Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Сабақтылық-салттылық категория

Бүкіл етістікті қамтитын салттылық, сабақтылық мән әрі лексикаға, әрі грамматикаға қатысты категория ретінде тюркологияда зерттелуі жағынан аса дами қоймаған мәселердің бірі. Етістіктің салт етістік, сабақты етістік деп бөлінетін түрлері ертеден айтылғанмен, олар етістіктің салттылық-сабақтылық категориясы ретінде танылмаған. Категория ретінде салт, сабақты етістіктер арнайы зерттеудің тақырыбы болмаған. Сондықтан да ертеде шыққан тюрколог ғалымдар еңбектерінде етістіктің салттылық, сабақтылық мағынасы мүлдем аталмайды. Кейінгі түрік тілдері грамматикаларының авторларының еңбектерінде етістіктің салт етістік, сабақты етістік түрлері аталады, бірақ оны етістіктің жеке категория ретінде танымайды. Олар етістіктің салттылық, сабақтылық мағынасын етіс категориясының ішінде атайды. Ендігі бір топ ғалым-түркологтар етістіктің салттылық, сабақтылық категориясын етіс категориясынан бөліп, оның жекелігін көрсетеді. Бұл топтағы ғалымдар етістіктің салттылық, сабақтылығын жеке категория ретінде тани отырып, оның етіс категориясымен байланысы барына, салттылық, сабақтылыққа етіс жұрнақтарының әсері болатынына тоқталады. Сөйтіп, етіс көрсеткішінің етістіктің салттылық, сабақтылығын жасайтынын көрсетеді. Келесі топтағы ғалымдар етістіктің салт, сабақтылық мағынасын бөліп жеке қарағанмен, оны категория деп санамайды.

Етiстiк жалпы грамматикалық мағынасы жағынан ненi бiлдiрсе де және қандай тұлғада тұрса да, не сабақты, не салт мәнiн бiлдiрiп тұрады. Етiстiктiң бойындағы осы салттылық-сабақтылық қасиет оның әрі семантикалық сипаты, әрі етістікке ғана тән ерекшелік болып саналады. Етістікке тән салттылық пен сабақтылықты таныған ғалымдарда оны қандай категория деп атаумен байланысты әр түрлі пікір бар. Башқұрт тілінің ғалымдары сабақты, салт етістік категориясын лексика-грамматикалық категория санаса, кей грамматика авторлары оны лексика-семантикалық категория (35. 5-8.) дегенге жақындатады. Бұдан жалпы салт және сабақты етістіктер туралы оқулықтарда белгілі дәрежеде мағлұмат беру ертеден келе жатқан дағдылы құбылыс екені байқалады. Ал қазақ тілінде алғаш жазылған Ахмет Байтұрсыновтың « «Тіл-құрал» атты оқулығында салт етістік пен сабақты етістіктер етістер құрамында аталып, «Сабақты етіс дейміз – еткен іске бір нәрсе сабақтаулы болса, ...»; «Салт етіс дейміз - өткен іске сабақталып, байланып тұрған һеш нәрсе болмаса,...» (7.231.) - деген ережемен берілген. Яғни етіс ішінде қаралған.

Қазақ тіл білімінде сабақты етістік пен салт етістік етістіктің жеке семантика - синтаксистік категориясы (13. 24) -деп танылады.

Етістік проблемаларын қазақ тіл білімінде ең көп зерттеген ғалым –А.Қалыбаева (Хасенова), бұл ғалымның негізгі еңбектері етіс проблемасымен, етістіктің сөзжасамымен байланысты. Осы мәселелерді зерттеу үстінде ғалым сөз жоқ етістіктің салт-сабақтылық мағынасына да тоқталып отырған.

А.Қалыбаева «Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты» атты моногафиясында салт, сабақты етістіктер мәселесіне тоқтала келіп, бұл жөнінде автордың «Бүгінгі түркі тілдеріндегі сабақты және салт етістік категорияларын тек семантикалары тұрғысынан қарап қоймай, тілдің әр саласын жан-жақты қарауға тиісті лексика-грамматикалық қасиеттері тұрғысынан да қарап, оларды өзінше лексика-грамматикалық категория деп тұжырымға келу қажет болады» (55.208) - деп айтқан өз сөзінен оның сабақты және салт етістіктерді лексика-грамматикалық категория қатарына жатқызғаны көрінеді. Осы еңбекте ғалым сабақты және салт етістіктерді лексика-семантикалық және грамматикалық тұтастықта алып қарауды да ұсынады. «Сабақты, салт етістіктердің обьектіні керек ету, етпеуі етістіктердің лексика-семантикалық мәнімен ұштасады, ал олардың түбір тұлғада тұруы, сөйтіп тұрлаусыз мүшелерді меңгеруі грамматика саласынан танылады. Бұл сабақты, салт етістіктерді семантика мен грамматика тұтастығы тұрғысынан баяндауға мүмкіндік береді (55.208.) - деп есептейді. Салт етістік пен сабақты етістік ғылыми грамматикаларда «табыс септеудегі тура толықтауышқа мағынасы сабақталып тұратын етістікті сабақты етістік, ал, керісінше, табыс септеудегі тура толықтауышқа мағынасы сабақталмай, жадағай істің өзін халді білдіретін етістіктерді салт етістік дейміз» (31. 290.) - деген анықтама беріліп, салт, сабақтылық категориясы түбір сөзге қатысты екені және бұлардың етіс жұрнақтары арқылы бір-біріне ауысатыны айтылған.

1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты шығарған «Қазақ тілінің грамматикасы» ғылыми оқулығында жоғарыда айтылған салт етістік пен сабақты етістіктерге берілген сипаттамаларға қоса, аздаған толықтырулар бар. Мұнда етіс жұрнақтарының ішінде ортақ етіс жұрнағының салттылық, сабақтылыққа әсер ететіні, етістік жұрнақтарының көбі етістіктің сабақты және салт мәнін беруге бейтарап болып келетіні айтылған. Сонымен бірге –ра /-ре, -сыра /-сіре, -мсыра /-мсіре, -ңра /-ңре, -ура /-уре, -ай /-ей, -ырай /-ірей, -ал /-ел /-л, -ғы / -гі т.б. жұрнақтары салт етістік көрсеткіші есепті өз алдына бөліп қарау керек деп санаған да, ал –қылы / -кіле жұрнағы (шапқыла етістігінен басқа жағдайда) сабақты етістік жасайтыны (31.163-164.) айтылған. 1974 және 1991 жылдары шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (морфология) оқулықтарында (63. 279-281.) салт және сабақты етістіктерге қысқаша түсінік беріле келе, екі нәрсеге көңіл бөлу керекгі, бірі – бір етістіктің әрі салт, әрі сабақты болып келуіне, екіншісі –салт, сабақтылық қасиеттің жалаң түбір етістіктермен қоса күрделі етістіктерге де қатысы бар екеніне назар аударылған. Ә. Төлеуовтың «Сөз таптары» деп аталатын филология факультеті студенттеріне арналған оқу құралында етістік ішкі лексика-семантикалық мәнінің сапалық белгісіне қарай ажыратылып, ол қимыл обьектілерінің түріне қарай сабақты, салт етістік болып бөлінетіні, сөйтіп етістік болмыстағы іс не әрекеттің белгілі бір обьектіге сабақталып, не сабақталмай жалаң қолданылуы арқылы өздері меңгеретін сөздерінің белгілі формада тұруын талап ететіні, сабақты етістік пен салт етістіктің қазақ тілінде формалануы жағынан (қосымша қосылуы) бір-бірінен пәлендей айырма жоқ, бірақ олардың бір-бірінен мағынасы және қызметі жағынан айырмасы барлығы айтылады (52. 78.). Бұл пікір алалығы тюркологияда етістіктің салттылық, сабақтылық мәселесінің аз зерттелгенін көрсетсе керек.

Жалпы лингвистикада салт, сабақты етістіктерді обьектілі, обьектісіз қимыл деп атау қалыптасқан. Етістіктің салт, сабақтылығы тілдің грамматикалық құрылысында кең орын алатын грамматиканың теориясын дамытуда маңызы зор өзекті мәселелердің бірі екені ақиқат.

Салт, сабақты етістік категориясының кейбір жеке тілде ғана болмаса жалпы түркологияда, соның ішінде қазақ тіл білімінде де зерттелмей келе жатқаны, осы қысқа шолудан анық көрінеді. Бұл түркі тілдерінде салт, сабақты етістік категориясына байланысты теорияның дамымағанын көрсетеді. Соңғы кездері жеке тілдерде, соның ішінде қазақ тілінде салт етістік пен сабақты етістіктердің ішкі сыры басқа мәселелермен қатысты құрамы мен мағынасының аумағы, сөз тіркесін жасаудағы қабілеті, олардың есім сөздерді меңгеруіне байланысты қарастырылып жүр (5.).

Етістіктің салттылық, сабақтылық мәнінің өзіндік айырмашылығы бар категория. Ол негізінен қимылдың жасалуына байланысты мағына. Шындық өмірде қимыл, іс-әрекет субьекті арқылы іске асатыны, қимылды субьекті жасайтыны ешбір күмән туғызбайтын басы ашық мәселе. Ал субьект жасайтын қимылдың қай затқа бағытталуын етістік өзінің лексикалық мағынасымен бірге көрсетеді және сонымен бірге қимылдың субьектіге бағытталғанын да білдіреді. Ол салт етістіктерге тән мән-мағына. Мысалы, Кейде күн шықпай, Біжікен зиратының басына барып, күн бата қайтады (Ғ.Мүсрепов) сөйлеміндегі «күн шықпай» дегенде, шықпаған күн, «зиратының басына барып» дегенде барған – ол, «күн бата» дегенде, батқан – күн, «қайтады» дегенде, қайтатын –ол. Бұлардың бәрінде де қимыл – субьектінің қимылы. Осы етістіктер білдіретін қимыл субьектіге бағытталады дегенді қимыл жасаушы – субьекті деп түсінбей, қимылға түсетін де субьектінің өзі деп түсіну керек. Өйткені мұнда қимылдың жасалуына қатысты субьектіден басқа зат – обьекті жоқ. Осы пікірді аңғару үшін сабақты етістікке мына мысалды келтірейік. Жақып Құнанбай отырған бөлменің есігін ашты (М.Әуезов); Мен біразын көзбен көріп, дәмін таттым (С.Бегалин) деген сөйлемдерде «ашу, тату» етістіктері сабақты етістіктерге жатады. Осындағы етістікті білдіретін қимыл да субьекті арқылы жасалады. Бөлменің есігін ашқан – Жақып, біразын көрген, дәмін татқан – мен. Бұл етістіктер білдіретін қимылдардың әрқайсысын жасаған қимыл иесі –субьектісі бар екені анық. Бірақ мұнда қимыл субьектіге емес, обьектіге бағытталған. Анығырақ айтсақ, мұндағы қимыл обьектіге жасалған. «Ашу» қимылына түскен обьекті – есік, «көру» қимылына түскен обьекті – дәм. Бұдан сабақты етістікте қимыл субьектіден басқа затқа жасалатыны, яғни қимылды субьекті басқа затқа жасайтыны көрінеді. Міне сондықтан да ғылыми еңбектерде салт етістіктер білдіретін қимыл субьектіге, ал сабақты етістіктер білдіретін қимыл обьектіге бағытталады деп саналады. Салт етістіктегі қимыл субьектіге бағытталады дегенді субьекті жасайтын қимыл деп түсінуге де болады. Ал субьекті жасайтын қимылдың бәрі салт етістікке жата бермейтіні белгілі. Өйткені сабақты етістік білдіретін қимылды да субьекті жасайды.

Салт, сабақты етістіктерді тануда ғылыми әдебиеттерде айтылып жүрген қимылдың субьектіге не обьектіге бағытталуына байланысты болады деген жалпылама анықтама жеткіліксіз сондықтан, олардың бір-бірінен ерекшелігін ажырату қажет. Олар:

1. Салт етістікте қимылды субьекті жасайды, бірақ ол қимылға түсетін, қимыл жасалатын субьектіден басқа зат болмайды. Ал сабақты етістікте қимылды басқа зат жасайды яғни сабақты етістікте қимылға түсетін обьекті зат болады.

2.Салт етістік тек субьектіге қатысты қимылды білдіретін болғандықтан, салт етістіктегі қимыл бір затқа ғана қатысты болады. Ал сабақты етістіктер субьектінің обьектіге жасалатын қимылын білдіреді. Сондықтан да ол кемі екі затқа байланысты қимыл болады. Оның бірі – субьекті, екіншісі обьекті. Сабақты етістік үшін сөйлемде субьектінің аталуынан гөрі қимылға түсетін, қимыл жасайтын обьектінің аталуы өте маңызды.

3. Салт етістіктер тек субьектіге қатысты қимылды білдіретін обьектісіз етістіктер болса, сабақты етістіктер қимылдың белгілі бір обьектіде өтуін қажет ететін обьектілі етістік (35. 20-21.).

Сөйлемде қандай сөйлем мүшесінің қолданылуы, етістіктің қажет етуіне байланысты болады. Өйткені сөйлемнің ұйтқысы - етістік. Етістік сөйлемді ұйымдастырушы болса, оның ұйымдастырушылық қызметі обективті өмірде сол қимылдың жасалуын білдіретін ұғымдардың мәні салт, сабақты етістіктердің сол сөйлемде қолданылу ерекшелігіне байланысты болады. Өйткені қимыл обьективті өмірде өзінен-өзі жасала қалмайды. Қимылды жасаушы болады, қимылға түсетін зат болады, қимылды жасау мезгілі, жасалатын орны, т.б. болады. Қимылдың мәнін ашатын, оған қатысты ұғымдар, жағдайлар болады. Қимылды жан-жақты, анық түсіндіру үшін, олардың бәрі де қажет. Сөйлемде етістік өзінің мәнін ашатын осындай ұғымдардың аталуын қажет етеді. Мысалы: «Ол қазір диванда газетті жайлап оқып жатыр»- деген сөйлемді алып, сөйлемдегі сөздерге талдау жасайық. Біріншіден бұл сөйлемдегі «оқып жатыр» деген етістіктің мағынасы кімнің оқығанын айтуды қажет етеді, өйткені қимылдың субьектісі аталу керек, сондықтан сөйлемге «ол» деген субьекті сөз кірген. Екіншіден, ол етістіктің мағынасы қимылға түскен обьектінің атауын керек етеді, сондықтан сөйлемде қимылдың обьектісі «газет» сөзі айтылған. Үшіншіден, осы етістіктің мағынасы қимылдың қайда жасалуын атауды тілейді, сондықтан сөйлемге «диванда» деген сөз кірген, ол қимылдың болған орнын көрсетіп тұр.Төртіншіден, аталған етістік мағынасы қимылдың қалай жасалғанын анықтауды керек етеді, сондықтан сөйлемде «жайлап» деген көсемше тұлғалы сөз қолданылған. Бесіншіден, бұл етістіктің мағынасы толық ашылу үшін қимылдың жасалу мезгілін білдіру қажет, сондықтан да сөйлемге «қазір» деген үстеу сөз кірген. Осы мысал етістік тек лексикалық мағынаны білдіріп қана қоймай, ол өз бойында келешек сөйлемнің қаңқасы үшін қажет болатын сөздердің кіруін шеше алатынының дәлелі. Бұдан сөйлемде белгілі мүшелердің қолданылу, қолданылмауы етістіктің салттылық, сабақтылық мағынасына байланысты болатыны көрінеді. Етістіктің осы мағынасына байланысты обьектілік, субьектілік қатыстағы сөздер үшін сөйлемде бос орындар болады, сөйлемдегі осы бос орындар сондай қызметтегі сөздер арқылы толықтырылып отырылады. Ал салт, сабақты етістіктерді ажыратудың өзі сөйлемде осы тура обьектінің болу болмауына, етістіктің оны қажет ету етпеуіне байланысты анықталады. Салт етістік баяндауыш болған сөйлемде тура обьектіге арналған бос орын болмайды, сондықтан ол - тура обектісіз етістік, яғни обьекті жөнінен салт етістік ноль валентті. Ал сабақты етістікте тура обьектіге арналған бос орын болады, оны сондай мәндегі, қызметтегі сөздермен толықтыру қажет етіледі. Етістік сөйлемде қолданылғанда табыс септіктегі сөзді –тура толықтауышты керек етіп, сабақталуды тілеп тұрады, оған сөйлемде қалдырылған бос орын да болады. Осындай тура толықтауышты керек ететін мағынасы бар сабақты етістіктер - тура обьектілі етістіктерге жатады. Олар тура толықтауышпен тығыз лексика-семантикалық байланыста келеді.Ал тура толықтауыш сөйлемдегі ойды анықтайтын, нақтылайтын негізгі етістіктің серігі болып табылады.

Етістік - сөйлемнің және сөз тіркесінің негізгі тұтқасы, тірегі. Ол іс-әрекет пен обьекті арасындағы грамматикалық байланысты шешеді. Сондықтан етістіктің сөйлем жасауда негізгі ұйтқы болуы тегін емес. Өйткені кез-келген сөйлем есім сөздердің етістікпен қосыла, бірге қолданылуы арқылы етістіктің төңірегінде (салттылық не сабақтылық мәннің бірін білдіретін ) құрылады. Сабақты етістіктің мағынасы нақтылы, анық болуы үшін сөйлемде табыс септіктегі сөздің қолданылуы міндетті. Сабақты етістік өзінің лексикалық және грамматикалық мағыналарының күші арқылы тіркесетін сөзден белгілі бір септікті талап етеді. Табыс септіктегі обьекті сөзсіз сабақты етістіктің мәні ашылмайды. Салт етістіктің мәні анық, нақтылы болу үшін, қимылды кім жасағаны, яғни атау септіктегі сөз айтылуы тиіс. Бірақ ол сөйлемде үнемі айтыла бермеуі де мүмкін. Оның айтылмауы салт етістіктердің мағына толымсыздығын туғызбайды. Өйткені салт етістіктен болған баяндауышта қимылды кім жасағанын көрсетіп тұратын жақтық жалғау тұрады. Сондықтан қимыл иесі сөйлемде айтылмаса да, оның кім екенін баяндауыш болған салт етістік көрсете алады. Сонда сабақты етістік те, салт етістік те сөйлемде табыс септіктегі және атау септіктегі субьекті сөзді міндетті түрде керек етіп тұрады. Ал сабақты, салт етістіктер басқа септіктегі сөздердің сөйлемде айтылу, айтылмауына бейтарап қарайды, бұл жерде міндетті түрде болу керек деген міндеттілік жоқ. Бірақ басқа септіктегі есім сөзбен сабақты етістік те, салт етістік те тіркесе береді. Басқа септік тұлғадағы есім сөзбен тіркесу жағынан сабақты, салт етістіктерде көзге түсетін айырма жоқ. Обьектіге жасалатын қимылдың да, субьектіге жасалатын қимылдың да жасалатын мерзімін, орнын белгілі септікте көрсетуге болады. Ол септіктердің бәрі жанама обьектіге жатады. Жанама обьектілер қимыл атаулының бәріне қатысты. Сондықтан етістік жанама қимылға қатысты мағыналық топқа бөлінбейді. Түркі тілдерінде етістік мағынасының ең үлкен топтары салт және сабақты етістіктер тілдегі бүкіл етістіктерді қамтиды. Тілдегі мағыналы етістік атаулының бәрі осы екі мағыналы топтың біріне жатады. Етістіктің салт, сабақты болып бөлінуі олардың қалайда болмасын тұлғалық ерекшеліктеріне емес, негізінде лексикалық мағыналарына байланысты болып келеді. Өйткені салттылық, сабақтылық мән оның жалпы грамматикалық мағынасының басты мәнді көрсеткіші емес, соның негізінде ғана пайда болған екінші семантикалық сипаты (21.171.). Салт етiстiктi де, сабақты етiстiктi де тудыратын грамматикалық формасының жоқтығы оның жалпы грамматикалық мағыналарына байланысты болып келедi. Қазақ тілі етістіктерінің грамматикалық семантикасымен байланысты қалыптасқан салттылық пен сабақтылық категориясының сырттай білініп тұратын, өзіне тән арнаулы қосымшасы болмаса да, субьекті мен обьектінің грамматикалық қатынасын өзгертіп тұратын ішкі семантикалық мазмұны болады. Ол мазмұн етістік түбіріне табыс септікті қалау, қаламау қабілетін түпкілікті семантика-синтаксистік қасиеттің бірі етіп таққан (63. 280-281.). Етістік бойындағы салттылық, сабақтылық мағына етістік түбірінің тұрақты қасиеті болғандықтан да, ол табыс септіктегі обьектіні меңгеру не меңгермеу шеңберінде ғана қалып қоймайды, сонымен бірге басқа септіктерді де меңгереді. Ендеше етістіктің салттылық, сабақтылық категориясы етiстiктiң семантика-синтаксис саласындағы өзгешелiктерiмен танылған лексика-грамматикалық категория. Етістік мағынасының сабақтылық және салттылық ерекшелігі семантикалық категория шеңберінде ғана қалып қоймайды, сонымен бірге грамматикалық қызмет те атқарады. Өйткені етiстiктің салттылық-сабақтылық мәні оның жалпы грамматикалық мағынасының негiзiнде пайда болған екiншi семантикалық сипаты. Сондықтан етістіктің салттылық-сабақтылық категориясы етiстiктiң семантика-синтаксис саласындағы өзгешелiктерiмен танылған лексика-грамматикалық категория саналады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]