Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Аналитикалық форманттар

«Аналитикалық формант» термині есімге де, етістікке де тән. Аналитикалық формант грамматикалық категориялары бар сөз таптарына қатысты. Олардың ішінде сапалық сын есімнің шырай категориясының аналитикалық формасы бар екенін кейбір ғалымдар көрсетіп жүр. Өте үлкен, ең жақсы, тым әдемі, өте таза т.б. қолданыстағы сөздер асырмалы шырайдың аналитикалық формаларына жатады. Сондай-ақ сен үшін, ауылдың маңы, үйге қарай деген тіркестерді септіктің аналитикалық формасы дейтін пікірлер де кездеседі.

Грамматикалық категориясы бар зат есім мен сын есімдегі грамматикалық аналитизм мәселесі дәлелденбегендіктен, аналитикалық формант ұғымы тек етістікпен байланысты қаралып жүр. Түркі тілдерінде сөздің аналитикалық формасы туралы теорияның негізін салушы, түркі тілдеріндегі етістіктің аналитикалық формаларын зерттеуші ретінде ғалым А.А.Юлдашевті атауға болады.Ал қазақ тіл білімінде профессор Н.Оралбаева қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарын жалпы зерттеген, оның етістіктің барлық категорияларына қатысты екенін дәлелдеген, аналитикалық формант, форма теориясының негізін қалаған. Әр категорияға қатысты негізгі аналитикалық форманттарды көрсеткен.

Аналитикалық формант туралы айтпас бұрын аналитикалық форма ұғымына түсінік берген жөн. Аналитикалық сөз формасының өзіне тән бірнеше белгілері бар.

Біріншіден, сөздің аналитикалық формасы дербес сөз бен көмекші сөздің бірлігінен тұрады. Ғалым Ә.Хасенов аналитикалық формаға былайша сипаттама береді: «Аналитикалық форма дегеніміз – атауыш сөздер мен көмекші сөздер тіркесінен жасалған құранды форма. Мәселен, ауылдың жаны, саған бола келдім, сен туралы, елу шақты т.б. аналитикалық формалы сөздер» [53, 232]. Дербес (атауыш) сөз бен көмекші сөздің тіркесі дегенде міндетті түрде оның грамматикалық мәні ескерілуі қажет. Тек қана грамматикалық сипаттағы дербес сөз бен көмекші сөздің тіркесінің аналитикалық форма бола алатыны есте болуы керек. Мысалы, күліп жіберді, өте үлкен, тап-таза т.б.

Екіншіден, сөздің аналитикалық формасы грамматикалық категориясы бар сөз таптарына қатысты.

Қазақ тілінде грамматикалық категориялары бар сөз таптары деп зат есім, сын есім және етістік аталып жүр. Осы үш сөз табының ішінде етістіктің аналитикалық формасы дәлелденді. Ал зат есім мен сын есімнің аналитикалық формасы әлі ғылымда шешімін таппаған мәселелер қатарында қалып отыр. Зат есім мен сын есімнің грамматикалық категорияларының мағыналарын білдіретін көмекші сөздер бар. Аталған үш сөз табының ішінде зат есімнің септік категориясының аралас аналитикалық формасы және сапалық сын есім шырайының аналитикалық формасы бар.

Үшіншіден, сөздің аналитикалық формасын жасайтын көрсеткіш - аналитикалық формант.

Аналитикалық формант – сөздің аналитикалық формасын жасаушы көрсеткіш. Мысалы, келе жатыр, айта бастады, білсе екен, өте жақсы деген сөздердегі =е жатыр, =а баста, =са екен, өте дегендер - аналитикалық форманттар. Аналитикалық формант деп қосымша мен көмекші сөздің бірлігінен тұратын, не тек көмекші сөзден тұратын категория мағынасын білдіретін морфологиялық көрсеткішті атасақ, ол сөздің синтетикалық формасын жасайтын грамматикалық қосымшамен бірдей қызметтегі тілдік бірлік болып саналады.

Төртіншіден, сөздің аналитикалық формасын жасаушы аналитикалық форманттың құрамы тұрақты, оны өзгертуге болмайды. Мәселен, қимылдың өту сипаты категориясының мағынасын білдіретін =а бер форманты түбір етістікке тіркесіп, қимылдың қайталануын, созылуын білдіреді: айта бер, жаза бер. Осы формант тек осы құрамда ғана осы мағынаны білдіреді, оның құрамын өзгертсек, бұл мағынаны білдірмейді. Мысалы, бұл форманттың құрамындағы =а жұрнағының орнына =п жұрнағын қойып =п бер түріне көшірсек, ол қимылдың созылуын, қайталануын білдірмейді: айтып бер, жазып бер. Бұл аналитикалық формант құрамының тұрақтылығын дәлелдейді.

Бесіншіден, аналитикалық форманттар грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіштерге жататын болғандықтан, олар грамматикалық мағына береді.

Демек, аналитикалық формалы сөз лексикалық мағынамен бірге грамматикалық мәнді де білдіреді. Мысалы, өте үлкен дегендегі үлкен сөзінің лексикалық мағынасы да өте сөзінің асыру мәні де яғни грамматикалық мағынасы да қоса қабат көрінеді. Күліп жіберді, келе бастады десек, күлу қимылы да және оның тез, кенет жасалу мағынасы берілсе, келе бастады дегенде келу қимылы да және оның басталу мағынасы да қоса беріліп тұр.

Етістіктің аналитикалық форманты деп қосымша мен көмекші етістіктен тұратын, белгілі бір категорияның мағынасын білдіретін біртұтас қүрделі морфологиялық көрсеткішті айтамыз. Етістіктің аналитикалық форманты көп жағдайда бір қосымша мен бір көмекші етістіктен құралады.

Аналитикалық формант құрамында келетін қосымшалар – көсемше, есімше, шартты рай мен қалау рай жұрнақтары. Осы аталған қосымшалармен тіркесетін тілде отызға жуық көмекші етістіктер бар болса, олардың бірлігінен жасалған аналитикалық форманттар саны жетпістен астам. Мысалы, -а ал, -п ал, -а бер, -п бер, -а баста, -а бар, -п бар, -п біт, -п кел, -п шық, -а шық, -а жазда, -п жібер, -п қал, -а қал, -п кет, -е кет, -п қой, -п сал, -а сал, -п түс, -е түс, -п отыр, -п тұр, -п жүр, -п жат., -п жатыр, -а жатыр, -п таста, -п бақ, -п өт, -п біт, -п көр, -ған бол, -ғы кел, -а көр, -са екен, -са игі еді, -п еді, -ғай еді, -атын еді, -мақ еді, -са еді, -ар еді, -п келе жат, -а көрме, -п жүре бер, -п сала бер, -п кеп кет, -п кеп жібер, Ø еді, Ø емес, Ø жоқ т.б.

Аналитикалық форманттар құрамы жағынан жалаң (дара) және күрделенген (күрделі) аналитикалық форманттар болып екіге бөлінеді. Бір, екі, үш морфемалы аналитикалық форманттар жалаң аналитикалық форманттар деп аталады. Мысалы, Қатты өзгеріп, жаны толқынға түскен Абай әлі оңалған жоқ (М.Әуезов). Менің күлкім түрткі болды да, сахнада тұрған артистердің бәрі күліп жіберді (Қ.Байсейітов). Толып жатқан үйді бір аралап шыққысы келеді (М.Әуезов). Мұнда Ø жоқ, -іп жібер, -қысы кел аналитикалық форманттар қолданылған. Олар Ø жоқ форманты бір морфемадан, -іп жібер екі морфемадан, -қысы кел үш морфемадан құралған.

Бір морфемалы аналитикалық форманттарға Ø еді, Ø екен, Ø емес, Ø жоқ форманттары жатады, олардың саны аз, бірақ тілде өте жиі қолданылады. Ø еді аналитикалық форманты – қатыстық өткен шақтың көрсеткіші. Мысалы, Менің бүгінгі шарықтаған табысымды Александров, Жүргенов, Құрманбек көрсе ғой, қуаныштан жүректері жарылып кетер еді (Ш.Жиенқұлова).

Ø екен форманты да өткен шақтық мағына береді. Мәселен, Тәкежанның үйінен Абай аттанғанда, күн кешкіріп, екінтіге тақап қалған екен (М.Әуезов). Жоғарыда Ø еді мен Ø екен аналитикалық форманттары өткен шақтық мағынаны білдіреді. Бірақ Ø еді формантын субъекті өзі қатысқан өткен уақыттағы іс-қимылмен байланысты қолданса, екінші мысалдағы Ø екен формантын субъектінің өзі қатыспаған, көрмеген өткен кездегі іс-қимыл туралы айтқан кезде ғана қолданады.

Төрт морфемалы аналитикалық форманттар күрделенген аналитикалық форманттар деп аталады. Мысалы, Қисса, ертегі, күйлерді бар ықыласын қоя тыңдайды, нота біледі, ұнағандарын дереу нота дәптерлеріне жазып ала қояды (Ш.Жиенқұлова).

Күрделенген аналитикалық формант бір ғана мағына береді, оның құрамындағы морфемалардың орны тұрақты, олардың арасына басқа морфема қосылмайды.

Аналитикалық форманттардың тілде 3 түрлі жолмен жасалғанын байқауға болады: 1) күрделі етістік арқылы; 2) еді, екен, емес, жоқ көмекші етістіктері арқылы; 3) аналитикалық форманттардың өзара бірігуі арқылы.

Аналитикалық форманттар етістік категорияларының мағынасын білдіреді, солардың морфологиялық формасы болып жұмсалады. Аналитикалық форманттардың категорияларға қатысы тұрғысынан қимылдың өту сипаты категориясы мен модальдылық категориясының, рай категориясының, шақ категориясының, болымсыздық категориясының аналитикалық форманттары деп көрсетуге болады.

Аналитикалық форманттар түрлі категорияларға қатысты. Бұл туралы профессор Н.Оралбаева: «... қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық категорияларында синтетикалық форма мен қатар аналитикалық форманың кең қолданылатынын көрсетеді. Атап айтқанда, етістіктің аналитикалық форманттары мына категорияларда қолданылады: модальдылық, қимылдың өту сипаты, рай, болымсыздық категориялары» [42, 72]. Аналитикалық форманттардың көпшілігі қимылдың (амалдың) өту сипаты категориясының мағынасын білдіреді. Мәселен, Осы сәтте есік қоңырауы шылдырлап қоя берді (Ә.Нұршайықов). Абай қатты бір күдік ойлап, Қарабастың қасына келіп сұрастыра бастады (М.Әуезов). Ақылбай Абайдың төменгі жағында отыр еді, қатарындағы Әйгерімге салмақпен сыбырлап күліп сөйлеп жатыр (М.Әуезов).

Аналитикалық форманттар модальдық мағынаны да білдіреді. Модаль мағыналы аналитикалық форманттар сөйлеушінің қимылға көзқарасын білдіреді. Мысалы, айта алады, жеңе алады, сұрай алады, қорғай алады. -а ал форманты арқылы сөйлеушінің амалға, қимылға қөзкарасы, іс-әрекетке, қимылға деген пікірі беріліп тұр. Бұндай көрсеткіштер мағынасы тұрақты, тілде үнемі осы бір мағынада қолданылады. Жоғарыда аталған аналитикалық форманттан басқа да модальдық мағынаны білдіретін аналитикалық форманттар бар. Олар: -ғы кел, -а біл. Мысалы, сөйлей біледі, шыдай біледі, тыңдай біледі, көре біледі, жаза біледі, айтқысы келеді, жасағысы келеді, білгісі келеді, барғысы келеді т.б.

Аналитикалық форманттар бұйрық рай мағынасын білдіреді. Мысалы, Айтпа, айтпа деймін анаған! Айтушы болма анаған!... – деп, әкесі жақты нұсқап, Абайдың ауызын ашырмай, шалқалатып жыға берді (М.Әуезов).

Аналитикалық форманттар қалау рай мағынасын білдіреді. Қалау мағынасы –са игі еді, -са екен, -са еді аналитикалық форманттары арқылы беріледі. Мысалы, Өзінікі болса игі еді (М.Әуезов). Соны тек бір қайырып айтсаңыз екен (М.Әуезов). Осылар айта берсе екен, араласа берсе екен (Ғ.Мұстафин).

Аналитикалық форманттар нақ осы шақ мағынасын білдіреді. –п отыр, -п жатыр, -п тұр, -п жүр, -п келе жатыр, -п бара жатыр аналитикалық форманттары нақ осы шақ жасайды. Мысалы, Баймағамбет сөйлеп отыр (М.Әуезов).

Аналитикалық форманттар етістіктің болымсыздық мағынасын білдіреді. Болымсыздық мағынаны білдіретін екі аналитикалық формант бар. Олар: Ø + емес, Ø + жоқ аналитикалық форманттары. Емес, жоқ көмекшілерінің сөзге ешбір қосымшасыз тіркесетінін көрсету үшін оны мынадай Ø белгімен көрсетеді. Мысалы, Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес (Б.Момышұлы). Оған Бақтығұл қараған жоқ (М.Әуезов). Бірақ Абай жеткізетін емес (М.Әуезов).

СООЖ

1. Аналитикалық форманттардың сөз құрамында алатын орны.

2. Аналитикалық форманттардың құрылысы.

3. Күрделенген аналитикалық форманттардың мағыналық сипаты.

СӨЖ

1. Етістіктің аналитикалық форманттарының қалыптасуы

2. Аналитикалық формалы етістіктің тілдегі басқа ұқсас құбылыстардан айырмасы

3. Етістіктің аналитикалық форманттарының мағыналық ерекшеліктері

4. Күрделенген аналитикалық формант құрамындағы белсенді қызмет атқаратын аналитикалық форманттар

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]