2. Зейіннің физиологиялық негіздері.
Зейіннің физиологиялық негіздеріне бас ми қыртысында - болатын негізгі жүйке үрдістері - тежелу мен қозудың өзара әрекетінің тетігі жатады. Зейін үрдісінде адамды қоршаған ортада көптеген басқа заттардың ішінен белгілі бір затты, нысанды ерекше бөліп, соған санасын бағыттайды, ал басқа заттар қабылдаудың жалпы фоны болып табылады. Физиологиялық тұрғыдан бұл белгілі бір жүйке орталықтары қозғанда, басқа орталықтары тежеледі де И.П. Павловтың негіздеген жүйке үрдістерінің иңдукциясы заңы бойынша бас ми алабының белгілі бір бөлігінде қозу үрдісі пайда болса, бас мидің басқа бөліктерінде тежелу үрдісін шақырады.
Бас ми алабында ұйымдасқан қозу орталығы барлық басқаларына үстемдік етеді, оны доминанта деп атайды (немесе қозудың оптималді орталығы), ал мидың қалған бөліктері индукция заңы бойынша тежеледі.
И.П.Павловтың қозудың оптимальді орталығы туралы ілімі зейіннің физиологиялық негізі болып табылады. Зейіннің физиологиялық негіздерін анықтау үшін академик А.А.Ухтомскийдің ұсынған доминанта қағидасының мәні зор. Бұл принцип бойынша, мида әруақытта да қозудың үстемдік ететін орталығы болады. Ол өзіне миға бара жатқан барлық қозуларды шақырады және осының арқасыңда оларға үстемдік етеді. Осындай орталықтың пайда болу негізі тітіркендіргіштің күші ғана емес, сонымен қатар бүкіл жүйке жүйесінің толық жағдайына байланысты.
Сонымен, доминанта деп бір уақытта адам санасына әсер еткен бірнеше тітіркендіргіштің ішінен беруінің басқаларға үстемдік етуін айтады. Академик А.А.Ухтомский зерттеулері бойынша жүйке жүйесіне әсер еткен көптеген тітіркендіргіштердің ішінен біреуінің жеңіп шығып, күшті әсер етуі. Бас ми алабында қозудың бірнеше орталығы пайда болады. Бұл жағдайда қозудың әрбір орталығы барлық бас мидың алабында жайылу (иррадиация) жағдайында болады. Сондықтан да қозудың жекелеген орталықтарының арасында қайшылық, күрес туындайды. Осы күрестің нәтижесінде осы орталықтардың біреуі жеңіп, үстемдік етеді, академик Ухтомский оны доминанта деп атаған еді.
Доминанта бар кезінде қозудың басқа орталықтары (әлсіз тітіркендіргіштер - "субдоминанталар") көп жағдайда жоғалып кетпейді. Олар доминантамен бірігіп кетеді, оны күшейтеді немесе доминантаға қарсы күреседі. Осы күрестің нәтижесінде субдоминанталар өздері доминанта болуы мүмкін, ал бұрынғы доминанта субдоминантаға айналады. Доминанта қозудың үстемдік орталығы ретінде біздің зейініміздің белгілі бір затқа бағытталуы мен жинақталуының физиологиялық негізі болып табылады.
Зейін көп жағдайда организмнің ерекше бейімделуі өзгерістеріне байланысты аңғарылады. Мәселен, заттар мен құбылыстарды көру қабылдауы арқылы зейін қоюда біздің көзіміз затқа немесе құбылысқа ерекше бағытталады, көзді алмай қарайды. Дыбысты қабылдауда да зейін салып тыңдаймыз, біз мойнымызды бұрып, ұйып тыңдаймыз. Егер де зейін шығармашылық қиялмен байланысты болса, адам көзі алысқа бағытталған болады. Ой үстінде зейін салудың ерекшеліктері бар. Зейіннің күшеюіне байланысты тыныс алу да сиректейді немесе ұзара бастайды. Зейін қою кезінде бұлшық ет жүйесінде де өзгерістер іске асады. Барлық артық қозғалыстар азаяды. Бұлшық ет жүйесі ерекше жағдайда болады.
