Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Баяндауыш

Бастауыш сөйлемдегі негізгі ойға ие болса, баяндауыш бастауышқа бағына орналасады. Сонымен бірге баяндауыш - кез келген сөз табынан жасалғанмен, бәрібір бастауыштың алуан түрлі қасиетін айқындайтын басты тұлға. Белгілі ғалым Т.Сайрамбаев “Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері” атты еңбегінде: “Баяндауышсыз жалпы (атаулы сөйлем болмаса) сөйлем құралмаса керек. Баяндауыш - қай сөз табынан болмасын бәрібір сөйлемді тиянақтау жағынан, оны сөйлем дәрежесіне жеткізу жағынан қандай тұлғада, қай орында келуіне қарамастан басты тұлға. Дегенмен сөйлемді тиянақтау жағынан баяндауыш мүше басқа сөйлем мүшелерінен жеке дараланады”, - деп маңыздылығын баса көрсетеді және баяндауыштың төмендегідей негізгі қасиеттерін санамалап береді:

1. Баяндауыштың бастауышқа бағынышты сөйлем мүшесі екендігі;

2. Баяндауыштың сөйлемдегі ойды тиянақтайтындығы;

3. Баяндауыш бастауыштың әр түрлі қасиетін көрсететіндігі;

4. Баяндауыштың бастауышпен жақ, көпше, жекеше түрде үйлесуі;

5. Предикативтілікті білдіруі;

6. Олардың екі құрамда болатындығы;

  1. Сөйлемнің бас мүшесі екендігі (47 ,93).

Шынында да барлық тілде де тиянақты ойды аяқтап, бастауыштың іс-әрекетін, ісін білдіретін мүшені предикат-баяндауыш дейді. Бастауыш пен баяндауыш сөйлемнің негізгі арқауы, сөйлемді құрастырып, ұйымдастыратын басты орталық. Әдетте, тұрлаусыз мүшелер сөйлемге қаншалықты қажет болып көрінгенімен, тұрлаусыз мүшелерсіз олар сөйлем құрай алмайды. Баяндауыш үнемі сөйлемнің соңында келеді. Бұл жөнінде Ш.Бектаева: “Туыстас түркі тілдерінің барлығында да бастауыш пен баяндауыш қиыса, қабыса байланысады да, баяндауыш сөйлемнің соңында тұрады. Баяндауыштың бұл қасиеті талай ғасырлар бойы қалыптасып, тектес тілдерде дәстүрге айналып кеткен. Оны өткен ғасырлардан сақталған жазу нұсқаларынан көруге болады. Баяндауыш қай тілде болмасын бастауышпен тікелей байланысты, өйткені сол бастауыштың барлық қасиетін баяндауыш арқылы танимыз”, - деп баяндауыштың үнемі сөйлем аяғында келуін деректермен береді ( 17,33). Ал поэзиялық жанрда жазылған шығармаларда, өлең шумақтарында баяндауыштың орны ауысып, басында да, ортасында да келе береді.

Сонымен баяндауыш арқылы әрбір адам сан-салалы хабарды, ақпаратты түрлендіріп жеткізе алады. Өйткені бұл мүше - басқа мүшелерге қарағанда ойды жинақтауға, сөйлемге түрлі реңк беруге, мазмұн енгізуге өте бейім. Сондықтан оны сөйлемдегі негізгі ойды ұйымдастырушы деп атауға болады. Баяндауыш көбінесе етістік сөз табынан болғандықтан Не істеді? Қайтті? Не болды? деген сұрақтарға жауап береді. Егер баяндауыш есім сөз табынан жасалса, онда әр сөз табының өзінің тиісті сұрағы қойылады. Мысалы, Елу жылда ел жаңа. Мұнда баяндауыш сын есімнен жасалғандықтан, оған сын есімнің “қандай” деген сұрағы қойылады. Ал зат есімнен болған баяндауыштардың мағыналық қасиеті түрліше. Оның өзі баяндауыш болатын зат есімдердің қолданылуына байланысты.

Баяндауыштың зерттелуі. “Ол нәрсенің сырын-сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше болады”, - деп А.Байтұрсынұлы (14,265) ХХ ғасырдың басында-ақ баяндауышқа нақты, дұрыс анықтама берген болатын. 1930 жылдары Ж.Басымов, І.Бәйтеновтер өз мақалаларында, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев “Қазақ тілі грамматикасында” баяндауышты қарастырып, анықтамасын, қандай сұраққа жауап беретіндігін, жасалу жолдарын біршама айтып кеткен болатын. Ал Қ.Жұбанов: ”Сөйлем мүшелерінің ішінде біреудің не бірдеменің не қылғанын, я не болғанын баяндап тұратын мүше болады. Оны баяндауыш дейміз”, - деп ( 31,142) сипаттаса, С.Аманжолов “Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы” атты еңбегінде баяндауышты қарастыра келіп, мынандай анықтама береді: ”Баяндауыш дегеніміз - бастауыштың тура көрінісі. Бұлар заттың жалпы көрінісін, болмысын көрсетеді” ( 2,105).

М.Балақаев та өз еңбектерін синтаксис, оның ішінде сөйлем мүшелерін зерттеуге арнаған. Сондықтан баяндауышты жан-жақты сипаттай отырып, олардың жасалу жолдарын, құрамына қарай бөлінуін қарастырады. Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, С.Исаевтар да баяндауыштың сөйлемдегі қызметін, оған қойылатын сұраулар және олардың түрлерін сөз етеді ( 10,93).

Қ.Шаукенов баяндауышты “сөйлемде айтылған ойдың белгілі бір тиянағы болатын мүше деп түсінеміз”,- дей отырып, баяндауыштарды амалдық, шартты, қарсылықты, себеп, қалаулы, мезгіл, есім, заттық, меншік, мекен, сапалық, сан-мөлшер, болымсыз, суреттемелі деп бөледі (66,87-93). Бұл жерде баяндауыштарды бастауыштар сияқты жасалу жолына қарай жөн-жосықсыз бөле берген. Мәселен, баяндауыш қалау райдан жасалса, қалаулы, ал шартты райдан жасалса, шартты, мезгіл үстеуден жасалса, мезгіл баяндауыш деп жіктеген. Алайда автордың бұл пікірі дұрыс, нақты деп айтуға болмайды.

Түркі тіл білімінде де баяндауыш туралы көптеген пікірлер айтылды. Ойрат, шор тілдерін зерттеуші ғалым Н.К.Дыренкова баяндауышты бастауыштың қимылын білдіретін сөйлем мүшесі ретінде қараса (23,11), Н.А.Кононов баяндауыштың бастауышқа бағыныңқы екенін көрсетеді ( 33,67).

Сөйлем жүйесінің, оның грамматикалық құрылысының дамып өзгеруіне байланысты баяндауыштың есім баяндауыш деген түрі бөлініп шықты. Есім баяндауыштың өзіне тән грамматикалық ерекшеліктері, қолданылуы, жасалу жолы, басқа баяндауыш түрлерінен өзгешелігі жайлы толық зерттеген –Т.Ермекова ( 24,135).

Баяндауыш құрамына қарай дара және күрделі болып келеді.

Дара баяндауыштар бір ғана сөзден болады. Бәрі қонақтан өте көңілді оралды (Қазақ әдеб.).

Күрделі баяндауыш екі сөздің бірігуінен, қосарлануынан, тіркесуінен және тұрақты тіркестерден жасалады. Марат оның сөзіне қатты ашуланып қалды (Жас Қазақ).

Жасалу жолына қарай етістікті, есімді, құрама баяндауыштар деп бөлінеді.

Етістікті баяндауыш - тілімізде ежелден қалыптасқан сөйлем мүшесі. Етістік баяндауыштар Орхон-Енисей, көне түркі жазба ескерткіштерінде молынан кездеседі. Әдеби тілімізде де, ауызекі тілде де сөйлем ішінен ең көрнекті орын алатын әрі үнемі қолданыста болатыны да – осы етістікті баяндауыш. Құнанбай естімеген сияқты ешбір белгі бермеді (М.Әуезов).

Есім баяндауыш деп, әдетте, есім сөздерден жасалған баяндауыштарды айтамыз. Яғни есім баяндауыштар зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу, модаль сөздерден жасалады. Гүл өссе, жердің көркі, Қыз өссе, елдің көркі (Мақал).

Құрама баяндауыш. Бұл баяндауыштың құрама деген атының өзінен мұнда әрі есімнің де, етістіктің де элементінің қатысатындығы негізге алынған. Мұндай баяндауыштың негізінен екі сыңары есімді және етістікті болып келеді. Кезінде мұны С.Аманжолов аралас баяндауыш деп атаған ( 2,15). Ол кезде Ботагөз оңды-солын танымаған, жас қыз еді (С.Мұқанов).

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]