көлемінің ұлғайғанын, мүйізшелерінің қалыңдауы мен болбырлығын, кейде флюктуациясын анықтауға болады. Құрсақ қуысын пальпациялаған кезде жыныс қуысынан экссудат бөлінуі күшейе түседі.
Өтуі және болжау. Уақытылы және дұрыс емдегенде әдетте жануар жазылады. Ағзаның резистенттілігі төмен болып, жатыр қабырғасының жарақаттануы байқалса, қабыну үрдісі оның бұлшық етті қабатына (миометрит дамиды) немесе сірлі қабықшасына (периметрит) да жетеді. Мұндай жағдайда болжауды абайлап жүргізген жөн, себебі жануар сепсистен өліп кетуі мүмкін. Кеш және жүйесіз емдегенде жіті эндометрит атрофиямен және жатыр бездерінің кисталық зақымдалуымен, жануарды бедеулікке ұшырататын жатырдың шырышты және бұлшық етті қабықшасындағы дәнекер ұлпасының өсуімен және т.б. өзгерістермен сипатталатын созылмалы түріне айналады. Кей жағдайда қабыну үрдісі жұмыртқа жолы мен жұмыртқалықтарда дамиды, соның салдарынан сальпингит және оофорит дамиды.
Емдеу ағзаның жалпы тонусын жоғарылатуға, жатырдың жиырылу қабілетін көтеруге, оның қуысынан экссудатты жоюға және жатырда антисептикалық жағдайлар тудыруға бағытталған, кешенді болуы тиіс.
1. Ауру жануарларды оқшаулап, оларды ұстау және күтіп-бағу, азықтандыру жағдайын жақсартады.
2. Жатыр жиырылуын күшейту үшін және оның қуысынан экссудат шығуын тездету үшін тері астына немесе бұлшық етке окситоцин (рец. 113), гифотоцин, маммофизин итке-2,5-10 ӘБ, мысыққа - 2-5 ӘБ мөлшерінде, прозериннің 0,05%-ды ерітіндісін (рец. 91) немесе пахикарпин, прегнантол, эрготал, эргометрин және басқа да жатыр препараттарын тағайындайды. Препараттарды арасына 12-24 сағат салып 3-5 күн ішінде енгізеді.
3. 3 - 5%-ды натрий хлориді ерітіндісімен, 1:1000 қатынасында этакридин лактат ерітіндісімен (рец. 8), фурациллинмен 1:5000 (рец. 9), фуразолидонмен (1:1000) жатырды жуады. Содан соң енгізілген ерітіндіні сорғыш құралдармен (резеңке түтікпен жалғанған шприц және т.б.) немесе құрсақ қабырғасына массаж (уқалау) жасау арқылы сыртқа шығарады.
4. Жатырда патогенді микрофлораның дамуын тоқтату үшін микробтардың қолданылатын препаратқа сезімталдығын ескере отырып, жергілікті сепсиске қарсы терапия қолданады. Жатыр қуысына енгізу үшін антибиотиктердің үйлесімді комбинациясы, сулы (рец. 148, 149) немесе майлы (өсімдік, вазелин майы немесе балық майы) негізде дайындалған суспензия түріндегі сульфаниламидті және нитрофуранды препараттар белсенді әсер етеді.
148. Rp.:Fuuacillni -1,0
Furazolidoni -0,5
Neomycini sulfatis – 1,5
Benzilpenicillini-natrii-1,0
Norsulfazoli solubilis -5,0
Aquae destillatae ad 100,0
M.f. Suspensio
D.S. Жатыр қуысына енгізу үшін.
#
149. Rp.: Oxytetracyclini hydrochloride- 1,5
Neomycini sulfatis – 1,5
Polimixini M sulfatis-0, 15
Norsulfazoli solubilis -5,0
Benzilpenicillini-natrii-0,5
Streptomycini sulfatis -1,0
Olei Helianti ad 100,0
M.f. Suspensio
D.S. Жатыр қуысына енгізу үшін.
#
Сонымен қатар балық немесе өсімдік майындағы 5-10%-ды трициллин, құрамында антибиотиктердің қоспасы бар стрептоцидтің 5%-ды линименті, септиметрин эмульсиясы және т.б. тиімді әсер етеді. Аталған дәрілік формаларды мынадай мөлшерде қолданады: итке-3-15, мысыққа - 3-4 мл, 3-5 тәулік ішінде күніне 1-2 рет.
Иттер мен мысықтарға препаратты жатырға резеңке түтік арқылы полистиролды пипеткамен жалғанған 10-20 грамдық шприцпен енгізеді. Препаратты енгізбес бұрын сыртқы жыныс мүшелерін дезинфекциялық ерітіндімен жуады. Несеп шығаратын астаушаның қуысына түспеу үшін катетерді қынаптың жоғарғы қабырғасы бойымен жылжыту керек.
5. Жалпы емдеуде бұлшықетке келесі антибиотиктер тағайындайды: пенициллиннің стрептомицинмен қоспасы (рец. 150); мономицин (рец. 151); фармазин (рец. 152), гентамицин (рец. 2); олеандомицин (рец. 66). Антибиотикті терапия курсының ұзақтығы 3-4 тәуліктен кем емес. Ауыр жағдайларда ішке антибиотиктермен бірге сульфаниламидті препараттар тағайындайды: сульфадимезин (рец. 18), cульфапиредозин (рец. 83), этазол (рец. 153) .
150. Rp.: Benzylpenicillini – natrii 500 000 ED
Streptomycini sulfatis 500 000 ED
D.t.d.N. 10 in flac.
S. Бұлшық етке, күніне 2 рет. Енгізер алдында флакон ішіндегісін новокаинның 2 мл 0,5% ерітіндісімен араластыру керек.
#
151.Rp.: Monomycini 0.5
D.t.d. N. 20 in flac.
S. Бұлшықетке күніне 3 рет.
Флакон ішіндегісін новокаинның 2 мл 0,5% ерітіндісімен араластыру керек.
#
152. Rp.: Farmazini-50 25 ml
D.S. Бұлшық етке 1 кг дене салмағына 10 мг-нан
3-5 күн ішінде күніне 1 рет
#
153. Rp.: Aethazoli 0,2
Sacchari albi 2,0
M.f. pulvis.
D.t.d. N. 6.
S. Ішке қолданылады. Бір ұнтақтан күніне 2 рет.
#
6. Эндометриттің жіті сатысында В.В.Мосинның плевра үсті новокаинді блокадасын (бір рет) қолданған жөн. Новокаинді терапия ұлпалардың жұмысын және ағзаның қорғаныштық - бейімделу қабілетінің реакциясын жақсартады, жатырдың тонусы мен жиырылу қабілетін жоғарылатады, қабыну үрдісінің тез басылуына септігін тигізеді.
7. Эндометрит ауыр өткенде, ағза күшті уланғанда және сепсис дамуы мүмкін болса 40%-ды глюкоза ерітіндісін, 40%-ды уротропин, 10%-ды кальций глюконатын (рец. 154) тағайындайды, көрсеткіштеріне байланысты тері астына кофеин (рец. 155), кордиамин (рец. 117) енгізеді.
154. Rp.: Sol. Glucosi 40 % 10 ml
Sol. Hexamethylentetramini 40% 10,0 ml
Sol.Сalcii gluconatis 10% 10,0
M.D.S. Тамыр ішіне (ақырындап) 5-7 тәулік ішінде күніне 1 рет.
#
155. Rp.: Sol. Сoffeini-natrii benzoatis 10% 1ml
D.t.d.N. 10 in amp.
S. Тері астына, 1 мл-ден.
#
8. Уланумен, сонымен қатар ағзаның сусыздануымен күресудің ең жақсы тәсілі изотониялық сұйықтықтарды тамыр ішіне тамшылату әдісімен құю болып табылады: 0,9%-ды натрий хлориді ерітіндісі (рец. 46), 5%-ды глюкоза ерітіндісі (рец. 26).
9. Егер жануардың жағдайы жақсармаса жатырдың экстирпациясын жүргізеді.
