Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Үііі модуль

Лексикалық құбылыстар

+

1-блок

2-блок

3-блок

ДИСФЕМИЗМДЕР

ЭВФЕМИЗМ

ТАБУ

Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде лексика-фразеологиялық сөздік қоры аса мол, әр алуан кемел тілдердің бірі. Бұл байлықтың дені тілдің, оның иесі болып саналатын халықтың, ұлттың төлтума дүниелері. Ауыс-түйіс сөздер, фразеологизмдер жоқ емес, әрине, бар. Бірақ олардың үлес салмағы қазақтың төлтума сөздерінің санымен шендесе алмайды.

Тілдегі әрбір сөз қолданылу жағынан болсын, білдіретін әр түрлі мәні мен реңкі жағынан болсын бір-бірінен ерекшеленіп тұрады.

Табу мен эвфемизмдер – кез-келген ұғымның, заттың, іс-әрекеттің белгілі себептермен тыйым салынған атаулардың баламасына айналады.

І. Табу дегеніміз – атын турасынан айтуға болмайтын зат, құбылыс, қимыл, іс-әрекет, оларды ым-ишарамен, өзге сөзбен білдірудің тәсілі. Табу – жай ғана тыйым емес, киелі нәрсені аяқ асты етуге болмайды, әйтпесе оның киесі атады деген қорқыныштан туындайтын тыйым.

Дәстүрлі тіл білімінде әр түрлі наным-сенімдер, мифтер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер т.б. негізінде қалыптасқан этнографиялық ұғымдарды этнографиялық табу деп, тыйым салынған атауларды алмастыратын сөздерді лингвистикалық табу деп атау бар. Этнографиялық табудың мағыналық ауқымы кең болса, лингвистикалық табудың өрісі тар, ол – этнографиялық табудың бір бөлігі ғана. Кеңестік тіл білімінде бұларға табу және эвфемизмдер деген терминдер телінеді. Табуды ауыстыратын, тыйым салынған ұғымдардың орнына жүретін, рұқсат етілген сөздер эвфемизмдер деп аталады [53 ;99].

Қате қолданыстан бұл термин екі түрлі лексикалық мағынаға ие болады: 1) тыйым салынған сөздердің орнына жүретін жасанды сөздер, 2) сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда оны жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер. Екіншіден, табу мен эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан. Эвфемизм табу сияқты қорқыныштан, үрейленуден туған сенімге емес, сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді [35 ;126]. Үшіншіден, ауыстыра алатын қасиеті үшін ғана эвфемизмдерді табуға телудің реті жоқ. Әлеуметтік саладағы құбылыс – жаргондар мен арголар да бір сөзді екінші сөзбен алмастыра алады. Төртіншіден, эвфемизмнің семантикалық табиғаты табумен үйлеспейді.

Осы айтылғандарды ескере отырып профессор Б.Сағындықұлы жаңа термин ұсынады: этнографиялық табуды ділдік табу, мен лингвистикалық табуды тілдік табу деуге болады. Сөйтіп, табу іштей екіге бөлінеді:

1) ділдік табулар, 2) тілдік табулар.

Тікелей айтуға, хабарлауға тыйым салынатын (затқа, құбылысқа, қимылға, іс-әрекетке, сөз бен тілге т.б. байланысты) этнографиялық ұғымдар ділдік табуға жатады. Ділдік табулардың орнына жүретін, яки оларды алмастыратын қосалқы, жанама сөздер тілдік табулар болып есептеледі [73;88].

Қазақ тіл білімінде табуды тар шеңберде қарастыру оқулықтарда орнығып алған. Табуды тек мифологиялық, діни ұғымдармен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен тығыз байланысты қарау табуды зерттеудің негізгі принциптерінің біріне айналды. Шындығында, солай ма?

Тіл – ұлттың жаны деген сөз бекер айтылмаған. Әдет-ғұрып, салт-сана, ұрпақ тәрбиесіне байланысты тәжірибе тағылымын халқымыз нұсқалы сөзбен өрнектеп, оған терең мазмұн сыйдыра білген. Жылдар бойы ауызша тарап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан тыйым сөздерді жинақтап, бір тақырып төңірегіне топтастыра қараудың бүгінгі күні қайсыбір халықтың дәстүр, игі салты ұмыт болып бара жатқан кезде мәні айрықша. Тәлім-тәрбие әлеуметтік өмірі тынысын аңғартатын байырғы наным-сенімдер, өмірден жинақтаған ұжымдық тәжірибені, өзге де деректерді іздесек, олардың тілімізде сақталған.

Жарық дүние есігін ашқан адамға азан шақырып, ат қою – күллі халықта бар дәстүр. Бірақ ат қоюдың шарты, салт-жоралғысы, ырымы әр халықта әр түрлі болатындығы белгілі. Ертеректе қазақ тұрмысында қазанның құлағын қағып, жаңа туған баланың құлағына ата-анасы мақұлдаған атты үш қайтара дыбыстап айтатын болған.

Қазақ халқының байырғы тұрмыс-салт жырларында, эпостарында кездесетін деректерге қарағанда, ат қоюдың өзгеше ырым жоралғысы болғандығы байқалады. Жаңа туған ер балаға мазмұны қарапайымдау бір атты қоя салатын болған. Бала алғашқы ерлігін жасағанға дейін шартты атпен жүреді. Бала өсе келе жұртты қуантарлық іс етсе, ерлік жасаса, соған орай мазмұны келісті ат беретін болған. Ат қоюдағы мұндай жоралғылар әсіресе, жаугершілік заманда қолданылған. Академик Ә.Марғұланның айтуынша, «Қорқыт» жырында Ұланға бірінші ерлік қадамын жасағанша ат қойылмайды. Оғыз бен қыпшақтарда, тағы да басқа түркі тайпаларында Ұлан белгілі сыннан өткенше, бірінші ерлік ісін өзі көрсетпейінше – оған ат қоймаған, ал 12-14 жасқа дейін шартты атпен (Боқмұрын, Итпай) жүрген [55.57]; «Немесе Ұланның көрсеткен ерлігі, жаужүректігіне орай оның есіміне түрлі эпитет сөздер (батыр, ер, қабылан, т.б.) қосылып айтылатын болған. «Сүйіншінің жасы қырыққа келгенде бала көрмей жүріп барып бір балалы болады. Ол баланың атын ноғайлы елі жиналып отырып: «Арғы атасы Қарадөң, одан туған Жұбаныш, өз әкесі Сүйініш қатарынан асқан ерлер еді. Мұнан туған бала да ер болар, мұның атын Бегіс қоялық. Егер ер болса, қатарына ер атағын қосармыз, - деп ойлайды да, бұның атын Бегіс қояды» («Қарадөң батыр») [39.60].

Міне, осындай деректерге қарағанда, бала өсе келе ел қорғаған батыр, ел құраған би, қоғамды көркейткен қайраткер болса, азан шақырып қойған атына әр түрлі жағымды эпитеттер қосарлана айтылады. Асан Қайғы, Әз Жәнібек, Ер Тәуке, Ер Еңсегей, бойлы Ер Есім, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке шешен, Қара Керей Қабанбай, Жалаңтөс баһадур, Сырым батыр сынды тарихи тұлғалар қалыптасқан эпитет немесе қосарлы айқындауышпен айтылады. Мұндай қосар сөздер, түптеп келгенде, халықтың аяулы азаматтарына берген жоғарғы атақ деуге болады. Ел-жұрт құрметтеп, барша қазақ қадір тұтқан ұлы тұлғаларды тұрақты эпитетпен айту этикеттік нормаға жатады. Мұндай ұлттық этикет нормаларынан бейхабар адам, әсіресе бұл жөнінде арнайы тәлім-тәрбие көрмеген оқушы жастар тарихи есімдерге қосарлана айтылатын эпитет сөздерге жете мән бермей, оларды тек номинативтік қызметтегі сөздер немесе кісінің азан шақырып қойған аты деп ұғады. Олардың этикетті мәні бар сөздер екенін байыптай бермейді.

Сондай-ақ қазіргі кезде ресми жағдайда кісі есіміне қосарлана айтылатын профессор, доктор, жазушы, инженер, дәрігер, депутат тәрізділер – мамандық, кәсіп, атақ-дәрежені аңғартатын сөздер ғана емес, этикеттік қызметі бар атаулар. Бұлар ұлттық этикет нормасына кейіннен қосылған жаңалықтар.

Байырғы қазақ тұрмысында кісіге ат қойып, айдар тағудың этикетке қатысты тағы бір әдет-салты болған. Ауылды жерде күні кешеге дейін ұл болсын, қыз болсын, азан шақырып қойған атымен ғана жүрмеген, оларға қосымша ат жамылып отырған. Мысалы, ертеректе жаңа түскен келін, тай мінген баладан таяқ ұстаған кәріге дейін сол ауылдың адамдарының атын тура атамай, жанама атпен атаған. Бұл салт қазақ тұрмысында ат тергеу [3] деп аталады. Ат қою мен азан шақырып қазанның құлағын қағып қойған ат тергеу екеуі екі басқа ұғымды білдіреді. Кісінің азан шақырып қойған есімі немесе оның ел-жұрты құрметтеп қойған аты я болмаса ата-анасының балаға жас кезде еркелетіп қойған есімі жалпыға ортақ болса, ал оның жанама аты туыстық қарым-қатынасы бар бір ғана адресантқа (немесе адресанттар тобына) тиісті болған.

Ат тергеу тәрізді салтқа әуелде ат жасыру тәрізді табу негіз болуы ықтимал. Табудың бұл түрі ерте кездегі мифологиялық санаға байланысты қалыптасқан. Мұндай таным-түсінік бойынша дүлей күш иелері (жын, пері, дию т.б.) адамның шын атын білмеуге тиіс. Егер олар кісінің шын атын білетін болса, оны тура жолдан тайдырады деп түсінген. Қазіргі кездің өзінде ел ішінде әйел адам кетіп бара жатқан ер адамның атын дауыстап шақырмайды (жолы болмай қалады деген ырым). Ат тергеу салты әуелде осындай мифологиялық түсінікке байланысты пайда болған, бертін келе ондай мазмұннан арылып, этикеттік мәнге көшкен.

Көркем әдебиеттен алынған мын бір үзік ел ішінде кездесетін осындай дәстүрлі әдет-ғұрыптың жарқын бір мысалы бола алады. «Манадан ешкімді кездестіре алмай тұрған әйел, асығыс болса да, аз кідіріп қарап қалған Байшегірге алыстан айғайлап: – Үлкен кісі, жүзден жиырмасы кем аулының жігіттері қайда жатады екен? Білсеңіз, жөн сілтеп жіберіңізші?» - дейді.

Әйелдің сұрап тұрғаны Сексен аулының жігіттері екенін аңғармай қалған Байшегір:

– Шырағым, ондай оспағыңа шорқақ едім… Пайғамбардың аулы болса да атын аташы! – деді.

Әйел біреу естіп қалмас па екен дегендей, айнала бір қарап алды да:

– Тәңірі деген жүзге жиырмасы жетпесе, сексен болмайтын ба еді! Сексен ауылының жігіттерін сұрамаймын, - деді енді турасынан тартып” (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке, 296-б.).

Шаңыраққа түскен жас келін ата-енесінің ғана емес, ат тергеу салты бойынша күйеуінің жасы үлкен туған-тусқандарының да атын атамайды. Күйеуінің іні-қарындастарына да ат қояды.

М.Әуезовтың «Абай жолындағы» Тоғжанның, Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлкесіндегі» Назыкеш, С.Мұқановтың «Ботакөзіндегі» Ботакөз т.б. жеңгелерінен сырын жасырмайды, олардың ақын-кеңесін тыңдап, біріне-бірі тілекші болады.

Отбасындағы тату-тәтті мұндай қарым-қатынастың орнауына, сірә, ежелден келе жатқан ат тергеу тәрізді этикеттік қарым-қатынастың тигізер ізгі ықпалы аз болмаған. Ат тергеу салты, бір жағынан, от басындағы, ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыратын қызмет атқарса, екінші жағынан мұндай салт адресаттың сезім күйін де көтеретіндей қызметте жұмсалған. Әдетте адамның азан шақырып қойған аты бейтарап реңкте болады. Онда ешбір бояу «әсірелеу» деген болмайды. Ал жеңге қайын сіңлі, қайын інілеріне көбіне мазмұны ұнамды, жағымды ат қояды. Кісінің азан шақырып қойған атымен (бұлар маркирленбеген атаулар) салыстырғанда Көзжақсым, Кенжетай, Шырайлым, Шырақ, Сал жігіт, мырза жігіт, молда жігіт, мырзажан, Ортаншым, Еркем, Еркежан, Қалқажан, Сері жігіт т.б. атауларда (бұлар макирленген атаулар) еркелету іштарту тәрізді сыйластық мазмұн, интимдік мән болады. Мұндай атаулардың құлақты үйіріп тұратыны сондықтан. Сөзге тапқыр әрі байқағыш жеңгелер қайынсіңлілерін пішінін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын дәл бейнелейтін Еркекшем, жігітжан, қызтөре тәрізді қызғылықты ат та қоя білген.

Көрнекті этнограф Х.Арғынбаев [8.2] өзінің этнографиялық зерттеулерінде ат тергеу салтына байланысты былай деп пікір түйеді:

«Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, оған арнайы ат қойып, оны өле-өлгенше есінде сақтаулы үлкен әдептілік, көргенділік деп есептейтін де, ондай адамдарға барша жұртшылық дән ризалықпен қарайтын. Өйткені кіші үлкенді сыйласа, үлкен өз тарапынан кішінің кішілігін сыйлау – халқымыздың қанына сіңісті болған абзал әдет».

Сондай-ақ, табу бірыңғай ескі наным-сенімге, мифологиялық көзқарастарға ғана емес, дидактикалық ақыл-кеңестерге, тәлім-тәрбиеге, гигиеналық тазалыққа т.б. негізделеді: жағыңды таянба, аузыңды кере ашпа, ішегіңді тартпа, жер таянып отырма, қолыңды төбеңе қойма, қолыңды тарақтама, бейітке қолыңды шошайтпа, дәм мен дастарханды баспа, дастарханнан аттама, астың аузын ашық тастама, түннен қалған тамақты ішпе, нанды бір қолыңмен үзбе т.б. [73 ;87].

Қысқасы, тотемизмнің негізінде қалыптасқан тыйымдар, ғылыми түрде «табу» этнографиялық ұғыммен байланысты. Табу полинезия тілінен алынған, кейбір заттардың аттарын тікелей атауға тыйым салу мағынасын білдіреді. [47.501] Табудың пайда болуы бүкіл адамзат тарихымен, әсіресе рухани дамудың төменгі сатыларындағы діни ұғымдармен тығыз байланысты. Егер тотемдік түсініктерде жануарлар мен өсімдіктердің адамға қандас қатынасы бар деп түсіндірілетін болса, табудағы кейбір жануарлар мен өсімдіктер «қасиетті» деп ұғындырылып, егер өз атын атаса, олар есітп, адамға немесе оның мал-мүлкіне зиян келтіреді деп қорыққаннан олардың өз атын атауға тыйым салынған. Бұл құбылыс – табуды лингвистикалық сипатқа көтереді. Өйткені жануарлардың аттарын ашық қолдануға салынған тыйымды өзгертуден басқаша атаудан, жасанды синонимдерді, дәлірек айтқанда, эвфемизмдерді тудырды. Мәселен, қазақ тілінде бөрінің атын тура атауға қаймығып, «қара құлақ, ұлыма, серек құлақ, ит-құс, қара ауыз» немесе «теріс азу, жиен» сияқты эвфемизмдерді қолданатын болған.

Ғалым Ә.Қ.Ахметов зерттеуі бойынша «қазақ раасында қасқырға деген көзқарас екі жақты болып келеді. Біріншіден, қазақ қасқырды тотемдік жануар ретінде құрметтеген. Екіншіден, қазақ қасқырды малдың жауы, жыртқыш деп білген әрі одан магиялық нанымға байланысты, атын атаса малға шабады деп сескенген де». Сондықтан қасқырдың атын атауға тыйым салынған.

СОӨЖ

1. Тыйым сөздердің тағлымдық мәні.

2. Табу мен эвфемизм құбылысының диалектикалық бірлігі.

3. Табу мен эвфемизмнің қоғамдық сананың өзгеруіне, қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеруіне, этикалық принциптердің жаңаруына қарай сипатын өзгертіп отыруы.

4. Табу мен эвфемизмдердің «себеп-салдарлық» қатынаста жұмсалуы.

СӨЖ

1. Табу мен эвфемизмдердің зерттелу жайы, тілдік табиғаты.

2. Табу мен эвфемизмдердің сөз этикеті нормаларын қалыптастыруға ықпалы.

Эвфемизм, сыпайы сөз – мағынасы тұрпайы сөздерді сыпайылап жеткізу. Эвфемизм сыпайыгершілікке, әдептілікке байланысты туған, тіл-тілдің барлығында кездесетін құбылыстардың бірі. Сөйлеуші белгілі бір тілдік ұжымда қалыптасқан этикеттік нормаларды сақтауға тырысады. Адамның сезіміне, көңіл-күйіне ауыр тиетін сөздерді жұмсартып қолдану эвфемистік тәсіл. Мысалы, біреу өлді деудің орнына демі бітті, қайтпас сапарға кетті дейді. Сондай-ақ адамның дене мүшелеріндегі кем-кетікті саңырау (құлағының мүкісі бар), кедей, жарлы сөздері «қалтасы жұқа», байға тиді (құтты орнына қондырды) т.б. деген эвфемизмдермен ауыстырылады Бұл жағынан эвфемия этикеттік нормамен байланысып жатады.

Эвфемизм тілдің лексика-фразеологиялық жүйесіндей кездейсоқ құбылыс емес, бастапқыда бұл ұғым белгілі бір қоғамда «айтуға ұят саналатын сөздерді басқа сөзбен ауыстыру» дегенмен шектелді. Тыйым салынған іс-әрекет, зат, құбылыс т.б. «табу» деп, ал іс-әрекеттің сол затты, құбылысты, нәрселерді білдіретін атаулары «табу сөз» деп арнайы терминмен аталды.

Эвфемизмдер адамдар арасындағы коммуникативтік қолайсыздықты (коммуникативтік дискомфорт) болдырмауды көздейді. Сөздің эвфемистік формасын дұрыс, орынды қолдану коммуниканттар арасындағы қарым-қатынастың ойдағыдай болуына, үзілмеуіне ерекше әсер етеді. Бұл, бір жағынан, адамдардың жеке басының мәдениетін көрсетсе, екінші жағынан, сөз иесі мен қабылдаушының арасындағы тілдік байланыстың ойдағыдай болуын қамтамасыз етіп, әсіресе мәтіннің қабылдаушының ой-сезіміне әсерін күшейте түседі. Ал сөздің эвфемистік мағынасына көңіл бөлмеу, түптеп келгенде, сөз мәдениетіне керісінше ықпал етеді. Мысалы, ұрланыпты деудің орнына қолды болыпты, ұрысты деудің орнына тіл тигізді, алдап кеттінің орнына отырғызып кетті т.б.

Эвфемизмнің тұрақты яғни релевантты белгілері, біріншіден, тыйым салынған сөздерді (мифологиялық, діни, саяси, әкімшілік, идеологиялық, т.б.) басқа атаулармен ауыстыру, екіншіден, белгілі бір тілдік ұжымда айтуға ұят саналатын сөздерді (кейбір дене мүшелері, жыныстық қатынасқа байланысты атаулар, физиологиялық зат алмасуымен байланысты кейбір атаулар т.б.), үшіншіден, сөйлеуші ұғымында, түсінігінде «дөрекі», «әдептілікке» жатпайды-ау деген сөздерді басқаша сөздермен (қарапайым лексика) ауыстыру, төртіншіден, тыңдаушыға «жайлы», «жағымды» болып көрінетін сөздерді таңдап, талғау. Міне, бұл аталғандарды эвфемизмдердің тұрақты белгілері деп атауға болады [23.26]

Түркі тілдеріндегі эвфемизмдердің этномифологиялық, этнопсихологиялық негіздерін көрсете келіп, Ә.Қ. Ахметов табу мен эвфемизмнің тілдің табиғаты мен қоғамдық мәнін тереңдете түсетін теориялық тұжырым ұсынады: «…табу мен эвфемизмдердің арасындағы байланысты себеп пен салдар деп қараған жөн. Өйткені эвфемизмдерді тудыратын табу. Сондықтан да олар бір-бірінсіз жүре алмайды. Сосын табу эвфемизмдерді тудырып қана қоймай, оларға үнемі өз орнын беріп, өзі солардың тасасына бой жасырады [6;7].

Эвфемизмдердің жасалу жолдары әр түрлі. Солардың ішінде ең өнімділері троптың түрлері арқылы, атап айтқанда, метафора, синекдоха, метонимия, митота тәсілдері арқылы жасалған эвфемизмдер жиі кедеседі.

Табу мен эвфемизмдер қай тілде болмасын сөздік құрамның дамуына әсерін тигізіп отырады.

Қазақ лексикологиясында табуды эвфемизмдерден, эвфемизмдерді табудан бөлек, екеуі екі басқа құбылыс деп танушылық басым. Мысалы, кейбір еңбектерде табу туралы: «Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табу деп аталады» [35;24], эвфемизм туралы осы авторлар: «Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнына сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер айтылады. Мұндай құбылыс тіл білімінде эвфемизм деп аталады» - дейді. [35;24]

Профессор Ә.Қ.Ахметов өзінің зерттеулерінде [6], [9] эвфемия құбылысына жан-жақты талдау жасай келіп, табу мен эфмемизмдердің тілмен бірге туып, бірге жасайтын, бір-бірімен ажырамас құбылыс екенін көрсетеді. Эвфемизмдер, автордың айтуынша, табу немесе тыйым болған жерлердің бәрінде кездеседі, яғни табусыз эвфемизмдер болмайды. Ал түркі тілдері бойынша зерттеулерге қарағанда, табу «күні біткен», ал эвфемизм, өмір сүретін құбылыс тәрізді көрінеді.

Профессор Ә.Қ.Ахметов: «Табу мен эвфемизмдердің шығу тегін қуаласа, олар адамзат тарихының түкпіріне қарай жетелейді. Оған тереңірек бойласақ, табу мен эвфемизмдер адам баласының рухани мәдениетінің бастапқы сатыларынан бастап күні бүгінге дейін қалыптасқан дәстүрлі наным-сенімдермен де, әдет-ғұрып, салт-санасымен де, қазіргі заманның басты діндерімен де, тіпті өзіміз өмір сүріп отырған дәл бүгінгі таңдағы тіл мәдениетімен де тікелей байланысты екеніне көз жеткіземіз» [6;9].

Қысқасы, эвфемия құбылысы «тыйым» жүрген жерде еш уақытта жоғалмайды, яғни табу болған жерде ғана эвфемизм болады, табусыз эвфемизм болмайды. Бұл екеуінің диалектикалық бірлігін ескермеген кезде «эвфемизм сөзді көріктеу, әшекейлеу» деген стильдік амал-тәсілдің бірі болып көрінеді. Мысалы, кейбір оқулықтарда эвфемизмдер көріктеуіш тәсіл деп, жаңсақ түсіндіріледі. Сөйтіп, эвфемизм белгілі бір құбылыс, зат, нәрсе, әрекетті айтудың жанама номинациясы екендігі айқындалмай, тура номинациясымен шатастырылады. Ал, эвфемистік қолданыстың ең негізгі мәні – сөздің тыйым салынған формасын тыйым салынбаған бейтарап формамен ауыстыру болып табылады [23 ;35].

Мысалы, айтуға «ұят» саналатын сөздер, ауру атаулары, өлім-жітімге байланысты сөздер. Сөздің табулық формаларымен бірге эвфемистік формалары да синонимдік мәнде қолданылады. Өйткені жеке адамдар арасындағы коммуникацияда табулық форманы эвфемистік формамен ауыстыру қажет болады. Мысалы, аурудың нақты атын атамай, ауыратыны бар еді, кедейлер – әл-ауқаты төмен адамдар.

СООЖ

1. Эвфемистік мағына және олардың түрлері.

2. Жалпы әдеби тілдің лексикалық жүйесіндегі эвфемизмдер мен газети эвфемизмдердің арақатысы.

3. Бұлардың бір-бірінен принципті айырмасы бар ма? Болса, ол қандай айырма?

СӨЖ

1. Эвфемизмдердің жасалу жолдары.

2. Эвфемизмдердің зерттелу жайы.

3. БАҚ-ғы эвфемизмдер.

4. Эвфемизмдердің сөз этикетіндегі орны.

Дисмифизмдер. Белгілі бір ұғымды тұрпайы, дөрекі сөздермен алмастыруда сөздерді ауыспалы мағынада қолданудың бір жолы. Дисфимизм – мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы тілдік құбылыс. Эвфемизм сөзді сыпайылап, әдемілесе, дисфимизм, керісінше, жағымды, жұмсақ мағынаны дөрекілейді.

Әдеби қолданыстағы сыпайы, әдепті сөздерді дөрекі, тұрпайы сөздермен ауыстырып қолдану тәсілі тіл білімінде дисфимизм деп аталады. Мысалы, әйел адамды «қаншық», «ұрғашы» деу, баланы «боқмұрын», ас іш, тамақ іш дегенді «атауыңды іш, зәріңді іш» деу, тамақсау адамды «боқ қарын» сияқты тұрпайылық мәні мейлінше басым эмоциональды-экспрессивті тұлғалар ретінде келеді.

Дисфимизмдер көркем шығармада кейіпкерлердің тілінде кездеседі. Жазушы осылар арқылы кейіпкерлерінің мінез-құлқын, білім дәрежесін, мәдениетін көрсетеді. Мысалы:

– Ал тарт… Тоғайәлі. Қураған қаншық, ұмтыл ілгері… Мені сүйреп барасың… қатынға бола суға кетем бе? (С.Жүнісов. Замандастар, 5 бет). – Міне, Қайсарға да ықласы ауған бір ұрғашы табылады (Сонда, 6-б.). Тоғайәлі, кін, кін… Қураған, не күйсеп тұрсың? (Сонда, 6-б.). Не айтып тұрсың? дегенді «не күйсеп тұрсың?» деу мәдениеті өте төмен адамдардың тілінде ұшырасатын (вулгарлық) қарапайым сөздер.

Осындай дисфимистік мағынаны жұмсартатын нәрсе – эвфемистік мағына болып табылады.

СООЖ

1. Табу сөздер мен эвфемизмдер. Дисфимизмдер. Бұлардың өзара тығыз байланыстылығы. Лексикалық жүйедегі орны.

2. Прагматикалық мақсатта жұмсалу ерекшеліктері.

СӨЖ

1. Дисфимизмдердің көркем шығармада қолданылуы.

2. Көркем әдебиеттегі сөз қолданыс және әдеби тілдік норма.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]