Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Abieva_Kaz_tab_res_geoekolog.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
14.17 Mб
Скачать
  1. Климат және Қазақстанның экологиялық жағдайы.

  2. Атмосфераның ластануын бақылау.

  3. Атмосфералық ауаны ластанудан сақтау және қорғау жолдары.

1. Қоршаған орта жағдайына климат үлкен әсерін тигізеді. Атмосфералық ауаның түрлi табиғи және антропогендiк факторлар әсерiнен ластануының экологиялық маңызы зор. Климат - жер бетi, жар асты суларына, өсiмдiк, топыраққа және табиғи-антропогендік ландшафттарға күштi әсерiн тигiзетiн маңызды экологиялық фактор.

Қоршаған ортаның экологиялық бұзылуының көптеген процестерін климат не күшейтеді, не тежейдi.

Қазақстан климатының маңызды экологиялық салдары мынадай:

  • жыл мезгілдерінің температуралық айырмасының алшақтығының үлкендігінен және атмосфералык жауын-шашын мөлшерінің аздығынан көрінетін климаттың континенттігі мен құрғақтығы;

  • Қазақстанда ауаның жылдық орта температурасының 100 жылда +2°С көтерілуі және 2050 жылға дейін болжамдар бойынша атмосфералық жауын-шашынның жылдық мөлшерiнiң 20%-ға кемуiнен көруге болатын климат құрғақтығының екпіндеп өсуі;

  • атмосфералық құрғақшылық пен шаңды дауылдардың жиi қайталануы. Ол Қазақстан шөлдерінде бiр жылда 90 күнге дейін жетеді;

  • Солтүстiк Қазақстанның далалық ауылшаруашылық аймақтарында дефляцияға және топырақтың қарашiрiктен арылуына әкеп соғатын күшті желдердiң жиi қайталануы;

  • ауа массаларының циркуляциясының ерекшелігі. Ол қыста және жазда антициклондық режимнің басымдылығынан көрiнедi. Бұл режим Қазақстанның үлкен бөлiгiнде атмосфераның ластануына және ірі қалалар мен өнеркәсіптік орталықтарының (Алматы, Өскемен қалалары т.б.) ауа алаптарының ластануына әсерiн тигiзедi;

  • атмосфералык жауын-шашын мөлшерiнiң барлық жерде аздығы мен оның уақытша болуы атмосфераның өздiгiнен тазаруына, ластанған топырақтың, өзендер мен су қоймаларының жауын-шашынмен шайылуына кедергi жасайды.

Бұл аталғандардың барлығы климаттың геожүйелердің экологиялық жағдайына әсерін толығымен көрсетпейді.

Қазақстанның географиялық орналасуының басты ерекшелігі Республиканың батыс және солтүстік шекараларының Еуропа және Ресейден лас заттар (ең бастысы S0х) тасымалдайтын ауа массаларына ашық болуы.

Қазақстан қалалары ауа бассейнінің ластануы алуан түрлілігімен ерекшеленеді, ол қалалардың аумағымен, оның табиғи-климаттық жағдайымен, өнеркәсіптің шоғырлану деңгейімен, өнеркәсіп өндірісінің көлемімен анықталады. Бұл белгілер қала және басқа да ірі елді мекендердің ауа бассейніндегі қоспалардың сипаты және көлемімен сипатталады.

Атмосфера ауасының негізгі ластаушылары өңдейтін өнеркәсіп кәсіпорындары, қалдықтардың жалпы көлеміндегі олардың үлес салмағы 45,9% , электр жарығы, су мен газ өндіру және тарату кәсіпорындары - 29,1%, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары – 14,8%, басқа кәсіпорындар – 10,2%.

Атмосфера ауасының ластану мәселелері негізінен республика халқының жартысынан астамы тұрып жатқан ірі қалалар мен өнеркәсіп агломерацияларына тән. Қазақстан Республикасы үшін атмосфера ауасының ластануы бұрыннан келе жатқан өзекті мәселе болып табылады. Қазақстанның үстіндегі атмосфераға тұрақты көздерден шығарылатын шығарындылар жылына 2,5 млн.тоннаға жуық болса (жылу энергетика көздерінен - 50%, тау-кен және түстті металлургия кәсіпорындары - 33%), автокөлік қалдықтары жылына 1 млн. тоннадан асады.

Егер аймақтар бойынша бөліп қарастыратын болсақ, әртүрлі ластаушы заттардың көпшілігі Шығыс Қазақстанда - жылына 2231, 4 мың т, яғни Қазақстандағы барлық қалдықтардың 43% құрайды. Екінші орында ластаушы заттар көлемі бойынша Орталық Қазақстан - жылына 1868 мың т немесе 36 %. Атмосфераның ең аз мөлшерде ластануы Солтүстік Қазақстанда жылына 363,2 мың т (7%) немесе Оңтүстік Қазақстанда жылына 415,1 мың т (8%) құраған.

Атмосфера ауасының ластануы табиғи және антропогендік (өнеркәсіп, көлік, коммуналдық) көздерден шығарылатын лас заттармен және де аумақтың физикалық-географиялық жағдайымен анықталады. Әсіресе, мұнай-химия, тау-кен, және өңдеуші өнеркәсіп кешендері мен автокөліктер өте қауіпті болып табылады.

Қазақстандағы атмосфераның ластану мәселелері көп жағдайда өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдықтарымен байланысты. Республика бойынша ең қауіптілері: Өскемендегі қорғасын-мырыш, Шымкенттегі қорғасын-фосфат, Тараздағы фосфор өнеркәсібі және Ақтөбедегі хром кәсіпорындары. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының аумақтары өнеркәсіп кәсіпорындарының көп шоғырлануына байланысты ең лас болып табылады.

Өнеркәсіп кәсіпорындарында тұйық технологияның болмауынан атмосфераға лас заттардың – толық жанып бітпеген жанармай, бастапқы шикізаттың, өңделетін материалдардың қалдықтары көптеген мөлшерде шығарылады. Қазақстанның ірі қалаларындағы өнеркәсіп нысандарының нүктелік және жергілікті орналасуына байланысты төменде берілетін мәліметтер атмосфера ауасы ластануының жалпы ортасын нақты қамтыған.

Қазіргі кезде атмосфераның жерге жақын қабатындағы ластайтын заттардың концентрациясы туралы деректерді Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» РМК маманданған қызметі жинайды. Ауаны ластау ахуалы стационарлық посттарда іріктелген ауа сынамаларын талдау және өңдеу нәтижелері бойынша бағаланады. Осы мекеменің 2010 жылғы мәліметтері бойынша республиканың 9 қаласында азот диоксидінің орташа концентрациясы 1,1-3,3 ШРК (ең көп орташа Глубокое елді мекенінде), 6 қалада формальдегид 1,3-4,3 ШРК шегінде (ең көп орташа Алматы қаласында), 5 қалада өлшенген заттар (шаң) 1,1-1,9 ШРК шегінде (ең көп орташа Алматы және Жезқазған қалаларында) және фенол 1,3-4,0 ШРК шегінде (ең көп орташа Теміртау қаласында), 4 қалада күкірт диоксиді 1,1-2,1 ШРК (ең көп орташа Қызылорда қаласында) шегінде болғаны тіркелді.

Аммиактың орташа концентрациясы Теміртауда 1,4 ШРК, Ақтауда 1,3 ШРК-ны, көміртек оксидінің орташа концентрациясы Алматыда 1,9 ШРК – ны құрады.

Азот диоксидінің бір реттік концентрацияларының ШРК жоғары мөлшерде республиканың 18 қаласында 1,1-4,5 ШРК шегінде (ең көп мөлшері Балқаш қаласында), 9 қалада көміртек оксидінің мөлшері 1,2-5,0 ШРК (ең көп мөлшері Алматыда), 7 қалада 1,2-4,4 ШРК шегіндегі өлшенген заттар концентрациясы (ең көп мөлшері Астанада), 6 қалада 1,4-4,1 ШРК шегіндегі фенол концентрациясы (ең көп мөлшері Теміртауда) байқалды.

Балқаш қаласында күкірт диоксидінің бір реттік концентрациялары 3,6 ШРК, аммиак Теміртауда – 1,2 ШРК, күкіртсутек Атырауда – 1,3 ШРК – ға жетті. Фторлы сутектің бір реттік концентрациясы Астанада 3,5 ШРК, Таразда – 1,2 ШРК, Алматыда формальдегид – 1,6 ШРК кұрады.

2009 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда ауа ластануының деңгейі Ақтөбе, Атырау, Балқаш, Қостанай, Қызылорда, Петропавл, Риддер, Тараз, Теміртау, Өскемен, Екібастұз қалалары мен Глубокое елді мекенінде қалыпты деңгейден өзгерген жоқ. Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларында ауа ластануының деңгейі жоғарыласа, керісінше, Ақтау, Астана, Жезқазған, Талдықорған, Семей және Шымкентте төмендеуі байқалған.

Ауа ортасына тигізетін кері әсер әдетте өмір сүру ортасы жағдайының нашарлауымен қоса жүреді. Бүгінде республиканың 5 млн. жуық тұрғындары атмосфераның ластанған, ал 2 млн. жуық адам өте қатты ластанған жағдайда өмір сүруде.

2. Адам денсаулығын қорғау -дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талаптарының негізін құрайды. Сондықтан да ластаушы заттардың атмосфераға таралатынын ескере отырып, өнеркәсіп, өндіріс мекемелері аумағының ауа құрамындағы зиянды зат концентрациясы жұмыс аумағы маңының 30%-нан аспауы тиіс. Өндіріс аймағындағы ауа құрамында ластаушы заттардың концентрациясының жұмыс аумағындағыға қарағанда үш еседей аз болуының басты себебі, атмосферадағы ауа өндіріс мекемелерін, цех ішін желдету үшін қажет және бұл ауа, цех ішіндегі ауаға қарағанда таза болуы тиіс.

Қоршаған ортаға әр түрлі көлік түрлерінен шығатын улы заттардың шекті мөлшері стандартталған және заңды тұлғалар мен әрбір қоғам мүшесі оларды орындауға міндетті. Стандарттар талабын орындамау немесе бұзушыларға заң тұрғысынан жауапкершілік жүктеледі.

Зиянды заттар ауа құрамында бір мезгілде болатындықтан, олардың организмге жеке-жеке емес, бірлесіп тигізетін әсерін топтап қарастыруды қажет етеді. Бұл жағдай зиянды заттардың жиынтық эффектісі (суммарный эффект) немесе жиынтық әсері деп аталады. Кейбір заттар организмге зияндылығы жөнінен өзара бірдей әсер етеді. Мысалы, фенол және ацетон, валериан, капрон, май қышқылдары.

Кәсіпорынды салғанда ауа кеңістігін ластау және көрші аудандарды да ластау жобаланса, онда сол жердегі ауа құрамының сапасы ескерілуі тиіс. Ауада, әлгі зиянды заттардың ұшырасуы - табиғи концентрация немесе фондық концентрация (фоновая концентрация) деп аталады.

Егер, белгілі бір аймақта бірнеше ластаушы заттар көзі бар болса, онда ауа сапасының тазалық нормативі «Санитарлық ережелер мен нормаларға» сәйкес есептеліп анықталады.

Ауа ластануының міндетті статистикалық сипаттамасы ретінде ауа сапасының келесі көрсеткіштері пайдаланылады:

  • атмосфералық ластану индексі – АЛИ,

  • стандартты индекс – СИ

  • ШРК – ның шамадан асуының көп қайталануы – КҚ.

АЛИ – ШРК үлесіндегі ластаушы заттар концентрациясының жиынтығын көрсететін, бірнеше қоспаларды есепке алатын атмосфера ластануының кешенді индексі.

Қалалар және ірі елді мекендердің ауа бассейнінің ластану деңгейін атмосфераның ластану индексі (АЛИ5) бойынша есептеу қабылданған. Атмосфераның ластану индексі, барынша үлкен мәндері бар бес зат бойынша есептелетін атмосфера ластануының кешенді индексінің шамасы.

АЛИ мәніне байланысты ауа ластануының деңгейі төмендегідей анықталады:

Атмосфералық ауаның ластану деңгейі АЛИ мәні

Төмен 5 – тен кем немесе тең

Көтерілген 5-7

Жоғары 7-14

Өте жоғары 14 – тен көп немесе тең

Стандартты индекс – ШРК бөлігіндегі қоспалардың өлшенген ең жоғары бір реттік концентрациясы. Оны посттағы бір қоспаны немесе қарастырылатын аумақтағы барлық посттағы бір жыл немесе ай ішіндегі бүкіл қоспаларды бақылау арқылы анықтайды. Қысқа мерзімдегі ластану деңгейін сипаттайды.

ШРК шамадан асуының көп қайталануы - аумақтағы барлық посттардағы бір жыл немесе ай ішіндегі бір қоспаны бақылау мәліметтері бойынша бір реттік жоғарғы ШРК шамадан тыс көп қайталануы (пайызбен есептеледі).

Қазіргі кездегі әдістерге сәйкес ластану деңгейі бағаланады:

Төмен СИ - 1, КҚ < 10 %;

Көтерілген СИ 1 - 4, КҚ 10 – 19 %;

Жоғары СИ 5 - 10, КҚ 20 – 50 %;

Өте жоғары СИ > 10 КҚ > 50 %.

Осы көрсеткіштердің ең жоғары шамасы бойынша қорытынды жасалады.

Қауіптілік класы - атмосфералық ауаны ластаушы заттардың адамға қауіптілік деңгейін сипаттайтын көрсеткіш.

Ластаушы заттар келесі қауіптілік кластарына бөлінеді:

1 класс – қауіптілігі өте жоғары;

2 класс – қауіптілігі жоғары;

3 класс – қауіпті;

4 класс – қауіптілігі қалыпты.

Атмосфералық ауаны бақылау оның құрамы мен компоненттерінің қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығын сақтау талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында жасалады. Атмосфераға түсетін ластағыштардың барлық шығарылатын көздері мен олардың маңайы, сонымен қатар осы көздердің қоршаған ортаға әсер ету зоналары (елді – мекендер, демалыс орындарының және т.б. ауасы) бақылауға алынады.

Ауа сапасын кешенді бақылауға келесі өлшеулер кіреді:

  • Ең маңызды және басты компоненттері бойынша атмосфера ауасының химиялық құрамы;

  • Атмосфералық жауын-шашын және қар жамылғысының химиялық құрамы;

  • Шаңды ластағыш заттардың химиялық құрамы;

  • Сұйық фазалы ластағыш заттардың химиялық құрамы;

  • Атмосфераның жерге жақын қабатында газды, сұйық және қатты фазалы ластағыш заттардың жекеленген компоненттерінің болуы (оның ішінде улы, биологиялық және радиактивті);

  • радиациялық фон;

  • атмосфералық ауаның ылғалдылығы, температура, қысым;

  • жерге жақын қабат пен флюгер деңгейіндегі (жер бетінен 0 м) желдің бағыты мен жылдамдығы.

Берілген өлшемдер атмосфера жағдайын шұғыл анықтап қана қоймай, сонымен бірге қолайсыз метеорологиялық жағдайларды болжауға да мүмкіндік береді.

3. Ауа бассейнін антропогендік жағымсыз жағдайлардан, зиянды заттармен ластанудан қорғау үшін келесі шаралар жүргізіледі:

  • санитарлық-техникалық іс-шаралар (өте биік мұржалардың құрылысы, газ-шаң тазартқыш құрылғыларды орнату, өндіріс процестерінің герметизациясы және т.б.).

  • технологиялық іс-шаралар (аз қалдықты және қалдықсыз технологияларды ендіру, шикізатты талапқа сай дайындау, құрғақ технологиялық әдістерді дымқылға ауыстыру);

  • кеңістіктік-жобалау іс-шаралары (санитарлық қорғау зоналарының бөлінуі, қала және өнеркәсіптік құрылыстарды басым желдің бағытына сәйкес жобалау, көгалдандыру және т.б.);

  • бақылау-тыйым іс-шаралары ( қоршаған ортаға шығаралатын шекті рауалы концентрация мен шекті рауалы шығарындылардың мөлшерін ендіру, жекелеген заттардың өндірісіне тиым салу, ластаушы қызметтің түрлерін уақытша тоқтату, ауа ластануының мониторингі).

Ауа бассейнін ластанудан қорғау шараларының ең негізгісі – технологиялық процестерді экологияландыру және де атмосфераға зиянды ластағыш заттардың түсуінің алдын алатын технологиялық циклдерді, аз қалдықты және қалдықсыз технологияларды құру.

Қорытынды. Адамның атмосферадағы қызметімен байланысты күрделі геоэкологиялық процестерге қарамастан, геосфераның негізгі төрт жүйесінің ішіндегі ең әлсізі – атмосфера болып табылады. Жалпы атмосфералық ауаны ластанудан қорғау тек аумақтық немесе жергілікті масштабта ғана емес, ең алдымен ғаламдық болуы крек, себебі, ауаның шекарасы жоқ және ол үнемі қозғалыста болады.

Әдебиеттер:

Негізгі:

  1. Асқарова Ұ.Б. Экология және қоршаған ортаны қорғау. – Алматы: Заң әдебиеті, 2005.-90б.

  2. Бейсенова А., Карпеков К. Физическая география Казахстана. – Алматы: Атамұра, 2004.-256с.

  3. Физическая география Республики Казахстан / Под ред. Джаналиевой К.М. Уч. пос. – Алматы. Қазақ Университеті, 1998.262с.

  4. Чигаркин А.В. Геоэкология Казахстана.-Алматы. КазГУ, 2000, 135 с.

  5. Чигаркин А.В. Региональная геоэкология Казахстана. Учеб. пособие.-Алматы: Қазақ университеті, 2000, 225 с.

  6. Чигаркин А.В. Геоэкология Казахстана географические аспекты природополъзования и охрана природы) Алматы: Қазақ университеті, 2006.- 414 с.

  7. Ясаманов Н.А. Основы геоэкологии. М.: Академия,2003.- 352 с.

Қосымша:

  1. Бретшнайдер Б., Курфюст И. Охрана воздушного бассейна от загрязнений. - Л.: Химия, 1989. С 288.

  2. Беккер А.А., Агаев Т.Б. Охрана и контроль загрязнения природной среды.- Л.: Гидрометиздат, 1989. 287 с.

  3. Қазақстан Республикасының қоршаған орта жағдайы туралы ақпараттық бюллетень. 1 (16)-шығарылым. (2010 ж. I жарты жылдығы) Астана, 2010.

  4. Новиков Ю.Н. Охрана окружающей среды. - М.: Высшая школа, 1987. С 286.

  5. Степановских А.С. Охрана окружающей среды: - М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2000, 559 с.

  6. Рыспеков Т.Р. Мониторинг природной среды. Алматы: Қазақ университеті, 2003, 156 с.

  7. Сулеев Д.К., Сагитов С.И. и др. Экология и природопользование. Алматы: Ғылым, 2004.

  8. Трушина Т.П. Экологические основы природопользования – Феникс 2003-384 с.

  9. Тонкопий М.С. Экология и экономика природопользования.- Алматы: Экономик'C, 2003.-592c.

  10. «Экология» научный журнал РАН.

  11. «Вестник КарГУ, серия Биология, Медицина, География», КарГУ, Караганда.

  12. http://www. eco.gov.kz.

  13. http://www.ecosfera-ood.ru/.

  14. ecoclub@kepter.kz/.

  15. http://www.karecology.kz\

  16. http://www.ecokomitet.kz/

3 Дәріс

Тақырыбы: Қазақстан Республикасы жер беті және жер асты суларының экологиялық жағдайы

Дәріс жоспары: