Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

I блок Фразеологизм және оның белгілері Фразеологизмнің релеванттық белгілері

Фразеологизмдердің бас белгілерін (релеванттық қасиетін) анықтау - қазақ фразеологиясының ғылыми негізін қалаған академик І.Кеңесбаев арнайы тоқталған және фразеологиядағы ең басты мәселе ретінде алға тартқан проблемалардың бірі болды.

І.Кеңесбаев фразеологизмдерді тілдегі басқа да бірліктерден (сөзден, күрделі сөздерден, еркін тіркестен) ажыратып тануда басшылыққа алынатын ең басты ұстаным, ең негізгі критерийлер ретінде мынадай белгілерді атап көрсетеді:

1) мағына түтастығы, яғни фразеологизм құрамындағы сөздер өздерінің бастапқы мағынасынан түгел немесе жартылай айырылып қалып, шоғыр тіркес түрінде біртұтас мағына беруі;

2) тіркес тиянақтылығы, яки фразеологизм құрамындағы сөздердің орын тәртібі нық болып, өзара жымдасқан тіркес қалпын барлық жағдайда сақтауы;

3) қолдану тиянақтылығы, яғни фразеологизмнің әрдайым айна-қатесіз, бұлжымай, даяр қалпында жұмсалуы.

Осы үш белгінің үшеуі де өн бойынан табылған жағдайда ғана лексикалық-грамматикалық тұлға фразеологиялық бірлік деңгейіне көтеріліп, фразеологиялық категорияға айналады, тілдегі өзге де тілдік категориялардан оқшауланып, өзіндік дара бітіммен тіл ішінде өмір сүреді [31,590]. І.Кеңесбаевтың бұл пікірі қазақ фразеологиясының теориялық мәселелеріне арналған зерттеулерде үнемі басшылыққа алынып келе жатыр.

Фразеологизмдердің мағына тұтастығына байланысты қасиеті оның құрамындағы сыңарлардың жеке-дара тұрып беретін мағыналарынан мүлдем басқаша болып келетін фразеологиялық жиынтық мағынадан айқын байқалады. Мәселен, аузына құм құйылды фразеологизмі “сөзден тосылды, ештеңе дей алмай қалды” дегенді білдіреді. Мұнда ауыз, құм, құйылды сөздері тура мағыналарында емес, тұтасып келіп, бір шоғыр құрап, бейнелі ауыспалы мағынада жұмсалып тұр. Жарғақ құлағы жастыққа тимеді (тыным таппады), төбе шашы тік тұрды (тіксінді), жаны мұрнының ұшына келді (қорықты), қара сөзді қамшы қылды (тауып сөйлеуді көздеді), нанын тауып жеді (күнін көрді) т.б. фразеологизмдер бүтін бір сөздің орнына жұмсалатын, мағыналық жағынан біртұтас бірліктер. Бұл фразеологизмдер құрамындағы сөздердің орын тәртібін ауыстыруға, немесе қайсыбір сыңарлардың орнына басқа сөздерді қоюға келмейді. Онда мағыналық біртұтастық, тіркестік тиянақтылық, фразеологиялық даяр қалып бұзылады, тіптен тіркес өзінің бейнелілігін жояды, экспрессивтік-эмоциялық күшін жоғалтады, мән-мағынасынан айырылады.

Жалпы фразеологияда фразеологизмдердің релеванттық қасиет-белгілері ретінде бөлек бітімділік пен тіркес тиянақтылығы, бейнелілік пен түйдектілік, тіркесуші сөздердің толығымен немесе жартылай ауыс мәнде жұмсалуы, толық немесе жартылай түрдегі мағыналық тұтастық, лексикалық мағынада категориальдік қасиеттің болуы, эмоциональді-экспрессивтік реңк сияқтыларды атайды. Фразеологизмдерге тән бұл қасиеттер олардың білдіретін жиынтық мағыналарына бейнелі-атауыштық, бейнелі-метафоралық, ауыспалы-идиомалық сипат дарытады. Фразеологизмдер нақты бір ұғым-түсінікке бағалауыштық, эмоциональді-экспрессивтік т.б. мағыналық реңк үстемелеп, мазмұндық тереңдікке ұмтылатынымен ерекшеленеді.

Фразеологизмдер - ішкі мазмұндық құрылымы, сыртқы тұлға-тұрпаты, мән-мағынасы тұрғысынан алғанда, қатпар-қаттаулары мол, қыр - сыры тереңдеп зерттеуді талап ететін күрделі лингвистикалық құрылымдар. “Фразеологизмдердің күрделілігі олардың құрылымдық типтерінің және синтаксистік модельдерінің алуан түрлі болып келуінде ғана емес, сонымен қатар тақырыптық және семантикалық тұрғыдан сан түрлі, көп қырлы болуында, ойдың әр алуан эмоциональді-экспрессивті реңкілерін білдіруге айрықша қабілеттілігінде”- дейді академик Ә.Т.Қайдаров [28.202].

Мұндай күрделі лингвистикалық құрылым бірден пайда бола салмағаны, еркін тіркес негізінде жасалып, уақыт озған сайын біртіндеп қалыптасқаны сөзсіз. Орыс фразеологі А.И.Молотков: “Еркін сөз тіркесінің ауыс мағынада жұмсалуының нәтижесінде оны құраушы сөздер өздерінің бастапқы мағыналарынан айырылып, біртұтас мағына беретін шоғырдың бөлшектеріне айналады. Фразеологизмнің жасалуына арқау болған әу бастағы еркін тіркесті фразеологизмнің прототиві деуге болады”- дейді [49.60]. Сондықтан да фразеологизмдер өздерінің сыртқы тұрпаты жағынан еркін тіркестерге ұқсайды, оларды сыңарлар арасындағы грамматикалық байланыстардың белгілі бір формаларына негізделген, тілде бұрыннан бар сөз тіркестерінің модельдері орын алады.

Номинациялық заңдылық тұрғысынан алғанда “фразеологизмнің прототипі болушы еркін тіркес - бірінші дәрежелі құрылымдық негіз, ал фразеологиялық шоғыр - екінші дәрежелі туынды құрылым болып табылады” [62.14].

Фразеологизмдердің мағынасы тарихи тұрғыдан алғанда өз құрамындағы сыңарларға, фразеологизмге негіз болған әу бастағы еркін тіркестің мағынасына жетелері даусыз. “Фразеологиялық мағынаның сырын, фразеологизмнің жасалу төркінін сол әріректегі тіл құбылыстарынан, тілдің ішкі заңдарынан, қала берді экстралингвистикалық факторлардан іздеу керек”- дейді І.Кеңесбаев [31.605]. Мысалы, жұлдызы қарсы деген фразеологизмнің шығу тегі “аспен әлемінде әр адамның меншікті жұлдызы болады” дейтін ескі наным-түсінікке жетелейтін болса, ақ түйенің қарны жарылу фразеологизмінің түп негізінде қазақтың тұрмыстық салт-дәстүріндегі құрбандық шалу рәсімі жатыр. Ал жеті қат жер, жеті қат көк, жеті қараңғы түн, жеті атасын желдей көшіру, жеті атасынан түк көрмеген, кедейдің жеті қаңтаруы сияқты жеті санының қатысуымен жасалған фразеологизмдерде көне дәуірдегі мифтік салт - сана іздері сақталған.

Еркін сөз тіркестерінің фразеологиялық тіркеске айналуындағы басты қажеттілік ретінде Б.А. Ларин “семантикалық баю деп аталатын метафоралану құбылысын, басқаша айтқанда мағынаның баюы мен кеңеюінің нәтижесінде болатын бейнелілікті” атайтын болса [48.175], “бейнеліліктің “сүйегі” тілдік метафорада жатады, метафора дегеніміз сөздердің мағына ауыстырып жұмсалуы [67.97]. Мысалы, ауырдың асты, жеңілдің үстімен, ауыз жаласу, тайға таңба басқандай, екі езуі екі құлағына жету, ер тоқымын бауырына алу, тамырына балта шабу, т.б. фразеологизмдер әу бастағы тура мағыналы еркін тіркестердің метафораланып ауыс мәнде қолданылуынан қалыптасқан.

Фразеологизмдердің өне бойы ауыспалы мағына арқалауы оларға тән тұрақтылық, тиянақтылық, тұтастық, эмоциональді-экспрессивті мәнерлілік сияқты айрықша қасиеттердің бірі [168]. Фразеологизмдерде адамның жан-дұниесінің қалтарыс-қатпарларына әсер ететіндей, көңіл-күй, сезімді, пейілді, бағалау мен бағамдауды білдіретін эмоциональді-экспрессивті мағыналық элементтер болады. Олар фразеологизмдердегі категориялық сипаттамалық мәнге ие эмоциональді-экспрессивтілік қасиетке негіз болады. Yнемі қосарласа қолданылатын эмоционалдық және экспрессивтілік категориялары арасында өзіндік айырмашылықтар жоқ емес. Мәселен, экспрессия эмоционалдыққа қарағанда кең ұғым арқалайды және сөздердің ауыспалы мағынасы негізінде қалыптасады. Экспрессивті амал-тәсілдер ойды білдірудегі көркемдіктің, суреттіліктің, бейнеліліктің күшейе түсуіне қызмет ететін болса, эмоциональді элементтер адамның сезімін білдіруге қызмет етеді [20.108]. Мысалы, «ашулану, ыза кернеу» дегенді білдіретін қаны басына шапты мен зығырданы қайнады фразеологизмдеріндегі экспрессивтік реңк бірдей емес. Алдыңғысында тіркес құрамындағы сөздердің, фразеологизмге арқау болған еркін тіркестің тура мағынасының, соның негізінде туындаған метафоралы ауыс мағынаның айқындылығына тікелей қатысты болатын образдағы айқындылық, айшықтылық оның экспессивтік бояуын қоюлатып тұр. Зығырданы қайнау - идиомалық тіркес, оның образы анық, айқын емес, өйткені тіркес құрамындағы зығырдан сөзі дербестігін жоғалтқан, мағына жағынан күңгірттенген. Осыған байланысты оның экспессивтік күші қаны басына шапты фразеологизміне қарағанда солғындау.

Ал зығырданы қайнау фразеологизміне жасалуына негіз болған әу бастағы еркін тіркестің мағынасы мен оның ауыспалы мәнде жұмсалуынан туындаған образды ашу үшін зығырдан сөзінің төркіні іздестірсек, ол парсы тілінен енген заһардан > заһар-дан, яғни ‘зәһәр, у құйған ыдыс’, ауыс мағынада ‘өт жолы’ сөзі. Заһарданның зығырданға айналуы - қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің кірме сөзді меңгеруіне байланысты: зәһәр сөзі [һ] дыбысының ерекшелігіне байланысты бірде зәр, бірде зығыр (һ ~ ғ, ә ~ ы) түріне ауыса береді. Сонда зығырданның қайнауы қатты ашуланудың, бойды ыза кернеудің арасында ұғымдық та, образдылық та байланыс, ұқсастық бар. Бұл процесстің биологиялық тұрғыдан да дәлелді екені сөзсіз [26.293].

Қорыта айтқанда, фразеологизмдерді тілдік жүйедегі басқа да бірліктерден айырып, ажыратып тұратын релеванттық белгілер дегеніміз - үнемі мағыналық тұтастықта, тіркестік тиянақтылықта болып келетін, адамның көңіл-күй, ішкі сезім дүниесінің терең қатпарларына қозғау сала аларлықтай әсерлі, этнос бітімін, ұлт болмысын “образдар галлереясы” іспетті бейнелейтін, сөзбен өрілетін ойды әуезділікпен әдіптей көмкеріп, оған аса бір көркемдік, нақтылық, ықшамдылық дарытатын тұрақты сөз тіркестерінің төлтума қасиеттері деген сөз.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]