Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

3. Жай сөйлемдердің шартты рай арқылы құрмаласуы.

Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыруда шартты рай да белгілі роль атқарады. Негізінен жіктік жалғауы өзі жалғанған сөзге тиянақтылық беретін форма деп танылғанымен, шартты рай тұлғасына жалғанғанда бұл қасиеті сақталмайды. Сондықтан бағыныңқы жай сөйлемді басыңқы жай сөйлеммен құрмаластыру қызметін атқара береді. Мысалы: Сіз сүңгіп көрсеңіз, одан да көп асыл табарсыз.

Жай сөйлемдердің шылаулар арқылы құрмаласуы

Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыруда септігін тигізетін құралдың бір тобы – шылаулар. Әдетте, құрмалас сөйлемнің басқа түрлеріне қарағанда шылау арқылы құрмаласқан сөйлем компоненттерінің бір-бірімен байланысы тығыз, берік болады. Жай сөйлемдерді салаластыруда жалғаулық шылаулар, сабақтастыра құрмаластыруда септеулік шылаулар маңызды қызмет атқарады.

1. Жалғаулық шылаулар екі сөйлемді бір-бірімен құрмаластырып қана қоймайды, сонымен қатар байланысып тұрған жай сөйлемдердің мағыналық қатынастарын айқындай түседі. Негізінен жалғаулықтар өзара төмендегідей топтарға бөлінеді:

а) ыңғайластық қатынасты білдіретін: және, да, де, та, те, әрі.

б) қарсылықты қатынасты білдіретін жалғаулықтар: бірақ, сонда да, сөйтсе де, алайда, әйтсе де, ал, дегенмен.

в) кезектестік қатынасты білдіретін: бірде, біресе, кейде.

г) талғаулық, талғау қатынасын білдіретін: не, немесе,не болмаса, я, яки, әлде.

Осыған сәйкес салалас құрмаластардың себеп-салдар салалас, қарсылықты, кезектес, талғаулықты, ыңғайлас салалас түрлері қалыптасқан.

Күн найза бойы көтерілген, бірақ аспанда алақандай бұлт, үп еткен жел жоқ /Ғ.Мұстафин/. Жабайды сойылға жыққан Игіліктің жігіттері екенін Жұман білген жоқ, өйткені әлдеқалай аттан құлаған шығар деп ойлады /Ғ.Мүсірепов/ т.б.

Салалас құрмалас сөйлемдерде жалғаулықтар сөйлемді құрмаластырушы негізгі тұлға болмайды, онсыз да бар байланысқа әсер етуші дәнекер құрал болып саналады. Өйткені жай сөйлемдердің жалғаулық арқылы құрмаласуы мен жалғаулықсыз іргелесе құрмаласуы арасындағы мағынада ешбір айырмашылық жоқ. Тек құрмалас сөйлемнің салалас түрін жасаудың екі түрлі тәсілі ғана. Сондықтан да салалас құрмалас сөйлемнің бірталай түрін жалғаулық арқылы құрмаластырып айтуға да, жалғаулықты алып тастап, жалғаулықсыз айтуға да болады. Мысалы: Шекер осы аз күннің өзінде-ақ бұл үйдің өз адамындай болып кеткен, сондықтан еркелей айтқан сөзіне Сәуле сүйсінді /Ә.Әбішев/. Өнер - ағып жатқан бұлақ, ілім- жанып жатқан шырақ /Мақал/.

Ал құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдерді байланыстыруда септеуліктердің ролі өте күшті. Септеулік шылаулар бағыныңқы компонент баяндауышы болып тұрған тиянақсыз етістікке көмекші болып, оны басыңқы компонентпен құрмаластырады.

Кейін, бері шылаулары өткен шақтағы есімше тұлғасында тұрып, шығыс жалғауын меңгереді. Бағыныңқы сөйлемнің басыңқы сөйлемдегі ойға мезгілдік қатынасын білдіреді. Данияр сабақтан келгеннен кейін, үй шаруасына кірісті.

Үшін шылауы тұйық етістіктен болған бағыныңқы сөйлем баяндауышынан кейін тіркеседі. Ол басыңқы сөйлемдегі ойдың мақсатын білдіреді. Еңбекақы көп болуы үшін ел экономикасы өркендеу қажет /”Егеменді Қазақстан”/.

Соң, сайын шылаулары есімше тұлғалы баяндауышқа тіркесіп, не себептік, не мезгілдік қатынаста қолданылады. Мысалы: Тұтқын ұзап жүре алмаған соң, амалсыздан қолға түсті /Ш.Мұртаза/.

Септеуліктердің жай сөйлемді құрмаластырудағы рөлі - аса маңызды. Егер де екі жай сөйлемді құрмаластырушы септеулік шылауды алып тастасақ, онда екі жай сөйлем де өз мағыналарын жоғалтып, байланыспай, қабыспай қалады. Мысалы: Сан рет скрипканы өзі тартып өткеннен кейін, бір кезде Әбіш өз скрипкасын Мұқаға ұсынды /М.Әуезов/. Енді осы сөйлемдегі “кейін” септеулік шылауын түсіріп айтатын болсақ, екі жай сөйлем мүлде қиюласпайды: Сан рет скрипканы өзі тартып өткеннен ..., бір кезде Әбіш өз скрипкасын Мұқаға ұсынды.

Демек, септеулік шылаулардың жалғаулықтарға қарағанда байланыстырушылық қызметі өте күшті.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]