
- •Комплемент жүйесінің құрылысы мен қызметтері
- •Классикалық жол;
- •Альтернативтік жол;
- •Лектинді жол. Комплемент жүйесінің активтену механизмдері
- •Комплемент жүйесінің классикалық жолмен актувтенуі
- •Алғашқы кезеңдері
- •Комплемент жүйесінің биологиялық әсерлері:
- •Комплемент жүйесінің альтернативті жолмен активтенуі
- •Комплемент жүйесін альтернативті жолмен белсенуін шақыратындар:
- •Кезіндегі бактериялардың лизисі
- •Комплемент жүйесінің лектинді жолмен активтенуі
- •Комплемент жүйесінің нәруыздарына рецепторлар
- •Комплемент жүйесінің бұзылыстарына байланысты дамитын аурулар
Комплемент жүйесінің бұзылыстарына байланысты дамитын аурулар
Бүгінгі күні комплементтің кейбір факторларының генетикалық тапшылығы сипатталған және олардың бактериалды жұқпаларға, қабыну үрдістеріне және иммунды кешенді ауруларға сезімталдықтың жоғарылуымен байланысы бар екендігі анықталған.
Комплементтің жетіспеушілігі кезінде пиогенді микроорганизмдердің белсенділігі жоғарылайды. Олар, негізінен, фагоциттерде жасушаішілік киллинг нәтижесінде деструкцияға ұшырайды. Бұл үрдіс антидене түзілуі мен комплемент жүйесінің жетіспеушілігі және фагоциттердің дисфункциясы кезінде бұзылады. Әсіресе, комплементтің классикалық жолмен белсенуін шақыратын алғашқы компоненттерінің жетіспеушілігінің маңызы өте зор, себебі иммунды жабысу (С3b) қызметі бұзылады және фагоциттердің хемотаксисі төмендейді.
Нейссерияларға сезімталдық (N. meningitidis, N. gonorrhoeae) мембрананы зақымдаушы кешендерді түзетін компоненттердің, сонымен қатар альтернативті каскадтың компоненттері жетіспеушілігі кезінде күрт жоғарылайды.
Иммунды кешенді патологиялардың алдын алу – комплемент жүйесінің ең негізгі қызметтерінің бірі. Комплемент жүйесі мен иммунды кешендер арасында ерекше жағдай бар. Бір жағынан, комплемент иммунды кешенді қабынудың дамуына қатысса, екінші жағынан классикалық жолдың алғашқы компоненттерінің генетикалық жетіспеушілігі бар науқастарда аутоиммундық иммунды кешенді патология дамиды. Себебі иммунды жабысуды (С3b) және фагоциттердің хемотаксисін (С3а) қамтамасыз ететін фрагменттердің жетіспеушілігіне байланысты иммунды кешендердің фагоцитозы төмендейді.
Иммунды кешендердің жинақталуы кезінде дамитын комплемент жүйесінің шамадан тыс белсенуі тіндердің зақымдалуына алып келуі мүмкін. С3а мен С5а нәруыздары хемотаксисті ынталандыру арқылы қабыну ошағында нейтрофилдердің жиналуына ықпал етеді. Сонымен қатар, С3а ме С5а фрагменттерінің анафилактикалық белсенділігі әсерінен гистаминнің бөлінуі қабыну үрдісін күшейтеді және қан тамырларының өткізгіштігін жоғарылатады.
Грам-теріс бактериялармен шақырылатын сепсис кезінде комплементтің жедел активтенуі байқалады. Бұл кезде науқастардың қанында айналымдағы иммунды кешендердің концентрациясы жылдам жоғарылайды. Комплемент жүйесінің созылмалы түрде активтенуі персистентті антигендерге (созылмалы жұқпалар) қарсы бағытталған иммунды жауап кезінде және аутоиммундық немесе аллергиялық генездегі иммунды патологиялар кезінде байқалуы мүмкін. Қан айналымы бұзылған жағдайларда (ишемия, инфаркт) мембрананы зақымдаушы кешендердің түзілуі жоғарылауы салдарынан тіндердің зақымдалу үрдісі күшейеді.
Орталық жүйке жүйесіндегі қан плазмасында комплемент нәруыздары шектелген. Олардың түзілуі қабыну алды цитокиндері әсерінен ынталануы мүмкін. Тіндік макрофагтарға жататын астроциттер комплемент компоненттерін және олардың рецепторларын түзу қабілеті бар. Комплемент нәруыздарының жергілікті активтенуі ОЖЖ қабыну және дегенеративті аурулары кезінде (Альцгеймер ауруы, мидың ишемиясы мен жарақаттары) байқалады. Шашыранды склероз кезінде комплементтің активтенуі олигодендроциттердің бетінде тікелей жүреді, ал Альцгеймер ауруы кезінде β-амилоидтар комплементтің жергілікті активтенуін шақыру арқылы нейрондардың зақымдануына әкеледі. Комплементтің фрагменттері арқылы миға кейбір вирустардың жұғуы мүмкін. Олардың қатарына адамның иммунды тапшылық вирусы, Эпштейн-Барр вирусы, қызылша вирусы және басқалары жатады. Қазіргі кезде комплемент жүйесінің жүйке ауруларының дамуындағы рөлі зерттелуде.
Комплемент жүйесінің бұзылыстарын анықтау
мәселелері
Көптеген аурулар кезінде комплемент жүйесіне баға беру әдістері толық ақпарат бермейді, бірақ бұл жүйені одан ары қарай зерттеулер аурудың әртүрлі кезеңдерінде комплементтің нәруыздары мен/немесе оларға арналған рецепторларының концентрациясы бойынша индивидуалды өзгерістер динимикасына қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Анамнезінде генетикалық аномалиялармен байланысы бар жиі бактериалды жұқпалар болған жағдайда комплемент жүйесін міндетті түрде зерттеу керек. Жүйелі қызыл жегі ауруы да комплемент жүйесінің туа біткен жетіспеушілігімен жиі ассоциацияланған.
Көптеген аурулар кезінде қан сарысуында комплемент компоненттерінің деңгейі төмендейді. Комплементтің жетіспеушілігі оның пайдалануының, ыдырауының және тежегіштер өндірілуінің жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін, сондай-ақ компоненттердің өндірілуінің генетикалық тұрғыда төмендеуі, аутоантиденелердің әсері және басқа да факторлар әсерінен болуы мүмкін. Клиникада комплемент компоненттерінің концентрациясының төмендеуі туралы мәліметтер жоғарылауына қарағанда маңызды. Себебі, комплементтің компоненттері жедел кезеңдік нәруыздар қызметін атқаратын болғандықтан, олардың деңгейінің жоғарылуы тек өндірілудің жоғарылауын ғана емес, сонымен қатар қабыну үрдісі мен тежегіштердің жетіспеушілігін және т.б. жағдайларды сипаттауы мүмкін.
Комплемент жүйесінің проблемалары иммунологтардың үнемі назарында. Әрине, алғашында комплемент тек жұқпалардан қорғану механизмі ретінде ғана қарастырылған. Комплементтің нәруыздарына арналған рецепторлардың ашылуы және басқа да реттегіш факторлардың анықталуы комплемент жүйесіне басқа көзқараспен қарауға мүмкіншілік берді. Комплемент жүйесінің активтенуінің жетіспеушілігі бірқатар аурулардың патогенезінде маңызды рөл атқаратыны белгілі болды. Комплементтің иммунды жүйенің қызмет атқаруындағы шынайы орны мен көптеген ауруларының патогенезіндегі маңызын әлі де анықтау керек.