Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

І блок сөйлемнің тұрлаулы мүшелері бастауыш

Тұрлаулы мүшенің негізгісі болып саналатын бастауыш сөйлемде басты қызмет атқарады десе болады. Сөйлемдегі берілетін ойдың ұйытқысы болумен бірге, орналасқан орнына қарай сол ойды толық, дәл жеткізуге бірден-бір себепші сөйлем мүшесі. Әр сөйлем мүшесінің өзіндік қызметі әр түрлі болады. Біреуі сөйлемдегі ойдың арқауы ретінде басым көрінсе, екінші мүше соның әрекетін түрлендіруге икемді келеді. Ал қалғандары ойды толықтырып не анықтап, тіпті болмаса пысықтап қана жүреді.

Бастауыш жай сөйлемдерде баяндауыштан бұрын келіп, барлық мүшелерді ұйымдастыратын, байланыстыратын орталық болып табылады.

А.Байтұрсынұлы тұрлаулы мүшелерге бас мүше (бастауыш) мен баяншы мүшені (баяндауыш) жатқызады. “Бас мүше дегеніміз,- деп жазады өз еңбегінде А.Байтұрсынұлы,- сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөзі, сөйлем иесі. Сөйлем ішінде сол нәрсенің атын көрсететін сөз бас мүше болады” ( 14,265).

Бастауыш қай тілде болмасын “сөйлемде айтылған ойдың синтаксистік субъектісі” болып саналады. Ол тұлғалық құрамы жағынан дара, күрделі болып келуімен қатар, морфологиялық құрылысы тұрғысынан атау формасындағы есім сөздерден және субстантивтенген басқа сөз таптарынан жасалады. Сөйтіп бастауыш – тіліміздегі жай сөйлемнің негізгі ойын ұйымдастыратын, қалған мүшелерге ұйытқы болатын мүше. Ол – баяндауыштағы қимылдың, әрекеттің иесін тікелей білдіретін, анықтайтын көрсеткіш. Сөйлем ішіндегі орны да еркін.

Қазақ тіл білімінде бастауыш туралы жазылған оқу құралдары, мақалалар жарық көрді. Біраз ғалымдар арнайы сөз қылмаса да, өз еңбектерінде жалпы қарастырды. А.Байтұрсынов еңбегінен кейін С.Аманжолов, Қ.Жұбанов, І.Бәйтенов, Ж.Басымов, Ә.Хасенов, М.Балақаев т.б. ғалымдардың бастауышқа қатысты пікірлері, мақалалары жарияланды. Онда бастауыштың жақтық мағынасы, тұрлаулы мүшелердің байланысы сынды мәселелер қозғалды.

1966 жылғы еңбегінде Қ.Жұбанов бастауышқа: “сөйлемнің кімнің я ненің жайынан сөйленгендігін көрсететін мүшесін бас мүше немесе қысқартып бастауыш дейміз”, - деп анықтама бере отырып, ол жайлы қысқаша мағлұмат береді (31,143). С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйықбаевтардың мектеп грамматикасында да бастауыштың ережесі, оған қоятын сұраулар, оның құрамдық түрлері жайлы біршама деректер берілген. Н.Сауранбаев, М.Балақаев, М.Томанов, Р.Әмірлер де өз зерттеу еңбектерінде сөз етеді.

1996 жылғы “Синтаксис” атты кітабында Қ.Шаукенов: “Бастауыш – бұл сөйлемнің тұрлаулы мүшесі, бас мүшесі. Сондықтан ол сөйлемдегі айтылған ойдың қазығы, негізі болады. Бастауыштардың сұрақтары да әр алуан. Бірақ грамматикалық жағынан тұлғаланған көрсеткіші – атау септігінде тұру”, - дей келіп, бастауышты құрамына қарай күрделі грамматикалық бастауыш, ал мағынасына қарай мекендік, меншік, мезгіл, сапалық, сандық, амалдық, салыстырмалы, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау деп он түрге бөледі. [66]. Бірақ автордың бұл пікіріне қосыла қою қиын. Бұл жерде ғалым әр сөздің беретін мағынасына жүгінеді. Шындығына келсек, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау бастауыштары деп отырғаны олардың есімдіктен, олардың ішінара мағыналық түрлерінен жасалған бастауыштар екені айдан анық.

Жалпы бастауыштар құрамына қарай дара және күрделі болып келеді.

Дара бастауыштар деп бір ғана сөзден болған мүшені айтады. Рахима бұған бірнеше рет ескерту жасады (Қ.Жұмаділов).

Күрделі бастауыштарға кемінде екі сөзден болған сөйлем мүшесі жатады. Көмір қазушылар ауылда бір жұмадай жатты (С.Мұқанов).

Сонымен бірге бастауыштың логикалық бастауыш деп аталатын түрі бар. Әдетте, жақты сөйлемнің бастауышы көрініп, ашық та тұрады, кейде жасырын тұлғада келеді. Ал жақсыз сөйлемдердің бастауышын табу қиын. Бірақ сөйлем жақсыз болған жағдайда сөйлемнің ішінде субъектінің қызметін дәл атқарғанмен, сол дәрежеде ойға қатысты сөздер де болатыны анық. Демек ондай сөйлемдерде бастауыш жоқ, алайда басқа септіктегі сөздер сол сөйлемде ойға қатысты айтылуы тиіс болады. Логикалық бастауыш баяндауышпен жақ, сан жағынан қатыса алмайды ( 42,69).

Яғни жақсыз сөйлемдерде бастауыш жоқ, тек онда логикалық бастауыш болады. Маған биыл оқуға түсу керек (Жас Алаш). Осы сөйлемде бастауыш жоқ. Логикалық бастауышы – мен.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]