Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Қыстырынды құрылымдар

Күрделенген жай сөйлемнің бірі – қыстырынды құрылымдар.

Қыстырынды құрылымдар сөйлемдегі айтылған ойды, сондай-ақ белгілі бір мүшесін толықтырып, әр түрлі қосымша хабарлар беріп тұрады. Олар негізгі сөйлемге жай қыстырыла айтылмайды, автор тарапынан белгілі бір мақсатпен қолданылады. Қыстырынды құрылымдар қосымша мәлімет бере отырып, тілдік құрылымның мазмұнын кеңейтеді. Олар мынадай функционалды-семантикалық топтарға бөлінеді: 1) түсіндірмелі; 2) нақтылаушы; 3) сілтемелік; 4) толықтырушы.

Түсіндірмелі қыстырынды құрылымдар негізгі айтылатын ойға қосымша түсініктеме беріп тұрады. Мысалы:…әдеби тілге көптеген лексикалық жаңалықтар еніп жатыр. 80-90 жылдарда жаңа қолданыстардың бумы (қауырт көбеюі, тасқындауы) басталды. (Р.Сыздық)

Нақтылаушы қыстырынды құрылымдар негізгі сөйлемді нақтылай түседі. Мысалы: оның негізгі нормалары шешендік сөз өнерінде, фольклор мен ауыз әдебиеті, публицистикалық сөз, ісқағаз тілі мен ғылыми әдебиет (оқулық, энциклопедия, монография, ғылыми-көпшілік басылымдар), әсіресе, аса биік профессионалдық деңгейге көтерілген көркем әдебиет үлгілері арқылы қалыптасты. (Сонда)

Қыстырынды құрылымдардың сілтемелік түріне еңбектің авторын, оның атын, шыққан жылын т.б. көрсететін құрылымдар жатады. Мысалы, күн деген сөздің негізгі лексикалық (оны ғылым тілінде денотатив мағынасы деп атайды) «әлемге жарық, қызу беруші планета» («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 5-том, 311 бет).

Толықтырушы қыстырынды құрылымдар негізгі сөйлемге қосымша хабарлама береді.

Ол кезде Хакима ауылды жалшы атасына көмектесіп (әке-шешеден қаршадайынан айрылған), байдың қозысын бағатын. (М.М.)

Қолданылу жағынан қыстырынды сөздер газет тілінде жиі кездеседі, ал қыстырынды сөйлемдер көркем әдебиетте көп қолданылады. Олар сөз, сөз тіркестері, жай және құрмалас сөйлемдер, тіпті синтаксистік тұтастық түрінде де берілуі мүмкін. Бірақ солардың ішінде ең көп кездесетіні – хабарлы сөйлемдер. Көркем шығармаларда сұраулы және лепті сөйлемдер де ұшырасады.

Сөйтіп, қыстырынды құрылымдар жай сөйлемді күрделендіруші компонент ретінде сөйлем құрылымын құрауға қатысқанымен, жалпы сөйлем мазмұнын мағыналық тұрғыдан жан-жақты толықтырып отырады.

Көсемше оралымды сөйлемдер

Көсемшелі оралым көбінесе өзі күрделендірген сөйлемнің басында тұрып, өз алдына бір синтагма болып, сөйлемнің басқа мүшелерінен пауза арқылы бөлініп тұрады.

Көсемшелі оралым негізгі сөйлемдегі бастауышқа ортақ болып, соның (бастауыштың) іс-қимылының түрлі сипатын амалын, себеп-салдарын, мақсатын т.б. көрсетіп тұрады.

Оралым құралымындағы көсемше екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, ұйымдастырушы тірек сөз ретінде, екіншіден, оралымды негізгі бөлімге бағындырып, байланыстырушы болып тұрады.

Көсемше оралым – айтылатын ойды кеңейтіп, қосалқы әрекеттерден негізгісін бөліп, айқындай түсу үшін қолданылады.

Қазақ тілінде көсемше оралымды сөйлемді жасауда –n тұлғалы түрі жиі қолданылады.

Көсемше оралымды сөйлемдер әр түрлі мағынада жұмсалады. Мысалы, Кемпір жүгіріп барып, Еламанның қолынан баланы жұлып алды. (Ә.Н.) Қарт шекпенін асықпай шешіп, бір бұрышқа қойды. (Сонда) Жас жігіт ақсия күліп, жақындап келеді. (Қ.Ж.)

-й тұлғалы көсемше болымсыз –ма жұрнағы арқылы жұмсалып, оралымды сөйлемдерді жасауға қатысады.

Артық отыра алмай, жас баласын сылтау ғып сыртқа шығып кетті. (Ә.Н.) Сонан әрі Мөңкенің келісімін күтпей, тысқа шығып кетті. (Ә.Н.)

-а, -е тұлғалы көсемше оралымдар. Оралымды жинақтаушы осындай тұлғалы көсемшелі сөздер әр түрлі мағыналық қатынаста жұмсала береді. Көсемше оралымның осы түрі, негізінен, амал және мезгіл мәндерде жұмсалады: Шоқан әкесіне іштей наразы бола жүре, олар тез көнді. (С.М.)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]