- •Әлеуметтік лингвистика ғылымының негізгі ұғымдары
- •Әлеуметтік лингвистика саласының ғылым ретінде қалыптасу тарихы және даму кезеңдері
- •Мемлекеттің әлеуметтік-коммуникативтік жүйесі. Тілдік жағдаят. Мемлекеттік тіл мәртебесі.
- •Көптілділік және қостілділік мәселелері.
- •Тілдік жоспарлау. Тіл саясаты.
- •Ә леуметтік тіл білімі
- •Тілдің өміршеңдігі (витальность),
- •Әдеби тілдің сақталуы мен жаңаруы. Қарапайым лексика: жаргон, арго, сленг. Жастар тілі
- •Гендерлік тіл: әйел тілі мен ерлер тілі. Олардың қоғамдағы рөлі
- •Қазақ диаспорасының эндогенді және экзогенді тілі
- •Социолект: мезолект, базилект, акролект
Тілдің өміршеңдігі (витальность),
Тілдегі толеранттылық.
«Қазақ тілінің болашағы күңгірт», «құрдымға бара жатыр», «құртып жатыр» деген байбалам сөздер бәлкім сананы ұйықтатпау үшін керек болар. Бірақ бұл сөзге қатты елігіп, өзеуреп кетудің, екі иығыңды жұлып жеп, өзгені түңілдірудің қажеті шамалы. Мәселенің шын мәнісіне қарайықшы. Біз қандай жағдайда отырып, қазақ тілін мемлекеттік тіл еттік? Біз бірнеше ұрпақ ана тілім деп орыс тілін таныған, қазақ тілін отбасы, ошақ қасында, ауылда сөйлеген, қалада естілсе, оның өзі ауылдан қалаға келгендердің бөлмесінде, екеуара, үшеуара әңгіме арасында ғана, өз ішінде құлыпталып сөйленетін, ал көшеге шыққанда тұншығатын, егер сөйлесе қалса, өзгелер бажырайып қарайтын тілді әкеліп, көпұлтты, көпмәдениетті елге, қазақтардан орыс ұлтының саны сәл ғана аз елге қоғамдық қатынас тіл еттік. Біз «таза» орыстанған қазақ ұрпағы көбейген кезеңде, санасы, менталитеті ауысқан, дүбәра болған кезеңде қазақ тіліне мәртебе алып бердік. Қазақ тілінің қаймағы қай кезден бұзылып еді? ХХ ғасырдың басына дейін қазақ тілінің жанына сызат түспеген. Қалай өкімет өзгерді, қалай өркениетке, сауаттануға, білім-ғылымға ұмтылдық, солай орыс тілінің көмегінсіз болмайтынына көз жетті (бүгінгі таңдағы ағылшын тілінің «мәртебесін» есіңізге салмай ма?). Алғашқы қазақ зиялылары қазақ тілімен қатар орыс тілінде сауатты сөйлеп, жаза білді. Ғылым-білімді орыс тілі арқылы алды. Өз ұрпағын да орыс тілінде сауатын ашып, оқыта бастады. Сөйтіп, қазақ тілінің бірегейлігіне жарықшақ түсті. Енді қазақ тіліне қарағанда орыс тілін жақсы білетін, қазақ тілін сөйлеу тілі ретінде ғана қолданатын ұрпақ келді. Кейінгі ұрпақтың қаладағысының өзі де орыс, баласы да орыс, айналасы, араласатындары да орыстілді болды. Ауылдан келіп жоғары оқу орнына түскен қазақтілділер оқу үдерісі кезінде, тіпті өз ұлты өкілдерінен көрген “қорлықтарын” баласы көрмеу үшін баласын орыс бақшасына, орыс мектебіне берді. Сөйтіп, біз оқыған, қазақ ұлтының бет-бейнесін танытатын зиялы қауымның орыстанған жағдайында қазақ тілін мемлекеттік тіл еттік. Енді бүгінге қараңыз. Осыдан 10 жыл бұрын қазақ мектептерінде, қазақ бала бақшаларында, жоғары оқу орындарының қазақ бөлімдерінде сабақ қазақ тілінде жүргізілгенімен балалардың өзара қатынас тілі орыс тілі еді. Үзіліс кезі, мектептен соң қыдыру кезінде орысша сөйлесетін. Бүгінде жас буынның күнделікті сөйлеу тілі қазақ тіліне айналғанына құлағымыз үйренді, таң қалмайтын болдық. Кеңес дәуірінде білім алған біз сияқты, орталау буын, орта, аға буын шошынып қарайтын аударылған шетелдік терминдерді бүгінгі бала буын да, жас буын да еш жатырқамай қабылдайды, тілінде қолданады. Сонда бұл бүгінде тұрмыста, күнделікті қарым-қатынасында, мектепте, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде сөйлеп келе жатқан ұрпақ, келесі ортасы – жұмысында, қызмет, іскери қарым-қатынасында қазақ тілінен басқа тілде сөйлей алмайтын болады деген сөз. Жаңа ұрпақтың жасы қазір 17-де, енді бір 16 жылда қазақстандық кәсіп иелері қызмет барысында қазақ тілінде сөйлеседі, іс қағаздары қазақ тілінде жүреді деген сөз. Сондықтан ендігі қадам іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруді аяқтау дұрыс жоспарланып отыр дейміз. Бұрындары және қазір де қазақ тілінде бір-екі сөйлем айта білген, «нан тауып жейтін қазақшасы» бар орыстілділер ойсыз жүретін. Енді жазуға келгенде тілдің бүкіл жүйесі мен құрылымын білмесең, сол тілде жаза алмайтынын түсінді. Сөйтіп, қазақ тілін шындап үйренушілердің саны көбейді. Жазуды балабақша, мектеп үйрететін болған соң, бүгінде қазақ балабақшаларының әр топтарында бір-екі орыс балаларын көретін болдық, олар ертең қазақ мектептеріне барады. Қазақ балабақшасындағы балалардың шамадан тыс көптігі жаңа топтардың ашылуын күтуде. Қазақтар балаларын қазақ мектебінен орыс мектебіне ауыстыруды қойды.
Сонымен, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары қазақ бөлімдерінде (ішінара қиындықтарымен, кедергілерімен оқытылып жатқан) қазақ халқының жаңа қазақтілді ұрпағы өсіп келеді. Қазақ тілінің қолданысы дүкен, емхана, қоғамдық қызмет көрсeту салалары, банк т.б. жерлерде кеңейгеніне, күшейгеніне куәміз. Қазір екі тілде өте сауатты кәсіби мамандарды, әсіресе бұрын қазақ тілін жолата бермейтін қаржы, банк саласының қызметкерлерін көріп көз де, көңіл де қуанады.
Тіл – табиғи құбылыс. Табиғи құбылыстың бірте-бірте жүретіні белгілі. 1991 жылдан бергі 18 жыл – орыстанған тілдік орта, қазақ ұлты қалыптасқан елді қазақ тіліне қайтарып алуға қажетті көп уақыт емес, аз уақыт. Біз өтпелі дәуірде тұрмыз. Болашақтағы қазақ тілінің іргесін қалап жатырмыз. Уақыт керек. Ұрпақ алмасу керек.
Сонымен, қазақтілді ұрпақ келеді, ағайын. Ол ұрпақ бүгін 18-де. Олар қазақ тілінің өміршеңдігіне нық сеніммен келе жатыр. Орысша ойлап, қазақша сөйлесе де, әдеби тілдің нормасын жетік меңгере қоймаса да, әдеби тілді жоғары деңгейде пайдалануға тырысып, жалтақтамай сөйлейді. Иә, ең бастысы жалтақтамай сөйлейді. Олар январь, февраль деген ай аттарын білмейтін, қаңтар, ақпанды ғана танитын, ағза, жасуша, сынып, дәрумен сияқты сөздерден шошынып жүрген біз сияқты аға, ата ұрпаққа «жоқ, осы қазақша атаулар дұрыс! Аударылатын шеттілдік терминдерді аудару керек» деген ұлтжанды пікірі бар ұрпақ.
Бір мысал. Жақында Алматы қаласындағы «Таугүл» ықшамауданындағы №175 мектептің 10 сынып балалары бір күнді тек қазақ сөздерімен сөйлейтін күн етіпті. Ресми түрде емес, өз ішінде ғана, өз бастамаларымен. Оқушылар бірде-бір шеттілдік терминдерді, күнделікті тұтынатын, орысша аталатын зат атауларын атамауға уәделесіпті. Сөйтсе, бір бала бақылау жұмысы үстінде қазақша аудармасы жоқ штрихты басқа баладан сұрай алмай, біраз қиналыңқырап барып: «шытырыйқыңды бере тұрасың ба»деген екен (балалар кейінге дейін мұны күлкіге айналдырып жүрді). Сонда екінші оқушы: «жоқ, одан гөрі ақтағыш дейік» депті. Сөйтіп, оқушылар қазақша атауы жоқ күнделікті тұтынатын заттарына қолма-қол атау жасаған екен. Қала балалары!2000 жылғы көше, теледидардағы жарнамалар қандай еді, адам шошырлық емес пе еді, қазір қандай?
Енді қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін, өміршеңдігін одан әрі қалай бекіте түсу керек? Ендігі қадам не болмақ?
Біздіңше, ендігі қадам – іс қағаздарының қазақ тіліне ауыстырылуы, тағы да қайталап айтсақ, дұрыс жоспарланып отыр. Жазу ол – бекітетін құрал, ол – ойды жүйелейтін, тілдің табиғатын танытатын құрал. Және жазу – тілді білудің, жүйесін танудың жоғарғы сатысы. Ауызша тілде қалай болса, солай сөйлеп, әйтеуір ойын жеткізетін орыстілді қазақтарды «жап-жақсы, үйреніп қалды» деп қол соғып мәз болатын дәуір сонда келмеске кетеді. Ондай қазақтар енді қазақ тілінің жүйесін, нормасын, әдеби тілдің нормасын меңгеруге мәжбүр болады. Жазба сауаты, қолданыс деңгейі төмен әсіресе орыстілді қазақтар енді шын мәнінде қазақ тілін үйрене бастайды. Өзге ұлт тілді үйренуді көбейтеді.
Бұл бір. Екіншіден, қазақ тілінің өміршеңдігі – оның әдеби түрін қолдануға байланысты. Қазақ тілінің бар лексика-фразеологиялық байлығын пайдаланып, грамматикалық нормасын, орфоэпиялық нормасын сақтап, ойын дәл, айқын, нақты жеткізетін орта бізде өте аз. Шағын топтың ғана аузында (жазушы, қайраткер, ғылым-білім саласы өкілдерінде). Сондықтан бүгінде қазақ тілі ауылдың тілі, отбасы, ошаққасының тілі, аграрлық тіл деген көзқарастар көрініп қалады. Орыс тілінің өміршеңдігінің бірі сонда – орыс әдеби тілін кез-келген тұтынушы жақсы, еркін пайдаланады («әне, қарашы, орыстың қаршадай баласына дейін орысшаға судай» деген сөздің жаны бар). Өткенде О. Сүлейменов бір сұхбатында Ресейдің атақты математигі жақсы математик болу үшін не істеу керек деген сұрауға, мектепте әдебиет сабағының сағатын көбейту керек деп жауап бергенін айтады.
Ендеше әдеби тілдің қолданыс аясын кеңейтуді мектептен бастау керек. Кеңес дәуірі кезіндегі мектептерде баланың тіл байлығын көтеру үшін шығарма жаздыратын. Кейін, қазір реферат жаздыру сәнге айналды. Оны әр жерден, интернет, кітап, журнал беттерінен көшіріп алып, әдемілеп безендіріп өткізгендеріне мәзбіз. Шығармалар да солай. Бүгінде шығарма оқушының өз сөзі ме, ақын-жазушы, қаламгерлердің сөзі ме, оған назар аударылмайды. Шығарманың бас-аяғы – кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды сақталды ма, соған және бет саны мен орфографиясына назар салынады. Жоғары оқу орны филология факультеттерінде бір бет болса да, өз ойларыңды жазыңдар деп берген жұмыс тапсырмаларын дұрыс орындап келетін бір студент шықпай жатыр бүгінде. Сондағы біздің ойымыз, оқушының әдебиет пәнінен білімін бағалаудың бір өлшемі ауызша түрде өз ойын дұрыс жеткізе білуге байланысты болса дейміз. Тәлімгердің әдеби тілде сөйлеу мәдениетін көтеру, ойын ана тілінде дұрыс жарыққа шығара білуді меңгерту 10-11 сынып әдебиет пәні мұғалімінің басты міндеті болу керек сияқты.
Бүгінгі мектеп бітіретін түлектің тілі, бүгінгі студенттің сөз саптауы – болашақ маманның тілі. Тілімізді өшірмейміз десек, әдеби тілдің өміршеңдігін ойласақ, қазіргі жастарымыздың тіліне бей-жай қарамауымыз керек. Тілдің өміршеңдігі әдеби тіл лексикасын, нормаларын жалпы халықтық қолданысқа айналдырумен байланысты. Біз мектепке бармаған орыс ұлтының баласы орыс әдеби тілінде тақылдап, мүдірмей сөйлеп тұрғанын көп көреміз, оған кейде дағдылы жайдай етімізді үйретеміз, өзге ұлт, орыс ұлты солай болуы керек сияқты, еш таңғалмаймыз, болмаса “бесіктен белі шықпай тақылдап” деп күндейміз, әйтеуір үлгі тұтпаймыз. Керісінше балаларымызды әлі кішкентай көріп, сұрағына баланың шүлдір тілімен жауап береміз, болмаса үлкеннің алдын кес-кестеме, үлкендер сөйлеп отырғанда ортадан қосылма, сөзін бөлме, қарсы сөйлеме дейміз.
«Сөзден – сөз туады, сөйлемесең неден туады», «сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дейміз тағы. Әдеби тілді жалпы қолданысқа түсіруді баланың сөзіне шек қоймаудан бастау керек. Кішкентай кезінде қарапайым сөйлеу тілін, ауызекі, бейтарап сөйлеу тілін жетік меңгеріп алған бала, ересектеу шағында өзі-ақ тіліне, сөз саптауына жоғарылау талап қоя біледі.
Ал бүгінгі қазақ жастарының тілі ше? Әрине, тілге шорқақ, тілдері шолақ. Немесе әдеби тілде сөйлеу осы екен деп, бей-берекет сөйлеу басым. Бұл арада, тіпті, лексика-фразеологиялық нормадан, синтаксистік нормадан ауытқу деген әңгіме жоқ. Біз, оқытушылар, көбінде жас буынның тілін үйге берілген тақырыпты сұрағанда, белгілі бір мәселеге байланысты пікірін тыңдағанда байқаймыз. Мұнда екі түрлі жағдай бар: 1) студент не оқушы жазба мәтіннен оқығанын мәтіннен көп ауытқымай, сол қалпында баяндап беруге немесе біреудің жазылған сөзін сол қалпы жаттап алуға тырысады. Соны өзіне міндет санайды, баяндау кітапта жазылғандай шықса, жақсы сөйледім деп ойлайды. Кей тәжірибесіз, жас мұғалім де солай қабылдап, жақсы бағалайды. Ал, шындығында, бұл дұрыс емес. Бұл — жаттап алған біреудің сөзі, сенің өн бойыңнан қайта қорытылып, өтпеген сөз, кітаби сөз, жаттанды сөз. Өз ішіңнен қайта қорытылып шыққан сөз жаттанды болмас еді. Ал жаттанды сөз айтсаң, ол тыңдаушыңның құлағына кірмеді де, әсер ете алмадың де. Сондықтан пән мұғалімі, оқытушы шәкірттің мәтінді ауызша аудиторияға жететіндей, жазба тілден ауызша тілдің құрылымына өз сана-сезімі арқылы кодталған, ауызша әдеби тілдің нормасын сақтаған сөзбен баяндап беруін талап етуі керек. 2) Бүгінгі жастар өзінің шынайы пікірін өзге тілдің элементтеріне жүгірмей, сөйлеу тілін пайдаланбай, таза әдеби тілде жаппай білдіре алмайды. Қала мектептерін бітірген оқушылар тіпті сөйлемдерін әлі дұрыс құрап жаза алмайды. Сондықтан мектеп рефераттан гөрі, пікір жаздыртуға, кітап, журнал-газеттерден көшірілмеген, өз ойы көрінетін шығарма алуға тезірек көшу қажет.
Сонымен, әзірге екі түрлі нәрсе қазақ тілінің өміршеңдігін одан әрі бекіте түспек дейміз: өзге ұлт өкілдері мен орыстілді қазақтарға қазақ тілін үйрету үшін іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіруді бастау немесе аяқтау қажет. Сондай-ақ қазақ тілінің әдеби нормасын меңгертуді басты мақсат етіп, әдіс-тәсілдерін көбейту керек.
7-лекция
