- •Негізгі түсініктер мен ұғымдар.
- •Қазақстан табиғи ортасының экологиялық жағдайы.
- •Климат және Қазақстанның экологиялық жағдайы.
- •Атмосфераның ластануын бақылау.
- •Атмосфералық ауаны ластанудан сақтау және қорғау жолдары.
- •Қазақстан Республикасындағы жер беті және жер асты суларының геоэкологиялық мәселелері
- •Трансшекаралық өзендердің антропогендік өзгерулері
- •Арал теңізінің экологиялық мәселелері.
- •Каспий теңізінің экологиялық мәселелері.
- •Балқаш көлінің экологиялық мәселелері.
- •Қазақстан топырақ ресурстарының қазіргі экологиялық жағдайы.
- •Топырақ экологиясының өзгерістерін бақылау және бағалау.
- •1 Сурет- Қазақстан ауыл шаруашылық жерлерінің эрозияға ұшырауы.
- •Қазақстанның геоэкологиялық аудандастырылуы.
- •Қазақстанның геожүйелернің экологиялық бұзылу деңгейлері
Арал теңізінің экологиялық мәселелері.
Каспий теңізінің экологиялық мәселелері.
Балқаш көлінің экологиялық мәселелері.
1. Арал, Каспий және Балқаш маңы аймақтары негізгі экологиялық қауіпті зоналар болып табылады, мұнда экологиялық жүйелердің бұзылуы флора мен фаунаның азып-тозуына әкеп соғып, экологиялық қолайсыз жағдайлардың әсерінен тұрғындардың денсаулығына үлкен қауіп тудыруда. Бұл аймақтар елдің ішкі қауіпсіздігіне шынайы қауіп-қатер тудырушылар болып табылады.
Қазақстанда Арал теңізінің алабына Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының аумақтары жатады. Басты су артериясы Сырдария өзені болып табылады. Сырдария өзені ағынының негізгі көлемі алабының жоғарғы және орта бөліктерінде, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларының территориясында қалыптасады.
1960 жылдарға дейін Арал теңізі 68 мың км² аумағы және 1066 км² көлемімен дүние жүзіндегі көлдердің ішінде төртінші орында болды. Кейіннен осы аумақта күріш және мақта өсіру үшін кең көлемді ирригациялық жүйе құрылып, нәтижесінде Арал теңізі алабындағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 3 млн-нан 8 млн-ға өсіп, әлемдегі мақта өндірісі бойынша 4-ші орында болды. Сол кездері минералды тыңайтқыштардың қолданылуы 3,3 – 6 есеге дейін ұлғайды. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары Қазақстанның негізгі суармалы аймақтары болып табылады, олардың үлесі елдегі суармалы жерлердің жалпы көлемінің 34,2 % құрайды. Сонымен бірге Түрікменстанды тұщы сумен (жылдық көлемі 10 км³) қамтамасыз ету үшін Қарақұм каналы (ұзындығы 1200 км), Қырғызстанда электр энергиясын өндіру үшін бөгеттер салынды. Осы шаралардың нәтижесінде Сырдария мен Әмудария өзендерінен Арал теңізіне келетін ағын көлемі азайып кетті. 1960 жылдарға дейін судың орташа ағыны жылына 50-ден 60 км³ құрады. 1960-1980 жылдары ағын жылына 20-30 км³-қа дейін төмендеп, ал 1990 жылдары теңізге орта есеппен алғанда 5 км³ су ғана келіп отырды. Кей жылдары теңізге су мүлдем келмегені де тіркелген.
Жарты ғасыр бұрын теңіздің ең терең жері 69 м құрап, 25-35 м тереңдік басым болды. Судың тұздылығы 8-14 г/л болды. XX ғасырдың 80-жылдары көлдің деңгейі 15 м-ге дейін төмендеп, аумағы 2 есеге, ал көлемі 3 есеге дейін қысқарды. Тұздылығы 25-50 г/л-ге дейін жоғарылады. Көл 2 бөлікке - Кіші (Солтүстік) және Үлкен Арал болып бөлінді. Сырдария өзені өзінің ағынын өзгертті, яғни бұрынғыдай Үлкен Аралға емес, Кіші Аралға құятын болды. Тұщы су балықтары жоғалып кетті.
Теңіздің тарихында оның жоғалып кетуі және қайтадан толуы алғаш рет болып отырған жоқ. Мұндай циклдің бірнеше рет қайталанғаны ғылыми дәлелденген. Көл ежелгі теңіздің қалдығы болып табылады және оның деңгейі бір жағынан - оған тікелей құятын өзендерге, екінші жағынан- жауын-шашын мен булануға байланысты.
Сырдария, Амудария өзендері мен олардың салаларының суларын адамдар өз қажеттіліктеріне кең көлемде қолданғандықтан, Арал теңізінде дәл қазіргі жағдай қалыптасты.
Қазіргі кезде Қазақстандағы және де Орталық Азиядағы экологиялық мәселелердің ең бастысы Арал теңізін сақтап қалу болып табылады. Аймақтағы екі үлкен маштабтағы экономикалық міндеттерді шешу мақсатында теңізге құятын өзен ағындарын реттеудің ақыры Арал мәселесінің туындауына әкеліп соқты. Оның біріншісі –маңызды гидроэнергетикалық қуат көздерін салу, екінші міндет - орта Азия мемлекеттеріндегі суармалы жер көлемінің күрт көбеюі болды.
Сонымен бірге Арал теңізін құтқару жөнінде қабылданған көптеген келісімдер мен ұсыныстарға қарамастан, қазіргі уақытта бұл сұрақты шешу үшін нақты әрекет ететін механизмдер және конструктивті шаралар әлі күнге дейін анықталмаған.
Арал аймағының экологиялық апат зонасы болып жариялану себебі, теңіз акваториясының мүлдем азаюы болып табылады.
Арал маңы аймағындағы экологиялық дағдарыс зоналардағы шөлейттену үрдісі, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісін қайта құру мен нарықтық экономикаға өту және экономикалық салаларындағы маңызды кезеңдердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың шиеленісуімен тығыз байланысты.
Арал маңы аймақтарында 60-жылдары туындаған Арал теңізінің экологиялық апаты мен табиғи ортаның тұрақсыздық мәселелері осы өңірдегі тұрғындардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқты. Әсіресе бұл экологиялық қолайсыздық күріш өсіру, мал шаруашылығы, мақта шаруашылығының батыс аймағын, Сырдарияның жайылмаларындағы орман қоры мен шалғынды жарамды жерлерді қамтыды.
Сол кезден бері Қазақстандағы Арал теңізінің құрғап кеткен түбінің көлемі 50000 км2 жерге созылып, ол біртіндеп шөлдік типтегі экожүйелер басым болып келетін жаңа сортаңды шөлге айналуда. Теңіз түбінің жалаңаштануына байланысты климат аридті және континенттілікке ауысты (жазғы температура 1,5-20С жоғарыласа, қысқы температура 1,2-1,50С төмендеді) жылына 32 күн дауылды желдер болып, құрғаған теңіз түбінен жылына –50-70 т құм ұшырылады.
Арал маңы аймағындағы экологиялық мәселелердің шешілмеуінің негізгі себептері:
1. Объективті себептері.
Біріншіден аймақтың климаты аридті құрғақ болып табылады, ол жоғарғы ауа температурасымен және өте төмен атмосфералық жауын- шашынмен сипатталады.
Екіншіден, орта Азия елдеріндегі экономиканың негізін ауыл шаруашылығы құрайды. Оны аймақта тиімді түрде жүргізу үшін су ресурстарын (Сырдария мен Амудария) кең көлемде қолдану керек (1 га жерге 8-11 мың м3 су шығындалады).
2. Субьективті себептері.
Біріншіден, орта Азия елдерінде су қорларын үнемді пайдаланатын технологиялардың жоқтығы (су үнемдейтін суаратын құрылғылардың және су қорларын тиімді қолданатын технологияның болмауы);
Екіншіден, орта Азия мемлекеттерінің Арал теңізінің экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі іс-әрекеттерінің жеткіліксіз үйлестіруі.
Мәселені шешудің көптеген түрлері ойлап табылған. Олардың ішінде барлығымызға белгілілері:
КСРО заманында Аралға Сібір өзендерінің бір бөлігін бұру туралы жоба пайда болды. Дегенмен одан сол кезде бас тартты, себебі жоба қымбатқа түсетін болды және бұл қадамның экологиялық зардаптарын болжау мүмкін болмады. Қазір де осы идея жиі қайталануда, бірақ нақты әрекеттер жасалған жоқ.
1911 жылы Памирдегі Мургаб өзені жазығында болған 9 балдық жер сілкінісі нәтижесінде опырылып құлап тұскен таудан 550м бөгет құрылды. 30 жыл бойы ойыс суға толып, ұзындығы 60 км, ені 3 км, тереңдігі 500м болатын Сарез көлі пайда болды. Бірнеше жыл бұрын Арал теңізін қалпына келтіру үшін көлді біржолата ағызып жіберу идеясы пайда болды. Бірақ бұл шара уақытша ғана болар еді, ал сирек кездесетін және әдемі тау көлі біржолата жоғалар еді.
Ең тиімді болып келесі шаралар табылады:
Бір кездері Аралға арналған судың негізгі бөлігі каналдар бойынша суландыруға, ал қалғаны басқа мұқтаждықтарға алынды, дегенмен оның тек 20 пайызы ғана жүзеге асып, басқа 80 пайызы буланып, жерге сіңіп кетеді. Егер де осы барлық ирригациялық жүйелерді бетон немесе басқа су өтпейтін материалдарға орап тастаса, онда Аралдан алынатын сулардың 4/5 оған қайта қайтарылады.
Судың көп мөлшері жер асты резервуарларында жинақталған. Көлге оны айдап толтыру үшін 50000 жуық ұңғымалар қажет. Қазір 12000 жұмыс істемейтін ұңғымалар бар. Оларды қайта іске қосу үшін қаржы да аз жұмсалады.
Су үнемдейтін технологияға көшуді іске асыра отырып, су пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығын қайта құру, суды екінші реттік қолдануды жүзеге асыру т.с.с. шараларды қолдану.
2. Аралдың жалаңаштанған түбі тұзды-шаңды дауылдың ірі ошағы болып, келесі зардаптарға әкеп соқтырды:
Аралдың тұзы Памир және Тянь-Шянь мұздықтарында және тіпті Арктика мұздарында табылған. Соңғы 30 жылда Тянь-Шяньдағы мұз басу ауданының 40 пайызға азаюына жоғалып бара жатқан Аралдың да үлесі бар екені сөзсіз.
Су мен ауаның тұзға тұнуы Арал маңындағы тұрғындардың ауруға шалдығуын күрт өсіріп жіберді: іш сүзегіне шалдыққандар 30 есе, жұқпалы гепатитпен 7 есе, туберкулез және онкология ауруларын өршіді. Әйелдердің 80 пайызы қан аздықпен, балалардың 90 пайызы қан құрамында тұздардың көбеюінен зардап шегуде.
Шөлейттену үрдісі үдерілеп келеді.
Бұл мәселені келесі түрде шешу мүмкін:
көлді қалпына келтіру. Бірақ бұған күмән аз.
фитомелиорация жүргізу, шөлдің ағаштары мен бұталарын (қара және ақ сексеуіл, баялыш, теріскен т.б.) отырғызу арқылы жалаңаштанған түптегі тұзды құмдарды бекіту.
3. Орта Азия аймағындағы климат құрғақшылыққа ауысумен өзгеруде.
Кезінде, Арал теңізі жазда күн радиациясының бір бөлігін жұтып, қыста жылуын бере отырып, аймақтың климатын жұмсартып тұратын. Қазір ауа-райының қаталдығы одан да күшейе түсуде. Бұл мәселені тек көлді қалпына келтіру арқылы шешуге болады.
Теңіздің тартылу үрдісі Республиканың оңтүстік –батысында, сонымен қатар Өзбекстанда жалғасуда. Ал республика аумағында Қызылорда облысының географиялық орта қалыптастырушы нысаны ретінде Аралдың солтүстік бөлігі – Кіші теңізді сақтап қалуымыз – еліміздің Тұрақты дамуға жасаған алғашқы қадамдарының бірі. Су айдыны Көкарал бөгеті құрылысының нәтижесінде 3288 км2 дейін ұлғайып, минералдануы төмендеді, балық аулау мен балық шаруашылығы қайта дамыды. Сырдарияның ағысы 350 -ден 700 м/сек. көбейді, бұл қыстағы елді мекендерді су басу қаупін азайтып, Сырдария мен Жалағаш аудандарындағы ирригациялық суаруды тұрақтандырады.
Арал маңы мәселелерін кешенді түрде шешу бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік деңгейі 39 м-ден (Балтық жүйесі бойынша) 41,4 м жетті. Сонымен бірге су айдынының көлемі 2606-дан 3156,6 км2 көтерілді, су көлемі 17,7-ден 25,2 км3 дейін, ол судың менералдануы 23-тен 12 г/л төмендеді. Акватория көлемі теңіздің алғашқы мөлшерінен 10 пайызды құрады.
Сырдария өзенінің су өткізуі Қызылорда және Қазалы гидротораптарынан төменде 60-400м3/секундтан 400-ден 760 м3/сек. көбейді.
Қорыта келе, Арал маңындағы қалыптасқан жағдайды талдасақ, аймақтағы экологиялық жағдайдың су ресурстары ластануы мен тиімді пайдаланбағандықтан нашарлағанын көруге болады. Бұдан әрі келешекте арал маңы аймағында су ресурстарының жетіспеушілігі қоршаған ортаға түсетін қысымның күшеюіне алып келеді. Сондықтан бұл жағдайды шешуді дереу қолға алып, әрі қарай жүзеге асырмаса, кері зардабы өте ауыр болады.
2. Каспий теңізі - әлемдегі ең үлкен, көлемі 380 мың км2 болатын тұйық су қоймасы. Теңізе құятын судың 90 пайызы 5 ірі өзеннен келеді. Екі үлкен, Еділ мен Жайық өзендері солтүстігінен келіп құйып, тұздылық деңгейін төмендетеді.
Көлдің тұздылығы орта есеппен теңіз суының 1/3 құрайды; ол тұздылау және тұзды болып жіктеліп, ерекше гидрохимиялық ортаны құрайды. Каспий теңізі және жағалау маңы аймағы құрлық және су эндемиктерінің әртүрлерінен құралған биологиялық алуантүрлілікке бай болып келеді.
Каспий теңізінде шамамен 400 жуық эндемик түрлері мекен етеді. Оның ішінде 76 түрі балықтар, оның 40 түрі коммерциялық маңызға ие (мысалы, бекіре, майшабақ, тікенді балық, көксерке, табан балық, шабақ балық, тұқы, ақмарқа). Бекіре балықтар балықтың филогенетикалық тобының ең ежелгісі, ол 5 түрі және 2 түршемен (оның тек 4 түрін коммерциялық мақсатта аулайды) көрсетілген. Басқа түрлер секілді (каспий арқан балығы мен каспий жыланбалығы) олар да өте сирек кездеседі. Балықтың бес түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі жағалау сызығы (2300 км) солтүстікте (Атырау облысы) Каспий ойпатымен, ал шығысында (Маңғыстау облысы) Үстірт үстіртінің тасты шөлімен шектеседі. Бұл жағалау сызығының көп бөлігі тереңдігі 5 м аз таяз сумен көрсетілген. Қазіргі уақытта Каспий жағалауының Қазақстандық бөлігінде бір бірімен тығыз байланысты бірнеше экологиялық мәселелер пайда болды. Соңғы жылдарда Каспий маңындағы ауылшаруашылығына жарамды жер алқаптары мен жайылымдардың қысқаруының тұрғылықты үрдісі байқалуда. Бұл үрдіс деградация, шөлейттену, әртүрлі химиялық заттармен ластану және каспий маңындағы суармалы жерлердің 50 пайызының екінші реттік тұздануға ұшырауы әсерінен болып жатыр.
Сондықтан су деңгейінің көтерілу мәселесі әсіресе теңіздің осы бөлігінде қатты сезіледі. Оған қоса дауылдар да жиі байқалады. Толқындар мен желқумалар жазық жерлерге су басу қатерін төндіріп, құрлыққа 50 км дейін енеді. Бұл ойпатта 43 мұнай кен орындары, мұнай және газ құбырлары, Атыраудағы мұнай өңдейтін завод, негізгі коммуникациялық және транспорттық құрылымдар мен магистральдар, Атырау әуежайы және қаланың өзі, жоғары вольтты электр тізбектері, Маңғышлақ атомэнергокомбинаты, канализация жүйесі және Ақтау теңіз порты орналасқан. 1977 жылдан бастап теңіз деңгейінің ауытқуына байланысты шамамен 1,1 млн га жер азғындады. Болашақта негізгі инфрақұрылымға қауіп төніп, тағы 2,5 млн га жерді су басып қалады деп күтілуде.
Каспий теңізінің негізгі ластаушы көздері болып табылады:
1. Өзен ағындарымен ластаушы заттардың шығарылуы. Өзен ағындарымен ластаушы заттардың түсетін жерлерінің 90%-ы Солтүстік Каспийде шоғырланған. Осы жолмен жылына Еділ алабына 2,5 км3 тазаланбаған және 7 км3 шартты түрде тазаланған ағынды сулар түседі. Өзен ағындарындағы улы заттардың құрамындағы ШРК :
мұнай өнімідерінде 8-60 есе
фенолдар 3-35 есе
ауыр металлдар 3-13 есе.
Каспийдің Қазақстан бөлігіндегі негізгі өзен ағынымен ластануы Жайық өзенінен келеді. Теңізге түсетін ауыр металл иондарының ШРК 4-12 есе көп.
2. Жағалаудан тазартылмаған коммуналды-тұрмыстық, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық сулардың түсуі. Каспий теңізінің жағалауында 200 жуық үлкен қалалар мен өнеркәсіп қалдықтарының 220-дан астам көзі шоғырланған. Жылына шамамен құрамында мыңнан астам химиялық қосылыстар, улы заттары бар 39 км3 ағын суы түседі.
Қалалар және қала типтес селолар Каспийдің жағалау суының жағдайына қарқынды түрде әсер етеді. Теңіздің оңтүстік-батыс өнеркәсіпті бөлігіндегі елдер аумағынан тәулігіне 300 млн м3 тазартылмаған ақаба сулар және 100 мың м 2 улы қоспалар түсіп отырады.
Қазақстан Республикасы аумағынан теңізге жылына ауыл шаруашылығында пайдаланылатын әртүрлі химиялық тыңайтқыштар түседі (оның ішінде 80% фосфор): Оның ішінде теңіз биоресурстарына ең қауіптісі -гексахлорциклогексан және басқа да ауыр органикалық ластаушы пестицидтар болып табылады.
3.Мұнай және газ скважиналарын пайдалану.
Каспийдің ластануының негізгі көзі жағалауындағы елдердің теңіздік мұнай өнеркәсіптері болып табылады. Мұнай және газ өндіретін жерлерді игеру тәжірибесі бойынша қалыпты режимдегі мұнайды өңдеудегі әрбір бұрғылау құрылғысы құрамында қатты, сұйық және газды компоненттер болатын көптеген ластаушы заттардың көзі екендігі анықталған. Орта есеппен су ортасына бір скважинадан 30-120 тонна мұнай, 200-300 тонна бұрғылау өнімі, 150-400 тонна бұрғылау шламы түседі.
4. Кеме қатынасы және су жолымен мұнай тасымалдау.
Су транспорты да Каспий теңізінің теңіздік акваториясын ластаушы болып табылады, өйткені оны пайдаланудан жанармайдың төгілуі және құрамында мұнай, мұнай өнімдері және синтетикалық беткі белсенді заттары бар жуылған судың теңізге түсуі байқалады.
Кеме шуының жоғары деңгейі теңіз жануарларының өмір сүруіне әсер етеді, балықтың кейбір түрлерінде құлақ бітелу байқалып, миграциялық маршруттар ауысады.
5. Екінші реттік ластану.
Каспий аймағындағы экологиялық қауіпсіздіктің жаңа параметріне Каспий теңізі деңгейінің көтерілуімен байланысты жүретін екінші реттік ластану мәселесі жатады. Бұл өнеркәсіп және шаруашылық нысандарының су астында қалуына әкеп соқтырады. Көптеген улы заттар теңізге түсіп, оның екінші рет ластануына себепші болады.
Бұл үрдістің нәтижесінде Қазақстан аумағындағы жағалауда 45 мұнай өнеркәсіптері, мұнай және газ өндірілетін жерлер, оның ішіндегі ең бірегейлері – Теңіз, Королев, Қаламқас, Қаражанбастың су астында қалу қатері туындауда. Ең қауіптісі су астында қалған жерлердегі мұнай кен орындарын пайдалану. Олар Мартыши, Камышитовое, Жаңаталап, Батыс Теңіз Прорва, Тереңөзек, Ботақан, Қарсақ және басқалары. Толығымен су астында - Шығыс Көкарна, Тәжіғали, Прибрежное, Пустынное, Морское сияқты ірі мұнай кен орындары мен скважиналары қалған. Бұл теңіздің тек биологиялық әртүрлілігіне ғана емес, оның бүкіл экожүйесіне қауіп төндіруде Жойылып кету қаупіне каспий итбалығы эндемигі, орнитофауна түрлерінің көбісі, әлемдік қордағы бекіре балығының 90% шоғырланған Каспийдің фаунасы да ұшырап отыр.
Теңізге түскен ластаушы заттар теңіз экожүйесінің барлық элементтерімен өзара байланысып, экожүйе құрылымын өзгертіп, оның функциясын бұзады.
Каспий аймағындағы экологиялық жағдайды қалпына келтіру және жақсарту бойынша басты мәселелер қатарында:
Біріншіден, табиғатты қорғау шараларын өткізілудің жеткіліксіздігі (мемлекеттік, аймақаралық және жергілікті масштабта үйлестіру жұмыстары);
Екіншіден, Каспий теңізінің бүкіл акваториясын бақылаудың біртұтас ұйымдасқан жүйесінің болмауы (бүкіл жүйені бақылайтын орталықтың болмауы);
Үшіншіден, зерттеулер мен толық кешенді талдауларды өткізудің жеткіліксіздігі (теңіз суын, түптік шөгінділерді және гидробиотада улы заттардың болуын).
Төртіншіден, мұнай өндіретін және өңдейтін компаниялардың экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауына бақылау жасаудың бірлескен механизмінің болмауы.
Каспий аймағындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін нақты бір шаралар қолданылмаса, бұл жағдай бақылаудан шығып, аймақтық масштабтан ғаламдық экологиялық мәселеге айналады.
Каспий қайраңының табиғи ресурстарын кешенді пайдалану және экологиялық мониторингі мәселесі ерекше мәнге ие. Теңіз экожүйесінің биологиялық, минералдық, рекреациялық ресурстарын үйлесімді пайдалану және сақтап қалу үшін негізгі міндеті табиғи және техногенді әсерлерден туындаған теңіз ортасы күйінің өзгерістерін бағалау мен болжау болып табылатын Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің мониторингін ұйымдастыру қажет.
3. Балқаш көлі Қазақстандағы көлемі бойынша үшінші орын алатын тұйық су қоймасы. Көл қазаншұңқыры созылыңқы және тілімделген. Көлдің суасты табалдырығы оны Батыс және Шығыс бөліктерге бөледі, екеуі тар Ұзынарал бұғазы (5-6км) арқылы жалғасады. Батыс Балқаштың суы тұщы, ал шығыс бөлігінде жоғары деңгейдегі минералдану байқалады.
Соңғы кездері Балқаш маңының экологиялық жағдайы едәуір нашарлай бастады. Қарқынды шаруашылық әрекетінің басталуынан ластану көлемі ұлғайып, көлдің гидрологиялық режимімен қоса экожүйенің табиғи режимі де бұзылды
Балқаш суының сапасына көлдің негізгі қорек көзі болып табылатын Іле, Қаратал және Лепсі өзендерінің сапасы айтарлықтай әсер етеді. Әрі вегетативтік кезеңде Қаратал мен Лепсінің сағасында ағын мүлдем болмайды. Бұл өзендердің сулары суармалы жерлерге көп мөлшерде алынады.
Көлді негізгі ластаушы заттарға ауыр металлдар, мұнай өнімдері және фенолдар жатады. Жыл бойы мыстың шекті рұқсат етілген концентрациясы асып түсіп, жоғары ластану жағдайында 13%-ға дейін жетеді. Жыл ішіндегі ластаушы заттар құрамындағы мырыш 48%, мұнай өнімдері 62%, фенол 20% ШРК дан артып отыр.
Іле – Балқаш алабы суларын ауыл шаруашылығында өте көп пайдалану себебінен 1965-1990 жылдар аралығында Балқашқа құятын судың көлемі 25 %-ға азайды. Іленің орта ағысы мен төменгі сағасында Шарын күріш, Шеңгелді көкөніс, Ақдала күріш алқаптары пайда болды. Осының бәрі Іле – Балқаш су алабының табиғи жүйесінде қалыптасқан тепе-теңдікті бұзды.
Іле – Балқаш экожүйесіндегі өзгерістер (әсіресе Қапшағайдан төменгі бөлігі) өте сирек кездесетін Іле тоғайын, өзен жағасындағы шұрайлы жайылымдар мен оның сағасындағы қамыс-қоғаның жойылуына себепші болды. Көлдің жағалаулары кеуіп, тұзды шаң жиі көтерілді. Соған байланысты ауа райы өзгеріп, қуаңшылық пен аңызақ желдер үдеді.
Балқаш көлі соңғы жылдары 2 метрге жуық төмендеп отыр. Сонымен көл жағалаулары батпақтанып, сорланып, тақырлар мен шөлдерге айналуда.
Іле – Балқаш экожүйесінің фаунасы мен флорасы зардап шегуде. Балық аулау соңғы жылдары 5 есе төмендесе, уылдырық шашу (Қапшағай су қоймасы) тіпті азайды. Сонымен қатар балықтардың Іле бойындағы егіс, көкөніс алқаптарына пайдаланылған пестицидтер, гербицидтер және минералды тыңайтқыштар қалдықтарымен улануы жиі байқалуда.
Қытай тарапынан Іле өзенінің суын көп мөлшерде алуы Қазақстанның бүкіл оңтүстік шығыс және орталық бөліктерінің дамуына қосымша қауіп тудырып отыр. Бұл өзеннен су алынуы Балқаштың тұздануы мен таяздануына Арал теңізіндегі экологиялық апаттың қайталануына, және де айтарлықтай әлеуметтік экономикалық зардаптарға әкелуі мүмкін.
Қазіргі кезеңде Балқаш көлінің құлдырауының негізгі салдарына:
Іле өзені атырауының деградациясы;
флора мен фаунаның азаюы;
шөлденуге, тұздануға ұшыраған батпақтанған территориялардың ұлғаюы;
көлдің екінші реттік ластануы;
әлеуметтік экономикалық саладағы жағдайдың нашарлауы;
халық денсаулығының нашарлауы жатады.
Балқаш маңындағы экологиялық жағдайдың нашарлауы бірқатар факторлармен тікелей байланысты:
Бірінші. Балқаш көліндегі экологиялық апаттың алдын алу үшін бірлескен механизмнің болмауы;
Екінші. Бұл мәселеге Халықаралық экологиялық ұйымдардың тарапынан көңіл бөлінбеуі;
Үшінші. Балқаш маңы аймағында экологиялық тепе-теңдікті сақтау бойынша жұмыс жасайтын жобаларды мақсатты қаржыландырудың жеткіліксіздігі.
Жалпы алғанда, Қазақстанның аймақтарында қалыптасқан экологиялық ахуал экожүйелерді сақтап қалу мақсатындағы нақты іс-шараларды жүзеге асыру қажеттілігін айғақтап отыр. Сондықтан нақты үйлесімді және тиімді іс-әрекетті дер уақытында жасамаса, ол аймақтағы экологиялық мәселелер ғаламдыққа айналып кетеді.
Тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды бетке алған кез келген мемлекет, біріншіден, өзінің экономикалық өсу нүктесін белгілейді. Ол әр елде әр алуан болуы мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық – өсу нүктесі арқылы сол мемлекеттің болашақ қызмет бағдары айқындалады. Дамыған мемлекеттер қатарынан орын алу мақсатында еліміз өзінің өсу нүктесінен тартып, бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Соның бірі – Каспий, Арал теңіздеріне, Балқаш көліне қатысты мәселелер. Бұл мәселелерді шешуді кейінгі қалдыру - біздің мемлекетіміздің жоспарына жауап бермейді және осынау бірегей жүйенің мәселелерін одан бетер ушықтыра түседі.
Бұл жерде мемлекеттің алға даму стратегиясымен қатар экологиялық даму да қоса жүргізілу қажет. Ал табиғатпен тіл табысу үшін, біріншіден, өндірісті экологизациялау мақсатына сай келетін бірқатар шараларды іске асыру қажет. Табиғатты қорғау үшін барлық елдердің күш қуатын біріктіргенде ғана экологиялық шаралар тиісті нәтиже бере алады. Сол кезде біз әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына толыққанды мүше бола аламыз.
Әдебиеттер:
Негізгі:
Бейсенова А., Карпеков К. Физическая география Казахстана. – Алматы: Атамұра, 2004.-256с.
Ақбасова А.Ж. Экология. Алматы, 2003.
Асқарова Ұ.Б. Экология және қоршаған ортаны қорғау. – Алматы: Заң әдебиеті, 2005.-90б.
Баешов А. және т.б. Экология негіздері. Түркістан, 2000.
Балқаш көлі алабындағы қоршаған ортаның жағдайы туралы ақпараттық бюллетень. 2 (9) Шығарылым. (2008ж. 1 жарты жылдығы және 2 квартал) Алматы, 2008.
Қуатбаев А.Т. Жалпы экология (оқулық) - Алматы, 2008-342б.
Чигаркин А.В. Региональная геоэкология Казахстана. Учеб. пособие.-Алматы: Қазақ университеті, 2000, 225 с.
Чигаркин А.В. Геоэкология Казахстана географические аспекты природополъзования и охрана природы) Алматы: Қазақ университеті, 2006.- 414 с.
Қосымша:
Каримов А.Н. Экологиялық сараптама.бағалау. бақылау. Алматы, 2003.
Кенжебаев С., Махмутов С.М. Табиғат қорғау. Алматы, Ана-тілі, 1992. 143 с.
Қазақстан Республикасының қоршаған орта жағдайы туралы ақпараттық бюллетень. 1 (16)-шығарылым. (2008 ж. I жарты жылдығы) Алматы, 2008.
Комарова, Н.Г. Геоэкология и природопользование : учебное пособие для высш. пед. учеб. заведений / Н.Г. Комарова. – М. : Издательский центр «Академия», 2003. – 192 с.
Голубев Г.Н. Геоэкология. – М.: ТЕОС, 1999. – 337 с.
Новиков Ю.Н. Охрана окружающей среды. - М.: Высшая школа, 1987. С 286.
Петров.К.М. Геоэкология: основы природопользования. СПб.: Санкт-Петербургский государственный университет, 1994г, 216с.
Отчет «Доступ населения Республики Казахстан к питьевой воде и санитарии, Январь 2006 г.
Обзор. Окружающая среда и устойчивое развитие в Казахстане. Алматы, 2004 г.
Концепция экологической безопасности Республики Казахстан на 2004-2015 годы.
Съезд Бассейновых советов Республики Казахстан, Материалы.-Алматы, 2007 г.
www.minagri.kz
www.voda.kz
www.meteo.kz
№ 5 Дәріс
Тақырыбы: Қазақстан Республикасы топырағы ластануының аумақтық ерекшеліктері.
Дәріс жоспары:
