
- •Вакциналардың негiзгi түрлерi Вакцина түрiндегi өлi микроорганизмдер
- •Тiрi аттенуацияланған вакциналар
- •Поливаленттi (ассоциацияланған) вакциналар
- •Негiзгi иммунизациялаушы компонент ретiнде құрамында бактериялар мен вирустардың фрагменттерi (негiзiнен олардың қабықтары) бар вакциналар
- •Жасанды вакциналар
- •Вакциналарды молекулалы клондау әдiсiмен алу (рекомбинантты вакциналар)
- •Генетикалық вакциналар (днқ-вакциналар)
- •Тағамдық вакциналар
- •Антиидиотиптiк вакциналар
- •Табиғатта аналогы жоқ жасанды иммунизациялаушы молекулалар
- •Вакцинация кезiнде дамитын асқынулар
- •Классикалық және замануи вакцинды адъюванттар
- •Адъюванттардың негізгі топтары
- •Алюминий туындылары негізіндегі адъюванттар
- •Бактериалды табиғаттағы адъюванттар
- •Жаңа ұрпақтағы адъюванттар
- •Иммунды ынталандырушы кешендер
- •Адъюванттар ретіндегі цитокиндер
- •Адъюванттардың басқа топтары
4-ші ТАРАУ. ВАКЦИНАЛАР ЖӘНЕ ВАКЦИНДЫ ПРОФИЛАКТИКА
Активті және пассивтi иммунизация жөнiнде түсiнiк. Вакциналардың негiзгi түрлерi: вакциналар түрiндегi өлi микроорганизмдер; тiрi аттенуацияланған вакциналар; поливаленттi (ассоциацияланған) вакциналар; суббiрлiктi және капсулалы вакциналар; вакцина түрiндегi синтетикалық пептидтер; рекомбинантты вакциналар; антиидиотиптiк вакциналар; табиғатта аналогы жоқ жасанды иммунизациялаушы молекулалар; генетикалық вакциналар (ДНК-вакциналар); тағамдық вакциналар. Вакцинация кезiнде дамитын асқынулар. Адъюванттар. Адъюванттардың негізгі топтары: алюминий туындылары негізіндегі адъюванттар; май-сулы және су-майлы эмульсиялары; бактериалды адъюванттар; жаңа ұрпақтағы адъюванттар; иммунды ынталандырушы адъюванттар; адъювант ретіндегі цитокиндер.
Француздың ұлы ғалымы Л. Пастер 100 жыл бұрын вакцинацияның ғылыми негiздерiн ашты және «вакцина» деген терминдi енгiздi. Иммунизацияның негiзiн қалаушы қағида – иммуногендер ретiнде микроорганизмдердiң әлсiз (аттенуацияланған) штамдарын қолдану. Вакцинация арқасында бүкiл әлем шешек, құтыру, күйдiргi, күл, сал, көк жөтел, қызылша, сiреспе, газды гангрена сияқты жұқпалы аурулармен, соның iшiнде аса қауiптi жұқпалармен де күресуде үлкен жетiстiктерге жеттi. Олардың кейбiреулерi толық жойылды. 1978 жылы БДҰ жер шарында шешекке қарсы егу арқылы шешек ауруы жойылды деп жариялады. Осыдан кейiн көптеген елдерде, соның iшiнде ССРО-да шешекке қарсы егу тоқтатылды.
Бiрақ, Пастердiң классикалық принциптерiн қолдана отырып, көптеген жұқпалы қоздырғыштарға қарсы (тұмау, ЖИТС, соз, мерез, геморрагиялық қызба, паразитарлық аурулар) тиімді вакциналарды алуға мүмкiндiк жоқ. Көптеген адамдарда вакцинациядан кейiн күрделі асқынудың дамуы салдарынан оларды дайындаудың жаңа тәсiлiн (синтетикалық, рекомбинантты, гендi инженерлi, антиидиотиптi, ДНҚ-вакциналар) iздестiрудi, сондай-ақ вакцинацияның жаңа кестелерiн құрастыруды қажет етуде.
Вакцинацияның негізгі мақсаты – жасанды иммунитетті қалыптастыру.
Вакцинадан кейін дамитын иммунитетте үш кезең ажыратылады. Бұл кезеңдер антидене түзілуімен, сондай-ақ жасушалық иммунитеттің де қалыптасуымен сипатталады. Бірінші, жасырын кезең – антиген енгеннен бастап антиденелердің, CD8+цитотоксикалық T-лимфоцитердің және Tх1-жасушаларының эффекторлары пайда болғанға дейінгі уақыт. Бұл кезең бірнеші тәулікке созылады.
Өсу кезеңі – қанда антиденелер мен иммунды хабарлы жасушалардың жанақталуы, оның ұзақтығы әртүрлі антигендер үшін 4 күннен бастап 4 аптаға дейін созылуы мүмкін. Мәселен, қызылша вакцинасына антиденелердің деңгейі тез жоғарылайды, сондықтан оны қызылшаның алдын алу үшін жұқпа көзімен жанасқаннан кейін 3 тәулік ішінде қолдануға мүмкіндік береді. Басқа жағдайларда қорғанысты қамтамасыз ететін деңгейге дейін иммунитет күшінің жоғарылауы аурудың жасырын кезеңінен ұзақ болады, сол себептен постэкспозициялық профилактиканың тиімділігі төмен болуы мүмкін. Мысалы, көк жөтел мен күл кезінде өсу кезеңі сәйкесінше 2 және 3 аптаға созылады.
Иммунитеттің төмендеу кезеңі – алдымен жылдам, кейіннен баяу жүреді және бірнеше жылға немесе оншақты жылдарға созылады. IgM мен IgA антиденелерінің деңгейі IgG титріне қарағанда жылдам төмендейді. Иммунитет жылдам төмендеген сайын иммунитетті ұстап тұру үшін вакциналарды керекті мөлшерде жиі енгізіп тұру керек.
Жұқпадан кейінгі иммунитеттің ұзақтығы қоздырғыштың қасиетіне, жұқтырушы мөлшеріне, иммундық жүйенің жағдайына, генотипке, жасқа және де басқа факторларға тәуелді. Иммунитет қысқа мерзімді болуы мүмкін, мәселен, тұмау, іш сүзегі, қайталама іш сүзегі кезінде қысқа мерзімді болса, күйдіргі, риккетсиоз, лептоспироз, сары қызба кезінді ұзақ мерзімді болады, ал сал, қызылша және көк жөтел кезінде тіпті бүкіл өмір бойына сақталады.
Жасанды иммунитет сол қоздырғыштың қайтадан жұғуынан қорғайды. Мұнда иммунитеттің негізгі механизмі бейтараптау эффектісімен байқалса, айналымдағы антиделердің белгілі бір деңгейде болуы реинфекциядан сақтайды. Қоздырғыштың екінші мөлшерін енгізгенде оның жұққыш белсенділігі әлсірейді және қайталама жұқпаға Т- мен В-жасушаларының жауабы біршама жылдамдайды. Иммунизациядан кейін пайда болған антиденелер уақыт өте жойылуы мүмкін, бірақ жұқпаға қарсы қорғаныс сақталады. Бұл жағдайда патогенді енгізгеннен кейін ағза екіншілік серпіліспен жауап береді.
Жұқпалы аурулармен күрестегi негiзгi жетiстiктерге белсендi және пассивтi иммунизация арқасында жеттiк.
Пассивтi иммунизация кезiнде адамға құрамында белгiлi бiр қоздырғыштардың антигендеріне қарсы антиденелер бар арнайы сарысуларды енгiзедi. Пассивтi иммунизация жылдам әсер бередi, сондықтан оны терапиялық мақсатта жиi қолданады. Тiптi эпидемиялар кезiнде оның алдын алу үшiн де қолданады. Көбiне құрамында жоғары титрдегi арнайы антиденелерi бар гомологиялық сарысуларды (антистрептококты, антистафилококты және т.б.) жұқпалы агенттерден қорғану үшін енгiзедi. Ал жоғары мөлшерде токсиндердi өндiретiн ауруларды (мысалы, күл, сiреспе, ботулизм, газды гангрена) емдеу кезiнде гетерологиялық антитоксикалық сарысу қолданады.
Активті иммунизация – дегенiмiз жұқпалы антигенді агресивсiз түрдегi, бiрақ иммуногендiк мөлшерде қорғаныс иммундық жауабын туғызу және иммунологиялық зерделікті қалыптастыру мақсатында адам ағзасына бағытталған түрде енгiзу.
Белсенді иммунизация кезінде сәйкес қоздырғышқа қарсы бiрiншiлiк иммундық серпілістер ынталанады және иммунологиялық зерделік қалыптасады. Нәтижесiнде ағза қоздырғышпен екiншi рет кездескен жағдайда оған жылдам, әрi тиімді жауап беруге қабiлетi болады. Бұл тек гуморалдық серпілістерге (яғни IgM, IgG, IgА түзiлуi) ғана қатысты емес, ол жасушалық түрдегi иммундық жауапқа да тән. Белсендi иммунизациямен шақырылған әсерлердiң ұзақтығы шектелген, сондықтан белгiлi жағдайларда вакциналарды қайта енгiзу керек. Әдетте вакцинаны қоздырғыштың табиғи жұғу жолын имитациялау арқылы енгiзсе оның нәтижесi жақсы болады. Мәселен, вирустарды (полиомиелит немесе тұмау) ауыз арқылы жiберу, себебi олар ағзаға iшек немесе тыныс жолдары арқылы түседi және бұл жағдайда секреторлы IgA түзілуі күштiрек ынталанады. Бiрақ белсендi иммунизацияны басқа да әртүрлi жолдармен (терiiшілiк, терi астына, бұлшық етке енгiзу) жүзеге асыруға болады. Сирек жағдайларда белсенді иммунизация кезiнде сенiмдi иммундық жауапты қалыптастыру үшiн антигенмен бiрге арнайы емес күшейткiш (адъювант) қолданады.
Сонымен, белсенді иммунизацияның мақсаты – жұқпаларға қарсы арнайы қабылдамаушылықты қалыптастыру, ол антиденелердiң және/немесе иммунды хабарлы жасушалардың зерде популяциясының жоғары деңгейде болуымен байланысты. Антиген организмге екiншi рет түскен жағдайда зерде жасушалары тез пролиферацияға ұшырайды және қоздырғышқа қарсы иммундық жауапты жылдам қалыптастырады.
Вакциналардың негiзгi түрлерi Вакцина түрiндегi өлi микроорганизмдер
Микроорганизмдердiң антигендiк құрамын өзгертпей патогендiгін жоюдың ең қарапайым әдiсi – микробтық жасушаның өмiр сүру қабiлеттiлiгiнен айыру. Мұндай өлi вакциналарды дайындау кезіндегі микроорганизмдердi инактивациялау барысында негiзгi протективтi антигендердiң ыдырап кетпеуiн қадағалап отыру керек. Қоздырғыштарды жоғары температураның немесе химиялық қосылыстардың (мысалы фенол) көмегiмен инактивацияға ұшыратады. Вакцинаның әсерiн күшейту үшiн, оған әдетте адъюванттарды қосады. Мұндай вакциналарға сүзекке, тырысқаққа, қызылшаға, полиомиелитке (Солка вакцинасы) қарсы вакциналар жатады.
Тiрi аттенуацияланған вакциналар
Тiрi аттенуацияланған вакциналарды алу үшін қоздырғышты белгілі бір жұқпаға сезімтал жануардың организмінен тыс жерде ұзақ уақыт дақылдандыру нәтижесiнде алады. Мысалы, микроорганизмдердi бiрнеше рет пассаж жасау арқылы (сары қызба вирусы), арнайы қоректiк орталарда (БЦЖ) немесе экстремалды жағдайларда дақылдандыру (жоғары температура, ультракүлгiн немесе иондаушы сәуле, мәселен, ол Bacillus anthracis үшiн), сондай-ақ спонтанды мутанттарды сұрыптау жолы (Yersinia pestis) арқылы дайындау.
Тiрi вакциналардың негізгі артықшылығы – аттенуацияланған қоздырғыштардың көбею және тiндерге қарай миграциялану қабiлеттiлiгi болады, нәтижесiнде антигендiк стимул мен иммундық жауап күшейедi.
Басқа артықшылығына жергiлiктi иммунитеттің қоздырғыш көбейген тiнде ғана дамитыны жатады. Мысалы, салға қарсы өлi вакцинаны парентералды жолмен енгiзген кезде мұрын-жұтқыншақта IgA түзілмейді. Ал интраназалды енгiзгенде тиімді иммундық жауап қалыптасады, бiрақ ол 2 айдан кейiн жойылады. Сонымен қатар тiрi аттенуацияланған вируспен пероралды иммунизация жасаған кезде мұрын-жұтқыншақта IgA деңгейi тұрақты түрде жоғары болады. Сонымен, алдын ала егулер өздерiнiң эффективтiлiгiн ұзақ уақыт сақтайды (10-15 жыл шамасында).
Тiрi вакциналардың мысалына қызылшаға, эпидемиялық паротитке, сары қызбаға, салға (Сейбин вакцинасы), қызамыққа, туберкулезге (БЦЖ) қарсы вакциналарды жатқызуға болады. Бұл вакциналар аурудың субклиникалық түрiн және тиімді қорғанысты шақырады.
Тірі және инактивацияланған вакциналар арасындағы айырмашылықты екі поливакцина мысалында жеңіл байқауға болады. Екі вакцинаның да өзіндік жақсы жақтары бар. Олардың дайындалуын зерттеу жұмыстары АҚШ-та бір уақытта басталды, бірақ өлтірілген вирусты Солка вакцинасы бірінші болып пайда болды, сондықтан АҚШ-пен кейбір Еуропа елдерінде жақсы қабылданды. Аталған вакцина арқасында АҚШ-та сал ауруы толығымен элиминацияланды, ал Швецияда ауру жойылды. Тірі вирусты вакцина – Сэйбин вакцинасы бұрынғы ССРО мен Шығыс Еуропа елдерінде бірінші болып сынақтан өтті. Оның нәтижесі күтпеген жерден біршама жоғары болды. Сондықтан Сэйбин вакцинасы бірнеше жылдың ішінде көптеген елдерде қолданып жүрген өлі вакцинаны ығыстырып шығарды. Оның артықшылықтарына пероралды енгізу, бағасының арзан болуы (антигенді масса саны аз кетеді), адъюванттарды қолдану қажет еместігі, тиімді жергілікті иммунитеттің (IgA мен IgG өндіріледі), күшті жасушалық иммундық жауаптың және ұзақ мерзімді иммунитеттің қалыптасуы жатады.