Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazirgi_kazak_tili_KazUPU.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.59 Mб
Скачать

Үі модуль сөйлем мүшелері

Сөйлем мүшелері – құрылымдық семантикалық жағынан сөйлемнің дербес бөлшектерін құрайтын толық мағыналы сөздер мен сөз тіркестері.

Сөйлем мүшелері бірталай уақыттан бері арнайы зерттеу нысанына айналып келе жатыр. Олар жөнінде мектептерге және жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтардан, сондай-ақ арнайы зерттелген әдістемелік ғылыми еңбектерден бірталай толық мәліметтер алуға болады.

Синтаксистің ең негізгі обьектісінің бірі- сөйлем екендігі белгілі. Сөйлем, әдетте, синтаксистік бірлік болып есептеледі. Ол - күнделікті тұрмыста пікір алысу, байланыс, қатынастың ең негізгі көзі болуымен қатар коммуникативті міндет атқарады. Жай сөйлем синтаксисінде, ондағы ең басты элемент – сөйлем мүшелерін еске алмау, оған соқпай өту мүмкін емес нәрсе. Демек, сөйлем аясында сөйлем мүшелерінің қызметі ерекше екені осыдан-ақ көрініп тұр. Егер сөйлем деген ұғымнан сөйлемнің өн бойындағы ой туралы түсінік туатын болса, ал сөйлем мүшелері – сол ойдың мәнді бөлігі ретінде танылатын синтаксистік топ. Белгілі ғалым Р.Әмірдің сөзімен айтқанда: “Сонымен, пікірдің құрамына сай сөйлемнің құрылысында да тиісті единицалар болады. Олар – сөйлем мүшелері. Сөйлем мүшелері – сөздің сөйлем құрамындағы негізгі қызметін функциялық қатынасы тұрғысынан зерттеудің нәтижесі” ( 10 ,110).

Сөйлем мүшелері деп аталған синтаксистік категория өзінің грамматикалық мағынасымен және морфологиялық табиғатымен анықталады. Сөйлемге негізгі материал болатын сөз және сөз тіркесі сөйлем құрамына енгенде жаңа сипатқа ие болады. Ондағы әрбір сөз морфологиялық тұлғаға еніп, грамматиканың қарамағына түскенде, оның тілдегі атқаратын қызметі айқындала түседі, яғни сөйлем құрамында сөйлем мүшелерінің өзіне тиесілі атқаратын жүгі, синтаксистік қызметі бар. Синтаксистік белгілі бір міндетті атқарумен қатар сөз синтаксистік қатынастарды да қалыптастырады. Сөздің синтаксистік қызметі көп жағдайда өзі тіркесетін сөздің лексика-грамматикалық ерекшелігіне байланысты болады да, көбіне сөз тіркесі құрамында айқындалады. Бұған Т.Сайрамбаевтың:”Сөйлем мүшелері сөйлемде қаралады дедік. Бірақ сөз тіркесі сияқты сөйлем мүшелерін сөйлемнен жеке алып, өз алдына қарай алмаймыз.Олардың өмірі тек сөйлемде тұрғанда ғана айқындалса керек. Сөйлем мүшелері сөйлемнің ішінде бастауыштың не баяндауыштың немесе соларға қатыстылығымен ерекшеленеді. Сөйлем мүшелері бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш деп жеке-жеке алынып, талданғанымен, бәрібір екінші бір сөзге қатыстылығы айқын байқалып отырады”,- деген пікірі нақты дәлел ( 48,66). Сөйлем мүшесі міндетін лексикалық толық мағынасы бар жеке сөздер де, еркін сөз тіркестері де, тұрақты тіркестер де атқаруы мүмкін. Бұлар сөйлем мүшелерінің міндетін атқарғанда айналасындағы басқа сөздермен грамматикалық байланыста және ішкі қатынастарда тұруы, сондай-ақ белгілі бір грамматикалық формаға ие болса ғана сөйлем мүшесі міндетін атқарады. Сөйлем мүшелері жайында орыс ғалымы В.В.Виноградов былай анықтама береді: “Члены предложения – это синтаксические категории, возникающие в предложении и на основе форм слов и форм словосочетания и отражающие отношения между струтурными элементами предложения” ( 19,412).

Ал А.А.Потебняның пікірі бойынша, әрбір сөйлем мүшесі белгілі бір сөз табына қатысты дейді. Сөйтіп, сөйлем мүшелері мен сөз таптарын параллельдік тұрғыда алып қарастырады. Осы көзқарасты Д.Н.Овсянико-Куликовский, А.М.Пешковскийлер де қолдайды.

Қазақ тіл білімінде сөйлем мүшелері жайлы нақты, оң әрі дәл тұжырым жасаған – А.Байтұрсынов. Барлық сөйлем мүшелерін өте ыңғайлы терминдермен атап, қысқаша сипаттап беріп кеткен ( 14,282).

С.Аманжолов та сөйлем мүшелерін анықтауда мынандай пікір айтады: “Сөйлем мүшелерін біз тек мағынасына байланыстырып қана айырамыз. Әр сөзге сұрау қойып, сол арқылы сөздің мағынасын және тұлғасын ашып аламыз” ( 2 ,94). Сондай-ақ Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев т.б. ғалымдар да сөйлем мүшелері жайлы көзқарастарды дамытуға өзіндік үлес қосты.

Сөйлем мүшелері туралы елеулі еңбек жазған бірден-бір ғалым – М.Балақаев. Автор сөйлем мүшелерінің теориялық мәселелерін айқындауда ең алдымен бірнеше мақала жазды. Сонымен бірге сөйлем мүшелері туралы практикалық көзқарасын 1949 жылғы мектеп грамматикасында нақты көрсете келіп, солардың негізінде сөйлем мүшелерінің теориялық мәселесі туралы бірінші рет жан-жақты түрде 1954 жылы шыққан академиялық грамматикада сөз етті.

Сөйлем мүшелері жөнінде көзқарасын батыл білдіріп, синтаксис саласында салмақты еңбек еткен ғалым – Р.Әмір. Ғалым: “Синтаксистік единицаларды дұрыс тану үшін біз оларды білдіретін мағыналарымен ұштастыра отырып тануымыз керек. Осы ретте синтаксистік форма мен единицалар білдіретін мағыналар синтаксистік мағына деп бөлек аталатынын ескертіп кетпекпіз. Синтаксистік мағына – грамматикалық абстракция саласындағы мағына. Ол сөз бен сөздің, синтаксистік единицалардың арасындағы абстрактылы, жалпылық сипаттағы қатынасты білдіреді” (10,8), - дей отырып, сөйлем мүшелерінің семантикалық жағына баса назар аударды. Осы мәселе төңірегінде соны пікір бере білді.

Сөйлем мүшелері жасалу құрылысына қарай дара және күрделі болып келіп, белгілі бір сұраққа жауап береді. Сөйлем мүшелері мүшесінің қатысуымен жасалған жай сөйлемдер жалаң және жайылма болып жіктеледі. Осыған орай да сөйлем мүшелерінің түрлері келіп сараланады. Жалаң сөйлем мүшелері бастауыш пен баяндауыштың қатынасы арқылы жасалып, тұрлаулы мүшелерден тұрады.. Ал сөйлем мүшелерінің құрамында тұрлаулы мүшелерден басқа мүшелерді тұрлаусыз мүшелер деп атайды. Сонда жалпы екі үлкен топқа жіктелетін болады: тұрлаулы мүшелер және тұрлаусыз мүшелер. Тұрлаулы мүшелер бәрімізге белгілі бастауыш және баяндауыш деп аталған. Тұрлаусыз мүшелерді анықтауыш мүше, толықтауыш мүше, пысықтауыш мүше деп жіктеген. Қазірде қазақ тілі білімінде сөйлем мүшелерінің жіктелуі осы негізде қалыптасты.

Сөйлемнің негізін тұрлаулы мүшелер (бас мүшелер) құрайды. Ал тұрлаусыз мүшелер бастауыш пен баяндауыштың төңірегіне топтасып, соларды айқындап, толықтырып тұрады. Сөйлемнің бас мүшелері предикаттық қатынастың негізінде құралады.

Тіл білімінде сөз топтары бұрын қалыптасты ма, әлде сөйлем мүшелері бұрын пайда болды ма, бұл әлі шешілмеген мәселе. Алайда, көпшілік ғалымдардың мойындауынша, сөйлем мүшесі тарихи тұрғыдан сөз таптарының негізінде қалыптасқандығы айтылады. Бұл тұжырымның дұрыс болуы да мүмкін. Өйткені қай тілдегі сөздер болмасын, олар әуел бастан-ақ белгілі бір ұғымның әр дәрежедегі қасиетіне (атауын сандық, сапалық, қимыл т.б.) байланысты туындап жатады. Сөйлем мүшелерінде бір сөз тұрған орнына, басқа бір сөздермен тіркесу қабілетіне байланысты әр түрлі сөйлем мүшесі бола береді. Сөз таптары мен сөйлем мүшелерінің арасындағы басты бір айырмашылықтың негізі де осында жатыр. Мысалы, «Жақсы бала жақсы оқиды» дегенде жақсы сөзі қандай қолданыста болса да сөз табы болып қала береді. Ал сөйлем мүшесінің бойында осы турасында басқаша заңдылық байқалады. Атау қалпындағы сөздер көбінесе бастауыш, ілік жалғаулы сөз анықтауыш болса, өзге септікте тұрған сөздер толықтауыш (кейде пысықтауыш, баяндауыш) қызметінде жұмсалады. Демек, белгілі бір сөз топтарының әр түрлі септік жалғауында тұруы олардың сөйлем ішіндегі синтаксистік қызметіне де әсер етеді. Мұндай заңдылық жалғамалы тілдердің табиғатымен үйлесіп жатады.

Сонымен, жалпы алғанда, белгілі бір таптары әуел бастан-ақ белгілі бір сөйлем мүшесі болуға икем тұрады. Мысалы: зат есім негізінен бастауыш, толықтауыш қызметтерінен басқа қызметте де жұмсала береді. Етістіктің сөйлемдегі негізгі қызметі баяндауыш болса, өзге функцияда жұмсалуы оның екінші қызметімен байланысты болады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]