Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК +++МШ Документ Microsoft Word.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
461.31 Кб
Скачать
  1. Баланың құрсақта қалыптасу кезеңінде әртүрлі залалды себептердің әсер етуі (антенатальдық зияндылықтар).

Олигофренияның негізгі себептерінің ішінде нәрестенің құрсақта дамуы кезеңінде әртүрлі зиянды факторлардың әсерінен зақымдануы жиі кездеседі. Оларға:

  • анасының екіқабат кезінде немесе одан ертерек (5 жыл мерзім ішінде) әртүрлі жұқпалы немесе созылмалы дерттермен аурулары;

  • әртүрлі улы заттармен, дәрілермен, т.б. заттармен улануы;

  • кейбір жағдайларда ананың іштегі нәрестеден құтылу үшін нәтижесіз қолданған әртүрлі әрекеттері де жатады.

Зақымданудың дәрежесі зиянды себептердің дамудың қай кезеңінде, қанша уақыт және қандай сапада әсер ететіндігіне байланысты. Егер зақымдаушы факторлар нәрестенің өте тез дамитын, жүктіліктің алғашқы жартысы ( органогенез) кезеңінде әсер етсе, онда нәресте дамымай, іштен өлі тууы мүмкін немесе көптеген кемістіктері болуы мүмкін, бұл бала туғаннан кейін де көп өмір сүрмейді. Мидың қабықтарының немесе морфологиялық структурасының органикалық өзгеріске ұшырауы көбінесе миға әсер ететін бактериялар мен вирустарға (нейроинфекциялар), әсіресе грипп, қызамықтың вирусына, мерездің, эпидемиялық паротиттің, гепатиттің, токсоплазмоздың, туберкулездің қоздырушыларына байланысты.

Осымен қатар, құрсақтағы нәрестенің дамуына әртүрлі залалды уланулар да әсер етеді Оның ішінде көп тараған алкоголизмнің әсері, нашақорлық, темекі шегу, ұйықтататын дәрілер, күшті антибиотиктер, радиациялық сәулелер т.б. әсері. Осы топтағы зиянды себептердің өте қауыптілері және кең тараған түрлері: алкоголизм мен нашақорлық. Көпшілікке аян, ішкілікке салынған адамдардың тек семьясының ғана берекесі кетпейді, өздерінің ғана денсаулығын жоймайды, осымен бірге ұрпақтарын дүниеге кемтар, жарымжан етіп әкеледі. Қазіргі уақытта дәрігерлер мен зиялы азаматтардың «Арақ – у, арақ миыңызды жеп, ақыл есіңізден айырады, бауырыңызды жеп – оны тасқа (циррозға), жүрегіңізді жеп - оны өлі тінге (инфарктқа), бүйрегіңізді жеп – оны созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне, өкпеңізді жеп – оны тесік өкпеге айналдырады, ал жүкті әйелдердің ішіндегі нәрестесін ауру, кемтар етіп туғызады»- дегендеріне қарамастан өршелене ішіп жатқан жас пен кәріні көргенде жан дүниең түршігеді. Бұл дерт, қазіргі уақытта оңай болмай тұр, тіпті қатерлі ісік (рак) пен СПИД-тен де асып кететін қауіпті кесел тегімізді бұзып, ұрпғымызды аздырып барады.

Нәрестенің іште даму кезеңіндегі тағыда бір қатер – ана мен іштегі нәрестенің қандарының тобының немесе резус факторларының (қан құрамында кездесетін антиген тәрізді зат) сәйкес келмеуі. Бұл аурудың дәрежесі улану мерзіміне және дер кезінде анықталып, сапалы дәргерлік көмек көрсетілуіне байланысты. Өкінішке орай, осындай дертке душар болған балалар жүре келе ақыл–есі кем балалар санын көбейтеді.

5.Босану кезіндегі зақымданулар мен асфиксия.

Ауыр толғақтардың зиянды әсерлері әсіресе құрсақта дұрыс дамымаған балалардың туғаннан кейінгі қалыпты дамуларына кері әсер етеді. Егер бұл балаларға туа салысыменен дұрыс дәрігерлік көмек көрсетілсе көптеген балалар жүре келе сауығып кетеді.

Ауыр толғақ кезіндегі зақымдануға құрсақтағы баланың дұрыс дамымай әлсіз, шала болуы себеп болады. Ауыр толғақтар бірінші рет босанатын және оған арнайы дайындалмаған, дене бітімдерінде кемістіктері бар (бойы өте аласа, жамбас сүйектері дұрыс дамымаған - тар жамбас, жоғары дәрежедегі көздің көру кемістігі, көп ауру салдарынан әлсіреу) әйелдер арасында жиі кездеседі.

Өз бетімен босана алмайтын қауіп туған жағдайда алдын ала болашақ анамен және туыстарыменен кеңесіп, басқа жолдармен босану әдістерінің бар екенін түсіндіру қажет, мысалы (Кесар тілігі арқылы босану). Бұл ана мен баланы зақымданудан сақтайтын өте нәтижелі әдіс.

6.Бала туғанан кейін алғашқы айлары мен 3 жасқа дейінгі аралықта әртүрлі зақымдану салдарынан ми әрекетінің бұзылуы.

Нәресте аман-есен дүниеге келгеннен кейін де оған ұқыпты күтім, жан- жақты дамытатын тәрбие керек. Әсіресе, баланың денсаулығы мықты болып,тез ширап,жетілуі әр ата- ана үшін үлкен бақыт. Баршаға белгілі, жас нәрестенің туғаннан кейінгі алғашқы айлары мен жылдары оның болашақ дамуының негізі болып саналады.

Жоғары жүйке қызметінің өзара ұштастығы мен олардан туындап отыратын әртүрлі себеп -салдар байланыстары бүкіл адам организмінің қалыпты қызметін, немесе қалыпты дамуын қамтамасыз етеді. Кемтарлықтың негізгі себебтерін талдай отырып, белгілі ғалым - психолог Л.С.Выготский «бала психикасынының дамуына әсер ететін әртүрлі зиянды себептерден организмнің қалыпты қызметі бұзылса, бұл организмде әртүрлі дәрежеде кемістік түрлері, яғни кемістік даму басталады» деп көрсетеді.

Кемтарлық - кемістік дамудың нәтижесі: яғни баланың, немесе жасөспірімдер мен ересек адамдардың әртүрлі зиянды себептердің әсерінен физикалық немесе психикалық әрекеттерінің белгілі дәрежеде зақымдануы.

Л.С. Выготский 1924 жылы кәмелетке толмаған кемтар балалардың әлеуметтік ортада өмір сүріп, тіршілік ету құқығын қорғауға арналған ІІ-ші съезде төмендегідей үш түрлі факторлардың әсеріне тоқталады: Бірінші, бала психикасының дамуына зиянын тигізетін көру мен есту талдағыштарының зақымданып, түйсіну, қабылдау, есте сақтау, ойлау сияқты психикалық процесстердің қалыпты дамымауы немсе олардың әрекетінің сапасының өте төмен болуы.

Екінші,баланың естуі мен көруі, сөйлеуі жетілмегендіктен сыртқы қоршаған ортаға бейімделе алмай, кеңістікте бағдар таба алмай қалуы, осыдан барып оның әлеуметтік бейімделуінің қиындауы.

Үшінші, жоғарыда көрсетілген психикалық процесстердің бұзылуы баланың ақыл -ойының кемістігіне (кемақылдылық),жоғарғы жүйке қызметінің бұзылуына, күрделі психикалық процесстер болып табылатын есте сақтау мен ойлау әрекеттерінің өрістемей тоқырап қалуына және баланың жеке басының негізгі қасиеттерінің қалыпты дамуына кедергі жасауы.

Жас бала ұрыншақ, бәрін ұстап, татып көргісі келеді. Осы себептен де ол жиі жарақаттанып, әртүрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын жұқтырып ауырады, зақымданады.

Мидың және оның қабықтарын зақымдайтын инфекциялар кейбір жағдайларда бұрыннан дұрыс емделмеген, еленбеген басқа ағзалардың кеселдері асқынған кезде белсенділеніп, көбейіп таралуы мүмкін. Мысалы, құлақ, мұрын, тістердің және басқа ағзалардың созылмалы іріңді қабынулары балалар үшін өте қауыпті. Үлкендер де сақтанғаны абзал. Зақымдалған ағзалардан инфекциялар қан тамырлары (пиемия,бактериемия,вирусемия, септицемия) арқылы тарайды.

Есте болатын жәйт, кемтар балалардың бойындағы сан қилы ауытқулардың сыр-сипаты мен белгілерін, себептерін жете анықтап алмай, олармен жүргізілетін тәрбиелеу, оқыту, түзету және әлеуметтік бейімдеу жұмыстарында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес.

Кемтар балаларды зерттеу жан-жақты, кешенді түрде, зор ұқыптылықпен жүргізілгенде ғана тиісті нәтиже береді. Зерттеу барысында төмендегідей мәселелерге көңіл бөлу керек:

  • кемтарлықтың әртүрінің себебі, патогенетикалық даму ерекшеліктері, клиникалық белгілері, дәрежесі және зақымдалған ағзалар мен ағзалар системасының жалпы әрекетінің жағдайын анықтау қажет;

  • дені сау балалармен кемтар балалардың дамуы мен қалыптасуының жалпы ортақ заңдылықтарын есте ұстай отырып, кемтар балалардағы кездесетін кемістіктердің ерекшеліктерін айқындау қажет. Бұл бағытта жүргізілетін зерттеулер кемтар балалардың жоғарғы психикалық қызметінің даму сипатын қарапайым психикалық даму ерекшеліктерімен салыстыра отырып, қарастырғанда ғана нәтиже береді. Баланың ақыл-ойының, жекеленген сезім мүшелерінің қызметінің, дене құрылысының ауытқуларын түзетіп,оларды толықтыру үшін әруақытта жоғарғы психологиялық қызметті жетілдіру қажет болады;

  • кемістіктердің әр-бір түрін жан - жақты зерттегеннен кейін, оларды түзетіп толықтыру үшін ең қолайлы жүйелі, комплексті емдеу - түзету әдістемелерімен бірге тиімді тәлім – тәрбие мен оқыту әдістерін де қолдану керек;

  • сонымен қатар, кемтар баланы өзі өмір сүрген ортаға және сыртқы жағдайға әлеуметтік бейімдеу тәсілдерін де ескеру қажет.

Осындай әрекеттерді жүзеге асырған жағдайда ғана кемтар балалардың кемістіктерінің зардабын жеңілдетуге болады.

Әртүрлі кемістіктері бар балалардың ақыл –ойы мен сезім күйлері өзгеше болады.Олардың жоғары дәрежедегі писхологиялық қызметтерінің деңгейі де төмен. Сондықтан, арнайы педагогикалық және психологиялық көмек көрсету кезінде кемтар балалардың жалпы организімінің даму заңдылықтарын білу шарт. Өйткені, бұл заңдылықтардың негізі дені сау балаларға да және кемтар балаларға да ортақ.

Балардың есею кезеңдеріндегі даму ерекшеліктері олардың жоғары жүйке қызметінің жетілуіне байланысты. Дені сау балалар мен кемтар балалардың психикалық процесстерінің дамуы және олардың саналарының сапалық жағынан қалыптасулары да жүйке жүйесінің әрекетіне байланысты.Сонымен қатар дені сау балалар мен кемтар балалардың дамуында шешуі орын алатын әлеуметтік орта мен тәлім-тәрбие беру әдістері екені де сөзсіз. Өйткені, баланың дамуы әлеуметтік өмірмен тығыз байланысты.