- •2. Пән туралы мәлімет. Пәннің коды, атауы және кредит саны. Код: кр 4125. Эрикалық проза. Кредит саны: 3
- •3. Оқу жоспары бойынша сағаттарды бөлу.
- •5. Оқу пәнінің сипаттамасы
- •5.1 Оқу пәнінің мақсаты мен міндеттері
- •5.2.Оқу пәнінің құзіреттілігі
- •5.3. Пәнді оқыту жоспары
- •6. Негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі
- •7. Студенттердің білімін бақылау және бағалау
- •8. Оқу пәнінің саясаты
- •2.Ахметов 3. Роман-эпопея Мухтара Ауезова. -Алматы: Санат, 1997. -288 с.
- •І.Есенберлин романдарының орны.
- •12 Дәріс. Т.Әлімқұлов, з.Шашкинн, з.Ақышев
- •14 Дәріс. Қ.Жұмаділов, Әнес Сарай, д.Досжан
- •Internet дереккөздері
14 Дәріс. Қ.Жұмаділов, Әнес Сарай, д.Досжан
және С.Сматаев романдарының көркемдік әлемі
Мақсаты: Аталған қаламгерлердың шығармашылық әлемін саралау.
Сұрақтар:
1. Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр». Романы.
2. Ә.Сарайдың «Еділ – жайық» романы.
3. Д.Досжанның «Жібек жолы» романы.
4. С.Сматаевтың «Елім-ай» романы.
Дәріс мәтіні (тезис)
Жазушы Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесі, Шәуешек ауданы, Тарбағатай аймағының Малдыбай ауылында дүниеге келген. 1965 жылы қазіргі Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Алғашқы туындылары Шыңжан өлкесінен шығатын “Шыңжаң” газеті мен “Шұғыла” журналдарында жарияланған. 1967 жылы “Жас дәурен” деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Мұнан кейін жазушы қаламынан әр жылдары туған “Қаздар қайтып барады”, “Сары жайлау”, “Шарайна”, “Сәйгүліктер” сияқты әңгіме және повестерінің жинақтары баспа бетін көрді.
Жазушы Қабдеш Жұмаділов өз көзімен көрген, өзі басынан өткерген тарихты арқау еткен “Соңғы көш” роман-дилогиясының авторы. Бұл романда қазақ халқының ХХ ғасырдағы тағдыр талайы шынайылықпен, шеберлікпен өрнектелген. Қаламгердің тарихи оқиғаларды және бүгінгі күн шындығын арқау еткен “Көкейкесті”, “Атамекен”, “Тағдыр” романдары қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақ халқының даңқты тұлғасы, әйгілі батыр Қаракерей Қабанбай өмірін және батыр өмір сүрген кездегі аласапыран оқиғаны назарға алған “Дарабоз” роман-дилогиясы жазушының кейіпкер характерін жасаудағы өзіндік ерекшелігін танытқан туынды. Бұл романның бірінші кітабы 1994 жылы, екінші кітабы 1996 жылы жарық көрді. 1999 жылы “Таңғажайып дүние” атты ғұмырнамалық романы оқырман қолына тиді.
Қабдеш Жұмаділов ХІХ ғасырдың соңғы кезеңіндегі шекара бөлінісін арқау еткен “Тағдыр” романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иемденді.
Қ.Жұмаділовтің “Тағдыр” романы қазақ халқы басынан кешірген ауыр бір кезең – екі империяның алаштың ата қонысы болған сайын даланы екіге бөліп, шекара сызығын жүргізген кезеңін арқау еткен. Романда алуан мінезді, алуан тағдырлы кейіпкерлер характері сомдалып, болмысы ашылады.
Патшалық Россия мен Цин империясы Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін айқындап, енші бөлісуді ХІХ ғасырдың 80-жылдары ғана қолға алған болатын. Романдағы күллі оқиға осы айтулы тарихтың халық тағдырына қалай әсер еткенін бейнелеуге арналған. Тарбағатайдың күнгейін мекен еткен халық тағдыры, Цинь империясының аз халықтарға жүргізген саясаты шынайылықпен шығарманың өзегіне алынған. Романның басты қаһарманы – Демежан. Оқырман бұл кейіпкермен роман оқиғасының басында Шәуешек аймақтық губернатор – Ши-амбының қарауында тілмаш болып қызмет істеп жүрген кезінен танысады. Өзгелерге ұқсамайтын ерекше тағдыры бар Демежанның өмір жолы, тіршілік соқпағы, Шәуешек аймағының әміршісіне бағынатын мекендерде тіршілік кешкен қазақ руларымен тығыз байланыста көрсетіледі. Қала өмірінің өзіндік ерекшеліктері, дала тіршілігі, күнделікті өмірге еніп жатқан жаңалықтар нанымды суреттелген.
Роман оқиғасы төрт бөлімге топтастырылған. Соңында эпилог бар.
“Жол торабы” деп аталатын бірінші бөлімде Шәуешек аймағы губернаторының тілмәші Демежанның халық тағдырын өз пайымымен бағамдаған сәттері, Төртуыл, Керей, Жұмық, Тоғас сияқты рулардың жаз жайлауды, қыс қыстауды мекен еткен тұрмыс-тіршіліктері, ішінара қайшылықтар, Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінің шекара бөлінісі сәтіндегі жағдайы сөз болады. Шыңжаң өлкесі мен орыс жерінің арасына ресми шекара сызығының жүргізілуі жерді меншіктеп, атам заманнан мекен еткен қазақ халқы үшін аса ауыр оқиға екені шығарма кейіпкерлерінің әрекеті, ашу-ызасы, шарасыз халдері арқылы көрінеді.
Демежанның әкесі – Керімбай зәңгі (болыс дәрежесіндегі лауазым) кейіннен Цинь империясының билігіндегі Төртуыл руының үкірдайы (аға сұлтандық дәрежедегі лауазым) болады. Руына беделді, көпті көрген адам. Демежанның Ши амбы алдында артықша беделге ие болуының бірден бір себепкері – осы Керімбай. Романдағы қат-қабат тартыс, қақтығыстар, әр түрлі мінез бен болмыстағы кейіпкерлер нанымды суреттелген.
Тарбағатай аймағын жайлаған халықтың жүрегін тілімдеп, жігерін жасытып, шекара сызығы жүргізіледі. Бұл айтулы оқиғаның басы-қасында жүргендер Шыңжаң өлкесіндегі орыс консулы Балхашин, ұлты қытайлық мұғалім, Демежанның ұстазы Ли-шансың және Демежан бастаған топ. Шекара бөлінісі сәтіндегі қарапайым халықтың күйінген хәлі шығармадағы тартысты ширықтыра түскен. “Бұл күндері не істерін білмей, екі ұдай күйге түсіп, миы басына, басы тымағына сыймай, қиналып жүрген қазақ тіпті көп-ақ”, - деп суреттейді жазушы. Ақшоқының бөктерін мекендеп, егін салумен айналысып келген Диханбай ауылының хәлі тіпті аянышты. Өз руластары болса алыста – Шар-Қызылсу бойында. Шекара сызығы дәл осы Диханбай жайлап отырған ауылдың үстімен жүрмек. Қысылған сәтте “Екі патшалыққа қоспай-ақ, қалдырып кетсеңдер қайтеді? Патшасыз қалдық деп өкпелемес едік”, - дегенді айтады. Автор мұндай ауыр сәтті “Ақтабан шұбырындыдан” кейінгі еріксіз босқындыққа ұшыраған бір кезең ретінде суреттейді. Осындай қиын-қыстау сәтте кездесіп қалатын қазақтың алауыздығынан туындайтын күлкілі жағдайлар да шығарма оқиғасын шынайыландыра түседі. Сондай оқиғаның бірі – Мәмбет руының екі адамы Тоқа мен Қойлыбай арасында болады. “Қойлыбайы жоқ жер болса болды, бейіштен кем көрмеймін”, - деп Тоқа таңдауды Қойлыбайға салса, “Тоқа арманда қалмасын, Тоқаның төбесін көрмей жүрсем болды”, - деп Қойлыбай қырсығады. Екеуінің ерегісе шекара сызығын жүргізіп келе жатқандардың жұмысына бөгет болады. Ақыры бұл іске шекара комиссиясы араласып, Ши амбы мен Балхашин екеуінің ауылына бөлініп түсіп, екеуін екі жаққа көшіріп әкетеді.
Жазушы тарихи мәліметтер мен деректерді қара дүрсін баяндау түрінде келтіріп қана қоймаған. Соның арғы жағында тұрған азапты халық тағдырын жан жүрегімен сезінген Демежандай азаматтың ішкі күйзелісін, қанатымен су себелеген қарлығаштай іс-әрекетін шеберлікпен өрнектейді. Өз-өзін кінәлап, шекара бөлінісіне қатысып жүргенін үйіне ұры түскенде, өзі қоса тонасқан Қожанасыр қылығындай сезінеді. Дәрменсіз халыққа жаны ашыған азаматтың елі үшін күйзелуі оның биік адамгершілік тұлғасын аша түседі.
Шекара бөлініп, Еженхан иелігіндегі жер анықталған соң, Шәуешек билеушісі Ши-амбы қыр қазақтарының арасында ресми сайлау өткізеді. Шекара бөлінісі кезінде Шығыс Түркістанды мекендеген қазақтардың мың жарым түтіні Ресей қарауына көшсе, екі жарым мың түтіні Қытай жағына қоныс аударады. Жазушы осы бір тарихи оқиғаны тілге тиек еткенде, бүгінгі Тарбағатай аймағының, Құлыстай өңірінің өткен шежіресіне де назар салып, қажетті мәліметтерді орнымен пайдаланады. Тарбағатай аймағында қазақтың орта жүзіне кіретін екі үлкен ру бірлестігі бар. Оның бірі – Наймандар, екіншісі Керейлер. Аз ғана ауыл Уақ болса Керейлермен қанаттасып жүреді. Найманның үлкен үш тайпасы – Төртуыл және Байжігіттен тарайтын Жұмық пен Мәмбет ауылдары аймақ әміршісінің бұйрығымен бірнеше зәңгіге (болыстыққа) жіктеледі. Сонымен, барлығын жинақтай келгенде аймақ қазақтары төрт үкірдайға топтасады. Осы үкірдай сайлауы өткізіліп, әр рудың үкірдайы анықталады. Сайлау барысындағы аласапыран оқиғалар, тіпті қазақтың аңқаулығынан туындаған күлкілі жағдайлар роман оқиғасын қоюландыра түседі. Төртуылдың үкірдайы – Керімбай өз елінің ақылшысы, алысты болжап, қиырдағыны шалатын сұңғыла жан болса, оның ұлы Демежан тек өз руластарының ғана емес, күллі қазақтың қамын жеген азаматтық биіктерден көрініп отырады.
“Тағдыр талқысы” атты романның екінші бөлімінде Демежанды елден әкесі Керімбай үкірдайдың қасынан көреміз. Төртуылдың қадірменді ақсақалы Смайыл зәңгі және орыс консулы Балхашин қайтпас сапарға аттанған. Ел ішінің ұсақ-түйек дау-дамайы, қым-қиғаш қайшылығы үдей түспесе, толас таппаған.
Демежан тек малмен ғана кәсіп қылу тым аз, кәсіптің басқа түрімен де шұғылданған жөн деп тауып, бейнетқор жұртпен бірлесіп, Боздақ даласына егін салады. Өзіне сол егіс басына таяу жерден қора-жай салдырады. Алғашында бұл ісіне өзгелерді иландыра алмайды. Тіпті өз әкесі Керімбай да наразы. Дегенмен, алғанынан қайтпайтын бірбеткей ұл өз дегеніне жетеді. Бұрын қазақта жоқ үрдісті бастап, зәйімке салдырады. Маңына жарлы-жақы байларды, зәбір көрген қарапайым адамдарды жинайды. Қыр еліне түскен алым-салықтың ауыртпалығы халықты қатты күйзелткенде осы Демежан ара түседі. Жергілікті мәнжу, сібе-солаң, қалмақ жұртына алым-салық жиналмайды. Бар ауыртпалық қазақтарға түседі. Бұл жайт қазақтардың наразылығын туғызады, алым-салық жинаушылармен арада араздық туады. Халықтың жағдайын жанымен сезінген Демежан Ши-амбының алдына барып, салықтың шектен тыс ауыр екенін айтады. Ақыры, Ши амбыны өз сөзіне иландырып, “Сары ноқта”, “Қара шығын” салықтарын алдырып тастайды. “Қан божы” деп аталатын салықты ғана күшінде қалдырады. Әйтпесе қазақ рулары шекара асып көшіп кететін қауіп туады. Керімбай дүние салып, орнына Демежан үкірдайлыққа сайланғанда, ағайын арасының күңкілі ушығып, бір шындықтың беті ашылады. Ол шындық – Демежанның нәсілі Керей, Керімбайға бар болғаны жиен екендігі. Елі үшін еңіреп жүрген Демежанның іс-әрекеті, ұлықтар алдындағы беделі отбасынан асар ойы жоқ кейбір биліктегілердің ішін тарылтып өзіне өшіктіре түседі.
“Уақыт керуені” аталатын үшінші бөлімде Демежан – бәрінен де биік тұрған тұлға. Не әрекет қылса да еліне пайдалы істі ойлап жүрген азамат Абдыра мен Қараүңгір өзендерінен тартылатын екі тоған суға қағаз жасатып, оны Іле жаңжұңына бекіттіртіп алған. Осы жайт халдайлардың Демежанға деген өшпенділігін қоздырады. Оңтайлы сәтінде олар Демежанды ықтырып алғылары келгенмен, досына дархан, жауына өр болып жаралған Демежан бой бере қоймайды. Реті келгенде алмастай тілмен орып түссе, кейде күшпен де айбат көрсетеді. Әр кезде әлсіздің қорғаны болып жүрген аптал азаматтың жауы көбейген үстіне көбейе түседі. “Жау - жағадан алғанда бөрі - етектен” дегендей, халдайлардың араздығы аздай, өз басының ғана қамын жеген пасық қандастары Демежан айналасына тор құрып, тынысын тарылта түседі. Демежанның атақ-абыройын қызғанған Ысқақ халдайлармен ауыз жаласып, Демежанның көзін құртпаққа бекінеді. Ысқақтың ойынша – Демежан оған үлкен кедергі. Ел ішіндегі ұрлық-қарлықты тыю үшін жасаған әрекетін де жаулық деп қабылдаған Байсерке сияқтылар да солармен жақтасады. Ақыры Демежанға қастандық оғы атылады. Атушылар – Дохалдайдың бұзақы інісі Бужыңқа мен Ысқақ. Алайда, оқ дарымай, Демежан аман қалады. Тоған суына талас кезінде халдайлармен арада болған қақтығыста әбден ызаға булыққан Демежан халдайлардың басшысы Дохалдайдың айдарын кесіп алады. Бұл оқиға Демежан басына үйірілген бұлтты қалыңдата түседі.
“Дар ағашы” деп аталатын төртінші тарауда Ши-амбы қызметінен босап, Құлжаға сапар шегеді. Үш айдай уақыт өткенде Шәуешек аймағын отыз жыл билеген ұлық дүние салады.
Құлжаға Демежанның үстінен арыз айтпақшы болып, Дохалдай аттанса, оның соңынан ұрлығы үшін абақтыда қамалып жатқан Байсерке аттанады. Екеуі бірігіп, Демежанға қарсы іс қозғайды. Ақыры аймаққа жаңа келген ұлық Матен-амбы Демежанға жабылған жаланы ұлғайтып, оны қамауға алады. Ең ауыр жаза – дарға асуға үкім шығарады. Жаланың басы – оның саяси сенімсіз Ли-шансыңның шәкірті екендігі, ішкі жақтан жер аударылып келген ағайынды екі Жаңды қамқорлыққа алғандығы. Сөйтіп, арам ниетті қаскөйлер абзал азаматқа саяси айып тағады. Мақсаттары – қайткен күнде де Демежанды құрту.
Пасық ниетті жандар дегендеріне жеткенмен, Демежандай нар азаматтың биік тұлғасын аласарта алмаған. Халықтың оған деген риза-құрмет сезімін өшіре алмаған. Әсеттей алаштың ардақты өнерпазының Демежанға арнаған жоқтауы осыны паш етеді. Роман эпилогында осы жайт баяндалады. Маншың өкіметі құлап, Матен амбы да қор өліммен өлген. Демежанның өзі өлсе де, ісі өлмеген. Өзі отырықшылыққа үйреткен ел егіншілікті кәсіп қылып, күн көруде. Демежан тоғанының кілтін ұстаған, егінші қауымға ақылшы аға болған Бөке қарт, оның айналасындағы адамдар Демежандай дегдар азаматты ауыздарынан тастамайды. Кезінде Демежан салдырған мешіт-медрелесер халық игілігіне қызмет етуде. Демежанның абзал да аяулы жары Бибі Демежандай арыстың түтінін өшірмей отыр. Романда Демежанның ата-анасы Керімбай мен Ажар, жары Бибі, тоқалы Ырысқан бейнелері өзіндік ерекшеліктерімен танытылады. Жақсылы-жаманды кейіпкерлердің мінез бітімі, болмысы қаламгерлік шеберлікпен бедерленген.
Әнес Төлендіұлы Сарай 1937 жылы 21 қарашада РФ-ның Астрахан облысы, Володар ауданы, Құрманғазы атындағы колхозда дүниеге келген. Әкесі – кәсіби теңізші, шешесі – колхозшы. Әуелі Көрін жетіжылдық, кейін Сизой-бугор орта мектебін тәмамдап, 1956 жылы онжылдықты бітіреді. Сол жылы Атырау педагогтік институтының физика-математика факультетіне түскен, бірақ бірінші курстан кейін оны тастап кетеді. Астрахан қаласына қайта оралып, теңізші мамандығын беретін училищелерде дайындық курстарына кірген. 1957 жылы әскер қатарына алынып, оны 1960 жылы тәмамдап, Алматының С.М.Киров атындағы университетінің филология факультеті журналистика бөліміне оқуға түседі.
Университетте оқып жүріп, “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас” газеттерінде жұмыс істейді. Еңбек кітапшасы “Лениншіл жас” газетінің әдеби қызметкері ретімен 1963 жылы қазан айында ашылған. 1965 жылы университетті бітірген соң, жастар газетінде қалып, 1970 жылдың ақыр соңына дейін, батыс облыстары бойынша меншікті тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарады. 1970 жылдан 1995 жылдар аралығында “Жазушы” баспасында жұмыс істеп, редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарады.
Әнес Сарайдың суреттеме, өлең, мақалалары 1957-1960 жылдар аралығында Астрахан облысы, Володар ауданының “Балықшы” газетінде жиі басылып тұрады. Ал кәсіби үлкен әдебиетке келуі 1963 жылы “Лениншіл жас” газетінде басылған “Дауылда” атты әңгімесінен басталды деуге болады. Бұдан соң жас қаламгерге республикалық газет-журналдардың есігі ашыла бастайды. Жас қаламгердің тырнақалды туындылары “Лениншіл жас”, “Мәдениет және тұрмыс”, “Жұлдыз” журналдарында жарық көреді. Ал Әнес Сарайдың өміріндегі белесті оқиға, әлі де журналистика қызығында жүрген қаламгердің үлкен әдебиетке бет бұруы деп, 1966 жылы өткен Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті съезін атаса артық емес. Съезде белгілі қаламгер Тахауи Ахтанов жастар шығармашылығы туралы қосымша баяндама жасап, қазір қазақ әдебиетінің қарағай мүйіздеріне айналған жастардың біразын атай келіп, Әнес Сарайдың “Домбыра” атты әңгімесіне жоғары баға берді.
Қаламгердің “Мұнаралар шақырады” атты тұңғыш әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. Қаламгер “Лениншіл жастың” меншікті тілшісі бола жүріп, жаңа ғана игеріліп жатқан Маңғыстауды көп шарлап еді, сол сапарларда көрген-білгені көркем әңгімелерге айналып, жинақтың сүйегін құрады. Бұдан кейінгі жылдары “Қараша өткен соң” (1971), “Бозқырау” (1973), “Тосқауыл” романы (1976), “Алтын арал” романы (1984), “Ақ тымық түн” повесть-әңгімелер жинағы (1990), “Когда приходит ноябрь” повесть-әңгімелер жинағының орысша аудармасы (1988), “Еділ-Жайық” романы (1992), “Асылдың сынығы” тарихи зерттеулер (1996), “Исатай мен Махамбет” (1997), “Мұхаммед пайғамбардың өмірі” (1994) сияқты көркем туындылары жарық көрді.
Қаламгердің прозалық шығармалары орыс тіліндегі әр түрлі жинақтарға (1970-90 ж.ж.), ұйғыр (1986), қытай (1988), татар (1986), марий (1989), әзірбайжан (1976) тілдеріне аударылды.
Ә.Сарай драматургия саласына да қалам тербеді. Ол “Тотиып қалды” (1978), “Қу тазша” (1979), “Ару Алматы” (1984), “Мұңым менің” (1984), “Аңсау” (1997), “Балуан Шолақ” (2000) пьесалары Алматы, Астана, Қызылорда, Қарағанды театрларында қойылды. Қаламгердің кинодраматургия саласындағы еңбектерінен Қазақстанның 60 жылдығына арналып түсірілген төрт сериялы “Төтенше тапсырма”. Москва орталық телевизия тапсырысымен түсірілген “Біз - жастармыз” (режиссері В.Пусырманов), өндіріске қабылданғанымен, кинофильм болып шықпаған төрт сериялы “Атаман Анненковтың ақыры” сценарийін де айтуға болады.
Әнес Сарай соңғы жылдары қазақ тарихының көмескі беттері мен қазақ топырағының көнеліктері туралы зерттеу мақалаларын жазумен көзге түсті. Бұл орайдағы “Жылан Бапы патшалығы”, “Ер Еділ”, “Қарақыпшақ Қобыланды”, “Арғындардың тайпалық жыры”, “Тарих және шежіре”, “Жалайырлар”, “Адайлар”, “Алшындар”, “Қоңыраттар”, “Үйсіндер”, “Қыпшақтар” сынды еңбектері байыптылығымен көзге түседі. Қаламгердің тарихи тақырыптағы ізденістері “Исатай мен Махамбет” (1997), “Асылдың сынығы” (1996) кітаптарын құрады.
Ә.Сарайдың жүзге тарта очерктері мен әр түрлі тақырыптағы мақалаларды құрайтын журналистік еңбектерімен қатар көркем-әдебиет аудармасы саласында да еңбек тындырды. “Моңғол әңгімелері” (1976), “Азия Африка” жазушыларының әңгіме-повестері жеке кітап болып шықты.
Әнес Сарайдың “Еділ-Жайық” романы 1991 жылы “Жұлдыз” журналында басылып, 1992 жылы “Жалын” баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. 1994 жылы аталмыш шығармаға Қазақ Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Газет-журналдардың жағдайы нашарлаған, әдебиетке қамқорлық кеміп, әдеби сын құрыған кезге тап келіп, роман жан-жақты салдарды талдаудың нысанасы бола алмады.
Ал ондай талдаулар болуға тиіс еді. Өйткені романда төңкеріс оқиғасына тың көзқарас бар еді, сонымен бірге “Алашорда” қозғалысы ұлт мүддесіне сай саяси күш ретінде суреттелді. Романның жазылу жылдарын еске алсақ, бәлкім, соңғы тақырып өткір көрінбеуі мүмкін, бірақ сүйіспеншілікпен шыншыл суреттелген. Екінші бір мәнді мәселе, автор кеңестер дәуірінің өтетінін білгендей, төңкеріс тақырыбы болды-болмады әңгімеге айналатынын сезгендей, романды басы ашық нақты сенімді деректерге құрған. Шығарманың тұс-тұсында тарихи экскурс міндетін атқаратын құжаттар келтіріліп отырған. Сондай-ақ, шығарманың бас кейіпкерлері Ізбасар Жәнекенов, Ахтан Мұхамедиев, Қажығали Жарқынбаевтар қияли кейіпкерлер емес, өмірде болған қаһармандар. Қазақтың бұл үш азаматының есімі Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Кировтың Ленинге жолдаған жеделхаттарынан табылды. Шығарманы қиял көмегімен еркін толғау мен құжаттарға кіріптарлық көркем дүниеге оң, теріс әсер етіп, із қалдырады. “Еділ-Жайықты” осы қырынан зерттеу де әдеби таным тұрғысынан қызықты болмақ.
Роман оқиғасы 1918 жылдың күзінен басталып, 1919 жылдың ақыр соңымен бітеді. Уақыт жағынан бір жылдық мерзімді қамтиды. Ал кеңістік жағына келсек – оқиға желісі Астраханнан басталып, Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарын қамтиды. Ресейдің оңтүстігіндегі Астрахан “революцияның бесігі” еді. Ол талай бүлікті, қыспақты басынан кешіріп, орталықтан бөлініп қалғанмен, большевизмнің туын қолынан түсірмеді. Өйткені ондағы билік тізгіні қабілетті адамдардың қолында болды: Киров, Атарбеков, Нариманов, белгілі “Оптимистік трагедия” пьесасының кейіпкері Лариса Райснер. Революцияның тағдыры сынға түскен 1918 жылдың күзінде В.И.Лениннің барлық нацмендерге өзін-өзі билеуге еркіндік жариялаған үндеуі – көпұлтты Астараханды күреске жұмылдырған. “Еділ-Жайықтың” басты кейіпкерлерінің Астраханнан табылуында осындай сырлар бар.
Жан-жақтан анталаған Антанта, оған арқа таңған ақ гвардияшыл бүлікшіл генералдардың орталыққа жорығы емес, “тек қана жалғыз отын тапшылығының” өзі-ақ революцияны тұншықтыратын түрі бар деген мағынадағы В.И.Лениннің хатын Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Киров 1919 жылы сәуір айында алды. Онда Атыраудың Жылыойдың өңіріндегі мұнай қоймасы ракушаны басып алуға ұсыныс жасалған. С.М.Киров оларға астыртын барлау жасауды қолға алады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлері сөйтіп тарих бетіне қалқып шығып, ұлы оқиғалардың бел ортасында болады.
Бұл кезде Еділ-Жайық өңірінде әр түрлі бағыттағы бірнеше саяси күштер әрекет етті: Қызыл Астрахан, большевиктік Бөкей ордасы, монархистік жолды ұстанған – Жайық – казак атамандығының штабы Атырау, бір күні қызыл, бір күні ақ болып, қолдан-қолға өтіп тұрған Орал қаласы, Алашордалық Жымпиты, Қызылқоға, Ойыл, Темір, уақытша үкімет өкілі полковник Оспан Көбеев пен жанкелдиншіл Тобанияз “тіл табысып”, бірлесе әрекеттескен түсініксіз Маңғыстау, Астрахан мен Атырау арасындағы Забурынға орныққан ақты да, қызылды да мойындамайтын балықшылар атаманы Қарабас қауымы. Оқиғаның басты өзегі – осы қауымның төңірегінен шырмалып шықпайды. Оларды өз жағына қызылдар да, ақтар да, алашордашылар да тартады. Қарабас олармен бірде табысып, бірде кетіседі. Ақыр соңында оларды ақтар да, қызылдар да аямай қанға былғайды.
Романда Жанша, Халел Досмұхамедов, Алашорда жасағының бастығы Тоқа Жарқынбаевтардың, Қарабас балықшылары арасындағы алашорда өкілі Ысмайылдың іс-әрекеттері романда өз алдына бір желі болып құрылған. Алашорда кіндігі Жымпитыны қорғау, Алашорданың Ойылдағы әскери мектебіндегі большевиктер салған ылаң, Алашорданың Қызылқоғадағы милиция мектебінің жауынгерлік тірліктері суреттеледі. Ең ақырында Батыс Алашорда уәлаятының капитуляция алдында, Елек орманында Халел мен Фрунзенің кездесуі әңгімеленеді.
Романның кейіпкерлері Ракуша аралында 12 миллион тонна мұнай барын Астраханға хабарлайды, Астрахан Мәскеуге хабарлайды. Ембі мұнайын қолға алу үшін қиян-кескі соғыс басталады. Чапаевтың 25 дивизиясы Самарадан Жайық бойына келеді. В.Лениннің тікелей нұсқауымен Александров-Гай – Ембі теміржолының құрылысы басталады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлеріне Ракуша мұнай қоймасын шегінген Толстов әскерінің өртеп-бүлдіруінен сақтау тапсырылады.
Романда төңкеріс жылдарындағы Еділ-Жайық, Атырау теңізі аймағындағы халық тұрмысы, саяси күштердің шарпысуының кең понорамалық суреті берілген. Шығарма бір ғана саяси оқиғалар жетегінде кетпей, ел тірлігінің, әсіресе, Атырау теңізі үстіндегі балықшылар қауымының қайталанбас ғажап суреттерін салуға қалам қуатын аямаған. Шығарманың қайсыбір тұстарында детективтік жағдайлар кездеседі. Бірақ ол әдейі сюжетті шымырлау үшін ойдан шығарылған емес, өмірде орын алған осынау кең ауқымды тарихи оқиғаның құрамдас бір бөлігі болғаны шындық.
Жоғарыда әңгіме болған ауқымды оқиғалар бір романға қалай сыйған деген сауал тууы ғажап емес. Шынында да, бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Автор “Еділ-Жайыққа” дейін “Алтын арал” романын жазған. Тақырыбы да, кейіпкерлері де бар. “Алтын арал” жеке шығарма ретінде өз алдына өмір сүрді. Әлі де өмір сүре береді. Уақиға желісі осылай құрылған. Бұл екі романды қосып шығарса, Еділ-Жайық оқиғасы тұтастық мағынаға ие болар еді.
“Еділ-Жайық” – бүгіндері тарих еншісіне айналып бара жатқан өткен ғасырдың басындағы ұлы дүрбелең кезіндегі Атырау өңірінің тыныс-тірлігіне арналған кезеңдік шығарма. Ол қазан төңкерісін мақтамайды да, даттамайды, халық басынан өткен бір күрделі оқиға ретінде баяндап қана қояды. Батыс идеологтары эволюциялық жолды қанша дәріптегенмен, қоғам іштей іріп-шірігенде, тазалану үшін революциялық төңкерістердің керек кездері болады. Бірақ ол сол қоғамның ішінде пісіп-жетілуі керек. Автор қазақ қауымында ұлттық қозғалыстың пісіп-жетілгенімен, таптық қозғалыстың пісіп-жетілмегенін, сол себепті басты кейіпкерлер төңкеріс мақсаттарын шала ұғып, күмәнді ойларға жиі-жиі берілетіндері арқылы – бұл әлемдік оқиғаға өзінің авторлық көзқарасын аңдатады.
“Еділ-Жайық” – бажайлап оқыған зерделі оқырманға айтар астарлы сырлары көп, зерттеушісі келіссе, әдеби құндылықтары да бар, әрқашан өз оқырманын табатын шығарма.
Дүкенбай Досжан (09.09.1942) – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың (1996), Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987).
Алғашқы өлеңі 15 жасында жарық көрді. Содан бері 8 роман, 18 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазды. Күн сайын қаламға жүгіну мінезіне, сөзбен сурет салу кәсіби шеберлігіне айналған. Д.Досжан “Отырар”, “Фараби”, “Жібек жолы” шығармалары арқылы “тарихи тақырыптың пионері” (М.Шаханов) аталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы архивіне алғаш енген Дүкенбай Досжан нәтижесінде сот құжаттары желісімен “Абақты” (1992) және желтоқсан қырғынының қанды ізімен “Алаң” (1993) дерекнама кітаптарын жазды.
Зерттеушілер Д.Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп талдап жүр. Бірінші: көне ғасыр қойнауынан ер түрік аруағын көтерген 60-шы жылдар басындағы тарихи кітаптары. Бұған “Жібек жолы”, “Отырар”, “Фараби” шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер езгісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған өмірі зая ұрпақтар образдарының галереясы “Зауал”, “Дария”, “Табалдырығыңа табын”, “Жолбарыстың сүрлеуі”, “Кісі ақысы” кітабынан табылады. Үшінші: ғажайып адамдар өмірін көркем тілмен сөйлеткен сериялар тобына “Мұхтар жолы” (1988), “Абай айнасы” (1994), “Алыптың азабы” (1997) атты кітаптары енеді. Дүкенбай Досжан дүниесі суретпен, ешкімге ұқсамас өзіндік бояу-белгімен көреді; оқиғаны ой ағыны, кейіпкердің жан толғанысы, сезім шырғалаңы арқылы суреттеуге машық.
Әдебиетшілердің әр жылдарда жазушыға қаратып айтқан: “Қазақ әдебиетінің шежіреші Бальзагі” , “адам жанының қилы қатпарына еркін бойлап бара алатын, көзіне шалынған түймедейден түйедей ой түюге кәнігі автор бір шығармадар келесі шығармаға үнемі баспалдақтап өсумен келеді”, “архивпен жұмыс істеуге, ғажайып адамдар ғұмырын зерттеуге көз майын сарқып, сұқ саусағы сүйелденген ізденімпаздығына тәнтіміз” деген пікірлері кітапсүйер қауымға кеңінен мәлім.
Д.Досжан 1974 жылы “Трудный шаг” кітабы үшін “Молодая гвардия” баспасының “осы заманғы жақсы роман” сыйлығын иеленді. 1988 жылы Украинаның “Днепро” баспасының “Жібек жолы” романы үшін “тарихи тақырыптағы жақсы кітап” сыйлығын алды. Суреткердің есімі АҚШ-тың “Әдебиет және өнер адамдары” энциклопедиясының 2-ші томына, қазақ энциклопедиясының (бірінші басылымы) 4-ші томына, Абай энциклопедиясына енген.
“Екі дүние есігі” – Юнеско құзырына іліккен Түркістан қаласының тарихын, сондағы Қожа Ахмет Ясауи ғимаратының салыну жай-жапсарын мейлінше мол қамтыған тұңғыш дерекнама. Бес ғасыр көлемінде сәулет ғажайыбы туралы қалам тербеген Шереф ед-Дин әл-Әзди, Ғийасаддин Әлиден бастап Диваев, Марғұланға дейінгі жиырмадай автордың еңбектері салыстырыла сөйленеді. Ғимараттың біздің заманға тозбай жетуін межелеп қалдырған Әмір Темірдің “Иелік қағазы” толымды зерттеледі.
Д.Досжан аса бай архивтің иесі. Абай, Әуезов, Есенберлин туралы ғұмырнамалық шығармаларын жазған кезінде бұрын зерттеушілер назарына ілікпеген, баспа бетін көрмеген Омбы, Қазан, Ташкент архивтерінің қызықты, ауқымды деректері алғаш рет пайдаланылды. Мұның үстіне Сағынай би, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Науан хазірет, Паң Нұрмағамбет секілді тұлғалардың соңында қалған қолжазба шежірелері – алтын қазынасына парапар. Әйгілі қаламдастардың өзіне тіреп жазған хаттары сақталған. Бес жүзге жуық замандастарының мінез қыры, тағдыр талайы түсірілген картотека жинақталған.
АҚШ-тың Герберт Гувер архив қоры, Ясная Полянадағы Толстой мұрағаттар иесі, шетел баспагерлері, әдебиетшілерімен үзбей хат жазысып тұрады.
Президентіміз Н.Назарбаев 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын тапсырып тұріп: “Әдебиетке және өнерге өз үлесін мол қосып, кәсіби, қоғамдық деңгейде көпшілікті мойындатып қана қоймай, шет елге де есімі танылған таланттар, яғни табиғи дарынымен қоса жоғары кәсіби табыстарға жетіп үлгерген композиторлар, жазушылар, әртістер – қоғамымыздың асыл байлығы” (“Егемен Қазақстан” , 1996 жыл 31 желтоқсан) деп атап көрсеткен мәртебелі тізімде Д.Досжанның есімі болды. Суреткер әлденеше марапаттың иегері.
Кітап Палатасының мәліметі бойынша Д.Досжан кітаптары осы күнге дейін 3 миллион 3 жүз мың таралыммен басылған, әлемнің 19 тілінде жеке жинақтары шыққан. 2 томдық таңдамалы шығармалары О.Сүлейменовтің алғысөзімен “Жазушы” баспасынан 1990 жылы жарық көрді.
Дүкенбай Досжан өзінің тарихи “Жібек жолы” романына шығармашылық үлкен ізденістер арқылы қиын әрі ұзақ жолмен жетті. Мұның басты себебі қаламгер бала кезінен қираған қала орнын жалаңаяқ кезіп, сол топырақтың ыстығы мен суығын жастайынан сезініп өсті, өлмейтін аңыз ертегілерін санасына мол сіңірді. Көне кітаптар куәлік бергеніндей, батысында Дунайға дейін, шығысында Балқаш көліне дейін, Қырымнан Еділдегі Бұлғарға дейін созылған кең алапты иеленген Дешті Қыпшақ ұлысы, оның гүлденуі мен құлдырауы жазушыны қаламгерлік жолайрықта әлдеқашан толғантқаны мәлім. “Фараби”, “Отырар” (1965) хикаяттары, “Құм жұтқан қалалар” (1967) атты кітапқа топтасқан тарихи очерктер тізбегі жазылды, автор бұларға іштей қанағттанбады, көне шежіре сүрлеуіне қолына шам алып түсті, архивтерді сүзді, 60-шы жылдар басындағы Отырар, Сығанақ қалаларының қазба жұмыстарына белсене қатынасты, байырғы қыпшақ қалаларының құлаған қорғандарын ерсілі-қарсылы аралап өтті, көнекөз қариялармен жүздесіп, аңыз бен әңгімелерді жазып алды. Деректі дүниелерді молынан жинақтап алғаннан кейін, бәр-бәрін ойша топшылаған ол өзінің шығармашылық ғұмырындағы ең негізгі кітаптарының бірін жазуға отырды да – оған он жыл тер төгіп еңбектенді.
“Жібек жолы” романын шындығында шартты түрде ғана тарихи шығарма деп атаған болар едік. Өйткені негізгі екі-үш кейіпкерден басқасы автордың қиялынан туған, әрі роман сұлбасы көбіне ойдан шығарылған қияли – философиялық желіге құрылған. Романның тұтас бітім-болмысы ұлтымыздың тарихи трагедиясының, дәлірек айтқанда қазіргі қазақтардың тағдыр көлеңкесіне айналған қайғысы - өмірі бітпейтін билік таласы, ру, жер дауы, жесір дауы, тағысын тағылар деп есептейтін авторлық тұжырымға табан тіреген.
Оқырманның көз алдына алғашқы беттен-ақ қыпшақтың шалқар даласындай кең көрініс, кезеңді оқиға ашылады. Таңғы намазға шақырған азаншының үніне ұйыған Отырар қаласы. Алтын мен жібекее малынған хан сарайында жас ақын Хисамеддин Отырардың әкімі Иланшы Қадырханға ширатпа шежіредегі шабытты жырларды дестелей оқиды. Жібек жолмен шығыстан батысқа, батыстан шығысқа үзбей шұбап жатқан көпестердің, кезбелердің, елшілердің, жансыздар мен шабарманның тізбегі үзіліп бітер емес. Құт-береке дарыған өңірді өңдеп жатқан еңбекқор диқан. Інжу жағасында саз балшықты илеп, ғаламат берік қыш құйып оны отқа өртеп жатқан сунақтар, есімі беймағлұм сәулетші уақытқа бас имейтін, күнге күймейтін, желге мүжілмейтін ғажайып кесенелер мен сарайларды қыштан қалап тұрғызумен әуре.
Жасыл белес көсегенің баурайында әскери жаттығу жасап жатқан батырлар, Әл-Фарабидің тастан соғылған кітапханасында шау тартқан шежіреші қарт Әнет баба даусы күңгірлей естіліп, жер жүзінің шартарабынан жиналған кітап пен шежірелер тізілген ширатпа қолжазбаны күңірене оқиды. Дана билеушінің айрықша мақтанып, қызғыштай қоритыны да осы қолжазбалар еді.
Мәңгі мазасыз, ұлаңғайыр әлемде тыныштық орнады. Бірақ, бұл алдамшы тыныштық, қасіретке толы зар заман алда. Бір-біріне деген адалдығымен тыныш өмірді сақтайтындарына ант-су ішіп, хан ордасында Отырар әмірінің оң көзі Исмаил ғалым шығыс қағанының елшісімен төс қағыстырады, бірақ осы кезде Атрабат даласында қапталы қанға бөккен, ердің алдыңғы қасына қос дабыл іліп бос қоя берген иесіз аттың қаңғып келе жатқаны аза бойыңды қаза тұрғызғандай. Айдалада арындаған сәйгүлік жаманшылық хабаршысындай, халық қасіретінің символындай елес береді.
Базарлап қайнап, Отырар, Сығанақ, Тараз, Испиджаб шаһарлары алуан тілде сөйлеген у-дудан жаңғырып тұрғанда соғыстың зұлым рухы – Тәңірі жіберген Сүлде осы өңірде айналшықтап жүргендей. Аса мол маңғол қолының табанына тапталған Керулен даласы дүрлігіп жатты, сұрапыл жойқын ұрыстардан, жекпе-жек шайқастан аспан асты жаңғырықты: алтын шатырда отырған мысық мұрт, қабылан көз жиһангер: “Мен – шығыстың жаналғышымын!.. әлемнің әміршісімін!” деп гүр-гүр етеді.
Роман оқиғасы өрбитін әуелгі желі осындай. Қыпшақ өркениетін күйреткен қайғылы хал әрі қарай жалғаса түседі.
“Жібек жолдың” беттерінде ежелден адам баласына тән күйініш-сүйініш сезім құбылыстары барща әсерімен көрінеді, мұнда тарихта болғаны, жазушы қиялынан туғаны бар: отыздай кейіпкер қатысса да, автор сол трагедиялық зұлмат кезіндегі халық тағдырын жіті қадағалап, сол кезеңдегі қоғами-әлеуметтік және тұрмыстық салт-сананы кең тыныспен қамти көрсетеді.
Жазушы оқырманды қыпшақтардың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрып, ырым-жорасымен, өнерімен және кәсібімен ерінбей егжей-тегжейлі таныстырады; автор бірде тұтқын қыздардың тұрағы жер асты құжыраларына жіпсіз жетелеп алып кетсе, біресе бейнеті мол шетсіз-шексіз керуен жолымен сапар шеккізеді, енді бірде Үргеніште азғындай бастаған, байлықтан тасқан хандар мен бекзадалар халық тағдырын ойыншық етіп, ауыр тұрмыстан жапа шеккен бейшараларды мәңгі езгіге салып қою үшін зекет салықтың жаңа түрлерін ойлау тауып жатқан мемлекеттік кеңес – Дуан-арыз мәжілісінің куәсі болсаң; енді бірде өңкей жалған сөйлейтін жатжерлік жәдігөй елшілерді Отырар әкімінің қабылдағанына қайран қаламыз. Дарға асу, азаптау көріністерінен жанымыз түршіксе, ел еркелері: сыпа, сал, сері, масқарапаз, қомағайлардың іс-әрекеттеріне іштей риза болып, езу тартасыз; жауырынға қарап көріпкелдік болжам айтатын Жалаңаштың бейшаралағына, Бауыршық сұлтанның опасыздығына зығырданымыз қайнаса; сарбаз әйел Баршынның кіршіксіз махаббаты, көріпкел Ғаббастың даналығы, қыпшақ әміршісі Иланшы Қадырханның өз елінің қамын жеген парасатты көрегендігі, қайсарлығы және рухани күш-жігері оқырманды тебіренте түсері анық.
Осыншама қыруар тарихи оқиғалар іріктеліп, сұрыпталып, үлкен нысанаға келісті көркем тұжырымға бағындырылған, сондықтан да, А.В.Луначарский: “бір жерге үйе салған болымыс тозаңы” тәрізді әсер қалдырмайды. М.Горький: “Өз бабаларын білген ұрпақ – жақсы қаруланған ұрпақ” дегендей “Жібек жолы” романының танымдық және тәрбиелік маңызы: өткенді айта отырып бүгінгіге өнегелі сөз жеткізу болмақшы.
Жатжерлік басқыншылармен ұзақ уақыт беріспей шайқасқан Отырар шаһарының қасіретті тағдыры романның негізгі желісі дедік.
Автор Отырар мен оның мәдениетінің құрып кеткен себебі тек қана Шыңғысхан түмендерінің шапқыншылығы демейді: бұл ойды тереңдете түсіп, оның түп себебі халықтың басы бірікпеуі, ел басында отырған адамдардың азғындығы, өз бастарынан артылмауы, биік мұраттарды мансұқ етушілік дегенге көзімізді жеткізеді. Романист мынадай айдай ақиқатты есімізге салып отыр: бейбіт, жасампаз өмірге тек мейірбаншылықпен, тату-тәтті көршілік қатынаспен, туған жерге деген махаббатпен, адал еңбекпен ғана қол жеткізуге болады дегенді шегелейді.
Романдағы көптеген кейіпкерлерді Дүкенбай Досжан кесек қалпында, жанды бейне түрінде бере алған. Тарихи қазбагерлік, тілдік, этнографиялық экскурстар, суреттемелер, түйіндер нанымды әрі дәлелді көрінеді. Бұл жөнінде жазған тарихшы әдебиетшілер, сыншылар өз кезінде (А.Машанов, Б.Әлімжанов, Т.Тоқбергенов, К.Сыздықов, тағы басқалар) “Жібек жолы” романының көркемдік құндылығын бірауыздан мойындаған еді.
Роман композициялық жағынан мүлде жаңаша: аңыздар мен әуездер “түйін” деп аталған және олар шебер тілді авторлық ой ағынымен берілген; қираған Отырарды, сорабы жоғалып кеткен Жібек жолын жан-тәнімен тебірене жоқтаған лирикалық-философиялық ой ағыны ғажайып бір жасыл әлемге енгендей әсер қалдыратыны анық. Мұның үстіне сол заманның тыныс-тіршілігін қаз-қалпында көзге елестету үшін автор тосын, соны сөздер ойлап табады. Мысалға, хансарайдың әшекейлі еденіне өрген “мозайканы” – зертас, қыш құйып, оны отқа өртеушілерді – қышкер, барабанның ірі түрін – дабыл, кешегі өткен асыл сүйекті бабалардың кісілік қалпын бас-басына суреттей келіп – сал, сері, сыпа, софы машайық дегендерді көзге елестетердей жеке дара мінездеме беріп толымды суреттейді.
Тегінде жазушының оң жамбасына келіп, ғажайып бояумен шыншыл суреттейтін көркемдік әлемі – тарихи тақырып. “Жібек жолы” – таза тарихи тақырыпқа тұңғыш түскен – пионері деуге әбден келеді. Бүгінгі таңда дүниеге есімі мәшһүр көптеген қазақ қаламгерлері өздерін толғандырған тарихи тақырыпты Д.Досжаннан көп кейін бастағаны мәлім. Түптеп келгенде мәселе шығарманы кімнің қашан бастағаны, қалай аяқтағаны да болмас, бар гәп сол келелі тақырыпта қандай көркем тәсіл, қандай сөздік құрал, бояу-белгілермен бере білгендігі басты нысана болмақ. Бұл ретте қазақ прозасында “Жібек жолы” романының өзіндік ойып алар орны ерекше демекпіз.
С.Сматаевтың “Елім-ай” романында Аякөзде болған ұрыстың ұзын-ырғасы суреттелмей, ол туралы жұртшылық санасындағы ұғым-түсінік, тарихи баға алға тартылады. Бұхар жырау романында қалың жұрттың, өзі өмір сүріп отырған ортаның саяси бетін сол баға, халық санасына сіңіп қалған сол ұғымға сүйеніп анықтайды, өзгені де соған иландырады. Бұл ретте тарихи оқиға адамның немесе белгілі бір қоғамдық ортаның ой елегінен өтіп, сұрыптала келе танылған, бағаланған тарихи ақиқатқа, сапалық мәнге иеленген тарихи фактіге айналды. Танылған, бағаланған, соның нәтижесінде сапалық мәнге иеленген тарихи ақиқат факт адамдардың өзара қарым-қатынасында, қоғамдық ортада жаңа тарихи оқиғаларды танып-білуге, олардың әлеуметтік мәні мен маңызын анықтауға қызмет етеді.С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясының бірінші кітабында селдей қаптап келе жатқан жаудан ығысып, көше жөнелген Ошаған бидің ауылының жалпы көрінісі суреттелетін эпизод бар. Ауылын, туған-туыстарын түгел көшірген Ошаған би жалғыз өзі жұртта қалуға бекінеді. Әкесін тірідей жау қолына қалай қалдырып кетерін білмей жаны қиналған ұлына Ошаған би мынаны айтады:
“…Мені жазғырмас. Қашып кетсем, жазғырар көп. Тауым да, өзенім де, жерошағым да, тіпті отымның орнындағы күлім де жоқтайды. Мен кетсем, кәрі сүйегімді қайта әкеле алмаймын. Онан да алланың ақ бұйрығын осы арадан күтейін. Еңкейші, Дәуленім, – деп, сөзінің аяғын сыбырлап бітірді. Әлсіз ерін ұлының маңдайына болар-болмас тиді де, енді қайтып ашылмай бүрілді де қалды” (1, 283-б.).
Көшкен ауылдың жұртында төбе басында жалғыз қалған Ошаған би жаумен айқаста қаза табады.
Үзіндіден Ошаған бидің көшкен аулына ермей, жұртындағы төбе басында жападан жалғыз қалып қоя беруінің бірімен-бірі тығыз байланысты екі себебі байқалады: оның бірі – туған жерін, өскен ортасын тастап кетуге бидің дәті жетпейді. Екіншіден, қарт би кәрі сүйегі жат жерде емес, кіндік қаны тамған туған топырақта қалуын қалайды. Туған жер туралы берік қалыптасып қалған қасиетті ұғым, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік Ошаған биді осындай шешімге алып келеді.
С.Сматаев “Елім-ай” дилогиясында Ошаған бидің көшкен ауылдың жұртындағы төбе басында қалуының сыртқы емес, ішкі себеп-негізі, кейіпкердің қартайған шағында кәрі сүйегін саудыратып бейтаныс жерге тастамай, өз жерінде, кіндік қаны тамған туған топырағында қалдыруға бекіген берік тілегі көрсетіледі. Мұның өзі роман-дилогияның болмыс-бітіміне, кейіпкердің мінезіне айрықша мәнді, маңызды ұлттық реңк дарытатын үлкен суреткерлік шешім еді.
Ошаған би мен І.Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясындағы Әнет бидің әрекеттерінің негізгі себеп-мотивтері ортақ, өзара үндес. Сол мотивтердің ішінен С.Сматаев ең басты, мән-мағынасында халықтық, ұлттық сипат басым деген ажарлысын ғана таңдап алады. Бұл ретте автор халықтың дәстүрлі рухани мәдениетінің өлшемдеріне, Отан, туған жер туралы танымдарына сүйенеді. Соның нәтижесінде І.Есенберлиннің трилогиясындағы Әнет бабаның жұртта қалуын баяндаған эпизодтан гөрі С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясындағы Ошаған бидің жұртта қалуы суреттелетін эпизод көркемдік-идеялық және танымдық тұрғыда әлдеқайда мәнді, мағыналы болып шыққан.
Жанатай батырдың басынан өткен оқиға Әнет би мен Ошаған би әрекеттерін жаңа бір қырынан тануға мүмкіндік береді. Жанатай батырдың басындағы оқиға мынандай: а) Бірнеше адам жау қоршауында. Қоршаудан шыққандар құтылады, қоршаудан шыға алмағандар бәрі де өлім табады. ә) Жау қоршауынан алып шығар жалғыз үміт – Жанатайдың астындағы тұлпар. Бірақ тұлпар бір ғана жауынгерді құтқара алады.
Жағдай Жанатай батырдан кімнің елге жетіп, кімнің жау қылышынан қаза табуы керектігін таңдап, анықтауды талап етеді. Жанатай батыр өз таңдауын халықтың дәстүрлі дүниетанымына сәйкес анықтайды. Бар өмірі алдында, болашағы үлкен жасты, өз ұлы Қоқыштың аман қалуын дұрыс көреді. Өмір, ұрпақ жалғастығын осы жолмен сақтап қалғысы келеді. Өзінің орындай алмай кетіп бара жатқан арман-тілектерін баласына аманат етеді. Бала, ұрпақ, ел алдындағы ақырғы парызын Жанатай батыр осылай орындайды.
Қазақ жазушыларының шығармаларында халық ауыз әдебиетінің үлгілері суреттелініп отырған дәуір туралы басты материал қызметін атқарады.
С.Сматаевтың “Елім-ай” тарихи дилогиясының өн бойында халық өлеңі “Елім-айдың” мазмұндық, идеялық тыныс-лебі жатыр. Сонымен қатар дилогияның басты сюжеттік желілері де халық шығармашылығы үлгілеріне негізделеді. Романдағы мына эпизодқа назар аударайық: “Үлкентөре мен Кішітөренің сонау қозыкөш жерден шатқаяқтана басталып, сыңар езулене бақаса жарыса жетіп, қысылтаяң жерде теке-тірес сүзісе қалатыны бар. Осы жерден жыландай жылжып жалғыз аяқ сүрлеу өтеді. Өтеді де Үлкентөренің тіп-тік найзадай шаншылған шығыс жағындағы іргесінен шымырлап қайнап шығатын бастау бұлақтың оң жағасын құлдилап желіп кетеді.
Дәл осы ақ бұлақтың арнасының тым кеңейіп, жайылып ағатын тұсын бүйірлеп Жомарт батырдың аулы отыр” (1, 245-б.).
Жомарттың өзі туралы жазушы: “Бұл қария – найманның Садырының атақты батыры, тоғыз көкжал бөрісі бар, тоғыз көк перен ұлы бар – Жомарт ақсақал” (1, 246-б.), - деп жазады.
Бейбіт, бейқам отырған ауыл жоңғар шапқыншылығы үстінде (1723 жыл) жойылып кетеді. Жауға қарсы ұрыста Жомарттың өзі де, тоғыз батыр ұлы да түгел қаза табады. Бүтін бір ауылдан жаңадан туған жас бала мен оның шешесі Баршагүл ғана аман қалады.
Жоңғар шапқыншылығының бар ауыртпалығы, жауыздық сипатының басты бір қыры “Елім-ай” романында Жомарт батыр ауылының осындай трагедиялы тағдырының көрінісі арқылы ашылады.
Романда Жомарт батырдың қоныс-жайы да, үй-іші, ауыл-аймағына қатысты көріністер де тарихи дерекке негізделген. Батырдың жетінші буындағы ұрпағының айтуы бойынша, Жомарт Үлкен-тура мен Кіші-тура тауларының маңында Боралдай өзенінің сол жақ бетінде қыстап жүреді. 1723 жылы Жомарт Үлкен-тура мен Кіші-тура тауларының ортасында Теректі өзеніне келіп құятын бұлақ басында қыстап шығады. Ол бұлақ кейін “Садыр қамалған бұлақ” деп аталған.
Келе жатқан жау туралы хабар жеткізіп, қоныс аудару қажеттігін айтқан туысқандарының сөзіне Жомарт: “Қалмақтар қашанда ашық ұрысқа қорқақ болатын, келер болса тоғыз ұлыммен бірге соғысуға дайынмын” – деп, сөзінің соңында табынында жуықта ғана тартылған пішпелердің көптігін, олардың айдауға жарамайтындығын айтады. Сөйтіп, басқалар қоныс аударып, көшіп кеткенде, Жомарт сол отырған жерінде қалып қояды…
Жомарт батыр балаларының бірінің әйелі туғанына 25 күн ғана болған баласын үйде, қазан астына жауып қалдырып өзі қалың шөп, қамыс арасына жасырынып жанын сақтайды. Бір ауылдан тірі қалған бұл екеуін Жомарттың туысқандарының бірі Қуат батыр сол күні алып кетеді. Хабардың авторы өзін 25 күндік баланың – Тасболаттың бесінші буын ұрпағы екендігін жазады. Кейін Қуат батыр әлгі келіншекке үйленеді.
Жазушы осы шағын деректерге сүйене отырып, бір үйлі жанның тарихына байланыстырып, ХҮІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласындағы өмір-тірлік көріністерін дәл беруге күш салады. Жазушы аңыздағы басты тұлғалар Жомарт пен Қуатты суреттелініп отырған дәуірдің шындығын жан-жақты тануға әрі бұлардың характерін даралауға септігін тигізетін біршама оқиғаларға қатыстырады. Олардың ішінде жер дауы мен жесір дауы да, хан кеңесі мен үй іші, от басы әңгімелер де бар. Бұлардың көпшілігін жазушы ойдан қосады. Осындай ойдан қосылған оқиғалармен аңыздағы Жомарт туралы, оның айналасы туралы шағын мағлұматты байытып, дамытып суреттейді. Әсіресе тоғыз ұлымен бірге ауылын жауға қарсы көтерген Жомарттың батырлық істері, тоғыз берен ұлдың ерліктері бейнеленген тұстарда жазушы қиялы айрықша шығармашылық белсенділік танытады. Бүкіл ауыл аймағының, тоғыз батыр ұлының өзінің көз алдында күші басым жаудың қолынан опат болғанын көрген Жомарттың жан күйзелісі, оның жаумен барша батырлық ұрысына трагедиялық реңк береді. Соғыс соңында бір ауылдан бір өзі ғана қалған Жомарт жаудың бір шерігімен жеке шайқасқа түседі:
“Сарт-сұрт семсер айқасты. Сар-сар айқай-шу үдеді. Батырда үн жоқ. Көзіне қан толып, семсерден басқа ештеңені көрер емес.
Шаршаған кәрі дененің қимылы баяу. Қол жітілігі ғана бұрынғыдай. “Ең болмаса осы жауымның қанын ұрттасам екен!..”
Жомарт ақырып қап семсерді құлаштай ұрды. Ананың қаруы ұшып түсті. Сол кезде батырдың бар ыза, бар кек, бар зауалы жауының басында ақырғы рет жалт-жұлт ойнады.
Шуна-Дуба иек қақты.
Тұс-тұстан шашылған қылқұйрықты көп найза Жомартты тік көтеріп әкетті. Сауытсыз, беренсіз жалаңаш денеге көк сүңгілер кірш-кірш қадалды.
- Қалай екен, батыр? Көзіңе не көрінеді? – деді Шуна-Дуба.
- Даламды, тауымды, елімді көремін. Әлі де болса сенен биіктеу тұрмын ғой-й…
Найзалар сылқ түсті” (1, 270-271-б.).
Аңыз беретін деректе Жомарттың өзінің де, тоғыз ұлының да нақты ерлігі көрініс таппаған. Жазушы аңыз жүйесіндегі әр хабар, әр мәліметті толықтырып, жандандырып, болған істің жан түршіккендей азалы, трагедиялы әрі геройлық сипатын көзге елестетіп, ойды, сезімді толқытады. Кейіпкерлерінің нақты түр-тұлғасын көрсетіп, іс-әрекетін бейнелеумен бірге, автор олардың жанының шындығын да шырылдаған қалпында, шынайы суреттейді.
Халықтың тарихи жырларында кең суреттелетін көптеген ержүрек ер ұландары да “Елім-ай” романында басты кейіпкерлер қатарында көрсетіледі. Осындай батырлардың бірі Сіргелі Елшібек Ш.Уәлиханов жазып қалдырған аңызда Абылай тобындағы батыр болса, С.Сматаевтың романында Әбілқайыр ханның бұйрығы, тапсырмасы бойынша әрекет етеді. Ал Абылай бұл кезде Әділ деген бүркеншік атпен жүреді. Оның жауға “Абылайлап” ат қоюы Елшібектің осы ісінен кейін көрсетіледі. Дерек пен жазушы суреттеуінде басқалай ауытқушылық жоқ.
Романда Елшібек батырдың бұл әрекеті дербес, кездейсоқ күйде емес, жауға тойтарыс берудің күрделі жоспарымен бірлікте алынады. Жау мергенін жою, зеңбіректерді қолға түсіру қазақ қолының жаппай шабуылға көтерілуіне жол ашады. Деректі осы мақсатқа бағындырып игеру Елшібек әрекетінің мазмұнын едәуір толықтырып, әсері мен мағыналылығын арттыра түседі.
Жазушы үшін тарихи құжаттар да, этнографиялық деректер де, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен белгілі құбылыстарды жан-жақты суреттеуде таптырмас өмірлік материал қызметін атқарады. Тарихи құжаттар, этнографиялық деректер мен халық ауыз әдебиеті үлгілері әдеби шығарманың сюжеттік негізін құрап, суреттелініп отырған құбылысқа нақты, шынайы сипат берумен қатар, кейіпкердің мінезін, ойлау ерекшеліктерін, таным деңгейі мен наным-сенімдерін анық аңғартады. Сондай-ақ, олар бас кейіпкер болып отырған тарихи тұлғаның, творчество адамының туындылары әдеби шығарма құрылымында қаламгер шеберханасының құпия сырларын, ақындық психологиясын танытудың да таптырмас құралы болып табылады.
С.Сматаевтың “Елім-ай” романында (1-кіт.) Жеті хошун Халқаның әміршісі Әлібек хан өзінің кеңесшісі Хутқай Туфа екеуі аң аулауға шығады. Аппақ қарды қызыл қанға бояп, сұлап жатқан түлкіге төніп келген хан қасындағы серігіне: “Аппақ қанға тамған қып-қызыл қаннан сұлу бар ма екен, сірә!” – деп, таң болып қарағанда, Хутқай Туфа хан баласының әйелі Үлзейту ханымның аппақ тәні, алма беттегі қып-қызыл қаны бұдан да артық” (1, 14-15-б) екендігін мәлімдейді. Бұл оқиғалардың тарихи-әдеби негізі бар.
Жазушы тарихи оқиғаның көлемін тарылтып, мазмұнын қысқартып, әрі өзгертіп пайдаланған. Әдеби шығарма бұл жерде Үлзейтудің ақындық болмысын емес, адамдық болмысын, образбен емес, нақты логикалық заңдылықтар аясында нақты ойлайтын ер мінезді әйелдің жан жүйесін, мінез ерекшеліктерін, психологиясын танытуға қызмет етеді.
Әдебиеттер:
1.Нұрғалиев Р. Арқау. 2 томдық. 1991.
2. Бердібаев Р. Дәстүр тағлымы. 1973.
3. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А.,1979.
4. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. А.,1977.
15- дәріс. Тәуелсіздік жылдарындағы роман, хикаяттар
Мақсаты: Тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген роман, хикаяттар туралы мәлімет беру.
Сұрақтар:
1. Ж.Тұрлыбаевтың «Райымбек батыр» романы.
2. М.Мағауиннің «Жармақ» романы т.б..
Дәріс мәтіні (тезис)
Қазақ әдебиетінің көшіне 70-ші жылдары келіп қосылған Жолдасбай Тұрлыбаев 1932 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Жалаңаш ауылында (бұрын Кеген деген ауданы болған) дүниеге келген. Бұл кезде Қазақстанда Сталиндік-Голощекиндік асыра сілтеудің шегіне жетіп, соның салдарынан қуғын-сүргін көбейіп, ашаршылық алқымдаған жыл еді. Қалың ел жан сауғалап жан-жаққа үдере көше бастаған. Жолдасбайдың ата-анасы да көппен бірге шығысындағы іргелес жатқан Қытай жеріне өтіп кетеді. Осылайша Жолдасбайдың балалық шағы мен жігіттік кезеңі Қытай мемлекетінде, ондағы Іле облысы Текес ауданында өтеді. Сусау ауылындағы мектепті тәмамдаған соң әуелі Құмса қаласындағы гимназияны, одан соң педучилищені бітіреді. 1952-1956 жылдары Қытай Компартиясы жүргізген саяси-реформа жұмыстарында болады. Іле уездік партия комитетінде нұсқаушы, Іле аймағының 7 ауданында аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады.
Жолдасбай Тұрлыбаев 1956 жылы қараша айында ата мекеніне қайта оралып, туған ауылында әр түрлі жұмыста болады. 1959-1960 жылдары Алматы қаласына келіп, 7 құрылыс мекемесінде тасқалаушы болып істейді. 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) филология факультетіне түседі. Университетті бітіргеннен кейін Алматы облысы Жамбыл ауданында аупарткомда нұсқаушы, мектеп директоры, Қазақ радиосында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, “Өнер” баспасында аға редактор, ҚазМУ оқытушысы болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер, тарихи-этнографиялық “Райымбек” қоғамының төрағасы. Бас қаһарман етіп Райымбек батыр алынған дилогияның алғашқы бөлімі “Тамыз таңы” деген атпен 1987 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген. Екінші кітабы “Райымбек батыр” деген атпен 1992 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Негізгі кейіпкері бір ғана тұлға бола тұра дилогияның бірінші кітабының “Тамыз таңы” заман тынысына қарай орайластырылған амал-себеп бар еді. Коммунистік идеологияға бағындырылған әдебиет әлемінде өткен дәуірде өмір сүрген ұлттық батырлардың атын бадырайта көрсетіп дәріптеу, мадақтау ол кезде жай қылық болып бағаланатын. Ал аты аңызға айналған Райымбек батыр – ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ батырларының ішінде романға жеке әрі бас кейіпкер ретінде алынған бірінші тарихи тұлға. Сондықтан әуелгі кітап бас қаһарманның атымен аталмай “Тамыз таңы” делінген.
Дилогияда ХҮІІІ ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлы шайқастардың бір тармағы суреттеледі. Оқиға негізінен қазіргі Қазақстанның Оңтүстік шығысында, оңтүстігінде, Ташкент, Самарқант, Сырдария маңында өтіп жатады. Ташкент, Самарқант, Түркістан, Ходжент, Хиуа, Бұхара сияқты қала, кент, елді мекендер, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Балқаш, Көкпек, Торайғыр, Көртоғай, Жалағаш, Алматы, Алатау, Асы, Қарқара т.б. тәрізді жер, су түгел қамтыла оқиғаға қатысты баяндалып отырады.
Романда бас кейіпкермен қатар сол дәуірдің тарихи тұлғалары Әбілқайыр, Абылай, Жолбарыс, Болат, Сәмеке, Барақ, Әбілмәмбет тәрізді елбасы, хан т.б. батырлар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Биеке, Қабай жырау сынды билердің, ақылгөй дана қарттардың образы жасалған. Әбілқайырдың, Абылайдың немесе өзге де хан-сұлтандардың бейнесін сомдағанда жазушы олар жайлы жазылып қалған тарихи деректен, халық жадында жатталып айрылып келген мәлімет сорабын мүмкіндігінше сақтауға тырысқан. Алайда тарихи деректі, құжаттық мәліметті сол қалпында көшіріп бере салған деген ұғым тумаса керек. Абылай жайында дерек те, мәлімет те, ауыздан ауызға көшкен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, есте салған әңгіме көп. Автор соның бәрін жинақтап ой елегінен өткізе, қиял әлемінде қарыта жан бітіріп, Сабалақтан Абылайға ұласқан тарихи тұлға бейнесін халық санасындағы болмысын төмендетпей өзіндік өрнекпен нанымды жасай білген Әбілқайыр бастаған өзге хандар бейнесі туралы да, Қабанбай, Бөгенбай бастаған тарихи бейнелер халық жадында әбден орныққан, ел тарихында орны бөлек қас батырлар образы жайлы да осыны айтуға болады.
Романда Төле би образы дәуір дидарына сәйкес санаға орнығып қаларын, оқырманды ойға жетелейтін, ұрпақ санасын оятып, ұлттық ар-намысты жандандыра түсетін биік парасатқа толы, биік деңгейде жасалған. Төле би аңыз ауқымында айрыла беретін ділмарсыған шешен деңгейінде ғана алынбай кемеңгерлікке толы парасат иесі, данышпандықпен ұласқан ақылгөй, көсем ретінде суреттеледі. Оның бәрі жәй баяндау емес, оқиға жүйесінде, детальді көріністе, қисынды фактілермсен өрілген сюжеттік желілер арқылы беріліп отырады.
Дилогияның бірінші кітабы бас қаһарман Райымбектің бала кезінен бастап, жігіт болып алғашқы ерлігін көрсеткен кезеңге дейін қамтылады. Бас кейіпкердің эволюциялық өсу жолы, аты алыс-жуыққа кең тарай бастаған уақытқа дейінгі көтерілу баспалдақтары ел санасына сіңіп кеткен аңыздық сипаттан аршып алынып, табиғи қалыпта, қарапайым адамдық кейіпте суреттеледі.
Екінші кітап Райымбек батырдың қайтпас сапарға аттанған сәтімен аяқталады.
Сюжеттік желіні, негізгі оқиғаны бас кейіпкер Райымбектің айналасына шоғырландыра отырып, жазушы жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі қазақ елінің басынан өткен қиын тағдырының бір аймаққа тән көрінісі арқылы тұтас халық тарихының көркем шежіресін, тарихи болмысын суреттеп беруге тырысқан.
Романның бас кейіпкері Райымбек – тарихи тұлға. Батырлығымен аты шыққан, даңққа бөленген. Оның шындық көрінісі – Райымбектің тұтас бір рулы елдің ұранына айналуы. Сол ұранға айналған тұлғаның болмыс-тірлігі бірте-бірте уақыт оза келе аңыз желісіне ұласып, әулиелік сипатқа ауысып кетуі халық көңіліндегі тарихи нысан, батыр баба бейнесінің көлегейлене түсуіне себеп болғаны да шындық. Сондықтан халық жадында Райымбектің батырлық бейнесі мен әулиелік қасиеті қатар жатталып, қабаттаса өрбіп, дамып отырған. Міне, осындай тұлғаны көркем шығармаға, оның ішінде тарихи романға бас кейіпкер етіп алу да бар да, оның тарихи шындықпен сәйкесер тұсын дөп басып, нанымды образ тудыру талабы бар екені және ол тіпті де оңай емес екені белгілі. Өйткені, айтып отырғанымыздай барған сайын, заман озған сайын халық ұғымында Райымбектің батырлық болмысынан гөрі әулиелік қасиеті басым сипатқа ие болып бара жатқаны ақиқат еді.
Романда санаға сіңіп қалған әулиелік ұғыммен тарихи дерекке негізделген батырлық сипаттың ара-жігін ашып, халықтың елестетуіндегі батыр тұлғасын сетінетіп алмай нанымды образ жасауға талпынған Жолдасбай Тұрлыбаев ізденісі мен соны мәресіне жеткізе алған жазушылық шеберлігі айқын көрінеді.
Бұл орайда жазушы көркемдік ізденістің шығарма тудырудың сан тарау қайнарларынан, дәстүрлерінен нәр алған, үйренген, оны өз туындысына жымдастыра пайдалана білген. Сюжет құруда, оқиғаны өрбіту, байланыстыру, дамыту, шарықтау шегі мен түйіндеуде, образ сомдауда түрлі тәсілдер қолданылады.
Роман тарихи шығарма болғанымен тек тарихи фактілердің ізімен баяндалмайды. Әдеби туындыға тән қолданатын сипаттарға, авторлық мақсатқа орай қиялдан қосу тәрізді түрлі көркемдік шарттарды автор еркін қолданып отырған.
Райымбектің батырлық іс-әрекеттер барар жолы, қалыптасуы, өмір баспалдақтары намысқойлық сезіммен ұштастырыла өріліп, нанымды беріледі. Шығарманың алғашқы беттерінде жаугершілік заманның тынысымен соғыс алаңында емес, бейбіт ауыл аясында, қарапайым тұрмыс-салт орынында танысамыз. Ойнап жүріп “тентек” Райымбекпен жылап қалған балалардың шешелерінен “Тірі жетім”, “Әкең қалмақтың құлы” деген сөздерді айтып “кірме”, “баладан” кек алуы болашақ батырдың алғашқы намысын оятуға себеп болса, оқырманға қалмақ тұтқынында жатқан Райымбектің әкесі туралы сырттай мәлімет береді. Өзі қатарлас ойын балаларының мазағы намысын оятып әкесін құтқаруға ұмтылған бала Райымбектің алғашқы талпынысы бірте-бірте отансүйгіштікке ұласқан, елі үшін отқа, суға түсуге тартынбайтын қолбасшы батыр деңгейіне көтерілген сәтін көреміз.
Романда сол заманға сай халықтық әдет-ғұрып, салт-сана, этнографиялық көріністер, ел тіршілігі мал бағудың, ер қанаты аттың, жылқының көшпелі халық өміріндегі орнын бейнелеу сипаттары айрықша көркемдік белгілерге айналған. Бұл орайда тек қазақ салты, мінез құлқы, тіршілік әрекеті емес қалмақ сияқты жау елдің де психологиялық, әдет-ғұрыптық болмысы нанымды әрі танымдық қасиеті мол дәрежеде суреттелген.
Дилогиядағы Күніш, Еңлік, Ақбала тәрізді батыр қыздар ерлікпен қоса адал жар болу мақсатын бірінші кезекке қойған, ежелден қалыптасқан бейнесімен есте қалады.
Жазушы Райымбек туралы халық аузындағы “әулиелік” қасиеттерді де мүлде ығыстырып тастамай орайына қарай сюжеттік негізге жымдастырып жіберген.
М.Мағауин – тәуелсіздік жылдарында күрделі пішін, өзіндік өзгеше әдіс-тәсілмен жазылған «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп», «Жармақ», т.б. роман, хикаяттары арқылы бүгінгі күн талаптарына толық жауап бере алатын, көркемдікті игеруде қазақ прозасында тың арна салған, соны үлгі әкелген жаңа тұрпатты шығармалар берген бірден-бір қаламгер. Осылардың ішінде қоғамдық санаға серпінді резонанс туғызған, кітап сүйер оқырман қауым құбылыс ретінде қабылдаған туындысы – «Жармақ» романы. Классик жазушының бұл шығармасы - тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде жарық көрген қазақ романдарының ішіндегі болмысы өзгеше туынды. Автор қоғам мен адам баласына тиесілі мәңгілік проблемаларды өзгеше сипатта берген. Алғаш рет 2007 жылы Прагада басылып, елге аз ғана данасы жеткен романды «Қазақ альманағының» шығарушылары қалың оқырманның сұранысын ескере отырып, альманақтың 2010 жылғы №4санында жариялады. Роман кішігірім 65 тараудан тұрады.
Оқиға желісі жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамында орын тепкен өмір шындығына негізделеді. «Жармақта» Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси өмірі, ел мүддесі үшін істелуге тиіс, алайда шешімін таппай жатқан алуан түрлі маңызды мәселелер арқау болады. Тосын пішінге құрылған романның бас кейіпкері екіге жарылған Мұрат пен Марат. Қазыбеков Мұрат – ұлттық рухтың жоқшысы тарихшы, ал, оның жарты бөлшегі Қазыбеков Марат – жаңа қазақ, бизнесмен. Мұраттың басты арманы өзінің екінші жартысы жармақтың бойындағы сатқындық нысанын жойып, ар-ұят үшін, бөлінбеген бүтін қалыпта өмір сүру. Екінші жартысы Жармақ атақ-даңқ үшін парламентке өтіп алып, бар абырой-беделін ұлтының болашағына зиян келтіретін әрекетке баруы Мұрат бойына ыза-кек орнатып, сыңарының көзін жою үшін өз өмірін қиюға дейін барады. Сыңарының ар-ұят шеңберінен шығып кеткен іс әрекетін тоқтатуға басқа жол табылмаған шарасыздық еріксіз осыған әкеледі. Бұл Мұрат үшін еркін өмірдің тұйыққа тірелуі еді. Екіге жарылған тұлғаның бірінші жартысы бүгінгі заманның ғалымы, соған орай кедейі де, екінші жартысы керісінше, кәсіпкер, мол дәулет иесі әрі билік тармағында қызмет атқаратын жандардың бірі. Бірігіп бір бүтінді құрайтын екі жармақ – Мұрат пен Мараттан өзге кейіпкерлер: Мұраттың сүйген қызы Балжан, Тарих-зерттеу орталығы директорының орынбасары Қаражұманов, бас кейіпкердің әңгімесі бойынша елестейтін Нұрхан Жангелдин, Нұрмаш Саттаров, Иван Мокеевич Есенғалиев, Мүштар Мақанов.
Романда қазіргі қазақ қоғамындағы бай мен кедейдің, рухани құндылық пен материалдық игіліктің, халық пен биліктің арасы алшақтап, екіге жарылып кеткен тұрғысы суреттеледі. Шығарма сюжеті бірінші жақтан, яғни бас кейіпкер Мұраттың әңгімесі түрінде баяндалады. Көркем әдебиетке қажетті, алайда белгілі мөлшерде негізі бар шарттылыққа құрылған роман сюжетінде фольлорлық мотив жүйесі ұтымды қолданылған. Романның бас кейіпкерінің бастан кешкен оқиғалары ертегілердегі қиял ғажайыптық сарын үлгісінде беріледі. Соған орай шығармада көрініс табатын өмір шындығы қаламгердің қиялдан қосу тәсілі арқылы өріліп отырады. Сюжет құрудың, образ жасаудың қалыптасқан үлгісі тұрғысынан келгенде Мұрат пен Марат түсінік-пайымы, арман-мүддесі, іс-әрекеті жағынан бір-біріне қарама-қайшы екі тұлға ретінде суреттелуі тиіс еді. Бір қоғамда бір елде туып өсіп, бірдей білімі бар, бір ортада қатар тіршілік етіп жүрген екі адам арасындағы тартыс бейнеленетін. Сол арқылы адамдарда болатын психологиялық ерекшеліктер, өмірлік көзқарастар, ел, отан туралы түсінік-пайымдар, мінез-құлықтар, адамгершілік қасиеттер мен надандық үлгілері көрініс табатын. М.Мағауин жаңа шығармасында өзгеше пішін, тосын тәсіл арқылы психологиялық, философиялық түйіндеулерге құрылған дара бітімді роман тудырған. «Бір бүтін – қос жармақ. Анау, кеткен жармағым алғашқы қадамынан бастап, маған тиеселі бар игілікке ие болған. Әуелі жүрек емес, есеппен қосылған сұлу жар, оған жалғас молшылық өмір, барақат тіршілік… Берік, нақты бағдар – бар болып, бай болып, тыныштықта дәурен сүру – басқа ниет, пиғылдан ада. Ал мұндағы жармақ – құр кеуде ғана. Рас, терең білім, ұлттық таным, бірақ соған орай қажымас қайрат, қайыспас жігер жоқ». «Ақырзаман адамы. Қазақ ақырзаманының. Бүкіл дүниеден түңілген – ештеңеден тайынбайды, иман, ұяттан ада – ешкімге сенбейді, сөйте тұра, өмірге өте құштар. Оның ұғымындағы өмір – билік пен байлық». Бұл жаңа қазақ, бүгінгі қоғамның көрнекті тұлғасы, сенатор Марат Бейсенұлының болмысы.
Қаламгер толғанысы осылай толқын-толқын ойлармен өріліп жалғаса береді. «Әдебиет өмір айнасы» тұғысынан келгенде бүгінгі күннің ащы шындығы батыл ойлармен көмкеріліп, заман көрінісі айқын бедерленген бұл шығарма қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік зиянды құбылыстар ақиқатын алдыға жайып салады. Имансыздық, өзімшілдік, тасбауырлық, кейбір билік шеңберінде жүргендердің алаяқтығы, ұлттық құндылықтардың аяқасты болуы , тәуелсіздігін алғанына көп болмаған жас мемлекеттің бүгіні мен болашағына кедергі болып жатқан іс-әрекет, түрлі кеселді құбылыстар сын тезіне салынады.
Қазақ қоғамында орын алып отырған жаңа қазақ пен ескі қазақтың арасындағы қайшылық, дүбәра жандар мен ұлт зиялыларының арасында өрістеген қарама-қарсылық, айымашылық суреттеліп, ұлт тағдырына зардабын тигізетін зиянды құбылысты айнадан көрінетін бет-бейнеміздей етіп көз алдымызға әкеледі. Тарихи және өмірлік шындықтан туған бір адамның екіге жарылуы психологиялық көркем саралау арқылы беріледі. Байлыққа кенелген бизнесмен Марат Бейсенұлы өз сыңары Мұратқа ақша төлеп, ежелгі қыпшақ ұлысы туралы кітап жаздырып, оны өз атынан шығарғысы келеді. Өйткені байлығы тасыған жаңа қазақтың, сенатор Марат Бейсенұлының бұған мүмкіндігі молынан жетеді. Бүгінгі мезгіл мінезінен тыс нәрсе емес. Негізгі мақсаты кітап авторы болу арқылы ел санасын ояту немесе отандық ғылымды дамыту үшін емес, жеке басының атағы үшін, қайраткерлікке қоса ғалым атану үшін. Талайдан бері көз көріп, құлақ естіп жүрген таныс, бейтаныс жәй. Өмірлік шындықтың көркемдік шындыққа айналу процесіне куә боламыз. Мына бір эпизодқа назар салайық: «– Әуелі бір сауал, – дедім. – Соның сған не керегі бар? Несіне қызықтың? Ғылыми дәреже керек болып қалды ма?
– Ғылыми дәреже оп-оңай, – деді Марат, ескі дивады ортасын оярдай сықырлата шайқалып.
– Қаласам, айналасы жарты жылға толмай, ғылым докторы болып шығам. Экономикадан, немесе саясаттанудан. Әрине, экономика тиімдірек. Қалай дейсің бе? Сенің академияң, немесе, кез келгенуниверситеттің ең білгір мамандары қолма-қол дайындап береді. Манағы саған ұсынған қазынаның оннан біріне. Және барлық өткелектен өткізіп, өздері қорғатады. Және осындай да осындай үлес қосқан зерделі, дарынды ғалым деп атағыңды шығарады. Бірақ маған ондай алдамшы, арзан атақтың керегі жоқ. Өзің де байқаған шығарсың, қазір облыстарда билік құрған үш әкімнің екеуі – профессор, академик, үкіметте салалық билікке жеткен екі министрдің үшеуі ғылымдокторы. Күлесің бе, түңілесің бе. Маған ондай, қайдан келгені соқырға белгілі өтірік дәреженің керегі жоқ.». Бір адамның санасында өріс алған екі түрлі психологияның өзара тартысы арқылы қоғам тынысы, оның адам санасына әсері деген мәселелер шығармада өзіндік орайымен көрініс тауып жатады. Шығармадағы «қай оқиға болса да ұлттық мәселеге байланысты өрбиді, сол арқылы кейіпкерлердің болмысы, адами қасиеті ашылады. ... – Кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған қиянаты,этникалық геноциді, ұлттық езгісі, осылардың салдары – елдің мәңгүрттікке, ұлтсыздануға бой алдырғаны сияқты мәселелер. Бас кейіпкерді толғандыратын, тіпті күйіндіретін жағдайлар – мәселен, жеке мемлекет болған шағымызда адамдардың пиғылының жамандыққа өзгеруі, ақшаны құдай деп тануы, жаппай етек алған жемқорлық, ұлттық құндылықтарға деген нигилизмнің күшеюі, табауырлық пен өзімшілдіктің өркендеуі, сөйтіп, осы аталғандардың көпшілік тұрмысының жүдеуіне, рухани азғындауына әкелуі, т.т. Қазіргі қоғамдағы мұндай келеңсіздіктерді қалай жоюға болады, жалпы жоюға бол ма?»[С.Қасқабасов. Қазақ әдебиеті.2010,15 қаңтар.] – деген сауал тастайды оқырмандарға. Мына бір жолдарға назар аударайық: «Жетпейтіні – бір-ақ нәрсе, өкінішке қарай ең басты нәрсе. ... Оның аты – ұлттық сана. Ұлттық сана жоқ қазақта. Жалғызға емес, жалпыға тән, сүйекке сіңген, қалыпты сыпат. Және назары мен қажыры күнкөріс, тіршілік соңында кеткен бұқара жұрт қана емес, ұлттың бетке шығар кісілері: биліктегі, бизнистегі,саясат пен шаруашылықтағы алпауыттарың тұрыпты, зиялы аталатын, елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан. Қайталап айтайын, қазақта ұлттық сана деген атымен жоқ. Қалған барлық пәле осы жалғыз-ақ кінараттан туындайды.
Мен өткенді араға тартпайын. Жарайды, отар болыпсың, кіріптар болыпсың. Бәрі сырттан, жоғарыдан шешіліпті, мұндағы қуыршақ үкіметіңе отарлаушы, өктем халыққа бейім ғана емес,... тіпті, өз жұртына жау кісілер тағайындалыпты, еріксіз ел амалсыздан бәріне көніпті. Қазір бас билік қазақта. Ал, не болды? Жеріңнің асты мен үстіндегі бар байлық талапайға түсті. Қарақшы болса да қазақ алса жөн ғой. Билік басында отырғандар азды-көпті параға түгелдей жат жұрттық жалмауыздарға өткізді. Жүз есе кеміс бағамен, тегінге жақын. Обал-сауапқа, аруақ, құдайға қараған жоқ. Тым құрса, қолда тұрғанда өздері алсайшы». Бұдан кейінгі жер, тіл, т.б. күрделенген мәселелер туралы толғаныстар да жан жарасына тиіп, жүрегіңді ауыртады.
Шығарма кейіпкері Мұрат басы шырмалған ортаның жұмбағын шешкісі келеді («Балапан – басына, тұрымтай – тұсына. Шын обал іздесең – қадарынша халқына еңбек еткен, үмітпен күн кешкен, ақыры бар тілегі сарып болған, байырғы қазақтың ең соңғы сарқыны, аз да болса алаш ұранды азаматыңа жаның ашысын. Аясаң, мені ая, бар еңбегі құрдымға батқан, бар өмірі зая кеткен. Алаштың азаматына обал. Маған обал. Бірақ сол аяу мен есіркеуден маған келіп кетер ештеңе жоқ. Онсыз да біткен адаммын. Менің обалым – фәниде емес, бақида. Арыдағы, айбарлы жұртына асқар таудай тірек болған аруақты бабаларыма қалай көрінем»). Шығармадағы қос кейіпкердің әрекеті бір танымнан өрбиді. Мұрат ойға, Марат әрекетке бейім. Екеуінің бірі келіспейтін жағдай қайтсе де орайын тауып орнығып жатады. Мұрат өзі жан-тәнімен қарсы болған әрекетті атқарады, мол сый-сияпат алады, өмірдің қызығын көреді. Алайда, өзінің ықтиярынсыз осы жағдаяттардың тұтқынына айналады. Яғни, адам ретінде бүтін емес, жарым, жармақ. Ендеше танымындағы құбылыстар да жартыкеш, құпия шеңберге тұтылған. Мұрат өзінің елесінен құтыла алмайды. Осы жағдайдан құтылғысы келсе де, екінші жарымынсыз ешнәрсе шықпайды.
Жеке адам мен қоғамдық жағдайдың арасындағы өткірленген қайшылық бейненің гротескілік сипатымен көрінеді. «Жармақ» шығармасындағы кейіпкер де өзді-өзімен алысып, өзіне қарсы болып өтеді. Өзім дегені өзі емес екен. Сонда бұл өмір сүру қалай аталады. Ол жайлап өзінің екінші жарымының айтқанына көнеді. Көп пенде атаулы аттап өтпейтін тұрмыстық жайлылыққа көнеді, үйренеді, тапсырыс орындаушыға айналады. «Міне, дәл осы кезде, өзімнің біреу емес, екеу екенімді өз көзіммен көрген едім. Әрі-сәрі, бей-берекет күн туды. Сансыраған, абдыраған. Адам сенгісіз жағдай еді. Бірақ күмәнсіз ақиқат. Қаласаң да, қаламасаң да мойындауға, қабылдауға тиіссің. Әйткенмен, өзгеше ахуалдың мән-мағынасын анықтау керек еді. Қанша дағдарсам да, ақыл-есім орнында сияқты, енді ойланбасқа болмады. Қалай, неге, қайда? Яғни, қалайша ғана екіге жарылдым, енді не болмақ?». Cөйтіп, өзінің нақты болмысын жоғалтады.
Адамның ішкі арпалыс серпіні қатты болатыны, сананың екіге жарылуы, өзіне мына жалғаннан орын таппай аласұрған кейіпкерлерінің көңіл-күйі романның бас кейіпкері арқылы терең тұжырымдалады: «... Тұрмыс талқысы, соңғы үш-төрт жылдағы. Тұрмыс талқысы ғана емес. Рухани күйреу. Болашақтан түңіліс. Отарлық кісені бұзылса, еркіндікке шықсақ, ұлттық ғылымға да жол ашылады деп білуші едің. Еркіндік келді. Ұрлық-қарлықтың, зорлық-зомбылықтың еркіндігі. Сенің ғылымың – қажетсіз, өзің – бөгесін болып шықтың. Бұрын кеудең басылып тұрса да, өзіңді кісі санатында көруші едің. Енді міне. Ешбір есепте жоқсың. Люмпен-пролетариат. Жалғыз сен емес, бүкіл ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері түгел. Бүгінгі заманның тұлғасы – сылдыр Сөз емес, сықыр Ақша. Яғни, қалың кітап емес, жуан қалта. Ақша дегеніміз, қалта дегеніміз – Анау. Анау емес, сенің Өзің». Адам баласына тән сезім-күйдің құбылысы кей сәттерде тереңдеп отырады. Оған адамның жеке басындағы жайттар, қоғамның ахуалы, өмірдегі жақсылық пен жамандықтың итжығыс түсуі себеп болады. Адам баласы саналы әрекет иесі ретінде өзінің басындағы жағдайды бақылап, реттеп отыруы тиіс.
Экзистенциалды уақыт-бұл субъект санасының өзінің ішкі әлеміне енгендегі кезеңі, жеке адамның өзінің ішкі сезімін, ойы мен әрекеті кезіндегі шындық шарттылығындағы уақыт. Ол әлеуметтік, биологиялық, ғарыштық, табиғи уақытқа қарама-қарсы алынады. Өмірдің рухы мен ақыл-ой маңызды әрі қымбат. Сондықтан экзистенциалды уақыт неғұрлым мәнді. Экзистенциалды уақыттағы өмірдің пайда болуы бұл - жанның басқа әлемге сапар шегуі. Күнделікті тұрақсыздық, үздіксіз туындаған үрей, өмірдің сәтсіздігі, алданған жастық шақ, жалғыздық, болымсыз ұсақ-түйекке байлану-осының бәрі тағдырға байланысты. Оған қарама-қарсы кейіпкердің ішкі жан‑дүниесінің сипаты-алдыға ұмтылу, мейірімділік, сезім, талант алынады. Екіге жарылған тұлғаның ойы да жарым. Келіспейтін, көңіліне тұнған көлеңкесі көп. Сондықтан да М.Мағауин кейіпкерінің (Мұрат-Мараттың) ойы да қорғасындай ауыр. («Аспаннан шұға жауса, құлға ұлтарақ тимейді» дегендей, біз – құлдардың ішіндегі ең қоры едік. 32-жылғы ғаламат ашаршылық, оның арғы жағындағы, бергі жағындағы, айрықша қатаң, түбегейлі репрессиядан соң мүлде жанышталып, жер болғанбыз. Енді қазақты отарлаудың, біржола құртудың жаңа кезеңі – «тың игеру» деген қарымды науқан басталды, жат жұрттық басқыншыларды жүз мыңдап қоныстандырып жатыр, бүкіл солтүстік, орталық облыстарда қазақ тілді баспасөз, театр, мәдениет ошақтары жаппай жабылса, қалған тарапта да жан-жақты жаныштау күн санап қарқын алған. Халықты ұлттық санадан айырып, ұлтанға айналдыру саясаты әбден күшіне енді. Қазаққа қатысты әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық дәстүрлер түгел артта қалған, кертартпа, зиянды деп табылды, қазақтың тілі шетке қағылып, өткен тарихы мүлде мансұқ етілді”.
«Жармақ» – адам санасына сілкініс пен пайым орнықтыратындай шығарма. Бұрыннан дағды болып кеткен өмір сүрудің кәнігі тәсілдеріне енді күмәнмен қарайсыз. Тіпті көркем шығарма оқудың, оны түсінудің әдістері бар екен. Көркем шығарма үнемі әдемі қиял, көркем сәттерді ұсына бермейді. Ол кейде соттың үкімі, әділдіктің таразысы да екен. Адасып жүрсеңіз жол тауып береді, қисықты түзейді. Әркімнің жеке тағдыр-талайы бар десек те адамға керек дүниелер ортақ екен. («Айтпақшы, хикаятымыздың әуелгі, тума атауы – «Қилы тағдырлар» екен. Одан соң «Көлеңке», «Сыңар», «Астар»... Ақыры «Сүлде». Біз ешқайсысын мақұл таппадық. Бәрі де жөн, бірақ тақырыпты толық қамтымайды. Сондықтан өз тарабымыздан басқаша атауды жөн көрдік. «Жармақ.» Яғни, бүтіннің бөлшегі. Екінші жарымы. Сөйтіп, ежелгі тіліміздегі тағы бір заттық атау қайта тірілді. Ең бастысы – жаңа шығармаға өз үлесімізді қостық. Бар өзгеріс те сол ғана. Қалғаны, тағы да айтайын, алғашқы жазылған қалпында. Тек шығарма атауы мен осы бастапқы, түсіндірме тарау ғана бізге тиесілі. Уақыт тауып, төзіміңіз жетіп, ақырына дейін оқып шықсаңыз, түгелімен бізге тиесілі болады. Және Сізге»).
Адамның көңіл санасындағы жұмбақ терең-ақ. Оған тіпті сол адамның өзі де бойлай алмайды. Кейде адамдарға ортақ мәселелер қайталанып, ол күйді басқалардың да бастан кешкенін білесіз. Алайда, мәселе ол жағдаяттың қашан, қай жерде өтуінде, қандай әсер қалдыруында. «Жармақтың» авторы шығармасының дәлелдемесін (аргументін) қатаң, сендіре алатын патетикаға құрған. («Бәрін жинақтап қойғанда, жалғыз-ақ дәйек: өтті – бітті, енді оған бәрібір. Яғни, мен не қылсам да айыбы жоқ. Жете ме? Жетпесе, біздің ақтығымызға, адалдығымызға әлденедей күмәніңіз қалса, бәрібір кімнің жазғанын, кімнің көшіргенін айқындай алмайсыз, ендеше, біздің манадан бергі бар лепесімізді әдепкі көркемдік тәсіл деп тануға тура келеді. Бұдан бұрын да кітап оқыдыңыз, білесіз, Мен дегеннің бәрі – мен емес, Ол дегеннің бәрі – ол емес. Ол деген – мен, Мен деген – ол. Жазған – өзім, жариялап отырған да – өзім. Ал кезекті ойбай-сүрен, арыз-аттанның дүбірі... бізге жетпейді. Мен қазір алыс шет ел – Орталық Еуропаға қоныс аударғам. Бұл хикаят та сонда жазылып, сонда кітапқа шыққан. Сізге жетіп отырғаны – көлеңке, көшірмесі ғана»).
Автор шығармасындағы кейде үзілді-кесілді, кейде екіұшты айтылатын ойдың салмағы деңгейлес. Себебі, ол жеке басының жағдайынан гөрі баршаға ортақ жайтты айтып отыр. Кейде осы әрекетті атқарушы өзі екенін де күмәнмен қарап, өзін сырттай бақылайды, сынайды. Бүтіннің екіге жарылуы негізінде, сынық, жарым нәрсені тудырады ғой. Ал, «Жармақ» шығармасында керісінше сол жарты дүние бүтінделеді. Адам болмысы екіге жарылғанымен, түбі табиғатынан алшақ кетпейді. Адамзатқа тән жоғары құндылықтардың төмендеуі, адамның да құлдырауына әкеледі. Шығарма соңындағы қоскейіпкер (Мұрат-Марат) бір кейіпкерге айналады.
Тағдырмен қақтығыс ‑ қаламгер прозасының басты тартысы. Романтикалық шығармалардан айырмасы оның шығу арнасы шешілмеген, көркемдіктің “құпия кілті” ғана сана астарындағы жасырын жерді ашады. Тосын бұрылыстар, шындықтан алшақ сюжеттік желілер-жазушы поэтикасының негізі. Автор “ізден адастырып”, оқырманды оқиғаның табиғи жүрісінен, әдепкі түсіндіруден, моральдан алып кетеді. Бұл үшін ерекше көркемдік құралдар, ең алдымен характердің дәлелінен әдейі бой тарту, қайталанбас қабылдау мен тәртіп қолданылады. Бұдан басқа, баяндауда мәнді сәттерді ерекшелей көрсету жоқ. Жазушы шығармасында метафизика, этика, эстетиканың тығыз байланысатыны сонша, оның кез келген шығармасын осы шарттылықтың аясында қарастыруға болады. Қаламгердің кейіпкерлері өздері орныққан ортаның қалтарыстарын, көлеңкелі тұстарын танып, білуге ұмтылады. Сол арқылы өздерінің жат ортадағы күдікті, үрейлі сезімдерінен аз да болса арылғылары келеді. Осы жағдайларына кейде өң мен түстің арасындағы өлара сәт көмекке келеді.
Осындай күйдегі «Жармақтың» кейіпкері де кәдімгі жарықтың өшуін өзгеше қабылдайды: «Бірақ біздің бұл жолғы қараңғылық – бұрын болмағандай. Жарықтың өзінің сөнуі басқаша көрінді. Білте шам сияқты жалп еткен жоқ. Электр шамына тән, үйреншікті жөнімен жарқ еткен де жоқ. Әлдебір тылсым күш жалмап, жұтқандай, шыңырауға, тұңғиыққа батқандай, дымсыз жоғалған. Бірден түпсіз түнек орнады. Тілсіз, саңылаусыз, меңіреу, шойын қараңғылық. Тыста ай тумаған, аспан бұлтты сияқты. Сол қара аспан төмен құлап, жер бетін тұмшалап басып қалғандай. Сыртқа қараған терезе үңірейіп көрінсе керек еді, түнекпен астасқан, ешқандай белгі, бедер жоқ. Тым құрса кең көшеден арлы-берлі өткен машиналар жарығы аңдалмайды. Терезе сыртқы жалпақ дүниеге емес, тура құрдымға бағытталғандай. Ал отырған үйіңіздің есік, қабырғасы жоқ, қараңғылық әлеміне тоғытылған. Төңірек түгел тылсым». Адам бойындағы алдыңғы күндерге деген мазасыздық айналасындағы дүниелерді шиеленісті етіп жібереді. Бір ғана жарықтың сөнуі тұтас дүниені қараңғылық басқандай үрейлі сезімге әкеледі. бұл адамда жасырынып жатқан өзгеше сана қабылдауының бар екенін дәлелдейді.
Зерттеуші Л.В.Сафронова өзінің ғылыми зерттеуінде автор мен кейіпкер проблемасының психоаналитикалық теориясы мен практикасына тоқтала отырып, олардың өзара қатынас тәсілдерін жүйелейді. “Ресейдегі психоталдау негізінен қолданбалы сипатқа ие бола отырып, постмодернистік эстетика мен постструктуралистік талдауға мәнді ықпал жасады. Н.Осипов, Л.Выготский, И.Григорьев, П.Попов социологизмді психоталдауға тартып, фрейдизмді марксизммен тоғыстырғысы кеп, З.Фрейдтің панбиологизм теориясына қарсы қояды. Н.Осиповты ұнамсыз персонаждарға – сайтан, ібіліс, мыстан және басқа да зұлым күштерге жинақталған үрейдің болмысы өлімге бастау мәселесі қызықтырады. И.Ермаковтың ойынша шығармашылықтың басты мақсаты автордың өзіне қоғамның қатынасын өзгертуге деген талпыныстан тұрады. А.Халецкийдің еңбегінде шығармашылықтың «либидоздық қуаттың сыртқа тебуі» («отток либидозной энергии») болатындығы дәйектеледі. Осылайша автор мен кейіпкердің күрделі, кей сәттердегі шым-шытырық байланысы туындыдағы әдепкі сюжет пен идеяның байланысын өзгертіп жіберді де, тұтас қақтығысты әлем тудырады.
Адам танымының күрделі болмысы кейде қалыпты ойдан, қабылдаудан аулақтап кетеді. Оған себеп болатын ішкі, сыртқы жағдайлар, орта ахуалы, психологиясы. Бұл кезде кәдімгі адами тірліктің болмысы өзгереді. Өзінің күнделікті тіршілік аясы болған орта басқа сипатқа енеді. Осы кезде адамның ой-парасатына да өзгешелік енеді. Бұл өзіне етене ортадағы адамда да туындайтын құбылыс. Кейде адамның сыртқы өмірмен болатын қақтығысы оның санасына кіріп, өзді-өзімен «екіге жарылып», екіұдай тірлік кешеді. Әрине, бұндай түрде адам ұзақ өмір сүре алмайды. Себебі, тиянағы мен байламы жоқ ортадан аулақтап кетуге болар, ал өз-өзіңнен қашықтай аласың ба?
М.Мағауин мистикалық тәсіл, постмодернистік «канондық ойын» элементтерін өзіндік стильмен қолдана алған. Мұндағы диалог-монологтік кірігу, автор мен кейіпкердің жарыспалы көрінуі қазақ прозасында соңғы жылдары көрініс бере бастаған полифониялық сипатты танытады.
Әдеби ортада көптен бері жазушыларды сынға алып, тәуелсіздік кезеңін бейнелеген туынды жоқ, қаламгерлер белсенділіктен ажырап қалды деген пікірлерге бірден-бір тосқауыл болатын шығама Мұхтар Мағауиннің осы «Жармақ» романы деуге болады.Ұлт болшағы, қоғамның дұрыс жолмен ілгері дамуы үшін тек мақтау емес, ішкі келеңсіздіктерді боямасыз ашып көрсету көркем шығарманың басты міндеті. «Жармақты» сол үдеден шыққан айтулы туынды дей аламыз.
Шығама тілі жатық. Жеңіл оқылады. Рас, баяндауда ауыз екі сөйлеу тілі, ауызша әңгіме айту үрдісі сақталған. Өйткені, оқиға бірінші жақтан баядалуына орай кейіпкер тілі болып есептеледі. Бұл сипат образдың айқын көрініс табуына да қызмет етіп тұр.
Әдебиеттер:
Қазақ әбиеті тарихының 10 томдығы. 10 томы. А., 2004 – 2009 жж
ІҮ Тақырып бойынша дереккөздер мен әдебиет тізімі
Аймауытов Ж. 5 томдық шығармалар жинағы. 1 том. А., 1996.
Ақышев З. Жаяу Мұса.
Ахтанов Т. Қаһарлы күндер.
Әлімқұлов Т.
Әлімжанов Ә. Махамбеттің жебесі.
Әуезов М. Абай жолы. 4 томдықт А.,2006
Әбілов Д. Сұлтанахмұт.
Дулатов М. Дулатов М. Шығармалары. 2 томдық. 1 том. А., 1996.
9. Досжанов Д. Жібек жолы. А., 197
10. Ерубаев С. Менің құрдастарым.
11. Есенберлин І. 10 томдық шығармалар жинағы.
12. Жұмаділов Қ. Тағдыр.
13. Жүнісов С. Ақан сері.
14. Көбеев С. Қалың мал.
15. Майлин Б. Азамат Азаматыч.
16. Мұқанов С. Ботагөз.
17. Мұстафин Ғ. 5 томдық шығармалар жинағы. 3 том. А.,1981 – 1984.
18. Мағауин М. Аласапыран. А., 1982.
19. Нұржекеев Б. Күтумен кешкен ғұмыр.
20. Нүрпейісов Ә. Қан мен тер.
21. Нұршайықов Ә. Ақиқат пен аңыз.
22. Сарай Ә. Еділ-Жайық.
23. Сматаев С. Елім-ай.
24. Соқпақбаев Б.
25. Тарази Ә. Бұлтқа салған ұясын.
26. Тоқтарлв Р. Абайдың құпиясы.
27. Тұрлыбаев Ж. Райымбек батыр.
28. Шашкин З. Доктор дарханов.
29. Ысқақов Қ. Ақсу – жер жаннаты.
Монографиялар, сын-зерттеулер :
Ауезова Л.М. Исторические основы эпопеи «Путь Абая». -Алма-Ата: Наука, 1969. -313 с
Ахметов 3. Роман-эпопея Мухтара Ауезова. -Алматы: Санат, 1997. -288 с.
Әшімбаев С. Талантқа тағзым. -Алматы: Жазушы, 1982, 159-б.
Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік.: Сын мақалалар, портреттер, эссе. - Алматы: Жазушы,1993, 386-б.
Бахтин ММ. Вопросы литературы и эстетики. Исследования разных лет. -М.: Худ литература, 1975.
Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. -Алматы: Ғылым, І979. -240 б.;
Бердібаев Р. Тарихи роман. -Алматы: Санат. 1997. -331 б.
Бердібаев Р. Мұқтар шыңы. -Алматы; Ғылым, 1997, -204 б
Гуляе Н.А. Теория литературы. -М.:Высшая школа, - 1985, стр.69.
Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. -Алматы: Ғылым, 1991. -208 б.
Елеукенов Ш. Замандас парасаты.-Алматы: Жазушы, 1977, 108-б.
Исторический роман в литературе соц, стран Европы. -М.: Наука. 1989, с. 99.
Иезуитов А. Порблемы психологизма в эстетике и литературе. -Л-М.: Искусство, 1963, 11-6
Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы: Мектеп, 1976,
Қаратаев М. Революция рухымен. –Алматы:Жазушы, 1978, 264-265 б.
Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. Өмірі мен шығармашылығы-Алматы: Ана тілі, 1993.-221-б.;
Нұртазин Т. Жазушы және өмір. -Алматы: Қазмемкөрәдбас, 1960, 159-б.
Нұрғалиев Р. Әуезов және Алаш. -Алматы: Санат, 1997. -432 б.
Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық. 2-том. -Алматы: Жазушы, 1991, 302-б.
Нұрғалиев Р. Телағыс. -Алматы: Жазушы,1986,290-308-б
М.Серебрянский. Советский исторический роман. -М., Гослитиздат, 1936,с.136.
Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. -Алматы: Ер Дәулет. 1996. -252 б.
Советский исторический роман. -Киев: Высшая школа. 1987, с.136.
Толстой А. Как мы пишем //О литературе. М.: Госгюлитиздат, 1959, с. 109
Ысмғұлов Ж, Міржақып Дулатов //Міржақып Дулатов. Шығармалары.-Алматы: Жазушы, 1991 3-18-б.
26.Успенский Б,А. Поэтика композиции. Структура художественного текста и типология композиционной формы. -М.: Искусство, 1970,с.П.
27. Қазақ әбиеті тарихвнвң 10 томдығы. А., 2004 – 2009 жж
