
Ф КГМА 1-8-21/02
МУ «Организация методической работы в соответствии с ГОСО 2006 года» от 04.07.2007 г
Қарағанды Мемлекеттік Медицина Академиясы
Казақстан тарихы және әлеуметтік- саяси пәндер кафедрасы
ДӘРІС
Тақырыбы: «Қоғамдық шаруашылықтың нысандары. Тауарлы өндіріс.Ақша».
Пән: «Экономикалық теория негіздері»
Мамандығы: «051102-Қоғамдық денсаулық сақтау»
Курс: 2
Уақыт (ұзақтығы): 50 минут
Қарағанды – 2013 ж
Кафедраның әдістемелік жиналысында бекітілген
Хаттама №____ «____»_______ 2013ж.
Кафедра меңгерушісі: К.А. Темиргалиев
Тақырыбы: «Қоғамдық шаруашылықтың нысандары. Тауарлы өндіріс. Ақша».
Мақсаты: студенттерді қоғамды ұйымдастыру мәселелерімен, тауарлы өндірістің пайда болуы мен дамуы, ақшаның мәні, түрлері және пайда болу тарихымен таныстыру, сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы ақша реформаларын талқылау.
Дәріс жоспары:
тауарлы шаруашылық: пайда болу шарттары мен себептері, негізгі белгілері.
тауар. Тауардың қасиеттері: құн және тұтыну құны.
ақша мәні. Ақшаның атқаратын қызметтері.
ақша формаларының эволюциясы: тауарлық-ақша, металл, қағаз, несиелік, «электрондық» ақшалар.
ақша айналысының заңы. Ақша реформалары.
Дәріс тезистері:
Адамзат қоғамының тарихында қоғамдық өндірістің екі түрі қалыптасып келеді. Олар: натуралдық шаруашылық және тауарлы шаруашылық. Натуралды шаруашылық қоғамдық өндірісті ұйымдастырудың ең ертедегі түрі болып табылады. Алғашқы қауымдағы адамның еңбек құрал- сайманының қарапайымдылығы оған өнімді тек өзінің тұтынысы үшін жасауға мүмкіндік береді. Натуралды шаруашылық алғашқы қауымдық, құлиеленушілік және феодалдық өндіріс әдісінде басым болады. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы кезеңінде еңбек өнімінің бір бөлігі тауарға айналады. Бұл мал шаруашылығының егін шаруашылығынан бөлінуінен туындап, еңбек өнімділігінің өсуіне және өндірушілердегі артық өнімнің құрылуына алып келеді. Өз кезегінде бұл олардың арасында айырбасты тудыруға жағдай жасап, тауар өндірісінің дамуына түрткі болды. Кейінірек қол өнерінің егіншілікпен бөлінуі және сауданың оқшаулануы тұрақты айырбасқа, жеке меншіктің пайда болуына жағдай жасады.
Тауар өндірісі капиталистік өндіріс әдісінде өзінің дамуының жоғарғы түріне қол жеткізеді және жалпылама сипатқа ие болады. Өндірісті ұйымдастырудың натуралды түрі қазіргі жағдайда да орын алуда. Мысалы, бақшагердің натуралды шаруашылығы- өнімді тек өзі үшін өндіру, егер өнімнің бір бөлігін сату үшін бағыттаса, онда ол ұсақ тауар өндірісіне айналады. Қазіргі қоғамдық өндіріс- бұл дамыған тауар өндірісіндегі тереңдеген еңбек бөлінісінің болуы және оның мамандануы. Тауар өндірісінің пайда болуы төмендегідей үш белгісі бойынша жүзеге асады:
ең ірі қоғамдық еңбек бөлінісінің болуы;
алғашқы тұрмыстық қауымдастықта жеке меншіктің пайда болуы;
тауар өндірушілердің экономикалық оқшаулануы.
Тауар өндірісінің екі түрі бар: жай және капиталистік. Олар бір типті, себебі олардың негізінде өндіріс құрал- жабдығына деген жеке меншік жатады және ол екеуіде өнімді сату үшін өндіреді. Соған қарамастан олардың арасында айырмашылықтар бар. Жай тауар өндірісінде өнім тауар өндірушінің еңбегімен жасалады. Мұнда жұмыс күшін жалдау жоқ. Капиталистік тауар өндірісінде өнімді өндіріс құрал- жабдығы жоқ жалдамалы жұмысшы жасайды.
К. Маркс өзінің ғылыми зерттеуін тауарды талдаудан бастайды, себебі ол тауар өндірісінің қарапайым түрі болып табылады. Ол экономикалық құбылыстар мен процестерді зерттеуді осыдан бастауының себебі, тауар тым ертеде пайда болды. “Тауар” категориясына дейін тарихта “игілік” ұғымы болған, ол заттардың адамзаттың белгілі қажеттілігін қанағаттандыру қабілеттілігін көрсетеді. Экономикалық әдебиеттерде “игілік” категориясы әртүрлі түсіндіріледі. Мысалы, ағылшын экономисі, Кембридж мектебін құрушы А.Маршалл (1842-1924 ж.) “Саяси экономия принциптері” (1890 ж.) кітабында игілікті адамның барлық көңілі ауған заттарын түсінген және ол адамның қажеттілігін қанағаттандыру қажет. Игіліктің бұл анықтамасы толық емес, себебі ол затпен және ұсақ-түйекпен ғана шектеледі. Игілік қоғамдық ұдайы өндіріспен байланысатын болса сирек кездесетіе (шектелген) болып есептелінеді. Адамның сұранымын қанағаттандыру үшін көп уақыт жұмсалса, шектелілік дәрежесі тым жоғары болады.
Игілік экономикалық және экономикалық емес екіге болып бөлінеді. Экономикалық игіліктер әрқашан шектеулі болады. Алғашқы рет “экономикалық игіліктер” ұғымын ғылымға енгізген итальян экономисі А. Пезенти (1910-1973 жж.) болатын. Табиғатта белгілі игіліктер (ауа, жер, жарық, климат) бар және оларды адамдар күш- қайратын жұмсамай-ақ, қолдануға болады. Осы игіліктерді экономикалық емес игіліктер деп атаймыз.
Экономикалық игіліктердің ерекше түріне тауар жатады. “Тауар” ұғымы тым ертеде пайда болған. Ол көшпенді түрік тайпаларынан алынған және сөзбе-сөз алатын болсақ “мүлік”, “жақсылық” мағынасын білдіреді. Ал экономикалық теорияда “тауар” сөзі ерекше мәнге ие, ол адам қызметінің нәтижесі бола алатын өнім, яғни айырбас үшін немесе сатуға, сатып-алуға бағытталған өнім.
Маркстік теория бойынша: “тауар” ең алдымен адам іс- әрекетінің өнімі, ол өзінің қасиетімен адамдардың қандайда бір тұтынысын қанағаттандырады. “Өнім тауар болу үшін басқа адамның қолына берілуі қажет және ол айырбастаудың арқасында кейбіреулерге тұтыну құны ретінде қызмет етеді”. Осыдан байқайтынымыз, кез келген еңбектің өнімі тауар бола алмайды, тек айырбастау үшін, сату, сатып алу үшін арналады. Экономиканың қазіргі өкілдері “тауар” ұғымын басқаша түсіндіреді. Олар тауарды экономикалық игілік ретінде қарастырады және шектеулі мөлшерде барлығын, айырбас үшін арналғандығын айтады, сөйтіп одан төлем қабілеттілігі сұранымы талап етіледі. Австрия экономисі Карл Менгердің (1840-1921 жж.) ойынша, экономикалық игіліктердің тауар болуы оның қозғалу қабілетіне тәуелсіз, оны сатуды ұсынатын адамға, оның материалдығына және еңбектің өнімі ретінде сипатына тәуелсіз. Себебі ол міндетті түрле айналым үшін арналған.
Маркстің ойынша, тауар екі қасиетті иеленеді: біріншіден, қандайда бір адамның сұранымын қанағаттандыруы, екіншіден, зат бола отырып, басқа затқа айырбасталу қабілеттілігі. Заттың пайдалылығы, оның адамның сұранымын қанағаттандыру қасиеті- яғни тұтыну құны деп аталады. Кейбір тұтыну құны адам сұранымын тікелей қанағаттандырса (тамақ, киім, тұрғын-үй және т.б.), басқалары – жанама (машина, құрал-сайман, өндірістік ғимараттар және т.б.) қанағаттандырады. Тұтыну құнына ие болған тауар, құнға да ие болады. Құн – тауарға сіңген қоғамдық еңбек пен айырбас арқылы байқалады. Құн айырбас құнымен тығыс байланысты. Құн – тауардың ішкі қасиеті болып табылса, айырбас құны- бұл тауардың сыртқы көрінісі. Тауар өндірушілердің тауарға сіңген еңбегі тек жанама жолмен, яғни, бір тауардың басқа тауарларға айырбасталуы арқылы көрінеді. Айырбас құны сандық арақатынасты немесе пропорцияны байқатады, соның негізінде әртүрлі тауарлар айырбасталады. Кез-келген тауар өндірушінің еңбегі екі жақты сипатқа ие болады: тұтыну құнын жасайтын пайдалы еңбек; адамның жұмыс күші шығындары, оның жалпы еңбегі. Тұтыну құнын жасайтын еңбек нақты еңбек деп аталады. Адамның жұмыс күші шығындарынан тәуелсіз еңбек абстрактылы еңбек деп аталады. Оған мысалы, адамның еңбек ету кезіндегі жұмсаған энергиясы, ойлауы жатады.
Тарих құрылуының ұзақ мерзімді уақытында ақшаның пайда болуы мен мәні туралы біркелкі шешімін тапқан емес. Экономикалық мектептің бір өкілдері ерте дүниедегі грек ойшылы Аристотель ұсынған қағидаға сүйене отырып, ақшаны – белгілі шарт, адамдар арасындағы саналы келісім нәтижесі ретінде қараған. Басқа бағыттағы мектептің өкілдері ақшаны – мемлекет бекіткен тауарды айырбастауға қажетті құрал ретінде қарастырған. Үшінші өкілдері ақша өзінің табиғаты бойынша алтын мен күміске жататындығын айтқан.
Ең алғашқыда ақша алғашқы қауымдық қоғамда, яғни, жалпы алғашқы қоғам тайпасынан малшылар тайпасының бөлінуі кезінде пайда болды. Бір тайпалар малмен айналысса, ал екіншілері- жермен айналысты, сөйтіп өнімді айырбастау үшін экономикалық негіз пайда бола бастады. Мұндай айырбас алғашқыда кездейсоқ, бірегей сипатқа ие болды. Мысалы:
Т
Т экв.
( 1 қойға = 1 қап астық) экв.
Мұнда бірінші тауар (қой) өзінің құнын басқа тауарда (1 қап астық) айырбасын көрсетсе, онда салыстырмалы құн түрінде болғаны, ал бір қап астық оның эквиваленті болып табылады, яғни эквивалентті түрде болғаны.
Тауар өндірісінің ары қарай дамуы тауар айырбасын реттілікпен жүргізуге алып келді. Айырбасқа екі ғана емес, одан да көптеген тауар түрлері қатысты. Құнның – толық немесе кеңейтілген екінші түрі қалыптасты. Мысалы:
Т
(қой)
Т1
(1 қап астыққа) экв.
Т2 (1 балтаға) экв.
Т3 (5 құмыраға) экв.
Құнның кеңейтілген түрінің пайда болуымен қатар, сондай- ақ айырбаста қиындықтар туындады. Мысалы, қойдың иесіне астық қажет, бірақ астық иесіне қой керек емес, оған балта қажет, ал балта иесіне қой керек. Неғұрлым нарыққа тауар көп түскен сайын, қиындықтар да көбейе түседі. Бұл жағдайда астық иесі қойды алуға келіседі, сөйтіп өзінің астығына айырбастайды, себебі оны (қойды) балта иесі алуға ынталы. Осы жерде қой делдалдық, яғни жалпыға ортақ (жалпылама) роль атқара бастайды. Сөйтіп құнның үшінші түрі қалыптасып, ол жалпылама деп аталады.
Т1 (1 қап астыққа) экв. = 1 қойға (экв)
Т2 (1 балтаға) экв.
Т3 (5 құмыраға) экв.
Кейінірек жалпылама эквиваленттік ролді игілікті металдар (алтын, күміс) атқара бастады, себебі оның өзіне тән бірқатар артықшылығы болды: жеңіл бөлінетіндігі, біртектілігі, жақсы сақталатындығы.
Ақша дегеніміз- кез- келген уақытта басқа бір тауарға айырбастала алатын жалпылама эквивалент. Кез- келген тауар өзінің құнын ақшамен көрсетеді. Ақшаның маңызы оның қасиеттерінен байқалады: жалпыға тікелей айырбасталу формасы; құнның дербес формасы; еңбектің заттық сыртқы өлшемі.