Ұнатпаған нәрсеміз бәлкім біз үшін қайырлы
Сұрақ: Бір жақынымыз өліп, басымызға қайғы келеді. Сабыр етпеу күнә бола ма?
Жауап: Бұл дүние қиындық пен қасіреттен құралған. Сабыр етуден басқа шара жоқ. Мына үш сабыр өте қайырлы: Ғибадатқа сабыр, күнә істемеуге сабыр және бәле мен қасіреттерге сабыр.
Баласының өлуі, мал-мүлкінің қолдан кетуі және көз, құлақ сияқты ағзалардың көрмеуі, естімеуі секілді адамның қалауының тысында болған бақытсыздықтарға сабыр етуден артық құнды сабыр жоқ. Бәлелерге сабыр – сыддықтардың дәрежесі. Сондықтан пайғамбарымыз былай дұға ететін еді:
«Йа Раббым, сондай яқин (берік иман) бере гөр, қасіреттер маған оңай, жеңіл сезілсін.» (Тирмизи)
Бір адам «Ей Аллаһтың елшісі, мал-мүлкім кетті, ақшам кетті, дене мүшелерім ауруға ұшырады» деді. Оған пайғамбарымыз:
«Мал-мүлкі кетпеген, ақшасы бітпеген және ауырмаған адамда қайыр жоқ. Өйткені Аллаһу та'аланың сүйген құлы бәлеге тап болады.» деп жауап берді (Әбу Дауд)
Ибн Мубәрәк хазреттері былай деген:
Қасірет – бір нәрсе. Қасіретке тап болған адам айқай-шу шығарып, жылап-сықтаса екі болады. Біреуі – бақытсыздықтың өзі, екіншісі – сауабының кетуі. Екіншісі біріншісінен де маңызды. Сабыр еткендерге берілетін сауапты Аллаһу та'аладан басқа ешкім білмейді.
Шақиқ Бәлһи хазреттері былай дейді:
«Бақытсыздыққа сабыр етпей айғай-шу шығарған адам Аллаһу та'алаға қарсы келген болады. Жылап-сықтау бақытсыздықты кері-қайтармайды.»
Құл қашанда нәпсіне жаққан немесе жақпаған істен бөлек емес. Әр екі жағдайда да сабырға мұқтаж. Мал-мүлік, ниғмет, мақам, денсаулық және осыларға ұқсас нәрселерде өзін ұстай алмай бұларға шомып кетіп, көңілін осы нәрселерге байласа және осы халде тұрақтанса, ол адамда ниғметтерге аса көп дәрежеде берілу және шектен асушылық пайда болады. «Адамдардың бәрі қиындыққа төзімділік таныта алады, бірақ сыддықтардан басқа сау-саламматтылыққа, амандыққа сабыр ете алғандар өте аз.» делінген. Сахабалар «Қайғы-қасіретпен қиыншылық ішінде болған уақыттарымыздағы сабыр ету – қазіргі байлық пен ниғмет ішіндегі жағдайымызға сабыр етуден оңай еді.» деген. Сондықтан Аллаһу та'ала: «Мал-мүлік пен балаларың тек сынақ үшін» деп бұйырған. Ниғметке сабыр – көңілді оған байламау, оған қуанбау болып табылады.
Жақсы амалдар орындау сияқты адамның өз қалауымен істейтін нәрселерде де сабырға мұқтаждық бар. Өйткені ғибадаттардың намаз сияқты бір бөлігі еріншектіктен, зекет сияқты түрлері сараңдықтан, қажылық сияқтылары аталған екі себепке де байланысты адамға қиын болып келеді және бұлар сабырсыз жүзеге аспайды. Әр жақсы амалдың басында, ортасында және аяғында сабырға мұқтаждық бар. Басындағысы – ықыласпен ниет ету, рианы көңілден шығарып тастау. Бұлар өте қиын. Ғибадат ету барысында сабыр ету болса – шарттарымен әдептеріне ешнәрсе араластырмау. Мысалы намазда еш жағына қарамау керек, ешнәрсе ойламау керек. Ғибадаттан кейінгі сабыр – орындаған ғибадатты адамдарға жариялаудан сақтану және осылайша ужб (көңіл ауруынан) сабыр ету болады.
Күнәларға келер болсақ сабыр етпей күнәдан тыйылу мүмкін емес. Шәһуат қаншама күшті және күнә істеу қаншама оңай болса, ол күнәларды істемеуге сабыр ету де соншама қиын. Сондықтан тілменен жасалатын күнәларға сабыр ету өте қиын. Өйткені тілдің әрекеті оңай. Әсіресе көп сөйлейтін болса әдет халіне келеді. Сөзі – тілінің ұшында тұрып, өзін өзгелерге ұнаттыратын сөзді айтпауға сабыр ету қиын болады.
Адамдардың қолымен немесе тілімен жәбірлеуі сияқты, өз қалауымен болмаған, бірақ жауап қайтару қалауымен іске асатын нәрселерде, жауап қайтармауға немесе қайтарғанда да ақысынан асып кетпейтіндей етіп қайтаруда да сабырға мұқтаждық бар.
Сахабалар: «Біз адамдардан келетін қиыншылыққа төзбеген иманды, иман деп санамайтын едік» деген. Аллаһу та'ала пайғамбарымызға «Олардың жәбірлеуіне мойыма және тәуекел ет»деп бұйырған. (Ахзаб 48)
Тағдырға жазылған нәрсе басымызға келеді, егер сабыр етілсе сауабы беріледі. Сабыр етілмей айғай-шу шығаратын болса күнәға кіріледі және соңы бақытсыздыққа ұласады. Қиыншылық қанша ащы болса да сабыр етілетін болса ниғметке айналатыны білдірілген. Құран кәрімде былай делінген:
«Ұнатпаған нәрселерің жақсылықтарыңа, ұнатқандарың жамандықтарыңа болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі.» (Бақара 216)
Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Мұсылман желмен тербелген бидай масағы сияқты құлап көтеріліп тұрады. Тіке тұрайын десе құлайды. Күнәһар болса, шырша сияқты кесілгенге дейін тіке тұрады.» (Бұхари)
«Үш күн ауырып жатқан мұсылман, жаңа туылғандай күнәдан тазарады.» (Әбушшәйх)
«Жабайы жануар секілді ауырмай және қайғырмай жүргілерің келе ме?» (Бәйһақи)
«40 күннің ішінде мұсылманға реніш, ауру немесе қорқыныш немесе мал-мүлкіне зиян келеді.» және «Мұсылманда үш нәрсенің бірі болады: қиллет, иллет және зиллет» (К. Сәадәт) (Қиллет: кедейлік, Иллет: ауру, Зиллет: абыройсыздық)
Хазреті Имам Ғазали былай дейді:
“Перғауын төрт жүз жыл өмір сүрген. Бірақ бір рет те басы ауырмаған, мүлдем ыстығы көтерілмеген. Бір рет басы ауырғанында адамдардың өзіне табынуын қалауы ойына да келмес еді.” (К. Сәадәт)
