Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Abieva_Kaz_tab_res_geoekolog.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
14.17 Mб
Скачать
  1. Қазақстан Республикасындағы жер беті және жер асты суларының геоэкологиялық мәселелері

  2. Трансшекаралық өзендердің антропогендік өзгерулері

1. Географиялық орналасуы мен табиғат жағдайларына байланысты Қазақстан Республикасы су ресурстары тапшы елдердің қатарына жатады. Республика су ресурстарымен қамтамасыз ету жөнінен ТМД елдерінің ішінде соңғы орындарды алады. Республикадағы сумен қамтамасыз етудің меншікті үлесі 1ш.ш-ға 37000 м³ тең, және жылына 1 адамға шаққанда 6000 м³ келеді.

Қазақстандағы жер беті ағындарының жалпы көлемі жылына 89,5 км³ құрайды. Республикамызда таза ауыз су мүлдем тапшы деуге де болады.

Қазақстандағы жер беті су ресурстарының жалпы мөлшері жылына орташа есеппен 100,5 км3 тең болса, соның 56,5 км3 ғана Қазақстан аумағында құралады. Қалған – 44,0 км3 - көршілес елдерден ағып келеді: Қытайдан -18,9 км3, Өзбекстаннан – 14,6 км3, Қырғызстаннан – 3,0 км3, Ресейден – 7,5 км3.

Әкімшіліктік тұрғыдан алғанда, Қазақстанда халықаралық өзен бассейндерінің құрамдас бөлігі болып табылатын сегіз өзен бассейні бар: Ертіс, Есіл, Тобыл-Торғай, Нұра-Сарысу, Жайық-Каспий, Арал-Сырдария, Шу-Талас және Балқаш-Алакөл. Олардың орталық басқармалары Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Семей және Тараз қалаларында орналасқан. Аталған сегіз бассейннің ішінде Нұра-Сарысу бассейні ішкі тұйық су алаптарын басқарады.

1-кесте

Қазақстан Республикасы өзен бассейндерінің су қорлары, км³

Өзен бассейндері

Орташа көпжылдық ағын

Шекаралас мемлекет-терден келетін ағын

Міндетті шығындар (санитарлық, экологиялық, көлік, зиян және шығын )

Орналас-қан су қорлары

Арал-Сырдария

17,9

13,7

6,9

11,0

Балқаш-Алакөл

27,8

11,9

17,5

10,3

Ертіс

33,8

8

22,5

11,3

Есіл

2,2

-

0,6

1,6

Нұра-Сарысу

1,3

-

0,6

0,7

Тобыл-Торғай

2,0

0,3

0,6

1,4

Шу-Талас

4,2

3,0

0,6

3,7

Жайық-Каспий

11,3

7,1

8,8

2,5

Барлығы

100,5

44,0

57,5

43,0

Басқа Су бассейн басқармаларында (СББ) трансшекаралық ағындар бар және олар сол секілді құрылымдармен немесе шекаралас мемлекеттердің су шаруашылық органдарымен өзара әрекет етеді. Су ресурстарының негізгі көлемі (жер беті ағынының 80% жуық) Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Ертіс СББ үлесінде. Сумен ең аз қамтылған Нұра-Сарысу бассейні.

Республика аумағында экономикамыздың суды тұтыну көрсеткіші жылына 32,5 текше шақырымды құрайды. Егер салалар бойынша қарастырсақ, ең көп тұтынатын ауыл шаруашылығы саласы, ол 75%-ды құрайды. Бұл көлемнің жартысынан астамы, яғни 53%-ы Арал-Сырдария бассейнінде пайдаланылады, ол жерде дәстүрлі суармалы егін шаруашылығы дамыған. Суды өндірістік мақсатта мол көлемде тұтынатындар еліміздің индустриялық дамыған өңірлерінде орналасқан Ертіс бассейнінің нысандары – 38%, Нұра-Сарысу – 29%, Орал-Каспий – 21%. Коммуналдық-тұрмыстық сектор судың 5 пайызын ғана тұтынады.

Қазақстанның жер беті суларының қорлары әбден сарқылуға жақын. Республиканың су шаруашылығының мәселелері жер беті суларын үнемді пайдалану мен жер асты сулары қорларын игеру барысында ғана шешілуі мүмкін.

Жер асты сулары:

Жер беті суларының қалыптасуында жер асты суларының маңызы өте зор. Олар жер беті сулары деңгейін сақтаушы негізгі сыртқы көз болып есептеледі. Соңғы жылдары жер асты суларын бейберекет, тиімсіз пайдаланудың әсерінен Қазақстан Республикасы су қорларының бүкіл экожүйесі бұзыла бастады. Олардың ластануының күннен-күнге өсуіне байланысты, жергілікті экологиялық мәселелер аймақтық деңгейге ауысып кетуі ықтимал.

Жер асты суларының мөлшері жылына 15,1 км³ , ал оны жұмсау деңгейі 7,9 % құрайды.

Қазақстан минералды суларға өте бай – 45 кен орны барланған: – йод-бром құрамды (5), кремний (4), радон (7), темір (2) және ерекше жиынтығы (компоненттері) жоқ (27). Сонымен бірге 251 астам минералды су көздері табылған.

Еліміздегі жер асты суларының сапасын қалыпты ластанған деп бағалауға болады, су сапасын ластаушы 700 астам көздер анықталған. Олардың көпшілігі Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Анықталған ластағыш заттардың қауіптілік класы бойынша: 127 жер телімі - қауіпті, 63 – қауіптілігі қалыпты, 48-өте қауіпті, 3- аса қауіпті класс болып сипатталады.

Қазақстан Республикасындағы жер асты суларын ластаушы басты көздердің қатарына: тау-кен өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптік кәсіпорындар, қалалық құрылыстар, малшаруашылық фермалары, жер өңдеу алқаптары, суармалы жерлер, әртүрлі сұйық және қатты қалдықтар мен мұнай өнімдерін сақтау қоймалары, автокөліктер және т.б. жатады.

Қазақстан Республикасында қалыптасқан жағдайды жақсартуға бағытталған белгілі бір шаралар қолданбаған жағдайда, келесі қиындықтар туындауы мүмкін:

Біріншіден, ауыз судың ластануы (Шығыс Қазақстандағы ластанған жер асты суларының жалпы көлемі 10 км² тең, олардың ауыр металдармен (қорғасын, мырыш, кадмий) ластану деңгейі ШРК шамасынан асып кеткен). Тұрғындардың 50% жуығы нормаға сәйкес келмейтін ауыз сумен күн көріп келеді.

Екіншіден, жер асты сулары арқылы өзендерге улы, уытты заттардың түсуі. (Семейдегі әскери әуежай маңындағы жер асты суларында керосин (42 га жерге 6460 т) жиналған, олар жер асты сулар ағынымен Ертіс өзеніне түсіп, өзеннің төменгі ағысында экологиялық апат тудыруы мүмкін.

Жер беті өзендері:

Қазақстан Республикасының ең ірі ішкі-жер беті өзендеріне: Нұра, Торғай, Ойыл, Сарысу, Жем, Ырғыз, Сағыз, Елек, Үлкен Өзен (1000 км дейін) жатады.

Республика аумағындағы өзен сулары ағындарының 90 пайызға жуығы климаттың ерекшеліктеріне байланысты көктемде болады. Су ресурстары ел аумағы бойынша біркелкі, тегіс таралмаған. Оның үстіне су мөлшері жыл және мезгіл сайын өзгеріп отырады. Суды толығымен пайдалану мақсатында елдің барлық аймақтарында су ресурстарын және солардың ағысын реттейтін арнайы гидротехникалық нысандар салынған. Түрлі салаларда суға деген сұраныс әртүрлі болғандықтан, және су ағынының мөлшері мезгіл сайын күрт өзгере беретіндіктен (мысалы, көктемгі сең және жазғы қуаңшылық), су кейде тасып, кейде керісінше тартылады.

Мұндай мәселелер Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайына айтарлықтай әсер етіп, төмендегідей жағымсыз зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін:

  • ауылшаруашылық саласына қажетті, суармалы сулардың ластануы;

  • өзендердегі зиянды заттардың көп шоғырлануы нәтижесінде балық-шаруашылық қызметінің тоқтауы;

  • қоршаған орта жағдайының нашарлауы;

  • егістік алқаптарды су басуы;

  • су деңгейінің көбеюі нәтижесінде өзендер атырауының нашарлауы;

  • өзен жүйесін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуы.

Су қорларының экологиялық жүйесі тым осал болғандықтан, біртіндеп азуда және оның биожүйесін сақтап, қолдау үшін барлық шекаралық мемлекеттердің бірлесіп келісімді қызмет жасауын қажет етеді. Мұндай жағдайда, су нысандарын қорғау мен қалпына келтіру тұжырымдамаларын белсенді түрде қолданып келе жатқан басқа мемлекеттердің тәжірибесін есепке алған жөн.

Ұлттық экологиялық мәселелер:

Жер бетi және жер асты суларының Қазақстан геожүйелерiне экологиялык әсерi жан-жакты. Ол өзен желiлерiнiң тығыздығынан, су нысандарының гидрологиялық және гидрохимиялық режимдерінен көрiнедi. Өзендердің қоректену көзi, су режимі, жылдық ағынның өзгергiштiгi, т.с. сияқты экологиялық факторлардың маңызы зор.

Осы факторлардың кейбiреулерiн ғана қарастырумен шектелейiк. Атап айтқанда:

  • өзен торабының Қазақстанның үлкен, жазық бөлiгiнде бiрқалыпты таралмауы техногенез өнiмдерiнiң геохимиялық миграциясына зиянын тигiзедi;

  • Тянь-Шань, Алтай, Жетiсу Алатауы тау жүйелерiндегi өзен торабының тығыздығы мен мол сулылығы - осында орналасқан өнеркәсiп аймақтарынан табиғи су мен топырақты ластаушы заттардың басқа аймақтарға көшуіне себепшi;

  • республика аумағында гидрологиялық режимі Қазақстандық типтес өзендердiң басым болуы (80%) су нысандарының өздігінен тазаруының маңызды факторы. Айқын байқалатын көктемгi су тасуы өзеннің ластаушы заттардан шайылуына көмегін тигізсе, қайырлаудың төмендігі (кейде кеуiп қалуы) техногенез өнiмдерiн жинақтауға әсер етедi;

  • Тянь-Шань тауларындағы осы типті өзендер ұзаққа созылатын көктемгi-жазғы су тасуы мен таскынымен және төмен қайырлануымен сипатталады. Мұндай гидрологиялық режим су нысандарының техногенез өнiмдерiнен өздiгiнен тазаруына әсер етедi;

  • Алтай типтес өзендер созылмалы көктемгі су тасуымен жазғы-күзгі жоғарғы ағынмен ерекшеленеді. Олар су нысандарының өздігінен тазаруына және шаруашылықта пайдалануға қолайлы;

  • 70-тен аса артезиан алаптарының болуы Қазақстанның бірқатар аридтi аймақтарының экономикалық дамуына мүмкіндік береді. Дегенмен жер асты суларының минералдану дәрежесі жоғары болуы экологиялық жағдайды шиеленістіретін экологиялық фактор болып табылады.

2. Трансшекаралық су қорларын тиімді пайдалану оның экологиялық және экономикалық маңыздылығын көрсетіп қана қоймайды сонымен бірге үлкен саяси және халықаралық мәнге ие.

Республикадағы жер беті суларының жартысынан көбі (44,0 км³), шекаралық мемлекеттерден келетінін жоғарыда айтып кеттік. Сондықтан да Қазақстанда трансшекаралық өзендердің су қорларын пайдалану өте күрделі мәселе болып есептеледі.

Қазақстан республикасының шекаралық су нысандарының жағдайы алаңдаушылық туғызады. Соңғы жылдары бұл өзендердің ластану деңгейі шекті рауалы концентрация мөлшерінен асып түсуде (1-5 ШРК).

Шекаралық өзендер жағдайының күрт нашарлауына байланысты, аймақтар бойынша өзендердің қазіргі жағдайына талдау жасап өтейік.

Қазақстан-Ресей шекаралық өзендері

Трансшекаралық суларды негізгі ластаушы заттарға құрамында азоты бар заттар ( 1-6 ШРК), мұнайөнімдері (1-3 ШРК), мыс (1-3 ШРК), мырыш (1-4 ШРК) сульфаты бар (1-7 ШРК) заттар кіреді. Бұл аймақтардағы жағдайлар экологиялық шаралар өткізбейінше, өршіп, келесі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін:

  • су балансының құлдырауы;

  • өзен атырауының азып-тозуы;

  • ауылшаруашылық қызметіне қажетті су қорларының пайдалануға жарамсыз болуы;

  • өзен алабын жағалай орналасқан халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалының төмендеуі;

  • халық денсаулығының нашарлауы.

Қазақстан-Қытай трансшекаралық өзендері

Қытай аумағынан Қазақстан республикасына 23-ке жуық шекаралық өзендер ағып келеді. Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасындағы су қорларын бірлесіп пайдалану жоспарындағы екі жақты қарым-қатынастың негізгі мәселесі Іле және Ертіс шекаралық өзендерінен Қытай аумағында суды көп мөлшерде алу болып табылады.

Іле және Ертіс өзендерінің су қорларын Қытай аумағында пайдалануды ұлғайту шаралары Қазақстан үшін түрлі әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағымсыз салдарларға ұшыратуы мүмкін. Соның ішінде ең негізгілері:

  • Зайсан мен Балқаш көлдері аймағындағы табиғи су балансы мен табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы;

  • климаттың бұзылуы;

  • балық шаруашылығына келетін зиян;

  • жайылымның тозуы, ауылшаруашылық өнімдерінің төмендеуі.

Өндірістік қалдық сулардың суға түсуі мен су ағынының азаюы судағы зиянды заттардың табиғи шоғырлануының көбеюіне әкеліп, олардың шаруашылыққа мүлдем жарамсыз болуына әсерін тигізеді.

Қазақстан-Қырғызстан трансшекаралық өзендері

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы негізгі су артериясы Талас және Шу өзендері болып табылады. Бүгінгі таңда бұл өзендердің басты экологиялық мәселесіне жер беті суларының ластануы мен өзен атырауындағы су деңгейінің төмендеуі жатады.

Шу өзенінің негізгі ластаушы көздері болып Қырғыз Республикасының өнеркәсіп кәсіпорындарының ағынды сулары, оның ішінде Бішкек қаласы су арнасының ақаба сулары саналады.

Талас өзенінің қарқынды ластануы Жамбыл облысының өнеркәсіп кәсіпорындарының есебінен жүргізілуде.

Шу және Талас өзендерінің деңгейінің төмендеуі біріншіден, жергілікті тұрғындардың ауылшаруашылық қызметіне басты арнаның суын пайдалануымен, екіншіден аймақтың климаттық жағдайымен байланысты.

Талас өзенінің таяздануы өзенді жағалай қоныстанған елді мекендердің (Сарыбұлақ, Шахан, Бостандық, Аққұм, Сәду Шәкіров, Амангелді, Жаңатұрмыс, Ойық, Үшарал) ауыз суында тұз концентрациясының артуы секілді мәселелерге әкеп соқтырды.

Мұндай жағдай, аймақтың экологиялық климатына кері әсерін тигізетін жағымсыз салдарлар тудыруы мүмкін:

  • жердің азып-тозуы (шөлейттену мен тұздануы);

  • ауылшаруашылық қызметіне қажетті су қорларының жетіспеуі;

  • сорланған жер аумақтарынан халықтың жаппай қоныс аударуы;

  • климаттың өзгеруі (қоңыржай климаттан құрғақ климатқа өту).

Қазақстан-Өзбекстан трансшекаралық өзендері

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы негізгі экологиялық мәселе Өзбекстан жағының Сырдария өзенінен суды үздіксіз алу көлемін арттыруы болып табылады. Бұл мәселенің Өзбекстан жағынан шешілуі бірқатар әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді, мысалы:

  • жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің көбеюі;

  • тұрғындардың тыныс алу мүшелерімен байланысты аурулар санының азаюы;

  • Арал теңізіне құйылатын су ағынының ұлғаюы, т.б.

Сырдария өзені атырауының құлдырауына әсерін тигізетін басты факторлардың бірі ретінде оның ластануын атап өтуге болады. Сырдария өзенін негізгі ластаушы заттарға сульфат, мыс, нитрат, мұнай өнімдері жатады. Сульфаттардың ең көп концентрациясы - 8 ШРК, нитраттар -3 ШРК, мұнай өнімдері мен мыс 4 ШРК деңгейінде көрсетілген.

Сырдария өзені мен оның Арыс және Келес салаларының қазақстандық бөлігіндегі ластаушы негізгі көздеріне өнеркәсіп кәсіпорындарының ақаба сулары, мал шаруашылығының ағыны мен ауылшаруашылық егістіктердегі коллекторлы-дренажды сулардың қалдықтары жатады.

Су қорларын тиімді пайдалану мен қорғау мәселелері Республиканың түрақты дамуға өту үшін алға қойған басты міндеттерінің бірі болып саналады. Көп салалы халық шаруашылық кешені бар Қазақстан секілді кең байтақ ел бүгінгі таңда су қорларымен жеткіліксіз қамтылған. Сондықтан да мұндай мәселелерді шешуде су пайдалануды реттеудің маңызы өте зор.

ҚР Су Кодексі - 2003 жылдың 9 шілдесінде қабылданған (2009 ж. ақпан айында соңғы түзетулер енгізілді). Кодекс гидрологиялық жүйелерді иелену мен суды пайдалану құқықтарын реттейді.

2004-2015 жылдарға арналған Экологиялық қауіпсіздік концепциясының негізгі міндеттерінің бірі - суды пайдалану мөлшерін қысқарту және су қорларын ластанудан қорғау болып табылады.

2002 жылы «2010 жылға дейін суэлектрэнергиясы саясаты мен су қорлары саласын дамыту концециясы» және «2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су»» бағдарламасы қабылданды.

«Ауыз су» бағдарламасы су қорларын басқарудағы экожүйелік әдісті ынталандырады.

Казіргі таңда «Қазақстандағы суды сақтау мен су қорларын интегралды басқарудағы ұлттық жоспар» жасалды.

Сонымен қатар, Қазақстан трансшекаралық ағын суларды сақтау жөніндегі бірнеше Халықаралық Конвенцияларды бекітті:

  • Шекаралық контекстегі қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы Конвенция. Эспо Конвенциясы (ҚР 21.10.2000 ж. бекіткен);

  • Халықаралық көлдер мен трансшекаралық ағын суларды пайдалану және қорғау конвенциясы; (ҚР 23.10.2000 ж. бекіткен );

  • Каспий теңізінің теңіздік ортасын қорғау туралы Рамалық Конвенция (ҚР 13.12.2005 ж.бекіткен);

Бұлардан басқа, Қазақстан көптеген халықаралық Келісімдерге қол қойды:

  • Трансшекаралық су қоймаларын бірлесіп пайдалану және қорғау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Келісім (1992ж.);

  • Қазақстан Республикасы мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері арасындағы Келісім. Орталық Азияның Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылық комиссиясы құрылды (СҮСК). Сонымен қатар, Шу және Талас мемлекетаралық өзендеріндегі су шаруашылық құрылыстарды пайдалану туралы Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының комиссиясы құрылды.

  • Қазақстан мен Қытай арасындағы келісім шеңберінде трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау туралы Казақстан-Қытай комиссиясы құрылды.

Казіргі уақытта Қазақстандағы ЕО делегациясы мен ОА АЭО (РЭЦ ЦА) қолдауымен Қытай, Қырғызстан және Қазақстан арасындағы Іле-Балқаш алабының су қорларын кешенді басқару туралы келісімге отыру жайлы келіссөздер жүргізілуде.

Су қорларын тиімді пайдалану мен қорғау негізін келесі басымдылық ұстанымдары құрауы тиіс:

  • өзен мен көлдердің ағынды сулармен ластануын барынша тоқтату;

  • жаңа су қорғау технологиясына негізделген жер беті суларын үнемді пайдалану;

  • айналымды суды пайдалану мен суды жабдықтау технологияларын енгізу;

  • коммуналды-тұрғындық және өнеркәсіптік ақаба сулар қалдықтарын тазалайтын тазарту құрылғылары мен жаңа технологияны ендіру;

  • ауыл шаруашылығында суды пайдалану мөлшерін қысқарту;

  • жер асты суларын үнемді пайдалану;

  • өнеркәсіптік және рекреациялық мақсаттар үшін минералдық, термалды сулар мен батпақтарды кеңінен қолдану.

Қазіргі уақытта шектес мемлекеттер арасындағы су ресурстарын бөлу сұрақтары, судың сапасын реттеу, сонымен қатар трансшекаралық алаптағы өзен ағындарын тиімді пайдалану бойынша мәселелерді шешу ҚР АШМ су ресурстары жөніндегі Комитетінің құзырлығына жатады. Қазақстан - егеменді мемлекет ретінде, мемлекетаралық деңгейде қолданылатын ережелер мен қағидаларға сүйенуі қажет.

Сонымен қатар, табиғи кешендерді сақтауға бөлінетін судың шегін де шешіп алу керек. Бұл ретте табиғи кешендер талаптарын қанағаттандыру туралы түбегейлі ережелер екі жағдайда ғана шешімін табуы мүмкін.

Біріншісі. Барлық мемлекеттер бүкіл табиғи кешендерді, оның ішінде Арал теңізін де сақтап қалу керектігін негізге алады.

Екіншісі. Табиғи кешендердің талаптары сақталмайды.

Зерттеу нәтижелері келесі қорытындыларды жасауға мүмкіндік береді:

  • бүгінгі күнге дейін Орта Азия республикалары мен Қазақстанда трансшекаралық өзен алаптарындағы ағынды бөлу туралы шектес мемлекеттер арасындағы келісімдер жасалмаған.

  • Қырғыз республикасының ғалымдарының ұсыныстары өзеннің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттер мен тек өзен алабындағы су ресурстарының негізгі массасы қалыптасатын мемлекеттерге арналған.

  • Қазақстан Республикасы ғалымдарының ұсыныстары негізінен трансшекаралық өзен ағындарын бөлу бойынша сұрақтарды шынайы түрде ашып көрсетеді. Бірақта трансшекаралық өзендердің төменгі бөлігіндегі экологиялық қауіпсіздікті сақтау жағдайына көңіл бөлінбейді.

Трансшекаралық өзен алаптарындағы суды бөлудің жаңа ұстанымдары ұсынылуда. Олардың негізіне: су көздерінің табиғи режимін сақтау туралы немесе шектес мемлекеттер арасындағы келісімге сәйкес су қоймаларынан су жіберу режимінің және судың сапасының сақталуын ұстану алынуы керек. трансшекаралық өзен ағындарын бөлу туралы ұсынылып отырған ұстанымның басты тезисі-«ластаушы-төлейді.

Әрбір мемлекетке бөлінетін судың саны оның осы аумақта тұратын халқының санына байланысты деген пікірлер халықаралық тәжірибеде кездеседі. Бірақ, бұл пікір жетілдіруді қажет етеді, себебі, тұрғындар саны қоғамның және де сол елдің даму деңгейіне байланысты өзгеріп отырады. Әсіресе, Орта Азия аумағындағы әр мемлекеттің дамуы бірдей жағдайда өткен жоқ, себебі, кезінде олар бұрынғы КСРО бөлігі болып, әртүрлі стратегиялық міндеттерді орындаған болатын.

Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, мемлекеттер арасындағы суды бөлу мәселесін келесі ұстанымдар арқылы шешуге болады:

  • өзен алабы бойынша су тұтынудың үлестік мәні тұрақты болып қалады және 2015 немесе 2020 жылдарға дейін тең үлеске бөлінеді;

  • өзен алабы бойынша су тұтынудың үлестік мәні мемлекеттер арасындағы үлесі бойынша 2015 немесе 2020 жылдарға дейін дифференциялық болып қалады.

Әдебиеттер:

Негізгі:

  1. Голубев Г.Н. Геоэкология.-М.: ТЕОС, 1999-337с.

  2. Корбкин В.И., Передельский Л.В. Экология: Учебник для вузов.-ростов н/Д: Феникс, 2008.-602с.

  3. Родзевич Н.Н. Геоэкология и природопользование: Уч. Пос.-М.:2003.

  4. Степановских А.С. Охрана окржающей среды:-М.:2000,559 с.

  5. Чигаркин А.В. Геоэкология Казахстана ( географические аспекты природопользования и охраны природы) А.: Қазақ университеті, 2006.

  6. Ясаманов Н.А. Основы геоэкологии. М.: Академия, 2003.-352 с.

Қосымша:

  1. Информационный бюллетень о состоянии окружающей среды Республики Казахстан. Выпуск 12). (2009 г.) Астана, 2010.

  2. Подобедов Н.С. Природные ресурсы Земли и охрана окружающей среды.-М.:Недра, 1985. 240 с.

  3. Шикломанов И.О. «Исследование водных ресурсов суши».Л. 1997.

  4. Шикломанов И.А. «Влияние хозяйственной деятельности на сток речной сети».-Л., 1989.

  5. Отчет «Доступ населения Республики Казахстан к питьевой воде и санитарии, Январь 2006 г.

  6. Обзор. Окружающая среда и устойчивое развитие в Казахстане. Алматы, 2004 г.

  7. Концепция экологической безопасности Республики Казахстан на 2004-2015 годы.

  8. Съезд Бассейновых советов Республики Казахстан, Материалы.-Алматы, 2007 г.

  9. www.minagri.kz

  10. www.voda.kz

  11. www.meteo.kz

4 Дәріс

Тақырыбы: Көлдердің ластану ерекшеліктері.

Дәріс жоспары: