Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Аймақтың әлеум саясаты дәрістер -1.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.12 Mб
Скачать

2. Аймақтық әлеуметтік саясат

Әлеуметтік саясатты жүргізудің жалпы ережелері аймақтық бейімдеуді қажет етеді. Бұл аймақтар арасында орын алған әлеуметтік-экономикалық өзгешеліктермен түсіндіріледі. Мұндай өзгешеліктер елдің әкімшілік-аумақтық бөлінуінің әртүрлі деңгейлерінде орын алады және дағдарысты аймақтардың пайда болуына алып келуі мүмкін.

Дағдарысты аймақ — бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы бойынша тұрғындарының тұтыну деңгейі жалпы елдегі орташа тұтыну деңгейінен төмен әкімшілік-аумақтық бірлік немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің бір бөлігі. Аймақты дағдарысты аймаққа жатқызу үшін негіз ретінде, мысалы, тұтыну деңгейінің орташа деңгейден 20%-дан кем емес артта қалуын алуға болады.

Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық типологиясын жасау аймақтық экономиканың классикалық мәселелерінің қатарына жатады. Сәйкес типологиялар әртүрлі типтегі экономикаларда (нарықтық, жоспарлы) жасалады және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын теңестіру туралы шешім қабылдауға негіз болады. Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың аймақтық бейімделуі аймақаралық диспропорцияларды азайту немесе теңестіру үшін қажет.

Мұндай типологияны құруға қойылатын негізгі талап мәліметтердің қатыстылығын қамтамасыз етумен байланысты. Егер бұл мәселе шешілмесе, онда орталық үкімет тарапынан әлсіз аймақтарды мемлекеттік қаржылық қолдауға қатысты әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында қарама-қайшылықтардың туындау қаупі орын алады. Ең ұтымды нұсқа — аймақтар бойынша әкімшілік статистика мәліметтерін қолдану, яғни әртүрлі елдерде қызмет ететін мемлекеттік статистикалық органдармен басып шығарылатын әлеуметтік-экономикалық ақпаратты пайдалану.

Аймақтардағы әлеуметтәк жағдайды сипаттау үшін қолданылатын көрсеткіштерді топтастыру әлеуметтік саясаттың төрт секторға салалық бөлінуіне сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін: демография, еңбек, жеке табыстар және әлеуметтік инфрақұрылым. Әкімшілік статистикадағы нақты көрсеткіштерді таңдау эксперттермен жүзеге асырылады.

Мысалы, аймақтардың демографиялық жағдайы сандық тұрғыдан, ең алдымен, халықтың туылуы мен өлуі, осы көрсеткіштердің арасындағы айырмашылық секілді көрсеткіштермен сипатталады және оның табиғи өсімін құрайды. Сонымен қатар, аймақ тұрғындары санының динамикасына сыртқы миграция қалдығы әсер етеді.

Аймақтардың еңбек сферасындағы жағдайды зерттеу үшін еңбек нарығындағы жағдайды сипаттайтын көрсеткіштер қолданылады. Олардың құрамы мыналарды қамтиды:

  • жұмыссыздар санының экономикалық белсенді тұрғындардың жалпы санына қатынасы ретінде есептелетін жұмыссыздық деңгейі;

  • еңбек нарығындағы сұраныс (жұмыс берушілер хабарлайтын бос орындар саны) пен ұсыныс (жұмыссыздар саны) арасындағы арақатынас;

  • жұмыссыздықтың орташа ұзақтығы (атаулы әлеуметтік саясат жүргізу үшін маңызды) немесе жұмыссыз-маргиналдардың, яғни ұзақ уақыт бойы жұмысы жоқтардың (бір жылдан аса уақыт) үлес салмағы.

Халықтың табыс мөлшері бойынша аймақтар типологиясын жасау үшін осы табыстардың абсолютті мөлшерін емес, қатысты мөлшерін сипаттайтын көрсеткіштерді қолданған дұрыс. Бұл талапты халықтың жан басына шаққандағы орташа табысының күнкөріс минимумына қатынасы да қанағаттандырады.

Әлеуметтік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша аймақтар типологиясы үшін қолданылуы мүмкін көрсеткіштер жиынтығын анықтау қиынырақ болып саналады. Егер жоспарлы экономикада бірқатар жалпы көрсеткіштер кеңінен қолданылса (халықтың дәрігерлермен және аурухана койкаларымен қамтамасыз етілуі, кинотеатрларды, шипажайлар мен демалыс үйлерін енгізу және т.б.), ал нарықтық экономикада бұл көрсеткіштер әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін қолдану тиімділігін бейнелемейтіндіктен жарамсыз болып табылады.

Одан әрі, аймақтар үшін әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын анықтау мақсатында арнайы әдістердің көмегімен аймақтардың (административно-территориальных единиц) топтамасын жасау қажет. Мұның нәтижесінде аймақтағы жалпы әлеуметтік жағдайды немесе жекелеген әлеуметтік көрсеткіштерді жақсарту мақсатында әлеуметтік саясаттың нақты бағыттары бойынша ұсыныстар жасалуы мүмкін.

Әлеуметтік саясатты жүргізуде мемлекет күш-жігерін әлеуметтік-экономикалық жағдайы қолайлы аймақтарға қарағанда дағдарысты сипаттағы аймақтарға көбірек жұмсауы қажет. Аймақтардың топтары бойынша сәйкесінше жіктелген әлеуметтік саясаттың бағыттары шартты түрде фондық деп аталуы мүмкін.

Мемлекеттің әлеуметтік саясатының масштабы мен интенсивтілігі аймақтағы әлеуметтік жағдайдың күрделілігіне байланысты фондық шараларымен қатар, әрбір аймақ үшін оның әлеуметтік көрсеткіштеріне тәуелді жеке шаралар да жүзеге асырылуы тиіс.

Аймақтардың ішкі саясатының жүйесінде әлеуметтік саясат ерекше орын алады.

Әлеуметтік саясат – мақсаты мен мазмұны әлеуметтік процесстер мен қатынастардың барлық кешенін реттеу болып табылатын ішкі саясаттың ерекше аспектісі.

Саясаттың маңызды қасиеті әлеуметтік топтардың, класстар мен партиялардың қажеттіліктерін, мүдделерін шоғырланған түрде бейнелеуден тұрады. Сондықтан да әлеуметтік саясат әлеуметтік қатынастар мен тіршілік әрекеті жағдайындағы адамдардың қажеттіліктерінің, мүдделерінің шоғырланған жиынтығын білдіреді.

Әлеуметтік қатынастар адамдар арасында олардың өзара араласуы барысында пайда болып, дамып отырады. Бұл араласу әртүрлі формада болуы мүмкін:

а) әлеуметтік топтар арасында;

б) класстар арасында;

в) ұлттар арасында;

г)әлеуметтік топтар, класстар мен ұлттардың ішінде;

д) отбасылардың арасында және отбасылардың ішінде.

Адамдардың тіршілік әрекетінің жағдайы – бұл олардың өмір сүруі мен дамуы үшін қажетті материалдық және рухани игіліктер, қызмет сфералары. Осылайша, әлеуметтік саясат – бұл тікелей халыққа, атап айтсақ класстарға, ұлттарға, әлеуметтік топтарға және бұқара топтарына, отбасына, жеке тұлғаға қатысты саясат. Сондықтан да әлеуметтік саясаттың басты объектісі қоғамның тұтынушы күші ретінде, қажеттіліктер мен тұтыну субъектісі ретінде орын алатын елдің тұрғындары деп есептеуге болады [17].

Мемлекет саясатының барлық түрлері өзара тығыз байланысты. Қоғамның дамуы үшін экономикалық және әлеуметтік саясат арасындағы диалектикалық өзара байланыс ерекше мәнге ие. Ол төмендегі екі жағдайдан көрініс табады:

а) экономикалық саясаттың соңғы нәтижелі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты ретінде материалдық және рухани игіліктерді шығару бойынша адамдардың қызметін реттеу болып табылады;

б) әлеуметтік саясат материалдық және рухани игіліктерді қолдану бойынша орын алатын адамдардың арасындағы қатынастарға ықпал етумен байланысты. Осылайша, бір саясат үшін нәтиже болып табылатын мақсат, екіншісі үшін бастапқы тармақ болып саналады.

Нарықтық экономика жағдайында әлеуметтік саясаттың мақсаты ел тұрғындарының негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға және қоғамдағы әлеуметтік бейбітшілікті қамтамасыз етуге, оның әртүрлі әлеуметтік топтары, ұлт өкілдері арасындағы келімді қамтамасыз етуге қажетті алғышарттарды жасау болып табылады. Бұл стратегиялық міндетті тиімді жүзеге асырмаса нарықтық шаруашылықтың қалыпты әрекет етуі, қоғамдағы әлеуметтік дау-жанжалдардың алдын алу мүмкін емес.

Аймақтың әлеуметтік саясаты толықтай жүзеге асырылуы үшін ол төмендегі негізін қалаушы принциптердің талаптарын ескере отырып құрылуы тиіс:

  • біріншіден, адамның экономикалық еркіндігі принципі мен кәсіпкерлердің, жалдамалы еңбек тұлғалары мен олардың кәсіподақтарының әлеуметтік серіктестікке негізделген тарифтік автономияға құқығын мойындау принципіне;

  • екіншіден, рыноктың реттеуші рөліне сену принципіне (сұраныс пен ұсыныс, еркін бағабелгілеу мен бәсекелестік рыноктағы жағдайды анықтайды);

  • үшіншіден, нарықтық күштердің ойынына, ойын тәртібін өңдеу мен сақтауға, экономикалық және әлеуметтік өмірдің ағымын жеңілдету үшін сәйкес жағдайлар жасауға мемлекеттің жауапкершілік принципі;

  • төртіншіден, еңбекке қабілеттілігі төмендерге көмектесу мақсатында мейлінше еңбекке жарамдылар жүктемесін арттыру принципі;

  • бесіншіден, жұмысшылардың өндірісті басқаруға, қоғамдық және мемлекеттік өмірге араласу принципі.

Әлеуметтік нарықтық шаруашылықтағы аймақтың әлеуметтік саясаты былайша құрылуы тиіс: біріншіден, жұмсаған еңбек салымы мен қолда бар капиталына сәйкес халық табысының өсуін қамтамасыз ету; екіншіден, барлық қоғам мүшелерінің экономикалық және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жолымен әлеуметтік масылдықтың алдын алу.

ҚР заманауи әлеуметтік саясатының стратегиясы мен тактикасыәлеуметтік реформалар бағдарламасында көрсетіледі.

Мұнда әлеуметтік саясаттың келесі стратегиялық мақсаттары ашып көрсетілген:

  • адамдардың материалдық жағдайы мен тіршілік ету жағдайының айтарлықтай жақсаруына қолжеткізу;

  • халықтың тиімді жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, жұмыс күшінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

  • еңбек, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, баспанамен қамту саласындағы азаматтардың конституциялық құқығына кепілдік беру;

  • әлеуметтік саясатты отбасына бағыттау, отбасына, әйелдерге, балалар мен жастарға ұсынылатын әлеуметтік кепілдемелер құқығын қамтамасыз ету;

  • демографиялық жағдайды бірқалыптандыру және жақсарту, өлім деңгейін азайту;

  • әлеуметтік инфрақұрылымды айтарлықтай жақсарту.

Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізудің қажетті шарттары мыналар:

  • халықтың ақшалай табыстарының негізгі көзі және өндірісті дамыту мен жұмысшылардың еңбек белсенділігін арттырудың маңызды стимулы ретінде еңбек қызметінен түсетін табыстың рөлін қалпына келтіру.

  • салық заңдылығының жаңа жүйесін қолдану, халықтың нақты табыстарын тиімді бақылауды енгізу негізінде табыстардың әділ бөлінуін қамтамасыз ету.

  • тіршілік әрекетінің негізгі жағдайларын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызы зор бағдарламаларды (тұрғын үй жағдайын жақсарту, медициналық қызмет көрсету, білім алу сапасын арттыру) инвестициялау мен несиелендіруге еңбек пен кәсіпкерлік қызметтен түскен табысты, меншіктен түскен табысты қолдануды ынталандыру.

  • халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту (отбасы мен балаларды, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау;

  • әлеуметтік жәрдемақыларды, шәкіртақыларды, өтемақыларды төлеу.

Әлеуметтік инфрақұрылым салаларына қатысты саясат келесілерге бағытталған шаралар кешенінен тұрады:

  • гуманитарлық сфераны толыққанды мемлекеттік қолдау үшін мүмкіндіктер жасау;

  • елдің шаруашылық жүйесі деңгейінде бюджеттен толық көлемде қаражат бөлуді дер кезінде жүргізу;

  • білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет саласындағы мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруға басымдылықпен қаражат бөлу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту;

  • тұрғын үй құрылысын кеңейту; коммуналдық шаруашылықты жетілдіру.

Мемлекеттің әлеуметтік саясатының барлық аталған аспектілері әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызды құрылымдық элементі стратегиялық жоспарлау болып саналатын ерекше механизмінің көмегімен тәжірибе жүзінде іске асырылуы мүмкін.