Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Abieva_Kaz_tab_res_geoekolog.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
14.17 Mб
Скачать

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Биология-география факультеті

География кафедрасы

Абиева Г.Б.,

аға оқытушы

«Қазақстан Республикасының табиғат ресурстарының геоэкологиясы»

пәні бойынша

ДӘРІСТЕР КУРСЫ

(6 дәріс)

мамандығы 050116-«География»

Қарағанды 2011

1 Дәріс

Тақырыбы: Кіріспе. Қазақстан Республикасының табиғат ресурстарының геоэкологиясы пәнінің мақсаты мен міндеті.

Дәріс жоспары:

  1. Негізгі түсініктер мен ұғымдар.

  2. Қазақстан табиғи ортасының экологиялық жағдайы.

1. Алғаш рет геоэкология ғылымы Жердегі өзгерістерде адамзаттың іс-әрекеті басты факторға айналған уақытта пайда болды.

Геоэкология – экосфераны геосфераның өзара байланысты жүйесі тұрғысынан зерттейтін пәнаралық ғылыми бағыт.

Геоэкология Жер шарын толықтай емес, тек оның геосфералар (атмосфера, гидросфера, литосфера және биосфера) қиылысатын және адамзат тіршілік ететін салыстырмалы түрдегі жұқа беткі қабығымен ғана байланыста болады. Осы кешенді қабықтың бірнеше атауларының ішінде экосфера түсінігі ғана оның мәнін толық ашады, сондықтан ең қолайлысы болып табылады.

Экосфера қоғам мен геосфера ықпалдасуының дүние жүзілік саласын көрсетеді. Және де ол геоэкологияның зерттеу нысаны болып табылады.

Геоэкология – экосфераны геосфераның өзара байланысты жүйесі ретінде зерттейтін пәнаралық ғылыми бағыт.

Ол ғаламдық, бүкіләлемдік әдістерге сүйенеді, дегенмен аймақтық және жергілікті сипаттағы мәселелер де маңызды болып саналады.

Геоэкология және табиғатты пайдалану. Қазіргі уақытта бір-бірімен өзара шиеленіскен екі пәнаралық ғылыми бағыт қабаттасып келеді: геоэкология және табиғатты пайдалану.

Табиғатты пайдалану – қоғамның табиғи ресурстар мен геоэкологиялық «қызмет көрсетулерді» пайдаланудың жалпы қағидаларын зерттейтін пәнаралық ғылыми бағыт.

Табиғатты пайдалануды бір жағынан адамның іс жүзіндегі қызметі ретінде, екінші жағынан- ғылым ретінде түсінеміз. Табиғатты пайдалану ғылымының негізін қалаушы әрі осы ұғымның авторы Ю.Н. Куражковский болып табылады.

Табиғатты пайдаланудың әртүрлі түсініктері бар. Бірақ, оның барлық бағыттарының негізінде адамзат қоғамы мен табиғаттың өзара әрекеті жатыр.

Табиғатты пайдалану (адамның іс жүзіндегі әрекеті ретінде) – қоғамның материалдық және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында табиғи ресурстарды пайдалану.

Табиғатты пайдалану (ғылым ретінде) – табиғатты тиімді пайдаланудың ұстанымдарын (принциптерін) құрастыратын білім саласы.

Адамзаттың шаруашылық әрекетінің салдарына байланысты табиғатты пайдалануды тиімді және тиімсіз деп ажыратады.

Табиғатты тиімді (ұтымды) пайдалану – табиғи ресурстар мен жағдайларды қорғау мен қайта қалпына келтіруде қоғамның қазіргі уақыт қана емес, болашақты да ескере отырып, үнемді пайдалануды қамтамасыз ететін адамның шаруашылық іс-әрекеті.

Табиғатты тиімсіз пайдалану табиғи ресурстардың сарқылуына (тіпті жойылуына), қоршаған ортаның ластануына, табиғи жүйелердің экологиялық тепе-теңдігінің бұзылуына яғни экологиялық апат немесе дағдарысқа әкеп соғады.

Геоэкологиялық «қызмет көрсету» ұғымына әртүрлі құбылыстар жатады:

  • экологиялық және басқа табиғи жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін үрдістер,

  • табиғи және табиғи-техногендік жүйелердің ластанудан өзін-өзі тазарту механизмі,

  • биологиялық жүйелердің қалпына келетін ресурстар (биологиялық әртүрлілік қоймасы, ауа мен су сапасын ұстау механизмі) ретіндегі кешендік ролі.

Геоэкология және табиғатты пайдаланудың ұқсастығы мен айырмашылығы.

Геоэкология және табиғатты пайдалану түсініктері өзара тығыз байланысты: ғаламдық деңгейдегі (табиғи және антропогендік) үрдістерді түсінбей, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мүмкін емес, сол секілді ресурстарды пайдалану мәселелеріне келгенде геоэкология жеткіліксіз болып табылады.

Геоэкология мен табиғатты пайдаланудың негізгі айырмашылықтары: біріншіден, геоэкология көп жағдайда экосфера деп аталатын өте күрделі жүйені үғынуға, ал табиғатты пайдалану оның ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Екіншіден, геоэкология Жер туралы жаратылыстану ғылымдарына көп көңіл бөлсе, табиғатты пайдалану дәл сол деңгейде экономикалық ғылымдарға негізделеді, бірақ, екі жағдайда да бұл жаратылыстануға да, қоғамдық ғылымдарға да жататын пәнаралық бағыт болып табылады.

Геоэкологияның басқа да түсініктері. Әдеби көздерде «экосфера» ұғымымен қатар қолданылатын бірнеше маңызды түсініктер кездеседі: географиялық қабық, қоршаған орта, геологиялық орта, биосфера және т.б.

1. «Экосфера» ұғымы – қоғам мен табиғаттың ықпалдасуының әлемдік саласы болғандықтан ол әртүрлі табиғи сфералар немесе геосфералардың өзара әрекеті мен өзара байланысын алдыңғы орынға қоятын «географиялық қабық» түсінігінен ерекшеленеді.

2. Экологиялық ұғымдардың ішінде «қоршаған орта» түсінігі жиі қолданылады. «Экосфера» секілді «қоршаған орта» ұғымы да қоғамның оны қоршаған табиғатпен өзара қарым-қатынасын көрсетеді. Негізі – ғаламдық, ал оның базасында жергілікті міндеттер туындайтын «экосферадан» «қоршаған орта» ұғымының өзгешелігі онда экологиялық мәселелер жергілікті сипатта болады, содан соң ғаламдық мәселелер туындайды.

3. Геологияда қолданылатын «геологиялық орта» ұғымы бұл ғылымның геоэкологиялық мәселелерге, әсіресе адамның іс-әрекеті мен литосфераның жоғарғы қабаты арасындағы қарым-қатынасқа қызығушылығын айқындайды.

4. «Биосфера» ұғымы «табиғи орта» түсінігіне жақын келеді. Ол жердің жүйе ретіндегі қалыптасуы мен қызметіндегі тірі заттардың ролін анықтап берген В.И.Вернадскийдің арқасында кеңінен таралды.

Табиғи ресурстар және геоэкологиялық «қызметтер». Қоғамның өмір сүру негізінде экосфераның ресурстарын пайдалану жатыр. Олар табиғи ресурстармен қатар геоэкологиялық «қызметті» де қамтиды.

Табиғи ресурстар - бұл пайдалы қазбалар (мұнай, көмір, әртүрлі металл рудалары, басқа да минералды ресурстар), биосфера ресурстары (ауыл шаруашылық өнімдері, орман ресурстары, балық, басқа да өсімдік және жануарлар ресурсы), топырақ, су, ауа және т.б. Жасалған еңбек негізінде табиғат адамға тауардың негізгі түрлерін береді. Оларға: азық-түлік, киім, құрылыс материалдары, медицинада қолданылатын өсімдіктер және т.б. жатады.

Геоэкологиялық «қызмет» санатына «тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелер» түсінігімен біріктірілетін көптеген табиғи механизмдер мен үрдістерді жатқызуға болады. Мысалы, табиғи және табиғи-техникалық жүйелердің ауа мен су сапасын бір қалыпта ұстайтын үрдістер мен ластанудан табиғи өздiгiнен тазарту механизмі. Осы санатқа әртүрлі қызмет көрсетумен ерекшеленетін табиғи экологиялық жүйелер де жатады. Мысалы, орман экожүйелері биологиялық әртүрліліктің қоймасы яғни, су мен ауа сапасын сақтайтын бірден-бір фактор болып табылады. Қызмет санатына су айналымы, (гидрологиялық цикл), тұрақты климат, атмосфераның химиялық құрамын сақтау, топырақтың қалыптасуы, жабайы және мәдени өсімдіктердің тозаңдануы т.б. жатқызуға болады. Сонымен бірге табиғатқа тәнті болу (ләззаттану) мен оны рекреациялық ресурс ретінде пайдалану да жатады.

Соңғы уақыттағы тәжірибелерге сүйенсек, табиғатты пайдалану нысандарының маңыздылығы мен басымдылығы біртіндеп табиғи ресурстардан геоэкологиялық «қызметке» ауысуда. Болашақта біз «ресурстар» сөзін естігенде ресурспен қатар геоэкологиялық «қызметті» ұғынатын боламыз.

2. Қазақстан аумағы қоңыржай белдеуде, 400 59және 550 24 с. е. және 460 32 және 870 16 ш.б. аралығында жатыр. Ол солтүстiктен оңтүстiкке 1650 км, батыстан шыгыска 3000 км-ге созылып, 2724,9 мың км2 алып жатыр.

Қазақстан Ресей Федерациясымен, Кытай Халық Республикасымен, Қырғыз Республикасымен, Өзбекстан жене Турiкменстанмен шектеседі. Республиканың оңтүстік-шығыстан басқа жерлерінде табиғи шекара (кедергi) жоқ, сондықтан ауа массасымен және өзен ағынымен техногендiк ластаушылардың трансшекаралық қозғалысы (көшуi) жеңiлдейдi.

Қазақстанның ерекшелiгi — оның Орталық Азияның батыс бөлiгiндегi континенттiк орны мен аумағының көп бөлiгiнiң ағынсыз болуы. Географиялық орнының осы ерекшелiктерiне байланысты Казақстан табиғатының сипаты төмендегiдей: шұғыл континенттік климат, су ресурстарының тапшылығы мен бiрқалыпты таралмауы, аридтi және семиаридтi ландшафттардың басымдылығы.

Табиғи жағдайының әр түрлiлiгi Қазақстан аумағының кеңдiгiмен анықталады.

Ормансыз, шөлдi-далалы экожүйенiң басымдылығына байланысты Қазақстанның Жер биосферасының биомассалық ғаламдық теңдестiгiнде алатын ролi үлкен емес. Дегенмен қолданылуы шектеулi, жыртуға келетiн топырағы бар табиғи жайылымдарды адамзаттың стратегиялық резервтi жер қорына жатқызуға болады. Қорықтардың алып жатқан ауданы көп емес (Республика ауданының 0,3 пайызы).

Казақстанның континенттiк орнына байланысты оның аумағында антропогендiк әсерге деген тұрақтылығы төмен, техногенез әсерiне қарсылығы ең әлсiз — шөлдi (45%) және таулы (Республика ауданының 20%) ландшафттар басым. Казақстан аумағының 75%-ы қоршаған ортаның экологиялық бұзылуына бейiм. Сонымен қатар елімізде халық сирек қоныстанған, қоныстану тығыздығы 1 км2 жерге 5 адамға жуық, ал шөл мен таулардың 50%-да 1 км2 жерге 1 адамнан аспайды. Бұл жағдайды табиғи орта үшiн экологиялық тұрғыдан қолайлы деп есептеуге болады.

Қазақстанның географиялық орнына байланысты қоршаған орта деструкциясының бiрқатар iшкi және сыртқы факторлары әрдайым орын алып отырады. Экологиялық қауiптiлiк факторларына Қазақстанның үлкен бөлiгiнiң Орталық Азияның Арал-Каспий тұйық алабында орналасуы жатады. Қазақстанның ірі су айдындары - Каспий және Арал теңіздерi, Балқаш көлi, т.б. - өзен ағындыларын, оның iшiнде өнеркәсiптiк және ауылшаруашылық ағындыларын жинақтайтын тұйық алаптарға жатады.

Қазақстанның Ертiс, Iле, Сырдария, Шу, Талас, Жайық, Тобыл секiлдi iрi өзендерiнiң бастауларын көршi шекаралас елдердiң аумағынан алуы мен айтарлықтай дәрежеде ластанып келуi елiмiздегi қоршаған ортаның экологиялық жағдайына елеулi әсер етедi және белгiлi деңгейде экологиялық қауiп туғызады.

Еліміздің батыс және солтүстiк шекара бойында орналасқан Поволжье, Оңтүстiк Орал, Батыс Сiбiр (Ресей) өнеркәсіп орталықтары республика аумағына трансшекаралық ауа «каналдарымен» өнеркәсіптік ластаушы заттардың көшуiне әсер етедi.

Қазақстанда Арал теңізі, Семей ядролық сынақ полигоны және бiрқатар әскери-сынақ нысандарының болуы Жер биосферасына әсер ететiн экологиялық қауiптi фактор деуге негіз береді. Сондай-ақ, Павлодар-Екiбастұз, Қарағанды-Темiртау, Қаратау-Жамбыл, Маңғыстау, Кендi Алтай және т.б. iрi өнеркәсiп тораптары да қоршаған ортаға техногендiк әсерлерiн тигiзедi.

Жалпы алғанда, аумағының табиғи-экологиялық сипаттарын анықтайтын Қазақстан географиялық орнының маңызды ерекшелiктерi мынадай: айқын байқалатын континентті климаты; өзендерiнiң көпшiлiгiнің ағынсыз болуы; аумағының батыс және солтүстiк ауа массаларының көшуiне ашықтығы Оңтүстiк-Шығыс Қазақстан тауларының (Алтай, Тянь-Шань, Жетiсу Алатауы) климаттық тосқауылдық ролi, бұл таулар өз беткейлерiнде ылғалды жинақтайды, жергiлiктi өзен ағынын қалыптастырады.

Кез-келген елдің географиялық орны табиғи ресурстарды игеруге, экономикалық даму қарқынына, жаңа өндiрiстердi iске қосуға, сыртқы экономикалық байланыс құрылымына, адамды қоршаған орта жағдайына әсерін тигізеді.

Географиялық кеңiстiктi экологиялық бағалау қажеттiлiгi экологиялық-географиялық орын деген ұғымды қалыптастырады. Геожүйенің экологиялық-географиялық орны деп, оның экологиялық маңызды қасиеттеріне және акваторияға қарағандагы жердегi орнын айтады.

Экологиялық-географиялық орын мына белгiлердi қамтиды:

  • аймақтың Жер биосферасындағы экологиялық қызметі;

  • табиғи ортаның антропогендiк әсерге орнықтылығы;

  • шаруашылық инфрақұрылымының кеңiстiктiк орналасуы, қоныстану тығыздығы және урбандалу дәрежесi;

  • экологиялық қауiптiң сыртқы көздері;

  • экологиялық қауiп таралуының табиғи және антропогендiк каналдары

Қазақстанның экологиялық-географиялық орнының құрамдас бөлiктерiне тереңірек тоқталайық.

1. Аймақтың Жер биосферасындағы экология қызметі аумақтардың биосфера тiршiлiгіндегі, оның iшiнде атмосфераның газдық құрамындағы табиғи роліне байланысты. Қазақстан аумағында далалық және шөлдiк экожүйелер басым. Жер атмосферасына оттегi беруші негiзiнен ормандар екенiн ескерсек, Қазақстан өзінің 3,8 % аумағын алып жатқан ормандарымен Жердегi оттегiнiң ғаламдық айналымында оны тұтынушы ғана болып табылады.

Басқа жағынан қарасақ, сирек қоныстанған Қазақстанның 180 млн. га табиғи жайылымдары - бос жер ресурстарының маңызды базасы болып табылады. Оның 61 млн. га жыртуға жарамды жер (31 млн. га жыртылған). Бұл жерлер адамзаттың стратегиялық жер резерві.

Қазақстанды Жер биосферасына экологиялық кауiп төндіруші аймақтарға да жатқызамыз. Республикада биосфераға ғаламдық әсер ететiн қауiп көздерi бар, атап айтқанда: суы тартылған Арал теңізі аймағы, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны, олардың қатарына Байқоңыр ғарыш айлағы да жатады.

Жер биосферасы тіршілігіндегі Қазақстан аумағының қарама-қайшылықты ролi осындай.

2. Табиғи ортаның антропогендiк әсерге тұрақтылығы ландшафттардың антропогенезге қарсы тұру қабілетімен анықталады. Республика аумағының 45%-ын шөлдер, 20%-ын таулар алып жатқанын ескерiп, Қазақстан геожүйелерiнiң антропогенезге орнықтылығының әлсiздiгiн, қоршаған ортасының экологиялық бұзылу қаупінің үлкендiгiн айтуға болады. Таулы және шөлдi геожүйелер экологиялық бұзылудан әрдайым қорғауды қажет етедi. Еліміз аумағының 66%-ы шөлденуге шалдыққан.

3. Қоршаған ортаға әсер ететiн шаруашылық және экономикалық нысандардың кеңістіктік орналасуы. Қазақстан аумағында халықтың қоныстануы біркелкі емес. Республика аумағының 1/2 астам бөлігінде қоныстану тығыздығы 1 км2 1 адамнан аспайды. Бұл қоршаған ортаның оңтайлы экологиялық жағдайын сақтау үшiн қолайлы жағдай.

Екінші жағынан, Қазақстанның сирек қоныстануы және халқының аздығы оның еңбек әлеуетінің төмендігін, ұлттық жалпы өнімнің, экологиялық технологияның, Республикада қазiргi кездегi және болашақтағы экономикаға салынған инвестицияның төмендігін айқындайды.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында iрi қалалар мен өнеркәсiп тораптары әркелкі орналасқан. Бұл қоршаған ортаның қалалар мен тау-кен өнеркәсіп нысандарына байланысты. Керiсiнше, Республикада ертеде қалыптасқан аумақтық өндiрiстiк кешендердiң болуы бiрқатар өнеркәсiптiк аймақтарда қоршаған ортаның аудандық ластануы нақты қауіп туғызуда.

Республикадағы қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көп түрлi терiс әсерiн тигiзетiн iрi аумақтық-өндірістік кешендер мен өнеркәсiптiк аудандарды атап айтайық. Олар:

а) Павлодар - Екiбастұз;

ә) Қаратау - Жамбыл;

б) Шығыс Қазақстан (Кендi Алтай);

в) Қостанай -Рудный;

г) Балқаш маңы;

ғ) Маңғыстау -Теңіз;

д) Жезқазған – Жәйрем;

е) Қарағанды-Теміртау;

ж) Шымкент, т.б.

Жоғарыда аталған және басқа да өнеркәсiптiк аудандар, iрi қалалар Қазақстан геожүйелеріне экологиялық қауіп тудырушы болып табылады.

4. Экологиялық қауіптің сыртқы көздері. Қоршаған ортаның экологиялық жағдайын анықтайтын Қазақстанның саяси географиялық орнының негiзгi белгiлерiн қарастырайық.

Қазақстан Республикасының шекаралас көршiлерi Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Өзбекстан және Түрiкменстан Республикалары.

а) Ресей Федерациясы.

Қазақстанның қоршаған ортасына шекаралас АӨК, өнеркәсіптік және басқа да нысандар тікелей әсер етеді. Атап айтқанда:

  • Поволжье экономикалық ауданы. Қазақстанның батыс бөлігі Еділ өзенінің төменгi ағысымен шектесіп жатыр, ол жерде Астрахань газконденсат зауыты орналасқан. Зауыттың өнеркәсіптік және апаттық тастандылары ауа массаларының белдiк бойымен көшуіне байланысты Каспий маңы ойпатында, Атырау облысына қышқылды жаңбыр түсуіне әсер етедi;

  • Капустин Яр - әскери-сынақ полигоны. Жайық өзенiнiң оң жағалауында Нарын құмдарында ұзақ уақыт бойы ракета тасығыштар сыналды;

  • Саратов және Самара өнеркәсiп тораптары Қазақстан шекарасының солтүстiк-батысында орналасқан. Қазақстан табиғатына тiкелей әсер етпейді. Осы өнеркәсiп тораптарының химиялық, мұнай өңдеу кәсіпорындарының өнеркәсiптiк газдарының атмосфераға апаттық тастандылары және олардың трансшекаралық көшуі болуы мүмкiн;

  • Орал экономикалық ауданы. Қазақстан табиғатына тiкелей әсер етедi:

    • Орынбор өнеркәсiп торабы. Орынбордың iрi газоконденсат және химия зауыттары Жайық өзенi бойында орналасқан, ал Жайық өзенiнiң атырауы Қазақстан аумағында жатыр;

    • Магнитогорск АӨК-i. Ірі металлургиялық комбинат, үлкен қала. Барлық өнеркәсiп Жайық өзенiнен алынатын сумен байланысты, ол арқылы өнеркәсiптiк және апаттық тастандылар Қазақстанға жетедi;

    • Үй өзенiндегi Троицк БАЭС (басты аудандық электр станциясы) Челябинск және Қостанай облыстарының шекарасында. БАЭС Екiбастұз көмiрiмен жұмыс iстейдi. Қостанай облысының солтүстiгiне атмосфералық тастандылар ауа каналдарымен тасымалданады.

  • Транспорттық магистральдар:

    • Транссiбiр магистралiнiң үлескесі Петропавл қаласы арқылы өтедi. Ол темiр жолды бөлектендiру жолағында белгiлi транспорттық-экономикалық әсерiн тигiзедi;

    • Омбы-Павлодар мұнай желілері, Бұқара-Орал, Орта Азия-Орталық газ құбырлары мұнайдың және табиғи газдың апаттық тастандыларының болуына байланысты экономикалық қауiп факторларына жатады.

ә) Қытай Халық Республикасы.

  • Ертiс өзенінің жоғары ағысы (Қара Ертiс) Монғол Алтайынан басталады. Қытай аумағында iрi масштабты ауылшаруашылық жер өңдеу Ертiс өзенiнiң Қазақстан аумағындағы ағыс көлемiн күрт азайтады. Синьцзянда жүргiзiлiп жатқан iрi су шаруашылық құрылысы нәтижесінде Жайсан көлi мен Ертiс өзенiнің су деңгейі төмендеп, ластануы ықтимал.

  • Іле өзенiнiң жоғары ағысы. Іле өзенiн өнеркәсiптiк және су шаруашылық мақсатта пайдалану (Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауданында) өскен жағдайда Балқаш көлінің суының тартылуы нәтижесiнде оның су айдынында ірi экологиялық терiс жағдайлар болуы мүмкін. Ертiс өзені секілді бұл жерде де мемлекетаралық шекаралас өзендер суын пайдалану туралы келiсiм жасау қажет.

  • Лобнор ядролық сынақ полигоны. Лобнор көлi маңында, еліміз шекарасынан шамамен 1000 км жерде орналасқан. Бұрын Сiбiр антициклоны дамуы кезiндегi қыстағы жарылыстар қауiптi болды. Радиоизотоптар стратосферадағы ауа ағындарымен Қазақстан аумағына жететiн.

б) Қырғызстан Республикасы.

  • Қарқара (Шарын) өзенінің жоғары ағысын ұстап қалу. Ол Ыстықкөлге Шарын ағынының бір бөлігін құю мақсатында жасалып отыр.Ыстықкөл деңгейiн қалпына келтіруге бағытталған бұл жоба iске асқан жағдайда Шарын өзенінің ағыны күрт азаяды. Оның төменгi ағысында суғарылатын жер көлемі қысқарып, Iле өзенінің орта ағысында шөлдену үрдiсі күшеюi ықтимал.

  • Шу өзенінен су алу. Бұл өзеннің төменгі ағысы Қазақстанда, сондықтан Қырғызстанның осы өзен суын пайдалануға бағытталған барлық су-шаруашылық жобалары оның Қазақстандық бөлігіне әсер етеді.

  • Талас өзенінен су алу және оның ластануы. Қырғызстанның Талас аңғарындағы су шаруашылық жобалары Тараз қаласынан өтiп, Мойынқұмда жоғалатын Талас өзенiне тiкелей әсер етедi.

в) Өзбекстан Республикасы.

  • Сырдария өзенін су шаруашылығына пайдалану. Өнеркәсіптік-тұрмыстық және ауылшаруашылық ағын сулардың шекарадағы Шардара су қоймасына төгілуі. Сырдария өзенінің ақаба сулармен өте жоғары деңгейде ластануы – Арал апатының бір көрінісі болса, өзеннен шамадан тыс су алынуы – теңіз тартылуының бірден-бір себебі.

  • Амудария өзенін су шаруашылығына пайдалану. Амудария суының шектен тыс көп пайдалануы мен оның ауылшаруашылық ақаба суларымен ластануы – Аралдағы экологиялық апаттың қосымша көрінісі болып табылады. Арал теңізі Орталық Азияның екі мемлекетінің аумағында орналасқан. Бірақ, оны сақтап қалу Амудария мен Сырдария өзендерінің су қорларын пайдалану жөніндегі Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің мемлекетаралық келісімі негізінде ғана жүзеге асуы мүмкін.

г) Турiкменстан Республикасы.

  • Қара-Бұғаз-Гол шығанағының құрғауымен байланысты апат құрғаған шығанақ қазаншұңқырынан көп тұздың Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарына көшуіне әкеп соқтырды. 1992 ж. Каспий теңізі суының булану көлемін азайту мақсатында жасалған жанды бөгет бұзылған соң, шығанақ деңгейі бірқалыпты.

г) Мемлекетаралық мәселелер.

  • Каспий теңiзi. Әлемдегі ең үлкен ішкі теңiз 5 мемлекетке - Ресей, Қазақстан, Азербайжан, Турiкменстан, Иранға шекара қызметiн атқарады. Әрбiр мемлекеттiң осы су айдыны арқылы шекара жүргiзу туралы өзiнiң көзқарасы бар. Каспийдің халықаралық статусы шешiлмеген. Бұл не: теңiз бе, әлде көл ме? Егер Каспий теңiз болса, ол ешкiмнiң меншiгi емес, мемлекеттiк шекара жағадан 12 миль қашықтықта жүргiзiлуі қажет. Ал егер Каспий теңiзi – көл болса, оны су түбiнен жанасып жатқан егемендi мемлекеттерге бөлек бөлiктерге (секторларға) бөлуге болады. Бұл жағдайда теңiз бетi ешкiмнiң меншiгi емес, сондықтан оны ортақ пайдаланады. Осы позицияны (көзқарасты) Қазақстан мен Ресей ұстанады. Каспий теңiзi статусының шешiлмеуi оның қайраңындағы iрi мұнай, газ кендерiн игеру нәтижесiнде ғаламдық экологиялық апатқа соқтыруы ықтимал.

5. Ластаушы заттардың табиғи және антропогендік таралу «каналдары». Антропогендiк ластаушы заттардың негiзгi көшетiн каналдары - ауа массалары мен өзендер.

Қазақстанның географиялық орнының негізгі ерекшеліктері - Республиканың батыс және солтүстiк шекарасының Еуропадан, Ресейден ластаушы заттарды (негiзiнен SO2) тасушы ауа массалары үшiн ашықтығы.

Еліміздің басты ірі өзендері көршілес елдер арқылы ластанады: Ертiс, Іле (ҚХР), Жайық, Тобыл (Ресей), Шу, Талас (Қырғызстан), Сырдария (Өзбекстан).

Қазақстан өз кезегiнде ластаушы заттарды Ертiс, Есiл, Тобыл өзендерi арқылы Ресейге ағызады.

Республиканың географиялық орналасуымен шарттасатын Қазақстанның қоршаған ортасының экологиялық шиеленiсу көрiнiстерi осындай.

Әдебиеттер:

Негізгі:

  1. Физическая география Республики Казахстан / Под ред. Джаналиевой К.М. Уч. пос. – Алматы. Қазақ Университеті, 1998.262с.

  2. Чигаркин А.В. Региональная геоэкология Казахстана. Учеб. пособие.-Алматы: Қазақ университеті, 2000, 225 с.

  3. Чигаркин А.В. Геоэкология Казахстана географические аспекты природополъзования и охрана природы) Алматы: Қазақ университеті, 2006.- 414 с.

  4. Ясаманов Н.А. Основы геоэкологии. М.: Академия,2003.- 352 с.

Қосымша:

  1. Комарова, Н.Г. Геоэкология и природопользование : учебное пособие для высш. пед. учеб. заведений / Н.Г. Комарова. – М. : Издательский центр «Академия», 2003. – 192 с.

  2. Голубев Г.Н. Геоэкология. – М.: ТЕОС, 1999. – 337 с.

  3. Петров.К.М. Геоэкология: основы природопользования. СПб.: Санкт-Петербургский государственный университет, 1994г, 216с.

  4. Родзевич Н.Н. Геоэкология и природопользование: Уч.пос. – М.: Дрофа, 2003.

  5. Рыспеков Т.Р. Мониторинг природной среды. Алматы: Қазақ университеті, 2003, 156 с.

  6. Сулеев Д.К., Сагитов С.И. и др. Экология и природопользование. Алматы: Ғылым, 2004

  7. Тонкопий М.С. Экология и экономика природопользования.- Алматы: Экономик'C, 2003.-592c.

  8. http://elibrary.ru/

  9. http://ru.wikipedia.org/

  10. http://books.nap.edu/catalog/6365.html.

2 Дәріс

Тақырыбы: Қазақстан Республикасы ауа бассейні ластануының аумақтық ерекшеліктері.

Дәріс жоспары: