Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
дәрістер.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
299.01 Кб
Скачать

5. Әдебиет

1. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ.Шеденов, Е.Н.Сағындықов, Б.А.Жүнісов, Ү.С.Байжомартов, Б.И.Комягин. / Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ.Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004-455 бет.

2. Мәуленова С.С., Бекмолдин С.Қ., Құдайбергенов Е.Қ. Экономикалық теория: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2004. – 194 бет.

3. Ә.Ж.Сапарбаева, А.Т.Мақұлова, Б.Д. Шәріпова. Экономика негіздері сызбаларда және кестелерде: Оқу құралы. / - Алматы: «Бастау» баспасы, 2008.-343 бет.

4. Б. Жатқанбаев Экономикалық теортя бойынша оқу құралы. Алматы 2005ж

5. Экономикалық теория. Оқулық. Алматы Қазақ университеті 2006ж

Дәріс 5: «Мемлекеттік реттеу: мәні, мақсаты, құралдары.»

Дәріс жоспары:

1. Мемлекеттік реттеудің формалары мен әдістері

2. Қаржы жүйесі және фискалдық саясат

3. Ақша – несие жүйесі

4. Несиенің мәні, қызметі және нысандары

Дәріс тезистері:

Мемлекеттік реттеудің формалары мен әдістері

Кез келген ұйымның негізгі мәселесі – адамдардың басым көпшілігінің экономикалық қызметін үйлестіру арқылы адамға қажетті материалдық игіліктерді өндіру, тұрмыстық қызмет түрлерін көрсету болып табылады.

Ұлттық дамуын қамтамасыз етуде мемлекеттік реттеудің ролі өте зор. Экономиканы мемлекеттік реттеудің басты міндеті – мемлекет мүддесін сақтау, қоғамды, халықтың әлсіз топтарын әлеуметтік жағына қорғау болып табылады.

Экономиканы реттеудің негізгі әдістері:

• нарықтық, яғни тауар-ақша қатынастары мен баға арқылы;

• әкімшілдік-әміршілдік, яғни бір орталықтан жоспарлау;

• тікелей мемлекеттік басқару.

Бірінші әдіс бойынша өндірістің өсіп дамуы төлем қабілеті бар сұранысқа байланысты. Сонымен қатар нарықтық тетіктер экономиканың дамуын сипаттап қана қоймайды, оның құлдырауын, дағдарысқа ұшырауын да көрсетеді. Дағдарысты болдырмау мақсатында, мемлекет алдын ала ұлттық экономиканың бағдарламасын жасайды.

Екінші әдіс бойынша кәсіпорындар өндірістің тұрақты өсуі үшін өзіндік мақсат пен бағдар ұстайды.

Кез келген елде, оның әлеуметтік-экономикалық құрылысына қарамастан белгілі бір дәрежеде мемлекет, мемлекеттік органдар арқылы басқару жұмысын ұйымдастырады. Орталықтанған экономикада оны басқарып реттеуде мемлекет тікелей қатынасады. Ал, еркін экономикада мемлекеттің бұл істерге араласуы тікелей емес, көбінде жанама жағдайда орын алады. Мемлекеттің экономикаға араласуы, заң актілері, салық жүйесі, міндетті төлемдер мен салымдар, мемлекеттік әлеуметтік экономикалық бағдарлама арқылы жүргізіледі.

Экономиканы мемлекеттік реттеудің басты міндеті – мемлекет мүддесін сақтау, қоғамды нығайту, халықтың кедей топтарын әлеуметтік жағынан қорғау және т.б.

Тікелей мемлекеттік басқару – жекелеген салаларда объектілерді толықтай немесе жартылай басқаруды, экономика мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін салаларды мемлекет тарапынан қолдауды талап етеді. Оған әскери қорғаныс, энергетика, қорықтар, ұлттық маңызы бар мәдени-тарихи объектілер, емдеу-сауықтыру орындары, қазба байлықтар және т.б. мемлекеттік маңызды объектілер жатады. Бұл объектілер әдетте мемлекеттік немесе муниципалды меншікте болады. Мемлекеттік реттеудің мынадай негізгі түрлері бар:

▪ салықтық реттеу – салық салу, оның түрлерін ставкаларын белгілеу, салық жеңілдіктерін беру немесе босату;

▪ ақша несие қатынастары арқылы реттеу – салық жүйесін қоса алғанда, мұны мемлекеттің фискалды саясаты деп атайды, осы арқылы ақша айналысына ықпал етеді. Мемлекет орталық – ұлттық банк арқылы ақша эмиссиясы мен жалпы ақша көлемін реттейді, банктің қарыз пайызының ставкасын белгілейді, зайымдар береді, облигациялар мен бағалы қағаздар шығарады;

▪ бюджеттік реттеу – мемлекеттік органдар мемлекеттік бюджетті әртүрлі бағыттар бойынша жұмсайды. Бұдан басқа мемлекет салық төлемдерінен тыс мемлекетке қосымша төлем белгілей алады, сонымен ақша айналысы мен қор жинауды реттейді;

▪ баға арқылы реттеу – нарықтық экономика жағдайында мемлекет бағаны шектеп, одан артық қоюға тыйым салады;

▪ мемлекет бағдарламасы мен мемлекеттік тапсырыс арқылы реттеу - мұнда мемлекеттік органдар бюджет қаражатының бір бөлігін әлеуметтік, ғылыми бағдарламаға бөледі де, осы арқылы концерндерге, фирмаларға, кәсіпорындарға, белгілі бір өнім түрлерін өндіруге, әскери заказдар мен қоғамдық транспортқа заказ береді;

▪ сыртқы экономикалық қатынасты реттеу – сыртқы экономика, сыртқы экономикалық байланыстар мемлекет тарапынан реттеуді талап етеді. Мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметке араласуының негізгі мақсаты сол елдің экономикалық және саяси мүддесін қорғау.

Егер орталықтандырылған жүйеде мемлекет кәсіпорындардың барлық әрекеті мен шаруашылық байланысын тікелей және әкімшілдік жолмен анықтаса, нарықтық жүйеде – мемлекет тек макроэкономикалық және құқықтық реттеуді ғана көздейді, ал кәсіпорын өміріне тікелей араласпайды.

Нарықтық экономиканы макрореттеу мемлекеттің мынадай белсенді экономикалық және әлеуметтік экономикалық саясатын қарастырады. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басты мақсаты экономикалық өсу, экономикалық тиімділік, экономикалық бостандық, жұмыс қамтудың жоғары деңгейі, бағаның бір қалыпты деңгейі, сыртқы саудадағы тепе-теңдік және т.б.

Басты бағыттары:

- қаржылық;

- ақша-несиелік;

- әлеуметтік саясат.

Қаржы жүйесі және фискалдық саясат

Қаржы – бұл қоғамда қалыптасқан экономикалық қатынастар жүйесіндегі ақша қорының қалыптасуы, бөлінуі, қолданылуы.

Ақша құралдарын сәйкес мекемелер арқылы пайдалануға байланысты қатынастар жиынтығы қаржылық жүйені құрайды. Қаржылық жүйе жүргізетін саясат қаржылық саясат деп аталады.

Нарықтық қатынастар жағдайында қаржы бірнеше қызмет атқарады:

1. Топтастыру – құралдарды үйлестіру және материалдық негіз құру;

2. Реттеуші – шаруашылық субъектілерді ынталандыру;

3. Бөлу – ақша құрамының қалыптасуы және оларды бюджет, әлеуметтік сақтандыру арқылы пайдалану;

4. Бақылау – салық жинаудың дұрыстығын және оларды дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету.

Қаржы қатынасының тұлғаларына мемлекет, фирма, әр түрлі бірлестіктер, ұйымдар және жеке азаматтар жатады. Қаржы нарығы нарықтық экономиканың қалыптасқан элементтерінің бірі. Ол капитал нарығын, валюта нарығын және бағалы қағаздар нарығын қамтиды. Мұндағы мақсат еркін қозғалыстағы ақша ресурстарын мемлекеттің, кәсіпорынның жеке акционерлік қоғамның мүддесіне жұмсау.

Қаржы үш құрамдас бөліктен тұрады:

▪ халық қаржысы;

▪ бірлестіктер, фирма, сала кешенінің қаржылары яғни, орталықтанбаған қаржы;

▪ мемлекеттік, яғни орталықтанған қаржы.

Халық қаржысы – табысты бөлімнен тұрады, жанұялардың алғашқы табыстарынан, шығыс бөлімінен және халықтың қор жинауынан тұрады.

Орталықтанбаған (мемлекеттік емес) қаржы – фирма, бірлестік және ұйымдар иелігіндегі қаржылар (шаруашылық тұлғаларының қаржысы).

Орталықтанған(мемлекеттік) қаржы – қаржы жүйесінің басты бөлігі. Бұған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, мемлекеттік және жеке мүліктік сақтандыру, мемлекеттік несие, мемлекеттік бюджет кіреді.

Қаржы жүйесінің негізгі буыны мемлекеттік бюджет болып табылады. Мемлекеттік бюджет – мемлекеттің негізгі қаржылық жоспары. Ол кірістен және шығыстан тұрады. Бюджет шығысы табыстан артық болса бюджет тапшылығы орын алады.

Мемлекеттік бюджеттің табыс көзі – салық болып табылады. Салық дегеніміз – тұрғындар, кәсіпорындар мен ұйымдардың заң негізінде мемлекетке төлейтін міндетті төлемдері. Салық салудың мақсаты кәсіпорындар мен тұрғындар қаржыларын қоғамдық қажеттілікке жарату болмақ. Жәнеде салық ұлттық табысты құрауда, бөлуде ең басты құрал болып табылады.

Салық салудың мынадай негізгі принциптері бар:

• салық барлық игіліктерге пропорцианалды түрде қоғам мүддесіне сай салынады;

• салық табыс мөлшері мен әл ауқат деңгейіне тәуелді болады.

Сонымен қатар салық төмендегі қызметтерді атқарады:

● фискалды (тіркелген) немесе жұмылдыру, қызметі – бұл қызметте мемлекет бюджеттік шығындарды қаржыландыру үшін салық жинайды;

● бөлу қызметі – мемлекет қаржыны қайта бөлуді әртүрлі топтардың арасында, территория, облыс, аудандар бойынша жүргізеді;

● реттеуші қызмет – мемлекет салықтың көмегімен тұтыну және қорлану арасындағы пропорцияны реттейді;

● ынталандыру қызметі – мемлекет өндіріс пен техникалық прогресті дамыту үшін ынталандыру шараларын жүзеге асырады;

● шектеу қызметі – мемлекет салық саясаты арқылы кейбір өндіріс түрлерінің дамуын тежейді немесе шектейді;

● бақылап –есептеу қызметі – мұнда кәсіпорындар мен тұрғындар топтарының, қаржы қоры көлемін табысты есептеу жүзеге асырады.

Салық сипаты тұрғысынан тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей салық мемлекет тарапынан кәсіпорын және тұрғындар табыстарынан алынады. Салықтың бұл түріне – табыстан алынатын, пайдадан алынатын, жылжымайтын мүліктен, бағалы қағаздар операциясынан алынатын салықтар жатады.

Жанама салықтарды мемлекет тікелей емес, баға арқылы айналдыра отырып алады. Оған – айналым салығы, акциздер, кеден баж салығы, қосымша құнға салынатын салық жатады. Жанама салық мемлекеттік реттеудің бірден бір құралы ретінде қолданылады.

Салық жүйесі мемлекеттік заң актілеріне негізделеді және төмендегідей салық элементтерінен құралады:

• салық тұлғасы немесе салық төлеуші, яғни салық төлеу міндеті арттырылған тұлға, ол заңды және жеке тұлға бола алады;

• салық нысаны, яғни табыс және мүлік, (жалақы, табыс, бағалы қағаз);

• салық көзі – бұл қоғамның таза табысы, нысандардың тәуелсіздігіне байланыссыз салық салу;

• салық мөлшері – салықтың маңызды элементі, бұл элемент салым бірлігіне байланысты салық шамасын анықтайды. Салық мөлшері – шекті, орташа нольдік және жеңілдікті болып бөлінеді.

Қазақстанда салық жалпы мемлекеттік және жергілікті деп екі топқа бөлінеді.

● жалпы мемлекеттік салыққа жататындар: заңды және жеке тұлғалардың табысына салынатын салық, қосымша құн салығы, акциздер, бағалы қағаздар операциясына салынатын салық, арнайы төлемдер мен жер байлығын пайдаланғаны үшін салынатын салықтар.

● жергілікті салық пен алымдарға жататындар: заңды және жеке тұлғалардың мүлік салығы, көлік, құрал-жабдық салығы, кәсіпкерлікпен айналысатын заңды және жеке тұлғаларды тіркеудегі алым, аукцион сатылымынан алынатын алым.

Салық мөлшері мен салық кірісі арасындағы байланыс «Лаффер қисығы» арқылы көрінеді. Лаффердің дәлелдеуі бойынша, салықтардың төмендеуінің нәтижесінде экономикалық өсу және мемлекет табысының өсуі орын алады.

Лаффер теориясы бойынша табыс салығының ставкасы 50%-дан асқанда фирмалар мен адамдардың іскерлік белсенділігі күрт төмендейді.

Фискалдық саясат үкіметтің шығындары және салықтарымен байланысты реттеу жүйесі болып табылады. Фискалдық саясат дискрециондық және автоматтық болып бөлінеді. Дискрециондық фискалды саясат – мемлекеттің ЖҰӨ-нің нақты көлеміне, жұмыспен қамтуға, инфляцияға және экономикалық өсуге ықпал жасау мақсатымен салық салуы және мемлекеттік шығындарды реттеуі жатады. Дискрециондық емес фискалды емес саясат – (автоматты стабилизаторлар) мемлекеттік шығындар мен салықтар көлеміндегі өзгерістер автоматты түрде енгізілетін енжар саясат. Автоматты стабилизаторлар – құлдырау кезінде сұраныстар жиынтығын ынталандыруға бағытталған ешқандай саяси шешімсіз болатын қаржы – бюджет саясатындағы өзгерістер.

Ақша – несие жүйесі

Ақша нарығы қаржы нарығының бір бөлігі болып табылады. Ақша нарығының қызмет ету механизмін түсіну үшін оның құрамдас бөліктерін білу керек. Оның маңыздылығының бірі ақша массасы.

Ақша массасы қолма-қол және қолма-қол емес формадағы барлық ақша құралдарының жиынтығы. Ақша массасы ақша сұранысы мен ұсынысына тәуелді болады.

Ақша ұсынысы – бұл осы мезгілде экономикада айналыста жүрген төлем құралдарының жиынтығы. Айналысқа ақшаны мемлекеттік қазыналық және эмиссиялық банк шығарады. Ақша ұсынысы ақша агрегаттары (М1, М2, М3,... L) арқылы белгіленеді.

Ақша ұсынысынын елдің Орталық банкі бақылап отырады. Ақша ұсынысының графигі тік түзу сызық түрінде болады. Ол ақша мультипликаторы көмегімен есептелінеді. Ақша мультипликаторы – бұл артық резервтің бір бөлігі. Нарықтағы ақша массасы және тауар мен қызмет көрсету массасының қатынасы ақшаның сатып алу қабілеттілігін анықтайды.

Ақша нарығының екінші компоненті – сұраныс. Ақшаға сұранысты талдауда әр түрлі теориялық тәсілдер кездеседі. Олардың ең бастысы монетаризм. Монетаризм – бұл макроэкономикалық талдаудың негізгі құралы ретінде айналымдағы ақшаны қарастырады. Монетаризм ақшаның сандық теориясына негізделеді. Ақшаның сандық теориясының өкілі американдық экономист И.Фишер (1867-1947жж.). Ақша сұранысы И.Фишердің теңдігімен анықталады.

M * V = P * Q

Мұндағы: M – айналыстағы ақша саны;

V – айналыстағы ақшалардың жылдамдығы;

P – орташа баға деңгейі;

Q – тауарлар мен қызметтер саны.

Несиенің мәні, қызметі және нысандары

Несие кең мағынада экономикалық серіктестіктер арасындағы келісімшарт, қарыз нысанындағы мүлікті немесе ақшаны жеке немесе заңды тұлғаларға процент төлеу және қайтару мерзімін ұзарту шартында беру.

Несие беру принциптері:

• мерзімді;

• қайтарымды;

• ақылы;

• материалдық қамтамасыз ету;

• бір мақсатқа бағытталу.

Несие беру тәсіліне қарай, және кеңістік – уақыттың сипаттамасы бойынша әр түрлі нысандарға жіктеледі. Несие беру тәсілі бойынша несие натуралды және ақшалай болып бөлінеді:

Натуралды несие беруде несие нысаны болып инвестициялық тауарлар, тұтыну тауарлары, шикізат, ресурстары, өндірістік тұтыну заттары табылады.

Ақшалай несиенің нысандары: ақшалай сатып алу құралдары, ақша капиталы, акциялар, векселдер облигациялар және басқа да міндетті қағаздар.

Несие беру мерзіміне қарай:

- қысқа мерзімді (1 жылға дейін);

- орта мерзімді (3 жылға дейін);

- ұзақ мерзімді несие (10 жылға дейін);

- арнайы ұзақ мерзімді несие (20 жылдан жоғары) болып бөлінеді;

Несиелік кеңістік сипаты бойынша несие халықаралық, мемлекеттік, банктік, коммерциялық, тұтынушылық, ипотекалық болып бөлінеді.

Халықаралық несие – бұл қарыз капиталының халықаралық экономикалық қатынастың аумағындағы қозғалысы. Оның тауарлы немесе ақшалай нысаны болады.

Мемлекеттік несие – мемлекет несиені халыққа және жеке бизнеске береді. Бұл несиенің қайнар көзі мемлекеттік облигациялар болып табылады.

Банктік несие – несие-қаржылық мекемелер кез-келген шаруашылық субъектілеріне ақшалай қарыз береді.

Коммерциялық несие – бұл несиені шаруашылық тұлғалары басқаларына төлем мерзімін ұзарту арқыл тауарды сату түрінде берілді. Бұл – тауар несиесі.

Тұтынушылық несие – жоғары процентпен (30%) көбіне анықталған мерзімге (1-3 жылға дейін) жеке тұлғаға беріледі.

Ипотекалық – кепілдік несие – бұл несиені банктер жеке тұлға қозғалмайтын мүлікті (жер, құрылыс, ғимарат) кепіл ретінде алып береді.

Несиелік қатынастың субъектілері: мемлекет, кәсіпорындар, үй шаруашылығы, банктер, сақтандыру компаниялары, әр түрлі қорлар, шіркеу және т.б.

Несие жүйесі – несие беру нысандары мен тәсілдерінің несиелік қатынастар жиынтығы. Несие өзінің қызметін банк арқылы жүргізеді.

Экономикалық көзқарас тұрғысынан банктер – бұл несие – қаржы мекемесі. Банктің негізгі қызметі тұрғындар мен ұйымдардың, кәсіпорындардың еркін ақша қорларын тартып, қорландыруды жүзеге асыру болып табылады.

Несие жүйесінің негізгі құрамдас бөліктері:

- мемлекеттік орталық банк;

- коммерциялық банк;

- маманданған қаржы-несие институттары.

Бұл мекемелердің әрқайсысы өзінің қызметін атқарады. Мысалы: Ұлттық банк ақша эмиссиясымен, мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу және сатумен айналысып, коммерциялық және жинақ банктердегі несие резервтерін реттейді.

Коммерциялық банктер кәсіпорындар, компаниялар мен тұрғындардың бір бөлігінің ақшалай қорларын шоғырландырып, қысқа және орта мерзімді несиелер беруді жүзеге асырады.

Жинақтық банктер тұрғындардың салымдарын шоғырландырумен айналысып, өзінің қорларының көбін бағалы қағаздарға салады. Инвестициялық банктер бағалы қағаздарды сатуда делдалдық жүргізіп, өнеркәсіп үшін кеңес беру қызметін атқарады.

Қазақстан Республикасында екі деңгейлі банк жүйесі қызмет етеді:

- бірінші деңгейде ұлттық банк;

- екінші деңгейде коммерциялық банктер.

Банк мекемесінің басты табыс көзі берілген қарыздың пайызы болып табылады. Берілген қарыз бойынша алынған пайыз жиынтығы, басқа да жүргізілген операциялар табысынан банк шығынын алып тастағандағы қалдық банк пайдасы болады. Банк пайдасын маржа деп атайды.

Банкке табыс әкелетін операцияны активті, ал ақша капиталын қосу арқылы жасалған операцияны пассивті деп атаймыз. Банк ресурстарын – банктің өз капиталы және клиенттер салымы немесе депозиттер құрайды.

Соңғы жылдары банк қызметінде операцияның жаңа түрлері белең ала бастады. Олар: лизинг, факторинг, қаржы-транстық операциялар.

Лизинг – бұл мүліктерді (машина, ірі құрал-жабдықтар т.б.) уақытша пайдалануға алу немесе жалға беру. Лизингтік компания ірі құрал жабдықтарды сатып алу, арендаторға 5-8 жылға жалға береді.

Факторинг – қаржы коммерциялық қызметтің бір түрі. Яғни борышты өндіріп алу құқығын қайта сату немесе сенімхат жөніндегі коммерциялық операциялар немесе несиеге сатқаны үшін ақша алумен байланысты қызмет көрсету.

Транстық операция – бұл коммерциялық банктің жеке және заңды тұлғалар мүліктерін басқару жұмысы.

Несие – ақша саясатын пайдалана отырып, мемлекет инфляция мен жұмыссыздықтың төменгі дәрежесіне тән экономиканы құруға ұмтылады. Бұл міндетті орындау үшін ол ақша ұсынысына бақылау орнату керек. Ақша айналымын реттеу үшін монетарлық реттеудің классикалық құралдары – ақша нарығындағы операциялар, міндетті резервтер мен есеп мөлшері нормасының өзгеруі пайдаланылады.

Ақша нарығындағы операциялар – бұл орталық банктің мемлекеттің бағалы қағаздарын сатып алуы және сатуы. Бұл – ақша ұсынысын бақылаудың ең икемді әдісі, ақша массасының сатып алу немесе сату саясатын жүргізу үшін қолданылады.

Резервтер нормасының өзгеруі – ақша-несие саясатының ең маңызды құралы. Ол резервтер нормасының өзгеруімен анықталады, мұны коммерциялық банктер орталық банк шотында ұстайды және несиелік ақша массасын тез қысқарту немесе көбейту құралы ретінде қолданылады.

Есептік мөлшерлеменің өзгеруі – ақша-несие айналымын тікелей реттеу құралы. Есептік мөлшерлеме – пайыз мөлшерлемес, онымен орталық банк коммерциялық банктерге несиелер береді, есептік мөлшерлеменің өзгеруін анықтайды, несие белсенділігін басқару үшін қолданылады.

Дүниежүзілік шаруашылық дегеніміз – ұлттық шаруашылықтардың жиынтығы. Ол үздіксіз қозғалыста және өсу үстінде болады. Дүниежүзілік шаруашылық өзара байланысты екі жүйеден тұрады:

- ұлттық шаруашылықтардың жиынтығы;

- халықаралық экономикалық байланыстар.

Дүниежүзілік шаруашылықтың даму ерекшелігін әлемдік экономика ғылымы қарастырады. Әлемдік экономика экономикадағы жалпы заңдылықтармен бірге нақты болп жатқан құбылыстарды да зерттейді.

Дүниежүзілік шаруашылық тың пайда болуы ұзаққа созылатын процесс. Және ол дүниежүзілік сауда – экономикалық, қаржылық және ғылыми – техникалық байланыстарды біртұтас мақсатқа біріктіреді.

Ұлттық экономиканың дүниежүзілік шаруашылықпен қосылуының өзіндік ерекшелігі бар. Ол кез келген мемлекеттің сыртқы экономикалық саясатта, яғни халықаралық байланыстар жүйесінде атқаратын қызметінде көрінеді.

Кез келген мемлекеттің сыртқы экономикалық байланысы, оның көлемі, құрылымы, ол байланыстардың бейнесі – ұлттық шаруашылықтардың дүниежүзілік байланыстағы деңгейін көрсетеді. Дүниежүзілік шаруашылықтың әр жүйесінде мемлекеттер арасында күрделі байланыстар және қарама-қайшылықтар орын алады.

Сыртқы экономикалық байланыс екі жағдайда көрінеді:

- жалпы саяси, глобалды;

- ұлттық халық шаруашылығы.

Дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымы және әлемдік экономикалық қатынастар арасындағы байланыс өндіргіш күш пен өндірістік қатынастардыәәң деңгейімен анықталады. Әлем әр түрлі экономикалық жүйелерге бөлінетіндіктен олар халықаралық топтарға бірігеді. Сонымен қатар олар бір-біріне ұқсамайтын егеменді, өз беттерінше экономикалық субъектілер болып табылады.