Дерттер күнәларды өшіреді.
Сұрақ: Бір адамның басына дерт, бәле келсе, ауырып қалса, бірақ ол адам сабыр етпесе күнәлары кешіріле ме?
Жауап: Иә, күнәлары кешіріледі. Қиыншылықтарына, қайғысына, бәлелеріне сауап берілмейді. Бұларға сабыр еткенге сауап беріледі. Бірақ, бұларға сабыр етілмесе де күнәларының кешірілуіне себеп болады. (С. Әбәдийә) Хадис шәрифтерде былай келген:
«Мүмин ауырып жазылғанында, ауруы күнәларына кәффарат болады.» (Табарани)
«Әр қасірет кешірілетін бір күнә үшін келеді.» (Әбу Нуайм)
«Мүминнің күнәсі кешірілгенге дейін бәле мен ауру келеді.»(Хаким)
«Бас ауруы немесе кез-келген бір ауруы себебімен, мүминнің Уһуд тауындай да күнәсі болса барлығы кешіріледі.» (Табарани)
«Адам үнемі саулық пен амандық ішінде болғанда, осы екеуі ол адамның құруына жетер еді.» (И. Асакир)
Бәленің келуі
Сұрақ: Басымызға бәле келгенде өзімізді қалай ұстауымыз керек?
Жауап: Имам Раббани хазреттері былай дейді:
Достарға дүние қиыншылықтарының және бәлелердің келуі – олардың күнәларының кешірілуі үшін кәффарат болып табылады. Жылап, жалбарынып және сиынып, елжіреген жүрекпен (көңілмен) Аллаһу та'аладан кешірім сұрау керек. Дұғаның қабыл болғанын түсінгенге дейін және фитналар қалмағанға дейін осылай дұға ету керек. Достарың және игілігіңді ойлаған жақындарың да сен үшін дұға етіп жатқан болса да, дертті адамның өзінің жалбарынуы орынды болады. Дәрі қабылдау және диета ұстау – ауру адамға керек. Қалғандарының істейтіні - әрі кетсе көмекші болу.
Сөздің турасы мынау – сүйіктіден (Аллаһу та'аладан) келген барлық нәсрені күліп, қуанышпен қарсы алу керек. Одан келгеннің барлығы ұнамды болуы керек. Сүйіктінің қатты мәміле жасауы, төмендетуі, ихсан етуі және жоғарылатуы сияқты болу керек.Тіпті, өз нәпсінің қалауларынан да жағымды болу керек. Сүйген осылай болмаса, сүйіспеншілігі толық болмайды. Тіпті, сүйемін деген сөзі өтірік болады. (2-том, 75-мәктуб)
Тұқым қуалайтын аурулар
Сұрақ: Кейбір аурулар тұқым қуалайды. Неге жазықсыз бала әкесінің жазасын шегуі керек?
Жауап: Тұқым қуалайтын аурулардың жұғатыны анық емес. Бір әкенің үш баласы болса, ауру біреуіне өтіп, екіншісіне өтпеуі мүмкін.
Бір адам көршісінің түйесінен өз түйесіне ауру жұқты деп шағымданады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ол ауру көршіңнің түйесіне қайдан жұқты?» деп сұрайды. Яғни, ауру сөзсіз “жұғады” деген нәрсе жоқ, көршінің түйесінен жұғатыны секілді өздігінен немесе басқа бір себептен де болуы мүмкін.
Балаға ауру міндетті түрде әкесінен өтті дейтін болсақ, бұл ауру әкесіне қайдан келді? Оған да әкесінен, оның әкесіне де әкесінен деп айта алмайсыз. Олай кете беретін болса, бұл ауру хазреті Адамға дейін барады. Тұқым қуалайтын аурулардың барлығын Адам алейһиссаламнан келді деп қабыл еткен боласыз. Бұл ғылымға да сай келмейтінімен қоса, бұған ырым десе орынды болар. Барлық адам хазреті Адамнан таралғанына қарағанда, ауру емес адамдар да бар.
Екінші және өте маңыздысы – пайғамбарымыз «Әр аурудың міндетті түрде емі бар. Аллаһу та'ала шарасыз дерт жаратқан жоқ»деген, бірақ, медицина мұның емін таба алмаған болса, кінәні әкемізге немесе басқаларға артуға ақымыз жоқ. Аллаһу та'аланың жіберген ережелеріне бағынған адам оңайлықпен ауруға шалдықпайды. Ауруға шалдыққан күнде де Аллаһу та’ала оның емін жаратқан.
Ата-анасының күнәсін баласы өтемейді. Бір аяти кәримада былай делінген:
«Ешкім ешкімнің күнәсінің жазасын тартпайды.» (Исра 15)
Хадис шәрифте де былай делінген:
«Уәләди зина (зина арқылы туған бала) әкесінің күнәсін тартпайды. Ешкім өзге адамның күнәсін тартпайды.» (Хаким)
Барлық нәрсені себеппен жарату – Аллаһу та'аланың әдеті. Ауру біреуге біреуден, біреуге тұқым қуалап жұғады. Кейбіреулер өзінің селқостығынан ауруға шалдығады, біреулер анасынан кеміс болып туылады, енді біреу жер сілкінісі немесе жол апаты сияқты себептерден кеміс болып қалуы мүмкін. Бұлардың барлығы бір себеп. Бұлай болуында көптеген хикмет бар. Біршамасы төмендегідей:
1- Адамның басына қиыншылық келуі, ауруға шалдығуы сияқты келеңсіздіктер ол адам үшін қайырлы (жақсы) болуы мүмкін. Аяти кәримада: «Ұнатпаған нәрселерің жақсылықтарыңа, ұнатқандарың жамандықтарыңа болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі.» делінген. (Бақара 216)
Аллаһу та’ала хадис құдсиде былай бұйырған:
«Мұсылман басына түскен істі ұнатса да, ұнатпаса да, ол іс ол адам үшін жақсы.» (Ибн Шаһин)
«Кейбіреулердің иманы тек байлықпен жақсарады. Егер ол кедей болғанда күпірге кірер еді. Кейбіреулер тек кедейлікпен жақсарады, (тура, жақсы жолда болады), егер бай болғанында күпірге түсер еді. Кейбіреулердің иманы тек денінің сау болуымен толығады. Егер ауру болса, күпірге кіретін еді. Кейбіреулердің иманы аурумен толығады. Егер дені сау болғанында күпірге кіретін еді.» (Хатиб)
2- Басқа түскен бәле мен қиыншылықтар күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Хадис шәрифте: «Аллаһ жолындағы мұсылманның алдынан шыққан әр түрлі мазасыздық, ауру, қиыншылық, қайғы-қасірет тіпті аяғына кірген тікеннің өзі де күнәларының кешірілуіне кәффарат (себеп) болады» делінген. (Бұхари)
3- Күнәларымыздың жазасын осы дүниеде тартуымыз біз үшін үлкен ниғмет. Бұл дүниедегі қиыншылықтар ахырет азаптарының жанында теңіздің бір тамшысындай да емес. Ахырет азаптарының бір түйірі бұл дүниеге келсе, барлық нәрсені жандырып жоқ қылады. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Аллаһу та’ала бір құлына жақсылық қаласа, күнәларының жазасын осы дүниеде береді. Жамандық қаласа, күнәларының жазасын қияметке қалдырады.» (Тирмизи)
4- Екі-үш күндік өмірде көрген қиыншылықтар, ахыретте көп және шексіз ниғметтердің берілуіне себеп болады. Хазреті Омар былай дейді:
Маған бір бәле келсе үш түрлі қуанамын:
Біріншісі: бәлені Аллаһу та’ала жібереді. Сүйіктінің жібергенінің барлығы тәтті болады.
Екіншісі: Аллаһу та'алаға бұдан да үлкен бәле жібермегені үшін шүкір етемін.
Үшіншісі: Аллаһу та'ала адамдарға бостан-босқа ешнәрсе жібермейді. Бәленің қарсылығы ретінде ахыретте ниғметтер береді. Бұл дүниедегі бәлелер аз, ал ахырет ниғметтері мәңгілік болғаны үшін, келген бәлелерге қуанамын. (Х. С. Уәсиқалары)
Мәңгі болған жәннат ниғметтерінің жанында бұл дүниедегі бірнеше күндік қиыншылықтар әңгіме етуге де тұрмайды. Бұл дүние мың жыл болса да, мәңгінің жанында теңіздің тамшысындай да бола алмайды. Хазреті Имам Ғазали: “Бүкіл әлем, аспанмен қоса бидайға толы болса, бір торғайға “әр жылы бір данасын жеп тұрасың” делінсе, қанша көп болғанымен де ол бидайлар әйтеуір бір күні таусылады, мәңгіліктің жанында есептеуге де келмейді.” дейді.
5- Бұл дүние – сынақ жері. Аллаһу та'ала түрлі ниғметтер беріп құлдарын сынағаны секілді, бәле мен қиыншылықтар беріп те сынайды. Бір аяти кәримада былай делінген:
«Ант болсын, сендерді біраз қорқыныш, біраз аштық, мал, жан және өнімнің кемуімен сынаймыз. Ей Хабибім, сабыр еткендерге(ихсанымды, сыйымды) сүйіншіле!» (Бақара 155)
6- Бұл өмірде қиыншылық көрмеген адам, жәннат ниғметтерінің қадірін біле алмайды. Хазреті имам Раббани былай дейді: «Бұл дүниеде бірнеше күн дерт пен бәле көрмегенінде, адамдар жәннаттың қадірін түсіне алмайтын еді және мәңгі болған ниғметтердің қадірін біле алмайтын еді. Аштық көрмеген адам тамақтың ләззатын түсіне алмайды. Қиыншылық көрмеген адам рахаттықтың, тыныштықтың қадірін белмейді.»
7- Адамның күнделікті басынан өткеретін халдерінің барлығы, Аллаһу та'аланың қалауымен және жаратуымен бар болуда. Сондықтан қалауларымызды Оның қалауымен сәйкестендіруіміз керек. Кездескен нәрсенің барлығын іздеген нәрсеміз деп білуіміз керек және бұларға қауышқанымыз үшін қуануымыз керек. Құлдық осылай болады. Құл болсақ осылай болуымыз керек. Мұндай болмау, құлдықты қабыл етпеу және иесіне қарсы келу болады. Аллаһу та'ала хадис құдсида былай деген:
«Қаза мен тағдырыма разы болмаған, ұнатпаған және жіберген бәлелеріме сабыр етпеген адам, менен басқа Құдай іздесін. Жер бетінде құлым ретінде жүрмесін!» (Табарани)
Сабри жәмил
Сұрақ: Сабри жәмил деген не?
Жауап: Сабри жәмил – ең жақсы түрде, айғай-шу шығармай, адамдарға шағымданбай сабыр ету деген сөз. Исмаил Бурсәуи хазреттері «Сабыр – тағдырға разылық білдіргендіктен емес, басқа мақсаттар үшін болса, бұған сабри жәмил делінбейді.» деген. Хадис шәрифте:
«Аллаһу та'ала былай деп бұйырды: “Кімнің денсаулығына, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бақытсыздық келіп, ол адам сабри жәмил көрсетсе, қияметте ол адамнан есеп алуға ұяламын”»делінген. (Хаким)
Сабыр және дұға
Сұрақ: «Мұсылманның қаруы – сабыр мен дұға» хадисінде айтылған сабыр мен дұға қару ретінде қалай қолданылады?
Жауап: Қару – көбінесе қорғаныс құралы. Дұға және сабырмен жаман нәрселердің алды алынатыны сияқты, жақсы нәрселерге де қол жеткізуге болады. Қиналған нәрседен құтылу үшін, рахатша ғибадат жасай алу үшін және харамдардан қашу үшін сабыр етіп, дұға ету керек. Бұл екеуіне бірнеше мысал келтірейік;
Сабыр қаруының пайдалары:
Парызды орындау немесе күнәдан қашу сабырменен жүзеге асады. Расулуллаһқа «Иман деген не?» деп сұралғанда «Сабыр» деп жауап берді. (Дәйләми)
Сабыр ащы болса да жемісі тәтті. Құран кәрімде былай делінген:
«Сабыр еткендерге сияпат есепсіз беріледі.» (Зүмәр 10)
«Сабыр еткендерге (ихсанымды) сүйіншіле!» (Бақара 155)
«Аллаһ сабыр еткендермен бірге.» (Бақара 153)
«Аллаһ сабыр еткендерді жақсы көреді.» (Али Имран 146)
«Ең жақсы түрде сабыр ет!» (Мәариж 5)
Хадис шәрифтерде былай келген:
«Сабыр еткен құлдан Аллаһ разы болады.» (Дәйләми)
«Сабырлы және ықыласты болғандар, жәннатқа есепке тартылмай кіреді.» (Табарани)
«Ең құнды амал – қиыншылыққа сабыр ету.» (Тирмизи)
«Сүймегендеріңе сабыр етпей, сүйгендеріңе қауыша алмайсыңдар.» (И. Мауәрди)
«Сабырдың үш түрі болады:
1- Бәлеге сабыр,
2- Дін ілімдерін үйренгенде және ғибадаттарды орындағанда сабыр,
3- Күнә жасамау үшін сабыр. Бәлеге сабыр еткенге 300, Ғибадат жасауға сабыр еткенге 600, күнә істемеуге сабыр еткенге 900 дәреже ихсан етіледі.» (Әбушшәйх)
Дұға қаруының пайдалары
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Муаллақ тағдырды ешнәрсе өзгерте алмайды. Тек дұға ғана өзгерте алады.» (Хаким)
«Тағдыр шара қабылдаумен өзгермейді. Бірақ, қабыл болған дұға бәле келе жатқанда сақтайды.» (Табарани)
«Дұға 70 түрлі апаттың алдын алады. Өмірдің берекетін арттырады.» (Тирмизи)
«Дұға бәленің алдын алады.» (Дәйләми)
«Дұға еткен адамның я күнәсі кешіріледі немесе жақсы марапатын көреді, яки ахыретте сияпатын алады.» (Дәйләми)
Сабыр тілеу керек
Сұрақ: Біреулер: «Аллаһтан сабыр тілемеу керек, өйткені сабыр тілеу, бәле тілеу деген мағынаға келеді. Ал бұған әр адамның күші жетпейді» деп айтып жатады. Құдайдан сабыр тілеу жаман ба?
Жауап: Жоқ, жаман емес. Біз бәле мен қиыншылық тілеп жатқан жоқпыз. «Басымызға бәле мен қиыншылық келсе бұларға қарсы сабырлы болуымызды нәсіп ете гөр, сабыр бере гөр» деп дұға етеміз. Бұл бәле тілеу деген сөз емес. Құран кәрімде былай келген:
«Сабыр және намазбен Аллаһқа сиынып жәрдем сұраңдар.»(Бақара 45)
«Ей иман келтіргендер, сабыр және намазбен Аллаһтан көмек сұраңдар, өйткені Аллаһ әрине сабыр еткендермен бірге» (Бақара 153)
Бұдан көргеніміздей, Аллаһу та'ала «Сабыр мен көмек тілеңдер» деп бұйыруда. Аллаһу та'аламен бірге болу үшін сабыр тілеу және сабырлы адам болу – үлкен ниғмет болып табылады.
Хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала өзінен сабыр тілеген адамды сабырлы етеді» делінген. (Тирмизи)
Пайғамбарымыз былай дұға ететін еді:
«Йа Раббым, мені көп шүкір ететіндерден және көп сабыр ететіндерден ет!» (Бәззар)
(Демек, сабыр етуші құл болуды тілеу керек.)
«Йа Раббым, денсаулық, амандық және көркем мінез бер! Тағдырына ризалық көрсеткендерден ете гөр!» (Табарани)
Расулуллаһ алейһиссалам Аллаһтан сабыр тілеген біреуге былай деді:
«Аллаһтан бәле тілеп жатсың ба, әуелі амандық тіле!»(Тирмизи)
Бұл хадис шәриф басқа хадис шәрифтерге қайшы емес. Өйткені ол адам бәлені де сабырды да тілеп жатқан еді.
