
Жерді қорғау
Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды. Жердi қорғау мақсаттары
өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және
орман мелиорациялық, мелиорациялық және басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау;
тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi
қамтамасыз ету;
жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге
енгiзу болып табылады.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi құнарсызданудан және шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға, ауыл шаруашылығы жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға, бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға, жердiң бүлiнуiмен байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
Жердiң тозуын болдырмау, топырақтың құнарлылығын және ластанған аумақтарды қалпына келтiру мақсатында, сондай-ақ ауыл шаруашылығының тозған алқаптарының, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының және жол берiлетiн шектегi әсер деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен артық ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, ақаба сулармен ластанған жердiң, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердiң топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен жердi сақтап қою көзделедi. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғауға мүдделiлiгiн арттыру мақсатында бюджет заңдарында және салық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жердi қорғау мен пайдалануға экономикалық ынталандыру жүзеге асырылуы мүмкiн.
Топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi топырақтың жай-күйiн адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiне сай бағалау үшiн белгiленедi. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекiтiледi.
Жердiң жай-күйiне керi әсер ететiн жаңа және қайта жаңғыртылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) әрi басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және пайдалануға беру, жаңа техника мен технологияларды енгiзу кезiнде жердi қорғау жөнiнде iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және басқа да арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс. Жердiң жай-күйiне керi әсердi бағалау және оларды қорғау жөнiнде көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың, өзге де мемлекеттiк сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша жаңа техника мен технологияларды енгiзуге, жердi мелиорациялау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлер салуды (қайта жаңғыртуды) қаржыландыруға тыйым салынады. Нормативтен артық радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзге де түрде қатер төндiретiн жер учаскелерi меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлмейдi. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген санитарлық талаптар мен нормативтерге сәйкес өнiм алу қамтамасыз етiлмейтiн, радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскелерi ауыл шаруашылығы айналымынан алынады және сақтап қоюға жатады. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруге және оны өткiзуге тыйым салынады. Қазақстан Республикасының Үкiметi ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар аяқталғаннан және кешендi экологиялық тексеру жүргiзiлгеннен кейiн ғана, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болғанда меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн. Көрсетілген аумақтарда ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөнiндегi iс-шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделедi. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi мәжбүрлеп иеліктен шығару мен қорғау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
Мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерi мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды орталық уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары, сондай-ақ өзге де уәкiлеттi органдар өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдар мыналар:
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган;
ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган болып табылады.
Мемлекеттік бақылау жерге түгендеу жүргізу, зерттеп-қарау, жерді пайдаланумен байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мемлекеттік кадастрын және мониторингін жүргізу кезінде де жүзеге асырылады. Тексеру арқылы мемлекеттiк бақылау жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң, жердi пайдаланушылардың қатысуымен, ал олар бас тартқан жағдайда олардың қатысуынсыз жүргiзiледi, бұл туралы тексеру нәтижелерi бойынша жасалған құжаттарда тиiстi белгi жасалады. Анықталған жер заңнамасын бұзушылықтар бұл жұмыстарды жүргiзген мамандар қол қоятын далалық тексеру сызбасы қоса берiлетiн актiмен ресiмделедi және ол осы мәселенi қарау құзыретiне жататын органға берiледi. Уәкiлеттi органдар анықталған жер заңнамасын бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының
әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында айқындалған тәртiппен өз функцияларына сәйкес қарайды. Жердi пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзушылықтардың iс жүзiнде жойылуын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың нұсқаулары мен ұйғарымдарын жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң және жер пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асырады. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары жыл сайын облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер ресурстарын басқару жөніндегі тиісті аумақтық органдарына ағымдағы жылы жер учаскелері берілген жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесін және мұндай жер учаскелерінің орналасқан жерін көрсете отырып жер-кадастр картасын табыс етеді, сондай-ақ ай сайын жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесінде болған өзгерістер туралы мәліметтерді табыс етеді. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау
жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы;
тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау
жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;
жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар
жатады.
Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауға жетекшiлiктi Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы жүзеге асырады. Орталық уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады. Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды тікелей жүзеге асыратын орталық уәкілетті органның және оның аумақтық органдарының өзге де лауазымды адамдары жер пайдалану және оны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылады.