Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекции по социолингвистики.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
128.23 Кб
Скачать

Мемлекеттің әлеуметтік-коммуникативтік жүйесі. Тілдік жағдаят. Мемлекеттік тіл мәртебесі.

Бүгінгі күні тәуелсіздігімізге 20 жыл толып отыр. 20 жыл бойы қазақстандық халықты қазақша сөйлету үшін қыруар жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, айтарықтай оң нәтиже көрінер емес, тек өте баяу қарқынмен іргелі жылжып келеді. Осы тұста Ә. Кекілбайдың айтқан ой-түйіндері, пікірлері еске түседі: «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қазақ тілін көкпардың лағындай қайта-қайта саяси талапайға салып баққысы келгендер аз болмады.... Бірақ, ана тіліміздің ат жалынан тартып мініп арындап ала жөнеле алмай жатқандығы – тек мұндай сотанақ күштер мен қитұры кедергілерден ғана емес еді. Ең бастысы, тоталитаризм мен отаршылдық психологиясына әбден бауыр басып, ғасырлар бойы салпақтаған соқпақтан шыққысы келмейтін ұлттық нигилизмнен әлі арыла алмай жатқандығымыз еді. Елінің де, тілінің де болашағына онша сене қоймайтын, сырттай қарағанда жаңалыққа бас шұлғып тұрғандай көрінгенмен, көкейінде бойы үйренген баяғысына көбірек мойын бұрып тұратын солақай сананың солқылдақтығынан еді. Ол солқылдақтық нарық пен демократияны тәуелсіздікпен ұштастыра қарамай, ауыспалы кезеңде ауыздары майланып қалған қауымның қай-қайдағы тауыстырмас «желбуаз» мүдделеріне жем қылғысы келмейтін топшылдық эгоизм мен элиталық снобизмге ұласты. Әлдеқашан мемлекеттік статус алған тіліміздің әлі күнге мәртебесіне сәйкес пәрмен ала алмай жүргендігі де содан еді. Тіліміздің жүтаңдығынан емес, өзіміздің кісілік жұтаңдығымыздан еді.

... Бүгінде мемлекеттік тіліміздің адымын аштырмай тұрған – осы заманғы ақыл-ойдың биігіне көтеріліп алған өрелі элитаның өз деңгейінен кенде жатқан байырғы тілді қомсынғандығы емес, кешегі бодандық сана бүгін әр нәрсеге бір құмартқан әуені сипатқа ауысып, утилитарлық пайдакүнемдіктің тығырығына тіреліп, өздерімен қоса бүкіл ұлттық сананы да сол тұйыққа қамап, шығарғысы келмейтін салбөксе самарқаулықтан.

... Тіл намысы – ел намысы екендігін ұмытып, ұлт намысын түгендеп алар тұста: «Қазақша оқыған балаң ертең нанын таба ала ма, жоқ па?!» деген кешегі қоркөкірек уайымның енді «Орысша оқымаса, балам ертең бай бола алмай, бастықтыққа қолы жетпей шерменде болып қалып жүрмей ме?!» деген көркөкірек пысықайлықпен алмасып, «қуанышы, қайғысы от басынан аспайтын» күлдікөмеш пиғылдан алысқа ұзап кете алмай жүргендігімізден. [147, 140б]

Демек, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру үшін ең алдымен, жалпы әлеуметтің тілдік санасын оятатын жолдарды анықтау қажет. Екіншіден, жалпыхалықтың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне кедергі келтіретін факторларды анықтау керек. Демек, әлеуметтік тіл білімін адам, халық санасына тілдік ықпалын қарастыратын когнитивтік тіл білімін сабақтастыра отырып, зерттеу қажет секілді. Одан бұрын «қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қызмет ету дәрежесіне жетті ме?» деген мәселенің басын ашып алу қажет.

Қазақ тілінің өз деңгейінде қолданысқа түспей, әлеумет ортасында ұлттық тұғырына жете алмай отырғанының басты себебі тілдің тәжірибь жүзіндегі қолданбалы аспектісінің жүзеге аспай отырғаны деп көрсетеді. Ал қолданбалы тіл білімін зерттеушілердің пікірінше және практикалық қазақ тілін үйретушілердің пікірінше қазақ тілін меңгертуде кездесетін кереғар қайшылықтар болады екен. Яғни «қазақ тілінің ішкі құрылымының өзі толық зерттеліп болған жоқ» деген ұстанымды негіз етеді. Бүгінгі күнге дейін қазақ тілінің ғылыми зерттелу дәрежесі барша қазақстандықты (өзге ұлт өкілін немесе шала мәңгүрт қазақты) қазақ тілінде сөйлетуге , ойын қазақ тілінде еркін айтуға бейімдеу үшін жеткілікті әрі қолжетімді ғылыми базаға бай. Қазақ тілі ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген деген пікірлер тілдің ғылыми-теориялық негіздемелерінің шашыраңқы, яғни ғылыми еңбектер мен диссертациялар деңгейінде қалып, бірізділікпен жүйеленіп, жинақталмай отырғандығында болса керек.

Демек, жалпы қазақ тілін үйренушілерге арналған « Қазақ тілі» оқулығына да, ғылыми-теориялық негіз беретін «Қазақ тілі» оқулығына да жаңа анықталған ғылыми зерттеу тұжырымдарын, ғылыми жаңалықтарды енгізе отырып қайта шығару кезінде оқулық құрастырушылар құрамында тілші ғалымдарды қосу керек. Расында да қазақ тілінің қолданымдық тәжірибесінде кездесетін кейбір уникалийлер мен өзгертілген ғылыми ережелерді, жалпы ережелерден тыс ескерілетін өзгеше тілдік құбылыстарды үйретуде, меңгертуде оқытушы мен мұғалімнің ізденісі жетіңкіремей жатады. Қазақ тіліндегі жаңаша ғылыми жаңалықтармен таныстырып отыратын білім жетілдіру институттарының әдіскерлері Тіл білімі институтымен тығыз байланыс жасап отыруы керек сияқты. Ал әдіскерлер оқулық, әдістемелік құрал жасауда сонда жүйеленіп, біріздендірілген ғылыми негізге сүйене отырып жасауы тиіс. Осы ойымызды Ә.Кекілбаевтің тұжырымдамаларымен ұштастыра кетейік. Жазушы, саясаткер, мемлекеттік тілдің жанашыры Ә.Кекілбай тіл мәртебесін арттыруда атқарылмаған істерді былайша баяндайды: «тіл туралы заңды әуелі білім беруден бастауымыз керек еді. Қазақ тілін үйретумен шектелмей, барлық пән бойынша барлық деңгейде толыққанды білімді қазақша берумен жүзеге асыруымыз керек еді ғой, сонда ғана ол білім тіліне айналмай ма?! Ол үшін бастауыш, орта, жоғары оқу орындарына керекті барлық пәннің оқулықтары қазақша шығуға тиісті болатын. Қолда бар интеллектуал күштердің барлығы да сондай «Оқулықтар» бағдарламасын жүзеге асыруға ат салысса лазым. Ғалымдарымыздың ең таңдаулыларына оқулық жаздырып, олардың ең жақсыларын ең мықты деген аудармашыларымызға аудартқан дұрыс. Осындай іргелі істі бітірмей тұрып, білім алуды жөнге қойдық деуге әлі ерте. ... Егер барлық пән бойынша барлық дәрежеде білім бере алсақ қана, ана тіліміз мемлекеттік тіл бола алады. Онсыз биліктің тілі, ұлттық тіл, мемлекеттік тіл болмай, аудармашылар мен халықтың белгілі бір бөлігі ғана білетін этнографиялық құбылыс күйінде қала береді. Әлі де осыдан бастамай тұрып, мемлекеттік тілді ұлттық дамудың басты құралына айналдыра алмаймыз»,- деп көрсетеді.

Сонымен қазақ тіл білімінде өз жемісін бере бастаған әлеуметтік лингвистиканың басты зерттеу бағыттары мыналар деп танылып отыр: мемлекеттік тілдің бірегей ұлттұтастырушылық қызметі арқылы мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің ұлттық дамудың басты құралына айналдыру жолдарын қалыптастыру, қостілділік, тіл саясаты (лингвосаясаттану), гендерлік тіл білімі, тіл экологиясы әлеуметтік тіл білімінің ең өзекті де маңызды аспектілері болып табылады.

Қазақ тілінің сөздік қоры мен сапалық деңгейі өзге тілдермен салыстырғанда құрамы мен мағынасы жағынан да, эстетикалық, функционалдық қызметі жағынан да еш тілден кем түспейтін, арғы-бергі тарихы бар, көне этнографизмдер мен даналы-пәлсафалық мән-мазмұнға бай тіл деп бағаланады. Сондықтан да қарапайым сөйленіс қарым-қатынасында да, ғылыми-техникалық өндірісте де, саясат пен мемлекет ісінде де, медицина, спорт, туризм, өнер, мәдениет пен білім салаларында да қазақ тілі өз мүмкіндіктері мен құндылықтарын жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Тек оны заман талабына сай одан әрі жетілдіру үшін біріншіден, барлық салаға ортақ болатын терминдерді бірізділікке салып, аударылуыға тиісті терминдерге халықтың көңіліне қонымды, дөп келетін балам беріп отыратын тілші-ғалымдардың, терминшілердің, тіпті сала мамандарының басын біріктіретін ғылыми орталық керек. Екіншіден, халықтың тілге деген құрметін, тілді үйренуге деген шынайы еркін талпынысын, яғни тілдік санасын оятатын «қазақ елінің мемлекеттік тілінде сөйлеу парызым» деген ұлттық идеологияны жеткізіп отыратын іс-шараларды ұйымдастырып, оның оң нәтижелі болуын бақылайтын басқармалар керек. Осы істі тілдерді дамыту орталықтары басты міндеттеріне алуы тиіс. Демек, қазақ тілі өзінің мемлекеттік мәртебесіне толыққанды ие болуы үшін, қазақ тілінің тілдік саясаты өз деңгейінде қызмет етуі үшін осылайша материалдық жағынан да, идеологиялық жағынан да қатар іске кірісуі керек. Қазақ тілі нақ осылай ғылыми негізде ғылыми-техникалық қорын толықтырып алса, әрбір мекемеде, оқу орындарында, бала-бақшаларда қазақ тілін үйрететін, оның мемлекеттік тілдегі дәрежесін түсіндіретін ұйымдар болса, қоршаған ортада, отбасында қазақша сөйлеу дағдысы қалыптасса, жан-жақтан болатын қарқынды қысыммен жұмыс жүргізілсе, мемлекеттік тілдің төрден көрінетін күні де жақындайтын болады.

4-лекция