
- •Адаптивті иммундық жүйенiң құрылысы. Лимфоциттер генезi. Иммундық бақылау концепциясы. Адаптивті иммунды жауап.
- •Жасушалық деңгей
- •Лимфоциттер
- •Антигенді таныстырушы жасушалар
- •Құрылымдық жасушалар (микроайналым жасушалары).
- •Молекулалық деңгей Адаптивті иммунды жүйенің молекулалық негізін келесі макромолекулалық топтар құрайды:
- •6. Лимфоциттердiң антигенді танушы рецепторлары:
- •Лимфоциттер генезi. Иммундық бақылау концепциясы. Иммундық жауап
- •Адаптивті иммунды жауап
- •Жасушалық;
- •Гуморалдық;
- •Аралас немесе жасушалық-гуморалдық.
Антигенді таныстырушы жасушалар
Иммундық жүйенің жасушаларының маңызды тобын антигенді таныстырушы жасушалар (АТЖ) құрайды.
АТЖ қызметiне антигендердi өңдеу және өздерінің бетінде МНС гендерiнiң өнiмдерiмен байланыстырып Т-лимфоциттерге таныстыру (процессинг және презентация)кіреді.
Адам ағзасында осы жасушаларға, бірінші кезекте, дендритті жасушалар (ДЖ) макрофагтар және В-лимфоциттер, сондай-ақ терінің кератиноциттері және қан тамырларының эндотелий жасушалары жатады. Макрофагтар, дендриттік жасушалар және В-лимфоциттерді, сонымен қатар, мамандандырылған АТЖ деп те атайды,себебі, олар белсенді және антигенді таныстыруда негізгі қызмет атқарады.
Макрофагтар – бұл мононуклеарлық фагоциттер жүйесінің жасушалары, олар сүйек кемігінің (ал эмбрионның сарыуыз қапшығындағы және бауырдағы)бағаналы жасушалардан түзіледі; монобласттар сатысы арқылы қан моноциттеріне айналады. Қан лейкоциттерінің шамамен 5%-ын құрайтын моноциттер қан айналымында шамамен 1 тәуліктей болып, кейiн тіндерге таралып, мөлшері моноциттерге қарағанда 25 есе жоғары болып келетiн, тіндік макрофагтар популяциясын құрайды. Қалыптасқан тіндік макрофагтар фагоцитозды атқару, қабынулық жауапты бастау және АТЖ қызметін атқару арқылы туа біткен иммунитет жасушаларының қызметтерін қатар атқарады.
Барлық моноциттер мен макрофагтарда МНСІ класс гистосәйкестік гендерінің өнімдері болады, бірақ тек қана белсенген жасушаларда Т-хелперлерге антигендік пептидтерді таныстыруға тікелей қатысы бар МНС ІІ класс өнімдері пайда болады.
Дендриттік жасушалар – антигенді таныстырушы жасушалардың екінші тобын құрайды. Өсінділі мононуклеарлы жасушалар болып келеді. Эпителий тіндерінің дендриттік жасушаларын Лангерганс жасушалары деп атайды (жаңа жіктелу бойынша - ақ өсінділі эпидермоциттер). Ағзада бұл жасушалардың жалпы саны көп болғанмен (ДЖ қанның, лимфаның және басқа да тіндердің құрамына кіреді), диффузды таралуына байланысты лимфоидтық органдардың өздерiнде концентрациясы аз мөлшерде болады (лимфа түйіндері мен көкбауырда барлық жасушалардың 1%-ын құрайды).
Дендритті жасушалардың көбісі сүйек кемігінде қан түзудың миелоидты-моноцитарлық тізбегінен түзіледі. Цитоплазмадағы қабатты қосындылар – Бирбек түйiршектерi бұл жасушалардың морфологиялық маркерлері болып табылады.
Дендриттік жасушалар макрофагтар мен В-жасушаларға қарағанда біршама белсенді, сондықтан иммундық үрдістерді iске қосуда шешуші маңыздары бар. Дендриттік жасушалардың антигенді қармап алуы, көбінесе, лимфодтық ағзалардан тыс аймақтарда жүреді. Антигенді өңдегеннен кейін, олар оны регионарлы лимфа түйіндердегі Т-лимфоциттерге жеткізіп таныстырады. Дендритті жасушалардың фагоцитоздық қабілеті жоқ, бірақ нәруыздар мен вирустық бөлшектерді пиноцитоз жолымен оңай сіңіреді.
Ең маңызды АТЖ болып ДЖ мен МФ келеді. Олар шыққан тегі және мінездемелерінің басым санымен туа біткен иммунитет жасушаларына жатса да адаптивті иммунитет жасушалары – Т-лимфоциттердің антигенді тану үрдісіне міндетті түрде қатысады. Антигенді жутып алып ДЖ мен МФ жасуша ішінде олардың өндірілуін (процессинг) атқарады. Нәтижесінде гидролиз аяғында пайда болған антигендік пептидтер (эпитоптар) МНС нәруыздарымен иммуногенді кешендерді түзеді. Бұл кешендер АТЖ бетінде Т-лимфоциттерге таныстырылады (презентация). Моноцит/макрофагтар мен дендритті жасушалардың қалыптасу жолдары мен негізгі қызметтері ІІ бөл. 5 тарауында «Туа біткен иммунитет жасушалары және олардың қызметтері», сонымен қатар ІІІ бөл., 3 тарауында «Антигендерді тану» тереңірек қарастырылған.