Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Сөздерді таптастыру ұстанымдары

Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық топтары болып табылады, сондықтан сөз таптары мен сөздерді олардың түрлеріне бөлуге ол сөздердің грамматикалық сипаттары мен белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде жан-жақты жіктеу үшін жүйелі ұстанымдар негізге алынуы керек. Ол ұстанымдар сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделуі тиіс.

Әрбір атаушы сөздің лексикалық мағынасы болатыны белгілі, сол лексикалық мағынасы арқылы әрбір сөз бір-бірінен ерекшеленеді, жеке-жеке единица ретінде түсініледі. Тіпті мағыналары бір-біріне жақын синоним сөздердің өзі синонимдік қатар құрғанмен, өзіндік ерекшеліктері бар бөлек-бөлек лексема ретінде өмір сүреді. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық емес, грамматикалық семантика болып табылады. Сондықтан сөздерді грамматикалық топтарға, яғни сөз топтарына жіктеуде, топтастыруда ұстанатын басты ұстаным семантикалық (яғни лексикалық емес, грамматикалық семантикалық) ұстаным екенін көреміз. Екіншіден, осындай грамматикалық топтарға белгілі-белгілі өзіндік түрлену жүйесі, өзгеру, тұлғалық парадигмасы немесе бұған қарама-қайшы түрленбеу, тұлғалық өзгеріске түспеу тән болып келеді. Сондықтан түрлену жүйесіне (немесе оған қарама-қайшы түрленбеуге) негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу болмауы сөздерді таптастырудың екінші негізгі ( морфологиялық) ұстанымы, яғни сөздердің түрлену жүйесі болып табылады. Мысалы, зат атауын, заттық ұғымды білдіретін сөздерге көптелу (соған сәйкес сан-мөлшер категориясы), септелу (септік категориясы), тәуелдену (тәуелдік категориясы) тән де, қимыл, іс-әрекетті, процесті т.б. білдіретін сөздерге жіктелу (жақ категориясы), шақты білдіру (шақ категориясы), модальдылықты білдіру (рай категориясы), болымсыздық-болымдылықты, сабақтылық-салттылықты, субъект-объектімен әр түрлі қатынасты (етіс категориясы) білдіру т.б. тән болып келеді. Ал заттың әр түрлі сындық белгісін түр-түсін білдіретін, сондай-ақ заттың әр түрлі сандық сипатын білдіретін және қимылдың, іс-әрекеттің алуан түрлі амалын, мекенін, мезгілін, себебін, мақсатын білдіретін сөздер – арнайы грамматикалық тұлғалармен түрленбейтін сөздер. Сондықтан ол түрленбейтін сөз табына жатады. Ал басқа сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер, өздері қандай сөздердің орнына жүрсе, солар сияқты түрленеді, я солар сияқты түрленбейді. Сөздерді таптастырудың үшінші синтаксистік ұстанымы сөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқаруымен және сол сөздердің тіркесу сипатымен, яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алуымен байланысты. Мысалы, зат атауын білдіретін сөздер атау тұлғада тұрып, қимыл, іс-әрекеттің иесі (субъект), бастауыш, табыс септігінде келіп, тура толықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш, ілік септікте және екінші затпен қатыстық қатынаста келіп анықтауыш, көлемдік септіктерде келіп пысықтауыш, кейде жанама объект мәнінде толықтауыш қызметтерін атқарып, атау тұлғада қимыл, іс-әрекетті білдіретін предикатпен қиыса байланысады, ілік септікте екінші сөздің тәуелдік жалғауында тұруын талап етіп, онымен матаса байланысады, екінші сөзбен түбір күйінде тікелей орын тәртібі арқылы қабыса байланысады, табыс я көлемдік септіктерде екінші сөзге (көбіне етістікке) меңгеріле байланысады. Ал қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер жіктеліп келіп, баяндауыш, көсемше тұлғасында пысықтауыш, белгілі түрлері атау тұлғада заттанып барып бастауыш, есімше тұлғасында анықтауыш, табыс және көлемдік септіктерде заттанып барып толықтауыш қызметтерін атқарып, грамматикалық субъектімен жіктеліп келіп қиыса байланысады, етістікпен (көбіне көсемше тұлғасында) қабыса байланысады, есімше тұлғасында анықтауыштық қатынаста да есім сөзбен қабыса байланысады, септік жалғауындағы сөздерді меңгереді. Заттың сынын және санын білдіретін сөздер зат атауларын анықтап, затпен қабыса байланысып қолданылады, заттанып барып бастауыш, толықтауыш, адамға байланысты жіктеліп барып баяндауыш қызметін атқарады. Қимылдың әр түрлі сипатын білдіретін сөздер қимыл мәніндегі сөздермен қабыса байланысып, пысықтауыш қызметін атқарады. Ал басқа сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер өздері орнына жүретін сөздердің синтаксистік қызметін атқарап, солар байланысқа түсетін сөздермен тіркеседі. Бұл сияқты қасиеттер көмекші сөздерде, әсіресе лексикалық мағынасынан бүтіндей айырылып қалған көмекші сөздің ерекше түрі шылау мен одағай, модаль сөздерде болмайды. Шылаулардың сөз байланысындағы орны бүтіндей бөлек. Осы көрсетілген ұстанымдардың негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әр түрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін – сын есім, заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, есім сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер – есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін, т.б.) білдіретін – үстеу, әртүрлі дыбыстарға, қимыл-қозғалыстарға еліктеп аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да, өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты (көңіл-күйін білдіру я модальдық) мәндер қосады.

Сөйтіп, қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады.

  1. Зат есім

  2. Сын есім

  3. Сан есім

  4. Есімдік

  5. Үстеу

  6. Етістік

  7. Еліктеу сөздер

  8. Шылаулар

  9. Одағай

  10. Модаль сөздер

СООЖ

  1. Грамматикалық ұғымдар (грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория).

  2. Сөздерді таптастырудың негізгі ұстанымдары.

СӨЖ

  1. Грамматикалық ұғымдардың түрлеріне жеке-жеке мысалдар келтір.

  2. Грамматикалық мағына және оның түрлері, берілу тәсілдері мен жолдары.

  3. Грамматикалық форма. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестіктері. Нөлдік форма.

  4. Грамматикалық категорияның түрлері.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]