Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЖТӨжБ оқу құралы Бекалай Н.Қ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.2 Mб
Скачать

9.2 Жылутехникалық процестің параметрлерін өлшеу қағидалары

Өлшеулер түйістіру немесе түйістірусіз әдістерімен жүзеге асырылуы мүмкін. Түйістіру әдісімен өлшегенде аспаптың сезімтал элементі өлшенетін ортамен жанастырылады, ал түйістірусіз әдісте – жанастырылмайды.

Бақылау-өлшеу аспабы (БӨА) параметрдің лездік мәнін көрсетуі, тіркеуі, сонымен қатар, ол мәнмен қажетті іс-әрекеттер (қосу, интегралдау т.с.с) жүргізуі мүмкін. Аспаптарға қосымша элементтер қосу арқылы дабыл қағушыларға айналдыру мүмкіндігі де қарастырылған.

БӨА-ң жергілікті немесе алыстан (дистанциялық) әсер ету түрлері бар.

Жергілікті әсер ету аспаптарында өлшеу және көрсету қондырғылары қабылдайтын элементпен бір корпусқа біріктірілген, немесе онымен түтікше, капилляр, өткізгіш түріндегі қысқа байланыс сызығымен қосылған.

Алыстан әсер ету аспаптарында көрсетулерді параметрлерді өлшеу орнынан алыс қашықтықта орналасқан, бір немесе бірнеше екінші реттік (көрсетуші, өздігінен жазушы) аспаптарға жеткізуге арналған арнайы қондырғы орнатылған. Бұл аспаптарды қолдану көрсетулерді орталық кешендерде (щиттерде) шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Эксплуатация кезінде көзге көрініп тұруы қажетті параметрлерді көрсетуші аспаптардың көмегімен бақылайды. Мәнінің өзгеріп кетуі апатқа әкеліп соқтыратын параметрлерді дабыл қағушы аспаптардың көмегімен бақылайды. Мәндері сараптау және есептеу жұмыстарына қажетті параметрлерді тіркегіш аспаптардың көмегімен бақылайды.

9.2.1 Температураны өлшеу.

Қазандықтарда температураны өлшеу үшін термометрлердің мына түрлері қолданылады:

- ұлғаю термометрлары (сұйықтық, манометрлік, биметалдық);

- электрлік өлшеу жүйелері (өлшеу көпірлерімен қосылған кедергілік термометр, потенциометрге қосылған термопара).

Сұйықтық термометрлер 0-ден 500°С дейін температураны өлшейді, морт сынғыш болғандықтан, аса мұқияттылықпен жұмыс істеуді талап етеді. Соңғы кезде олардың орнына биметалдық термометрлер жиірек қолданылады, атап айтқанда, Қазақстанда WIKA фирмасының өнімдері сертификатталып, өлшеу аспаптарының реестріне кіргізілген.

Биметалдық термометрлер жергілікті әсер аспабы болып табылады. Оның өлшеу диапазоны (-70°С ÷ 600°С).

Температураны алыстан өлшеу үшін кедергілік термометрлер, термоэлектрлік термометрлер қолданылады. Олардың өлшеу диапазондары:

- платиналық кедергілік термометрдікі 500°С дейін;

- никельдік кедергілік термометрдікі 200°С дейін;

- мыстық кедергілік термометрдікі 150°С дейін;

- хромель-копель термопарасы бар термоэлектрлік термометрдікі 600°С дейін.

Су ысытушы қазандықтарда температура мына нүктелерде өлшенеді:

а) қазанның кірісіндегі жабу арматурасынан кейінгі судың температурасы;

б) қазанның шығысындағы жабу арматурасына дейінгі судың температурасы;

в) ауа қыздырғышқа дейінгі және одан кейінгі ауаның температурасы;

г) шығып кетіп жатқан газдардың температурасы.

Сонымен қатар, қазандықтарда тура және кері желілік судың температурасын, сұйық отын температурасын өлшеуге арналған көрсетуші аспаптар қойылуы керек. Жылу желісі мен кері құбырларда, газ келетін құбырларда температураны өлшеу үшін тіркеуші аспаптар қойылуы керек. Ал сұйық отынды қыздырғыштар бар болса, олардың кірісі мен шығысына көрсетуші термометрлер қойылады.

9.2.2 Қысымды өлшеу.

Қазандықтарда қысымды жергілікті өлшеу үшін серіппелік, мембраналық немесе сұйықтық манометрлер, ал дистанциялық өлшеу үшін «Метран-100» интеллектуалды датчиктер сериясы қолданылады. «Метран-100» аспабының датчиктері қысымның барлық түрлерін өлшеуге арналған: абсолют, артық, сиретілген қысымдарды, қысым құламасын, гидростатикалық қысымды (деңгейді). Олар екінші реттік тіркегіш және көрсеткіш аппаратурамен, реттегіштермен комплектіде жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрақты токтың стандартты сигналдарын (0-5, 0-20, 4-20мА) және HART-протокол базасындағы сандық сигналдарды қабылдайтын автоматика қондырғыларымен бірге жұмыс істейді.

Дабыл қағу және апаттан қорғау тізбектері үшін электроконтактілік манометрлер қолданылады.

Манометр таңдау барысында жұмыстық қысымның мәні шкала диапазонының 2/3 бөлігінде болуы талап етіледі. Шкалада ең жоғарғы мүмкін болатын қысым мәні қызыл сызықпен белгіленіп тұруы қажет. Одан асып кетуге рұқсат етілмейді. Ең жоғарғы мүмкін болатын қысым мәні мен шкала шегі арасында артық қор болуы керек.

Манометрлер қазандыққа арнайы стендіге, қоршаған орта температурасы 40°С аспайтын жағдайда орнатылады. Манометр мен қазан импульстік түтікше арқылы қосылады. Ал будың қысымын өлшеу үшін тағы сифондық түтікше жалғанады (торайдың құйрығы), ол ыстық буды манометрден айыру функциясын атқарады.

Манометрлерді жыл сайын стандартаушы және сертификаттаушы ұжымдар тексеріп, штамп және пломба қойып отыруы қажет.

Су ысытушы қазандықтарда қысым мына нүктелерде көрсетуші аспаптармен өлшенеді:

а) қазанның кірісіндегі жабу арматурасынан кейінгі судың қысымы;

б) қазанның шығысындағы жабу арматурасына дейінгі судың қысымы;

в) ауа үрлейтін вентиллятордан кейінгі ауаның қысымы;

г) реттегіш органнан кейін оттықтың алдындағы сұйық немесе газ отынның қысымы;

д) оттықтың ішіндегі сиретілуді;

е) түтін сорғыштың алдындағы сиретілуді.

Сонымен қатар, қазандықтағы:

а) жылу желілерінің тура және кері құбырларындағы қысым;

б) қазанға дейінгі магистралдық құбырдағы сұйық немесе газ отынның қысымы;

в) қоректік судың қысымы;

г) жылумен жабдықтаудың кері құбырындағы судың қысымы (тіркегіш);

д) жалпы газ құбырындағы газдың қысымы (тіркегіш).

9.2.3 Қазандықтағы су деңгейін бақылау.

Бұл процесс су көрсеткіш шынылардың көмегімен жүзеге асады. Шынының бетінде судың минимал деңгейіне сәйкес келетін тұста қозғалмайтын, төменгі деңгей, ал максимал мәннің тұсында – жоғарғы деңгей деген жазуы бар металл көрсеткіш орнатылған. Шынының бірінші бөлік-сызығы оның төменгі көрінетіншетінен кемінде 25 мм биіктікте болуы керек. Су көрсеткіш шыныларды смена бойы кемінде үш рет үрлеп, тазалап тұру қажет.

9.2.4 Шығынды өлшеу.

Су ысытушы қазандықтарда шығын тіркегіш аспаптардың көмегімен мына нүктелерде өлшенеді:

а) қазаннан өтетін судың шығыны;

б) сұйық немесе газ отынның шығыны;

Сонымен қатар, сумматорлардың көмегімен котельнядағы:

а) жылумен жабдықтау жүйесінің әрбір құбырындағы судың шығыны;

б) қоректік судың шығыны;

в) ГВС циркуляциялық суының шығыны;

г) будың шығыны, қайтпалы конденсаттың шығыны.

Қазандыққа келетін газдың шығыны өлшеу диафрагмасы бар, қысым құламасын унификацияланған сигналға түрлендіргіш пен тіркегіштің көмегімен жүзеге асырылады. Бұл аспаптар щитте орналастырылған. Түрлендіргіш ретінде «Метран» интеллектуалды датчиктер сериясы қолданылады. Ал щиттегі тіркегіштер ретінде Элемер НПП өнімі РМТ 49D аспаптары алынған. Сонымен қатар қазандыұта ультрадыбыстық шығын өлшегіш-санағыш «Взлет» қолданылады.

9.2.5 Деңгейді өлшеу.

Деңгейді өлшеу үшін ROSEMOUNT 5400 – екі өткізгіштірадарлық датчик және РОС-301 қолданылады.

9.2.6 Газ сараптау.

Қазандықтардың бақылау–өлшеу аспаптары қатарына қазаннан шығатын газдар құрамындағы оттегінің шамасын бақылау үшін қолданылатын газ сараптаушылар да кіреді. Оттегінің шамасын білу жану процесіндегі ауаның жеткілікті немесе жеткілікті емес екенін білу үшін керек, сондықтан жану процесінің тиімділігі тікелей осыған тәуелді.