Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Айқындауышты сөйлемдер

Сөйлем адам ойын білдірудің негізгі құралы бола отырып, сөйлеушінің негізгі ойға түрлі көзқарасын да қоса білдіреді. Мұндай қасиет көп жағдайларда сөйлемнің негізі болып саналатын бас мүшелер мен тұрлаусыз мұшелердің бойынан табыла бермейді. Осындай жағдайда жай сөйлемнің құрамына қыстырма ретінде кірігіп жұмсалатын компоненттер болады. Бұлар негізгі ойдың мазмұнын әр түрлі жақтардан толықтырып, сөйлемнің құрылысын да күрделендіреді.

Айқындауыш – қазіргі қазақ әдеби тілінде жиі қолданатын, анықтауыштың ерекше түрі. Айқындауыш өзі анықтайтын сөзінен кейін тұрып, оны толықтырып, дәлелдеп тұрады, өзінің анықтайтын сөзімен тек грамматикалық байланыста тұратын, сөйлемнің шартты мүшесі. Айқындауыштар құрылысына қарай үшке бөлінеді: 1) Қосалқы айқындауыш; 2) Қосарлы айқындауыш; 3) Оңашаланған айқындауыш.

1. Қосалқы айқындауыш сөйлемде анықтауыш – анықталушы сөз үлгісінде біртұтас күрделі мүше болып жұмсалады: Есбол мерген, Асан әнші, Алпамыс батыр. Сүйеу қарт үйінде екен. (Ә.Н.) Қасына Ербол қария келіп отырды. (Ә.Н.) Шұбар ақынның тілегі бойынша ел жұрт ән-күйге ауды. (Ғ.М.) Болып-толып тұрған кезде Ақан сері кісінің мәселесін қайтарып көрмеген. (Т.Ә.)

2. Қосарлы айқындауыштың табиғаты мүлде бөлек. Бұлар – екі жалпы есімнің тіркесі, мағыналас, мәндес-синоним сөздер болып келеді: корреспондент-мүше, телефон-автомат, отан-ана, жер-ана, ғалым-ұстаз, академик-жазушы, инженер-технолог т.б.

Сөйтіп өзара мәндес жалпы есімдердің бірі зат атауы, екіншісі оның сапасы ретінде тіркесіп, күрделі бір атау жасайтын сөздерді қосарлы айқындауыш дейміз.

Қосарланған айқындауыштар қазақ тілінде көп кездеспейді. Бұлар – орыс тілінің тікелей әсерінен жасанды түрде алынған үлгілер Игіліктің жаңа үйін жасап берген Сандыбай-үйші әлі осында жүр. (Ғ.М.) Сай-саймен түлкі-сұмдар зытып барады. (Ғ.М.) Десятник Жәнібек біресе раскосқа, біресе күрекке салады. (Ғ.Мұст.) Тақтай-стандарт үйдің бір бөлмесі – қызыл мүйіс. Трибунада трест инженері Әшірбек сөйлем тұр. (Ғ.Мұст.)

3. Оңашаланған айқындауыштар – белгілі бір сөзді күшейту, ерекшелеп, соған көңіл бөлу мақсатында қолданылатын айқындауыштық қатынастағы сөздер тіркесі. Оңашаланған айқындауыш деп өзі қатысты сөзінен соң тұрып, анықтайтын сөзінің заттық, шақтық т.б. мағынасын дәлдеп көрсететін айқындауышты айтамыз.

Жауынбай ауылының дәл ортасындағы үлкен ақ ордаға – әке үйіне кеп ат басын тіреді. (С.С.) Өзіне салса, жаңағы көңілді үйге, шешесінің қасына, қазір жетер еді. (М.Ә.) Туғаннан бергі барлық көресі осыдан – екі аяқтыдан дегендей, жығылып домалап жатқан балаға тап берді. (М.Ә.)

Қыстырма сөйлемдер

Сөйлем арқылы берілетін ойға сөйлемнің бес мүшесі қатысады. Сөйлем белгілі бір ойды білдіріп қана қоймайды. Сөйлем сөйлеушінің ойын, сол ойға қатысын, қалай қарайтынын да қоса білдіреді.

Қыстырма құрылымдар сөйлемнің коммуникативтік мағынасымен бірге эмоциялық-экспрессивтік түрлерін анықтайды. Бұл функция адамдардың түрлі ой-сезімін, оның өзгеруін білдіреді. Сөйлеушінің айтылған ойды, жағдайды қолдайтын, қолдамайтыны, оған қуаныш-ренішпен қарайтыны т.б. қыстырмалар арқылы беріледі.

Қыстырма құрылымдар сөйлем мүшелерімен синтаксистік баяланысқа түспейді, сондықтан сөйлем мүшесі бола алмайды.

Қыстырма сөздер мен сөз тіркестерін мағыналарына қарай мынадай негізгі топтарға бөлуге болады:

1) Кісінің көңіл күйін, сезімін білдіретін қыстырмалар: бақытымызға қарай, біздің бағымызға, өкінішке қарай, обалы не керек, бір ғажабы т.б.. Мысалы, Өкінішке қарай, Жұмаханның естіп келген хабарлары расқа шықты. (Қ.Ж.)

2) Айтылған ойға нануды, жорамалдауды білдіретін қыстырмалар: әрине, шынында, шынын айту керек, рас, сөз, сірә, мүмкін, кім біледі т.б. Мысалы, Кім біледі, бұдан кетсе, Әбдірахман Шұғаны көре алмас. (Б.М.) Шынымды айтайын, осы адамға деген менде ерекше құрмет сақталған. (С.С.) Әрине, Ақылбай жылқының іріктеу билігіне араласқан жоқ. (Қ.Ж.)

3) Ойдың айтылу амалын, тәсілін білдіретін қыстырмалар: қысқасы, демек, дегенмен, айтпақшы, қорыта келгенде т.б. Дегенмен, ол осы сәтте өзінің де екі тарау жол айрығына келіп тұрғанын ішкі бір сезім сәулесімен түйсінгендей болды. (Қ.Ж.) – Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екем-ау, - деді ол есіктен шыға бере, артына бұрылып. (Қ.Ж.)

4) Айтылған ойға басқаның пікірі тұрғысынан қарағандықты білдіретін қыстырмалар: сіздіңше, біздіңше, біреудің сөзіне қарағанда т.б. Қарттардың айтуына қарағанда, Арал осы Жарқабақтан желініп, батыс жағына ілгері қарай қусырылып, жыл сайын тарылып келе жатыр. (С.М.)

5) Айтылған ойлардың өзара қатынасын білдіретін қыстырмалар: сөйтіп, не дегенмен, сонымен, біріншіден, екіншіден, бір жағынан т.б. Сонымен, айналасы төрт-бес айдың ішінде елде, бала-шаға, үй-іштер де Жұманнан түгел безініп, тез жатсырап кетіп еді. (Ғ.М.) Сөйтіп, Батырхан араға екі күн салып, ойламаған жерден басқа бір кеңсенің қызметкері болып шыға келді. (Қ.Ж.)

Қыстырма сөздердің мағыналық қызметін кейде сөйлемдер де атқарады. Мұндай сөйлемдер айтылған ойға сөйлеушінің алуан түрлі қатынасын білдіреді. Мысалы:

Иә, ұмытып барады екенмін, саған бір телеграмма бар. (С.Шайм.) Шынын айтайын қорқақтық еткем жоқ, бірақ еріндім. (М.Ә.) Неге екенін кім білсін, Баймағамбет ақсақал қызын бергісі келмепті, әлде дәулетті Нұржақыпқа бергісі келді ме? (С.Көбеев)

Олар сөйлем басында келсе, одан соң үтір, ортасында келсе, екі жағынан, ал соңында келсе, қыстырма сөздердің алдынан үтір қойылады.

Құрылымдық жағына қыстырма, қаратпа бірліктер сөйлемдегі басқа сөздердің оқшауланып, айрықша интонациямен айтылады. Бұл бірліктер интонациясы өте бай болады. Олардың интонациялық көріністері бір-біріне сәйкес келмейді, себебі контекст пен сөйлеу ситуациясы интонацияға әсер етеді. Бұл арқылы семантика мен интонацияның тығыз байланысты екендігін байқаймыз.

Қысқасы, қыстырма құрылымдар негізгі сөйлеммен мағыналық бірлікте айтылып, негізгі ойды әр түрлі модальдық реңкте толықтырып отыруда ерекше қызмет атқарады. Грамматикалық жүйеден оқшауланғанымен бұл компоненттер сөйлемнің коммуникативтік мақсатымен, мазмұнынымен тығыз байланыста болады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]