Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекции по социолингвистики.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
128.23 Кб
Скачать

ЛЕКЦИЯ МАЗМҰНЫ

1-лекция

Әлеуметтік лингвистика ғылымының негізгі ұғымдары

Тіл мен қоғамның өзара сабақтастығынан, бір-біріне ықпал ету факторларынан туындайтын тілге қатысты мәселелер, яғни әлеуметтің, қоғамның тілді өзгерту, түрлендіру, топтарға бөліну, саяси, мәдени, аймақтық, ареалды сипаттарға іріктеу, бірінші дәрежелі, екінші дәрежелі тілдер деңгейіне таптастыру, қоғам тілі, жастар тілі, отбасы тілі, т.б. сияқты типтеріне ажырату аспектісін анықтау мәселелері тіл білімінің жеке ғылым саласы - әлеуметтік лингвистиканың қалыптасуына негіз болды. ХХ ғасырдың 60 жылдары әлеуметтік лингвистика саласына қатысты зерттеулер қарқынды дами бастады. Алғаш рет У.Брайт тілдік және әлеуметтік құбылыстар арасындағы каузальді байланыстың табиғатын анықтаудың әдістемелік жолдары туралы басты мәселелерді қозғай отырып, өз дәуіріндегі әлеуметтік лингвистика бағытының тілді зерттеуден гөрі, әлеуметтану мәселелерін зерттеуге ойысып бара жатқанын ескертті. Сондықтан әлеуметтік лингвистика саласының негізгі зерттеу нысандары мен тілдік бірліктерін, басты ұғымдарын айқындап алуды ұсынды.

Американдық әлеуметтік лингвистика әлеуметтік диалектілерді арнайы қарастыруды алға қойды. Осыдан барып, қала тілі мен ауыл тілінің айырмашылықтары болатыны, одан кейін адамның әлеуметтік мәртебесі, біліми әлеуеті, өмір сүру деңгейіне қарай қарым-қатынас тілінің де өзгеру құбылыстары жіті қарастырыла бастады. Осы кезде адамның қарым-қатынасынан оның немен айналысатынын, яғни кәсіби деңгейін (инженер, кәсіпкер, студент, мұғалім немесе экономист екенін ) анықтауға болады деген қағида қалыптасты.

Осы өзекті мәселені шешуге тырысқан Е.Д. Поливанова, В.М. Жирминский, Б.А. Ларина, М.В. Сергиевский, Л.П. Якубинский, К.Н. Державин бір ұлттың, бір мемлекеттің ішінде екі немесе үш тілдің қатар қолданылу ерекшеліктерін, яғни билингвизм мен диглоссияны әлеуметтік тіл білімінің негізгі зерттеу нысаны етіп алды. Ал Манфред Юсселер мен Роджер Бел тілдің әлеуметтік сипатын адамдар арасындағы қарым-қатынаста қалыптасатын кодтың бірінен екіншісіне берілу амалдарының, стереотиптің берілу амалдарының, жеке тұлға санасында қалыптасқан ойдың қоғамдық ортаға түскенде әлеуметке қандай ықпал жасайтыны тұрғысынан қарастырды.

У.Лабова тілдің әлеуметтік бағытын тілдік қатынастардағы жас ерекшеліктің, білім деңгейінің, кәсіп пен тіл тұтынушының этникалық құндылықтарының объективтенуінен, көрінуінен бастау қажеттігін ескертеді [143]. Қазіргі таңда ресей тіл білімінде әлеуметтік лингвистиканың ұғымдық аппараты тілдің горизонтальді (тік) және верикальді (көлденең) құрылу сипатына негізделіп зерттелінуде. Горизонтальді тілдік құрылым - аймақтық диалектілер, региалектілер болып саналады. Вертикальді тілдік құрылым қатарына кәсіби жаргондар, маргиналды топ арасындағы сленг, жастар тілі, әскери сленг енеді.

В.М. Жирмунский: «елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайы тілге үнемі өз ықпалын тигізіп отырады. Қалаға жаппай көшу (урбанизация), БАҚ қарқынды дамуы, білім алу деңгейінің өсуі салдарынан әдеби тіл диалектінің қолданылу аясына едәуір әсер келтіреді. Осыған орай бір ғана жеке тұлғаның идиолектісінде диалекті мен әдеби тілдің өзара бәсекесі туындайтын жағдаяттар жиі кездеседі» деп көрсетеді [144].

Тіл – қоғамдағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Тіл - әрбір елдің,

әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын танытатын, оны сақтап қалатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ұлы қазына. Сондықтан бүгінгі таңда тілдің құрылымдық, коммуникациялық қызметтерінен басқа да қызметтік қасиеттерін анықтау терең зерттеуді талап етіп отыр.

Демек тіл білімі мен оның салалары бірнеше ғасырдан бері құрылымдық тіл білімінің негізінде қарастырылып келді, яғни таза тілдік, тілдің өз ішіндегі қызметтері негізінде ғана зерттелінді. Алайда 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басынан бастап зерттеуші ғалымдар тілдік құбылыстарды адамның ақыл-ой елегінен өту процесі арқылы, ұрпақтан ұрпаққа сақталып келе жатқан ұлттық таным ақпараты арқылы санада қалыптасқан ұғымдардың мән-мазмұнын, қызметін анықтау тәсілдері, сол ұғымды тану және таныту барысындағы субъектінің психикалық және когнициялық қабілеттеріне сүйене отырып зерттеу тәсілдері жүргізіле бастады.

Осыған орай қазіргі таңда көптеген лингвистер, яғни тілші ғалымдар

имманенттік тәсілдің (өз ішіндегі қызметіне қарасты) тілдік жүйеге тең келмейтінін, қоғам мен адам өміріндегі тіл табиғатының барлық әрекеті барабар келмейтінін айқындау үстінде. Осы ғылыми тұжырымдарды дәлелдеу кезінде тікелей адамның танымдық ойлау қабілетімен байланыстыра қарастыратын антропоөзектік бағыттар - этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика, когнитивтік лингвистика және лингвомәдениеттану, лингвоелтану бағыттары дүниеге келді. Қазіргі таңда қазақ тіл білімінің мәселелері осы бағыттардың негізінде зерттеліп, қазақ тілінің құрылымдық қызметінен басқа танымдық қызметтерінің шеңбері кеңейе түсуде. Антропоөзектік парадигмадағы лингвистиканың алға қойған мақсаты тілдік субъектінің дүниетаным ерекшеліктерінің семиотикалық жүйе ретінде тілдің барлық деңгейлерінде көрініс беруін зерттеп анықтау болып табылады. Бұл бағыттар жалпы тіл біліміне үлкен өзгерістер әкелді: тіл біліміндегі басты құндылықтар ауысып, зерттеу шеңбері кеңейе түсті. Адамның әлеуметтік әрекеті мен ойлау әрекеті, олардың арасындағы байланыс туралы терең зерттеулер жүргізіле бастады. Осы тұрғыдан алғанда ғалым Н.Уәли: «Сөз мәдениетін коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік және лингвомәдениеттік, этикалық, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырудың концептуалдық негіздерін анықтау, сөздің коммуникативтік сапаларын анықтау – сөзбен өрілген қазақ мәдениетін жаңғырту ісіндегі өзекті мәселе, - деп тұжырымдайды. [1]. Демек, тіл біліміндегі зерттеудің негізгі эпицентрі ­­- тіл арқылы берілген ақпаратты қабылдау, тану, таныту, оны интерпретациялау, өздігінше өңдеу, жадыда сақтауға қатысты ерекшеліктерді зерттеу болып саналады. Қабылданған жаңа ақпарат адам санасында бұрын сақталған білім қорының көмегімен жаңа мазмұнға ие болу арқылы қалыптасатыны анықталды.

Адам тілінің конститутивтік сипаты шартты түрде екі қағиданы айқындайды. Олар біріншіден, адамның танымы ешқашан толық болмайды, ол қоғамда өмір сүрген сайын толыса береді және оны тек тіл арқылы ғана тани аламыз. Екіншіден, тіл табиғатын танып білу немесе оны түсіндіру үшін адамның көмегі қажет.

Тіл мен адамның өзара тығыз қатынасына қарай анықталған салаларды былай көрсетуге болады: адамның тілі мен рухани белсенділігі; тіл мен адам физиологиясы; тіл мен ойлау, сана әрекеті; тіл мен мәдениет; тіл және адамның қарым-қатынасы; тіл мен қоғам; тіл мен адам құндылықтары; тіл және таным. Адамның тілге, тілдің адамға өзара ықпал етуінен туындаған осы салалардың әрқайсысының өзіндік зерттеу нысаны, тәсілдері, қолданылу аясы бар. Тіл білімінде бұған дейін тілді антропологиялық бағытта ғана қарастырып оның ішкі әдістемелік бағыттары ретінде мына салалар үстірт қаралып келді:

1.Лингвогносеология. Негізгі нысаны – тілдің танымдық қызметін сипаттайтын бірліктер, әлемді танушы адамның танымдық түсінігі ретінде қарастырылатын мәселелер.

2.Әлеуметтік лингвистика. Тіл мен қоғам арақатынасын, мемлекеттің тұтастығын сақтайтын, мәртебесін танытатын тілдің саяси, қоғамдық қызметтерін зерттейтін сала.

3. Психолингвистика. Тіл мен тұлғаның өзара байланысындағы индивидтің тұлғалық мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуын зерттейді.

4. Лингвопраксеология. Тілдің қолданылу орны мен аясын, адамның тілдік қолданысын тәжірибе жүзінде зерттейтін сала. Кейін қолданбалы тіл білімі деп аталды.

5.Лингвомәдениеттану. Тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы негізінде ұлт мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс табуы, сол тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта білу ерекшеліктері қарастырылатын сала.

6.Этнолингвистика. Тілдегі ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен, халықтың менталитетінен, халықтың шығармашылығынан іздеу арқылы анықтайтын сала.

Тілді антропоөзектік тұрғыдан зерттеуге негіз болатын бұл салалардың барлығы түптеп келгенде мынадай мәселелерді шешуді көздейді: адамның тілге қалай ықпал жасайтынын анықтау және тілдің адам санасына, ойлауына, мәдениетіне қандай әсер ететінін, қандай қызмет ететінін анықтау мәселелерін шешуге тырысады. Тілдің антропоөзектік бағыты тіл біліміндегі адамның тілдік факторы мәселесін, тілдің адамға қызмет ету мәселесін, адам арқылы тілдің табиғатын ашу мәселесін ашумен тікелей байланысты.

Адамның қарапайым қолданыстағы тілі оның білімін көрсетеді және оның әрқашан антропологиялық сипаты айқын байқалып тұрады. Дегенмен, тілдің басқа да тілдік емес немесе басқаша тілдік құбылыстардан (мәселен, жасанды тіл, яғни адамның машина арқылы байланыс жасайтын тілі; жануарлар тілі) өзіндік айырмашылығын тек антропологиялық қағидаға сүйене отырып ажыратуға болады. Ал тілдегі басқа да таңбалар антропоцентристік сипатқа ие. Мысалы, тілдегі модальділік, идиоматикалық құбылыстар мен дейксис, символ құбылыстары адамның психофизиологиялық ерекшеліктерінен туындаған тілдік таңбалар болып саналады.

Енді тіл мен таңбаның адамға тікелей қатыстылығы, олардың адамға қызмет ету ерекшеліктері тұрғысынан келсек, тілдің адамға қатыстылығы туралы жоғарыда нақты айтылып өтті, ал таңбаның антропоцентристік сипаты туралы талдау үшін, таңбаның өзіне нақтырақ тоқталған дұрыс.

Тіл білімінде күні бүгінге дейін өзекті мәселелердің бірі ретінде кеңінен қарастырылатын нысанның бірі – таңба, тілді жүйе ретінде танытатын таңба мен таңбалану мәселелері. Таңба мен таңбалау ұғымының қалыптасуы сонау антикалық дәуірден бастау алады. Стойктердің пікірінше, таңба үш бірліктің өзара тоғысуы негізінде қалыптасады. Оның бірі – таңбалаушы, яғни адамдың белгілі бір затты таныту үшін қолданған дыбысы. Екінші – таңбаланушы – ой-сана арқылы танылатын, алдын ала белгілі болған, дыбыстаумен белгіленген зат. Үшінші – нысан – сыртқы субстрат. Осы үш бірлікті тоғыстырып таңба ретінде жарыққа шығаратын – адам. Демек таңбаның өзі де антропоцентристік бағыттың негізгі ұғымдарының бірі.

Белгілі бір нәрсені білдіру, хабарлау қызметін атқарып тұрған материалдық көрсеткіш. Семиотик ғалымдар Ч.Пирс пен Ч. Моррис еңбектерінде таңба, десигнат, интерпретант және интерпретатор ұғымдарын негізгі тілдік семиотикалық жүйе деп танып, бұлар лингвомәдени бірлік ретінде біртұтас семиозистік қалыпқа түсіп, «тіл – мәдениет – сана бірлігінің өзегі, яғни сөздің дыбысталуы мен графикасының таңбалану белгісі, денотат ретіндегі көрінісі, таңбаның мазмұны мен мағынасы және субъект қызметін атқарады» [2, 105б], - деп көрсетеді.

Кез келген таңбаның екі жағы болады: бірінші жағы – формасы, екінші жағы – мазмұны. Тілдік таңба мен шартты таңбалардың арасындағы ұқсастық: екеуінде де тұлға мен мазмұн бар, екеуі де бірдеме жайында «хабарлаудың» құралы [3,12б].

Тілдегі таңбалық бірліктер халықтың дүниетанымы мен болмысынан, рухани мәдениеті мен сол халық тіршілігінен, өмір сүрген ортасынан, менталитетінен, психологиясы мен әлеуметтік-саяси көзқарасынан мағлұмат беретін ұлттық құбылыс болып табылады. Тілдік таңба – мәдениеттің феномені, ұлт мәдениетінің көрінісі ретінде ғылымда өз дәрежесінде әлі зерттелмей келеді. Тіл – рухани күш, демек тілдік таңбалар, яғни таңбалаушы мен таңбаланушы және нысан арқылы адам кез келген құбылысты қабылдап, оған баға беріп, өз көзқарасы мен ойын білдіре алады [4,24б].

Ғалым Н. Уәлидің пікірінше кейбір сөздердің бойында екі таңба қатар көрініс беретін кездері болады, олар: тілдік таңба және мәдени таңба. Осы екі таңбаның түпкі мәндері тоғыса келіп, лингвомәдени таңба ретінде бір ұғымның аясына бірігіп, санада бір ғана бірлік күйінде сақталады.

Таңбаның адамға тікелей қатысты екенін А.А.Уфимцева былай түсіндіреді: таңбаның басты қасиеттері – оның қабылдану мүмкіндігінің болуында, басқаша айтсақ, материалдану, конвенциалдану және жүйелену мүмкіндіктерінің бар болуы. Қандай да бір құбылыс немесе зат таңбаны қабылдаушы субъектінің шынайы шындыққа деген ерекше қарым-қатынасын көрсету арқылы белгілі бір таңбалық жағдайға нақты белгілеу семиозисін іздестіреді [5, 104б].

Тіл мен таңба адам санасында танылатын бейненің сұлбасын жасайды. Тілдегі адам факторын тереңінен зерттеу нәтижелері санадағы ақиқат дүниенің бейнесін, оның ішінде дүниенің тілдік бейнесін анықтауға әкелді.

Әлеуметтік жағдаят пен тілдік таңба бірінсіз бірі болмайтын, бірін - бірі толықтыратын ажырамас құбылыстар деп саналады. Сондықтан тілдік таңба бойындағы семиотикалық мағына әлеуметтік ортада еш өзгеріссіз сақталады, осыдан барып этнотаңбаланған реалийлер тілдік таңбаның бірнеше рет ассиметрияланған/симметрияланған көп қырлы үрдісінен өтіп барып бейімделеді.

Демек, кез келген таңба этнотаңбалық тұрақтылыққа (мәңгілік халық жадында сақталатын, ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәртебеге) жете бермейді. Этнотаңбалық қасиетке ие болатын ұғымдар ұлттың (халықтың) ортақ ассоциативті-мағыналық таным желілерінен жинақталған ерекше ұлттанытушылық мәдени концептілердің аясында шоғырланып, халықтың астырт санасында тереңінен сақталады. Нақтылап айтатын болсақ, этнотаңбалар ұлттық дүниенің тілдік бейнесінде айқын көрінеді (яғни ырым-тыйым, наным-сенімде, лингвомәдени, лингвоелтанымдық концептілер жүйесінде (ұлттық фразеологизм, метафора, теңеу) оңай байқалады.

Этнотаңбалар тұрпат межесінде қарапайым тілдік бірліктермен вербалданғанымен, мазмұн межесінде семиотикалық түрлеріне қарай ажыратылып жіктеледі. Ол үшін Ч.Пирс ұсынған этнотаңбалар әлемімен және олардың жіктелімімен таныстырайық. Ч.Пирстің жіктелімі бойынша таңбалар иконды таңбалар, индексті таңбалар және символ-таңбалар болып бөлінеді []. Иконды таңбалар бейнеленуші мен білдірушінің ұқсас тұстары тұрғысынан үйлесетін бейнелі танбалар деп танылады. Индекс таңбалар бейнеленуші мен білдірушінің уақыт пен кеңістіктегі орналасуы жағынан өзара үйлесуін танытатын семиотикалық таңба болып саналады. Ал символ бойындағы бейнелеуші мен білдіруші компоненттер өзара белгілі бір конвенция шеңберінде, яғни нақты ұғымды ұлттық санаға ортақ айрықша бейнелі таңбамен таныту құбылыстарымен ерекшеленеді.

Жоғарыда аталған таңбалардың негізгі қызметі бір. Яғни ұғымды немесе затты таныту. Таңба арқылы таныту мен қабылдау әрекеттерін Ч.Моррис пен Р.Карнап логико-философиялық дәстүр бойынша былай түсіндіреді: Х-түсіндіруші, ол У ұғымын таныту үшін Z-ті қолданады. У және Z-тің орнына кез келген зат немесе құбылысты қоюға болады, бірақ У қабылданатын дүние болуы тиіс [2]. Демек материалды нысан болу керек. Ал оны түсіндіретін Z –тің қандай болатыны Х-тің таным-түсінігіне, ой-өрісіне, таңбалау, бейнелеу қабілетіне, түсіндіру шеберлігіне байланысты болады.

Ф.Соссюрдің еңбектерінде «бейнеленуші – форма қызметін атқарса,

білдіруші – «мазмұн межесі», яғни мағынаны береді» деп көрсетілген [3]. Таңбалануға қатысатын осы үш компонент қатысымдық жағдаятта көрініс тапса, прагматикалық қызметі орындалғаны болып есептеледі. Яғни Х- хабар жіберуші У-ті Z-пен бейнелеп жіберетін болса, қабылдаушы оны басқаша емес, нақ Z күйінде қабылдайтын болса, қарым-қатынастың орындалғаны болып саналады. Ол әрине, хабар жіберушінің У-ті барынша түсіндіруге болатын мүмкіндіктерін аша алатындай Z-пен таңбалаған жағдайда және қабылдаушының танымына ортақ пресуппозиция орын алса, жіберілген ақпараттар дұрыс қабылданады.

Көп жағдайда этнотаңбалардың мәнін түсіну де қиындықтар туындап жатады. Себебі, халықтың сонау көнеден сақтап келе жатқан таңбалық ұғымдарының (бейнеленушінің) мәні, мағынасы (білдіруші мазмұны) күңгірттеніп, жоғалуға айнала бастағанынан болса керек. Мәселен, тілімізде жақсы және жаман ырымдардың бар екенін білеміз. Тіпті оны орындауға талпынамыз, бірақ тіпті оның не білдіретінін біле бермейміз.

Ырым - жеке адамның немесе қауымның  жору, болжау арқылы орындауға тиісті ережелері. Бұнда болашақты болжау, жору қызметі басым. Халықтың ұғымында ырым екі түрлі болады:

1. Жақсы ырым. Мысалы:  а) аттың есінеуі;   ә) баланың тоңқайып жол қарауы; б) сауысқанның шықылықтауы.

2. Жаман ырым. Мысалы: а) жақ таяну;   ә) қолды артқа ұстау;   б) тізе құшақтау.

Жалпы,  ырымды табиғат пен әлеуметтік күштер тарапынан жеке адам бұлжытпай орындау үшін хабардар етіп, сездірілетін тұтқиыл сигналдар, рәміздік әрекеттер жүйесі деуге болады. Мысалы: 1. Жұлдыз ақса, оны көрген кісі «Менің жұлдызым жоғары» деп айту керек;  2. Бала сүт тісі түссе, оны майға орап «Жасық тісімді алып, өткір тісімді бер» деп итке беруі керек; 3. Үйдің іргесіне ит сарыса, құт құйылады; 4. Ерттеулі тұрған ат сілкінсе, жын-шайтанды үркітіп жатқаны; 5. Түнде жолыңда сиыр жатса, сапарың оң болмайды; 6.Оқпақ шақырса, бие құлын тастайды; 7. Алдыңнан түлкі қашса, сапарың сәтті болады; 8. Сол құлағың шыңылдаса, біреу сені жамандап жатыр.

Осындағы «баланың жол қарауы» - индексті этнотаңба, мағынасы – көп ұзамай үйге қонақ келеді деген сөз. Этнотаңба болатын себебі, бұл ырым тек қазақ ұлтына ғана тән және оған бүгінгі күнге дейін халық сеніп, ырымдап оң қабылдайды. Ал индексті таңба болатын себебі – қонақ келу мен баланың жол қарауы арасында, яғни білдіруші мен бейнеленуші арасында ешқандай ұқсастық жоқ тек, орындалу уақытын күту кеңістігі бар. Ал бұл ырымның нақты бір ұғымды білдіруші ретінде маркерленуі халықтың дүниетанымынан, байқағыштық, танығыштық қасиетінен туындап отыр. Осындай индексті этнотаңбалар қатарына қазақ халқындағы ырым-тыйымдармен қатар, салт-дәстүріндегі этикет нормаларынан туындайтын отыру, жүру орындарын белгілеген ережелерді де жатқызуға болады. Мәселен, қазақ халқында отағасының орны төр, келіннің орны есіктің маңы деп саналған. Осы индексальді этнотаңба бүгінгі күнге дейін түсіндірместен ұлттың түпті санасында терең сақталуы арқасында қатаң орындалып келеді. Сондай-ақ әкесі тірі адам сый құрметпен берілетін ас-табақпен келген басты ұстамайды. Яғни әкесі тірі кезінде оның жолын ұстап, басқаруға болмайды деген мағына. Сол сияқты келін ата-енесінің алдынан кесе көлденең өтпеуі тиіс. Ер кісілер дастарқан басында малдас құрып отыруы тиіс деген индексальді этнотаңбалар отыру, жүру нормаларын білдіретін ұлттық салттан туындаған. Ал енді ырыммен астасып жатқан этнотаңбалардың білдірушісі де бейнеленушісі де көрініп тұрады. Мәселен, ер адам бүйірін, белін таянуға болмайды. Егер белін таянып жүрсе (У), оның еркектік күші кеткенін білдіреді (Z). Ал әйелдер бүйірін таянса (У), өлім шақырып отыр, біреуді жоқтағысы келіп отыр (Z) дегенді таңбалап түсінген. Тізеңді құшақтама (У), өмір бақи жалғыз қаласың (Z), жас бола тұрып, жастанып, жатып ас ішпе (У), қартайған, ауру кісі ғана жатып ішеді (Z), Қолыңды тарақтама, қолыңды айқастырма (У), құдай жолыңды байлайды (Z) – бұның барлығы индексальді этнотаңбалар болып саналады.

Ал енді иконды этнотаңбалар қатарына білдірушісі мен бейнеленушісі арасында ұқсастық болатын тек ұлтқа ғана тән тілдік таңбалар жатады. Мысалы, фразеологизмдер, теңеулер мен мақал-мәтелдер. Абылайдың асындай (У) – ұлан-асыр, молшылық (Z). Ішкі мәнінде қазақ халқының тарихындағы Абылай ханға берілген асқа жиналған қауымның орасан көптігі мен асқа жайылған дастарқанның молшылығы халықтың түпкі санасында терең сақталып, сондағы бейнеленген ұлан-асыр молшылық бүгінгі күнге дейін «барын шашып төгілген, көп халық жиналған, молшылықпен өткен, көл-көсір» жиынды таңбалауда белсенді қолданыста жүр. Осындай иконды этнотаңбалардың қатарына «асан қайғыға салыну» - мұңаю, уайымға түсу, «асан қайғыңды айтпай отыр», «ақ жұмыртқа, сары уыз» (жаңа туылған нәресте), «асығы алшысынан түсу», «қара борбай», «қара қазан, сары бала қамы», «қара қамшы», «ақ түйенің қарны жарылу» жатады. Басты ескеретін жайт, бұл фразеологизмдер мен теңеулер немесе мақал-мәтелдер өзге тілдерде баламасы жоқ тек сол ұлтқа ғана тән таңбалар болуы тиіс. Иконды таңбалардағы басты ерекшелік білдіру-бейнелену компоненттерінің ұқсастығы орындалуы тиіс дегенмен, мына ұғымды тек мына халық қана қолданады деген сөз емес. Мәселен, жыланға қатысты әртүрлі қасиеттерді әрбір халық өз таным-түсінігімен өлшеп барып ұқсатады. Қазақ халқында жыланның бүтіндей асап жұтатын қасиетіне ұқсату салдарынан «ішін жылан жайлап барады» (тамақты қатты аңсап, ашқарақтық жасау мағынасын білдіреді), «жыланы қайтпай отыр» (әлі де ашқарақтығы басылмай отыр) деген тұрақты тіркестер қолданысқа енді, ал орыс халқы жыланның үн шығармай, жемтігін сабырмен аңдитын қасиетіне ұқсатып «молчаливый как удав» деп теңестіреді. Осы тұрғыдан алғанда профессор Н.Уәлидің «таңбаның тілдік және этномәдени сипаты болады» деген тұжырымын ескеруіміз керек. Ғалым этномаңбалық мәні бар «қамшы» ұғымының таңбалық сипатын былайша түсіндіреді: «Қамшы» ұғымының құрылымдық мазмұны айтарлықтай күрделі, өйткені аталмыш ұғымның атауы ретіндегі бұл сөз, бір жағынан, тілдік таңбалар жүйесінің бірлігі (единицасы) болса, екінші жағынан, этномәдени жүйенің бірлігі (единицасы) болып табылады. Сөйтіп, тілдік таңба мен мәдени таңбаның тоғысындағы бұл ұғымды алдымен тілдік жүйенің бірлігі ретінде тарихи және қазіргі кез тұрғысынан қарастыруға болады. Басына [төбесіне] қамшы ойнатты «қорлық, зорлық-зомбылық көрсетті»; Билік қамшысы «билік иесінің қолындағы күш»; Дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты «даудың себебі әрқилы, бірақ шешімі не «ақ», не «қара» (айыпсыз үшін «ақ», айыпты үшін «қара»); Қамшы білемдеді а) «қамшының сабы мен өрімін қосып, екі бүктеп ұстады, салмақтады»; ә) қыр көрсетті, жұдырық көрсетті, қоқаңдады, кіжіңдеді»; Қамшы боп тиді «жанына қатты батты»; Қамшыға қамшы қайтарды «күшке күш көрсетті»; Қамшы жеді [көрді] «соққы көрді, таяққа жығылды»; Қамшы жұмсады «сабады, соқты»; Қамшы құрлы көрмеді «еш ауырсынбады»; Қамшының астына алды «қатты сабады, соқты, ұрды»; Қамшысынан қан сорғалаған [тамған] «қатыгез, қатаң, қаһары күшті» [6].

Символдық этнотаңбалар негізінен абстрактілі ұғымды нақты материалдық затпен теңестіріп, аса қастерлеп, мәртебелеп, ерекше қадір тұтып таныту жағдайында пайда болады. Символдық этнотаңбаларда сезіммен қабылдап, сезіммен түсіндіру, таныту құбылыстары ерешке орын алады. Символдардың барлығы да осылай жасалады. Бірақ этнотаңбаланған символдар деп тек ұлттың көне дәуірден келе жатқан қастерлі, халық арасында нышанды деп қадір тұтатын таңбасы ғана атана алады. Мәселен, махаббат символы – аққу десек, ол жалпыадамзаттық түсінікте бар ұғымның символдануы. Бұл жерде аққудың жұптасып, қосарланып жүзетін ерекше қасиеті таңбалануға негіз болған. Ал енді этнотаңбаланған символдардың қатарына түркі халықтарының «ерлікті, батырлықты» бейнелейтін көк бөрі символын жатқызуға болады. Түркі халықтарының түпті санасында (подсознание) көк бөрінің символдану мәртебесіне жетуіне негіз болған аңыз бар екені белгілі. Ал символданудың белгілерін түркі тайпаларының ежелден өз туына бөрінің бейнесін тоқып салатын, соғысқа шыққанда атының басына бөрінің бас терісін қаптап салатын әрекеттерінен байқауға болады. Сонлай-ақ Алтын бөрі бас  ту мен Бөрі (Көк бөрі) деп шақырған ұран олардың ұрпақтарымен тарих көші соқпағында өшпей бірге келеді.

                   «Бөрі басы» – ұраным,

                   Бөрілі менің байрағым!

                   Бөрілі байрақ көтерсе,

                   Қозып кетер қайдағым

                   Бөрілі байрақ астында

                   Бөгеліп көрген жан емен.

                   Бөрідей жортып жүргенде

                   Бөлініп қалған жан емен, - деп келетін Сүйінбай ақын жыры осының куәсі. Қазақтар үшін көк бөрі – ұлы даланың еркесі, көшпенділіктің символы ретінде де қабылданады. Қазақтардың таным-түсінігінде көк бөрі ұлы даланы ғасырлар бойы қожалық еткен, сондықтан да ата-бабадан аманат болып келе жатқан бөрілі байрақтар жалпы түркі халқын танытушы белгі десе де болады. Дегенмен, де әр ұлыстың кие тұтқан тотемі бар. Түркі жұртының кіндігі тарауына себепкер қасқыр (Ашина көкбөрі) болса, қалмақ, жоңғарда жыланды (Орантелегей «Оран» көне Алтай тілінде жылан, «телегей» алып, орасан деген мағынаға ие), чукот қауымында бұғыны (басы адам, денесі бұғы жануардан адам жаратылады) культ ретінде бағалап келді. Ал осынау тотемге қатысты халық туындатқан аңыздар оның күш, киесін де арттыра түскен. Түркі баласы, жалпы, көшпенді қауым үшін қасқырдың орны ерекше. Халық арасында қасқырдың тісін бесікке ырым етіп ілетіндер әлі де ұшырасады.

Қорыта келгенде, этнотаңбалардың өзі ұлттың зерделеген, бақылаған, байқаған тәжірибесінен сұрыпталған таным-түсінігінің қолданыста қайталануы, екшеленуі нәтижесінде түпті санада терең сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетуі негізінде қалыптасады және олар символдық, икондық, индекстік бағыттарда таңбаланады.

Біздің ойымызша, белгілі бір зат не құбылысты сипаттайтын тілдік таңба мен оған қабыса жүретін мәдени не басқа да таңбалар жинақтала келіп, сол ұғымның дүние бейнесін жасауға негіз болады.

Антропологияда дүние бейнесі ұғымы іргелі ұғым қатарына жатады және онда адамның өзіндік ерекшелігін, оның тұрмысы мен әлемге деген көзқарасын, қатынасын анықтайды. Ал дүние бейнесін қалыптастыруда тілдік таңба екі түрлі қызмет атқарады: біріншіден, тіл қойнауында дүниенің тілдік бейнесі жасалады. Бұл – адамның санасындағы әлемдік бейнелердің ең терең қабаты. Екіншіден, тілдің өзі басқа дүние бейнелерін танытуға, оның мазмұнын ашып көрсетуге, түсіндіруге қолданылады. Тіл арқылы индивидтің жинаған тәжірибелі білімі ұжымға тарайды.

«Ақиқат дүние бейнесі» (картина мира) термині алғаш 19-20 ғасырда физика саласында қолданылды. Терминнің негізін қалаушы ғалым Г.Герц. Ол алғаш сыртқы бейненің ішкі болмысына сай болуын логикалық тұрғыда сол болмыстың әрекетіне қарай анықтауға болатынын дәлелдеу барысында «дүниенің физикалық бейнесі» деген терминді қолданған болатын.

Ғалым Л.В.Яценко дүние бейнесін былай танытады: «Дүние бейнесі еш уақытта толық, бүтін заттанған түрде немесе бір ғана бейнеге тән болуы мүмкін емес, яғни дүние бейнесі ғылым мен философиялық білімнің шынайы көрінісін бейнелеп қана қоймайды, ол бүкіл қоғам не жеке индивидтің сол дүниеге деген көзқарасынан туындаған компоненттер арқылы беріледі» [7,44б].

Дүние бейнесін қалыптастыруда адамның барлық психикалық әрекеттері қатысады: сезіну, қабылдау, түйсіну, түсіну және ойлау, өзінше ұғыну, т.б. Дүниенің бейнесі дүниені танудың алғышарты болып табылады. Әрбір әлеуметтік жүйеде, әрбір қоғамның өркениеттік даму барысында дүние бейнесі өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылып отырады. Олар негізгі концептуалдық және сезімдік қабылдаулары негізінде адамның танып түсінген деңгейі дәрежесінде болады. Қоғам дамып, дүниенің қасиеттері одан әрі таныла бастаған сайын дүние бейнесінің мазмұны да өзгеріп отырады. Демек ақиқат дүниенің бейнесі – өзгермелі құбылыс. Ал адам санасында қалыптасатын ақиқат дүниенің бейнесі арқылы тілдік қорды, тілдің ішкі мағыналық формасындағы өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік жасалады.

Адамзат үшін ақиқат дүние біреу болса, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамзатта, әр ұлтта әр деңгейде сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, концептуалдық әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады, өзінше бейнеленіп суреттеледі, ал тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сәйкес танытуға тырысады. Тілдегі ұлттың мәдени көрінісін анықтауда тиімді тәсілдердің бірі типологиясы әртүрлі тілдердегі (қазақ, орыс, ағылшын) дүниенің ақиқат бейнесін бейнелеудегі ұқсастықтар мен ерекшеліктерді айқындау болып саналады. Бұл салыстырулардың терең танымдық құрылым деңгейі кең тілдік білім аясында жүргізілуі «тіл мен таным», «тіл мен мәдениет» сабақтастығын айқындауда маңызы ерекше.

Сондықтан тіл ғалам туралы білімді сыртқа көрсетіп қана қоймайды, ғұмырнамалық тәжірибенің түпсанада бедерленіп, үздіксіз сұлбалануына және оның айқындалуына, ұрпақтан-ұрпаққа жетілуіне қалтқысыз қызмет етеді. Демек, тілді жаңа ғасыр баспалдағында теориялық-танымдық үрдісте қарастырып зерттеудің қажеттілігі туып отыр.

Адамзат үшін тілдің қаншалықты қажетті құрал екені белгілі. Адам, қоғам дамыған сайын тілдің де қызметі, құрылымы күрделене түседі. Осыған орай тілдің ішкі, сыртқы құрылымын, жалпы қасиеті мен болмысын зерттейтін тіл білімі ғылымының да жаңа зерттеу нысандары пайда болады.

Соңғы елу жылдың төңірегінде тілдің адамды таныту қасиеті мен адам арқылы тілді анықтау қызметтері кеңінен зерттелініп, соның нәтижесінде антропоцентристік бағыт қалыптасып, тілдік мағынаны адам қалай қабылдайды, адам әлеміндегі дүниелер тіл арқылы қалай көрініс табады, тіл адам, ұлт мәдениетін, болмысын, тіршілігін қаншалықты дәрежеде бейнелей алады деген мәселелерді зерттеу негізінде оның жеке зерттеу салалары туындады. Соның ішінде адам, ұлт, халық мәдениетін тіл арқылы таныту нысандарын зерттейтін тіл білімі салаларына этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану жатады.

Ал адам дүниені қалай таниды, дүние туралы жиналған мәліметтердің, ұғымдардың қайсысы білім ретінде қабылданады, санада жинақталған ақпаратты адам тиімді әрі түсінікті етіп қалай жеткізеді, ондағы тілдің көрінісі ұлт менталитетіне қатысты ма, әлде жеке интеллектіге қатысты ма деген мәселелерді зерттейтін когнитивтік тіл білімі, психолингвистика, социолингвистика салалары қатар дамып отырды.

Қазақ тілінің әдеби сөздік қорындағы өзіне тән ерекшеліктерді ажыратып көрсететін болсақ: сөз қорын көбінесе заттық және рухани мәдениет атаулары құрайды, сондай-ақ бейнелі сөздер мен экспрессивті-эмоционалды сөздер басым көрініс табады, оған қоса, қазақ тіліне мағына ауыспалылығы мен көпмағыналылық тән.

Жалпы кез келген әдеби тілде тілдік мағынаның ауысуы, қолдану аясының кеңеюі, тарылуы, этнографизмге айналуы, бейнелі сөздердің тұрақталып, фразеологизмге, мақал-мәтелге ұласуы сияқты құбылыстар басым көрініс тапқан және соған бейімделген. Сол себепті осындай тілдік құбылыстарды этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық, лингвоелтанымдық аспектіде зерттеу қолайлы. Дегенмен, осы үш зерттеу бағытының қарастыратын нысандары мен зерттеу шегі кейде көрінбей қалады.

Этнолингвистика сөздік қордағы ұлттан, этностан мұра болып келе жатқан лексемалардың ішкі мәнін, қалыптасу тарихын диахронды тұрғыдан зерттейді. Лингвомәдениеттану сөздік құрамдағы заттық және рухани мәдениет атауларының ұлттық ерекшеліктерін, лингвокультуремалардың қарапайым ауызекі тілде қолданылуын, көркем шығармаларда, лиро-эпос жырларында сақталуын, фразеологизм бойында тұрақталуын өзге тілдердегі ұқсас баламаларымен салғастыра отырып синфронды немесе диахронды зерттеу. Этнолингвистикада арнайы тақырып аясы шектелмейді. Жалпы сөздік қордағы белгілі бір этносқа тән атаулар (көбінесе көне сөздер, яғни этнографизмдер) зерттелінеді.

Ал лингвомәдениеттану аспектісі рухани және заттық мәдениет атауларын, соған қатысты мәтіндер мен дискурстарды зерттеумен шектеледі. Бұл мәдениет атаулары өзге де түркі тілдерінде қолданылуы мүмкін. Сол қолданыстағы ерекшеліктермен салғастырылады. Сондай-ақ қазақ тіліндегі мәдени атаулардың мәтінде қолданылуы, ауыс мағынада берілуі басқа да тілдердегі, мәселен, орыс тіліндегі, ағылшын тіліндегі сол мәдени атаулардың берілуі мен қолданылуы салыстырылуы мүмкін.

Қазақ халқы да көптеген басқа халықтар секілді даналығын, дүниетанымдық көзқарастарын, салт-дәстүрін, т.б. тілінде көрсете білген. Оларды тұтас құрылым жүйесінде анықтайтын болсақ, халық өмірінің, мәдениетінің бейнесі деп сипаттауға болады. Осыған орай тіл байлығының танымдық мәнін анықтау ұлттың әлеуметтік рухани, мәдени болмысын саралап тануға мүмкіндік береді. Сондықтан ұлттық тілдің ерекшелігін, табиғатын ашу бағында тіл туралы онтологиялық көзқарасты сол тілде сөйлеуші халықтың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихымен және мәдениетімен тығыз байланыста қарастыру – қазіргі тіл білімінің, соның ішінде қазақ тіл білімінің де өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

2-лекция