- •Әлеуметтік лингвистика ғылымының негізгі ұғымдары
- •Әлеуметтік лингвистика саласының ғылым ретінде қалыптасу тарихы және даму кезеңдері
- •Мемлекеттің әлеуметтік-коммуникативтік жүйесі. Тілдік жағдаят. Мемлекеттік тіл мәртебесі.
- •Көптілділік және қостілділік мәселелері.
- •Тілдік жоспарлау. Тіл саясаты.
- •Ә леуметтік тіл білімі
- •Тілдің өміршеңдігі (витальность),
- •Әдеби тілдің сақталуы мен жаңаруы. Қарапайым лексика: жаргон, арго, сленг. Жастар тілі
- •Гендерлік тіл: әйел тілі мен ерлер тілі. Олардың қоғамдағы рөлі
- •Қазақ диаспорасының эндогенді және экзогенді тілі
- •Социолект: мезолект, базилект, акролект
Гендерлік тіл: әйел тілі мен ерлер тілі. Олардың қоғамдағы рөлі
Әлеуметтік тіл білімі адамдардың кәсіби, жыныстық, жас ерекшелік белгілеріне қарай және қалалық, ауылдық өмір сүру салтына орай топтастыра отырып, сол топтың тілдік ерекшеліктері мен жұмсалымдық, қолданымдық деңгейін зерттейді. Сондықтан тілдің әлеуметтік өзгеру сипатын зерттеушілер көп жағдайда жыныстық ерекшеліктеріне қарай бөлінген топтардың, яғни әйелдер мен еркектердің психологиялық мінез-құлықтарының әртүрлі болуына байланысты әйел тілі мен еркек тілі арасындағы сәйкессіздік пен үнемі өзгеріп отыратын айырмашылықтар мәніне әкеліп тірейді. Осыдан барып, әйел мен еркек тіліндегі айырым белгілер, яғни тілдік қолданыстағы алшақтықтар, сөздік қорының кең, тар болуы, сөз мәнерлілігінің жұмсақ (жағымды) немесе қатты (дөрекі) болуы, тіл жұмсалымының эмоционалды немесе экспрессивті болуы, т.б. айқын байқала бастады. Демек, әйел тілі мен еркек тілін арнайы қарастыратын әдіс-тәсілдер, тіпті арнайы саланың қажеттігі туындады. Тілдік қарым-қатынастың, тілдік қолданыстың әлеуметтік сипатында айқындалған аталмыш өзекті мәселелер, яғни адамдардың жыныстық ерекшеліктеріне сай олардың психикалық қабылдау қабілеттерінің әртүрлі болуы, соған орай айтылмақ ойын жеткізуде екі жыныс өкілінің екі түрлі деңгейде беру айырмашылықтары, одан туындайтын мінез-құлықтарының да тілдік қолданысқа, сөз саптау мәнеріне тигізер әсері, т.б. аспектілер әлеуметтік тіл білімінің бір саласы – гендерлік лингвистиканы дүниеге әкелді.
Бастапқыда гендерлік лингвистика саласы жарқ еткенде, бірқатар ғалымдар қарсы болғаны да рас. Себебі, тең құқылы, бостандықтары бірдей екі жыныс өкілі бір қоғамның адамдары, сондықтан олар өмір сүріп отырған орта, олардың өмір сүру болмысы ортақ болғандықтан, әйел мен еркек тілінің арасында еш айырмашылық болмауы тиіс деген қағида басты ұстанымы болды. Кейін келе-келе психолингвистикалық зерттеулердің нәтижесі оң баға бере бастаған сәттен, яғни адамның жеке тұлғалық мінез-құлқы мен психикалық когнициясы тілдік қолданысқа, тілдік қорға едәуір ықпал ететіні айқындалғаннан кейін, әйел мен еркек тіліндегі айырмашылықтардың жігі санамалап дәйектеле бастады.
Дегенмен, тілдің гендерлік аспектісін арнайы қарастырған шетел ғалымдарының арасында екіжақты пікір қалыптасты. Бірқатары әйел тілі мен еркек тілі арасындағы айырмашылықтар олардың биологиялық (физиологиялық), яғни жыныстық қалыптасуынан пайда болатын, жалпы жеке жынысқа тән ортақ мінезден туындайтын белгілерге негізделеді деп түйіндейді де әйелдердің шыдамсыз, күйгелек, сыр сақтамайтын құлықтарының тілдік қорындағы функционалды, лексикалық, эмоционалды қолданысына едәуір әсер ететінімен, ал еркектердің көп сөйлемейтін, ұстамды, шұбарламай, нақты, қысқа сөйлейтін құлықтарының еркек тілін ерекше айырып көрсететін белгілерге негіз болатынымен дәйектейді.
Ал Г. Брандт пен Л.Арлисс тілдегі гендердік ерекшеліктер жынысқа ғана қатысты емес, негізінен ол сол жыныс өкілдерінің ақиқат дүниені қабылдау, тану қабілеттеріне, өмір сүру болмысы мен қоғамдағы атқаратын кәсіби және рухани қызметіне байланысты болады деп тұжырымай отырып: «әйелдер мен еркектерге тән жеке құлықтық ерекшеліктер тек биологиялық құндылықтар ғана емес, сондай-ақ рухани қажеттілік. Жыныстың ерекшеліктерден табиғи мінез-құлықтық айырмашылықтар пайда болады, ал гендерлік ерекшеліктердің түп негізі мәдениет пен адамның аялық білімінде жатыр. Жыныс – бұл адамға табиғаттан берілген физиологиялық белгі болса, гендер - еркек пен әйелді тұлғалық, құлықтық, тілдік құндылықтарының жиынтығы арқылы рухани тұрпатта ажырататын белгі. Сондай-ақ гендер – қарым-қатынас нәтижесіне ықпал ететін құбылыс», - деген баға береді [148, 172б]. Негізінен әлеуметтану ғылымында әйелдердің және еркектердің пікірін анықтайтын арнайы бағытты феминистік және маскулиндік ұғымдарымен түсіндіреді. Қазіргі таңда гендерлік лингвистиканың басты зерттеу нысаны - осы бағыттардың бір-біріне ауысу құбылыстары, оның себептері, әсер ету факторлары болып отыр. Мәселен, қазақ халқында тілдің маскулиндік табиғаты (еркек тілі) басым мәртебеге ие болып, жоғары дәрежеде орын алып келді. Және де маскулиндік тіл нақты, шешімді, қысқа, салмақты, экспрессиясы мен эмоциясы аз стильдік сипатта танылып келді. Ал феминистік тіл (әйелдер тілі) бала тәрбиелеуші тіл, яғни жұмсақ, бейнелі, астарлы сөздерге бай, мәнерлі, көркем, эмоция мен экспрессияға толы стильдік деңгейде болды, яғни қазақ халқында әйел тілі қоғамдық ортада билік тіліне жатпайтын, тек отбасы, ошақ қасында ғана қолданылатын екінші дәрежелі тіл қатарында саналып келді. Уақыт өте келе, қоғамдық формацияның өзгеруіне байланысты, соған орай адамдардың ұлттық мінез-құлқы мен ішкі ұлттық рухани сана-сезімінің өзгеруіне байланысты, қоғамдық мәселелерге тең дәрежеде араласуына байланысты олардың ұлттық болмысын сақтаған тілдік деңгейі де өзгере бастады. Қазіргі күні әсіресе әйелдер тіліне еркектік дөрекілік ауысып келді. Қазақ әйелдерінің сөз мәнін астарлап, байыппен жеткізу жолдары, яғни халықтық философияға пайымдай отырып, оралыммен түсіндіру тәсілдері шалт, қысқа, дөп айтылатын тәсілдерге айналып бара жатыр. Демек, расында да еркек тілі мен әйел тілі арасындағы айырмашылық болады және бұл ерекшеліктердің ұлттық табиғатын анықтау, әйел тілі мен еркек тіліне тән белгілер мен басты қағидаларды айқындау, олардың бір-біріне ауысу динамикасын қарастыру, оған себеп болатын факторларды шешу арқылы ұлттық тілдің әлеуметтік ортадағы жұмсалымдық аясын, қолданымдық қызметін зерттеуге болады. Аталмыш мәселелердің шешімі нақ бүгінгі күні, мемлекеттік тілдің құзіретін мемлекет билеуші тіл деңгейіне көрету үшін күрес болып жатқан уақытта аса өзекті, маңызды деп сенеміз.
Демек, гендерлік лингвистиканың зерттеу әдіс-тәсілдері ұлттық тілдік қордың функционалды қызметі үшін де, әлеуметтік мәртебесі үшін де маңызы зор болмақ.
Гендерлік лингвистиканың қалыптасу тарихы.
Алғашқыда лингвистикалық гендерология деп аталған бұл сала әлеуметік тіл білімінің жаңа бағыты ретінде ХХ ғасырдың 90 жылдары өз жемісін бере бастады. Жеке сала ретінде бөлініп шығуына әйел мен еркектің жыныстың ерекшеліктерінен туындайтын мінез-құлықтың, қоғамдық ортадағы орны мен мәртебесінің тілдік қолданысқа ықпал ету факторлары басты себеп болды.
Шетел ғалымдары Т.Брандт, Лори Арлисс, Э.Гуссерль, Ш.Берн, П.Грайс, Э.Пайнс, К.Маслач, Энн Оуклей т.б. әйел тілі мен еркек тілін мәдениаралық коммуникация шеңберінде қарастырып, «қарым-қатынас кезінде адамзат баласы әйелдік немесе еркектік болмысын ерекше көрсете алады» деген ұстанымға сүйене отырып, зерттеу жүргізеді.
Ал ресейлік ғалымдар И.Халеева, Е.Горошко, В. Беликов, Л.Крысин, О.Воронина, А.Кирилина, т.б. әйел тілі мен еркек тілі арасындағы айырым белгілерді бастапқыда құрылымдық лингвистика өрісінде қарастыруды жөн көріп, «әйелдер тілі бағалауыш мәнді сөздер, модаль етістіктер, лепті сөйлемдер, өтіну, сұрау мәніндегі сөйлемдер сияқты тілдік құралдармен көрінеді, ал еркектер тіліне түйін сөз, шешімді сөз, қорытынды сөздер аса тән» екенін айқындап берді. Кейінгі зерттеушілер легі құрылымдық тіл білімі аясында тілдің гендерлік сипаты жете айқындала бермейтінін мойындай отырып, әйел тілі мен еркек тілін когнитивтік аспектіде қарастыруға бағытталады.
Гендерлік лингвистика ғылымын зерттейтін мәскеулік мектеп гендер аспектісін сала аралық нысан ретінде ұстанып, мәдениаралық коммуникация зерттеулерінде де, когнитивтік тіл ерекшеліктерін зерттеуде де, коммуникативтік жағдаяттар мен дискурстың тілдік көрініс зерттеуде де, оларға ықпал ететін экстра - және интралингвистикалық факторларды зерттеуде де гендерлік қатынасты айқындауға мүмкіндік бар екенін атап өтеді. Сондай-ақ екі тілді салыстыра отырып, гендер мен гендерлік қатынастардың сол тілді тұтынушы ұлттардың мәдениетінен де ерекше көрініс табатынын грузин тілі мен орыс тілін салғастыру нәтижесінде анықтайды. Яғни грузин тіліндегі гендерлік ерекшеліктер олардың тіліндегі мәдени құндылықтардың сақталуымен айқын байқалады екен. Мысалы, кісі есімдерінде, тегінде грамматикалық формалардың болмауы, эргативті, трансформативті септіктердің жалғануы, адам мен жансыз заттардың семантикалық категориясы арасындағы айырмашылықтар, т.б. [149, 211б].
Орыс тіл білімінде сөйленім мен тілдің гендерлік параметрін зерттеуге негізделген бағыт екі жақты сипатта дамыды. О.Л. Каменская осы бағыттардың негізгі даму жолын былайша түсіндіреді: «Бірінші бағыт – гендерлік лингвистика – тіл мен сөйленім әрекеттерін гендерлік әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы зерттеуге негізделсе, екінші бағыт – лингвистикалық гендерология – тілдік құралдардың көмегімен гендер категориясын айқындауға бағытталды» [150, 15б].
Осыдан кейін тіл біліміндегі гендер мәселесінің негізгі мақсаты мен жалпы ғылыми қағидаларын айқындау міндеті жедел шешімін табуды қажет етіп, ғалымдардың назарын аудартты. О.А. Воронина гендерді әлеуметтік-демографиялық категория ретінде, әлеуметтік құрылым ретінде, идеологиялық құрылым ретінде, мәдени метафора ретінде қарастыруды ұсына келе, «гендер – психология, әлеуметтану, философия ғылымдарының ортақ категориясы, оны тіл білімінің зерттеу нысаны етіп алу барысында осы ғылым салаларындағы гендерлік қызмет, гендерлік сипат тікелей байланыста анықталуы тиіс»,- деген пікірін білдірді [151, 56б].
Сонымен, тілде гендерлік қатынастың орын алатыны, яғни әйел мен еркек тілінің, сөйленісінің ара салмағы ерекшеленетіні айқын болды. Бірақ сол айырым белгілерді қай қырынан анықтау керек, не себепті ондай ерекшеліктер туындайды деген мәселелердің түйінін табатын әдіс-тәсілдерді айқындау, гендерлік сипатты тіл бірліктерінің қалай көрінетінін табу әлі де болса шешімін тапқан жоқ. Дегенмен, осы мәселелерді анықтауға тырысқан А.В. Мандрукевич тілдегі гендерлік қатынастар көп жағдайда стереотиптік жағдаяттар арқылы көрініс табатынын атап өтеді. Яғни тілдегі гендерлік стереотиптер арқылы әйелдердің тілдік тұлғасы мен еркектердің тілдік тұлғасын қалыптастыруға болады екен.
Марковина мен Сорокин бір ғана ұлттың мәдениетін сақтаушы, сол ұлт тілін тұтынушы екі адамның (бірақ бірі әйел, екіншісі еркек) лингвомәдени бірлікті таныту қабілеті мен білім деңгейі, тілдік қолданысы екі түрлі болатынын дәлелдейді. Яғни екі жыныс өкілі мәдени құндылықтардың мәнін, мазмұнын кодтау кезінде лакунарлық шеңбер өрісінен шығып кетуі мүмкін. Еркектердің ұлттық мәдени құндылықты өзге біреуге сипаттап, салыстырмалы түрде теңеп түсіндіру қабілеті жетпегендіктен ұғымның толық мазмұны ашылмауы мүмкін. Ал әйелдер жете түсіндіремін деп, басқа ұлттардағы ұқсас құндылықтармен салыстыра сипаттау арқылы адресант санасында ұғымның нақ бейнесін қалыптастыруға тырысады. Бірақ лингвомәдени бірліктер, ұлттық мәдени құндылықтар көп жағдайда баламасыз болады, өзге ұлттан оған ұқсас дүниелерді табу өте қиын болады, тіпті табылмайды да, сондықтан әйелдердің коммуникативтік-прагматикалық әрекетінде де лакунарлық шеңбер өрісінен ауытқу құбылыстары байқалады [152].
И.Н Тартаковская әйел мен еркектердің тіліндегі айырмашылықты олардың жасаған мәтіндері арқылы зерттеуді ұсынады. Белгілі бір құбылысқа не ұғымға берген бағалауыштық пікірінен құралған әйел мен еркектің мәтінін салыстыра отырып және белгілі бір мәтінді қабылдау, талдау, талқылаудан құралған әйел және еркек мәтінін теңестіре отырып, олардың гендерлік медиялық дискурсын анықтауға болатынын атап өтеді. Бұл жерде гендерлік тип емес, гендерлік рөлдің басым көрініс табатынын ескертеді [153, 92б].
Сонымен, гендерлік лингвистиканың негізгі бірлігі әйелдер тілі мен еркектер тілі болып анықталды, ғылым тілінде әйел мен еркек тілінің белгілері гендерлект деп атала бастады. Гендерлект бір жыныс өкілі болып саналатын, бірақ әртүрлі әлеуметтік және кәсіби мәртебеге ие болған адамдардың қарым-қатынасын зерттеу кезінде, жеке тұлғаның (әйел немесе еркек) отбасында, қызметте, таныстары, жақындары, туыстары арасында, жаңа ортаға келген кездегі сөйлеу, қарым-қатынас орнату қабілеттерін анықтау барысында айқын көрініс табады.
Гендерлік лингвистиканың негізгі бірліктерінің қатарына феминділік пен маскулинділік терминдері де енеді. А.Г. Шилина аталмыш ұғымдарды түсіндірудің үш негізгі тәсілін ұсынады: «феминділік – 1. биол. әйел жынысы өкіліне тән физиологиялық ерекшеліктердің жиынтығы. 2. психол. әйел тұлғасына тән дәстүрлі қасиеттердің жүйесі (тәуелділік, жұмсақтық, әлсіздік, нәзіктік, т.б.), әйелдерге тән жыныстық құлық нормаларының сақталуы. 3. әлеум. Белгілі бір мәдени ортадағы әйел жынысына тән ерекшеліктердің әлеуметтік қызметі, орны. Маскулинділік – 1. биол. Еркек жынысына тән физиологиялық ерекшеліктердің жиынтығы . 2. психол. Еркектерге лайықты белсенділік, тәуелсіздік, бірінші болу, билік басқару, шешім қабылдау, өз өзіне сенімді болу, әлді, қайратты болу сияқты құлықтық нормалардың сақталуы. 3. әлеум. Белгілі бір мәдени ортадағы еркекке тән табиғи ерекшеліктердің әлеуметтік сипаты»
Осы белгілер әйелдер мен еркектер тілінде, тілдік қолданысында эмоционалды, экспрессивтік тіл бірліктері арқылы, сипаттау, бағалау, қорытындылау дискурстары арқылы көрініс табады. Сондықтан гендерлект тек қоғамдық, әлеуметтік ғылымдардың ұғымы ғана емес, тіл білімінің де зерттеу нысаны бола алады.
Е.В. Митрухина мен А.В. Бессарабенко гендерлік лингвистика тек екі түрлі жыныс өкілінің тілін зерттеумен шектелмей, бір жыныс өкілінің тілдік даму динамикасын зерттеуге де бағытталуы тиіс деген пікірін айта отырып, қыз бала мен жас аналардың тілін, одан кейін кемеліне келген әйелдің тілін қарастырады, олардың әрқайсысын тілдік қоры мен сөз саптау құрылымының қалыптасу, даму деңгейін анықтауға тырысады. Бірақ психолингвистикалық әдіс-тәсілдерді, яғни бала тілінің қалыптасу мен даму қағидаларын қолданады. Сондай-ақ адамның аялық білімі мен жасанды интеллектісі дамыған сайын, тілдік қоры мен қолданысында болатын өзгерістерді зерттейтін когнитивтік амалдар пайдаланылған. Ал гендерлік сипаты толықтай ашылмағандықтан, бұл мәселені нақты гендерлік лингвистиканың нысаны ретінде алу күмәнді деп санаймыз.
А.Кирилина тілде көрініс тапқан гендерлік ерекшеліктер мен әйел немесе еркектің жеке құлықтық болмысынан, ой-санасынан туындаған тілдегі ерекшелікті қатар зерттей отырып, салыстыра отырып, екі жыныс өкілінің тілдік қолданысындағы жиілікке, сөз мәнерлілігіне, мәтіннің мөлшеріне (қысқа немесе ұзақ), мәтіннің сапасы мен мазмұнына, ондағы ойдың күрделі философиялық немес жеңіл бағалауыштық мәніне ерекше тоқталады. Осы критерийлерді негізге ала отырып, әйел мәтіні мен еркек мәтінін салыстырады. Нәтижесінде қолданыс жиілігі басым, яғни ойын жиі қайталайтын мәтін, ұзақ мәтін, бағалауыштық, сипаттауыштық мазмұны зор мәтін әйелдер тіліне тән болып шыққан [154].
Гендерлік лингвистиканы арнайы қарастырған орыс тілші-ғалымдары жазушы әйелдер мен жазушы еркектердің көркем прозасын салыстыру арқылы тілдегі гендерлік ерекшеліктерді айқындағаны белгілі. Мәселен, Е.Д. Назарова тілдегі гендерлік маркерлердің көрінісін былайша түсіндіреді: «фонетикалық гендерлік маркерлер – дауыс ырғағының төмен не жоғары болуы, екпіннің бәсең немесе жылдам болуы, сөйлеу кезіндегі кідірістерінің айырмашылықтары, дауыс қарқынының жоғары немесе әлсіз болуы, логикалық айқындау деңгейіндегі ерекшеліктері болып танылса, морфологиялық гендерлік маркерлер – еркектердің жалғауды көп қолданбайтыны, әйелдердің изафеттік құрылымды жиі қолданатыны, қыстырма, шылауларды жиі қолданатыны, т.б ерекшеліктер жатады, ал лексикалық гендерлік маркерлер - әйелдер көп қолданатын лексикондар мен еркектер көп қолданатын лексикондарды салыстыру нәтижесіндегі ерекшеліктер саналады, экстрессивті-стилистикалық гендерлік маркерлер - әйелдердің қыстырма, одағай сөздерді, экспрессивті мәнді сөздерді көп қолданатыны, еркектердің дөрекі, анайы сөздерді көп қолданатыны сияқты ерекшеліктер» деп топтастырып көрсетеді [155]. Т.Б. Крючкова көркем проза тіліндегі сөз таптарының жиілігін салыстыра отырып, әйелдер тілінде есімдіктер мен шылау түрлерінің жиі қолданылатыны, ал еркек тілінде зат есімдердің кең қолданыс табатынын атап өтеді. А.А. Вейлерт әйелдердің еркектерге қарағанда лексикон қоры бай болатынын аңғара отырып, әйелдер сын есімдерді жиі қолдануға бейім келсе, еркектер абстрактілі зат есімдерді көбірек қолданатынын дәлелдеп көрсетті.
Нәтижесінде әйелдердің лексиконы стереотип, ассоциацияны тез сезетін сол арқылы ойын эмоционалдық, иррационалды, бейнелі жеткізуге бейім болатыны, ал еркектер шынайы қабылдап, ақиқат дүниені тура қабылдайтын қабілеттері сай, ойын рационалды, тура мағынада жеткізуге бейім болатыны айқындалды. И.Г. Овчинникова бұл ерекшеліктерді екі жыныс өкіліне тән биологиялық, физиологиялық, яғни табиғи қабілет деп танып, әйелдердің көбінесе гуманитарлық саланы, филолог мамандығын таңдайтынымен, ал еркектердің негізінен техникалық саланы, физик, химик, инженерлік мамандықты таңдайтынымен дәйектейді.
Е.А. Земская еркектер мен әйелдердің ассоциативтік өрісін салыстыру арқылы феминистік тілдің символдарға, бейнелерге, троптарға, фразеологизмдерге толы екенін, ал еркектердің нақты зат атаулары мен нақты ұғымдық түсініктемелермен шектелетінін атап өтеді.
Осындай зерттеулердің нәтижесі бір ғана қорытындыны көздейді. Ол - әйел тілінің тілдік қоры еркектерге қарағанда мол, әрі бейнелі, эмоционалды, бағалауыштық, сипаттауыштық мағынаға бай, ал еркектер тілі қысқа, әрі нұсқа, тура мәнде жеткізілетін түсініктеме, анықтама тәрізді, стильдік реңкі солғын, бірақ шешімді, түйінді мазмұнымен ерекшеленеді.
Біздің ойымызша, әйел тілі мен еркек тіліне берілген бұл жалпы сипаттама дұрыс және ол екі жыныс өкіліне тән табиғи, құлықтық ерекшелік деп білеміз. Дегенмен де әйел тілі мен еркек тілі әрқашан осы критерийлерді ұстап тұрмайды. Әйелдің де тілдік қоры еркекке тән қысқа, тура мәнде болуы мүмкін. Керісінше кейбір еркектердің шешендік, суырып салмалық қабілеті басым болып, көп сөйлейтін, мәнерлі сөйлейтін қасиеті байқалуы мүмкін. Осындай ерекшеліктерге біріншіден, тұқым қуалаған гендік қабілеттер, мінез-құлықтар ықпал етеді. Екіншіден, кәсіби ортасы, мамандығы, қызметі ықпал етеді. Үшіншіден, өмір сүріп отырған ортасы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар да өз септігін тигізеді деп санаймыз.
Мәселен, қазақ халқы - сөзге шешен, суырып салмалық қасиеті дарыған, аз сөзбен күрделі ойды жеткізуге бейімделген, астарлап сөйлеп ұрпағын тәрбиелеген, қиялы ұшқыр халық. Қазақ халқының тілі негізінен бейнелі, көркем мағыналармен метафораланған тіл. Қазақтың әйелі болсын, еркегі болсын белгілі бір ұғымды түсіндіру барысында теңеумен немесе тұрақты тіркеспен ұғындыруға тырысады. Себебі тілімізді қолданымдық құрылымы соған бейімделген. Сондықтан қазақ тілінің гендерлік аспектісін осы мәселелердің төңірегінде қарастыру қажет сияқты.
Қазақ тіл білімінде гендерлік лингвистика мәселесін қарастырған ғалымдар қатарынан Э.Д.Сүлейменова, Б.Хасанов, Г.Шоқым ерекше орын алады. Э.Д. Сүлейменова гендер лингвистикасын тілді пайдаланушылардың жыныстық айырмашылықтарына байланысты тілдік құбылыстарды зерттейтін айрықша лингвистикалық пән деп танытады [156].
Б.Хасанұлы тіл біліміндегі гендерлік бағытты қалыптастыру жолдарын көрсете келіп: «тіл ғылымында қазақы гендерлік бағытты қалыптастыру қазақ тілінде ауызша, жазбаша тараған мұралардың негізінде толық іске асары хақ», - деген болатын [157]
Сондай-ақ Г.Шоқым қазақ тіл біліміндегі гендерлік лингвистиканың бастамасы Қ.Жұбанов зерттеулерінде ерекше көрініс табатынын айта отырып, ғалымның осы аспектіде зерттеген тұжырымдаларын келтіреді: «Қ.Жұбанов әртүрлі халықта әйелдер тіліне тән ерекшеліктер болатынын атай келіп, әйелдерге ғана арнаулы, жүйелі болмаса да, әйел тілінің өзгешелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі әйелдерде ғана болатын «ернін шығару» (кеміткенде), «бетін шымшу» (ұятсынғанда), «аузын шылп еткізу» (таңданғанда), «аузын быртылдату (кекеткенде) құбылыстары», - дейді [158, 41б]
Қазақ тілінің гендерлік аспектісін зерттеген Г.Шоқым қазақ халқының ұлттық болмысына тән тіл мен биліктің сабақтастығын гендерлік қырынан қарастырады: «Қазақ дәстүрлі қоғамында ел басқару, әкімшілік істердің тізгінін ер-азаматтар ұстаған. Тіліміздегі хан, сұлтан, би, бек, ел ағасы, ауыл ақсақалы, ру басы, қазы, төре, т.б. ер адамдарға қатысты қолданылатын сөздер әлеуметтік дәреже-лауазымды білдіретін гендерлік лексиканы құрайды. Бұл топқа патша өкіметінің қазақ даласын билек кезеңінде жиі қолданысқа түскен болыс, майыр, старшын, онбасы, елубасы, т.б. гендерлік атауларды да жатқызуға болады», дей келе, билікті басқаратын қазақ ерлерінің гендерлік рөлін былай көрсетеді: би-көсем, би-заңгер, би-елші, би- батыр, би-саясаткер. [159] Сондай-ақ халқымыздың арғы тарихында да билікке араласқан әйелдердің гендерлік қызметін Томирис, Айша бибі, Домалақ ана, Бегім ана, Қызай, Бопай ханшалардың ел басқарушылық, ұлтты тұтастырушылық идеяларымен сабақтастырады.
Сонымен қазақ тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізгі зерттеу аспектісі еркек тілі мен әйел тілі арасындағы айырмашылықты тілдік қарым-қатынас аясында, көркем мәтін құрамында, фразеологиялық, паремиологиялық қор құрамында қарастырумен ғана шектелмей, әйел тілі мен еркек тілінің өзгеру динамикасын ұлттық гендерлік тілдік сипат пен қазіргі тілдегі гендерлік ерекшелікті салыстыра отырып зерттеу жүзеге асырылған.
9-лекция
