Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
4-ші тарау. Вакцина және вакцинды профилактика.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
201.22 Кб
Скачать

Табиғатта аналогы жоқ жасанды иммунизациялаушы молекулалар

Мұндай негiзде дайындалған вакциналар кез-келген бiр жұқпалы антигенге немесе антигендердiң тобына генотиптiк жауап бермейтiн индивидумдарға көп көмек көрсетедi. Бұл мақсатқа белгілі бір табиғи немесе жасанды антигендi детерминанттарды Т-тәуелсiз антигендерге ұқсас жасанды полимерлi молекулалармен конъюгациялау жолымен жетедi. Мұндай антигендер антидене түзілуін Т-жасушалардың көмегiнсiз шақыра алады, яғни Т-жүйесiнiң бақылау мен индукциялау қызметiн айналып өтедi. Бұл құбылысты генетикалық жауап бермеудi фенотиптiк коррекциялау деп атайды.

Аталған вакциналардың көмегiмен қажеттi уақытта (мысалы, эпидемиялық қауiптi жағдайлар кезiнде), әрі қысқа мерзiм арасында антиденелердiң жоғары титрiн алуға болады, бiрақ вакцинация әсерi шектелген. Себебi катаболизм нәтижесiнде антиденелердiң концентрациясы қорғаушы деңгейден төмен түсiп кетеді, яғни, шамамен вакцинация әсері бiрнешi ай ғана болуы мүмкін. Әдетте, осындай вакцинация кезiнде зерде жасушалары қалыптаспайды.

Мұндай түрдегi вакциналардың басты айырмашылығы келесiде: егер ағза өзiнiң генетикалық ерекшелiгiне байланысты белгілі бір қоздырғышқа, антигенге немесе антигендi детерминанттарға айқын иммундық жауап дамыта алмаса, онда құрамына керектi антигендi детерминант пен фенотиптiк коррекциямен қамтамасыз ететiн ынталандырушы (адъювантты) құрылым кiретiн жасанды макроглобулиндi кешендерді енгiзедi. Ол генотиптiк жауап бермеушiлiктi тиімді түрде жояды.

Вакцинация кезiнде дамитын асқынулар

Егудiң жанама әсер шақыратыны барлығымызға мәлiм.

Полиомиелит, қызылша және қызамыққа қарсы аттенуацияланған вакциналарды көпшiлiк мойындады. Бiрақ, олардың аз болса да асқынуларды шақыру қаупi бар. Мәселен, қызылшаға қарсы иммунизация жүргiзгенде энцефалит дамуы мүмкiн. Сонымен қатар, қызылшамен табиғи жолмен ауырған кезде энцефалитпен ауру жиiлiгiнiң одан да жоғары екендiгiн естен шығармау керек. Тiрi вирусты вакциналарды қолданған жағдайда вирустың нуклеин қышқылы иесiнiң геномына ену немесе вируленттi түрге реверсия қаупі бар.

Сондай-ақ тiрi вирусты вакциналарды енгiзгеннен кейiн дамитын кейбiр жағымсыз салдарды вирусология мен микробиология саласында бүгінгі күні бiлiмнiң жеткiлiксiз болуына байланысты жауап беру мүмкiн емес. Мысалы, АИЖ вирусы сияқты РНҚ ретровирустарға қарсы тiрi вирусты қолдану өте қауiптi. Себебi, бiрiншiден, белгiлi бiр генотипi бар адамдар үшiн олардың патогендiгi жоғары болуы мүмкiн. Екiншiден, тiрi ретровирусты вакциналарды және гепатитке (әсiресе В және С гепатитi) қарсы вакциналарды қолданғанда егу алушы ағзаның жасушаларына онкогендер енуi мүмкiн. Бұл жағдайға қазiргi кезде адекватты жауап беру мүмкiн емес. Нәтижесінде сол ағзада қатерлi iсiктермен ауру қатерi бiршама жоғарылайды.

Осыған байланысты ЖИТС-ке, гепатитке және қатерлi iсiктерге қарсы тiрi вакциналарды қолдану өте күрделi. Жалпы, вакцинациядан кейiн асқынудың даму қатерi, сол аурудан дамитын асқынудан төмен болуы керек. Егер вакцинациядан кейiн болатын асқынудың жиiлiгi жоғары болса, онда көпшiлiк вакцинациядан бас тартады. Бұл жағдайда жұқпалы ауру ошағында пассивтi иммунопрофилактика шараларын жүргiзу өте тиiмдi болуы мүмкін.

Иммунды жүйенiң жетiспеушiлiктерi бар адамдарда вакцинация күрделi асқынуларды шақыруы мүмкiн екендiгiн ұмытпаған дұрыс. Әсiресе тiрi вакцинаны енгiзбес бұрын иммунды патологиялық жағдайлары бар балаларды анықтау өте маңызды. Себебi жасушалық жүйенiң жетiспеушiлiгi бар балалар БЦЖ-дан кейiн ауырып қалуы немесе өлiп кетуi мүмкiн. Сонымен қатар кортикостероидтарды, иммунды депрессанттарды немесе радиотерапияны қабылдап жүрген науқастарға, сондай-ақ лимфома немесе лейкозбен ауыратын науқастарға тiрi вакциналарды енгiзуге болмайды. Осы категорияға жүктi әйелдер де кiредi.

Кез-келген жедел жұқпадан кейiн адамда, әсiресе кiшкентай балаларда транзиторлы иммундық жетiспеушiлiк дамитынын есте сақтау керек. Оның ұзақтығы орта есеппен бiр айға созылады. Сол себептен, бұрын ССРО-ның Денсаулық сақтау министрлiгiнiң бұйрығы бойынша кез-келген жедел жұқпалы аурумен ауырған балаларға бiр ай көлемiнде вакцинация жүргiзуге рұқсат берiлмейтiн.

Иммунды жетiспеушiлiк кезiнде енгiзiлген вакцина антигендiк жүктеменiң жоғарылауына әкелуi мүмкiн, нәтижесiнде реттегiш механизмдердің бұзылу салдарынан гиперергиялық серпілістердің (аллергиялардың) дамуы, немесе табиғи төзiмдiлiктiң бұзылуы салдарынан аутоиммундық патологияның дамуы мүмкiн.

Сондықтан екiншiлiк иммунды жүйесiнiң жетiспеушiлiгi бар адамдарға вакцинация жүргiзуге болмайды. Сондай-ақ созылмалы жұқпалар кезiнде үнемi иммунды жетiспеушiлiк болатынын естен шығармау керек. Себебi, жұқпалы аурудың созылмалы түрде өтуiнiң өзi ағзада иммунды жетiспеушiлiктiң бар екендiгiн көрсететiн белгі, ал бұл жағдай өз кезегiнде иммунды жүйенi әлсiретедi және иммунды жетiспеушiлiктi тереңдете түседi.

Жоғарыда келтiрiлгендердiң барлығы ағзада созылмалы жұқпалы ошақ бар адамдарда вакцинацияны аса сақтықпен жасау керек екендiгiн дәлелдейдi. Аутоиммунды патологиясы бар науқастарда иммунизацияны жүргiзуге болмайды, себебi аутоиммунды үрдіс күшеюi мүмкiн. Мұндай науқастарға иммунизацияны өте керек жағдайларда және максималды сақтық шараларын ескере отырып жүргiзген дұрыс.

Кейбiр жағдайларда вакцинациядан кейiн парадоксалды серпілістер болуы мүмкiн. Ол вакцинация нәтижесiнде табиғи жұқпаның күшеюiмен сипатталады. Ол аурудың жасырын кезеңiнде жүргiзiлген вакцинациядан кейiн болатын уақытша иммунды супрессия әсерiнен болуы мүмкiн. Бiрақ парадоксалды серпілістер инъекциялар арасындағы үзiлiс ұзақ болған жағдайда, әсiресе тыныс жолдары ауруларының қоздырғыштарына қарсы өлi вакциналарды қолданған жағдайда да байқалады. Бұл құбылыстың механизмі әлi анықталмаған. Оның негізінде гуморалды түрдегi екiншiлiк иммунды жауап кезiндегi иммунды кешенді серпілісі жатуы мүмкін деген болжам бар.

Гипериммунизация кезiнде жануарлардың ағзасында иммунды кешендердің жинақталуы байқалады, нәтижесiнде васкулит, гломерулонефрит және амилоидоздың дамуы мүмкін. Адамда мұндай серпілістер байқалмаған, бiрақ антигендi жиi енгiзу арқылы гипериммунизацияны шақыру мүмкiншiлiгiнен қашу керек, сол себептен де иммунизация жүргiзу күн тiзбелiк жоспардан ауытқымау керек. Экспериментте және клиникада тiрi вакциналарды немесе адъюванттарды қолданған жағдайда аутоиммунды аурулардың дамуы байқалған. Бұл жағдай аутореактивтi клондардың белсенуімен жүретiн поликлонды ынталану әсерiнен дамуы мүмкiн деген болжамды механизмдер арқылы түсiндiруге болады.

Тазарту тәсiлдерiн біршама жетiлдiргенге қарамастан кез-келген жұқпалы материалда (тiрi вакциналарда) өсiру үшiн қолданған қоректiк ортаның қалдығы (овальбумин, пептон, антибиотиктер, инактиваторлар, стабилизаторлар) қалып қояды. Олар аллергиялық серпілістерді шақыруы мүмкiн.

Соңғы кезде вакцинаны дайындау үрдісі кезiнде (мысалы, қоректiк орта ретiнде ет-пептонды сорпаны қолданғанда), вакциналық материал прионмен ластануы мүмкiн екендiгi анықталды. Ол жүйке тiндерiнде дегенеративтi үрдістерді шақырады.

Биотехнологияның жаңа әдiстерi бойынша өндiрiлiп жатқан вакциналардың жаңа буынын дайындау арқылы ғалымдар аталған жағымсыз әсерлердi азайтуға немесе оларды мүлдем болдырмауға тырысуда.