Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
6-шы тарау. Иммунологиялық төзiмдiлiк.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
913.41 Кб
Скачать

Шеткері төзімділіктің супрессорлық механизмдері

Реттегіш CD4+T-лимфоциттермен жүзеге асырылатын супрессорлық механизм шеткері төзімділікте басты қызмет атқарады.

Трет.лимфоциттер тимуста аутореактивті CD4+T-лимфоциттер субпопуляциясынан түзіледі, олар меншікті антигендерге аффинділігі орташа ТЖР экспрессиялайды. Бұл жасушаларда FoxP3 экпрессия деңгейі жоғарылайды және трет.лимфоциттерге дифференцацияланады.

Трет.лимфоциттердің организмнің меншікті антигендеріне қарсы адаптивті T-жасушалық жауапты тежеу қабілеті NOD (Nonobese diabetic mice – ІІ типтегі семірмейтін диабет) тышқандарымен және ВВ егеуқұйрықтарында (Bio breeding rats – І типтегі аутоиммунды диабет) жүргізілген тәжірибелерде дәлелденген. Бұл жануарларға CD4+T-лимфоциттерді енгезгенде диабеттің дамуы баяулайды. Кейіннен CD25 экспрессиясы жоғары CD4+T-лимфоциттер субпопуляциясы аутоиммунды диабеттің дамуын тежеуде маңызы қызмет атқаратына көрсетілді.

Трет.лимфоциттердің қызметін қадағалайтын FoxP3 нәруызының ақауы, көптеген мүшелердің зақымдалуымен жүретін ауыр аутоиммунды аурулардың дамуына әкеледі. Адамда FoxP3 нәруызын қадағалайтын гендер X-шы жұп зромасомасында орналасқан және оның ақауы «Иммунодисрегуляция, полиэндокринопатия, энтеропатия, X-байланысқан синдром – IPEX» деп аталады. FoxP3 нәруызының тышқандардағы ақауыауыр аутоиммунды ауруды шақырады, оныы қылыпты FoxP3 генін CD4+T-лимфоциттерге тасымалдау арқылы емдеуге болады. Бұл жағдай Трет.лимфоциттердің болмауы төзімділіктің бұзылуына себепші екенділігін дәлелдейді.

Бұл жасушалардың фенотипі CD4+25+FoxP3+ және сол арнайлықтағы эффекторлық Т-лимфоциттерге (Тх1, CD8+цитотоксикалық лимфоциттерге), антигенді таныстырып тұрған ДЖ супрессорлық белсенділігі бар. Трет.лимфоциттердің маңызды қызметтерінің бірі – аутореактивті Т-лимфоциттер клонының жұмысына супрессорлық әсер ету арқылы шеткері төзімділіктің қалыптасуына қатысу. CD25 және FoxP3 транскрипция факторы Трет.лимфоциттердің маңызды маркерлері және эффекторлық молекулалары болып табылады. Трет.лимфоциттердің екі супрессорлық механизмі бар: тікелей – Трет.лимоциттердің сол арнайылықтағы эффекторлық Т-лимфоциттер тікелей әрекеттесуі; дистанционды - цитокиндер (ИЛ-10, TGF-β, ИЛ-35 және т.б.) көмегімен қашықтықта әсер етуі. Тікелей супрессорлық механизм кезінде Трет.лимфоциттер жасушалардың апоптозын шақыратын грэнзим В бөледі.

Белсенген аутореактивті Т-лимфоциттер ДЖ белгі қабылдағаннан кейін Трет.лимфоциттердің әсеріне төзімді болады деп есептеледі. Яғни Трет.лимфоциттердің супрессорлық әсерін жұқпаларды таныған ДЖ тоқтатады. Бір жағынан, ДЖ мұндай белсенуі, патогенге арнайылығы бар Т-лимфоциттер клонының адаптивті иммунды жауабын ынталандырады, екінші жағынан, жұқпа ошағындағы тіндердің антигендеріне төзімділік бұзылады.

Трет.лимфоциттермен қамтамасыз етілетін шеткері төзімділік механизмдерін толығырақ зерттеу арқылы аутоиммунды және аллергиялық ауруларын емдеуде, оларды клиникалық колдану мүмкіншіліктері ашылуы ықтимал.

Соңғы жылдары аутоиммунды ауруларды емдеудің бірқатар жаңа әдістері ашылған. Олар моноклонды антиденелер көмегімен цитокиндердің және олардың рецепторларын немесе белгілі бір аутоиммунды аурудың патогенезінде шешуші қызмет атқаратын жасушаларды тежеуге негізделген. Бұл әдістердің бір кемшілігі бар: олар тек аутоантигенге қатысты иммунды жауапты тежемейді,с ондықтан иммунды тапшылықты қалыптастырады. Сондықтан аутоиммунды үрдісті тежеу кезінде жұқпалы және онкологиялық аурулардың даму қауіпі жоғарылайды. Осы себептерге байланысты жойылған төзімділікті қалпына келтіру әдістерін ойлап табу кез-келген ғылыми зерттеулердің негізгі мақсаты. Онымен қоса, аутоиммунды шабуылға нысанаға қатысты шеткері төзімділік механизмдерінің біреуін немеес бірнешесін жоғарлату керек. Сондай-ақ емдеу курсы аяқталғаннан кейін басқа лимфоциттер клонының супрессиясы дамымау керек, ал аутоиммунды үрдіс қайта басталмауы керек. Осы бағыттағы зерттеулер қарқынды жүргізілуде.