Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекциялар тарих.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
513.74 Кб
Скачать

Лекция тезистері

1 лекция

Тақырып : Кіріспе.

Жоспары:

  1. Қазақстан тарихы курсының пәні, мақсаты мен міндеттері

  2. Отан тарихының фунциялары мен принциптері

  3. Қазақстан тарихын дәуірлерге бөлу

  4. Қазақстан тарихын зерттеудегі негізгі әдістері.

Лекция мақсаты: XXI ғасырдың азаматы, өзін Қазақ мемлекетінің өкілімін деп санайтын адам қазақ ұлтының тарихын білуге тиіс. Еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарында барлық мамандықтарға міндетті пәндер қатарында Қазақстан тарихы іргелі пәндердің бірі болып табылады. Сондықтан осы мәселені студенттердерге жеткізу оны ұғыну үшін лекция сабағы арнайы сағатқа бағытталады. Ұлттық сананы қалыптастыру, өткеннен сабақ, ғибрат алу, болашаққа үмітпен қарау сенімдеріне ықпал жасау - сабақтың негізгі мақсаты.

Лекция мәтіні:

1. Қазақстан тарихы бүкіл адамзат тарихының толық мықты бір бөлімі, өйткені ол дүниежүзі тарихы, Евразия тарихы, көшпенділер өркениеті, түркі халықтары тарихы, Орталық Азия елдерімен ұштасып жатады. Қазақстан тарихы – Қазақстанның территориясында ежелгі уақыттан бүгінгі күнге дейін болған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, процестерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, тұтас қарастыратын ғылым.

Пәннің мақсаты. Қазақстан тарихының ертедегі дәуірінен бастап, бүгінге дейін негізгі кезеңдері туралы оның этногенезі, Қазақ халқы мемлекеттілігінің орнығуы мен дамуының үздіксіздігі, сабақтастығы туралы объективтік тарихи білім беру. Қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізіп, халықтың рухани өмірінде сан алуан көптеген жаңалықтар пайда болып, оның ұлттық сезімі оянып бүгінгі таңда тарихи тәжірибені зерттеу, оны оқу өз халқы, Отан үшін аянбай еңбек ететін, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеудің ең тиімді жолдарының бірі болып табылады.

Пәннің міндеттері:

• Егеменді Қазақстан мемлекетінің қалыптасып, нығаю міндеттеріне жауап бере алатын тарих білімінің теориялық және әдіснамалық базасын жасау;

• Қазақстан халықтарының ортақ тарихы негізінде Қазақстандық қоғамның бірігуі үшін идеологиялық база дайындау;

• Батыс пен Шығыстың ғаламдық тарихы құрамында өзара байланыста қарастырылатын Қазақстан тарихының өзіндік қайталанбас орнын, сондай-ақ дүниежүзілік тарих пен адамзат өркениетінің тасқынында қарастыруды көздеуі;

• Тұтас қабылдауға негізделген Отан тарихының бірыңғай логикалық стержінін құру, олар мемлекет құрушы ұлттар – қазақтар мен Қазақстан халықтарының этногенезі; Қазақстан территориясындағы мемлекеттіліктің эволюциясы; тарихи фактілер мен оқиғалардың жиынтығы; тарихтың сабақтары;

• Тәуелсіздіктің орнығуы жылдарындағы Қазақстандық даму моделінің мазмұнын, ақиқаттың ғылыми-тарихи біліммен толықтырып, осы арқылы Қазақстанның империялықтан кейінгі кезеңінен ойдағыдай шығуына әсер еткен басты себептер мен факторларды анықтау, сөйтіп оның ХХ – ХХІ ғасырлар аралығында шаруашылық және идеялық – мәдени даңғылы шығып, өзін-өзі қамтамасыз ететін дәрежеге жеткенін көрсету.

2. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз. Халық пен мемлекет арасындағы бұрынғы тығыз байланыс едәуір босаңсып кетті, ал жеке мен мемлекеттік мүдде арасындағы жаңа байланыс әлі қалыптаса қойған жоқ...» деп отаншылдық сезім мен өз еліне деген сүйіспеншілікті дамыту, оны қалыптастыру – басты міндеттеріміздің бірі екенін көрсетеді. Қазақстан – түрлі тарихи аласапырандарды басынан өткізіп барып тәуелсіздікке қолын жеткізген, көп ұлтты республика. Сондықтан оның берік негізі патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қоя білуіне байланысты болмақ.

Ұлтының тарихын білу арқылы өзінің орныңды, ортаңды біліп, өзіңді-өзің тани алатындай жағдайға келгенде ған толық қанды ХХІ ғасырдың азаматы бола аласың. Сондықтан Қазақ тарихын білу арқылы барлық азаматтарға шарт.

3. Қазақстан тарихы дүниежүзілік тарихының ажырамыс бір бөлігі ретінде келесі тарихи кезеңдер бойынша қарастырылады:

1. Ежелгі Қазақстан тарихы (2,6 млн ж.б.- б.э. Ү ғ. )

2. Ортағасырлардағы Қазақстан (552- 1731 ж. дейін. )

3. Қазақстанның жаңа тарихы (1731- 1917 ж.дейін)

4. Қазақстанның қазіргі заман тарихы (1917- қазіргі күнге дейін)

4. Қазақстан тарихын зерттеудегі негізгі әдістер: тарихилық, шынайылық, объективтілік, салыстырма-сараптау. Тарихи деректер қорының кеңеюі мен ғылыми айналымға жаңа деректердің біртіндеп енуіне байланысты, бір тарихи оқиғаның, құбылыстың не процестің әр түрлі дәрежеде, тіптен кейде қарама-қайшы дәрежеде бейнелейтіні көріне бастады. Сондықтан ол деректерді зерттеу, бір-бірімен салыстыру, сол арқылы шындықты іздеу қажеттілігі пайда болды. Ұзақ жылдағы зерттеу тәжірибесі барсында қолданылған әртүрлі тәсілдер негізінде деректерді зерттеу әдістемесі қалыптасты.

Әдебиет тер тізімі:

  1. Қазақстан тарихы. 4 томдық. І, ІІ, ІІІ, ІУ т. А., 1998ж.

  2. Қазақстан тарихы очерктер. А., 1994ж.

  3. Аманжолов Қ. Қазақстан тарихы дєрістер курсы. І, ІІ т. А., 2004ж.

  4. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2001ж.

  5. Әбдіәкімұлы К. Қазақстан тарихы. А., 1997ж.

  6. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. А., 2003ж.

№2 лекция

Тақырып: Ерте замандағы Қазақстан. Қазақстанның ежелгі тарихы.

Жоспары:

1. Палеолит

2. Мезолит

3. Неолит

4. Энеолит.

Лекция мақсаты: Тас дәуірінің кезеңдерге бөлінуін қарастырып, хронологиялық шеңбері бойынша әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері мен жаңалықтарын анықтау барысында студенттердің анализ бен синтез біліктерін игеруге үйрету.

Лекция мәтіні:

1. Адамзат тарихы археологиялық дәуірлеу бойынша маңызды үш дәуірге бөлінеді: тас дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірі. Адамның пайдаланған еңбек құралдарының материалы бойынша аталанған. Оның ішінде ең ұзаққа созылған тас дәуірі. Ғылыми таным тас дәуірін өз ішінде үш кезеңге бөліп қарайды.

1. Палеолит (б.э.д. 2,6 млн-12-10 мың.ж.)

2. Мезолит (б.э.д. 12 мың-5 мың.ж.)

  1. Неолит (б.э.д. 5 мың-3 мың.ж)

Бірінші кезең – палеолит (көне тас ғасыры) – ең ежелгі кезең. Көне тас ғасыры ежелгi, орта және соңғы палеолит болып бөлiнедi. Палеолит дәуiрiнiң еңбек құралдары Оңтүстiк өңiрде (Жамбыл облысындағы Қаратау қаласының солтүстiк-шығысында), Талас ауданы орналасқан жерде Бөрiқазған және Тәңiрқазған деген тұрақтардан және Оңтүстiк Қазақстан облысының территориясында Қошқорған, Шоқтас, Қозыбай деген тұрақтардан табылған. Бұл жерлерден табылған көне тас дәуiрiнiң еңбек құралдары тастан жасалған екi қырлы және бiр қырлы тас шапқылар, ауыр тас сынықтары, iрi ура тастар-нуклеустар болып бөлiнедi. 1958 жылы Оңтүстік Қазақстандағы экспедиция кезінде Ш.Уәлиханов атындағы палеолит дәуіріне жататын тұрақты Х.Алпысбаев ашты.

Палеолит кезеңі ежелгі және кейінгі палеолитті құрайды. Ежелгі палеолит ірі-ірі үш кезеңге (мәдениетке): олдувэй (2.6 млн жыл-700 мың жыл), ашель (700 мың-150-120 мың жыл) және мустье(150-120 мың – 35-30 мың жыл) кезеңдеріне бөлінеді. Ол кездің адамдары тастың қасиеттерін жақсы білген. Материал таңдау көбінесе құралдың қолданылатын мақсатына байланысты болды. Құралдардың мынадай түрлері: шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар, шой балғалар, піспектер, пышақтар, тескіштер және т.б. бөлініп шыққан. Ауыр салмақты, тік бұрышты ұсақ шақпақ тастар ең ежелгі еңбек құралдарына жатқызылды, олар Кеңірдек елді мекені жанынан, Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің ең жоғары жайылмасынан, қатып қалған төменгі төрттік кезеңнің қалың конгломераты арасынан табылған. Мустье кезеңінде адам от пайдануды үйренді. Ортаңғы палеолиттің мустьер дәуірінде жаңа адамдар типі – неандертальдықтар қалыптасты.

Соңғы палеолит б.э.д. 35-30 мыңжылдықтардан б.э.д. 12-10 мың жылдықтардың аралығын қамтиды. Бұл жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңiнен тарай қоныстанған және тәсiлдер мен нәсiлдiк топтардың прогрестiк дамуы мен рулық қауымының қалыптасу үрдiсiмен, адам ұжымының қоғамдық ұйымдасуының өзiне тән алғашқы нышаны ретiнде рудың шығуымен тiкелей байланысты болды. Алғашқы қауым өнері – мамонт сүйегі мен тастардан мүсін жасау, сүйек бетіне, бетіне бедерлі ою-өрнек,үңгір қабырғаларына түрлі-түсті сурет салу ісі пайда болды. Осы кездерде рулық ұйым барлық жерлерде ана тектес және шеше жағынан топтасты, ал әйелдер қауымда үстем жағдайда болды деп топшыланды.

2. Мезолит. Дүние жүзіндегі тас дәуірінің классификациясы бойынша көне тас дәуірімен жаңа тас дәуірінің арасында өтпелі дәуірмезолит (мезо- орта, лит – тас) – орта тас дәуірі. Бұл кезең аз зерттелген, сондықтан Қазақстан жерінен табылған есекрткіштер де сирек. Кезеңнің ерекшеліктері – климат жылынып, мұз ери бастады, ірі жануарлар азайып, ұсақ аң-құстар пайда болды, садақ пен жебе және бумеранг, қайық, балық аулау құралдардың пайда болуы.

Б.э.д. 12 мың жылдықтан 5 мыңжылдың аралығын қамтыған орта тас дәуiрi болып саналатын мезолит кезеңiндегi жетiстiк садақ пен жебенiң кең қолданылуы болып табылады. Сондай-ақ еңбек құралдарын дайындауда техникасының таралуын, халықтың орын ауыстыруының артуын мезолиттiң ең жалпы ерекше белгiлерi деп санауға болады.

Палеолиттен мезолитке көшу климаттағы өзгерістермен ерекше болды. Бірінші кезекте бұл мұздықтардың еруімен байланысты. Бұл кезде қазіргісіне жақын гидрографиялық желі орнығып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қазіргісіне жақын құрамы қалыптасады. «Мамонттық» жануарлар түрлерінің жойылуы тамақ табудың бұрынғы єдістерін жарамсыз етіп, тіршілік құралдарын қамтамасыз етудің жаңа єдістерін жедел іздестіру қажеттігін туғызды. Мейлінше елеулі фауналық өзгерістер болған бір аймақтарда егіншілік және мал шарушылығы элементтері пайда болып, басқаларында балық аулау және жинау – аңшылық кәсібі қалыптасады. Әдебиетте мезолиттің мейлінше әр түрлі хронологиялық шеңберлері мен оның ерекше сипаттамалары бар. Қазақстан аумағының далалық өңірі үшін ең қолайлысы мезолиттің б. з. б. 10 – 7 мыңжылдықтар бойы болуын мойындау керек. Садақ пен жебенің кеңінен қолданылуын, еңбек құралдарын дайындауда сына техникасының таралуын, халықтың орын ауыстыруының артуын мезолиттің ең жалпы ерекше белгілері деп санауға болады. Мәдени – шаруашылық үлгілердің және еңбек құралдарын дайындау технологиясы сипатының аймақтық ерекшеліктері археологиялық мәдениетті бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.

Алғашқы аңшылар жоғарғы палеолиттің өзінде – ақ жайғасқан жерлерінен аңды қамап алуға тиімді орындарға қоныс аударды. Бұл табиғат аймақтарының ауысуына ғана емес, халық санының ұлғаюына да байланысты: аң аулайтын жер таршылық етіп, тұрғындардың бір бөлігі алыс солтүстікке, Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Орал өзендерінің аңғарларына қоныс аударады. Мезолиттік тұрақтар осы кезге дейін палеолиттік орындар табылмаған жерлерде пайда болды. Сонымен бірге бүкіл Қазақстан аумағында осы кезге дейін жиырма шақты ғана мезолиттік тұрақтар мєлім және солар ғана жақсы зерттелген, ал палеолиттік тұрақтардың қазірдің өзінде тіркелгені жүзден астам. Бұл тұрғындар санының кемігенін білдірмейді. Ежелгі адамның өмір салты өзгерді, олар неғұрлым жиі қозғалып, аң аулауға қолайлы алаптарды іздестіріп жиі қоныс аударып отырды. Сондықтан бүгінгі күні ортаңғы тас ғасырының тұрақтарын табуға байланысты қиындықтар туып отыр: өйткені олар көбінесе небєрі бір маусым ішінде ғана болып, олардың орнында материлдық қалдықтар қалмады деуге болады. Сонымен бірге б. з. б. 8 мыңжылдыққа қарай қазіргісінен єлдеқайда жұмсақ болған жылы климат ұзақ мерзімді, жылы және басқа тұрғын жайлар салуды қажет етпеді, сондықтан аңшылар өз тұрақтарының орнын оңай єрі тез ауыстырып отырды. Қызылжар қаласына жақын Есіл бойынан Мичурин, Боголюбов – 2, Явленко – 2 тұрақтары табылды. Сәл оңтүстікте, Атбасар маңында – Тельман – 7, -8а, - 9а, -14а, одан оңтүстікте, Қарағанды маңында Әкімбек және Қарағанды –15 тұрақтары бар. Көкшетау маңындағы далалық Шағалалы жағалауындағы Виноградовка –2а, -12 тұрақтары мєлім. Торғай ойпаңы ауданында – Дүзбай – 6, Қостанай қаласы маңында Дачная және Евгеньевка тұрақтары орналасқан.

Әлбетте тұрақтар өзендер мен көлдердің жағасында орналасатын. Жоғарыда айтылғанындай, тұрғын үй құрылыстарының қалдықтары сақталмаған. Есіл өзені аңғарында көлемі 40 – 60 шаршы метр, қаңқасының, қабырғаларының бөренелері терең көмілмеген жеңіл, тік бұрышты құрылыстар болған деп жорамалдауға ғана болады. Сондай-ақ, лашық тєрізді тұрғын жайлар салынған, олардың орындарында шағын шұңқырлар ғана қалған.

Мезолит дәуірінің ең маңызды өнер табысы – садақ. Шынына келгенде адамға ол жоғарғы палеолитте мәлім болған, бірақ оның кең таралуы жеке аң аулауға көшуге байланысты ғана мейлінше қажет болды. Садақ пен жебенің ойлап табылуы өндіргіш күштер дамуында шын мәнінде революция еді. Садақ пен жебе барлық жерге дерлік тез таралды. Ол он мың жылдан астам уақыт бойы ең тез атылатын және ең жаңа қару болды. Оның найза мен шанышқыдан артықшылығы нысананы алыстан атуында ғана емес, сонымен қатар ату єдістерінің алуан түрлі: тұрып та, жатып та, отырып та атуға болатындығында еді. Мезолиттер еңбек құралдарын дайындау техникасында да одан єрі принципті өзгерістер болды: олардың мөлшері тастың мөлшеріне байланысты болған жоқ. Бұл қыстырма техникасының арқасында мүмкін болды. Оның мәні мынада еді: заттың (пышақтың, қанжардың, жебе мен найза ұшының ) негізі сүйектен немесе ағаштан жасалды.

Қазақстан мезолиті ескерткіштерінен табылған материалдық қалдықтар кешенінің Оңтүстік Орал, Батыс Сібір, Шығыс Каспий маңы өңірі ескерткіштерінен елеулі айырмашылықтары жоқ. Жебелер ұштарының түріндегі және бейімделген нұсқаны қосымша өңдеу єдістеріндегі болмашы айырмашылықтарды ғана атап өтуге болады. Мысалы, Мичурин, Дүзбай – 6, Дачная тұрақтарындағы геометриялық нысанда қыстырмалар жоқ. Сонымен бірге бұлардағы қыстырма қалақшалар тым шағындығымен ерекшеленеді, сондықтан «микролиттер» деп аталған. Бұл ерекшкліктер аумақтық та, хронологиялық та бола алатын еді. Маңғыстау түбегінің мезолиттік мәдениетінің қалыптасуы туралы мәселе адамның Арал – Каспий су айырығын игеру тарихымен өзара тығыз байланысты. Маңғыстаудың мезолиттік тұрағы (Қызылсу – 1 және басқалар) мен Солтүстік – Батыс (Айдабол тобы) және Оңтүстік – Батыс (Дефе - Шығанақ) Үстірттің соларға жақын ескерткіштері ұшты қырғыштардың үлкен тобымен, жиектері ұсақ оймалы және иілген қырғылармен, ассиметриялы және сирек болса да симметриялы трапециялармен, «шағын кескіштермен», кескіштермен, сабынан суарылатын жапырақ сияқты жебе ұштарымен, қыстырмалармен, ұшы қиғаш өткір бізімен, қалақшалармен және қабаттары өңделген ұшы бар сынық тастармен сипатталады.

3. Неолит. Жаңа тас дәуiрi деп аталатын неолит кезеңi шамамен б.э.д. Ү-III мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Бұл дәуiрдiң негiзгi жетiстiгi болып жер және мал шаруашылығын игеру (неолиттік төңкеріс) болды. Сондай-ақ неолит кезеңiнде басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың шығуы атап айтқанда кен өндiру, қыш құмыра iсi, тоқыма iсi қоғамның дамуына өз ықпалын тигiзбей қоймады. Бұл кезеңнің басталуы б.з.д. V мыңжылдыққа тура келеді. (б.з.д. VІІ – VІ мыңж басы). Ол тас өңдеу техникасының єбден жетілген кезі. Қыспа ретушь техникасының жетілуімен бірге, тасты өңдеудің жаңа технологиялық әдістері: тегістеу, бұрғылау, аралау.

Тас балталар, кетпендер, дәнүккіштер, келілер, келсаптар жасала бастады. Нефриттен, яшмадан, серпентениттен, басқа да тастардан әшекейлер – білезіктер, алқалар жасалды.

Неолит дәуірінің аса маңызды белгісі табиғаттың дайын өнісдерін иемдену орнына – жиын – терін мен аң аулаудың орнына келген өндіруші шаруашылыққа негіз болған мал шаруашылығы мен егіншіліктің тууы болып табылады. Шаруашылықтың жаңа түрлері шығуының адамзат қоғамының дамуы үшін орасан зор маңызы болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапасы жағынан өзгертті. Адамның экономикалық қызметінің одан кейін талай мың жылдарға созылған бүкіл тарихы едәуір дәрежеде осы екі шаруашылықтың даму, жетілу тарихы болып табылады.

Неолит дәуірінде алғашқы адамдардың қолы жеткен өндіргіш күштер дамуының деңгейі басқа да мәдени – тұрмыстық жаңалықтардың шығуына себепші болды. Қазақстанның ежелгі тұрғындарында кен кєсібінің бастамалары шықты. Қыш құмыра ісі (керамика), тоқымашылық дамыды.

Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі, ұжымдық еңбек пен өндіріс құралдарына қоғамдық меншіктің үстем болған кезеңі (құрал – жабдықтарына ортақ меншік). Сонымен бірге мұның өзі қоғамның ұйымдау түрлерінің неғұрлым жоғары дамығын уақыты болды: тайпалар немесе тайпалық бірлестіктер құрылды. Тайпалар қандас – туысқандық байланысына қарай және шаруышылығының біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше рулық қауымдарынан құрылды.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында 600 – ден аса неолиттік және энеолиттік ескертткіш мєлім. Неолиттік тұрақтар сипатына қарай – 1) бұлақтық, 2) өзендік, 3) көлдік, 4) үңгірлік тұрақ деп төрт түрге бөлінеді.

Әдетте өзен жағасында, көл жиегіндегі тұрақтарда олжа бұйымдар саны едәуір мөлшерде кездеседі, бұл жєйттен адамның тұрақты немесе ұзақ уақыт тұрғаны көрсетеді. Мұндай тұрақтардағы негізгі құрал – саймандар – пышақ тєрізді қалақтар және солардан жасалған заттар.

Қазақстан жерінде бєрінен де көбірек тарағаны бұлақ бойындағы тұрақтар, өйткені шөл және шөлейт аймақтарда өзендер аз болады – олардың дені уақытша, маусымда тұрған жерлері.

Қазақстанның шөл даласындағы неолиттік ескертткіштердің бір ерекшелігі сол, олардың көпшілігі – ашық үлгідегі тұрақтар.

Белгілі бір құралдарды жасау үшін тастардың түрлері сараланып, іріктеліп алынатын болды. Шикізаттың алуан түрлі болуы оны ұқсатудың әр түрлі техникалық тәсілдерін дамытып, жетілдіруге себепкер болды. Неолит дәуірінде солтүстік-шығыс Балқашта яшма мен кварциттен еңбек құралдары жасалды.

Дала неолитің Ежелгі Шығыс елдерінің мәдениеті дамуының ұқсас кезеңдерімен салыстырған кезде мезолит дәуіріне қарағанда бұл уақытқа қарай түрлі аймақтарда тарихи дамудың біркелкі болмауы бұрынғыдан да айқын аңғарылатынын есте сақтау керек.

Неолитте Ежелгі Шығыста дєнді дақылдардың барлық түрлері, көкөністердің, жеміс – жидектердің едәуір түрлері өсіріліп, қазіргі үй малының барлық түрлері қолға үйретілді деуге болады. Ал жылқы энеолитте Евразия далаларында қолға үйретілді – бұл оқиғаны «неолиттік револлюцияның» маңызды компоненттерінің бірі деп атауға және оның аяқталуы деп қарастыруға болады. Бірақ далалық аймақтың неолиттік қоғамының шаруашылығында ерекше өзгерістер єлі де бола қойған жоқ – мұнда бұрынғысынша тамақ табудың негізгі көзі аң және балық аулау болды. Континенттік климат халық санының артуына қолайлы болмай, табиғи ресурстар халық қажеттерін қанағаттандыруға әбден жеткілікті болса керек.

Атбасар мәдениеті Тұрақтар мейлінше шоғырланған жер – Ақмола облысы. Атбасар ауданы бойынша аталған. Оның таралған аумағы: далалық өңірдегі Есіл өзенінің аңғары. Уақыты: б.з.д. VII мыңжылдықтың соңы – VI мыңжылдықтың басы. Арал өңірінің немесе шығыс Каспий маңы өңірінің тұрғындары аралаусы жағдайында жергілікті мезолит тайпаларының материалдық негізінде қалыптасты, 200 – ге жуық тұрақ зерттеліп, оның 20 шақтысы қазылды. Ескерткіштері: Виноградовка – 2, Тельман – 1, - 10, Атбасар мәдениеті тұрақтарының бәрі Солтүстік Қазақстанның аса маңызды су жолдарының ертедегі араналарының жағаларына орналасқан. Тұрғын үйлері жеңіл, жер бетіндегі сипатта болған. Бұл кезде ірі қырғыштар мен пышақтар, шой балғалар, балғалар пайда болды. Шақпақ тастар табиғи шығарылатын жерлерде мамандандырылған шеберханалар болып, шикізат алғашқы өңдеуден өткізілген.

Керамика ыдыс көлемі 1 – 5 л шамасындағы жарты жұмыртқа түрінде болған, сырты тарақ тәрізді қалыппен безендірілген. Бірақ керамиканың қалдықтары аз табылған.

Біздің қаламызда сол кездің мәдениетімен байланысты бірде – бір жерлеу ескерткіш осы уақытқа дейін жоқ. Бірақ кейбір тұрақтардың (Виноградовка – 14, Тельман – 10 және 14) шет жақтарынан тереңдігі 1 метрге жуық және диаметрі 1,5 метрге дейін жететін шұңқырлар табылды. Олардың түбінде кальцийге айналған қосындылары бар көмір қалдықтарының қалың қабаты жатыр. Бұл өлгендерді өртеу ғұрпының осы шұңқырларда жасалған қалдығы болуы да мүмкін.

Маханжар мәдениеті Бұл мәдениет ескерткіштерінің бізге белгілі көпшілігі жайылма сулардың кең участкелерінде орналасқан. (Торғай ойпатының түбінде: Маханжар, Тұздыкөл – 2, Дүзбай 1 – 4, -12, Амангелді, Тобылда – Алқау – 2) тұрағы мәлім.

Маханжар мәдениетінің ыдысы ерекше: керамикалық жұқа ыдыс қолдан жсалған және ұзынша пропорцияда болған. Әдетте қылта мойыны жіңішке, түбі конус тәрізді, кейде бұдырлы болып бітеді. ­­¤рнек ыдыстардың әлі кеуіп үлгірмеген сыртына тісті («тарашқа») қалыппен салынған. Композицияны көлденең немесе тігінен салынған иректер, сызылған паралелльдер және басқа элементтер кейде бүкіл сыртқы бетін безендіріп тұрған.

Өндіруші шаруашылық дәуіріндегі Қазақстан аумағы тұрғындарының демографиясы туралы мәселені қарастыра келгенде, ауланған жануарлардың құрамына қарағанда, қамалап және қуып аулау жеке аулаумен ойдағыдай ұштастырылған аңшылық шауруашылық сол кездегі қоғамның біршама әл – ауқатты болғанын дәлелдейді.

Неолитте ежелгі Қазақстан жеріне шаруашылықтың өндіруші түрлері әлі тарала қойған жоқ. Табиғи орта өлке тұрғындарына қиыншылықтарды жеңіп шығып дамуына қолайлы жағдай жасады. Қазақстан аумағы қарама– қарсы табиғи аймақтарды қамтымады және табиғи шептерге бөлінбеді, ал мұндай жағдайларда біртекті материалдық мәдениет қалыптасады. Сондықтан, Қазақстан неолиті үшін бөлінетін археологиялық мәдениеттердің түбегейлі айырмашылықтар жоқ және олардың таралу аймағы өте кең. Әдетте тұрақтар адамдардың тіршілігін қамтамасыз ететін жерлерге жақын балық және құс аулайтын, жануарлар су ішуге келетін өзендердің жағаларына орналасқан. Сондай – ақ, неолит халқының тығыздығы құралдар дайындау үшін қажетті тас қорының жеткілікті болуына байланысты екені аңғарылған.

4. Энеолит. Археологиялық кезеңдерге бөлу өлшемдеріне сєйкес, адам өміріне мыс құралдар енген дәуірді энеолит деп атайды. Әдетте бұл жалпы алғанда шақпақ тас индустриясының құлдырап, тас құралдар жиынтығының кемуіне єкеп соқты. Археологиялық үлгілердің материалдық мәдениетке жататын жаңа жиынтықтары: жалпақ түпті, өрнегі бай керамика, ұсақ қылықша, тұрғын үйлер айқын көрінеді.

Энеолит (латынша мыс және грекше тас) тас ғасыры мен қола дәүірінің аралығындағы археологиялық өтпелі кезең, яғни тас-мыс кезеңі. Бұл кезеңде тастан жасалған еңбек құралдары басым болғанымен мыстан жасалғандары да пайда бола бастады. Халықтың басты кәсібі – егіншілік пен аңшылық, мал шаруашылығы болды. Қоғамдық қатынас – рулық құрылыс. Қазақстан жерінен табылған энеолит ескерткіштер әзірге көп емес. Оларға Иманбұрлық, Сексеуілді –1, -2, қоныстарының қабаттарын Павлодарға жақын жерде Ертіс өзенінің жағасына орналасқан Железинка поселкесінің маңынан табылған обаны жатқызуға болады.

Энеолит немесе мыс заманында (б.з.б. 3 – 2 м. ж.) адамдар өмірге қажет құралдарды алғаш рет мыстан жасай бастады. Мыс кең орындары жер бетінде ерекше көз тартарлық жасыл (малахит минералы) және көк (азурит) түсті бояулы тастарымен адамдардың назарына іліккен. Мыстың сульфид минералдары жер бетіне шыққанда оттегімен тотығу нєтижесінде, ерекше тотықты белдем пайда болды. Көк, жасыл түсті белгілері арқылы алғаш кен орындарын оңай тауып, олардан сом мыс кесектерін аршып алған. Қазақ даласындағы кенді Алтайдың, Қордайдың (Жайсаң, Шатырқұл), Сарыарқаның (Жезқазған, Спасск) ірі мыс кен орындары адамдарға сол энеолит заманында – ақ белгілі болған.

Жалпы, кең тараған қазіргі Көктас, Көктасты деген атаулар негізінен мыс кен орындарына байланысты шыққан.

Бірақ Қазақстандағы мысты тас дәуірінің ескерткіштері осы уақытқа дейін жеткілікті зерттеле қойған жоқ.

Энеолиттік дәуір мал шаруашылығының басым дамыған далалық өңірде де маңызды рөл атқарды. Қазақстан даласындағы энеолит мүлде басқаша көрінеді. Бұл жолда тас индустриясы жоғары деңгейге көтерілді. Климат ылғал болды. Аңшылық ұжымдары бірге бір жерде ұзақ уақыт бойы шоғырланды.

Ботай мәдениеті. Көкшетау облысындағы Ботай бекеті жанындағы қоныстың атымен аталған. Ботай мәдениеті Солтүстік Қазақстанның далалық энеолиттін сипаттайды және мерзімі б.з.б. ІІІ – ІІ мыңжылдықта белгіленеді.

Ботай мәдениетінің қалыптасуына неолиттік атбасар және маханжар мәдениетін құрған тайпалар қатысты. Ботай мәдениетін В.В.Зайберт ашты.

Қоныстар әдетте шағын дала өзендері: Торғайдың, Терісаққанның, жоғары Тобылдың, Обағаның, Шағаланың, Иманбұрлықтың биік жағаларындағы алапттарды алып жатыр. Олардың көлемі кейбіреуінде 15 гектарға жетеді. Сипаттау үшін ең көп ақпарат беретіні Ботай қонысы болып табылады. Ол шамамен 200 жылды б.з.б XXIV – XXII ғасырларды қамтиды. Қазіргі бетінде 158 тұрғын үйдің жұрты табылды. Қазу барысында олардың қонысы тіршілік еткен соңғы кезеңде салынғаны анықталды. Ертедегі поселкенің құрылыстары өте тығыз болған: тұрғын жайлар көбінесе бір – біріне жалғасып, өзінше бір махаллалар құрып жатқан. Мұндай томаға – тұйық жоспарланған орындарға жататын құрылыстар 30 – ға дейін жетеді. Олардың ішінен белгілі бір жүйені байқауға болады: ені 4 – 8 м болатын, ал ұзындығы 50 метрге дейін жететін параллель көшелердің екі жағына кейде 15 – 16 үйден салынған.

Өндірістік – шаруашылық саймандар алуан түрлі тастардан, сазбалшықтан, сүйектен жасалды. Құрал – маймандар тұрғындардың шаруашылық укладының күрделі болғанын көрсетеді. Жүгеннің сүйек элементтері, кісенге арналған ілгектер жылқының қолға үйретіле бастағанын дәлелдейді. Тас тоқпақтар, пышақтар, қанжарлар, боластар, жебелердің, сүңгілердің, найзалардың ұштары аң аулаумен байланыста құралдар. Шанышқылар балық аулау кәсібін көрсетеді.

Жерлеу ғұрпы мен бірқатар символдық заттар тотемизмнің, бабаларға табынудың болғанын көрсетеді. Туыстарын қоныс аумағындағы ескі тұрғын жайларға жерлеп, жерленгендердің айналасына қабырғаларды жағалата жылқының бас сүйектерін қойған. тұрғын жайлардың бірінде, қабырғалардағы сөреде ер адамның саз балшықпен мумияланған сүйегі табылды. Тұрғын жайлардың табалдырығы астында ит көшілуі жиі кездеседі, сірә, рәсімдік сипатта болса керек.

Бақылау сұрақтары:

  1. Ерте палеолите адамдардың ұйымы қандай түрде болды?

  2. Орта палеолит кезеңін жаңалықтары?

  3. Рулық қауымның қалыптаса бастаған уақыты?

  4. Садақ пен жебенің пайда болуы сол кездегі адамдар үшін қандай өзгерістер әкелді?

  5. «Неолит төнкерісі» деп ғылымда нені атайды?

  6. Неолит дәуірінде өлікті жерлеуге не тән болды?

  7. Энеолит дәірінің ерекшелігін атап көрсетіңіз?

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан тарихы. 4 томдық. І, ІІ, ІІІ, ІV т. А., 1998.

  2. Қазақстан тарихы. очерктер. А., 1994.

  3. Аманжолов Қ. Қазақстан тарихы дәрістер курсы. І, ІІ т. А., 2004.

  4. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2001.

  5. Әбдієкімұлы К. Қазақстан тарихы. А., 1997.

  6. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. А., 2003.

№3 лекция

Тақырып: Сақ және үйсін дәуіріндегі Түркістан.

Жоспары:

  1. Қола дәуірі.

  2. Сақтар

  3. Үйсіндер және қаңлылар

  4. Ғұндар

Лекция мақсаты: Қазақ халқының құрылуына негіз болған сақтардың, олардың тарихи-мәдени мұрасын жалғастырған үйсіндер мен қаңлылар, савроматтар-сарматтар және тұңғыш көшпелі империя Ғұн державасының саяси тарихын қарастыру.

Лекция мәтіні:

1. Қола дәуірі. Адамдардың металл қорыту iсiн меңгеруi қоғам дамуының алға басуына жол ашты. Қола дәуiрiнде (б.з.д. 2-1 мыңжылдық) адам қоғамының өндiргiш күштерiнiң дамуына мал шаруашылығы мен және егiншiлiкпен қатар әр түрлi рудаларды өндiру тас пен сүйектi ұсату аса маңызды рөл атқарды. Археологтардың қола дәуiрiнде мыс, алтын, қалайы, күмiс қорытылып одан әрi түрлi қару-жарақ, зергерлiк бұйымдар жасалды.

Қола заманында кен өндірушілер табиғи таза мыстың қоғам сұранысына жеткіліксіздіге байланысты, металды өздері қорыта бастаған. Алғаш қортылған металл таза мыс емес, қола (мыс пен қалайының) болып шыққан. Кездейсоқ қорытылып алынған қоланың сапасы мыстан артық болып шықты. Осы заманда мыс, мырыш, қорғасын қалайы сияқты түсті металдарды қорытып сараптау басталды. Сом алтын мен қорғасын өте жұмсақ және ауыр болғандықтан тұрмыста кең қолдау тапқан жоқ. Қола дәуірі 3 кезеңге бөлінеді: Федоров (б.д.д. ХVІІІ-ХVІ), орта немесе Алакөл (б.д.д. ХV-ХІІ ғ.ғ.) және соңғы немесе Замараев (б.д.д. ХІІ-VІІІ ғғ.) кезеңі.

Бұл дәуірде Қазақстан даласын, Оңтүстік Сібірдегі және Орал аймағын шығу тегі жағынан ұқсас, өзіндік мәдениеті бар тайпалар мекендеді. Бұл мәдениеттің алғашқы ескерткіші табылған Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосына байланысты бұл кезең а н д р о н о в мәдениеті деген атау алды. (1914 ж. Археолог Андрияновтың қазба жұмысы).

1927 жылы археолог М.П. Грязнов андронов мәдениетінің ескерткіштерін Батыс Қазақстаннан тапты. Бұл мәдениетті зерттеуші Қазақстандық ғалымдар Ә.Х.Марғұлан, К.А.Акишев, А.Г.Максимова, С.С.Черников, А.М.Оразбаев атап өтуге болады.. Андронов тайпалары Қазақстанның барлық жерін мекендеген. Негізгі қоныстанған ауданы Орталық Қазақстан. Ең ежелгі қаласы Арқайым қаласы (Қостанай мен Челябы обл шекарасы).

Қазақстан территориясындағы зерттелген қола дәуiрiнiң мәдени ескерткiштерi Андронов мәдениетi деген атаумен аталды. Бiрiншi ескерткiштiң табылған жерi Ачинск маңындағы Андроново селосының атына қарай бұл мәдениет ғылымда шартты түрде Андронов мәдениетi’’- деп аталды. Андрон мәдениетінің басқа мәдениеттерден айыратын негізгі этникалық белгісі - жерлеу ғұрпы ( қол-аяғын бүгіп жерлеу)

Андронов тайпаларының қоныстанған негізгі аудандарының бірі – Орталық Қазақстан. Қола дәуiрiнiң ерте кезеңi Солтүстiк Қазақстанда Феодоров кезеңi деп аталған, ал Орталық Қазақстанда бұл кезең Нұра кезеңi деп аталды, б.э.д. ХVIII-ХVI ғғ. қамтыды. Қола дәуiрiнiң орта кезеңi Солтүстiк Қазақстанда Атасу кезеңi б.э.д. –ХV-ХII ғғ. қамтыды. Б.э.д. ХII-VІІІ ғасыр – Беғазы-Дандыбай кезеңінде Андронов мәдениетi тайпаларының экономикасында тұрмысымен мәдениетiнде өзгерiстер болды. Бұл өзгерiстер қоғамның жаңа шаруашылық негiзiне байланысты. Андроновтықтардың тілі – үндіиран. Антропологиялық тұрпаты - еуропеоидтік. Аналық үстемдіктен аталық үстемдікке өтті.

Қола дәуiрiнiң тайпалары кешендi түрде мал шаруашылығы (бақташылық) және жер шаруашылығымен (теселі егіншілік) айналысқандықтан негiзiнен өзен, көлдердiң жағаларында мекендеп, жер үйлерде тұрды. Қола дәуiрi тайпалары мал, жер шаруашылығы мен қатар тау-кен iсiмен де айналысып металл қорытты. Қола дәуiрi кезiнде Қазақстан дүние жүзiндегi ең алғашқы қола қорытушы ел болды. Өте көп көлемде металл қорытылды. Атап айтсақ Жезқазған өңiрiнен жалпы көлемi 100 мың тонна мыс өндiрiлген. Орталық Қазақстаннан 130 тонна қалайы өндiрiлiп, 15 мың тонна таза күмiс алынған. Бұлар тек қана зерттелгенi ғана.

Андронов мәдениетiнiң тағы бiр ерекше жетiстiгi құмыраларды кең көлемде пайдалануы қола дәуiрiнде құмыра жасау iсi бұрынғыдан да жетiлдiрiле түстi.

Андроновтықтардың археологиялық рәмізі - сырға мен алқалар болып табылады. От құдайы Агнияға ешкі малын құрбандыққа шалса, әлем күн құдайы Митраға - бұқа шалынды.

Андроновтықтар бiрнеше үлкен патриархтық туыс семьялары бiрлесiп, рулық қауым болып өмiр сүрдi. Бiрнеше туысқан қауымдар тайпаны құрады. Бұған мысал ретiнде б.э.д. I ғасырдағы Қазақстанның кең байтақ территориясындағы және Орта Азия жерлерiнде өмiр сүрген: арим, тур, дана сайрима, сайна, даха тайпаларын айтуға болады.

Қола дәуірінің соңына қарай күнге, айға және жұлдыздарға табынған. Ата-бабаға сыйыну және о дүниеге сену кең тараған. Қолда дәуірінің тасқа салынған суреттері адамзаттың рухани мәдениетін, оның дүниетанымын білдіретін аса маңызды деректер жиынтығы. Осындай суреттер көп табылған Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау, Маймақ, Тарбағатай, Бөкентау аймақтары дүниежүзілік мәдениеттің қорына қосылады. Тастағы суреттерде жие кездесетін бейне жабайы бұқа. Тасқа қашау өнерінде жиі кездесетін суреттерге қос өркешті бактриан түйесінің бейнесі, екі аяқты арбаның, соқа мен жер жырту бейнеленеді.

Андроновтардың қоғамдық құрлысына келетін болсақ, мал шаруашылығы мен металлургия саласына ерлердің еңбегі көп қажет болғандықтан ер адамдар рөлі жоғарлар әкелік отбасылық қатынас орнады.

Қоғамның негізгі тобы – жауынгерлер.Үнді иран шежірелеріне қарағанда абыздар да жоғарғы бағаланған. Олар діни жоралғыларды жүргізуші, ежелгі дәстүр мен білімдерді сақтаушылар.

Андронов қауымдастығы құрамына енген тайпалардың тараған негізгі аймақтарының бірі Орталық Қазақстан болған.

Бұл өңірден 30 - дан астам елді мекен, 150 - дей қабір (қорымдар) қазып зерттейді. Солтүстік және Батыс Қазақстанда 150- ден аса қоныс пен 200- ге жуық қорым табылады. Ең ежелгі қала – Арқайым қаласы. (Қостанай мен Челябы обылыстарының шекарасы). Орталық Қазақстанның андронов мәдениетіне тән сипаты - оның монументалдығы мазарларының күрделілігі, тас өңдеумен байланысты құрылыс техникасының жетіле салтында кремация (мәйітті өртеу) басым болған. Көлемі шағын, үстіне топырағы үйілген қабырғалар айналасына тақта тастардан дөңгелек немесе тікбұрышты қоршаулар салынған. Қоршау ішінде не жерден тікбұрышты шұңқыр етіліп қазылған, жиек-жиегі тақта таспен (циста) көмкерілген моланың өзі, не тас жәшік болады. Жерлеу біткесін мола үсті тақта таспен жабылып тасталып отырған.

Керамика қатарынан сыртқы үшбұрыштар мен басылымды қосар сызықтар келісім тауып, жарасымды өрнектелген құмыралар көз тартады. Ыдыстардың тек жоғары жағы ғана әсемделеді. Дөңгелек қола айналар, қола моншақтар ұшырасады. Қабір ішінен мәйітпен қатар үй жануарларының сүйектері де табылған.

Қоланың кейінгі кезеңі Орталық Қазақстанда жаңа мәдениет – Беғазы-Дәндібай мәдениетінің құрылуымен белгісі. Бұл мәдениетке тән бір қасиет, ол бірінші жағына, андронов дәстүрін сақтайды, екінші жағынан онда жаңа элементтер: мазарлардың айрықша типі, өзіндік өзгешілігі бар жерлеу салты, қыш ыдыс – аяқтардың жаңа түрлері пайда болады. Бұл дәуірде жер бетіне тастан қалап қабырғалары тұрғын үйлер салу рәсімі кең жайылады. Орталық Қазақстанның таулы аудандарында тұрғын үйлерді салуға ағаш кеңінен пайдаланылған. Жер төлелер қабырғалары ағаш тақталарымен көмкеріліп, оның төбесін ағаш бағандардың тұтас бір жүйесі тіреп тұрған.

Мәдениетті дамытуда металл өндіріп балқыту орасан зор рөл атқарған. Солтүстік және Батыс Қазақстанда көптеген андроновтық мәдениет ескерткіштері ашылып зерттелген, олардың ішінен Алексеев қонысы мен Тасты – бұтақ қорымы кеңінен мәлім болды. Бұл ауданда небәрі 80 – нен аса қоныс пен 90- ға тарта қорым ашылған

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың орта қола дәуірін Таңбалы, Қарақұдық қорымдары арқылы көзге елестетуге болады. Қола дәуірінде аналық рулық құрылыс ыдырап, аталық рулық құрылыс дами бастады.

Б.з.б. 3 мың жыл соңында Қазақстанның таулы және далалы аудандарында егіншілік пайда болды. Андронов тайпаларының тіршілігінде теселі егіншілік болған. Олар негізінен бидай, қарабидай және тары өсірді. Егіншілікпен қатар мал өсіру жедел қарқынмен дамып, негізгі салаға айналды. Андроновтық шаруалар қос өркешті бактериан түйелерін өсірген. Түйе бейнелері жартастарға салынған, ал Үшқатты қонысынан түйенің қыш мүсіні, Ақсу – Аюлыдан бота сүйегі, Алексеевке қоныстан – түйе сүйектері табылды.

Б.з.б. I мыңжылдықтың басында андроновтықтар аралас шаруашылықпен айналысып, егін егіп, мал өсірген. Олар тұңғыш рет қыста малды қолда ұстау тәжірбиесін енгізді. Үй маңындағы жайылымдар жарамсыз болып қалған кезде бақташылар жаңа жайылымдарға көшіп отырды. Бұл мал өсірудің жайлаулық тәсілі. Ерлер жайылымдарға кетіп мекендеріне күз соңына таман оралған. Әйелдер мен балалар егіншілікпен айналысып, тұрақты мекендерде қалды. Кейінгі қола дәуірінде Қазақстанның далалық аудандарында мал өсіру шарушылықтың негізгі саласына айналды. Бұл жағдайда малдың құрамы өзгеріске ұшырап, ірі қара азайып, қой мен жылқы көбейді. Орталық Қазақстанда түйе өсірілді. Көп малды қолда ұстау мүмкіндігі болмай, шаруашылықтың жаңа түрі – көшпелі мал шаруашылығы шыға бастады. Андронов тайпаларында жеке меншіктің пайда болуына мал шаруашылығына көшу ықпал етті.

Кен өндіру б.з.б. III мыңжылдықта басталған. Қола дәуірінде кен өндіріп балқыту ісі орасан зор көлемде жүргізілген . Мәселен, Жезқазған өңірінде 100 мыс тонна мыс қорытылған. Ал Успен руднигінде 200 мың тонна кен өндірілген. Ежелгі кеншілер кенді толықтыру, тотықтандыру тәсілін тапқан, сонда ол жыныста жез бен қалайы қосындысы күрт көбейген.

Жұмсақ кен –қалайымен айыру арқылы

Қатты, тығыз кен- отпен уату арқылы (кен өзегінің үстіне от жағылып, әбден қызған кезде су құйып жарықшақтарға бөлу);

Үңгіп - қазу арқылы өндіру. Кен өндіру аймақтары: Жезқазған, Зыранда – мыс, Атасу таулары, Қалба, Нарым жоталарында қалайы, Степняк, Ақжол, Бала жалда – алтын.

Кен өндіру орталықтары - Орталық және Шығыс Қазақстан. Андроновтық тайпалар үй кәсіпшілігінде қыш ыдыстар жасаған.

Таспалық әдіс.

Қалыпқа салып пішіндеу әдісі. (б.з.б. ХYII-ХYIғғ).Орта қала кезеңінде ыдыс – аяқтар біркелкі стандартқа көшіп, жетіле түседі; бұрынғыдан жұқа, әсем келеді. Бұлардың ою - өрнегі бұрынғыша сызылған немесе штамппен түсірілген. Бұрынғы құмыралардың бір өзгешелігі – ою - өрнектер үш жолақ етіліп жүргізіледі.

Кейінгі қола дәуірінің ыдыс – аяқтары бір ерекшелігі – олар өте бүйірлі және жалпы нобайы дөңгелектеу болып келеді. Андроновшылардың ою- өрнектерінің кейбір элементтерін қазақтың қолданбалы өнерінен осы күні де көруге болады. Бұл өрнектер байлық пен масшылықты, тіл мен көзден сақтау белгісін және ыдыс ішіндегі затты білдірген. Айырбас сауда кейінгі қола дәірінде кең дамыған.

Андроновшылар отбасындағылары үй тіршілігіне қажетті іс-әрекеттің бәрінде жасай берген. Жіп иіру, тоқу, теріні өңдеу, киім – кешек пен аяқ киімді түрлі түсті жіппен әдіптеп, апликациямен және жылтырақ бисермен безендіріп тігу – бәрін де игерген. Матаға қажетті жіпті мал жүнінен иірген. Оған өзге жүндер де, түбіт те жараған. Тіпті кенеп те, жабайы зығыр да, қалақай да пайдаланған. Ол кезде тоқыма станогі де ұршық та белгіні болатын. Еркектері де, әйелдері де бастарына жүннен тоқылған немесе теріден тіккен құлақшын киген. Әйелдер құлақтарына қола сырға, қапталған алтынмен дөңгелек сырғаларға тағып, мойындарына қоладан жасалған өңір жиектер, кейде озған алтын моншақтар тізіп салатын болған. Еркектері масақтары қоладан үшкірлеп жасалған садақтармен қаруланды.

Ерте қола дәуіріндегі мәдениеттің гүлденіп өсуі, оның Жерорта теңізі және Кіші Азия аймағы мен мәдени және экономикалық байланыс жасауы, осының нәтижесінде мүмкін болған Ұлы Жібек жолының білте сүрлеуі тап сол кездері түсе бастаса керек. Орта қола дәуірінде андронов қоныстары қалың қабырғалармен, олармен бекітілмейді. Тегі сайын даладағы жағдай тынышталып, талас тапқанға ұқсайды. Ерте және орта қола кезеңдерінде яғни б.з.дейінгі 1 мың жылдар басында андроновшылар отырықшы болған. Аралас шаруашылықпен шұғылданып, егін егіп, мал өсірген. Маусымдық жайылымдар қашықтығы әр түрлі болған. Жетісу мен Шығыс Қазақстанда олар 50-ден 80 шақырымға дейін болса, дала мен сусыз шөлді басып, жүздеген шақырымдарға жеткен. Сонымен, үй іргесіндегі тепсеңнен – жайлауға көшу, отарлы мал шаруашылығы, сосын көшпелі шаруашылық туады, бұл әрине дала мен шөл жайылымдарын тиімді пайдалануға жәрдемін тигізеді.

Андроновтықтардың баспанасы жертөле және жартылай жер бетіндегі үйлер. Бөлмелерді жылыту үшін тастан қаланған пештер қолданылған, отын есебінде ағаш, бұта, тезек жаққан. Қоныстар 6-10 үйден, үлкендері 20 үйден құралған.

Кейінгі қола дәуірінде Орталық Қазақстанда көп бөлмелі жер бетіндегі үйлерді ауыр дөңбек тастардан салатын болған. Осындай үлкен үйлер қоғамдық жиындар өткізетін, діни ғұрыптарды атқаратын және үлкен отбасы мекендейтін орын болып есептелген.

Ежелгі Андроновтық дөңгелек баспаналар негізінде киіз үй жобасы пайда болды. Еңбек құралдары: тесе, тас кетпен, келі - келсап, (ерте қола дәуірі), орақ, шалғы (кейінгі қола дәуірі).

Діні мен өнері: Қола дәуірінің тайпалары табиғат күштеріне табынған. Жерлеген адамның басы батысқа немесе оңтүстік – батысқа қаратылып, қол – аяғын бүгіп жатқызған. Бұл жер ана құшағына барған сәби қалпындағы адам түсінігін берген. Өлікті матаушы ажал құдайы - Ямаға сыйынған. Ерте қола дәуірінде жерлеу салтында кремация (мәйітті өртеу) басым болған. Бұл табиғаттың жаңару заңдылығы, жаңа өмірге көшу түсінігі. Бұдан андроновтардың отқа табынғанын байқаймыз. Кейінгі қола дәуірінде жерлеудің кесенемен бірге өртеу түрі болған.

Ошақ қасиетті орын саналған. Жаңа түскен келін ошақты айналған, ол мәйітті шығарарда ошақты айналдырған.

Үй төбесінің басты тіреуіш діңгегі адамдарды көкпен жалғастырушы белгі. Мереке күндері оны гүлмен көмкеріп, үйлену тойы кезінде оның түбіне күйеу мен қалыңдықты отырғызған. Жәй күндері бұл құрметті орында ақсақалдар отыратын болған.

Қола дәуірінің соңына қарай күнге, айға және жұлдыздарға табынған. Ата баба аруағына сыйыну және о дүниеге сену кең тарады.

2. Сақтар. Сақ тайпалары негiзiнен үш топтан тұрады: 1)Парадарайа-сақтар -теңiздiң арғы бетiндегi сақтар, 2)Хаумаварга-сақтар (хаом сусынын қайнататын сақтар), 3)Тиграхауда сақтар (шошақ бөрiк киетiн сақтар) деп аталды. Ғылымда сақтардың бұл топтарының Орта Азия мен Қазақстан аумағында шоғырланғаны туралы көптеген болжамдар бар. Парадария сақтары Қара теңiздiң солтүстiгiнде, Амудария өзенiнiң бойында және Сырдарияның төменгi ағысы Арал теңiзi жағаларында шашыраңқы жағдайда өмiр сүрген. Тиграхауда сақтары Сырдарияның орта ағысында, Жетісу және Тянь-Шань аудандарын мекендеген. Хаомаварга сақтары Мурғаб өңiрiнде орналасты.

Б.з.д.Х-Vғ Хуанхэ өзенінен Еділ мен Дунайға дейінгі аралықта тарихи мәліметтерде парсыларша «сақ», гректерше «скиф» деген атпен белгілі болған түркі тілдес тайпалар тұрған.

Дарийдің Бехустин жартасындағы сақтарға жорық кезіндегі жазған текстерінде сақ тайпаларының үш тобы аталады. Олар: хаомаварга сақтары, парадария сақтары және тиграхауда сақтары. Сақтардың ескі зираттары, оның ішінде патшалардың жерленуі Шілікті, Талас, Шу, Іле жағалауларында, қырғыз және Жоңғар Алатауының бөктерінде, Көген мен Нарынқолдың таулы аймақтарында, Еділ мен Дунай аралығынан табылған.

Скиф-сақ бірлестігінің өмір сүрген кезеңі көне тарихшылар мен архелогиялық материалдарға назар аударсақ, рулық қоғамның ыдырауына дөп келеді. Бартольдің айтуынша түркі тілдес тайпаларының қалыптаса бастаған шағы деуге болады.

Қазіргі Алматы қаласы орналасқан жерді сақтар мекендеген. Оларды грек шежіресінде масагеттер деп атайды. Тарихтың атасы деп танылған Герадот айбырлы масагеттер туралы былай деп жазады: «Бұл халық өзінің көптігімен және жаугершілігімен көзге түседі. Массагеттердің киген киімі, тұрмыс салты жағынан скифтерге жақын. Сақ тайпаларының одағына мыналар кіреді: массагеттер, дайлар, каспилер, исседондар, аландар, куейінректе савроматтар мен сарматтар.Олардың арасында көнедегі аңыздарда айтылатын «алтын қорыған құмайлар» деп аталатын тайпалар мәдени жағынан жоғарғы сатыда болды». Каспилер тайпасы Каспий теңізінің шығыс жағалауын мекендеген. Исседондар тайпасы: Іле мен Шу өзендерінің өн бойын, оның шығыс жағындағылары Тарбағатай тайына дейін созылған алқапты мекендеген.Аримаспалар тайпасы исседондардың Солтүстік және Шығысы-Солтүстік жағына, Алтайдың Батыстағы сілеміне дейінгі жерлерде тұрған. Герадот массагеттер туралы тағы былай дейді: «Массагеттер киім киісі мен тұрмыс салты жағынан скифтерге ұқсас. Олар салт атқа мініп те, жаяу да шайқасмады. Соғыстың екі әдісін білді: садақ тартып, найзамен де айқасады. Әдетте айбалтамен қаруланған. Олардың барлық заттары алтын мен мыстан жасалған....Құдайлар мен күнге ғана табынып, оған құрбандыққа жылқы шалды. Мұның мәнісі–құдайлардың ең жүйрігіне ең жүйрік жануар шалады дегенге саяды. Сақтар туралы Страбон, дәрігер Гиппократ, Үлкен Гай Плинийлер де мейлінше мағлұматтар берген.

«Алтын адам» Қазақстанның 3жерінен табылған.

  1. 1970 жылы Алматыдан 50 км, Есік қорғанынан. Б.з.б. ІV ға жатады. Тапқан т.ғ.д. Кемал Ақышев.

  2. 1999 жылы Атырау өңірі, Аралтөбе қорғанынан. Б.з.б. ІІІ ғ. Тапқан т.ғ.к., археолог Зейнолла Самашев.

  3. 2003 жылы Ш.Қ.О. Зайсан ауданы, Шілікті жазығынан. Б.з.б. VІІІғ. Аяғы мен VІІ ғ. Басы. Тапқан т.ғ.д., профессор Әбдеш Төлеубаев.

Сақ тайпаларының басым көпшiлiгiнiң көшпелi тұрмысы ыдыстың жаңа түрлерiн туғызып жаңа материалдарды-металл, терi және ағашты қажет еттi. Көшпелi тұрмыс басым болған аудандарда керамикалық ыдыстар аз ұсталып керiсiнше терi, ағаш және металдан жасалған ыдыстар көп пайдаланды. Сақтар негiзiнен мал шаруашылығымен айналысты. Олар қой, түйе, жылқы өсiрдi, ал iрi қара аз өсiрiлдi.

Сақ қоғамы негізінен жауынгерлер, абыздар және қауым мүшелері болып бөлінді. Әр бір әлеуметтік тап өзіне ған тән түсті киім киді: жауынгерлар - қызыл, абыздар – ақ, қауым мүшелері – сары және көк. Сақ тайпаларының көсемдері жауынгер тобының өкілдері болады

Сақтардың ерекше суару жүйесі бар егістік аймақтары – Шырық-Рабат, Сырдарияның оңтүстігі, Бәбіш-молда қалалары болғаны жайлы грек тарихшысы Страбон жазды.

Б.э.д. IV мыңжылдықтарда Орта Азия, Таяу, Орта Шығыста Ассирия, Индия мемлекеттерi орнады. Осы мемлекеттердiң солтүстiгiнде қазiргi қазақ территориясын сақтар б.э.д. VII-IV ғасырларда мекендедi. Сақ деген сөз –Парсыша «ержүрек» деген мағынаны бiлдiредi. Сақтарды грек авторларының шығармаларында скифтер деп атаған. Скиф деген сөз барлық көшпелiлерге ортақ ат. Ассирия, Индия мемлекетiнiң патшалары сақтарға қарсы үнемi шабуыл жасап, бiрде жеңiп, бiрде жеңiлiп отырған Ассирия, Индия мемлекеттерiн жаулап алған Александр Македонский Орта Азия сақтарымен кездеседi (330-327 ж.ж.). Б.з.б. IV ғ Александр Македонский сақтарды жеңіп, Александрия Эсхата (Шеткі Александрия) қаласын Сырдария жағасына салды. Сақтар Сырдария бойында Македонскийдiң шығысқа қарай шабуылын тойтарған.

Сақ тайпасының оның iшiнде көсемдерiнiң қорғандары (патша обалары) Талас, Шу, Iле өзендерiнiң бойында, Алатау бойында көп кездеседi. Сақ тайпаларының Оңтүстік Қазақстан және Жетісуда табылған қоныстары - Қарғалы, Қадірбай, Қарашоқы. Алматыдан шығысқа қарай 50 км жерде зайлы Алатау өңiрiндегi Есiк қорғаны атанған ескерткiш - «Алтын адам» (б.э.д. V-ІV ғ.ғ) сақтардың өмiрiнен көп мәлiмет бередi. Қорғанның диаметрi 60 м, қорғанға екi адам көмiлген де оның ортадағысы ертеде тоналған, жанындағысы аман қалған қорғаннан әр түрлi алтын бұйымдар, ыдыс-аяқ, күмiс қасық, 26 әрiптен құралған жазуы бар күміс тостаған, өлген адамның қолында алтынмен күптелген садақ ұшы, алтын оқ, қамшы т.б. 4000 жуық көптеген дүние мүлiктер табылған (1969-1970 ж.ж..- К.Акишев басқарған экспедиция). Сақ тайпалары металл оның iшiнде қола, алтын қорту кәсiбiмен шұғылданған.

Сақ заманы тайпалары мәдени шығармашылығының ең жарқын көрiнiстерi арасында қолданбалы өнері ерекше орын алды. Соның iшiнде аң стилдi бейнелеу шығармашылығы ерекше аталды. Онда бұғы, қой, түйе, жолбарыс, барыс, қыран т.б. аңдардың бейнесi сомдалып жасалды. Аң стилiндегi өнер хайуандар бейнелерiн нақты бейнеленген. Сонымен қатар аң стилiндегi жасалған өнерi мазмұны жағынан мифологиялық өнер болды. Сақ тайпаларының мәдениетi сол кездегi көшпелiлердiң идеологиялық көзқарасында көрсете бiлдi. Сақтардың мәдениетi туралы нақты мәлiметтi Есiк қорғаннан табылған «Алтын киiм» киген жауынгерлердiң бейнесiнен көруге болады, алтынмен жасалған ою-өрнек, тағы басқа бейнелер қаз қалпында сақталған. Ал сақтардың басқадай қолданбалы маңызды түрi ою-өрнектерi болды, ол аң стилi өнерiмен байланыста дамыды. Көркемдiк металға қарағанда ою-өрнек өнерiнiң ескерткiштерi аз сақталатыны мәлiм, өйткенi ою-өрнек салынатын органикалық негiз /терi, киiз, ағаш, жүн, металдар/ тез шiрiп кетедi. Сондықтан да ою-өрнектердiң кейбiр ерекше түрлерi /алтын, күмiс, металл/ ғана сақталған. Сондай-ақ сақ заманының көркемдiк шығармашылығын жартастардағы суреттер толықтыра түседi. Мысалы, «Таңбалы тас» /Алматы облысы/.

Сақтардың ерліктері туралы грек тарихшысы Герадот «Тарих» еңбегінде б.з.б. VІ ғасырда сақ массагеттердің патшайымы Томиристің және оның үлкен ұлы Спаргаписестің парсы патшасы Кирмен соғысы (б.з.б. 529 ж.); б.з.б. 519-518 жылдардағы парсы патшасы І Дарийдің тиграхауда сақтарымен соғысы: (сақ көсемі Скунха, малшы Ширак ерліктері); б.з.б. ІV ғасырда Александр Македонскийдің сақтармен шайқасы. (б.з.б. 330-327 ж.) Македондықтарға қарсы 3 жыл қатарынан партизандық соғыс жүргізген сақ көсемі Спитаның ерлігі туралы жазған.

Сақ қоғамында діни наным сенім болған. Олар ата баба рухына сенген. Қайта тіріледі деген сеніммен оның дүние мүлкін де жерлеген. Мәйітті сақтау үшін бальзамдау мен мумиялау әдісін қолдана білген. Отырықшы сақтар жерді киелі деп есептеп, оған табынған.Ал көшпелі сақтар күнге, отқа және соғыс құдайына табынған.

Сақ заманында анимизм, тотемизм және магия секілді ең ежелгі діни ұғымдар сақталған. Сақтар тілі- Шығыс ирандық.

Қорыта келе, б.з.б. ІV-ІІІ ғасырларда Қазақстан территориясындағы сақ тайпалық одақтары ыдырап, осы аймаққа келген басқа күшті тайпалардың құрамына енді.

Сақтардың кәсібі: темір өңдеу (аң стильинде), қолөнер, Ұлы Жібек жолында сауда, тоқымашылық, мал шаруашылығы (жылқы, түйе, сиыр, қой), Оңтүстік Қазақстанда суармалы егіншілікпен (бидай, арпа, сұлы), шұғылданған.

3.Үйсiндер шамамен б.э.д. 160 ж Жетiсу өлкесiнде мекендедi. Олар сақ тайпаларының үстемдiгiн әлсiретiп, олардың жоғарғы князь билеушiлерi -гуньмолар өздерiнiң үстемдiгiн орнатты. Тайпа көсемдері мен рубасылары - бектер. Үйсiндер негiзiнен Iле өңiрiнде қоныстанып өмiр сүрген, ал батыс жағында Талас, Шу алқабында мекендеген қаңлылармен шекаралас қоныстанса, шығысында ғұндармен, оңтүстiгiнде Ферғанамен көршiлес қоныстанып өмiр сүрген. Үйсiндердiң астанасы Чичуген (Қызыл Аңғар қаласы) Ыстықкөл мен Iле өзенiнiң оңтүстiк жағалауы аралығында орналасты. Үйсін мемлекеті үш бөлікке бөлінді : батыс, орталық және шығыс болып. Үйсiндердiң шаруашылығы кешендi түрде мал шаруашылығы және жер шаруашылығы жағдайында дамыды. Жартылай көшпелi мал шаруашылығы үйсiндер шаруашылығының негiзгi түрi болды. Бұл шаруашылық экономикасының дамуында жетекшi роль атқарып отырды. Жер шаруашылығын жүргiзу және жайылымдық жерлердi пайдалану жүйесi үнемi жетiлдiрiлiп отырды. Қытай мемлекетімен туыстық және кең дипломатиялық қатынаста болды. Жоғары дәрежедегi ауқатты байлар, орта дәрежедегi және қарапайым адамдар өмiр сүрген үкiмет билiгi ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған.

Қазақстан жеріндегі ертеде құрылған (б.д.д. ІІ ғ.) Кангюй, Яньцай, Үйсін мемлекеттері туралы қытай деректерінің «Шицзи» жылнамасында олар мал үшін бір орыннан екінші орынға көшіп жүре беретін көшпенді халық. Жайшылықта хундармен араласады. Үйсіндердің жаужүрек бірнеше мыңдаған әскері болды. Олардың бір кездері Іле өңіріне келіп қоныстанғаннан кейінгі уақытта аса күшті тайпалық мемлекет ретінде тарих сахнасынан шығып, өз тұсында едәуір ықпалды болғанын айтады.

Қытай тарихшысы Сыма Цян мен Бан Гудың «Ханнамасы» мен «Жылнамасында» мынандай деректер бар: «Үйсін мемлекетінің жері... ұлан байтақ кең, әрі жазық, жауын шашыны көп, ауа райы суық, тауларда қалың қарағай өседі. Егіншілікпен шұғылданбайды. Әдет ғұрпы хундарға ұқсайды. Бұл елде жылқы көп, байларында 4-5 мың жылқы болады. Халқы қайсар батыр келеді. Бұрын хундарға бағынышты болған кейін күшейді де оларға бағынбайтын болған. Шығыс жағы хундармен, Солтүстігі қаңлымен, батыс жағы Ферғанамен, Оңтүстігі қалалық мемлекеттермен шектеседі.... ».

Үйсін құрған мемлекетке 120 мың түтін қараған, жан саны 630 мың болып, 188 мың 800 сайлаулы әскер ұстаған. Ең үлкен билеушілерін Күнби (Гуньмо) деп атаған. Қытайлықтар қандас тайпалардың арасынан іріткі салу үшін қыздарын үйсіндерге ұзатып, ондағы ел билеген атқамінерлер мен елеулі адамдарды тарту таралғымен өздеріне тартқан. Бұл жөнінде қытай жазбаларындағы «Хань хандығының тарихы»атты кітаптың «Үйсіндер» атты тарауында нақты жазылған.

Үйсіндердің негізгі орналасқан жері – Іле даласы. Территориясы Шу мен Талас өзендері Қаратау- Тянь Шань тауы- Балқаш көлі- Ыстықкөл. Басты байлық мал мен жер.

Б.з.б. І ғасырда ежелгі үйсін қоғамында жерге жеке меншікке иелену басталды. Жеке меншіктің болғанының тағы бір белгісі жеке адамдарға тиеселі мүліктің ерекше таңбалармен белгіленуі. Таңбалар үй мүліктерімен жануарларға салынды.

Әскер басшылары мен лауазымды адамдар алтыннан, мыстан жасалған мөрлері болды. Лауазымы төмен үйсіндер тас және қыш саздан жасалған мөр ұстаған.

Археологиялық ескерткіштері. Үйсіндердің обалары салынған уақытына қарай 3 топқа бөлінеді:

*Ерте қорымдар: Қапшағай, Өтеген, Қызылеспе, Қызылауыз, Қызылқайнар. Ерекшелігі: солтүстіктен оңтүстікке қарайтізбектеліп салынған, әр тізбекте 5-6 оба бар.

*Орта кезең қорымдары: Өтеген-Қарлақ, Қаратума, Тайғақ, Алтынемел, Талғар, Ақтас. Ерекшелігі: жүйесіз, 3 обадан тізбектеліп салынған.

*Соңғы кезең қорымдары: Қапшағай, Шолақжиде, Үңгірқора, Қалқан. Ерекшелігі: тізбексіз және жүйесіз салынып, қабірлер лаққаталып қазылған.

Үйсіндердің шаруашылығына келетін болсақ мал шаруашылығы егіншілікпен бірге жүргізілді. Жоғарыда айтқандай байларының жылқылары 4-5 мыңнан асқан. Ол малдардың ішінде жылқы өсіруге ерекше көңіл бөлген. Үйсіндер көбнесе тары мен арпа еккен. Отырықшы үйсіндер сонымен қатар мыс, қорғасын, қалайы, алтын кен орындарын да пайдаланған. Отырықшы үйсіндердің баспанасы кірпіштен және тастан салынған үйлер. Көшпелі үйсіндер киіз үйлерде тұрды.

Жерлеу дәстүрі. Үйсіндердің жерлеу дәстүріне келетін болсақ, олар мәйіттің қолын қапталына созып, басын батысқа қарай жатқазған. Олар өлген адамды тіріледі деп сенген.Адамды жерлегенде тұтынған заттарымен бірге көмген.

«Усун» терминінің мағынасы осы кезге дейін анықталмай отыр. Ол қытайдың иероглифтік жазбаларынан ғана мәлім, оның қазіргі айтылуы қазақ этнонимдерінің бірі — Ұлы жүз қазақтарының басты этникалық компоненті болып табылатын тайпаның өзін атайтынындай «үйсін» сөзіне сәйкес келеді. Біркатар зерттеушілер бұл транскрипцияны Орта Азия тарихынан мәлім асиан этнонимі деп білуге бейім. Алайда соңғы зерттеулерде асиан термині ятии этнонимінің диалектілік нүсқалары-ның бірі болуы мүмкін деген басқаша түсініктеме айтылады, ал оның транскрипциясының дәстүрлі ертедегі қытайша түрі қазіргі қытай тілінде айтылатын (юечжи) иероглифтері болған.

Усун терминінің транскрипциясын түсіндірудің тағы бір нұсқасы бар. Қазір у-сун деп айтылатын екі иероглиф ертедегі кытай тілінде а-сман, яғни асман, «аспан» делініп айтылған деп жорамалданады. Бүл айтылғандарды усун гуньмосына күйеуге берілген қытай ханшасының хатындағы: «Менің үйім мені... Аспан Еліне... күйеуге берді» деген сөздер растауы мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, «көк тіреген таулар» дегенді білдіретін тянь-шань деген сездің езі де жергілікті атаудың аудармасы сияқты екенін атап өту маңызды.

Ежелгі усун қоғамында құлдық бола тұрса да, құл еңбегі өндіріс негізгі болған жоқ. Сол кездегі дүние жүзінің көптеген халықтарындағыдай, усундерде де құлдықтың негізгі көздерінің бірі соғыс тұтқындары болады. Мысалы, жазбаша деректемелерде мынадай оқиға келтірілген: б.з.б. І ғасырда усун гуньмосы Вэн Гуйми (Фейван) ғұндарға тұтқиылдан шабуыл жасап, 40 мың адамды тұтқынға алады да, қайтқанда өзімен бірге алып кетеді. Құлдардың шығуының борышқорларды, кейбір жағдайларда өзінің туысқандарын құлға айналдыру сияақты көздері де болуы мүмкін. Бірақ бұл көздердің тым шектелуі болғаны анық, өйткені патриархаттық-рулық қалдықтар күшті болған қоғамда еркін ұсақ өндірушіні құлға айналдыру өте сирек кездесетін еді. Әдетте, мырзаны, оның отбасы мүшелерін күтетін малай ретінде құлдар пайдаланады. Бірақ, сірә, қолөнерші-құлдар, малшы-құлдар немесе егінші-құлдар да болса керек.

Жазбаша деректемелер мен археологиялық материал усун қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік фактісін анықтауға ғана емес, сонымен қатар оны ең басты әлеметтік топтарға шартты түрде бөлуге де мүмкіндік береді. Бұл мәселенің археологиялық негіздемесін келтіре кетейік. Жетісу аумағындағы усун заманынан қалған мыңдаған обалар үш тұрпатқа бөлінеді. Олардың біріншісі – диаметрі 50 – 80 м және биіктігі 8 – 1 0 – 12 м үлкен жер обалар. Үйінді астында, әдетте еркектер мен әйелдер жерленген бір-екі мола шығады.

Теңлік обасында (Шығыс Жетісу) бір молаға атақты әйел жерленген. Оның киімі мәнерлі үлкенді-кішілі алтын қаптырмалармен сәнделген, құлақтарында – бедерленген алтын сырғалар бар, шашына немесе бас киімі не алтынмен шебер қапталған ауыр түйреуіш түйрелген. Мұнда оның қасына сәндік заттар (қола айна және алтын жапырақша жолақтарымен өрнектел- ген ағаш қобдиша) қойылыпты.

Батыс Жетісуда үлкен обалардың (Қаракөл мен Буранин обалары) астындағы қабірлер бай, олардан да мүсінді алтын қаптырмалар, Грек-Бактриядан шыққан тігіп орнататын қаптырмалар, лак бұйымдарының қалдық-тары, аң стиліндегі әшекей бұйымдары, қару, қыш және ағаш ыдысатар шық-ты.

Екінші үлгідегі обалардың мөлшері (Шарын өзеніндегі Қаратұма қоры- мы үлгісіндегі) диаметрі 15 – 20 м шамасында, биіктігі 1 метрге дейін бола- ды. Үйінді астында – бір-екі мола, кейде бір молда – екі қаңқа жатты. Құрал-сайман: үш-төрт қыш және ағаш ыдыстар, ұсақ қола, кейде алтын әшекейлер (сырға, жүзік, түйреуіш,білезіктер), «скифтік» өнер стилінде жасалған қола аспалы белдіктер, қару – темір қанжарлар мен семсерлер, жебенің үш қырлы және қалақ бас ұштары. Мұндай обалар жүзге тарта үйінділері бар қорымдарда топталады.

Және, ақырында, диаметрі 5 – 10 м және биіктігі 30 – 50 см шағын үйінділер түріндегі обалардың үшінші түрі өте көп. Көмілген заттары біркелкі және аз: бір-екі ыдыс, темір пышақтар мен түйреуіштер, отқа-тек- те қола сырғалар мен моншақтар кездеседі, оларда қару болмайды.

Үлкен обаларда атақты адамдар – ірі меншік иелері мен олардың әйелдері немесе көңілдес әйелдері қойылған деп айтуға әбден болады. Орташа обаларда өз алдына бөлек шаруашылық жүргізетін, халықтың көпшілігін құрайтын ерікті, қатардағы қауым адамдары, ал ұсақ обаларда – тәуелді ұсақ өндірушілер мен құлдар жерленген.

Үйсіндер – ежелден келе жатқан түркі тайпаларының бірі. Бүгінде Ұлы жүз құрамындағы ру.

Қаңлылар. Қазақстан жерінде тарихта елеулі із қалдырған ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі - Қаңлы мемлекеті.Қаңлы тайпалары ІІІ ғ. Оңтүстік Қазақстан жерін мекендеген. Қаңлы мемлекетiнiң халықтары негiзiнен жер, мал шаруашылығы, қолөнер және сауда-сатықпен айналысты. Қаңлылар Қытаймен, Парфиямен, Риммен және Кушан империясымен саяси-экономикалық және мәдени байланыстар жасады.

Қаңлы мемлекетi туралы алғаш рет бiздiң дәуiрге дейiнгi ғасырдағы жазба деректерде айтылады. Сол деректердiң қортындыларына сүйенсек бұл мемлекеттiң орталығы орта Сырдариядағы Битянь қаласы болған. Жапон ғалымы Сиратори ол қаланы қазіргі Түркістан қаласының маңы деп есептейді. Кейбiр мәлiметтер, зерттеулер бойынша қаңлылардың мемлекетiн патша басқарған. Олардың патшалары ябгу деп аталған. Сондай-ақ мемлекеттiк аппарат құрамында патшаның орынбасары және үш кеңесшiсi болды. Қаңлы мемлекетінің заңы бойынша ұрлық жасаған үшін қолы кесілді. Тарихи аңыздар мен рауаяттарда «қаңлы» деген аттың шығу тегін Оғыз ханмен байланыстырылады.

Қазақстан археологы Қ.Ақышев бастаған экспедицияның анықтауы бойынша қаңлылардың І ғ. саяси орталығы Отырар (Фараб) яғни Орхон ескерткішіндегі Қаңғу Тарбан болып есептеледі. Отырар қаласы тарихи деректерде «Тұрар», «Тұрар банд», «Тарбан», «Тарбанд» деп аталып кеткен. Қаңлы халқының этникалық құрамы жайлы деректер әлi күнге дейiн толық зерттелiп шешiмiн таппаған мәселе болып табылады. Қаңлылардың кең зерттелген ірі елді мекені - Көк-мардан, ал қорымдардың ішінде атап кететін – Мардан-күйік. Қаңлы мемлекетінің теңгелері шығарылған негізгі аймақ – Ташкент болды.

Кангюйлер мекендеген археологиялық ескерткіштері

1) қауыншы, 2) отырар-қаратау, 3) жетіасар археологиялық мәдениеттеріне жатқызылады. 1) Ташкент; 2) Сырдарияның орта ағысындағы Қаратау беткейлерінен Таласқа дейінгі аудандарға, 3) Қуандария мен Жаңадария аңғарына таралған.

Кангюй дәуіріндегі Орталық Азия аймақтарына салыстырмалы сипаттама берген кезде Сырдария сағасынан Ферганаға дейінгі біртұтас мәдени–шаруашылық өңір айқындалады. Ол өңірге отырықшы егіншілік-малшылық экономика, іргелі архитектурасы мен қорғаныс құбылыстары, қоныстанудың жетекші үлгісі ретінде аздап бекініс жасалған қоныстар, қолөнердің нашар дамуы, ақша айналысының шектелулілігі және басқа да белгілер тән болған.

1) Қауыншы мәдениеті Ташкент маңындағы кенттерінен алынған материалдарға байланысты, оның бірі Қауыншы кентінің атымен аталған. Бұл мәдениеттің тарихи тұрғындарының өмір кешкен мерзімі б.з.б. ІІІ ғ. мен б.з. І ғ. арасы. Қазақстандық ғалымдар бұл мәдениетке Ташкент аймағына жақын жатқан Шардара су қоймасының жеріндегі ескерткіштерді де жатқызады.

Шардараға жақын жердегі Ақтөбе қонысы қауыншы мәдениетінің ең жақсы зерттелген ескерткіші болып табылады. Ол Сырдария сол жақ жағалауына орналасқан. Қала орны үш жағынан дуалмен, ал Сырдария жағынан қазылған ормен қоршалған. Қала орнының орталығында орналасқан биіктігі 20м. жуық дөңгелек төбе (оба) ерекше көрінеді.

2) Отырар-Қаратау мәдениеті ескерткіштері шоғырланған орталықтардың бірі Отырар алқабы болды. Мұнда, Арыстың сол жақ жағалауында, 100 шақырым шаршы болатын 20 шақты томпақ төбелердің қалдықтары жатыр: Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, шөлтөбе, т.б. Олардың ең ірісі: Көк-Мардан. Көлемі мен орналасуына қарағанда Көк-Мардан қала орталығы болған.

Үйлер, әдетте, екі бөлмелі болған, екі бөлмелі сирек, оның үстіне екінші бөлмесі қойма болып келеді. Үйдің ортасына жақын жерде тікбұрышты жерошақ болан. Бөлмеде қабырғаларда жағалата адам жататын аласа сәкілер орнатылған. Бұрыштарына су мен азық-түлікке арналған ыдыстар қойылған. Ыдыстар қабырғалардың жанында тұр.

3) Б.з.б. І мыңжылдықтың орта шенінен б.з. І мыңжылдықтың ортасына дейін шығыс Арал өңірінде өзіндік ерекшелігі бар жетіасар мәдениеті өркендеген. Жетіасар мәдениетінің өзіне тән бір ерекшелігі тұрақты мекен-жай салуда, қауыншы мәдениетінің тұрғындарына қарағанда, құрылыс жүйелерінің күрделі әрі сапалы салынуы бірден байқалады. Бұл мәдениеттің жүз елуден (150) астам бекіністі қала орындарынан, жүздеген обалы қорымдардан тұратын ескерткіштері Сырдарияның ең солтүстіктегі ежелгі тармақтары Қуандария бойында шоғырланған. Барлық қалалар күшті және дамыған қорғаныс құрылыстарының жүйесімен бекітіліп, ішінде түгелдей секция-үйлер салынған.

Кангюйлер заманының қоныстары қасында үлкен зираттар орналасқан. Кангюйлер тән ең сипаттысы үңгіп, лақыт жасап және жай шұңқырларға жерлеп, үстіне оба үю, сағана салу болып табылады.

Кангюй мемлекеті алып жатқан жер табиғи-климаттық және ландшафтық-географиялық көрсеткіштері жөнінен мейлінше әр түрлі болған. Нақты шағын аймақтардың әрқайсысындағы тұрғындардың шаруашылық қызметінің негізгі бағытын да географиялық орта анықтады. Көшпелі (жартылай көшпелі) мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікпен айналысқан тұрғындар мемлекеттік құрылым шеңберінде жарасымды біріктірілді.

Тұрғын үйлер жанында малды қоршауда ұстауға арналғаны анық орындар кездеседі. Малдың негізгі бөлігі, сірә қоныстан тыс жерде ұжымдық табында ұсталса керек.

Үйрек, қаз сияқты суда жүзетін құстар аулаған. Балық аулау дамыған, оны балық сүйектері мен қабыршақтарының табылуы дәлелдейді. Тәутеке, арқар, киік, марал, қабан сияқты жабайы жануарлардың сүйектерінен бұйымдар жасаған.

Кангюйлердің қалалары мен қоныстары жергілікті қолөнер орталықтарына айналды. Қоныстар мен қорымдарды қазғанда түрлі керамика табылды (металл ыдыс, керамика ыдыс). Темір ұсталығы, қола құю, зергерлік істің дамығаны көрінеді. Сүйекпен пышақтың, қанжар, семсердің саптары істелген. Жүн өңдеу-жылы киім тоқылды, қой жүнінен киіз басылды. Ши тоқылған.

Б.з. ІІ-Vғ кангюйлер шаруашылығының сипаты туралы жинақталған деректер тұрғындарды барлық қажетті өнімдермен, шикізатпен және қолөнер бұйымдармен өзін-өзі толық қамтамасыз етті. Ең дамыған аймақтарда ертедегі қалалы орталық қалыптасып, қолөнер мен сауда орталықтарына айналды.

“Хань үйінің тарихы” кітабында, “Батыс өңірі туралы мәліметте” Кангюйлер туралы нақтырақ айтылады.

Онда “Кангюй билеушісі Лоюени елінде Битянь қаласында орныққан. Люеннен 7 күндік жерде оның жазғы ордасы болған. Халқының саны 120000 шаңырақ, 6000000 жан. 120000 әскері бар”. Осы деректерден Кангюйдің сыртқы саясатының кейбір көріністері белгілі болып отыр. Б.з.д. 45—36ж. олар солтүстік Ғұндарды қолдап, сөйтіп, оларға қарсы үйсін және Қытаймен бірігіп қарсы шыққан. 85ж. Кангюй Қашқардағы Қытай наместнигі Бань Чаоға қарсы болған фергандықтардың көтерілісін қолдады. Сонымен қатар мынадай мәліметтер бар: “Кангюй... такаппар да асау, үлкендер алдында бас июге ешқашан келіспейді. Наместниктерден жіберген чиновниктерді үйсін елшілерінен төмен отырғызады. Тамақты алдымен князьдар мен старшиналарға береді, тек содан соң, ғана наместниктің адамдарына береді”.

Кангюй саясатының жалпы бағыты Ұлы жібек жолының Ферғанадан Аралға дейінгі Сырдарьямен өтетін бөлігін өз бақылауында сақтап қалуға тырысу болды. Бұл оларға сәтті болды. Ұлы жібек жолының Сырдарья арқылы солтүстік батысқа, Кавказға, Қаратеңізге, сонымен қатар Иранның оңтүстігі мен таяу Шығыс пен Индияға қатынағаны туралы қаңлылардың және Яньцай-Аланья тұрғындарының қалалары мен некропольдарын, тұрақтарын қазған кезде табылған бұйымдар дәлелдейді, солардың ішінде: Қытай монеталырымен айналары, Индиядан келген коралл моншақтары, Европадан келген қола қапсырмалар, Ираннан әртүрлі тастар бар.

Кангюй халқының этникалық сипаты әлі де болса күрделі сұрақ, толық зерттелмеген. Қангюйлер қай тілде сөйлеген туралы әлі де тұтас пікір жоқ. А.М.Бернштамның пікірінше, Кангюйлер түркі тілдес болған. Басқа зерттеушілер оларды солтүстік иран малшы тайпалары, б.з. Іғ. ортасында ғана Сыр өңіріне түркі тайпаларының келуіне байланысты ғана өзінің этникалық түрі мен тілін өзгерткен дейді. Б.А.Литвинскийдің пікірінше, кангюйлер иран тілдес сақтардың тұқымы. Оның ойынша, Кангюй атауы сақ тайпалары бірінің атауы болуы мүмкін, оны аударғанда — “тері киімді адамдар” (немесе сауат).

Қаңлы елі өз ішінен бес иелікке бөлінген. Әр иеліктің кіші хандары болған.

  1. Сусе иелігі. Орталығы Сусе қаласы.

  2. Фуһу иелігі. Орталығы Фуһу қаласы.

  3. Ионе иелігі. Орталығы Ионе қаласы.

  4. Жи иелігі. Орталығы Жи қаласы.

  5. Иоган иелігі. Орталығы Иоган қаласы.

Дәл қай жерде орналасуы белгісіз.

4. Ғұндар б.э.д. IV-III ғасырларда қазiргi Монғолияда мемлекетiнiң территориясында, Қытайдың батысында және Оңтүстiк Сiбiр жерлерiнде көшпелi ғұн тайпаларының күштi саяси бiрлестiктерi қалыптасты.

Ғұндар жазба деректерде алғашқы рет б.з.д. 822ж. аталады, ол кезде олар Қытайға үлкен жорық жасаған. Б.з.д. ІІІғ. Ғұндардың Қытайға шабуылы үдей түсті. Сондықтан да Қытай императоры Ұлы Қорған салдырды. Бұл кезде ғұндар туысқан рулардың одағы ретінде қалыптасып, оны сайланған көсем басқарды. Б.з.д. 209ж. Туман атты көсемнің баласы Моде өзін “сенгир” деп жариялап (сенгир-ұлы) Ғұн мемлекетін құру барысында қызмет ете бастады. Алдымен Ғұндардың шығыстағы көршілері — дунхулар талқандалды. Одан кейін ғұндар өздеріне батыста юечжи мен үйсіндерді, оңтүстікте лоуфень мен байян тайпаларын бағындырды. Ғұндардың күшейюі Қытайдың назарынан тыс қалған жоқ, ол кезде Қытайда жаңа Хань әулеті билікке келген болатын. Ғұндар мен Қытай арасындағы соғыс б.з.д. 188ж. Қытайдың жеңілуімен аяқталды. Қытай императоры Гао-ди өз әскерімен бірге Байден тауында қоршауға түсті. Императорды Моденің мейрімділігі ғана құтқарып қалды. Көп ұзамай Қытай мен Ғұндардың арасында бітім орнады. Ол бітім бойынша Қытай ғұндарға жылсайын салық төлеуге тиіс еді. Моде өлгеннен кейін бейбіт кезең бірнеше ондаған жылдарға созылды. Оны император Уди бұзды. Соғыс б.з.д. 129ж. басталып, 2 жақ алма-кезек жеңіске жетіп отырды. Қытайлар Ғұндарды Ордостан ығыстырса, б.з.д. 90ж. Яньшань тауының жанында күйрей жеңілді. Сенгир Хулагу өз бітімінің шарттарын талап етті. Бірақ бейбітшілік ұзақ болмады. Б.з.д. 59ж. Ғұн мемлекетінде өзара қырқысулар басталады. Сенгирлердің билікке таласына қытай дипломатиясы өршітіп отырды.

Б.з.д. 55 ж. Ғұндар солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінді. Алғашқылары Қытай билігін мойындады, соңғысы тәуелсіздігін сақтап қалды. Солтүстік ғұндардың бір бөлігі Қытай басқыншыларына қарсыласа отырып, кангар еліне кетуге мәжбүр болды.

Ғұн мемлекетінің ыдырауына және қытай басшылығының артуына себеп болған нәтижеде б.з.д174 жылдан б.э.д 55жылға дейін Ғұн мемлекеті солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінген. Оңтүстіктегі ғұндардың басына Танху Хо, солтүстіктегі ғұндардың басына Чи-чи отырған.Қытай мемлекетінің қолдауымен оңтүстік Ғұн әміршісі б.з.д 22-36 жылы Чи-чи жеңді және осылайша бүкіл Ғұн мемлекеті Қытайдың билігіне өтті . Алайда ,Ғұндар өз еркіндіктірі үшін Қытайға қарсы көтерілістердін тоқтатпады. Осы көтерілістердің нәтижесінде ғұндардың бір бөлігі батысқа қарай ығысты.Солтүстік ғұн тайпалары алдымен Батыс ғұндар, кейінірек олардың кейбір Ақ ғұндар, одан да ірі топтар Орал тауларын асып өтіп Европа (батыс) Ғұн мемлекетін құрды. Ұлы ғұн мемлекеті мемлекетші және сол мемлекетке қарайтын түркі тайпалары мен басқыншылығынан батысқа қарай шегініп кетктен түркі тайпалары бүгінгі Қазақстан топырақтарында көп уақыт бойы ыдыраңқы түрде өмір сүрген .Олар 350 жылдардан бастап Арал көлі мен Каспий теңізі арасында өмір сүрген және артынша 355-365 жылдары Каспий теңізінің солтүстігінен көтеріліп , Еділ дариясынан өтіп Қара теңіздің солтүстігіне келді. Европа Ғұн мемлекетінің басына 422 жылы Руа келді. Ғұн бас әміршісі түркі мемлекетті басқару дәстүрін қолданысқа енгізумен бауырларына да ( Мұнжық, Айбарыс, Октар) мемлекет билігінде маңызды қызметтер берді. 434 жылы Руаның өлімінен кейін орнына Мұнжықтың ұлы Атилла келді Атилланың тұсында негізгі саясат өзгермеді.Шығыс пен Орта Европадағы аландар, сарматтар, германдықтар осы тереториядағы басқа түркі тайпалары және жергілікті халықтар барлығы дерлік Атилланың қолына өтті Атилланың билігінде тайпа мен қауымның саны 45-ке жетті. Сонымен қатар , Шығыс және Батыс Рим мен оларға тәуелді үлкенді-кішілі саяси құрылымдар ғұндардың билігіне өтті.

Ақ-Ғұн (эфталит) мемлекет.

Ұлы ғұн мемлекетінің ыдырауынан кейінгі кезеңдерде шығыс-батыс бағытында ұдайы жер ауыстырып отыраған ғұн тайпалары 350 жылы шамасында Каспий теңізінің оңтүстік-шығысында бүгінгі Ауғаныстан жерінде мемлекет құрған. Ақ ғұндардың көрші Иранмен шайқастары үздіксіз жүріп отырған,аварлардың қолдауымен Сасанид мемлекетінде, бағындырған. Әсіресе, Маздектің шығарған діни және әлеуметтік оқиғалардың нәтижесінде Ақ ғұндар Сасанид мемлекетіне ауыр соққы берді . Ақыр аяғында 498 жылы Маздек ұсталып, өлтірілді.

Ақ ғұндар Орталық Азияда Қашқар,Қотан, Құша және Ақсу қалаларын апғаннан кейін Үндістанның солтүстігіндегі жерлерді қол астына алды.

Сонымен, біздің заманымыздың шегінде ғұн тайпаларының Қазақстанға жаппай көшуі басталады. Б.з 93ж. солтүстік ғұндар Қытай әскерінің асыруымен тарбағатайға одан кейін Орталық Қазақстан мен Сырдарья жағалауына дейін жетті.

Солтүстік ғұндардың бір бөлігі б.з. І ғ. Қазақстан территориясына енді. Көп ұзамай олар Волга, Дон және Арал теңізінің аралығына келді. Осы кішкентай жерде хунну, алан және кангар тайпалары 3 ғасыр бойы көшіп, Иран, Рим сияқты көне мемлекеттермен саяси қатынасқа (бейбітте, соғыста) түсті. Осы уақытқа дейін ғұндар өзінің этникалық ерекшеліктерінен айрылып, жергілікті көшпелі тайпалармен ассимиляцияға түсті. Осыдан жаңа этнос пайда болды, енді біз оны Хунну емес Ғұн дейміз. Оларды осылай батыс деректері де атайды.

Хундардың үдере көшуiнiң ендi бiр толқыны, б.э.д. 93 жылы басталды. Олар жолдарындағы тайпалардың бiрiн өздерiне ертiп ендi бiреулерiн тiзеге салып батысқа қарай жөңкiдi. Сөйтiп олар Сырдария Арал маңайына Орталық және Батыс Қазақстанға (Чжи-чжи басқарды) сыналай кiрдi. Алайда ғұндар бұл жерлерде бiржола тұрақты қалған жоқ. Олар орыстардың далалы аймақтарын басып өтiп, Дунай арқылы Батыс Европаға дейiн ( Атилла басқарды) жетiп ғұн деген атпен ғұмыр кештi. Сонымен б.э.д. II ғасырдан бастаған ғұн тайпаларының шығыстан батысқа қарай жылжуы б. з. IV ғасырына дейiн созылған.

Ғұндардың жоғарғы билеушiсi шаньюй деп аталды. Егер патриархаттық-рулық құрлыстың кезiнде шаньюйдi ру ақсақалдары сайлайтын болса, ал патриархтық-феодалдық жаңа қатынастың дамуына байланысты Шаньюйдiк ендiгi жерде мұрагерлiкке көшедi. Шаньюй өлсе оның орнына iнiсi не үлкен баласы билiктi өз қолдарына алатын болды. Шаньюй туыстары түменбасы (әскер басшылары) қызметін иеленді.

Әсіресе ғұндардың Рим жеріне шабуылдары Ругиле патшаның тұсында күшейіп, (V ғ. 1-ширегі) Римнің бай дунай провинцияларын басып алады. Осыдан Панония (қазіргі Венгрияның жері) Ғұн мемлекетінің орталығына айналды. Шығыс Рим императоры Ругилеге жылында 350 фунт алтын төлеуге міндетті болды. Римдіктермен жүргізген соғыстардың сәттілігі Ғұн ақсүйектерін байытты, оларда мал мен құлдар көбейді.

Ругила өлгеннен кейін, 434ж. билік оның жиендеріне ағасы Мундзунаның балаларына — Блезе мен Аттилаға (Еділ) өтті. 437ж. Ғұндар Бургунд корольдығын талқандады, осы оқиғаның желісі “Песни о Небелунгах” жырында орын алды. 445ж. Аттила өзінің ағасы Блезуды өлтіріп, дара билейді. Оның билігі қысқа болғанмен, оқиғаларға толы еді.

Аттила өзінің алғашқы соққыларын Шығыс Рим империясына бағыттады да, 448ж. оған жыл сайын салық төлетті. Сонын герул, осгот пен гепид герман тайпаларын біріктіріп, Батыс Рим империясына қарсы соғыс бастады, Батыс Риммен вестготтар, аландар, бургундтер, франктер одақтас болды. 451ж. екі әскер арасындағы шайқас Аттиланың жеңілуімен аяқталды, алайда келесі жолы оның әскері Римге жақын императорды қашуға мәжбүр етті. 453ж. Аттила өлген соң оның мемлекеті ыдырап кетті.

Оның балаларының арасында қырқыс басталды. Ал бұл жағдайды қол астындағы бағынышты тайпалар пайдаланып кетті. Алдымен Паноний мен Карпатта тұратын Ипидтер бас көтерді. Недар өзені бойындағы шайқаста ғұндар жеңіліс тапты. Аттиланың үлкен ұлы Элак өлді. Кіші ұлы Ирнак, қалған ғұндармен Карпаттан батысқа кетіп Қара теңіз жағалауына келді. Осы жерде біртұтас ғұн мемлекеті бөлек-бөлек иеліктерге бөлініп кетті: хазар, утургур, кутургур, сібір. Дунайдан Волгаға дейін қоныстанған бұл тайпалар өзара жиі қақтығысып отырды.

Ғұндардың Қазақстан жеріне жаппай енуінен және ғұн, кангар тайпаларының ары қарай батысқа өтіп кетуімен жергілікті халықтың антропологиялық типінің өзгеруі және түрк тілінің протоқыпшақ диалектісінің таралуына байланысты болды.

Ғұндардың орталығы-бүгінгі Монғолия Республикасының территориясында орналасқан Орхон-Селенге дариялары мен Батыстағы қаситті Өтіген аймағы. Ғұндар жайында алғашқы жазба мәліметтер көршілері, атап айтқанда Қытай дерек көздерінде кездеседі. Бұл деректер бойынша Ғұн мемлекетінің жазба тарихын б.э.д 315 жылы Қытаймен жасасқан келісімшарттарынан кездестіруге болады. Бұл кезеңде Қытай ғұндарға әскери күш ретінде қарсы тұра алмағаны үшін ұлы Қытай қорғаны салынған ( б.з.д 214ж.) Қытай қорғанының биіктігі-15 м, ені-9м, ал ұзындығы-1845м.

Ғұндардың экстенсивтi мал шаруашылығы басты рөл атқарды. Олардың отырықшылары жер шаруашылығымен айналысты. Сонымен қатар үнемi көшiп-қонып жүргендiктен ғұндардың тағы бiр негiзгi шаруашылығы аң шаруашылығы болды. Деректемелерге қарағанда ғұндар 24 руға бөлiнген оларды ру басылары ақсақалдар басқарған. Рулық құрылыстың ақсақалдар кеңесi және халық жиналысы сияқты институттары сақталды. Халық жиналыстарында ру басылары мемлекеттiк iстердi талқылап шешiп, құрбан шалып, ол ойын сауыққа айналып ат түйе жарыстарын тамашалайтын болған. Ғұндар соғыста тұтқынға түскендердi құл етiп жұмсады. Ал, ел iшiндегi тұрмысы төмен адамдар үй қызметтерiнде, бақташылық, жер шаруашылық және қолөнер салаларында жұмыстар атқарды.

Бақылау сұрақтары:

  1. Сақ қоғамы неше топқа бөлінеді?

  2. Сақ қоғамында үстем тап болып кімді есептеді?

  3. Сақ-тиграхауда мекендеген территориясының шеңбері?

  4. Сақ-апасиақтар туралы жазған грек тарихшысы?

  5. Шырық-рабад қаланың орналасқан жері?

  6. Үйсін мемлекеті қандай елмен туыстық және кең дипломатиялық қатынаста болды?

  7. Қаңлылардың отрар –қаратау мәдениетінің шоғырланған жері?

  8. Қаңлылардың діні?

  9. Ғұн мемлекеті қандай бөліктерге бөлінді?

  10. Ғұндарды Еуропа елдеріне кім басқарды?

  11. Түменбасы қызметіне кімдер иеленуге құқылы болды?

Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмалары

  1. Сақ жазуы.

  2. Атилла - ғұндар көсемі.

  3. Үйсіндер мен қаңлылардың Қытаймен және Орта Азия мемлекеттерімен саяси және этномәдени байланыстары.

  4. Үйсіндердің материалдық мәдениеті.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан тарихы. 4 томдық. І, ІІ, ІІІ, ІV т. А., 1998.

  2. Қазақстан тарихы очерктер. А., 1994.

  3. Аманжолов Қ. Қазақстан тарихы дєрістер курсы. І, ІІ т. А., 2004.

  4. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2001.

  5. Әбдіәкімұлы К. Қазақстан тарихы. А., 1997.

  6. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. А., 2003.

  7. Артыкбаев Ж.О. 12 лекций по истории Казахстана. Курс лекции. Астана., 2001.

  8. Акышев К. Қазақ мемлекеті: эволюциясының басталуы мен даму кезеңдері. Сақтар мен Үйсіндер мемлекеті // Қазақ тарихы, 1994, № 3

4, 5 лекция

Тақырып: Қазақстан орта ғасырларда. Ерте орта ғасырлардағы (VI-X ғ.ғ) және дамыған ортағасырлардағы мемлекеттер (X-XIII ғ.ғ.).

Жоспар:

1. Түрік және Батыс түрік қағанаты.

2. Түргештер.

3. Қарлұқ

4. Оғыздар

5. Қимақ қағанаты

6. Қарахан мемлекеті.

7. Қарақытай мемлекеті.

8. Найман мен кереит ұлыстары

9. Қыпшақ хандығы

Лекция мақсаты: Ерте ортағасырларда және дамыған ортағасырлардағы мемлекеттер туралы, олардың жер аймағы, тарихи шеңбері, шаруашылығы, кәсібі, қоғамдық құрылысы және мәдениеті тарихымен таныстыру, түркі дүниесі тарихының даму ерекшеліктері және мыңызын ашып көрсету. Студенттердің танымдық білім мен білігін дамыту.

Лекция мәтіні:

1. VI ғасырда Қазақстан территориясында аса күрделi саяси оқиғалар болды. Алтай-Сiбiр, Монғолия жерiнде мекендеген тайпаларының үстем тап өкiлдерi бiрiгiп, әскер күшiне сүйенген түрiк қағанаты атты феодалдық мемлекет құрды. Мемлекет басшысы түрiк тайпасының ашина руының ұрпақтарынан шықты.

''Түрiк’’ этнонимiнiң алғаш рет аталуы, қытай жылнамаларында кездеседi және ол 542 жылға жатады. Түрiк қағаны Бумын 552 жылы көктемде аварлар ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңiлiске ұшыратады. Осы кезден бастап түрiк билеушiлерi қағандар атағын алады, сөйтiп аварлардың бұрынғы күш қуатына да, олардың барлық иелiктерiне де өзiн мұрагер ретiнде орнықтырған Бумын түрiк руларының тұңғыш қағаны болды. Отырықшы аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түрiктердiң Батыстағы, Орта Азиядағы онан арғы саясатының негiзi болды. Түрік қағанаты Орта Азиядағы саяси үстемдікке Мұқан қаған тұсында қол жеткізді. Мұқан қағанның лақап аты Йанту.

Ұлы даладағы құдыретті, сансыз көп түріктердің ішінде Шығыс өңірін қоныстанғандар аса белсенді еді. Түріктердің өмірі көшпелілікпен байланысты, ал түрік кезеңі дүниежүзілік тарихтың күрделі бөлігі. Жауынгер түріктердің арғы тегі аңыздарда «көк бөрі» деп айтылдады. Түріктердің қайсарлығына, батырлығына байланысты туған аңыз өте көне заманнан бері бар, ол қола дәуірінде өмір сүрген тур, қиян тайпаларының түсініктерімен байланысты. Ежелгі қытай деректерінде «түрік» деген атау тарихта VІ ғасырдан бастап белгілі. «Түрік» сөзінің мағынасы дәл анық емес. Махмұд Қашқари : «Тәңірі оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке еге қылды. Заманымыздың хандарын түріктерден шығарып , халықтың ақыл еркін солардың қолына ұстатты, оларды адамдарға бас қылды, хақ істерде соларды қолдады, - деп жазады. Ғалымның жазуына қарағанда «түрік» сөзі жалқы мәнде де, жалпы мәнде де қолданылады. Мәселен түрік адамы «сен кімсің?» деген сұраққа «Мен түрікпін, түрік менмін» деп жауап береді, ал «Түрік ордасы атанды» дегенде жалпылық, көпшілік мағынасын білдіреді. Қалай болған жағдайда да «түрік» сөзі Орталық Азияға қатысты ең көне этникалық атаудың бірі. Біздің пікірімізше «түрік» атауының қазақ жерін қола ғасырдың мекендеген «тур» елінің атауына тікелей қатысы бар.

Тарихи деректерге қарағанда, түріктердің біртұтас мемлекет болуы, Түрік қағанатының құрылған уақыты 552 жыл деп есептеледі. Ескі қытай деректері бойынша түрік мемлекетінің билеуші әулеті Ашина деген рудан шыққан. Түрік халықтарының тегі туралы аңызда: «ол әуелі ғұндардың бөлек бір бұтағы. Кейін көрші мемлекеттер оны талқандайды да, тек бір бала ғана аман қалады. Оның аяқ қолын кесіп айдалаға тастап кетеді. Кейін осы баланы қасқыр асырап аман сақтайды. Өсе келе баланың тұқымы Ашина (қасқыр текті) атанады» - дейді.

Алғашқы түрік мемлекеттері қағанат деп аталды. Мемлекетті қаған басқарды. Түрік қағанатының негізін салушы Бумын қаған. Бумын алдымен ауарларға (жужан) қарсы шығады. Себебі түріктер узақ уақыт ауарларға кіріптар жағдайда еді. Бағыныштылықтан құтылу мақсатында Бумын бірқатар айла әдістерді қолданды.

Әуелі Бумын көрші тайпаларды бағындыруға күш салды. Бумын жуанжуан мемлекетімен жаугершілікте жүрге теле тайпасын бағындарды. Оғыз қауымдастығына кіретін теле тайпасының 50 мың шаңырағы ашина әулетінің билігін мойындайды. Тек осылай күш жинап алғаннан кейін ғана Бумын ауарларға қарсы күресті бастады. Қытайдың «Солтүстік Вэй әулетінің тарихы» деген жылнамасында былай дейді: «Теле тайпасын бағындырып алған соң, өзінің күші мен санына сеніп Бумын жужан патшасының қызын сұрады. Бұған Анахуан қатты ренжіп : «Сен темір балқытушы құлым екеніңді ұмыттың ба? Батылың барып, мұндай өтінішті қалай айттың» деп ашу көтереді.

Расында да жужандарға тәуелді болып тұрған кезде түркілер тау арасында өмір сүріп, темір балқытып, қолөнермен айналысқан еді.

Бумын да Анахуанның айтқан сәлеміне ренжіп, хабаршыны өлтіріп тастайды. Осыдан кейін Батыс Вэй патшасына әулетінің патшасына елшілік аттандырып қызына құда түседі. Осылайша 551 жылы Чан лэ ханша түрік ордасына келін болып түседі. Келер жылы қыздың әкесі қайтыс болғанда Бумын оған аза тұтып, жерлеуге көмек деп көп жылқы жібереді.

Маңайындағы патшалықпен одақтасып алғаннан кейін Бумын 552 жылы жужан ордасын шапты. Жужан ордасы осы соғыста тас-талқан болып жеңіліп, Анахуан патша жеңіліске шыдамай өзін өзі өлтірді. Міне осы жеңістен кейін ашина әулетінің көсемі Бумын «Елхан» деген атаққа ие болды. Елханның ерлік заманы туралы аңыздар тек қытай жылнамаларында ғана емес, сонымен бірге түрік халықтарының өз шежіре деректерінде де кездеседі.

Қытай жылнамасында Бумын қаған қайтыс болғаннан кейін оның орнына ұлы Коло отырады, ол «Егис хан» деген атақ алды делінген. Бірақ ол билікте ұзақ болған жоқ. Қытайша «Коло» түріктің Қара қаған деген атауымен бір болуы мүмкін. Осыған байланысты зерттеушілер бұл қағанды Қара Еске деп те атайды.

553 жылы таққа отырған Бумын қағанның інісі Мұқан тұсында Түрік қағанаты бүкіл Орталық Азияға танымал ірі мемлекетке айналды. Ол жужандарды енді ешқашан бас көтере алмайтындай қылып жеңіп, содан кейін көрші татар, қидан, қырғызды бағындырды. Мұқан қаған тұсында мемлекетке бұрынғы сақ-ғұн жұртынан қалған әр түрлі тайпалардың көпшілігі қарады. Осы кезеңде «түрік аты» әлемге тарады. Қытайдың және соғдының, Византия мен арабтың жазбаларында, тибет пен арабтың шежірелеріне , тіпті санскрит мәтіндеріне енді. Қағанат құрылғаннан кейін түрік атауы ірі мемлекеттің, алып этностың атына айналды.

Империя құру барысында түріктер Орта Азия жеріне еніп эфталит (ақ ғұндар) өлкесіне жақындады. Алдымен бейбіт қарым-қатынасқа, құда жекжаттыққа негізделген түрік эфталит одағы 563 жылдан бастап жаугершілік жолына түсті. Біртіндеп Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға, Шығыс Түркістанға дейінгі алып аймақты қамтыған эфталит қонысы түріктерге бағыныштылыққа көшті. Осыған дейін эфталиттерге вассалдық бағыныштылықта болған Иран түріктермен одақтасып 564 жылы Тохарстан үшін күреске кірді. Бірақ эфталиттерді жеңгеннен кейін түріктер Иранға ауыз салды да, оны Ұлы Жібек жолы өтетін өлкеден ығыстыра бастады.

Иранмен соғыстың барысында түріктер Византия, яғни Шығыс Рим империясымен достық келісімге келді. Оған себеп болған мәселе түрік мемлекетінің сауда мүддесі еді. Түріктердің бүкіл эфталит өлкесін өзіне қаратпақ ниетіне қарсы болған Иран түрік саудасына барынша кедергі келтіреді. Ал Византия болса түріктерге Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік жасады және Иранға қарсы әскери көмек те бермек болып уағда етті. Осы себептерге байланысты тегі соғдылық болып келетін Маниах Түрік қағанаты атынан 568жылы Константинопольге елшілікке аттанды.

Түрік қағандығы құрылған 552 жылдан бастап 567 жылға дейінгі он бес жылдың ішінде Қара теңізден бастап Қытай қорғанына дейін, Үндістаннан бастап Сібірге дейінгі ұлан-ғайыр алқапта ұлы империя еңсе көтерді. Бумын қаған басын қосқан түрік тайпалары Еуразия құрлығының орталық бөлігін бағындырғанымен, оны билеп тұруға әлдері келмеді. Оның бір себебі қағанатта мұрагерлік мәселелерінің дұрыс шешілмеуі болса, екінші себебі бір мүддеге бағынған экономикалық жүйенің қалыптаспауы еді. 581 жылы басталған дағдарыс осылайша 603 жылы біртұтас мемлекеттің екіге бөлінуімен аяқталды.

Батыс Түрiк қағанаты (603-704 ж.ж.) ''ежелгi усун жерлерiне’’ iрге тептi, демек оның аумағы ендiк бағытта Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейiнгi жерлердi алып жатты. Қағандықтың халқының этникалық құрамы ‘’Он оқ будын’’ тайпалары болған. Шу өзенiнiң шығыс жағын дулулардың 5 тайпасы, ал батыс жағында нушибилердiң 5 тайпасы мекендеген. Батыс Түрiк қағанатының ордасы Суяб қаласы болды. Қағанның жазғы ордасы – Мыңбұлақ қаласы.

Батыс-Түрiк қағандығында билiк сатылы түрде жүргiзiлген. Жаңадан құрылған түрiктердiң алып мемлекетiн қаған басқарды. Қағанның билiгi шексiз мұрагерлiк түрде болса одан кейiнгi билiк қаған сайлаған ұлықтардың қолында болды. Қаған туыстары ябғу, шад, елтебер атақтарына ие болды. Сот iстерiн бұйрықтар мен тархандар атқарған жергiлiктi жерлерде қағанның негiзгi тiректерi бектер болған. Қағанның өкілі, алым-салықтарды жинаушы – тудундар. Қара жұмыс iстейтiн қаналушы халық түркi тiлiнде ''қара бұдындар’’- деп аталған. ‘’Тат’’- деген әлеуметтiк правосыз бiр тап болған ''Тат'' түрiкше - құл деген мағынаны бiлдiредi. Сонымен түрiктердiң әлеуметтiк тұрғыдан мынандай 3-топқа бөлiнгендiгiн бiлемiз. 1/ Бектер; 2/ Қара будындар /бухара халық/; 3/ Тат-/құлдар/

Бумынның мұрагерлері тұсында, әскери Естеми қағанның билігі кезінде, Түрік қағанаты Еуразиялық ұлы империяға айналды. Орта ғасырларда өмір сүрген ғұламалардың біреуі «аттың үстінде отырып әлемді түгел жаулап алуға болады, бірақ оны аттың үстінде отырып билей алмайсың» деген екен. 572 жылы жазылған деректерде: «Тобо қаған шығыс өңірді басқару үшін Шэту Эрфуді қаған сайлады, ал мемлекеттің батыс бөлігін басқаруға өзінің кіші інісінің ұлы Бөле қағанды аттандырды» делінеді. 581 жылы Тобо қайтыс болғаннан кейін үлкен хандық Шэту Эрфуға көшті де, ол өз кезегінде елді басқару оңай болу үшін үш иелікке бөледі. Осылайша бір кездегі жойқын империя біртіндеп бірнеше иеліктерге бөлінді.

603 жылдан бастап өз бетінше билік жүргізген Батыс Түрік қағанатының аумағы Шығыс Түркістан өлкесінен бастап Еділ бойына дейінгі алқапты қамтыса, Шығыс Түркістан қағанаты негізінен қазіргі Монғолия жерінде орналасты. Салыстыра қарағанда Батыс Түрік қағанатының алып жатқан жері де, құрамындағы елі де, шаруашылық дамуы да аса қомақты екенін көреміз. Оның есесіне Шығыс Түрік қағанаты Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бейбітшілік уақытта олар Қытаймен екі арадағы сауда- саттықтың пайдасын көрсе, жаугершілік кезінде тәуелсіздігінен айырылу қаупімен өмір сүрді.

Түрiк қағанатында қанмен төлейтiн салықтың да түрi болған. Ол әскери мiндеткерлiк қызмет атқару. Олар майдан шебiнiң алдында жүрген. Мұндай қызметтi көбiнесе тәуелдi тайпалардың адамдары атқарған.

Батыс-Түрiк қағанатында әлеуметтiк-экономикалық және саяси қатнастардың ала-құла, үстемдiк ету мен бағыну түрлерiнiң алуан түрлi болуына қарамастан батыс-түрiк қағанатында таптардың құрылу және ертедегi феодалдық қоғамдық қатынастардың бiршама тез қалыптасу үрдiсiнiң жүргенi анық. 610-630 ж.ж. Жеғұй қаған және Тон-жабғу қағандар тұсында мемлекет біршама күшейді. Тон Жабғу қағанның баласы Тарду Шадтың Тохорстан мен Канису Ауған жерлерiне жүргiзген жорықтарының нәтижелi аяқталуы қағандықтың оңтүстiктегi шекарасын Индияға дейiн кеңейткен.

Қағандық үшiн дулу мен нушиби тайпаларының арасында талас басталды да өкiмет үшiн болған он алты жылға созылған /640-657/ ұзақ соғыс қағандықты мүлде әлсiретедi. Қағандық Iле өзенiне дейiнгi аралықта екi үлкен тайпаның қол астында екiге бөлiнiп кетедi. Батыс-түрiк қағанатының iштей әлсiрегенiн бiлген Тан империясы оның жерiне басып кiрдi, түрiк тайпалары әсiресе түргештердiң саяси белсендiлiгiнiң арқасында ұзаққа созылған соғыс нәтижесiнде өз тәуелсiздiгiн жеңiп алды.

Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк жазбалары. Ежелгі Түріктер V-VI ғасырларда өзіне ғана тән әліпбилік жүйесі мен жазу емлесі бар руна (сына) жазуын ойлап тапты. Мемлекеттің гүлденуімен, экономиканың қарыштап дамуымен жазу үлкен маңызға ие бола бастады. Түріктер басқа мемлекеттермен жасаған дипломатиялық қатнастарында арнайы грамоталар пайдаланды.

Алғаш рет түріктердің жазуы туралы деректер Византия тарихшысы Менандр Протектордың еңбектерінде айтылады. Ежелгі түркі жазуына түрік көсемдері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөкке арналып салынған ескерткіш тастағы жазулар жатады. Бұл ескерткіш жазулар ХVІІІ –ХІХ ғасырларда Монғолиядағы орхон өзені бойынан табылған. Ертедегі Түркі руна (сына) жазуларының көбі қайтыс болған кісілердің басына қойылған, ескерткіш жазулары түркілер «бітіг таш» деп атаған. Түркі руна жазуы қағанаттың VI-VIII ғасырлар арасындағы тарихын қысқаша баяндайды.

Кейінгі түріктер кейінгі дәуірге өздері және арғы аталары жайлары жазба тарих қалдырды. Көне түркі жазу ескерткіштерін тұңғыш рет ХҮІІІ ғасырдың 20жылдарында Енисей аңғарынан Д.Мессершмид пен Ф.Страленберг сияқты ғалымдар ашқан болатын. Бұл табылған жазулар скандинавиялық руна жазуына ұқсас болғандықтан «руна жазуы» деп аталып кетті. 1889 жылы Н.М. Ядринцев Солтүстік Монғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазуы бар үлкен құлпытас тапты. Бұл құлпытастағы жазулардың сырын алғаш ашқан ғалым В.Томсон болды, ал Ресей түріктанушысы В.Ф.Радлов жазуды оқып, үлкен тарихи жаңалық ашты.

Түріктану ғылымында бұл жазу табылған жеріне байланысты «Орхон-Енисей тас жазуы» деп аталады. Бұл ескерткіштердің ішіндегі ең көрнектілері 732-735жылдардағы Білге қағанның және оның інісі қолбасшы Күлтегіннің, екінші Түрік қағанатындағы қағандардың кеңесшісі Тоныкөктің құрметіне жазылған. Көне түркі жазуы ХІ-ХІІ ғасырлардан кейін қолданылмайды. Себебі, бұл түркі жазуын араб әліпбиі ығыстырып шығарды.

704 жылы Батыс-түрiк қағандығы құлап оның орнына Түргеш қағанаты пайда болды /704-756ж.ж./

2. Түркештердiң алғашқы қағаны Үш-Елiк, өзiнiң негiзгi тайпаларын екi ордаға бөлiп басты орталығын Суяб қаласын ұлы Орда деп атаса, Iле аңғарындағы Күңгiрт қаласын өзiнiң кiшi ордасы еткен. Батыс -түрiк қағандығының құрамында болған басқа да түрiк тiлдес тайпалар да түркештердiң қарамағына енген. Саяси әкiмшiлiк билiк қағандықтың ең жоғарғы атағы Басқағанның қолында болған. Қағанат 20 әкiмшiлiк аймақтарға (түтік) бөлiнген. Әрбiр аймақты тархандар басқарған. Аймақтар жетi жүз мыңнан әскерлер жинаған. үш-Елiк қаған өлген соң оның орнына баласы Сақал /706-711 жылдары/ қаған болды. Осы кезде қаған билiгi үшiн сары және қара түркеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Мұны шығыс түрiк қағандығының қағаны Қапаған пайдалануға тырысқан. Екi тайпаның арасында тартыста Қара түргештер жеңiске жетiп, оның iшiнде шапыш тайпасының тарханы Сулу қаған болады /715-738ж.ж./. Ол өзiнiң 715 жылы Қаған деп жариялады. Ордасы Талас /Тараз/ қаласында болды. Сулу қаған болған кезде қағандықтың iшкi-сыртқы жағдайы шиеленiсiп кеттi. Бiрiншiден Азиядан арабтар шапқыншылығы күшейiп тұрған болса, екiншiден Оңтүстiк шығыс жағынан Қытайдың қаупi төнiп тұрды. Сөйтiп Сулу қаған екi жаумен күресуге тура келдi.

Сулу қаған Орта Азиядағы халықтардың күресiн пайдаланып, оларды қолдап арабтарға қарсы күрестi. 723 жылы Ферғана, Самарканд, Бухара халықтарының арабтарға қарсы күрестерiне көмектесiп қалалардан арабтарды қуып шықты.

Бұл кезде өкімет қара түргеш тайпаларының қолына көшіп, мемлекет орталығы Талас (Тараз) қаласына ауысты. Айлалы саясаткер және күшті әскери қолбасшы Сұлу екі майданда: батыста арабтарға қарсы, шығыста Батыс түрік қағандары мирасқорларын (Шығыс Түркістанда орныққан) қолдаған Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арабтарға күйрете соққы берді. Дегенмен арабтар 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түргештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери басшысы Баға тархан өлтірді. Сұлу қаған қайтыс болғаннан кейін билік үшін «сары» және «қара» түргештер арасында ұзаққа созылған күрес жүрді. Түргеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, мұны қытайлықтар ұтымды пайдалана білді. Оның Шығыс Түркістан жеріндегі билеушісі 748 жылы түргештердің басты қаласы Суябқа әскер жіберіп, оны басып алды, Шаш қаласының билеушісі өлтірілді. Оның баласы арабтардан көмек сұрады. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд ибн Салых бастаған араб әскерлері мен Гао Сянчжи басқарған Қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді.Қытайлықтарға қарсы қарлұқтар да көтерілді. Қытайлықтар жеңілді. Олар ұйғырлармен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды тастап кетуге мәжбүр болды. Сондай ақ арабтар да Талас жерін қалдырып, Шаш қаласына шегінді. Бірақ, өз ішінен әбден әлсіреген Түргеш мемлекеті де 756 жылы құлады. Түргеш қағандығы құлағаннан кейін бұрынғы көшпелі түрік тайпалары құрған Батыс түрік қағанатының орнына төрт күшті мемлекет құрылды. Олар: Төменгі Поволжье мен Солтүстік Кавказ жеріндегі Хазар қағанаты, Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал даласында орналасқан Оғыз мемлекеті, Солтүстік Шығыс және Орталық Қазақстанда Кимек қағанаты, ал Батыс түрік қағанатының негізгі орталығы болған Жетісу жерінде қарлұқтардың мемлекеті орнады.

3. Қарлұқтар Алтай, Тарбағатай тауларының баурайларында өмiр сүрген. V ғ. ерте кезеңінде қарлұқтар конфедерациясына енген негізгі бұлақ тайпалары атымен белгілі болды. ҮІІ ғ. орта кезінде қарлұқ бірлестігінің құрамына ірі ірі үш тайпа – бұлақ, шігіл, мен ташлық кірген. Қарұқ қағанатының алып жатқан жерi Батыс-түрiк қағанатының орны немесе қара және сары түргештердiң жерi. Қағандықтың халқының этникалық құрамы түрiк тiлдес тайпалар. Қарлұқтардың ақ сүйектерi саяси әкiмшiлiк жағынан басты роль атқарған. VII ғасырда қарлұқтар Жетiсуға қоныс аударды. Ал онда скаяси жағдай тым күрделi болатын. Өзара қырқысқан күресте түргеш қағандары өздерiнiң бұрынғы күш-құдіретiнен айырылды. Соның салдарынан бытырап кеткен түргеш тайпалары қарлұқтарға айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. 766 жылы түргештердiң екi қағанының ордалары Тараз және Суябпен қоса бүкiл Жетiсу жерлерi қарлұқтар жабғуының қолына көштi. Саяси және әлеуметтiк бөлiктердiң қарлұқ көсемдерiнiң қолына көшуi Жетiсуда Қарлұқ мемлекетiнiң бiржолата қалыптасуына жеткiздi. Қарлұқтар өздерiне бағынышты жерлердiң шекарасын одан әрi кеңейте бердi. 766-775 жылдары қарлұқтардың бiр тармағы Қашғарияны басып алды, ал VIII ғасырдың соңында олардың басқа бiр тобы Ферғанаға өз ықпалын таратты. 791 жылы ұйғырлар Бесбалық түбiнде Қарлұқтармен тибеттiктердiң әскерлерiн талқандады. Қарлұқтарды қуа отырып ұйғыр қағаны Ферғана мен Сырдарияға дейiн жеттi, олардың адамдары мен малдарын қолға түсiрiп Орталық Азияға қайтып кеттi. Сөйтiп олар 812 жылы қарлұқтар жабғуы Оңтүстiк Қазақстан маңайында Мауараннахрдың солтүстiгiндегi жерлердi басып алу жөнiнде белсендi саясат жүргiзген арабтарға қарсы күрестi басқарды.

Талас жеңісінен соң Таньдік қытайлар Орта Азиялық істерге араласуын тоқтатты. Ал Жетісуда қалған қарлұқтардың бір бөлігі 766 жылы түргештерді және яғмаларды талқандап, ірі жеңіске жеткен қарлұқтардың яғбуы Том Білге Жетісу өңіріне бойлай кіріп, Шу өзені бойындағы Суяб қаласына өзінің ордасын көшірді. Көп ұзамай қарлұқтар «он оқ» халқының жерін түгел өзіне қаратып, Тараздан бастап бірнеше қаланы иемденді. Олардың көшінің алды Сырдарияға дейін жетті. Ауфа (Бұхара ғылыми) VIII ғасырда «Худуд әл алам» атты шығармасында: «Қарлұқтар Шығыста Тибеттің және яғма мен тоғыз-оғыздардың жерімен, Батыста гуздардың жерімен, Оңтүстікте яғманың біраз жерімен және Мауреннаһрмен, Солтүстікте чигильдармен, тоғыз оғыздардың жерімен шектеседі» - деп көрсетті. Жетісуда қарлұқтардың өкіметі 766 жылы орнады, ол Тараз бен Суябты алып, түпкілікті бекіді.

Содан кейін қарлұқтар ұйғырлармен бәсекелесіп, Шығыс Түркістан үшін күрес бастады. Қарлұқтарды қала тұрғындары қолдады.

Ұйғырларда үстемдік алып келе жатқан манихей дініне, оны уағыздаушы соңдыларға қарсы наразылық туып, өрши берді. Осы жағдайды пайдаланған қарлұқтар тибеттіктермен өзара одақ жасап, Қытай тарихшысы жазғандай, «ақ киімді түркілердің яғни манихейшілерді қолдап, ұйғыр әскерін басқарған Иль Угесиді бірнеше рет жеңіліске ұшыратты. 790 жылы тибеттіктер мен түркілер (қарлұқтар) ұйғырлардың соңғы тірегі – Бешбалықты алды. 50-60 мың сардары бар жаңа ұйғыр әскері жағдайды өзгертпекші болғанымен, сәтсіздікке ұшырады.

ҮІІІ-Х ғасырларда қарлұқтар құрамында көптеген ру тайпалардың болғанын араб, парсы тарихшылары мен саяхатшыларының еңбегінен анық көруге болады. Атап айтқанда, чигиль, яғма, тухси, аргу, лабан (албан) тайпалары осы қарлұқтардың құрамына енген. Қарлұқ қағандығына шығыста Жоңғар Алатауынан, батыста Сырдарияға дейінгі, солтүстікте Балқаш көлінен, Оңтүстікте Ыстық көлдің түстік жағалауына дейінгі жерлер қарады. Жоңғария мен Жетісу жерін мекендеген түркі тайпалары осы қарлұқ қағандығының қоластына қарады.

Қарлұқ қағандығында мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы өркендеді.Онда мәдениет орталығы, байбақша, қалалар гүлденді. Қолөнер кәсібі өркендеді. Жергілікті халықтың басым көпшілігі түсті және асыл металл өндірумен айналысты, қағандықтың шаруашылық негізі көшпенді мал өсірушілік пен отырықшы егіншілік болды. Феодалдық қатынастар дамыды. Қалалар тізбегі Ыстықкөлден Исфиджабқа дейін созылды. Тараз қаласының Оңтүстігінде Атлах, Жамукент қалалары Құлан, Меркі қалалары болды. Шу өзенінің алқабында Баласағұн, Іле өзені алқабында орталығы Қойлық қаласы болды. Қалаларда қолөнер, сауда дамыды. Арабтар Ферғанадан қарлұқтарды қуып шығуға әрекеттенгеніне қарамастан, олардың ықпалы күшейе түсті. Ябғу үшін ең қауіпті жағдай халифтің белгілі қолданушысы Әл Манун Фаллх ибн Сахланың жорығы болды. Арабтар 812-817 жылдары Отырар аймағына жорық жасады. Онда қарлұқтардың шекаралық күзетінің бастығы өлтірілді. Содан соң яғбудың отбасы тұтқынға алынды. Ал қарлұқ яғбуының өзі қимақтарға қашып кетті. Басқыншылардан қарлұқтардың шекаралық отрядының жеңілуі қарлұқ яғбуы үшін Батыс шекарада шиеленісті жағдай туғызды.

Ру басшыларының өзара билікке таласып, қырқысуы қарлұқтардың тұтастығын сақтауға үлкен кедергілер келтіре бастады. Осындай қырқыстардың нәтижесінде 940 жылы Қарлұқ қағандығы құлады. Сонымен қатар осы кезде араб басқыншылары оңтүстіктен еніп келе жатқан болатын. Құлаған Қарлұқ мемлекетінің орнына Қарахан мемлекеті құрылды.

Сауда-саттық қалалары Шығыс пен Батыстың арасындағы көне керуен жолдарының бойына орналасты. Сол жолдардың бірі Бұхара, Самарқан, Шаш, Тараз, Құлан, Суяб арқылы өтіп, Ыстықкөл ойпаңымен Қарқараны, Текесті қарым қатынас жасау қала мәдениетінің өсіруімен бірге, сырттан басқа діннің келуіне де қолайлы жағдай жасады. Ислам дінін қолдаушылар шықты.

Арабтарға қарсы әр түрлi аттаныстарды қарлұқтар талай рет белсене қолдады. 840 жылы ұйғырлардың қырғыздардан жеңiлуiнен кейiн қарлұқтар ұйғырлар үстемдiгiнен азат етiлдi. Қарлұқтардың көсемi Бiлге Күл-Қадыр-хан Испиджап билеушiсi болып өзiнiң бұрынғы атағы -жабғуды тастап, қаған атағын алып, билiктi өзiнiң алуға құқылы екенiн ашықтан-ашық жариялады. Алайда қарлұқтардың билiгi берiк болмады. Бұл кезде Саманилер әулетi де, өз билiгiн нығайтуға, мемлекет пен ислам шекарасын кеңейтуге ұмтылды. 840 жылы саминилердiң Самарқандтағы билеушiсi ''қасиеттi соғыс’’ жариялап Испиджабты басып алды. Сөйтiп Саманидтер мен Қарлұқ қағанының арасында әсiресе Оңтүстiк Қазақстан жерi үшiн ұзақ жылдарға созылған соғыстар басталды. Алайда қарлұқтар саменидтер мен арабтардың бiрiккен күштерiнен жеңiлiс тауып керi оралған. Олар Оңтүстiк Қазақстанға өздерiнiң ықпалын күшейтiп мұсылман дiнiн енгiзе бастады.

893 жылы саманилық Исмаил ибн Ахмад Тараз қаласына жорық жасап, басты шіркеуін мешітке айналдырды.

Х ғасырдың басында Қарлұқ қағанатының жағдайы қиындап, олардың аумағында бытыраңқылық күшейдi. Мұндай жағдайда Шығыс Түркiстандағы Қашғардың түрiк билеушiлерi пайдаланып Оңтүстiк Шығыс Қазақстан жерiне жылжыды. 940 жылы олар Баласағұнды басып алды да Қарлұқ мемлекетiн құлатып Қараханидтер әулетiнiң үстемдiгiн орнатады.

4.Оғыз мемлекетiнiң тарихы. Қазақстан территориясымен тығыз байланысты. Оғыз мемлекетi Сырдарияның ортасы мен төменгi ағысында IХ-Х ғасырда өмiр сүрдi. Араб және қытай деректерінде Сырдария Кангар деп аталады. Оғыздардың құрамында Сырдарияның түрiк тұқымдас тайпалары, сол сияқты Жетiсу, Сібірдiң көшпелi, жартылай көшпелi тайпалары болды. IХ ғасырдағы ұзаққа созылған қақтығыстан соң оғыз көсемдерi Арал маңына, Батыс Қазақстан территориясына үстем болды. Осы жерге орналасқан түрiк тайпасы печенектерге соққы бердi.

Оғыздар мемлекетінің ең ертедегі хабарлардың бірі Әл-Якубидің (ІХғ) шығармаларында кездеседі. Бұл мағлұматтар оғыз мемлекеті, оның көршілес түркі тайпалары-қарлұқтар, тоғыз-ғұздар кимектермен жүргізген соғыстары жайлы.ІХ-Х ғ оғыз тайпалары туралы мәлімет Ибн әл-Факихтің (Хғ) географиялық еңбегінде кездеседі, онда оғыздар-кимектермен және тоғыз оғыздармен бірге «патшалар (малик) болып табылады және түріктер арасында өзгелерден гөрі көбірек құрметтеледі» деп хабарланады.

Мемлекет басында жоғарғы әкім-ябгу (жабғу). Жабғудың билігі ресми түрде патшалыққа сайланғанымен, іс жүзінде мемлекет билігі атадан балаға мұраға қалып отырды. Олардың орынбасары күл еркіндер деп аталды. Оғыздардың бас хандары әскери демократия кезінде халық жиналыстарының қайталанған түрі іспеттес кеңестерге сайланды. Алайда халық жиналыстары өте сирек шақырылды, ал күнделікті өмірде басты рөлді шонжарлар кеңесі (қанқаш) атқарған. «Оғыз билеушілері» хан тұқымдарынан сайланған, (інілеріне қарағанда ағасына артықшылық жасалынды).

Жабғудың «инал» деген атағы бар өз мұрагерлері болған, бала кезінде оларды тәрбиелеу үшін арнайы қамқоршылар (атабектер) тағайындалған. Сарайда әскери кеңеске сүйенетін оғыз әскерінің бастығы (сюбашы) маңызды орын атқарған.

Оғыз мемлекетi өзiнiң сипаты жағынан ежелгi феодалдық мемлекет болды. үкiмет салық системасын енгiзiп арнаулы салық жинаушылар байланыстар жасады. 965 жылы оғыз жабғуы Киев князi Святаславпен хазарларға қарсы әскери одақ құрды. Соның нәтижесiнде хазар қағанаты күйредi. Х ғасырдың соңында 985 ж. бұл екi мемлекет бiрлесе отырып Едiл бұлғарларына соққы бердi. Алайда ұзақ жылдарға созылған соғыс, соғыс үшiн алынған алым-салықтар Оғыз тайпаларының наразылығын тудырады. Осындай iшкi қайшылықтардың салдарынан Әли ханның басқару кезiнде оғыз мемлекетiнiң жағдайы нашарлайды. Осындай жағдайды пайдаланып салжұқтар Жент қаласын басып алады. Бiрақ қала халқы салжұқтарды көп ұзатпай қаладан қуып шығады. Оғыз мемлекетi Әлиханның мұрагерi Шахмәлiктiң тусында қайта көтерiле бастайды. Ол 1041 жылы Хорезiмдi жаулап алған болатын, бiрақ Шәхмәлiк көп ұзамай оғыздарға қарсы қайта көтерiлген салжұктардың қолынан Хорезм түбiнде 1043 ж. қаза болды. Оғыз мемлекетi өз iшiндегi талас тартыстардан әлсiрей бастады. Көршi жатқан қыпшақтарда оларға жиi-жиi шабуыл жасап отырған. Салжұқатармен болған көп жылғы қақтығыстар оғыз бірлестігін әлсіретті. Оғыз мемлекеті Қыпшақ тайпаларының соққысынан соң күйреді. Қыпшақтардан ығысып, олардың едәір тобы Шығыс Европа мен Кіші Азия жеріне өтіп кетті де, қалғандары қарахан мен салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Ал қалдықтары ХІ ғасырдың ортасында түркі тілдес Дешті Қыпшақ тайпаларының арасына тарады. Оғыздардың этнонимі қазақ руларының, Кіші және Орта жүз тайпаларының аттарында сақталып қалды.

Оғыздардың діні : пұтқа табыну, шовенизм, кейінрек ислам діні.

ХI ғасырдың II жартысында күшейе бастаған қыпшақтар оғыздарды Сырдария, Арал бойынан бiржолата ығыстырды. Қыпшақтардың қысынына шыдамаған оғыздардың бiр бөлiгi Европаның шығысына, Кiшi Азияға қарай жылжыса, кейбiр бөлiктерi Қарахан әулетiнiң қарамағында қалды, бiраз бөлiгi Хорасан салжүктерiнiң қол астына кiрсе, қалғандары қыпшақтардың қарамағында қалып, олармен сiңiсiп кетедi де Оғыз мемлекетiнiң құлауына әкеп соғады.

5. Қимақтардың мекенi Орталық, Солтүстiк, Шығыс Қазақстан қимақ, қыпшақ тайпалары бiрлестiгiнде феодалдық қатнастар бiртiндеп дамыған. Кимектер тарихының ертедегі кезеңі қытай деректемелерінде VIIғ батыс түрік ортасында болған оқиғаларға қатысты яньмо тайпасымен байланысты айтылған.

Қимақтар IХ ғасырдан бастап өз алдына жеке мемлекет болып өмiр сүрген. Кейбiр мәлiметтер бойынша Қимақ мемлекетiнiң орталығы Имакия қаласы. Жазба деректердiң хабарына қарағанда кимектердiң екiншi орталығы Ақкөлдiң шығыс жағындағы Карантия қаласы болған. Қимақ сөзiнiң этнологиясы туралы ғылымда белгiлi тиянақты пiкiр қалыптаспаған. Бiрақ та оның түрiк сөзi екендiгiне ешбiр күмән жоқ. Сөздiң түпнұсқасы түрiкше ‘’Құм’’ деген ұғымды бiлдiретiн сияқты. Деректерде қимақ, имақ /имек/ болып әр қалай кездеседi.

Кимек билеушісі едәуір құдіретті болған. ІХғ аяғы – Хғ басында кимек қағанаты қалыптасқан уақыттан бастап, олардың патшасы түріктердің ең жоғарғы атағымен қаған деп атала бастады. Қаған атағы ябғу атағынан екі саты жоғары тұрған.

Кимектер қағанының қолында нақты билік болды, ол өз мемлекеті шегінде билеушілерді тағайындаған, ал олар тайпа шонжарларының өкілдері болған. Қағанның билігі ғана емес, сонымен қатар оның айналасындағы тайпа ақсүйектерінің билігі де мұрагерлік бойынша өтіліп отырды.

Тайпалық бірлестіктер құрылған кездегі сияқты кимек қағанатының құрылу үрдісінде де әскери институттар зор рөл атқарды. Басқарушылар сонымен қатар әскери жетекшілер де болып, олар қағаннан қызмет үшін үлестер алып отырды. үлестік иеліктер әскер жасақтап отырды.

Деректемелерде кимектердің этникалық және тілі жағынан түріктерге жататыны бірауздан жазады. Кимек этнонимінің уақыты жағынан алғаш рет айтылуы VIIIғ жатады. Кимек федерациясының алғашқы құрамы Гардизи еңбегінде келтірілген.

Атақты түрiк тiлiнiң маманы М.Қашғаридiң еңбектерiнде де имақтар деп жазылған. IХ ғ. Ертiс пен Жоңғар алатауының арасында 12 қимақ тайпаларының бiрлестiгiнен қимақ мемлекетi құрылған. Мемлекеттiң жоғарғы билiгi ханның қолында болды. Ол мұрагерлiкке қалып отырған.

Қимақтар көк тәңірге, жер, су иелеріне, отқа, әруақтарға, Ертіс өзеніне сыйынды. Тас мүсіндер жасап соғанда табынды. Оларда манихей діні де болды. Кейін қимақ билеушілерінің ішінде ислам діні тарады. Бірақ бұқара халық арасында діни нанымның басым түрі шаманизм болды. Оларда жазу мәдениеті болды. Қимақтар мекендеген аймақтарда ІХ-Х ғасырларда ежелгі түркі жазуы бар қола айналар табылған. ХІ ғасырда қимақтардан шыққан Жанах Ибн Хақан әл Қимақ деген ғалым қимақтар туралы кітап жазды. ХІ ғасырда аяғында Қимақ мемлекеті ыдырап, үкімет билігі Қыпшақ тайпасының қолына көшті.

Қимақ қағанатының құрамына 7 тайпа құрады: эймур, имақ, қыпшақ, татар, баяндур, ланиказ, ажлар. ХІ ғ. Екінші жартысында қимақ тардың құрамына 12 тайпа енген. Олардың ішіндегі ең ықпалдысы бұл қыпшақтар. Қимақтардың туыстас тайпасы құмандар. Билеушісі жабғу, Х ғасырдан бастап қаған. Жеке тайпаның көсемі - шад түтік. Кедейленген көшпелілерді, қолөнершілер мен балық аулаушыларды ятуктер деп атаған

Өз мемлекетiнiң шегiнде билеушiлердi тағайындады. Қимақ ақсүйектерiнiң билiгi де балаларына мұрагерлiк жолмен берiлiп отырған. Қимақтардың малынан айырылған көшпелiлерiнiң /ятуқ, жатақ/ отырықшылыққа көшуге мәжбүр болғаны тарихта айтылады. Оғыздардың жерiн басып алғаннан кейiн қыпшақ хандары, күшейiп алып қимақтар мекендеген жерлерде үстемдiк құрды. Осындай саяси жағдай барысында қимақтар үстемдiгiнен айырылып қана қоймай қыпшақтарға тәуелдi болып қалды. Сөйтiп тарихта қыпшақтар мемлекетiнiң орнын басты.

6. Қарахан мемлекетi. Х ғасырдың бас кезiнен бастап Қазақстанда феодалдық қатынастар дами бастады. Қазақстанның территориясында феодалдық қатнастардың дамуы барлық аймақтарда, аудандарда бiркелкi болмады. Халықтың өмiр сүруiне қолайлы, егiншiлiк пен отырықшылық ерте қалыптасқан сауда жолы басып өтетiн Орта Азиямен көптен берi экономикалық байланыста болған оңтүстiк ауданда феодалдық қатнастар тез дамыды. Басқа аудандарда көшпелi мал шаруашылығы үстем болды. Х ғасырдың орта шенiнде Жетiсу мен Қашғардың /Шығыс Түркiстан/ бiр бөлiгiн қамтыған Қарахан мемлекетi пайда болды. Қарахан деген сөзден шыққан қарахан халқы түрiк туқымдас халық. Қарахан мемлекетi 942 жылы орнады.

Карахан мемлекеті туралы негізгі құжаттарды және хабарларды араб және парсы авторларының еңбектерінен білеміз. Қарахандық жалғыз тарихшы – имам Абул Футухал Гафира әл Алманидың «Тарихи Қашқар» кітабынан бір ғана қарахандықтардың шығуы тегі туралы азды көпті мәлімет берді. В.В.Бартольд қарахандықтардың тегін іздеуде үш тайпаны қарлұқ, яғма, шігіл (чигиль) атаумен шектеледі. Осылардан белгілі болғаны – шігілдер мен яғмалар, түркештер тайпаларының біреуі, тухсиляр, орхон түркілерінің қалдықтары қарлұқ тайпалар одағының құрамына кірді және бұл тайпалардың одағы тарихта ІХ ғасырдан бері бірге деп естелінді. Сонымен Қарахан мемлекеті қарлұқ шігіл мен яғма тайпаларынан құрылды.

Қарахан әулетінің бірінші билеушісі Білге Құл Қадыр қаған болды. Қарахан мемлекетіндегі билік екі тайпаның ақсүйектері арасында бөлінді. ІХ ғ. Қарахан тайпалық одағының негізін құраған шігілдер мен яғмалар тайпасы болатын. Шығыс бөлігінің қағаны шігіл тайпасынан шыққан. Ол Арслан Қара қаған деп аталды. Оның астанасы Баласағұн мен Қашқарда болды. Батыс бөлігінің қағаны яғни кіші қаған Таразда, кейінректе Самарқанда болды.

Қарахан қағаны Оғылшақ тұсында Самани әмірі – Исмаил Ибн Ахмад 993 жылы Таразға жорық жасады... Олар (ирандықтар) 993 жылы Тараз қаласын басып алып, оған қоса түркілердің қимақ тайпасының жерін, кейіннен ұлан байтақ жерге иелік еткен қыпшақ халқы шыққан аймақты, Ертіске барар жолды жаулап алды.

Қарахандықтар мен Саманилер арасында ұзаққа созылған ауыр соғыс басталды. Ақыр соңында түркілер жеңіп шықты. Саманилер мемлекетін түркілердің жаулап алуы Х ғасырдың соңында Қашқарда емес, Баласағұнда іске асты. 922 жылы Богра ханның Самарқан және Бұхара алғашқы сәтте жорығы жасалды. Содан соң ол Баласағұнға қайтып оралды, сол жерде сол жылы (923 ж.) Богра хан қайтыс болды.

Бірінші болып ислам дінін қабылдаған (960 ж.)Сатух Бограханның немересі Богра хан Харунның түркі мирастығының қол астындағы аздаған түркі иелігі орналасқан Испиджаб немесе Сайрамды меншіктенуі оның алғашқы қадамы болды.

Мауренахрды жаулап алғаннан кейін қарахандықтар бұл маңның негізгі қалалары болып табылатын Бұхарада не Самархандта тұрмады. Олардың орталығы алғашында Шығыс Өзгенттегі бұрын үлкен маңызды болмаған шекаралық Ферғана қаласы болды. Өзкент бұрыннан бар қала болса да, түркілер оны «Узкент» деп атап алды. Шаш маңайының негізгі қаласы Бинкентте түркі атауын алды. Бируни шығармаларынан білетініміздей, ХІ ғасырда Бинкент атауының орнына түрікше Ташкент «тас қала» атауы өмір сүрді.

1008 жылы қаңтарында Қарахан әскерлері Балх (Визирабад) қаласына шабуыл жасап, Солтүстік ауғаыстан түбегіндегі Ғазнау отрядтарынан жеңіліп, содан соң Амудариядан әрі жорыққа шыққан жоқ.

Қарахандықтар ғазнауилермен болған соғыста көптеген шығынға ұшырады. Кейн батыстық Богра Қара қаған, шығыстық Арслан Қара қағанның жері –Шығыс Түркістан болды. Шекарасы Махмұд Қашқаридың айтуымен ғана мәлім.

Ендігі Қарахан мемлекетінде Батыс, Шығыс басқару жүйесі жойылып, бір орталықтан басқарылды. Қарахан мемлекетінің астанасы Баласағұн қаласы болды. Қарахан емелекеті шығыс Түркістан, Жетісу Талас және Сырдария алқаптарын биледі. Қарахан мемлекеті тұсында орталық өкімет билігі әлсіз болды. Орта Азия жерінде көптеген қарахан иеліктері пайда болды, олар Баласағұндағы үлкен қағанға шартты түрде ғана бағынды және ол иеліктер онша тату да болмады. Арслан бастаған әкімдер Қарахан мемелекетінің жерін бірнеше үлеске бөліп, ол үлес жерлерді Қарахан әулиетінен шыққан Ілек т.б. хандар басқарды.

Қарахан билеушiлерi Исламды мемлекеттiк дiн деп жариялады. Мұсылман дiнi, түрiк тұқымдас халықтарды бiрiктiруде едәуiр роль атқарды. Қараханның астанасы -Қашқар. Қарахан ханы Тараз бен Баласағұн қалаларының да билеушiсi деп есептелдi. ХI ғасырдың басында Қарахан мемлекетi Саманидтер қарамағындағы Орта Азияның Испиджаб, Бухара, Самарканд сияқты қалаларын басып алып, едәуiр күшейе түстi. Сөйтiп бүкiл Сырдария өңiрi Қарахандардың қолына өттi.

Қарахандар тұсында түрiктердiң шаруашылығының негiзгi түрi Оңтүстiк аудандарда егiндiк, Батыс, Солтүстiк, Шығыс аудандарда мал шаруашылығы болды. Аң аулау көшпелi және жартылай көшпелi халықтың тiршiлiк ету негiзiнiң бiрi болды. Өзендерден балық аулау кәсiбi халық өмiрiнде елеулi орын алды. Егiншiлiк аудандарының халқы отырықшы болды. Қарахан мемлекетi жер иелену саласындағы феодалдық қатнастарды дамыта отырып саяси-әлеуметтiк жаңа жүйе енгiздi. Хандар өздерiнiң туыстарына халықтан мемлекеттiң пайдасына алынатын сияқты тарту еттi. Бұл ‘’Иқта’’ деп аталды. Иқтаның бiрнеше түрi болды. Иқта арқылы оны иеленушi жер иеленуге ерiктi болды. Әскери ихта салықтың ең көп тараған түрiнiң бiрi. Ихта иегерi тек салыққа ғана емес, салық төлейтiн адамға, оның жерiне де ие бола бастады. Ихта иелерi алған жерлерiн өмiр бойына иеленуге мұрагерлiк иелiкке айналдыруға ерiктi болды. Сүйтiп ихта иелерi жер иеленушiлерге айналып, ихта феодалдық жер меншiгiнiң бiр түрiне айналды. Феодалдардың шаруаларды қанатын /отырықшы аудандарға/ ең кең тараған формаларының бiрi үлескерлiк болды. Мемлекеттiң немесе феодалдың меншiгiндегi жерлер шаруаларға жалға берiлдi. Ол жердiң түсiмiнiң көпшiлiгiн үлескер жер иесiне беруге мiндеттi болды. Үлескерлерге өз меншiгiнде жерi жоқтар немесе отырықшылыққа айналған көшпелiлер едi. Жерлердi қамқорлыққа беру (коммендация) деген феодалдық жер иеленудiң түрi болды. Ұсақ жер иелерi өз жерiн бай немесе ықпалды жер иесiнiң қамқорлығына бердi. Ол ұсақ жер иеленушiнiң мүддесiн қорғауға мiндеттi болды. Бұл аухатты феодалдардың қолына жер меншiгiнiң топтасуына әкеп соқты. Малшыларға өздерiнiң баласын барымтадан т.б. зорлық-зомбылықтардан қорғау үшiн, бай-феодалдардың қамқорлығына тапсырды. Бұл да феодалдардың баþ әдiсiнiң бiр түрi едi. Карахан мемлекетiнде үкiметтi хан басқарды. Оның кеңесшiсi және көмекшiсi уәзiр болды. Карахан мемлекетi бұрынғы феодалдық мемлекеттердiң жәй ғана жалғасы болып қана қоймай, феодалдық мемлекеттердiң дамыған жалғасы болып табылды.

7.Қарақытай мемлекеті (1128-1213ж.ж.). ХІІ ғ. 30 ж. Солтүстік Қытайдан қуылған көшпелі қидандар (қарақытайлар) Жетісу мен Шығыс Түркістанды басып алды.

Қарақытайлардың құрылуы Орталық Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Қидандар (цидань, кита, хита) б.з. ІV ғ. жазба деректерде моңғол тілді тайпалар ретінде аталады. Олар Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесінің территориясын мекендеген. 924 ж. Алтайдан бастап, Тынық Мухитқа дейінгі аса кең жер Қидан мемлекетінің (Ляо империясы) қоластына өтеді. 125 ж. Сунь Қытайы мен Чжурчжень мемлекетінің біріккен күші Ляо империясын құлатады. Қидандардың бір бөлігі чжур -чжендерге бағындырады да, қалған бөлегі енисей қырғыздарының жерін басып өтіп, Еміл өзенінің бойына жетеді, сөйтіп сол арадан аттас қала салады. Олардың, қидандардың батыс тармағы өкіметі қоластына Жетісудың бір бөлегі қарап, жергілікті түріктілдес халықтармен араласып кетуі нәтижесінде, келімсектер қара қытай аталып кете береді.

Қытайда үстемдік құрған кезде қарақытайлар өз әулетіне Ляо есімін берген. Олар қытай тарихында осы атаумен белгілі болса, мұсылман тарихшылары оларды «қара қытай» деп те атайды. 1125 ж. чжурчжен халқы Ляо әулетін бағындырып, солтүстік Қытайды өзіне қаратты.

1137 ж. қарақытйлар Қарахан мемлекетіне араласа бастады. 1141 ж. екі хандықты (батыс және шығыс) да өзіне бағындырды. Қарақытайлар императоры ғұрхан деп аталды. Әдеттегі көшпенді мемлекеттерден қарақытайлар мемлекетінің айырмашылығы – онда аймақтарға бөлінушілік болған жоқ. Оның есесіне бағынышты мемлекеттердің ішкі автономия принципі кеңінен қолданылған. Қарақытайлар Баласағұндағы қарахандықтар иелігін ғана жойып жіберді, мұнда қала тұрғындарының көпшілігі мұсылмандар болғанына қарамастан, бар істі гурхан өзі басқаратын. Ал басқа барлық басып алған аймақтарда Қашқар мен Мауреннаһрда бұрынғысынша Қарахандықтар әулеттері де өз орнында қалды. Бұдан басқа бірқатар жекелеген княздардың сарайында гурханның өкілі болатын. Шыңғысханнан жеңілген наймандар ханы Күшлік қараақытайлар мемлекетінің тағыдырын шешті. Ертістің жоғары ағысын мекендеген Наймандардың келуі, қарақытай мемлекетінің түбіне жетті.

8.Найман мен кереит ұлыстары. Наймандардың, керейіттердің, жалайырлардың ертеректегі мемлекеттері Орталық Азияның шығысында – Қазақстанға шектесіп жатқан Монғолия аумағында пайда болса да, олардың тарихының Қазақстан тарихыны тікелей қатынасы бар. Көшпелі мемлекеттілктің бастаулары Орталық Азияның гақ шығысында жатыр, ежелден Қазақстанның өз жерінде мекендеген халықтар мен тайпалардың басталатын дәстүрлермен қатар олар кейіннен қазақ мемлекеттілігіне тән болды.

Найман тайпалары одағы VIII ғ орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында «сегіз - оғыз» деген атаумен пайда болған.

Жері: Хангайдан – Тарбағатайға дейін.

«Ляо - шин» қарағанда, Х ғ Орталық Азия даласын жауынгер көшпелі тайпалар мекендеген, бұл деректемеде олар цзу – бу ортақ атаумен аталады. Олар (цзу - бу) тура Тарбағатайға дейінгі Оралық Азия аумағына қоныстанған. Кидандардың Ляо әулеті кезеңінде «Ляо - ши» беттерінде «найман» атауы пайда болады, ол бәлкім, цзу – будың батыс тобы деп аталуы мүмкін. Түрікше мағынасында «сегіз тайпаның одағы» деген, баламасы бар, яғни найман деген монғол атауын да оларға Ляо әулеті кезінде ионғол тілдес қидандардың бергені күмәнсіз. Найман тайпалар одағы ХІІ ғ бірінші жартысында Елюй Даши бастаған қидандардың Жетісу жеріне кетуіне байланысты аталады.

Деректемелердің көрсеткеніндей, ХІ ғ найман тайпалары Селенга мен Орхон өзендерінің сағасынан Алтай тауларының шығыс сілемдеріне дейінгі аумақты алып жатқан.

Керейіттер туралы алағшқы мәліметтер ХІ ғ соңғы ширегіне жатады, олардың христиан дінін қабылдауына байланысты айтылады. Жері – Тола өзенінің аңғары, Орхон өзенінің орта ағысы және Онгын өзенінің аңғары. Шыңғысхан шапқыншылығы қарсаңында керейіттер бүкіл қазіргі Монғолия мен Алтай аумағында үстемдік еткен, монғолдар да солардың қоластында болған.

Жалайырлар Шыңғысхан имеприясының өрлеу кезіне қарай Хилок және Селенга өзендірінің бойында мекендеген.

Шаруашылығы. Наймандар, керейіттер, жалайырлар негізінен мал шаруашылығымен айналысқан.

Деректемелер жалайырлардың наймандар мен керейіттердің көшіп – қонуын 2 түрге бөледі:

  1. азды – көпті үлкен топтар болып көшкен (күрен әдісі)

  2. жеке әулеттер оқшауланып немесе шағын бірлестіктер болып көшіп жүрген.

Шыңғыс - хан империясының құрылуына байланысты көшіп – қонудың күрен әдісі жайылып, әскери ұйымдық қана қолданылды. Наймандардың басты байлығы үйірлі жылқы болды.

Бірақ наймандар, керейіттер, жалайырлар бір ғана мал шаруашылығымен тіршілік ете алмайьын еді, бұл топшылық алуан түрлі жабайы аңдар мен ішінара балық аулаумен толықтырылып отырды. «Сонымен, - деп жазады Рубрук, - олар өз тамағының едуір бөлігін аң аулау арқылы табады».

Орталық Азияның көшпелі тайпаларының ХІІ ғ бойында күш – қуатының артуы олардың ең ірілерінде наймандарда, керейіттерде, жалайырларда – алдыңғы феодалдық мемлекеттік құрылымдар - ұлыстардың пайда болуына жеткізді. Б. Я. Владимирцевтың көрсеткеніндей, ұлыс алғашқы қауымдық құрылыстың институты болған жоқ, Ұлыс ру емес, тайпа да емес, ол рулық – тайпалық институттардан жоғары тұрды. «Ұлыс» ұғымы ол кезде «халық» дегенді білдіреді. Ұлыстың құрамында қандас туысқандардың болуы міндетті емес еді, оған хан руының өкілдері ғана емес, сонымен бірге бөгде адамдар да енді. Әрбір ұлыс белгілі бір аумақты иеленді, наймандар мен керейіттердің ең үлкен күшті ұлыстарының өз шекаралары болып, олар ара – тұра болса да қорғалып отырды. Шыңғысхан талқандаған керейіттер ұлысының билеушісі Ван – ханның наймандар иелігін қорғаған найман қарауылымен қақтығыста қаза тапқаны мәлім.

Армян авторы Степанос Епископ монғол сарайы жанындағы жоғары лауазымды қайраткерлердің бірі жайында айта келіп, былай дедй: «Бұл адам саны ең көп және күшті жалайыр тайпасынан болатын. Бұл жалайыр тайпасы үлкен – үлкен 10 таршақтан тұрады, олардың әрқайсысы жекелеп алғанда үлкен халыққа айналды.

Ұлыстарды «хандар» басқарған. Хан ұлыс билеушісі басқару аппаратын, бірінші кезекте хан ордасын, оның күзетін басқару және әскерге, жасаққа қолбасшылық ету органдарын құрды. Мемлекеттік биліктің белгілі бір институты ретінде – орда көшпелерде сонау кидандар заманынан белгілі. Хан ордасы басқару орталығы, ұлыстың өзінше бір үкіметі болды.

Хан мен мемлекет мүлкінің арасында айырма болған жоқ. Керейіттер ұлысының билеушісі Ван – ханның «өз жайлаулары мен қысқы жайылымдары болды,» яғни хан жайылымдары қатаң белгіленді. ұлыстың әскерлері ХІІ ғ өзінде – ақ 10, 100, 1000, түмендер бойынша құрылған отрядтарға бөлінді. Найманның мемлекеттік істері қағаз жүзінде жүргізілген. Қағаздар ұйғыр жазуымен жазылып, хан мөрімен бекітілген.

Керейіттер мен наймандар, ең алдымен оның билеуші тобы несторияндық бағыттағы христиандар болды. Ақырында христиан діні кейіннен Шыңғыс хан әулетіне де енді.

Деректемелер наймандар мен керейіттердің көрші тайпалармен соғыстары туралы мәліметтерге толы Рашид ад – Дин: «Керейіттер көптеген тайпалармен, әсіресе найман тайпаларымен көп жауласты.» деп жазады.

Қытай деректемелерінде керейіттер мен наймандардың көшпелі көршілермен ғана емес, сонымен қатар отырықшы мәдениеті бар мемлекеттермен - Танғұт мемлекетімен (Си Ся) және ұйғыр иелігімен тығыз мәдени және саяси байланыстар жасағаны туралы мәліметтер де бар. Наймандар мен керейіттердің билеуші тобы ұйғырлардың ықпалымен несториян бағытындағы христиан дінін, ұйғыр жазуын қабылдады.

«Юань – ши» қазіргі Қазақстан аумағында мемлекеттік құрылымы болған қаңлылар мен керейіттердің өзара саяси және аумақтық байланыстарының қалыптасқанын, бірқатар қаңлы шонжарларының өкілдерінің керейіттер билеушісі Тоғұрыл – Ван – ханда қызмет атқарғанын көрсетеді.

Наймандар мен қаңлылардың туыстығын ертеректе VII ғ екінші жартысында ұйғыр саяхатшыларының да көрсеткенін қосуға болады.

9. Қыпшақтардың аты тарихта VIII ғасырдан белгiлi бола бастады. Ол кезде қыпшақтар қазiргi Шығыс Қазақстан территориясын мекендеген. Х ғасырда олар Қазақстанның батыс, солтүстiк өлкелерiне дейiн тараған. VIII-Х ғасырларда олар қимақтар мемлекетiнiң құрамында болған. Алайда ұзамай қимақтардың әлсiреуiне байланысты билiк қыпшақтардың қолына көше бастаған. Олар Сырдария, Арал, Каспий өлкесiн басып алып Хорезiмнiң солтүтiгiне тақап келедi. Хорезмдықтар олармен сауда жасап оларды әскери қызметке тартты. ХI ғасырда Қыпшақтар Ертiстен Волгаға дейiнгi ұлан байтақ жердi мекендедi. ХI ғасырдың орта шенiнде қыпшақтардың алды оңтүстiк орыс далаларына дейiн барып онда половецтер деп аталды. Қазақстан территориясында қалған қыпшақтар Дешт Қыпшақ деп аталды. Қыпшақтардың құрамына Қазақстан территориясын өздерiнен бұрын мекендеген халықтар кiрдi. Бұлардың барлығы дерлiк түрiк тiлдестер. Қазақ халқының қалыптасуына Шығыс қыпшақ үлкен роль атқарды.

ХІ ғасырдың басында Ертістен Еділге дейінгі ұлан ғайыр далалық аймақта қимақтардың орнына келген қыпшақтар үстемдік етті. Қыпшақтар туралы алғашқы деректерді қытай жазбаларынан көруге болады. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекендеген. ҮІІ ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. Тарихи деректерде оларды «тоқсан екі баулы қыпшақ» деп те атайды. Бұл олардың түркі тілді тайпалардың ішіндегі сан жағынан көп болғандықтан осылай атаған.

ХІІ ғасырда Қыпшақ хандығы бүкіл Еуразия кеңістігінде үстемдік етті. Сол себепті, қыпшақ тайпалары орналасу аймағына қарай алтай-сібірлік қыпшақтар, далалық қыпшақтар, Орал аймағы қыпшақтары, Дон қыпшақтары, днепрлік қыпшақтар болып бірнеше топқа бөлінген. Орыс жылнамаларында оларды половецтер, Еуропа деректерінде коман немесе куман, Шығыста қыпшақ деген атумен кездеседі.

ХІІ ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, керейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарайхан, тархан, басқақ, бек, байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға деген жеке меншік еді. Жылқы басты байлық болып саналды. Бай адамдар бірнеше мың жылқы ұстаған.Төменгі тапқа малы аз шаруалар, кедейлер жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретінде пайдаланылды.

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыстан жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелдікке түсті. Алайда, осыған қарамастан ХІ ғасырдың соңғы ширегінде қыпшақтар Маңғыстау мен Каспий теңізінің шығыс жағалауында бұрынғыша өз билігін жүргізіп тұрды. 1096 жылы «Құдыретті» хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

ХІ ғ. аяғы – ХІІ ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның тағы басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Хорезмшахы Атсыз (1127-1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ қаласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Дәл осы кезден бастап қыпшақ хандығының әлсіреу басталады.

Хорезм билеушілері Текеш пен Мұхаммед қыпшақ билеушісі Қадыр Бүке мен оның немере інісі Алып Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. 1195 жылы Текеш ( 1172-1200 жж.) Сығанақты басқарып отырған Қадыр Бүке ханға жорыққа аттанады. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары қыпшақтарға қосылып Текешті жеңеді. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып Дерекпен одақтасып Қадыр Бүке ханға қайта жорық жасайды. Соғыс барысында Қадыр Бүке жеңіліп Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып Дерекке көшіті. Қыпшақ ханының онан әр күшейіп кетуінен қорыққан Текен Қадыр Бүкені босатып оған әскер береді. Алып Дерекке қарсы аттандырады. Сол соғыста Алып Дерек қаза табады, бірақ Қадыр Бүке хан өзі де Хорезм шахқа тәуелді болады. Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулетінен алып отырған.

Хорезм шахы Мұхаммед \1200-1220 жж.\ өз мемлекетінің құрамына Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақтар Хорезмге қарсы күрестерін жалғастыра береді. Мұхаммед 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысады, сөйтіп монғол басқыншыларының дәуірі басталады.

Қыпшақтардың басты шаруашылығы мал өсіру болды. Олар жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсірді. Түйе құмды, топырағы ащы, тұзды және шөпсіз жерлерде ең пайдалы да қолайлы үй жануары болды.

Қыпшақтар аңшылықпен де айналысқан, олар садақ пен жебеден басқа лашын бүркіт сияқты құстарды, жүйрік тазыларды пайдаланған.

Қыпшақ қоғамында малсыз кедейлер егіншілікпен, соның ішінде өзен бойларында суармалы егіншілікпен айналысқан. Қыпшақтарда үй кәсібі, қолөнер жақсы дамыған. Олардың ағаш шеберлері, темір ұсталары, зергерлік өнермен айналысатындар өздерінің қажетті жақсы бұйымдар жасаумен көзге түсіп дараланған. Оны қыпшақтардың артына қалдырған заттарынан көруге болады.

Қыпшақтардың бiразы жартылай көшпелi отырықшы болып егiн шаруашылығымен айналысты. Егiстiк жерлер Сырдария, Сарысу, Есiл өзендерiнiң бойында болды. Олардың бiр бөлiгi суармалы егiншiлiкпен де айналысты.

Мұны Ұлытау, Торғай өлкесiндегi суару жүйесiнiң, тоғандардың қалдығы дәлелдейдi. Олар аң суарумен де шұғылданды. Балық та аулаған. Қыпшақтар феодалдық қатнастарда болды. Қыпшақтар ел деп аталатын бiрлестiктерге бiрiктi. Мал жеке меншiкте болды. Осы меншiкке қол сұғу қатал жазаланып отырды.

Қыпшақ мемлекетi Русь, Кама балгарларымен, Орта Азия халықтарымен экономикалық қарым-қатнас жасап отырды. Олар мал мен малшаруашылығы өнiмдерiн Европа, Орта Азия елдерiнiң қол өнер бұйымдарына айырбастап отырды. Қыпшақ бiрлестiгi феодалдана бастаған мемлекет болды. Бұл мемлекеттi хан басқарды. Хан үкiметi мұрагерлiк арқылы жалғасып отырды. Қыпшақтар Сырдария өлкесi үшiн Хорезм шахпен күрестi. Хорезм шах қыпшақ жерiне дүркi-дүркiн шабуыл жасап оның кейбiр өлкесiн, қаласын жаулап алып отырды. Монғол шапқыншылығы төнiп келген кезде Хорезм шах пен қыпшақ арасындағы алауыздық олардың моңғол шапқыншылығына жем болуына әкеп соқты. Қыпшақтар түрiк тiлдес халық, қазақтың ата бабасы. Қазақ халқы қалыптасуының алдында ғана Қазақстан жерiн мекендеген қыпшақтар қазақтың халық болып қалыптасуының ұйытқысы болды.

Бақылау сұрақтары :

  1. Түрік қағанаты Орта азидағы саяси үстемдікке кімнің тұсында қол жеткізді?

  2. Батыс түрік қағанатында қағанның өкілі, салық жинаушы?

  3. Батыс түрік қағанатында сот қызметін атқарушылар?

  4. Түргеш қағанатында 715-738 ж.ж. елді кім биледі?

  5. Қарлұқ билеушісі қашан қаған атағына ие болды? Қандай оқиғалар себеп болды?

  6. Қарахандықтар Мәуераннахрды қашан жаулап алды?

  7. «Ихта», «коммендация» терминдерінің түсінігін беріңіздер?

  8. Қыпшақтардің билеушілері қай тайпаның өкілдері болды?

  9. Наймандардың Жетісудағы билеушісі?

  10. Кереиттердің астанасы?

  11. Кереиттер мемлекетінің құрылысы?

  12. «Ұлыс» деген не? «Үлес» -тен қандай айырмашылығы бар?

Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмалары

  1. ҮІ-Х ғ.ғ. Қазақстанның экономикалық және мәдени өмірі.

  1. ХІ-ХІІ ғ.ғ. Қазақстанның экономикасы мен мәдениеттің дамуы.

Әдебиет тер тізімі:

1. История Казахской ССР. Т. І, ІІ. А., 1979.

  1. Аманжолов Қ. Түркі халықтарының тарихы. І, ІІ т. А., 2002ж.

3. Қани М. Қазақтың көне тарихы. А., 1993ж.

  1. Күзембайұлы А. Єбіл Е. История Республики Казахстана. Астана., 2000.

  2. Қозыбаев М.К. Тарих зердесi. Алматы, 1998 т.1 т., 2

6 лекция