Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Іх модуль

Құрмалас сөйлем түрлерi

I блок

Салалас құрмалас сөйлем, оның мағыналық түрлерi

Құрмалас сөйлем түрлерi

Сабақтас құрмалас сөйлем

Аралас құрмалас сөйлем

І блок Құрмалас сөйлем түрлері

Лингвистикалық ғылымда құрмалас сөйлемдерді топтастыру принциптерінің бірнеше түрі пайдаланылып келеді. Олардың ең бастылары: дәстүрлік және құрылымдық –семантикалық.

Дәстүрлік топтастыру бойынша құрмалас сөйлемдер салалас, сабақтас, аралас болып үшке бөлінеді. Ал құрылымдық-семантикалық топтастырғанда құрмалас сөйлемдер жалғаулықты және жалғаулықсыз болып сараланады.

Салалас пен сабақтас құрмалас сөйлемдердің арасындағы айырмашылықтар – компоненттердің негізгі екі мүшесінің бір –бірімен синтаксистік қатынастарында, әсіресе, компоненттердің баяндауыш формасында, сондай-ақ олардың компоненттерінің құрмаласу тәсілінде, мағыналық байланыстарында және интонациялық құбылыстарында.

Салалас құрмалас сөйлемнің баяндауыштары тиянақты болса, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сөйлем баяндауышы басыңқы сөйлемге тәуелді, бағына байланысады.

Әзімбай бұны сүйсіне қостады, әрі оның соңғы сөзін қайта-қайта еске алды /М.Әуезов/ - салалас;

Абай бүгін әдейі бір үй ішті кеңесті оңаша сөйлесейін деп, Мағаш, Әбіштерді осында шақыртқан /М.Әуезов/ - сабақтас.

Салалас пен сабақтастың арасында төмендегідей айырым белгілері бар:

  1. Салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары тиянақты тұлғада тұрады да, ал сабақтас құрмалас компоненттерінің алдыңғы сөйлемінің баяндауышы тиянақсыз тұлғада болады.

  2. Салалас құрмаластың баяндауыштары теңдік қатынаста тұрып, салаласа байланысса, сабақтас құрмаласта бағыныңқы компонент баяндауышы басыңқы компонент баяндауышына бағына байланысады.

  3. Салалас құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдердің арасындағы интонациялық кідіріс біршама тиянақты болады да, сабақтас құрмаластың сөйлемдері арасындағы интонация елеусіз немесе тиянақсыз болып келеді.

  4. Салалас құрмалас компоненттерінің баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыса байланыса келеді де, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауышы өз бастауыштарымен қиыспайды.

  5. Салалас құрмалас сөйлем компоненттерін бір-бірімен құрмаластыру үшін жалғаулықтар қолданылса, ал сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерін құрмаластыруда септеулік шылаулар қолданылады.

6. Салалас құрмалас сөйлемнің бір компоненті екінші компонентке тәуелсіз, оның ішіндегі мүшелерге байланыссыз болып келсе, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағынышты компоненттерінің көпшілігі өзі меңгеріліп тұрған компоненттің белгілі бір мүшесіне тәуелді болып, соны түрлі жағынан айқындап, тұрлаусыз мүше тәрізденіп кетеді.

Салалас құрмалас сөйлем, оның мағыналық түрлері

Салалас құрмалас сөйлем дегеніміз құрамы кемінде екі немесе бірнеше сөйлемнен құралатын, құрамындағы жай сөйлемдерінің баяндауыштары өзара тең дәрежеде байланысқан сөйлемді айтамыз. Олар өз ішінде жалғаулықты және жалғаулықсыз болып бөлінеді.

Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлемге компоненттері бір-бірімен жалғаулық шылаулар арқылы құрмаласатын салалас сөйлемдер жатады. Жалғаулықтардың қай түрінің қатынасы арқылы жасалып тұрғанына қарай сөйлем де сол жалғаулық атымен аталып топталады. Алайда аталған топтардағы жалғаулықтардың мағыналық жағынан белгілі бір ұқсастықтары болғанымен, қолданылу орнына, контекске қарай олардың әрбіреуінің өзіндік ерекше дербестіктері өте көп ұшырасып отырады.

Ал құрмалас сөйлемнің басқа түрлеріне қарағанда жалғаулықсыз салалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен байланысы онша тығыз, берік болмайды, оларда дербестік, формалық тиянақтылық басым келеді.

Жалпы салалас құрмаластар жайында ғалымдар көп пікір айтқан. А.Байтұрсынов салалас құрмалас сөйлемдер түрін 5-ке бөлді. Мұндағы «жайылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы, қойылыңқы» сияқты атаулармен берілген салалас сөйлемдер кейінгі зерттеулердегі мезгілдес, қарсылықты, талғаулы, түсіндірмелі деп аталып жүрген салалас құрмаластарға сәйкес келеді (14,302). Ахаңның салалас құрмаласқа келтірген мысалдары, оның жіктелуі бүгінгі көзқараспен дәл келмесе де, кейінгі ғылым үшін бастама болды.

Н.Сауранбаев салаластарды жалғаулықты, жалғаулықсыз деп бөлмеген. Оның салалас құрмалас деп танығаны - қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулықты салаластар (58,34). Ол жалғаулықсыз салаластың барлық түрін тек іргелес құрмалас деп атаған (58,26). Сондай-ақ, кезінде автор үйірлі мүшелі жай сөйлемдерді құрмалас сөйлемнің бір түрі деп қарады. Ал екінші кітабында ол пікірін теріске шығарды. Қ.Жұбанов та салалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен құрмаласуының 10 түрлі жолын көрсетіп, мағыналық қатынастарына қарай оларды: ыңғайлас, ереуіл, талғама, себеп-салдар, шарт-жағдай салалас деп 5-ке бөлді( 31,205).

Бертін келе 1971 жылы Қ.Мамытбековтың «Салалас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық табиғаты жөніндегі» мақаласы жарық көрсе (43), Ж.Құсайынова салалас құрмаластың бір түрі – түсіндірмелі туралы арнайы зерттеу еңбек жазды (39).

Негізінен салалас сөйлемдер мағыналық қатынастарына қарай бірнеше түрге бөлінеді.

Ыңғайлас /мезгілдес/ салалас құрмалас сөйлем. Мезгілдес немесе ыңғайлас салалас сөйлем компоненттері бір мезгілде я болмаса біріне-бірі жалғаса іркес-тіркес болған, іле-шала болған іс-әрекеттерді, жай-күйді баяндайды. Тек компоненттерінің байланысу жолындағы ерекшелігі болмаса, мағыналық қатынасы жағынан ыңғайлас салаластың жалғаулықты да, жалғаулықсыз да түрі бірдей.

Әзімбай бұны сүйсіне қостады, оның соңғы сөзін қайта-қайта есіне алды / М.Әуезов/.

Бейбіт жылқыны сауырынан салып қалуы мұң екен, ол тұрған жерінен ата жөнелді (М.Әуезов).

Себеп-салдар /себептес/ салалас құрмалас сөйлем. Бір сөйлемде айтылған іс-қимылдың, жай-күйдің себебі білдірілсе, екінші сөйлем сол себептен туған салдарды, нәтижені білдіретін, керісінше біріншісі нәтижені, екіншісі соның себебін білдіретін болса, онда ол сөйлемдер себеп-салдар немесе себептес сөйлемдер деп аталады. Бұл сөйлемдер де бірде жалғаулықты, бірде жалғаулықсыз болып келеді.

Менің әндерімді тыңдаушы да, сынаушы да, салушы да халық, сондықтан біздің жиған-тергендеріміздің бәрі халықтікі.

Мен қорықпаймын, әжем кеше сұрап алған /Б.Майлин/.

Қарсылықты салалас құрмалас сөйлем. Құрмалас сөйлемнің бұл түріне құрамындағы сөйлемдердің бірінде айтылған ой, іс-әрекет екінші сөйлемде жүзеге асқан жай-күйге, іс-қимылға қарама-қарсы келеді. Сондықтан да қарсылықты салалас деп аталады. Жалғаулықты да, жалғаулықсыз да түрі болады.

Өлең шығаруға ойланып та көрем, бірақ ол қолымнан келмейді /С.Мұқанов/.

Қасындағы ұсақ қыздар мен қалыңдық та күліп алдаусыратпақ болып еді, Абай мен Ербол оған көнген жоқ /М.Әуезов/.

Түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлем. Түсіндірмелі /іліктес/ салалас сөйлем дегеніміз – бірінші компоненті жалпылық мәнде келіп, кейінгі компоненттерінде оның мәні не болмаса себебі түсіндіріліп, сараланып келген сөйлемді айтамыз. Салалас сөйлемнің бұл түрінің өзіндік ерекшеліктері де бар.

  1. Алғашқы жай сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарып тұрған, сонымен бірге екі жай сөйлемді құрмаластырушы болып тұрған сол, соншама, соншалық, сондай сөздері өз бастауыштарының іс-әрекет, жай-күйлерін өздері ашпайды, сол баяндалатын қимылға, жағдайға ерекше көңіл аударту мақсатымен келесі сөйлемге сілтейді де, оның мәнісі келесі немесе екінші сөйлемде ашылады. Соның қорытындысында кейінгі жай сөйлем тұтасымен алдыңғы жай сөйлемнің баяндауышы орнына тұрғандай болып, соның білдіруге тиісті мағынасын білдіреді.

Өз ойының әуресімен жүріп кеткені соншама, Абай ел ішінің жайларынан оқшау қалған екен /М.Әуезов/.

2. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы алғашқы сөйлем іс-әрекет, оқиғаны жалпы көрсетеді де, қалған сөйлемдері сол іс-оқиғаның мән-жайын ашып, түсіндіріп тұрады. Мұндай түсіндірмелі сөйлемдер не екі, не үш сөйлемдерден құралады.

Табиғатта тыңайтқыштың екі түрі бар: бірі органикалық тыңайтқыш, екіншісі – минералды тыңайтқыш /”Өсімдіктану” оқулығы/. Немесе, өзге балалар енді байқады: қарауытып көрінген доғарылған аттар екен /”Балдырған” журналы/.

3.Түсіндірмелі салаластар тек орын тәртібі арқылы ғана байланысады. Яғни жалғаулықты түрі болмайды.

Шартты салалас құрмалас сөйлем. Құрамындағы компоненттер мағыналары өзара шарттас, яғни, бірінде айтылған іс-әрекеттің екіншісі шартын білдірсе, не болмаса керісінше екінші сөйлемде берілген ой алдыңғы сөйлем шартын білдірсе, ондай сөйлемді шартты салалас сөйлем дейміз.

Егер Биғайшаның үйіне қарай аяқ басушы болсаң, менен жақсылық таппа /Т.Садық/.

Шартты салалас сөйлемдер ара-тұра жалғаулықты болып та келеді:

Сен келісім бер, әйтпесе мен саған жоқпын.

Салыстырмалы салалас құрмалас сөйлем. Бұл сөйлемдер жалғаулықсыз болып келеді. Екі түрлі субъектінің іс-әрекеттерін, қасиеттерін, жай-күйлерін салыстыра баяндайтын құрмалас сөйлемнің түрін салыстырмалы салалас сөйлем дейміз.

Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар /Мақал/.

Талғаулы салалас құрмалас сөйлем. Талғаулы салалас сөйлем компоненттерінде баяндалған іс-әрекет, оқиға, жай-күй талғанып, екшеліп, сол іс-әрекеттің біреуінің жүзеге асатындығы білдіріледі. Талғаулы салаластың компоненттері салалас құрмаластың басқа түрлеріндей емес, тек интонациялық жағынан болмаса, мағыналық жағынан бір-біріне тәуелсіз, дербес әрекеттерді баяндайды. Сондай-ақ оның басқа салалас түрлерінен өзгешелігі құрамына енген жай сөйлемдер бір-бірімен жалғаулықсыз құрмаласа алмайды, тек жалғаулықтар арқылы құрмаласады. Себебі жоғарыда айтылғандай компоненттері мағыналық жағынан бір-бірімен байланысып жатпай, әрқайсысы өз алдына жеке әрекеттерді білдіріп тұруларына қатысты. Мағына жағынан байланыс болмағандықтан, талғаулы жалғаулықтар арқылы байланысып тұрады. Ал бұл дәнекер сөздерді түсіріп айтсақ, сөйлем құрмаластық қасиетінен айрылып, бөлек-бөлек сөйлем болып қалады.

Сіз маған жалақымды бересіз, не екеуміз басқаша сөйлесеміз /А.Грин/. Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар, немесе құлағымен естіген айтар /Ә.Әбішев/.

Кезектес салалас құрмалас сөйлем. Кезектес салалас сөйлем деп құрамына енген жай сөйлемдердің мағынасынан байқалатын іс-әрекеттердің бірінен соң бірі кезектесіп отыратындығын білдіретін салалас құрмалас сөйлемді айтамыз. Бұл сөйлемде үнемі жалғаулықты болады. Сөйлем компоненттері бір-бірімен кейде, бірде, біресе сынды кезектес жалғаулықтар арқылы құрмаласады.

Раушан бірде ақтарыла салатындай сондайлық жақын көрінеді, бірде ол салқын тартып алыстап кетеді /Т.Ахтанов/.

Ханыша осылайша ауырғандай,

Аһыласа, кейде демі таңды ұрғандай.

Жатады күйді тыңдай, кейде жылап

Жастыққа жылы жаңбыр жаудырғандай

/І.Жансүгіров/.

Салаластың көп компонентті түрі соңғы жағында арнайы баяндалатындықтан, бұл жерде сөз қозғамаймыз.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]