- •Мұрагерлік құқық және мұрагерлік туралы жалпы ережелер Мұрагерлік түсінігі және мазмұны
- •Мұрагерлік құқық түсінігі
- •Мұрагерліктің маңызы
- •Мұрагерлік құқықтың негізгі түсініктері Мұра мирасқорлығы
- •Мұрагерліктің негіздері
- •Мұраның құрамы
- •Мұраның ашылу орны және уақыты
- •Заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлік Заңды мұрагерлік
- •Ұсыну құқығы бойынша мұрагерлiк
- •Өсиет бойынша мұрагерлік
- •Өсиеттің нысаны
- •Талап қойылған өсиет
- •Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгiне мұрагерлiк
- •Нотариатта куәландырылған өсиет
- •Нотариата куәландырылғандарға теңестiрiлетiн өсиеттер
- •Өсиеттiң күшiн жою және оны өзгерту
- •Өсиеттiң құпиясы
- •Өсиетке түсiнiк беру
- •Өсиеттiң жарамсыздығы
- •Өсиеттiк бас тарту (легат)
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттердің тізімі
Өсиет бойынша мұрагерлік
Азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке билік ету жөнінде өз ықтиярын білдіруі өсиет болып танылады. Азамат өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кіретін де, кірмейтін де бір не бірнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады. Өсиетті өзі жасауға тиіс. Өкіл арқылы өсиет жасауға жол берілмейді. Өсиет қалдырушы себебін түсіндірместен заң бойынша мұрагерлердің біреуін, бірнешеуін немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Егер өсиеттен өзгеше туындамаса, заң бойынша мұрагерді мұрадан айыру оның ұсынылу құқығы бойынша мұрагерлік етуші ұрпақтарына қолданылмайды.
Мұра қалдырушы кез келген мүлік туралы өкімді қамтитын өсиет жасауға құқылы. Мұра қалдырушы жасалған өсиеттің оны жасағаннан кейін кез келген уақытта күшін жоюға және өзгертуге ерікті және күшін жоюдың немесе өзгертудің себебін көрсетуге міндетті емес. Мұра қалдырушының өсиетте өзі мұрагер етіп тағайындаған адамдарға, олар қайтыс болған жағдайда өз кезегінде өсиет еткен мүлікті белгілі бір түрде билік ету міндетін жүктеуге құқығы жоқ.
Өсиеттің нысаны
Өсиет оның жасалған жері мен уақыты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда жасалып, нотариатта куәландырылуға тиіс. Нотариатта куәландырылған өсиетттер; нотариатта куәландырылғандарға теңестірілетін өсиеттер тиісінше ресімделген болып танылады.
Өсиетке өсиет қалдырушының өзі қол қоюы қажет. Егер өсиет қалдырушы дене кемістіктеріне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетке өзі қол қоя алмаса, оның өтініші бойынша оған нотариустың немесе өсиетті куәландырушы басқа адамның қатысуымен өсиет қалдырушының өсиетке өзі қол қоя алмауының себебін көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкін. Өсиетті жазу, оған қол қою немесе куәландыру кезінде куәлар қатысуға тиіс болған жағдайларда:
нотариус немесе өсиетті куәландыратын өзге адам;
пайдасына өсиет жазылған немесе өсиет қалдырудан бас тартылған адам, оның зайыбы, оның балалары, ата-аналары, немерелері мен шөберелері, сондай-ақ өсиет қалдырушының заң бойынша мұрагерлері;
толық әрекетке қабілеттілігін иеленбейтін азаматтар;
сауатсыз және өсиетті оқуға қабілетсіз басқа да адамдар;
жалған жауап бергені үшін соттылығы бар адамдар куә бола алмайды, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоя алмайды.
Талап қойылған өсиет
Өсиет қалдырушы мұрагер мiнез-құлқының сипатына қатысты мұра алуды белгiлi бiр талаппен байланыстыруға құқылы. Мұрагер тағайындау немесе мұра алу құқығынан айыру туралы өкiмге енгiзiлген заңға қарсы талаптар жарамсыз болады. Өсиетке енгiзiлген мұрагердiң денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де объективтi себептерге байланысты мұрагер үшiн орындалмайтын талаптар мұрагердiң талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгiне мұрагерлiк
Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгi Азаматтық Кодекстiң 1061-1066-баптарындағы тәртiппен мұрагерлiкке шақырылған мұрагерлер арасында заң бойынша бөлiнедi. Бұл мұрагерлердiң қатарына заң бойынша мүлiктiң басқа бөлiгi өсиет арқылы қалдырылған мұрагерлер де кiредi.
Нотариатта куәландырылған өсиет
Нотариатта куәландырылған өсиеттi өсиет қалдырушы жазуы керек не өсиет қалдырушының айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиiс. Өсиет қалдырушының айтуымен өсиет жазылған кезде нотариус жалпы жұрт қабылдаған техникалық құралдарды (жазу машинкасы, дербес компьютер және т.б.) пайдалануы мүмкiн. Өсиет қалдырушының айтуы бойынша нотариус жазған өсиеттi өсиетке қол қойылғанға дейiн нотариус пен куәның қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуға тиіс. Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиеттi өзi оқи алмайтын болса, ол үшiн оның мәтiнiн нотариустың қатысуымен куә оқып бередi, ол туралы өсиет қалдырушының өсиеттi өзi оқи алмауының себептерi көрсетiлiп, өсиетте тиiстi жазба жасалады.
Егер нотариат куәландырған өсиет куәның қатысуымен жасалса, өсиетте куәның тегi, аты және тұрақты тұратын жерi көрсетiлуге тиiс. Осындай мәлiметтер өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған адамға қатысты да енгiзілуi тиiс. Өсиет қалдырушының тiлегi бойынша нотариус өсиеттiң мазмұнымен таныспай-ақ оны куәландырады (құпия өсиет).
Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупiмен, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуға және қолы қойылуға, екi куәның және нотариустың қатысуымен куәлар қол қоятын конвертке салынып, желiмденуге тиiс. Куәлар қол қойған конверт куәлардың және нотариустың қатысуымен, нотариус куәландырып қол қоятын басқа конвертке салынып желiмденедi. Нотариус жоқ елдi мекендерде тұратын адамдардың өсиетiн заң актiлерiнде нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар куәландырады.
