
Зейін.
Жоспар:
1. Зейін туралы жалпы түсінік
2. Зейіннің физиологиялық негіздері
3. Зейіннің түрлері және оларға сипаттама.
4. Зейіннің қасиеттері.
5. Зейінді дамыту және тәрбиелеу.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі:
1. Алдамұратов Ә. Жалпы психология. Алматы, Білім, 1996.
2. Тәжібаев Т.Т. Жалпы психология. Алматы: «Қазақ университеті», 1993.
3. Аймауытов Ж. Психология, 1995.
4. Жарықбаев Қ.Б. Психология. Алматы, Білім, 2005.
5. Жарықбаев Қ.Б. Психология негіздері. Алматы: «Эверо», 2005.
6. Джакупов С.М. Психология позновательной деятельности. А., 1992.
7. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Педагогика және психология. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2002.
8. Жақыпов С., Бердібаева С. Психологиялық зерттеу нәтижелерін статистикалық өңдеу тәсілдері. – Алматы, 1998.
9. Алдамұратов Ә. Қызықты психология. – Алматы; Қазақ Университеті, 1992.
10. Сейтәлиев Қ. Жалпы психология. Алматы, Білім, 2007.
11. Бап-Баба С. Жантану негіздері. Алматы, 2001.
Қосымша:
1. Лурия А.Р. Внимание и память. - МГУ, 1975.
2. Ананьев Б.Г. Мектеп балаларының зейін тәрбиесі. — Алматы, Қазмембас, 1951.
3. Асылбеков А. Мектеп оқушыларының ынтасын тәрбиелеу. — Алматы, 1959.
4. Асылбеков А. Семьяда оқушылар ынтасын тәрбиелеу. - Алматы, 1958.
5. Бондаревский В. Тәрбие тәлімі. - Алматы: Жалын, 1983.
6. Люблинская А.А. Мұғалімге бастауыш мектеп оқушыларының психологиясы жөнінде. - Алматы, Мектеп, 1981.
1. Зейін туралы жалпы түсінік.
Адамның кез-келген іс-әрекеті зейін арқылы іске асып отырады. Барлық іс-әрекеттің негізгі шарты зейін болып табылады.
Зейін дегеніміз адам санасының қоршаған ортадағы белгілі заттар мен құбылыстарға белсенді бағытталуын айтамыз. Зейін — адамды қоршаған көптеген басқалардың ішінен заттар мен құбылыстарды бөліп көрсету.
Зейін қабылдау, түйсіктер, ес, қиял, ойлау сияқты ерекше психикалық үрдіс емес. Зейін басқа психикалық үрдістерде байқалады. Мәселен, біз бір нәрсені қабылдау үшін оған зейін қоямыз, еске сақтау үшін зейін саламыз, зейін салып ойлаймыз, әңгімелесеміз. Сондықтан да зейін кез-келген іс-әрекетті орындаудың шарты болып табылады. Меселен,
қарапайым жұмыс, ағаш жару, жер қазу және компьютерде ең күрделі есептеу техникаларымен жұмыс, ғылыми зерттеу жұмысы зейінсіз іске асуы мүмкін емес.
Зейін оқу жұмысының негізгі шарты болып табылады. Оқу материалын берік меңгеру ең алдымен зейінге тікелей байланысты. Орыстың ұлы классик педагогі К.Д.Ушинский зейін туралы былай деп жазды: "Зейін есік тәріздес, ол арқылы бәрі өтеді, сыртқы дүниеден адамның жан-дүниесіне жетіп отырады."
Балалардың үлгермеушілігін алдымен олардың зейінділігінің жеткіліксіздігінен іздеуіміз қажет. Есінің әлсіздігі, оқу материалын меңгерудегі әлсіздігі негізінен зейіннің әлсіздігіне байланысты. Заттар мен құбылыстарға зейін аударғанда адам санасы бір нысанаға шоғырланады және бағытталады. Бұны былай түсінуге болады: адамды қоршаған көптеген заттардың ішінен біреуін бөліп зейін аударады, ал барлық қалғандарына мән бермейді. Міне, осы қасиетінен зейіннің таңдамалы сипатын аңғарамыз. Басқаша айтқанда, зейін психикалық іс-әрекеттің тандамалы сипатын білдіреді. Оқушының сабақ үстінде әрекетін байқап қарайық, оқушы мұғалімнің айтқанын зейін салып тыңдайды, түсінеді және оның түсіндіргенін есінде сақтайды. Оқушы есеп шығарғанда, шығарма жазғанда осы іс-әрекетті қалай зейін қойып орындайтынын аңғару қиын емес.
Оқу әрекетінің барлық түрлері оқушыдан ерекше зейін салуды қажет етеді, зейінсіз оқу әрекетін меңгеру мүмкін емес.
Оқу әрекетіңде шәкірттердің зейінін бақылап қарайтын болсақ, оның бет-пішінінің қалай өзгеретінін, денесінің орналасуын, қандай іс-әрекетті орындауға байланысты көзінің бағытталуын байқауға болады. Шәкірт белгілі бір нысанаға зейін аударғанда, зейіннің әруақытта да сыртқы көрінісін аңғарамыз. Мұғалім шәкірттердің оқу үрдісінің біріншіжылынан бастап, оларды зейінді болуға тәрбиелейді. Мұғалім "Бәріңізде маған қараңыз", "Дұрыс отырыңыздар" деген қаратпа сөздерді жиі қолданады. Таным үрдістерінен (қабыддау, ес, ойлау және т.б.) негізгі ерекшелігі, зейін жеке таным үрдісі бола алмайды, өзінің ерекше мазмұны болмайды. Зейін таным үрдістерінің ішінде аңғарылады және олардан бөліп қарауға болмайды. Зейін психикалық үрдістердің іске асу динамикасын сипаттайды. Мәселен, бір нәрсені қабылдау үшін міндетті зейін саламыз, еске сақтау үшін зейін саламыз.
Зейін өз табиғаты жағынан таным үрдісі бола алмайды, бірақ кез-келген таным үрдісінің іске асу шарттарын сипаттайды.
Зейін төмендегідей қызметтерді атқарады: психологиялық және физиологиялық үрдістердің қажеттерінің белсенділіктерін арттырады және қажетсіздерін тежеп отырады, түскен ақпаратты мақсатты, ұйымдасқан іріктеуге көмектеседі, белгілі бір нысанаға белсенділікті ұзақ уақыт шоғырландыруға кемектеседі.
Зейін туралы өте маңызды теориялық тұжырымды Т.Я.Гальперин ұсынған болатын. Оның зейін туралы тұжырымдамасының негізгі қағидалары төмендегідей:
1. Зейін бағдарлы зерттеу іс-әрекетінің сәттерінің бірі болып табылады. Ол қазіргі кезде адам психикасының, бейнесінің, ойының мазмұнына бағытталған психологиялық іс-әрекет болып табылады.
2. Өзінің қызметі жағынан зейін осы мазмұнды бақылау болып табылады. Адамның іс-әрекетінде бағдарлы, орындаушылық және бақылау функциялары кездеседі.
3. Белгілі бір өнім өндіретін басқа іс-әрекеттерден ерекшелігі бақылау іс-ерекеті немесе зейіннің бөлек, жеке нәтижесі болмайды.
4. Зейінде бақылау өлшемдерінің, үлгінің көмегімен іске асады, ол іс-әрекеттің нәтижесін салыстыруға жене оны анықтауға кемектеседі.
5. Ерікті зейін — жоспарлы зейін, бақылау алдын ала жасалған жоспар бойынша іске асады.