Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
pravo_kurs_171.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
200.19 Кб
Скачать

Кіріспе

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің Мұрагерлік құқық атты бөлімінде бірнеше жаңа ережелер қабылданды. Мұрагерлік қатынастар Азаматтық Кодекстің 1038-1083 баптарымен реттеледі (ерекше бөлім). 1999 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне (ерекше бөлім) қол қойып, Кодекс сол күні күшіне енді. Ал 1 шілдеге дейін Қазақстанда 1994 жылы қабылданған Азаматтық Кодекстің жалпы бөлімі күшінде болды, 1999 жылы 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі толықтай қолданысқа өтті. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодекстің ерекше бөлімінің болмауы республикадағы экономикалық қатынастарды реттеуді қиындатты. 1963 жылы қабылданған Қазақ ССР Азаматтық Кодекстің нормалары нарықтық экономика принциптеріне қайшы келсе де, іс жүзінде қолданылды. Мұрагерлік құқық қандай болу керек деген сұрақта ғалымдар әртүрлі пікір ұстанады. Бірақ оның бәрі - жеке мүлік ұрпақтан ұрпаққа ауысатынын жақтайды.

Қоғамдық өмірдің түпкілікті ауысуы біздің елімізде көптеген салалардағы құқықтық реттеуді дамытуды талап етеді. Мұрагерлік бұл экономикалық мазмұны бар қатынастар.

Кеңес заманындағы мұрагерлік құқық - Рим құқығының негізінде жасалған, жақсы дамыған институт. Бірақ көне мүліктік жүйеде көптеген мәселелер өз шешімін таппады. Ал жаңа заңдағы бекітілген ережелер сол мәселелерді қайта көтеріп, жаңа проблемаларды туындатты.

Курстық жұмыстың мақсаты-мұрагерлік құқықпен байланысты проблемаларды талдау. Осы мақсаттан туындайтын міндеттер: мұрагерлік құқықпен байланысты Қазақстандық заңдарды және Халықаралық құқықтық реттеуді талдау, жүйелеу және зерттеу.

Мұрагерлік құқықтық қатынастар көптеген нормативті акттермен, мысалы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Азаматтық құқық негіздерімен, көптеген басқа да институттар мен шешімдермен реттеледі.

Қазақстанда 1990 жылдардың басындағы экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайлардың күрт өзгеруі, құқықтық реттеулерге де әсерін тигізбей қоймады. Еліміздегі соңғы жылдардағы оқиғалар, бүтіндей тұтас құқықтық реттеулердің, соның ішінде мұрагерлік құқықтық реттеу қажеттілігінің әлдеқашан пісіп жетілгенін байқатты. Құқықтық мемлекетімізде және ашық демократиялық қоғамымызда, азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылар шеңберінің едәуір ұлғайғанын, сонымен қатар азаматтық-құқықтың жеке құқықтық институттарының көбейгенін, азаматтың жеке меншігінде болатын мүліктің саны мен құны шектелмейтінін (ҚР-ның АК-нің 191 бабының 1,2 тармақтары), сонымен қатар т.б. жағдайлардың көз алдымызда қарқынды түрде қалыптасуын байқаймыз. Осының барлығы күнделікті тіршілікте және заңда белгіленген ережелерге қарама-қайшылық туғызатыны сөзсіз.

Кез келген  қайта құру түрі, ең алдымен идеологиялық, әлеуметтік, психологиялық тәсілдер мен қағидалардан көрініс табады және көптеген сұрақтардың туындауына алып келеді. Оның бірі әрі қарай дамудың жолы қалай болмақ, қоғамдық өмірдің қайта құруы қандай мақсатта жасалмақ деген әлеуметтік-экономикалық, саяси, құқықтық-қатынастар, әдет-ғұрып, діни негіз дәстүрлері әсерінен қалыптасқан қоғам дамуының ерекшеліктерін ескерместен өмір сүре алмайды. Мемлекет экономиканы реформалау барысында монополиядан бас тартып, жеке меншікке ауысуы Қазақстанның экономикалық реформасының маңызды бағытына айналды және ол мұрагерлік құқық институтына әсерін тигізді.

Құқық нормаларының ескіруі құқық қолдану тәжірибесінде коллизияның пайда болуына әкеп соқтыратыны, сонымен қатар іс жүзінде азаматтардың мүдделерін толық көлемде жүзеге асырумен және оны қамтамасыз етуге кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Ұзақ уақыт қолданыста болған Қазақ КСР-нің АК-сі шаруашылық үрдістерді басқарудың тоталитарлық үлгісінен нарықтық үлгісіне ауысу жағдайында жаңа уақыт талабына жауап бермейтін дәрежеге жетті. Осыған орай, Конституциямызға және бүтіндей дерлік құқық салаларына, соның ішінде мұрагерлік құқықты реттейтін заңдарға да жаңа ережелер енгізілді. Айта кететін жағдай, егер Қазақ КСР-нің АК-нің VIII «Мұрагерлік право» бөлімі 35 баптан тұрса, қазіргі ҚР-ның АК-нің VI «Мұрагерлік құқық» бөлімі 48 бапты қамтиды. Яғни, мұрагерлік құқық ережелеріне жаңа заман талабына сәйкес бірнеше жаңа баптар енгізілді.

Мұрагерлік мүліктік қатынастарды құқықтық реттеу конституциялық, азаматтық-құқықтық нормасы бойынша өзінің мұра қалдыру мүмкіндігін және азаматтың қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлкін өз ықтиярымен билік ету бойынша өсиет қалдыруы, не болмаса заңды мұрагерлік бойынша мұрагерліктің жүзеге асуы, сонымен қатар осы мәселелер бойынша өзге тұлғалардың мүлікке қол сұғуынан құқықтық қорғау тәсілдері бекітілген. ҚР-сы Конституциясының 26 бабына сәйкес: «1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады.

2. Меншікке , оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі», -деп көрсетіліп, бекітілген. Яғни, азаматтардың мұрагерлік құқығы заң жүзінде танылады және сақталады.

Жалпы мұрагерлік  құқықтың өсиет бойынша және заңды мұрагерлік құқық мәселелеріне арналған құқықтық нормалар заң шығарушылардан дәлділікті, ой-тұжырымдарының анықтығы мен айқындығын талап етеді. Бұл әрбір азаматтың басқа да мүдделерін қорғайтын мұрагерлік ерекшелігімен байланысты.

Мұрагерлік институттың консервативтілігі соншалық, оған қандай да бір маңызды өзгерістерді қолдану мүмкін емес, себебі оны қайта қалпына келтіру қиынға соғады. Дегенмен де уақыт өз толықтыруларын енгізіп отыр, бұл өмірдің өзгеруімен, сондай-ақ адамдардың өз талаптарының өзгеруімен де байланысты. Мұндай жағдайда қоғамда болып жатқан өзгерістерге соқтықпайынша, мұрагерлік құқық институты өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Ол барлық құқық сияқты бүтіндей жаңа уақыттың және жаңа саясаттың талаптарына жауап беруі керек. Аталған мәселелер теориялық деңгейде өңделмесе, мұрагерлік құқықтық қатынастарды реттейтін азаматтық заңдарды толық жетілдіру процесі қиындайды.

Жоғарыда айтылған мәселелер және теориядағы мұрагерлікке қатысты өзге де мәселелер, заңдар мен тәжірибелер ғылыми-теориялық зерттеулерге мұқтаж. Сонымен қатар мұрагерлік құқық институтында құқықтық реттеулерді толық жетілдіру бойынша, соның ішінде меншік құқығына ие болу және т.б. мұрагерлік құқық институтына қатысты өзге де мәселелерді өңдеу және оған баға беру керек. Мұрагерлік қатынастарды реттейтін негіздердің жүйесін  дамыту мәселелерінің мәнін түсіну қажет, сонымен қатар нотариалды және сот тәжірибесінде азаматтардың мұрагерлік  құқығын жүзеге асыру кезінде пайда болатын мәселелердің онды жолдарын табу қажет.

Демек, зерттеу жұмысының өзектілігі мұрагерлік институтын жан-жақты және терең теориялық зерттеу қажеттілігінің алдын ала анықтау, сонымен қатар осы салада пайда болған құқықтық мәселелерді кешенді шешу болып табылады.

Берілген тақырыптың маңыздылығы бойынша курстық жұмыстың мақсаты мұрагерлік құқық институтының  даму тенденциясын білу болып табылады, яғни қазіргі мемлекеттің даму кезеңі мен кеңес дәуіріндегі мұрагерлік туралы заңнамаларды салыстыру және мұрагерлік құқықтың өзекті мәселелері жан-жақты талдап зерттеледі.

Аталған мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер қойылады:

— Мұрагерлік құқықтың тарихын зерттеу негізінде өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерліктің қалыптасуымен даму ерекшеліктеріне талдау жасап, олардың өзекті мәселелерін анықтау;

— Кез келген қайтыс болған адам «мұра қалдырушы» болмайды, яғни азаматтың тірі кезінде оған тиесілі болған мүліктің мұрагерлеріне ауысуын қарастыру;

— Мұрагерлік құқықтық қатынастың құрылымын саралау;

— Өсиет қалдырушының өсиетті құруға байланысты пайда болатын мәселелеріне талдау жүргізу,

— Мүліктің жеке түрлерін мұраға қалдыру ерекшеліктеріне талдау жүргізу;

— ҚР-ның мұрагерлік құқық туралы қазіргі қолданыстағы заңнамалар бойынша сот тәжірибесіндегі істерді саралау және оны зерттеп білу.

Мұрагерлік түсінігі және мазмұны

Мұрагерлік - қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкінің басқа адамға (адамдарға) - мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.

Мұрагерлік түсінігін анықтаған кезде келесі жағдайларды ескеру керек:

  1. құқықтар мен міндеттер мұра қалдырушыдан мұрагерге құқық мирасқорлығы арқылы өтеді;

  2. азаматтық кодексте тыйым салынған құқықтар мен міндеттерден басқа барлық құқықтар мен міндеттер мұрагерге өтеді;

  3. мұраны қалдыру ережесі, мерзімі және т. б. мұраны қалдырған кездегі заңмен реттеледі.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 6 бөлімі «Мұрагерлік құқық» деп аталған. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Пленумының шешімінде «мұралық» термині қолданылды. Көптеген әдебиеттерде және тәжірибеде бұл екі термин синоним сияқты қолданылады. Іс жүзінде бұл екі термин әртүрлі. Мұралық құқығы - сол тұлғаның субъективті құқығы. Мұрагерлік құқық-мұра мирасқорлығымен байланысты қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26 бабының 2 тармағында «мүлекке және мұралыққа заң кепіл береді» делінген.

Мұрагерліктің маңызын айтқан кезде, оны жалпы адамзат өмір сүрүінің бір мақсатына жатқызу керек. Мысалы қайтыс болған азаматтың құқықтары мен міндеттері мұрагерлік бойынша ешкімге өтпесе қандай салдарға әкелер еді?

  1. Мұрагерлік ешкімге өтпесе, сол тұлғаның жақын адамдарына кері әсер етер еді, өйткені олар өмір сүруге қаражаттары болмаушы еді. Жинаған қаражатымен не істейтінін білмеген адамдардың іскери белсенділігі төмендеуші еді

  2. Бұл көптеген акционерлік қоғамдардың, банктердің, сақтандыру компаниялардың және т. б. күйреуіне әкелер еді. Егер өз істерін құрып, кейіннен сенімді қолға бере алмаса істі қандай мақсатпен жүргізеді.

  3. Қайтыс болған азаматтың кредиторлары өз талаптарын кімге қоятындарын білмейтін еді.

Адам бүкіл өмірі бойына жұмыс істеп, өз мүлкін жақын адамдарына қалдыруға мүдделі.

Әдебиеттерде мұрагерлік туралы бірнеше пікір бар:

  1. Заң белгілеген ережелер бойынша қайтыс болған азаматтың (мұра қалдырушы) мүліктік құқықтары және міндеттерінің басқа адамға (адамдарға) мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы. Бірақ бұл мүлік емес құқықтар мен міндеттерге қатысты. Сондықтан мұраның құрамына үй емес үйге құқық, автомобиль емес автомобильге құқық кіреді.

  2. Н. Д. Егоров бойынша мұрагерлік бұл құқықтардың өтуі емес, объектілердің өтуі. Бірақ құқық бойынша тек мүлік емес құқықтар мен міндеттер де өтеді. Осы пікірді кеңес әдебиеттерінде В. И. Серебровскийдің еңбектерінде кездестіруге болады.

  3. Ю. Н. Власовтың пікірінше мұрагерлік қайтыс болған азамат мүлкінің мұрагерге немесе мұрагерлерге өтуі. Мұрагерге барлық құқықтар мен міндеттер өтуі тиіс.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 1039 бабына сәйкес мұрагерліктің негіздері заң бойынша немесе өсиет болып табылады. Әлемдік тәжірибеде басқа мұрагерлік негіз жоқ. Заң бойынша мұрагергерлік өсиет болмаса ғана жүзеге асырылады. Ал тәжірибеде заң бойынша мұрагерлік өсиеттен жиі кездеседі. Кейде мұрагерлік заң бойынша да, өсиет бойынша да өтеді. Мысалы, мұра қалдырушы өсиетінде өз қызына пәтерін қалдыратынын жазады, ал басқа мүліктер туралы жазбайды. Сонда пәтер өсиет бойынша өтеді де, басқа мүліктер заң бойынша өтеді. Өсиет немесе заң бойынша мүлікті мұра ету үшін бірқатар заңды фактілер қажет. Заң бойынша мұрагерлікке кем дегенде екі факт керек. Біріншіден, мұраны қабылдайтын тұлға заң бойынша мұрагерлердің қатарында болу керек, екіншіден мұра ашылу керек. Өсиет бойынша мұра қалдырушы өз өсиетінде мүлікті кімге қалдыратынын көрсетеді. Сондықтан, өсиет жоқ болса да, бар болса да, оның мазмұнына қарамастан мұрагерлік заңда қарастырылған фактілер бар жағдайда ғана жүзеге асады.

Мұра дегеніміз мұра қалдырушыдан мұрагерге құқық мирасқорлығы тәртібінде өтетін мүлік. Мұра түсінігін анықтау үшін мұрагерлерге немене және қалай өтеді деген сұраққа жауап беру керек. Мұрагерліктің жалпы ережесі қиын емес. Мұра қалдырушының барлық мүліктік құқықтары мен міндеттері мұрагерге өтеді. Мұра құрамына кейбір ерекше жағдайлардан басқа бар мүліктік құқықтары мен міндеттері кіреді. Мұрагерліктің келесі өзгешеліктерін бөліп көрсету қажет:

  • біріншіден, мұра не мұралық мүлік құрамына қайтыс болған азаматтың құқықтары (актив) мен қарыздары (пассив) кіреді.

  • екіншіден, мұрагерлік бойынша тек мұра қалдырушы тірі кезінде иеленген құқықтар ғана өтеді. Сондықтан мұра қалдырушы тірі кезінде ие болмаған, ол қайтыс болған кезде пайда болған құқықтар мұра құрамына енбейді. Мысалы өз жанұясының пайдасына жасалған өмірді сақтандыру шарты. Бұл мұрагерлік мирасқорлығы емес, өйткені сақтандыру ақшасын алу мұра қалдырушы қайтыс болған жағдайда ғана беріледі. Осындай жағдайларда мұрагер мұра қалдырушы иеленбеген құқықтарға ие болады.

  • үшіншіден, мұра қалдырушының кейбір құқықтары мен міндеттері өз табиғатына байланысты мұрагерлерге өте алмайды. Мұрагерлік мүліктің құрамына жеке сипаттағы құқықтар мен міндеттер кірмейді. Ең алдымен, бұл алименттік құқықтар мен міндеттер, пәтерді пайдалану құқы, қоғамдық мекемеде және т. б. мүшелік құқы.

  • төртіншіден, мұрагерге өтетін кейбір құқықтар мен міндеттер заң бойынша өтпеуі мүмкін.

  • бесіншіден, мұрагерлік бойынша тек мүліктік ғана емес, мүліктік емес мазмұны бар құқықтар мен міндеттер өтеді. Мұрагерлік бойынша атқа ие болу құқығы, авторлық құқық өтпейді.

Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен міндеттері кіреді. Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен міндеттер:

  • егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;

  • өміріне немесе денсаулығына келтірілген қиянды өтеу құқығы;

  • алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер;

  • зейнетақы төлеу, жәрдемақы және еңбек пен әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң актілерінің негізінде басқа да төлемдер төлеу құқығы;

  • мүліктік құқықтармен байланысы жоқ жеке мүліктік емес құқықтар мұраның құрамына кірмейді.

Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игіліктерді мұрагерлердің жүзеге асыруы және қорғауы мүмкін.

Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады. Егер бірінен кейін бірі мұрагер болуға құқылы адамдар бір күнде қайтыс болса олар бір мезлілде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлікке шақырылады. Мысалы, белгілі бір апатта азаматты қайтыс болды деп жариялағанда, сот қайтыс болу күні деп, апат болған күнді бекітеді.

Мұраны қалдыру уақыты дегеніміз не? Сот шешімінде көрсетілген күн мен сол шешімнің күшіне енген мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайларда сот шешімі күшіне енген күннен бастап есептеген дұрыс.

Мұраны ашу уақыты өте маңызды, өйткені онымен келесі анықтамалар байланысты:

  • мұрагерлік мүліктің құрамы;

  • мұраны қалдыру не мұрадан бас тарту мерзімі;

  • кредиторлардың талап қою уақыты;

  • мұрагерлердің мұрагерлік мүлікке ие болу құқығының пайда болу уақыты;

  • мұрагерлік құқы куәлігін беру уақыты;

  • негізге алынатын заңдар.

Мұраны ашу жері мұра қалдырушының соңғы тұрған жері болып табылады. Егер мұра қалдырушының соңғы тұрған жері белгісіз болса, мұраны ашу жері мұра немесе оның үлкен бөлігі орналасқан жер болып табылады. Кейбір жағдайларда тұрғылықты жерді анықтау мүмкін емес. Бұл ең алдымен босқындарға қатысты. Бірақ қандай жағдай болмаса да мұра қалдырушы тұрған жер мұраны ашу орны болып саналады. Бірақ осы сияқты жағдайларда нотариалдық тәжірибеде кездесетін проблемалар туындайды. Егер мұра қалдырушы Қазақстандағы кірпіш завод және Армениядағы шарап заводының иесі және еш жерде тұрақты тұрмаған болса, мұраны ашу орны қайда болады? Бұл кезде мұраны ашу жері болып мұраның көп бөлігі орналасқан жер болып табылады. Уақытша шет елде тұрып, қайтыс болған Қазақстан Республикасының азаматының мұрасын ашу орны болып, шет елге шыққанша Қазақстан Республикасында тұрған жері болып табылады. Шет елде тұрақты тұрған Қазақстан Республикасы азаматының мұрасын ашу орны болып, оның шет елде тұрақты тұрған жері болып табылады. Бұл кезде мұрагерлік құқық куәлігін Қазақстан Республикасының Консулдық мекемесі немесе шет елдің осындай жұмыстарымен айналысатын мекемесі береді.

Мұра қалдырушы Мұра қалдырушы (Қазақстан Республикасының, шет ел немесе азматтығы жоқ тұлға) қайтыс болғаннан кейін мүлкі мұрагерлік тәртіп бойынша басқа тұлғаларға өтетін жеке тұлға. Егер мұра қалдырушы азамат заңды түрде өз мүлкін қалай бөлетінін жазса, өсиетші болып табылады. Ал мүлкі туралы жазған документ өсиет деп аталады. Мұрагерлікте заңды мұрагерлер және өсиет бойынша мұрагерлер болады. Заңды тұлғадан мұра алу мүмкін емес, сондықтан заңды тұлға мұра қалдырушы бола алмайды.

Мұрагерлер Қайтыс болған азамат мүлкі өтетін тұлға мұрагер деп саналады. Заңды мұрагерлердің қатарын заң бекітеді де, өсиет бойынша мұрагерлердің қатарын өсиет белгілейді. Азаматтар сияқты заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасы, шет елдер, халықарлық ұйымдар мұрагер бола алады. Мұра қалдырушы қайтыс болған уақытта тірі болған әрбір азамат мұрагер бола алады.

Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.

     Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн. Кейбір жағдайларда мұрадан лайықсыз мұрагерлер шеттетіледі:

      1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.

      2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.

      3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.

      4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.

     Осы ережелер барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.

Өсиет бойынша мұрагерлікте мұрагерлердi қосымша тағайындау да кездеседі.

Өсиет қалдырушы өсиетте көрсетiлген мұрагер мұра ашылғанға дейiн қайтыс болған, оны қабылдамаған не одан бас тартқан, сондай-ақ мұрагер мұра қалдырушының заңды талаптарын өсиет бойынша орындамаған жағдайда, басқа мұрагерлер тағайындалады.

    Мұрагер бола алатын кез келген адам қосымша тағайындалған мұрагер болуы мүмкiн. Өсиет бойынша мұрагердiң қосымша тағайындалған мұрагерге пайдасы тимейтiн бас тартуына жол берiлмейдi.

Заң ғылымында құқықтық қатынас күрделі жүйе ретінде қарастырылады, ол жеке-жеке үш элементтерден тұрады. Олар: субъект, объект (пән) және мазмұн (субъективтік құқық пен міндет).

Мұрагерлік құқықтық қатынастың субъектісі мұрагерлік құқықтық қатынасқа қатысушы тұлғалар, яғни мұра қалдырушы мен мұрагер болып табылады.

Мұрагерлік құқықтық қатынастың объектісі мұрагерлік құқықтың негізіне сәйкес, мұра қалдырушының мүліктік жиынтықтарының (соның ішінде мүліктік құқығы мен міндеті) бірыңғай тұтас нәрсе ретінде мұрагерлеріне ауысуы болып табылады.

Өсиеттік бас тартылушылар (легаттар) дербес субъект бола алмайды.

Нотариус қатысты субъект болып табылады.

Мұрагерлік құқықтық қатынас құрамының үшінші элементі мазмұн болып табылады. Мұрагерлік құқықтық қатынастың мазмұны ҚР-ның АК-де белгіленген мұрагерлік құқыққа қатысушы тараптардың құқығы мен міндетінің жиынтығы.

Мұрагерлік құқық субъектілердің одан әрі қарай заңдық қатынастарда тағдырын анықтау, осы қатынасқа құқығы бар тұлғаларды анықтау үшін тұлғаның қайтыс болуына байланысты пайда болатын құқықтық қатынастардың сипатын сараптауымыз қажет. Революциядан бұрын орыс цивилистері заңдық қатынастарды (қазіргі құқықтық қатынас) субъективтік құқық деп түсінген, яғни өзге тұлғалардың қажеттерін қанағаттандыруды қамтамасыз етуді жүзеге асырған, ол екі тұлға арасындағы байланыс сияқты, өзара талаптар мен міндеттерді белгілеген. Қазіргі уақытта құқықтық қатынастарға қатысушы тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің өзара байланысын айтуға болады. Осыдан мұрагерлік құқықтық қатынасты түсіндіруге болады. Яғни, қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкінің басқа адамдарға (мұрагерлерге) ауысуына байланысты реттейтін қоғамдық қатынастар.

Мұрагерлік құқықтық қатынастың субъективтік құрамын сипаттаған кезде, сонымен қатар осы субъектілердің құқықтық қатынастарымен, олардың құқықтық статусы туралы айтатын болсақ, ең алдымен ҚР-ның АК-дегі осы субъектілердің нақты нормаларда қалай аталатынына тоқталайық. «Мұрагерлік құқық бойынша ауысатын мүлік иесінің» аталуы әртүрлі. Бір жерде «қайтыс болған азамат» ҚР-ның АК-нің 1038 бабында, кейбір жерде «мұра қалдырушы» ҚР-ның АК-нің 1040 бабы, 1042 бабы, 1043 бабы, 1044 бабы, 1045 бабы және т.б., кейбір жерде «өсиет қалдырушы» ҚР-ның АК-нің 1046 бабы, 1047 бабы, 1048 бабы және т.б. деп көрсетілген.  Бір баптың  өзінде екі түрлі атаумен де аталатын ержелер кездеседі. Мәселен, ҚР-ның АК-нің 1046 бабында «өсиет қалдырушы» және «мұра қалдырушы» деп көрсетілген. Бұл жағдайлар құқық қолдану кезінде бірдей талқылауда кедергі жасауы мүмкін. Әрине бұл сөздер «бір тұлғаға қатысты» екені түсінікті, дегенменде құқық қолдану органдардың, әсіресе соттардың шешімі кезінде, мұндай жағдайларды жібермеу керек. Өйткені азаматтық заңның өзінде бұл келеңсіздікке қатысты арнайы бап қарастырылады. ҚР-ның  АК-нің 6 бабына сәйкес, «Азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөдердің дәлме-дәл меніне сәйкес түсінілуі тиіс. Заң қалыптарының мәтінінде қолданылған сөздерді әр түрлі түсінуі мүмкін болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституцияның ережелеріне және азаматтық заңдардың осы тарауда, ең алдымен оның 2 бабында баяндалған негізгі қағидаттарына сай келетін түсінікке басымдық беріледі» деген.

«Қайтыс болған азамат», «мұра қалдырушы», «өсиет қалдырушы» ұғымдарын бірыңғай түсіндірсек. ҚР-ның АК-нің 1046 бабында, «қайтыс болған азаматты», 2 ұғымда көрсетсек, яғни мұра қалдырушы және өсиет қалдырушы.

Нақты тоқталып өтсек, ҚР-ның АК-нің 1046 бабының 6 тармағында, «мұра қалдырушы жасалған өсиеттің оны жасағаннан кейін кез келген уақытта күшін жоюға және өзгертуге ерікті және күшін жоюдың немесе өзгертудің себебін көрсетуге міндетті емес» деген. Мұнда «мұра қалдырушы» ұғымы тектік мағынада айтылады. Себебі, қайтыс болған азамат өсиет қалдырғанымен, оны қайта өзгертуге болады деген сөз, қайтыс болған азамат өсиет қалдырмауы да мүмкін дегенді білдіреді.

«Өсиет қалдырушы» ұғымы тек өсиет қалдырған азаматқа қатысты айтылады, мұраға қатысты түрлі ұғымда айтылып тұр. Өсиет қалдырмай, қайтыс болған адамды немесе мұра заңды мұрагерлік негізде жүзеге асатын болса, қайтыс болған азаматты өсиет қалдырушы деп айта алмаймыз.

ҚР-ның АК-нің 1046 бабының 7 тармағына сәйкес, «мұра қалдырушының өсиетте өзі мұрагер етіп тағайындаған адамдарға, олар қайтыс болған жағдайда өз кезегінде өсиет еткен мүлікті белгілі бір түрде билік еті міндетін жүктеуге болады», деген. Мұнда мағынасына қарай түрлі ұғымға қатысты айтылғандықтан «мұра қалдырушы» ұғымын «өсиет қалдырушы» ұғымына ауыстыру ұсынылады. Себебі, мұнда тек өсиетке қатысты, өсиет бойынша туындайтын құқықтық қатынастар туралы айтылып тұр.

Бұл жерде «Мұра қалдырушы» тектік ұғымда, ал «өсиет қалдырушы», « қайтыс болған азамат» және т.б. түрлі ұғымда айтылады.

Тектік ұғым жалпы түп негізін кең ауқымды түсіндіретін ұғым. Түрлі ұғым тектік ұғымның белгілі бір бөлігі ретінде түсіндіріледі.

Сонымен, мұрагерлік құқықтық қатынастардың субъектілеріне қатысты «Мүра қалдырушы» ұғымы «өсиет қалдырушы», «қайтыс болған азамат» және т.б. ұғымдарына қарағанда тектік мағынада берілген.

Бұл бөлімшеде, сонымен қатар мұраның ашылуы, мұраның ашылу орны, лайықсыз мұрагер мәселелері қарастырылады. Осы мәселелерге қатысты келесі мән-жайларды айтуға болады. Біріншіден, мұрагерлік мүліктік құқықтық қатынастардың жиынтығы нақты заңды фактілерге байланысты –мұра қалдырушының өлімі. Екіншіден, мұраның ашылу уақытына анықтама бере отырып, заң шығарушылар коммориенттерге қатысты ережелерде бірнеше мәселелердің шешуін тапқан, мысалы, бір күнде қайтыс болған адамдар бірінен кейін бірі мұрагер бола ала ма жоқ па немесе мұраның ашылу орны бойынша жаңа критерийлер ұсынылған. Үшіншіден, бұрынғы Қазақ КСР-нің АК-нің заңдарына қарағанда лайықсыз мұрагер деп танылған тұлғаларға қатысты ережелер нақты, түсінікті және олардың кінәлары анықталынған. Мұрадан лайықсыз мұрагерлерді шеттету үшін ниет негіз болып табылады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]